• Мақала
  • 05 Ақпан, 2026

«Перзентханадағы» тағдырлар

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының кіші залында «Перзентхана» атты спектальдің премьерасы болды. Драматург Нұрайна Сәтпаеваның пьесасын қойған режиссер Г.Пьянова, қоюшы-суретші – А.Есболатова, хореограф – С. Беймишева. Орыс тілінен аударған А.Сұлтанқожа.

Ковид пандемиясы кезінде перзентханада өтетін оқиға желісі палатадағы төрт келіншектің тағдырынан сыр тартады. Әр келіншек тап болған қиындықтың ар жағында әлеуметтік, рухани, құқықтық мәселе жатыр. Перзентханада қызмет ететін медбикенің де ішіне бүккен сырының ар жағында әлеуметтік қиындықтың жатқаны аңғарылады.

17 жасар Перизат аңғал, жақсылықтан үміті мол, әлі-оңды солын тани қоймаған. Оның аңғалдығын, өмірге бейімделмегенін түсіне алмайтын Марта өмірдегі жетістіктің барлығына тек жоспар мен суық ақылмен жету керек деп санайды. Сол себепті де Перизаттың бейғамдығына ыза болатынын жасырмайды. Ал өмірдің мәні тек ақшада деп түсінетін Сабина ақшалы адамға ұл туып беріп қана жағдайын жасай алатынына сенімді. Оның «Таңнан кешке дейін тыным таппай жұмыс істейтін әке-шешемнің бір бөлмелі ғана үйі бар, менің олар секілді өмір сүргім келмейді» дегені бүгінгі әлеуметтің бір сөзбен айтылған келбеті. 40 жастан асқан Женя тәтенің де образы құқықтық тұрғыдан сауатты, байыпты, қазақша білмегенінен еш кемдік көрмеген еркін адамдардың жиынтық бейнесі. Оның сауаты 17 жасар Перизаттың баласын сатқызбай аман алып қалуына себеп болады. Спектакльдің өне бойында Женя тәтейдің аузымен айтылатын «Біз – әйелдер, мықтымыз, барлығын жеңіп шығамыз!» деген сөз тек перзентхана қабырғасындағы қиындыққа ғана емес, жалпы өмірде әйел заты көтеріп келе жатқан көп қиындыққа қатысты екені рас. Оны автор кейіпкеріне перзентханада айтқызғанымен, жалпы өмірдегі әйелдердің болмысын меңзегені көрерменді иландырды.  

Премьера туралы театртанушы Меруерт Жақсылықова, қойылым өзінің драмедия, яғни драма мен комедияның қосындысынан туған гибрид жанрын ақтап тұр, дейді.

Перзентхана тақырыбындағы алғашқы қойылымды Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры көрсеткен болатын. Режиссер Гүлсина Мирғалиеваның сахналауымен жарыққа шыққан ақын Сұлтанбек Құдайбергеннің «Перзентхана» («Періштелер дүниеге келетін үй») драмасы театр мамандары мен көрермен қауымның жоғары бағасын алған еді. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген қойылым көптің көңіліне жылы ұялағаны белгілі.

Әйел тағдырын арқау еткен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы Нұрайна Сатпаеваның «Перзентхана» спектаклі (режиссері Галина Пьянова) мұндағы тарихтағы қоғам көріністеріне арналады. Атап айтқанда, Ковид 19 пандемиясы кезіндегі әлемде болған хаостың бір үзігінен сыр шертеді. Режиссер қойылым жанрын драмедия, яғни драма мен комедияның қосындысынан туған гибрид жанр ретінде шешеді және ол қойылым барысында толықтай ақталып тұр. Автор мен режиссер үшін медицина саласында орын алған қайсібір келеңсіздіктердің бетін ашып, қаз-қалпында көрсету аса маңызды болғаны байқалады. Бірақ осы күрделі тақырыптар қойылымда детективтік желімен және өң мен түстің арасында жүргендей әсер қалдыратын (Пепенің қиялын) сәттермен, көңілді юмормен астастырылып жеткізіледі. Бұл режиссерлік шешім көрерменді күлдіре отырып, ойландырады.

Камералық формада шешілген қойылымнан кейіпкерлердің ішкі сезімін, сыртқы қайшылығын, шынайы эмоцияларын байқауға болады. Камералық сахнада жасанды ойнау мүмкін емес. Оны актерлік құрам жақсы түсінген. Атап айтқанда, жүкті келіншектердің шынайы бейнесін жасай алған актрисалар: Женя – Гүлбаһрам Байбосынова, Марта – Динара Нұрболат, Перизат – Нұржамал Әбілқиясқызы, Сабина Баймуханбетова ерекше атап өтуге лайықты. Сонымен қатар, Медбике – Лиза Серікова мен еден жуушы – Камалия Байтілеуова,  Бека – Нұржан Әбубәкір, көмекші – Ұлжан Жақсылықтың шынайы ойыны жеке дара ерекшелігімен тұлғаланып, қызықты шыққан. Бір адамды бір әлеуметтік маска ретінде қарастырсақ, мұнда Перизат – әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған жастардың, Сабина – қаржылық қиындығын шешкісі келген ашынаның, Женя – карьера жасаушы әйелдің, Марта – ештеңені қалт жібермейтін қырағы адамның маскасын сомдайды.  Әрқайсысы өзіне жүктелген әлеуметтік маскаларын (адамның әлеуметтік типі немесе маскасы)  дәл сомдауға тырысып, тұтас актерлік ансамбль құра білген.

Спектакльдің екпін-ырғағы мен жүрек қағысының біртұтастығына хореограф Салтанат Беймишева қойған айшықты би көріністері де әсерін тигізген. Суретші Айнұр Есболатованың қолынан шыққан сценография кейіпкерлердің қимыл-қозғалысына қолайлы, оқиға мәнін толық ашып тұр.   

Қорыта келе «Перзентхана» қойылымы қоғамдағы бала өлімі, кәмелетке келмей жүкті болу, ЭКҰ (ЭКО) жасату, медициналық жабдықтардың жетіспеуі, аналардың баладан бас тартуы, т.б. күйіп тұрған түйткілдерді арқау еткен, заманауи театрлық ізденістердің үдесінен шыққан толымды туынды дей аламыз. 

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА      

 

224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы