• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

Құлдық синдромының қуаты

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

...Әлағаң (Әлихан Бөкейхан) алапат алып екен ғой, арыстандай айбаты – мұзтауларды мылжалардай жойқын! Бір-ақ рет туатын толағай тұлға! Қазақтың таңдаулысының тағдырына жалқы рет жазылған жарқыл! Ол:
 Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауға малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!... – дейді.
Сол Әлекеңді «әурелеген» қазақтағы келеңсіздік ахуал әлі үзілген жоқ... Жаның­ды ауыртып, жүрегіңді сыздата беретін, ақырында, айтпасқа шыдатпайтын гәптер көп. Сондай, сойқан гәптің бірінде өзбектер былай депті: «Орыс болу үшін, алдымен, қазақ болу керек. Сосын, орысқа айналу – оп-оңай!..» Ал, Абайдың айбынды, Шәкәрімнің шымырлы заманынан: «Қа­зақтың жаманы – орыс болады» – дей­тін дәріс-ұлағат қалыпты. Бірақ, Махам­беттің майқы қылышы, Бұқар Жыраудың боран-жыры, Абайдың адуынды, тасжарған тілі, Жұбанның «жылауық» толғауы, бәрібір, «орыс болатындарға» «ор қазып», бөгет жасай алмады... Таң қаламын, қа­зақ­­тың орысқа «ғашықтығы» ғаламат, диуана дуалағандай дауылды-күш, тылсым сиқыр...


Күні кеше, 2007 жылдары универси­теттің талдырмаш тәлімгері Жанболат Мамай Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясына жақындап, «Жастар қанатын» басқаруға талпынып жүретін. Өз басым Жанболат Мамай бауырымызды «ауылдың қаратопырағына аунап өскен өскелең жігіт» деп ойлайтынмын... Әу баста балғын көңілдің тым әсершіл, тым таза болатыны рас. Жанболаттың табиғат берген жасын жігері мен таудай талабы, талай қиындықтардан алып өтті. Жап-жас басымен қапасқа түсіп, қамау көрді. Жанболаттың адуыны менің көз алдыма ғибраты мен жалыны қатар Ғани Мұратбаевты елестетуші еді... Бірақ... Бірақ, абақтыда Владимир Козловпен біраз бірге жатып, дәмдес-тұздас болғаннан кейін, ілтипатты ініміздің мінез-құлқынан нілдей бұзылған өзгеріс байқағандай болдым. Лайым, мен қателесейін, бірақ, өмірдің өткір шындығы өзегіме салмақ сала берді... Алдымен, Жанболаттың өзі «Жобасының идеялық жетекшісі» болып табылатын «Трибуна - Ашық Алаң» газетінің атауы – Ата Заңымызға қайшы болып шықты. Ата Заңымызда «Мемлекетіміздің тілі – Қазақ тілі» болғандықтан, «Тіл туралы заң»-ға сәй­кес, алдымен (немесе сол қапталдан бастап, әйтпесе, жоғары жағында), газеттің қазақ тіліндегі аты жазылуға тиіс еді. Бірақ, «Трибуна - Ашық Алаң» деген атау – Жанболат Мамайдың өзі өмір бойы шырылдап қорғап жүрген қазақ тілінің омыртқасынан бір-ақ басты. Дұрысы: «Ашық Алаң - Трибуна» болуы керек болатын. Жалпы, бұл газет министрліктегі тіркелімінде «Қазақ және орыс тілдерінде шығады» деп жазылған болса, түгелдей орысша шыққан бұл әрекетімен тәуелсіз елдің «БАҚ туралы заңын» өрескел бұзып отыр. Басылымның артқы бірнеше беті ғана көзбояушылықпен «итке тастаған сүйектей» пиғылда қазақша шығып жүр еді, бірте-бірте бұл 1-2 қазақша парағы да «қаза» болып, мүлдем жоғалды. Қазір газет таза орысша шығатын болды. Ал, Жанболат Мамай бауырымыз мақалаларын орыс тілінде (!) бұрқыратып жаза бастады... Басылымның «тұла-бойында» дәп нендей күлімсінің қолқаны қабатынын дөп баса алар емеспін: бәлкім, бұл массондық мерездік пе, әлде, мағынасыз мылжыңдық па?. Соңғы кезде «Трибуна – Ашық Алаң» қазақтың барлық мүддесін шешіп тас­тағандай, ендігі жерде қылмыс әлемі тақырыбында «Бауырлық ұйық» тәрізді мақалалар топтамасын, жалғасы келесі санда деп жариялап, «блатной» басылымға ұмтылыс жасап жатқандай әсер қалдырды. Әйтпесе, Мәскеудің бір бұрышында ит­ше атылып, қан сасып қалған Хасан Атаның, мысалы, Қаратөбенің немесе Қарағандының қазағына қандай қатысы бар?!. Әлде, бұл тұманды қаладан түскен тікелей тапсырма ма екен?... Түсініксіз...
Алысқа ат шаршатпай-ақ, газеттің ең соңғы санындағы «Төлқұжатта ұлтын көрсету – қажетсіз нәрсе» (Радик Темиргалиев) деп аталатын дүние, күллі қазақ қарсы шыққан «қазақстандық ұлтқа» қарай жасалған тағы бір қадам. Әңгімесін ә дегенде, кешегі советтің насихаты: «Соңғы кезде елімізде ұлтаралық аралас некелер көбейіп келеді» – дейтін дәйексіз деректен бастаған мақала: «Қалай болғанда да «қазақстандық» деп аталатын топ (тобыр) пайда болып, буыны бекіп, күшейіп келеді» деп соғып жібереді. Ал, редакция басшылығы мақаланың «Алғысөзінде»: «Автордың тұжырымымен келіспесек те...» – деп жазыпты. Құдай-ау, келіспесеңдер – бір беттен асқан табақтай көлеммен неге жариялайсыңдар? Біреу қорқытып-үркітті ме? Болмаса, қарсылықты – қаржысы құрғыр жығып кетті ме? Тіпті, «Әралуан пікірлер болсын...» дейтін жаттанды желеудің өзі – онсыз да қалт-құлт еткен қазақтың мүддесінің қасында құны көк тиын емес пе? Мен осы күн­ге дейінгі санаулы өмірімде «Әралуан пікірлер болсын...» – деген сылтаумен бірде-бір орыстілді газеттің орыс ұлтының мүд­десіне қарсы келетін қазақ тілінде мақала жариялағанын көрмеппін! Бізге не болды?!.
... «Қуырдақтың көкесін» басылымның ақырындағы: «Ұлтыңыз кім? – Ұлтым сотталушы...» (Владимир Козлов) деп аталатын жазбадан көрдік. «Қа­пас күнделігі» айдарының жазбасы: «Шевченко-Ақтаудың (Ақтаудың «Шевченко» деп аталған тарихи қате атауы­ның алып тасталғанына 20 жылдан асса да, сотталған Козлов әдейі қазақтардың ар-намысына тию үшін «Шевченко-Ақтау» деп қасақана қыстырып жазады – Қ.Ғ.) басым бөлігін сотталушылар салған...» деп «көсіле-шауып», мықты қазақтардың көліктерінде бірдей үш санының (Мысалы, 111, 333, 555, 777 т.с.с.) жүретін үрдісі жайында, қазақты ке­міту үшін былайша көсіледі: «Менің бір Мәскеудегі таныс әйелім ақтаулық бір жайсаң жігітке: «Сенің көліктеріңде неліктен әрдайым жалғыз ғана сан болады, себебі сен жалғыз саннан артықты есіңе сақтай алмайсың ғой...» – деген еді», деп жазады. Меніңше, бұл – долбар немесе шылғи өтірік. Өйткені, қазақтың кез келген намысшыл жігіті, бұлайша кеміткен сөз­ге барынша жауап берер еді. Сонда, Козловтың айтпағы не? Бесенеден белгілі: сотталған Козлов қазақтың барлығы бір санды ғана жаттай алатын «топас» дегісі келе ме? Харам пиғылын тура айтып, көзге шұқымайды, айдаладағы бар-жоғы белгісіз мәскеулік әйелдің аузына салып, жанамалап жеткізеді... Түрмеде жатқан Козлов Сергей Довлатовты оқып жатқанын айтып, атақты жазушының: «Ұлтыңыз кім?» – «Сотталушы...» – деген сөздерін мысалға келтіреді. Енді, мұнымен не демекші, Козлов? «Қазақ ұлты ақыры жойылады» дегенге меңзейді ме, әлде, «Қазақтың түгелі сотталады» дегісі келе ме? Болмаса, күллі қазақ даласын қапасқа теңей ме?.. Ақтауды әлем қылмыскерлерінің ордасына айналдыруды аңсаған сотталушы Козлов «жаңа ас мәзірін «Актауский централ-113» деп атадым» деп, түрмелік ала қалпағын аспанға атады... Мен кейде ойлаймын: «Сөз жоқ, советтің цензурасы «Шаш ал десе, бас алатын» еді, бетін аулақ қылсын! Бірақ, қазақтың: «Ірік ауыздан – шірік сөз шығады» дегені де рас қой, қай басылым да «Екі елі ауызға – бес елі қақпақ қойып», ақырын жүріп, анық баспаса, баспасөз – қоғамдық мінбер емес, әлде кімдердің өсек-алаңына айналып кетпей ме!..» Қазақтың мүддесіне қарсы дүниелердің «омыртқасын» кешегі (таза ұлтшыл) біз білетін балаң жүрек, адал ниет Жанболат Мамай қақыратып жіберуі керек еді, әттең!..
***
Менің ренжітіп, көңілімді қалдыратыны – өзім құрмет­тейтін Ермұрат Бапи! Ерекең өзі Бас оқырманы саналатын 32 беттік «Дат, тақ­сыр!» («Общественная позиция») қосарлы басылымының да небәрі 12 беті қазақ тілінде де, басым бөлігі, яғни, 20 беті орысша шығады. Біз осыған бәріміз көз жұмып отырып: «Қазақпыз!» – деп, құр кеудемізді соғамыз! Өтірік көлгірсиміз?!. Бұл газеттің де алдыңғы беттеріндегі мақа­лалар орысша «ойран» салып, соңында қазақшасы тіркеледі. Бұл не сұмдық! Біз Анамыздың тілін өзіміз құрметтей алмай тұрып, өзгелерден қалай талап етеміз?!.
...Түптеп келгенде, Ерағаң мен Жан­болаттың: «Мәжбүрлік жағдайлары бар ма екен?» – деп те ойлаймын. Мәселен, орыс­ша жазбаса – газеттері жабылып, бала-шағалары аш-жалаңаш көшеде тен­тіреп қалса – бұл сұмдықтан қазақтың да, Қажымұқанның да ұтары бар ма?.. Өз топырағыңда өзегіңді талдыратын мұндай амалсыз жағдайда, бәлкім, мәселенің мәнісін көпшілікке ашық әрі анық айту керек пе екен?!. Айталық, менің де 15 жылдан бері өз күшіммен газет шығарған кезеңімде шекемнің қызғанынан – тасқа тигені анағұрлым басым болды. Қазақтың мүд­десін айтқандықтан, ұлттың мұңын көксегендіктен – газетім талай жабылып, айыппұлдар салынды. Осынау қиындық кешіп, қалыптасу жылдарында бұрынғы аймақ әкімі Қырымбек Көшербаевтан басқа бірде-бір әкім: «Жалғыз қазақ газеті: қалың қалай?» – демеді... О баста газетіміз «Жүздесу» деп аталған еді, теперіш көріп, тепкіге шыдамағасын газеттің атын «мың құбылтып» өзгертуге мәжбүр болдым. Сосын, «Солай», «Ақтөбедегі жүздесу», «Жұмадағы жүздесу» болып кете барды. Оралдағы қазақ газеті үшін тағы бір тамұқ мынау: билік Оралдағы баспаханалардың барлығына қатаң ескерту жасап, тырнағын батырып қойғандықтан, жалғыз қазақтілді басылым «Жұмадағы жүздесуді» кез-келген уақытта баспахана себепсізден-себепсіз баспай қояды және бүгінгі таң­да менің газетім Оралдағы барлық газеттердің ішіндегі ең қымбат бағамен басылып отыр. Сонда, біздің 21 жыл бұрын қолымыз жетіп, ақ түйеміздің қарыны жарылған қасиетті тәуелсіздігіміздің құны қанша?.. Дәп бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының жаңа басшысы Марат Тоғжанов Оралдың шовинист казактарының Ресей басшысына дұғай хаттар жолдауын тиып тастағандай, жасөспірімдер қылмысының қамысқа тиген өрттей лаулағанын сөндіріп қойғандай, жұмыссыздардың екі қолдарына қос күрек тауып бергендей, баспанасыздарға хан сарайларын сыңғырлатып салғандай, жастар арасындағы қос аяғынан ақсаған маскүнемдік пен нашақорлықты құрықтағандай, күллі күрмеулі мәселелердің түйінін түгел шешіп қойғандай, ендігі жерде «Жұмадағы жүздесу» газетінің беттерінен тырнақ астынан кір іздеп, батыстың қалың қазағының жалғыз қазақтілді басылымында жеті атасының ақысы қалып қойғандай, тіпті, газеттің әріп қателеріне, «Меншік иесіне» шұқшиюды бастап кетті.
Ал, осы жалғыз Орал қаласынан орыс тілінде:  «Надежда», «Досуг», «Диапазон-Уральск», «Информбиржа», «Неделья», «Уральская неделья», «Политра», «Газета для всех», «Приуралья», «Огни приуралья», «Пульс города», «Талап» т.б. газеттер шығады. Бірақ, бір Тоғжанов емес, мың Тоғжанов та орыс­тың бір газетіне қарап, жарты ауыз жағым­сыз сөз айта алмайды. Өйткені, орыс газеттердің артында алып күш-қуаттары бар. Ең жақыны, ат шаптырым жердегі Самараның олигарх-орыстары болса, ең ақыры, кім екенін бір Алланың өзі біледі.
Осындай орыстілді басылымдар «армиясына» менің жалғыз «Жұма­дағы жүздесу» газетінің қарсы шығып, бәсекелесіп-белдесіп келе жатқандығына 13 жылға қадам басты. Оралдан қазақ тілінде шығып, Қазақ Елінің түкпір-түк­піріне тарайтын жалғыз басылым «Жұ­мадағы жүздесуге» тиіспеген билік орыны қалған жоқ.
Қазақ газеті демекші, «Айтпаса – сөздің атасы өледі», осыдан 7-8 жыл бұрын «Нағыз Ақжол» партиясының қазақ тіліндегі «Апта kz», орыс тіліндегі «Эпоха» атты газеттері шығып тұрды. Партия басшылары Болат Әбілов, Ораз Жандосов сияқты азаматтар біздің ұжымымызға басын сұқпай, үнемі «Эпоха»-ның журналистерімен арқа-жарқа әңгімелесіп, әмпей-жәмпей болып жүретін. Ол ол ма, орыс журналистерінің саны да, жалақылары да бізден артық еді. Бір күні қазақ басылымының бастығы, осы әділетсіздікті ашына айтып, қазақ ұжымының намысын қорғаған мәселені күн тәртібіне қойғанда, партия басшылығы біраз уақыт бос сөз, құрғақ уәдемен алдап-сулап жүріп, ақырында, шындық іздеп шырылдаған сол ағамыздың қызметін өзгертіп тынған болатын. Қазір арада 10 жылға жуық кезең өтсе де ештеңе өзгерген жоқ: «Баяғы жартас – бір жартас...»
Менің ендігі мақсатым – тым қарапайым һәм қастерлі. Қанымыз қазақ болғасын: бәріміз де қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, қазақша жазсақ деймін. Қазағымызға адалдығымыз – анамызға, яғни, ана тілімізге адалдығымыздан басталса деймін... Тағы да ақылман Абайға арқа сүйедім:
Сезімпаз көңіл,
Жылы жүрек,
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос,
Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.
 
 

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз