• Тарих толқынында
  • 07 Қараша, 2011

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИДЕЯ БАСТАМАЛАРЫ

Мұрат Насимов,

саяси ғылымдарының  кандидаты

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде халықаралық ұйымдардың қатысушы мүшесі ғана емес, осы уақытта әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегия­лық жобалар болғандықтан, барша қазақстандықтардың үлкен қуанышы, мәртебесі. Жас мемлекетіміз маусым айының аяғында жаңа атаумен Қазақстан төрағалығы бастау алатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының тұтқасын ұстады. Дегенмен, осы әртебелік жетістіктеріміздің ішіндегі Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыру барысында атқарылған қызметіне ерекше тоқталған дұрыс деп санаймыз.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізген «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты дәрісінде: «Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туған болатын. Бірақ та Еуразиялық идеясы жаңа өмірді ұйымдастырудың практикасы ретінде осы ғасырда іске асатынына сенімдімін. Еуразияшылдық бүкіл ХХІ ғасырдың басты бір идеясы. Сендер мұны көп кешікпей түсінесіңдер және көресіңдер. Еуразиялық идеясының Қазақстанның бастамасы бойынша іске асырылған үш киті бұлар – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Бұл бір ғана айтып жеткізгісіз Орталықтың, біртұтас Еуразиялық идеяның үш түрлі іс жүзіндегі көрінісі», – деген болатын.

Еуразиялық идеясы – құрлық тарихы ерекшеліктеріне негізделген философиялық-саяси тұжырымдама болып табылады. Сонымен қатар, тарихи-мәдени тұжырымдама ретінде саналатын идея еліміздің интеллектуалды элитасын мазалайтын түсініктердің бірі. Еуразиялық озық идеяның ұстамды және сындарлы нұсқасын Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев ұсынған болатын. Саяси интеграцияға бағытталған түсінік мемлекет басшысының «Еуразиялық Одақ» ұғымын қалыптас­тыруға септігін тигізді. Қазіргі өзекті саяси тәжірибеде Елбасы посткеңестік кеңістік мемлекеттерінің ықпалдастығынан көреді. Іс жүзіндегі аталмыш идея үлкен кеңістік үшін нақты тұғырнаманың іргетасы. Елбасы Н. Ә. Назарбаев үшін интеграция құр бос сөздер мен ұрандар емес. Ол нақты қадамдарға ұласатын маңызды шара. Міне осы жолдағы маңызды жұмыстар ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ се­кіл­ді халықаралық ұйымдардың құрылуына және Жалпы экономикалық кеңістік идеяларының дамуына ұйытқы болудан басталады. Елбасы тұжырымдамасы бойынша Еуразия географиялық шекарасы айқындалған, экономикалық, саяси және мәдени өлшемдерге ие жалпы құрылым.

Елбасымыздың осыған дейінгі ұйымдарға төрағалық ету барысында көптеген тәжірибелі жұмыстар атқарғанын көреміз. Әрбір көшбасшының бүкіл құрылымдық жүйені басқарудағы ең басты көрін­бейтін заңдылығы – бұл стратегиялық ұстанымының беріктігі. Бұл идеяларға дәлел Елбасының мына пікірі: «Еуропадағы, әсіресе Азиядағы қауіпсіздік, Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия­ның әлем­дік экономикалық орталықтарымен байланысы мемлекеттің ұстанымын айқындайды». Сондықтан тууы мүмкін жаңа қатерлер ұлттық қауіпсіздіктің жаңа механизмдерін қалыптастыруды қажет етеді.

2000 жылдың 10 қазанында Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекет басшылары Астана қаласындағы кездесуінде Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру жөніндегі Келісімге қол қойды.  Бұл шартта Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жөнін­дегі келісімдерде айқындалған өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық жолындағы мақсаттар мен міндеттерге жету тұжырымдамасының негіздері қаланды. Қол жеткізген келісімдерді жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-құқықтық құралдары, қабылданған шешімдер мен тараптар жауапкершілігін бақылау жүйесі қалыптасты.

Осы жылдар арасында ұйымның халықаралық дәрежедегі орны мен рөлі жоғарылады. Үш жылдың өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесін иеленді. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Ор­талық Азия ынтымақтастық ұйымының самми­тінде аталмыш одақтың бірігуі орын алды. Ұйым хатшылығы алаңында Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастырудың ұйымдастырушылық құрылымы жасақталды.

2005 жылдың қыркүйегінде қауымдастыққа мүше елдер үкімет басшылары Душанбе қаласында елдердің отын-энергетика балансын қалыптастыру базалық құжатына қол қойылып, бидай тапсырысын реттеу жөніндегі келісім жобасы талқыланды. 2010 жылдың желтоқсанында Кеден одағының құрылуынан кейін Мәскеу қаласында өткен ұйым саммитінде Біртұтас экономикалық кеңістік базасы шеңберінде Белоруссия, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық Одақ құру туралы келісімге қол жеткізілді.

ЕурАзЭҚ негізгі міндеттеріне енеді: 1) еркін сау­да тәртібі көлемін ресімдеуді аяқтау, жалпы кеден­дік тариф қалыптастыру және реттеу; 2) капитал қозғалысы еркіндігін қамтамасыз ету; 3) жалпы қаржылық нарық қалыптастыру; 4) ұйым шең­берінде ортақ валютаға өту принциптері мен шарттарын бойынша мәмілеге келу; 5) кедендік рет­теудің бірыңғайланған жүйесін құру; 6) мемлекетаралық арнаулы бағдарламалар дайындау және жүзеге асыру; 7) жалпы энергетикалық нарық қа­лыптастыру; 8) қауымдастық мемлекеттері азаматтарына оның барлық территориясында білім алу мен медициналық көмекте теңдей құқық беру; 9) ұлт­тық заңнамаларды жақындастыру және үндестіру және т. б.

Жалпы ЕурАзЭҚ пен БЭК мақсаттары мен міндеттері өзара байланысты: ол жалпы рынок пен біртұтас экономикалық кеңістік құру. Негізінен Біртұтас экономикалық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үш мемлекеті Қазақстан, Ресей және Белоруссияның экономикалық ықпалдастық жөніндегі ортақ жобасы. Жоспар бойынша жобаның аталмыш елдер территориясына енуіне аз ғана уақыт қалды. 2012 жылдың 1 қаңтарында БЭК толық қалыптасып, интеграциялық келісімдер кең көлемде сол жылдың шілдесінде бастау алмақ. Бұл ұйымды құру жөніндегі бастамалар 2003 жылдың 23 ақпанында қалыптаса бастаса, 19 қыркүйекте келісімге қол қойылды. Бүгінде бұл кеңістікке енуге Қырғызстан, Украина, Абхазия және Армения ниет білдіріп отыр.

Елбасы назарында Еуропалық аймақтармен қатар, Азиялық стратегиялық жоспарлар да басым көрінеді. Тәуелсіздіктің 20 жыл ішінде Азия айма­ғындағы біршама саяси экономикалық идеялар іс жүзіне асты.

1996 жылдың 6 ақпанында Алматы қаласында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі 15 мемлекет өкілдерінің кездесуі өткен болатын. Бүгінде бұл кеңес Азия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттал­ған халықаралық форум болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Елбасы Н. Ә. На­зар­баевтың бастамасымен ұсынылған бұл кеңеске 22 мемлекет мүше. БҰҰ, ЕҚЫҰ мен Араб елдерінің Лигасы және 8 бақылаушы мемлекеттер арқылы қызметін атқаратын бұл ұйымның беделі халықаралық деңгейде жоғары.  Бұл шара алғашқы бастамалардың бірі болса, кейінгі жылдары мынадай негізгі кездесулер ұйымдастырылған: 1999 жылдың қыркүйегі – сыртқы істер министрлерінің бірін­ші кездесуі; 2002 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының бірінші саммиті; 2004 жылдың қазаны – сыртқы істер министрлерінің екін­ші кездесуі; 2006 жылдың маусымы – мемлекет неме­се үкімет басшыларының екінші саммиті; 2008 жылдың тамызы – сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі; 2010 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының үшінші саммиті.

Біздің еліміз аталмыш кеңестің 2002 және 2010 жылдары аралығында төрағалық қызметін атқарса, бүгінгі күндегі төрағалықты 2012 жылға дейін Түркия атқаруда. Алдағы уақытта бұл Кеңес тек аймақта ғана емес, халықаралық деңгейде өз беделін жоғарылататынына сенімдіміз.

2002 жылдың 3-4 маусымындағы ұйымның маңызды бірінші саммиті жұмысына 16 мүше-мемлекеттер (Ауғанстан, Әзірбайжан, Египет, Иран, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Үндістан) мен 8 ел (Австралия, АҚШ, Индонезия, Жапония, Таиланд, Вьетнам, Украина, Корея Республикасы) мен ұйымдардың бақылаушылары қатысты. Осы жоғары деңгейдегі кездесуден бұрын көптеген елдер ғалымдары, сарапшылары мен сыртқы істер министрліктерінің мамандары және БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб елдерінің лигасы сынды беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің ұзақ  және еңбекті көп керек ететін жұмыстары орын алды.  Саммитте ұйымның құрылтай құжаты болып табылатын АӨСШК Жарғысы яғни, Алматы Актысы қабылданды. Құжатта мүше мемлекеттердің Азия­да бейбітшілік, еркіндік пен өркендеудің шарттарындағы қауіпсіздіктің жалпы және бөлінбейтін салаларын қалыптастыру туралы айтылды. Бұл Үндістан мен Пәкістан арасындағы кезекті қақтығыстардың өршу қаупі туындап тұрған кезеңдегі маңызды қадамдардың бірі еді. Сонымен қатар, АӨСШК құрылымы мен институттары айқындалып, мемлекет басшылары арасындағы тұрақты кездесулер төрт жылда бір рет, ал сыртқы істер минис­тр­лері деңгейінде екі жылда бір рет өткізуге келі­сілді. Саммиттің екінші маңызды құжаты терро­ризмді жою және өркениеттер арасындағы үнқатысуға ықпал ету жөніндегі Декларацияны қабылдау болып табылады. Жалпы АӨСШК шақыру идеясын Азия аймағындағы мемлекеттермен қатар, Ресей Федерациясы, Қытай, АҚШ, Жапония, Австралия, Түркия, Германия қызу қолдады. Мәселен, ГФР экс вице-канцлері Йошка Фишер: «ГФР үкіметі Қазақстанның аймақтағы жағдайды реттеудегі саяси бастамасын қолдауға дайын», - екендігін айтты. Иран ислам Республикасының бесінші Президенті М. Хаттами АӨСШК бастамасы және оның Азиядағы сенімді бекітудегі рөліне жоғары баға беріп, елінің қолдайтындығы жөнінде айтты. Ал, Ресей Федерациясының сол кезеңдегі Президенті В. В. Путин АӨСШК форумын «өз уақытында өткізілген және жоғары дәрежеде пайдалы» деп атап көрсетсе, БҰҰ-ның 1997-2007 жылдар аралығындағы Бас хатшысы К. Аннан «үлкен жетістік» екендігін баян етті.

2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары негізін қалаған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да аймақтағы беделді халықаралық ұйым болып табылады. Өзбекстан қатарға қосылғанға дейін ұйым 1996-1997 жылдары «Шанхай бестігі» аталып, бес ел шекарасындағы тыныштық пен әскери саладағы сенім жөніндегі келісімдерді бекіткен болатын. Жалпы бұл ұйым қалыптасуының алғышарттары ХХ ғасырдың 60-жылдары КСРО мен ҚХР арасындағы шекара мәселелерін шешуге байланысты қалыптаса бастады. Кеңестер елі келмеске кеткеннен кейін саяси алаңда келіссөздер жүргізудің жаңа қатысушылары пайда болды. Қытай көршілес Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен территориялық мәселелерді өркениетті жолмен шешкен соң аймақтық ынтымақтастықты жалғастырудың әріптестік басымдықтары арта түсті. 1996 жылы «Шанхай бестігі» құрылған соң, оның сам­миттері 1997 жылы Мәскеуде, 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде өтті.

Құрылысы нақтыланған және институтталған ұйым ерекшеліктеріне келсек, мәртебелік қатынас жөнінде Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) секілді әскери блок қатарына жатпайды. Өңірлік саяси, мәдени әрі экономикалық ұйым болып табылатын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (AСЕАН) сынды аралық позиция ұстанбайды. Ұйымның негізгі міндеттері қатарына мүше мемлекеттер кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті бекіту, лаңкестік, сепаратизм, экстремизм және наркотрафикпен күрес, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзара әрекеттестікті дамыту жатады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз. Мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады», – деді. Осы жылдың маусым айында табысты өткізілген мерейтойлық саммит сыртқы саясатымыздағы кезекті жеңіс, Елордамыз Астананың халықаралық имиджін жоғарылатқан тағы бір қадам.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандағы дипломатия ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ОАЫҰ сияқты ұйымдар басымдығын бекітуге аса назар аудару тиіс», – деген болатын. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бірқатар халықаралық ұйымдардың қызметін жандандыруда белсенді рөл атқарды. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына сәтті төрағалық етуі соның айқын дәлелі. Ал, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық идеясы бастамасының үш киті болып саналатын Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халық­аралық аренадағы мәртебесі жоғарылайтындығына толықтай сеніміміз мол.

2858 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз