- Еркін ой мінбері
- 05 Тамыз, 2013
АҚЫН-ДРАМАТУРГ НҰРЛАН Оразалиннің «Шырақ жанған түн» драмасы
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор, ҚазҰПУ-дың Қазақ әдебиеті және журналистика
кафедрасының меңгерушісі
Қазақ сөз өнері тарихындағы ХХ ғасырдың 70-80-жылдары ұлттық драматургия саласында елеулі туындылар жазған бір шеғыр қаламгерлер есімдері халыққа танымал болды. Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақов, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқаев, Оразбек Бодықов, Дулат Исабеков, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, Иранбек Оразбаев, Сұлтанәлі Балғабаев және т.б. танымал қаламгерлердің пьесалары қазақ драматургиясын жаңа туындылармен толықтыра түсті. Олардың есімдері және шығармалары театр сахналарында тұрақты қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленгендігімен ерекшеленді. Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің», «Теке-тірес», Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн», «Таскиіктер», Қалихан Ысқақовтың «Таңғы жаңғырық», Баққожа Мұқаевтың «Қош бол, менің ертегім», Дулат Исабековтің «Әпке», «Мұрагерлер», Асқар Сүлейменовтің «Қыздай жесір штат қысқарту», «Жетінші палат», «Кек», т.б. пьесалар қазақ драматургиясының саналуан тақырыптарды лирикалық-драмалық тұтастық поэтикасымен игерудегі шығармашылық жемістері болып танылды.
Сөз өнері шығармаларының ішінде ежелгі заманғы классикалық негізін сақтай отырып, біздің қазіргі мол ақпарат тасқыны аясындағы заманда өзіндік эстетикалық ықпалын жоғалтпаған драматургия мәселесіне арналып Қазақстан Жазушылар одағының арнайы Пленумы өткізілді, Қазақстан Жазушыларының ХІІ Құралтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин «Әдебиеттің иесі – халық, киесі – елдің рухы» тақырыбымен жасаған баяндамасында қазіргі қазақ драматургиясының көркемдік ізденістері мен нақты нәтижелері туралы:
«Драматургия – алдына келсең тістеп, артына шықсаң тебетін мінезді жылқы тәрізді асау жанр. ...Драматургияда жаңа дәуірді жаңа мінез қақтығыстары мен жаңа сипатты, қоғамдық қарым-қатынастарды таразылау, екшеу басым. Жанр да, театр өнері де уақыт талаптарына сай ізденіс үстінде. Тарихты тану мен тарихи тұлғаларды қайыра сараптау бағытында біраз сәтті туындылар өмірге келген. Мәселен, Әбіш Кекілбайұлының «Абылай хан», Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», «Домалақ ана», Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақовтардың «Жамбыл», Сәкен Жүнісовтің «Абылай хан», Маман Байсеркеновтің «Абылайдың соңғы күні» драмаларын айтуға болады. Сондай-ақ, ұлы туындылар желісімен жазылған Қалихан Ысқақовтың «Сабатаж», Әкім Таразидың «Шолпанның күнәсі», Шахимарденнің «Қамар сұлу», Исраил Сапарбайдың «Абай – Тоғжан», Нұрқанат Жақыпбаевтың «Жан азабы», Әубәкір Рахимовтың «Адасқандар» және осы жолдардың авторы сахналаған «Қилы заман» туындыларын айтуға болады.
Драматургиямызда қазіргі өміріміздің шындығын көрсетуге ұмтылған Дулат Исабектің «Ескерткіш», Қалихан Ысқақтың «Жан қимақ», Елен Әлімжановтің «Тақ талас», Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» (жаңа нұсқа), Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», Иран Ғайыптың «Алтын ажал», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Кемпірлерден шыққан дау», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» туындыларын айтуымыз керек («Әдеби өмір межіресі / Құрастырғандар – Ә. Нарымбетов, Е. Жаппасұлы, С. Қажи. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – 672 б.; 454-455-бб.) – деп атап көрсетті. Ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің екі бөлімді лирикалық-драмалық «Шырақ жанған түн» пьесасы – көркем шындық поэтикасы өрнектерімен оқырмандармен көрермендердің қабылдау ықыласына кенелген көрнекті туынды. Лирикалық-романтикалық, философиялық-психологиялық тұтастықпен жазылған пьесада, отбасылық-жұбайлық одақтың, тұрмыстық өзекті мәселесі шығарма арқауына алынған. Пьесаның тақырыбы – ерлі-зайыптылық жұбайлық тұрмыс, идеясы – еркек пен әйелді біріктіретін шынайы махаббатты аялау, бағалау. Пьесаның сюжеттік-композициялық желісі мынадай бөлімдерден құралған: 1. Түн жарымындағы айқай; 2. Көшеде; 3. Аялдамада; 4. Түнгі көше; 5. Бөлмеде; 6. Аялдама; 7. Бөлмеде; 8. Әткеншек және жұлдызды аспан...; 9. Бөлмеде; 10. Жасыл орындықта: Қаланың өң мен түс аралығындағы бір сәті (эпилог орнына). (Тарту: Пьесалар. – Алматы: Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты, 2004. – 372 б.; 197-255-бб.). Ақын-драматург: «Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрының сұранысын ескере отырып, өңделген, ықшамдалған, толықтырылған нұсқа» деген анықтамамен ұсынылған жаңасы да туындының көркемдік-эстетикалық, идеялық ықпалының уақыт пен кеңістіктегі мәңгі өзектілігін жоғалтпайтын тұрмыстық-әлеуметтік мәселені халықтық тұрғыда бейнелеген маңыздылығын дәлелдейді.
Пьесаның эпиграфына ақын-драматургтің «Жастық шақ жырларынан» атты анықтамасымен берілген жыр жолдары да шығарманың тақырып нысанына алынған психологиялық-философиялық ой кеңістігін мегзегендей әсер береді:
«Оңымнан соққан жел ме?» – деп,
«Солымнан соққан жел ме?» – деп,
Созылып жатқан белдермен
Қашар ма едім дөңгелеп?!.
Алғашқы нұсқасында Төлеген Айбергеновтің мына өлең жолдары берілген:
«Кездесер болсам қайта мен
Тағы бір мәрте сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем,
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен...».
Пьесаның бөлімдеріндегі басты (Нұргүл, Сағын, Таңат, Көзілдірікті кісі (көрші), Монтер) және эпизодтардағы жанама (Сері жігіт, Егде әйел, Егде кісі, Қыз бен жігіт, Көзілдірікті қыз, Қонақтар. Түннің бейуағы мен телефон трубкасындағы дауыстар) – бәрі де авторлық ремаркалар мен аталған бөлімдердің өзара ұласқан сюжеттік-композициялық желілеріндегі оқиғалармен айқындалады. Ақын-драматургтің пьесаның тұтас құрылымдық жүйесіндегі сюжеттерге ортақ уақыт пен кеңістікті айқындайтын ремаркалық баяндауында шығармаға арқау болған жалпыадамзатқа ортақ тұрмыс шындығының романтикалық-реалистік болмысы айқын елестетіледі.
«Оқиға: Күндіз – бөлмеде, кісі аяғы сирек болатын бульварда; Түнде – кинотеатр алдында, аялдамада, телефон будкасында, трамвай жүретін көшеде, әткеншекте, жасыл орындықта. Сонымен қатар – Көзге көрінбейтін көк сәулелі терезеде, өң мен түс аралығындай мұнарта қылаңытып, ұйқы шақырған қалада өтеді. Уақыты – Бүгін». (Оразалин Н. Шырақ жанған түн (Прологы мен эпилогы бар екі бөлімді драма) // Тарту: Пьесалар. – Алматы: Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты, 2004. – 2-кітап. – 372-б.; 197-198-бб.). Пьесаның бір түндік оқиға кезеңінде құрылған тақырыптық-идеялық арқауына алынған әуелде шынайы махаббат сезімінен от-жалынды алауымен лапылдаған күйіп-жанған от-сезім ықпалымен бір-біріне өліп-өшіп қосылған Сағын мен Нұргүлдің араға жылдар өте келе тап осы сәттегі дағдарыстағы хал-ахуалдары бейнеленген. Осы арада әуелде шынайы махаббаттың от-жалынды, алаулы сезіміңе бөленген, мәңгілік бірге болуға жүректерінің қалауымен, ғашықтық ғаламатының қуатты ықпалымен қосылғандардың ең алғаш сырласқан, ләззат қызығына мас бола балқыған ең алғашқы түндерін елестететін осы лирикалық драманың «9. Бөлмеде» атты бөліміндегі диалогтардың романтикалық-лирикалық әсерлілігі ерекше тартымды. Нұргүлді туған күнімен құттықтап телефон соққан Көзілдірікті көрші егде кісі екенін анық өз аузынан естіп, өзінің орынсыз қызғанышқа бой алдырып, адал жарын орынсыз қызғанып ренжіткеніне өкініп, енді аққу сынды аруы Нұргүлін іздеп отырған Сағынның әуелгі бал-түндерінің ойына оралып отырғанын естиміз.
Лирикалық драманың сюжеттік шарықтау сәтінде берілген, романтикалық-психологиялық сарындар тұтастығындағы диалогтар шығармадағы негізгі сюжеттік байланыс, сюжеттік даму, сюжеттік шиеленіс бөліктерінің көркемдік түйінін танытады. Басты және жанама кейіпкерлердің диалогтарымен, монологтарымен, авторлық ремаркалармен өрілген сюжеттік-композициялық желілер оқиғалары мынадай жүйемен көрінеді: біріншісі – отасқандарына бірқатар жылдар өткен ерлі-зайыпты Сағын мен Нұргүл арасындағы кикілжіңнің (Нұргүлдің қазіргі заманғы екпінді ырғақпен билегенін және оған соғылған телефондағы белгісіз еркектен қызғанған күйеуі Сағынның көңіл-күйі; ғылым игеруі мен тұрмыстық жағдайын жақсарту қарбаласында жүріп өзіне куйеуінің салғырт қарап кеткеніне күйзелген, күйінген Нұргүл сезімі) туындауы; екіншісі – Көзілдірікті көрші егде кісінің қазіргі өнегелі жас жұбайлар-отбасыларының өсіп-өнуін, бақытын тілеген ізгілік келбеті, қазақ тағдырын ойлағаны үшін («Колымаға... Кетерден бұрын... Қазақ аштан қырылды деген жалғыз ауыз сөз үшін он жыл отырып қайтқан бұл ағаң...») жазықсыз жазаланған тағдыр арқылы қазақтың қасіретті тарихы шындығының айтылуы; үшіншісі – бозбала жігіт Таңаттың кинотеатрда, трамвай аялдамасында кездейсоқ кездескен ару келіншек Нұргүлге ғашық болғаны, Нұргүлдің де, осы бозбаламен бірге әңгімелесу аясында өзінің бойжеткен шағын, арманшыл, азат, романтикалық асқақ әуенді сезім тебіреністеріне бөленгені; төртіншісі – пьесадағы Егде әйел, Монтер, Сәнтай бейнелері арқылы күнделікті тұрмыстық-әлеуметтік тіршілік қозғалысының тыныштығын, берекесін ойлаған қарапайым адамдар мінез-құлық психологиясының әралуандық сипатының бейнеленуі.
Пьесаның басты кейіпкері Сағын – табиғи таланты мен қабілет мүмкіндігіне орай ғылым мен заман талабына орай тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді игеруге қабілетті адамдардың көркем шындық поэтикасы аясында жинақталған тұлғасы. Ол табиғи талантына, қабілетіне орай мінез-құлық психологиясы темпераменті де, тек қана уақыт ағынындағы күн тәртібіндегі ең өзекті мәселені тұрмыстық іскерлікпен, оптимистікпен-реалистікпен шешу нақты нәтижелерін жүзеге асыратындар келбетін танытады. Кейіпкер Сағынның Көзілдірікті егде көршісімен сұхбатындағы диалогтарынан-монологтарынан қоршаған әлеуметтік ортамыздағы, қоғамымыздағы осындай тектес адамдар тұлғаларының жан ділі болмысына тән өмірлік-тұрмыстық ұстанымдарын аңғарамыз:
1. Сағын. ...«Тісің барда ас шайна! Әйтпесе, өзің шайналасың!» Заман сені шайнайды! ... Мысалы, мына мен ... «Тағдыр, тағдыр» дей зар илейтін жылауық жандарды ұнатпаймын. Ондай күйреуік пенделерді суқаным сүймейді... Әр кездің өз ерлігі, өз күресі бар. Мысалы, Сіздің заманыңызда үлкен идея мен идеялар үшін күресе білгендер ғана бақытты дейтін ...
...Ол идеялар мен ол идеалдардың заманы келмеске кетті! Сіз боп, біз боп империяның жаназасын шығардық. Шығардық та, сол қоғамның жиған-тергенін жанталаса бөлістік. Социализм тарихқа кетті. Аренаға капитализм келді. Қысқа мерзім ішінде бәріміз капиталист болып шыға келдік». Сағын – тұрмыс қозғалыстарындағы қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігін жіті қадағалайтын, уақыт талабындағы қатал заңдылықтарды тез игеретін адамдардың көркем жинақталған бейнесі. ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының қоғамды басқарған империялық-тоталитарлық, әміршіл өктем, озбыр жүйесінен қорлықты, теперішті, қуғын-сүргінді, жазықсыз жазалауды көп көргендердің жинақталған бейнесі Көзілдірікті кісі – егде көршімен болып отырған сұхбатындағы диалог-монологтарында Сағын қазіргі заманғы қоғамдық-әлеуметтік жүйенің шындығын айқындап танытады:
«Сағын. ... Көрші!.. Қазақтар Жаһандану деп күнде даурығып жүрген жалмауыз бәрімізді жұтып қойды қылқ еткізіп... Уақыт комбайны шетімізден шайнап-шайнап, лақтырды. Өзгеріп шыға келдік. Өмір сүру принципіміз өзгерді. Құндылықтар өзгерді. Менен – ел таныған археолог, тарих ғылымдарының докторы, пәленшеев дейтін ғалымнан нарық заманы нардай бизнесмен жасады. Көзім ашылды, көкірегім оянды. Кешегі ұраным – тік жүріп, тура сөйлеу болса
Көзілдірікті кісі. С-сағын жан ... әуелі...
Сағын. Бүгінгі ұраным – қажет пе? Кішірей! Қажет пе? Ор киіктей ойқаста!.. Өзгелерді таңғажайып бір ісіңмен, жүрісіңмен таңқалдыр! Кешегі ғұндар мен сақтар жайлаған өлкенің тарихын тыным көрмей зерттеген белгілі ғалым бизнеске бармағанда тоз-тозы шығып, тентіреп кетер ме еді?! Кім біледі? Өмір күрделі, қиын ... Мысалы, мына, сізді, сіз секілді ағаларымызды «алыстан толғап, жақыннан тергеп», таусыла сөйлеп, пенсияға шығарып саламыз. Иә, иә, шығарып саламыз. Ұмытпастай боламыз. Бірақ ... Уақыт шіркін бәрін де тез ұмытқызады. Пенсия – ана дүниеге дайындық. Дайындаймыз!.. Арамызда шапқылап жүрген адамды қол-аяғын байлап, екінші дүниенің аузына апарамыз... Тағдыр тәлкегіне саламыз. Саламыз да әлгі адамды оп-оңай ұмытамыз! Социализмді де солай жабылып жүріп, пенсияға шығарып салдық, көрші ...» (Оразалин Н. Шырақ жанған түн // Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрының сұранысын ескере отырып өңделген, ыңшамдалған, толықтырылған нұсқа, 13-14-бб.).
Сағынның уақыт, заман талаптарына орай табиғи талантын, қабілетін әуелде жұмсаған ғылымы бағытынан бизнеске бұрғаны, бірақ, адамзаттың, туған халқының ежелгі және кейінгі тарихына қатысты философиялық-тарихнамалық ғылыми ойлау ұстанымдарынан қол үзгісі келмейтін ойлары да шынайы берілген. Көзілдірікті кісі – егде көршімен сұхбат кезінде кенеттен өшіп қалған электр шамының орнына кейіпкер-Монтер екеуі жеті май шам-шырақ жаққаны да, әуелі жарықты жағуға келген кейіпкер-Монтерге қарата айтқаны («Мына жігіт осы үйге жарық сыйлау үшін келіпті. Жарайсың, Прометей!»), одан кейін майшамдарды тұтату кезінде ежелгі философ Сенеканың сөзін есіне алғаны («О, Люцирий!.. Бәрі де құдіретті Жаратушының құзырында. Тек уақыт қана біздің еншімізде»), одан кейін адамзат ұрпақтарының алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тарихи кезең шындығын байырғы ата-бабалар тағдырын бейнелей баяндағаны – пьесаның лиризм аясындағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері тоғысындағы сипатын тұтастырған қаламгер шеберлігін-суреткерлігін айқындай түседі.
«Сағын. «... Ғажап?! (Алтыншы, жетінші шырақтарды тұтатып). Экзотика-а!.. Әне, жапырақтың сыбдыры, бұлақтың сыңғыры келеді құлағыма... Жел гулеп, тау-тас жаңғырады...
Көзілдірікті кісі. Миым ми емес, балшыққа айналып бара жатқан секілді.
Сағын. Бұл – менің Альтамирам... Қайғым мен қуанышымды әлдилеген сәби кезімнің сәнді бесігі... Әне! Көресіздер ме?... (Монтер түк түсінбей, жан-жағына қарайды). Естисіздер ме? Шыңғырған ащы айқай!.. Мәңгілік айқай! Алып бизон қозғалып келеді. Адамзат баласының жабайылықпен көз жұмған ата-бабалары! Бизоннан қашып келеді... (Сағын жеті шырақтың арасын кезеді). Шаштары желкелерін жауып, сақалдары белдерін ораған жалаңаш адамдар, қоян жүрек байғұстар... Қашып келеді! Безіп келеді!.. Кімнен?.. Ана жардай бизоннан – ажалдан... Шыбын жандарын сауғалып, қашып келеді.
Монтер. Альтамирасы несі? Бизоны несі? Оу, отағасы?
Автор басты кейіпкердің ғылыми-тарихи танымдық жан ділі кеңістігіндегі ежелгі және қазіргі заманғы болмыс шындығын сабақтастыра ойлаған романтикалық-реалистік пікірлері арқылы қазіргі қазақ зиялыларының арасындағы нағыз ғалым тұлғасын даралау ұстанымын аңғартқан. Сағынның монологы арқылы дәйектелген болмысы – өткен мыңжылдықтар бойы ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтар жүйесін зерттеген-зерделеген қазақ ғалымдары (Анақарыс, Әбунәсір әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Шоқан Уәлиханов, хакім Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Қажым Жұмалиев, т.б.) дәстүрін ұстанған қазіргі көрнекті ғалымдарымыздың көркем шындық поэтикасы аясында жинақтала бейнеленген көрінісі.
Қаламгер-автор тарихшы-ғалым әрі бизнесмен Сағын бейнесі арқылы табиғи талантын шынайы ғылыми ізденіске арнаған, бірақ нарық заманының капиталистік қарым-қатынастары қыспағымен өмірі таусылмайтын күнкөрістік-тұрмыстық күйбең тірліктің шырмауығына шырмалған ғалым адамдар тағдырын көз алдымызға айқын елестетеді. Тұрмыс күйбеңінің қарбаласқан шым-шытырық мәселелерін түгел қамтуға тырысып жүргенде, ғашық болып қосылған сүйген жары Нұргүлімен сонау мәңгілік махаббат шырағы жанған түндегі серттескен уәделерін біртіндеп ұмытуға айналған, ендігі мұраты маңайындағылардың бәріне өзінің болмысын мойындатуды («Сағын әйелін де, елін де мойындатуы тиіс! Әйтпесе, жер басып жүргені өтірік! Өтірік!.. Дүниеде өтірік өмір сүруден қиын нәрсе жоқ ... Азаптың үлкені де, ауыры да сол...) ғана ойлап аласұрып жүрген Сағынның дүниедегі ең асыл міндеті – отбасының-ошағының махаббат шырағы отымен жарық болатынын ұмыта бастағанын сезінеміз. Пьеса сюжетінің шиеленісі сәтіндегі басты кейіпкер Сағынның монологынан тағдыры уақыт шындығы таразысына тартылған ғалымдығы мен бизнесмендік кәсібі қатарласқандардың жан сырын естиміз.
«Мен өзімнің шын өмірімнен – ғылымдағы ақиқат өмірімнен кеткелі он жылдың жүзі болды. Шүкір! Бизнес дейтін өтірік өмір күнкөрісімнің көзін түзеді! Үш бөлмелі үй кірсе шыққысыз? Қаланың жоғарғы жағынан екі қабатты особняк салғызып жатырмын. Бұйырса, осы жаз ерулік жасаймын. Сізді де шақырамын, көрші... Бірақ, тарих, археология өңім түгіл, түсімнен шықпайды. Кейде түсіме Қойлық кіреді. Отырардың қаңқиған төбесі кіреді. Ана қытай ғалымдары астын-үстін шығарып қазып жатқан үйсін, сақ қорғандары кіреді.
Боралдайдың обалары кіреді. Жанымның түкпірінде жатқан сол ақиқат өмірден зәредей қорқамын. Екі аяғыммен екі өмірде тұрғандаймын. Бір аяғым – сән-салтанат байлықта. Екінші аяғым – ғылымда... Тағдыр тәлкегіне түсіп жүргендеймін. Қайсысы жеңеді? Білмеймін» (Оразалин Н. Шырақ жанған түн // Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрының сұранысын ескере отырып, өңделген, ықшамдалған, толықтырылған нұсқа, 18-19-бб.).
Лирикалық драманың көркемдік түйіні – тіршілік қозғалысының қат-қабат оқиғалары ортасында жүрсе де әуелде ғашықтық сезім отымен, махаббат құдіретімен қосылғандардың сол аяулы асыл сезімдеріне, татулықтарына қылау түсірмей, бірін-бірі күнде көрсе де тек ғана үздіккен сағынышпен, бір-біріне ынтығумен өмір сүру керектігін оқырмандарға, көрермендерге, жалпы адамзатқа ұғындыру. Отиесі мен отанасы атанған ерлі-зайыптылардың осындай үлгілі одағы арқылы ғана жеке халық, ұлт және барлық адамзат ұрпақтары өркендейтіні түйінделген. Пьеса кейіпкері Көзілдірікті кісінің Сағын мен Нұргүлдің отбасын үнемі үлгі тұтып сүйсініп жүргенін, бірақ қазіргідей Сағынның Нұргүлге деген шынайы сезімін аялауға уақыт таппай кеткенін, енді бүгін туған күнімен құттықтап телефон соққан өзінен орынсыз қызғанғанын, т.б. – бәрін де диалогтар барысында жеткізгені – шығарма сюжетінің көркемдік шешімін дәйектеген. Сағын мен Нұргүлдің және бұлар мен замандас қазақ отбасыларының тағдырын алаң көңілмен ойлаушы аға ұрпақтың жан ділі сыры кейіпкердің (Көзілдірікті кісі) диалог-монолог сипатты толғаныстарымен жеткізілген.
Драмалық пьесаның лирикалық сипатын құрап тұрған романтикалық және реалистік сарындар тұтастығындағы желілер шығарма кейіпкерлері келіншек Нұргүл мен кинотеатрда, трамвай аялдамасында кездейсоқ кездескен бозбала кейіпкер Таңат екеуі сұхбаттасатын бөлімдерде («3. Аялдамада»; «4. Түнгі көше»; «6. Аялдамада»; «8. Әткеншек және жұлдызды аспан...»; «10. Жасыл орындықта») жары Сағынның жұмысбастылық салдарынан өзіне дұрыс назар аудармай кеткен жағдайына көндіге алмай жалғызсырап-жабырқап жүрген Нұргүлдің арттағы жылдарында алыста қалған балауса бойжеткен шағындағы қыз-сезімі алабұртқан кезеңіне қайта оралғандай күй кешкен психологиялық құбылыстарымен дидарласамыз.
Пьеса кейіпкерлерінің бірі бозбала Таңат бейнесі арқылы балауса балғын кезге тән алғашқы махаббат сезіміне душар болатын жандардың рухани болмыс-бітімі, жандүниесі сезіледі. Пьесаның эпилогындағы «Қаланың өң мен түс аралығындай бір сәті» атты соңғы бөлімінде биік қабатты қалың үйлердің ортасындағы түнде Нұргүл отырып тербетілген әткеншектің шынжыр бұғауына сүйеніп ұйықтап отырған Таңатты қолында кітабы бар көзілдірікті қыздың оятып жатқанын көреміз. Бұл – түнгі сұхбаттың соңында қоштасып бара жатып Нұргүл келіншектің өзіне ғашық боп қалған бозбала Таңаттың болашағы туралы сөзінің («Сенің көгілдір шымылдығың алда әлі...») алдан күтілетін хабаршысындай әсер беретін көрініс. Тізесіндегі бір шоқ гүлін осы қызға ұсынып, қызға және залдағы көпшілікке айтқан Таңаттың сөздері – пьесаның негізгі көркемдік- эстетикалық түйінін аңғартады.
«...Мен марсиянмын?! ...Сіздер марсияндардың неліктен ұзақ өмір сүретінін білесіздер ме?.. Білмейсіздер ме?.. Өйткені, олар бірін-бірі ренжітпек түгілі, қатты сөз айтып, бірін-бірі сөкпейтін де көрінеді... Ал мен?.. Мен... Сіздердің бәріңізге ғашықпын-н... Ғашық адамның жалғыздық көруге хақысы жоқ!..» (Оразалин Н. Шырақ жанған түн // Тарту: Пьесалар... 255-бет).
Бұл – лирикалық драманың сюжеттік-композициялық желісіндегі кейіпкерлердің мінез-құлық психологиясы ерекшеліктерін, олардың араларындағы қарым-қатынастар мәселелерінен қорытыла келе айтылған көркемдік түйін. Адамдардың өзара қарым-қатынастарындағы бірін-бірі құрметтеу, аялау сезімдерінің әуелгі басталуынан олардың өмір кезеңдерінің бәрінде де сақталуы арқылы адамзат ұрпақтарының отаншылдық-азаматтық, махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік, достық, жолдастық, т.б. – асыл сезімдердің мәңгілік сақталатын ұлы жолы дәріптеледі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» лирикалық драмасы – қазіргі заманғы өркениет кеңістігіндегі рухани құндылықтар қатарында бағаланатын көркемдік деңгейі жоғары туынды.
1413 рет
көрсетілді0
пікір