• Ұлттану
  • 28 Қараша, 2011

төрт құбыласы түгел орталық

Рабат ЖәнібекҰЛЫ – ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді. «Қазақстан» телеарнасында спорт комментаторы, Бас редактор болып қызмет істеді. Қазір еңбек демалысында. Спорт тақырыбына арналған бірнеше кітаптың авторы. 1999 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Дене тәр­биесі мен спорт» туралы Заңы қабылданды. Осы Заң толық мәнінде жұмыс жасау үшін  республика үкіметі Дене тәрбиесінің Ұлттық ғылыми-практикалық  орталығын  құру туралы  ше­шім шығарды. Бұл мекеменің құрылуына сәйкес бұрынғы жүр­гізілген зерттеулерді  жинақтау, талдау негізінде елімізде дене тәрбиесін дамыту мен одан әрі қарай  жетілдірудің болашақтағы негізгі бағыттары белгіленді. Сөйтіп, 2000 жылы бұл жаңа  құрылым өмірге келді.   Он жылды артқа тастап, он бірінші жылға қадам басқан бұл орталық төрт құбыласы түгел ордалы орталыққа айналды. Ғылыми, спорттық қыруар іс-шараларды жүзеге асырып отырған бұл орталықтың көп салалы жұмысы жайында ҚР-ның Білім және Ғылым министрлігіне қарасты дене тәрбиесінің ұлттық  Ұлттық ғылыми практикалық  орталықтың Бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Меркіжан Нағашбекұлы Қошаев мырзаны әңгімеге тартқан едік. – Мәке, сіз орталықтың ірге тасын өз қолыңызбен қаладыңыз. Он жылдан астам ыстық-суығына төзіп келесіз.  Олай болса әңгімеңізді  орталықтың өсіп өркендеуінен бастасаңыз. М. Қошаев: – Өткен жылдар белесіне көз тастасақ он жыл пә­лен­дей көп те  емес сияқты болып көрінеді. Бірақ істелген, жүзеге асырылған іс-шаралар деңгейімен ойласақ, жас ұрпақты  тәрбиелеу, оларды білімге, спортқа баулу жолында  атқарылған жұмыстар баршылық. Адам баласы қанша салада зерттелетін болса, спорт ғылымы да сонша салада зерттеледі. Осы міндеттерді орындау үшін орталықта спорттық шараларды  өткізу жөніндегі  медициналық-биологиялық зерттеу, мамандардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау  мақсатында  төрт ғылыми зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің, оқушы жастар мен  оқытушыларды ғылыми әдісте­ме­лік жағынан қамтитын да зертхана бар. Бізде негізгі назар мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар, студент жастар арасында әлеуметтік зерттеулерді жүргізуге аударылған. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – балалар мен жастардың дене тәрбиесін ғылыми әрі  әдісте­ме­лік жағынан қамту, спорттағы ізбасар жеткіншек­терді дайындау және спорт түрлері бойынша еліміз­дің жастар мен студент құрама командаларын толықтыру. Сол құрама команда мүшелеріне  педаго­гикалық, медициналық көмек көрсету. Осы атал-ған  салалардағы мамандардың біліктілігін көтеру мен қайта даярлауға ерекше көңіл бөлеміз. – Мәке, Сіздер дене тәрбиесі  сабағымен спортты негізінен мектеп оқушылары мен студент жастар арасында  дамыту мә­се­лелерімен  айналысатындарыңыз белгілі. Сонда мұның өзіндік ерекшелігі бар қандай іргелі істер атқарылуда, олардың нә­ти­же­лері қандай деген сұрақ өзінен-өзі сұ­ранып тұрғандай? М. Қошаев: – Негізі дене тәрбиесін мектеп жа­сына дейінгі бүлдіршіндер арасында  бастаған жөн. Әрине, ол үшін балабақшаларда бүгінгі өмір та­лабына сай арнайы ойын  алаңдары, су бассейндері болғаны аб­зал. Өкінішке орай, қазіргі таңда елі­міз­де бала бақшалардың жетіспеуі, бұл салада көп қиындықтар туғызып, қол байлау болып отыр. Бұл үлкен спортқа апаратын алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Ал, біздің  Ұлттық орталық құрылған сонау 2000-шы жылдардан бастап, он бір жыл бойы миллиондаған жастар мен жас­өс­пірімдерді қатыстырып, кезекпен оқушылар спартакиадасы (қысқы, жазғы студенттер универсиадасы) өткізіп келеді. Олардың жеңімпаздары әлем біріншіліктерінде, дүниежүзілік универсиада жарыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге ие болуда. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Дене тәр­биесі Ұлттық ғылыми-практикалық орталық ұйымдастырып отырған  мектеп пен колледж оқушылары спартакиадасы, студент жастар универсиадасы еліміздің ірі қалаларындағы ең үлкен стадиондарында 10-15 мыңнан астам жастардың  бас қосуымен облыс әкімінің  тікелей қатысуымен салтанатты мерекелік жағдайда өткізу дәстүрге айналған. Он бір жыл көлемінде мектеп пен колледж оқу­шылары арасында 5 жазғы, 5 қысқы спартакиада жалауы желбіресе, дәл осыншама студент жастар универсиадасы бүгінгі өмір талабына  сай ұйымдас­тырылды. Республика деңгейінде  өткен спартакиа­да  мен универсиадаларға миллиондаған оқушылар мен студенттер қатысып келеді. Спорттың 40-тан ас­там  түрлерінен жыл сайын  60-қа жуық әртүрлі тур­нирлер ұйымдастырылып жүр. –  Мәке, қазақстанда студенттер спортының даму қарқыны қандай деңгейде, бұл салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы жайында ойыңызды ортаға салсаңыз... М. Қошаев: – Қазақстан Республикасы өмірдің барлық саласы оның ішінде әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша ерекше қарқынмен да­мып отырған  жағдайда  оның азаматтарының денсаулығын сақтау мен қорғау мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Мұндай жағдайда  дене тәрбиесі мен спорт жұмыстарының  онымен әрбір азаматтың айналысуы қоғамымыздың бүгінгі келбетінің айнасы тәрізді. Қызығы мол студенттік шақ – бұл жас адамның рухани және  мүсін қалыптасуы жағынан өзін жан-жақты көрсететін қарымды шағы. Жоғары оқу ор­нының студентінің аудиториялар мен сабақтан тыс  уақытта күн сайын  8-10 сағаттай өз еңбегімен  айналысуы одан темірдей мықты  денсаулықты қажет етеді. Сондықтан да әрбір жас адамның жо­ғары оқу орындары қабырғасында  өткізген жылдары  оның спортпен мықтап  достасқан ең қимас, ұмытылмас кезеңі болуы тиіс. – Мәке, сонау өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдар белесіне көз тастасақ, әсі­ресе кеңестік дә­уірде еліміздің құрама ко­ман­даларының дені студенттік жас­тардан құралатын. Кейін келе-келе бұл дәстүр қожырап көзден таса, көңілден ұмыт  бола бастады. Мұны қалай түсін­діруге болады? М. Қошаев: – Дұрыс айтасыз. Бұл мәселеге байланысты  ой-пікірлерімізді бұрында ортаға салған болатынбыз. Студенттік спорт тарихына бір сәт  көз тастасақ, өзіңіз айтқан, сонау 60-70ші жылдарды еріксіз еске аламыз. Бұл жылдары жоғары оқу ор­ындарында  спортпен айналыспайтын студентті кез­дестіру мүмкін емес болатын. Спорттың қай түрін алсаңыз да Қазақстан құрама командасы тек студенттерден құралатын. Бір ғана мысал келтірсек, алпысыншы жылдардың аяғында  іргетасын Октябрь Жарылғапов қалаған волейболдан «Буревестник» командасы  бұрынғы кеңестік мемлекеттің маңдайалды командасы  болып қана қоймай бүкіл еуропаны аузына қаратқан  сайыпқыран ретінде  Еуропа кубогін екі рет жеңіп алған елі­міз­дің, халқымыздың мақтанышы болған команда  ретінде тарихта  қалды. Тағы бір айқын да айғақты мысал: еліміздің ең үл­кен  оқу орындарының   бірі саналатын сол кездегі атауы Киров атындағы ҚазМУ-ді алайық. Бұл уни­верситетегі 12-13 факультетте мыңдаған студент жастар оқыды.  Міне осы оқу орнында факультеттер арасында спартакиада  өтетін. Сол спартакиаданың жеңімпаздарын  Қазақстан құрама  командалар қатарынан көретінбіз. Неге екені белгісіз 80-ші жылдардан  бастап  сту­дент­тік спорт бірте-бірте  құрдымға кетті. Студент – бойында бұлаң күші бар, жалындап тұрған жастар қауымы. Міне, сол жастарды  спортқа жұмылдыру – жас ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды жұмыстардың бірі екені даусыз. Бұған мемлекетіміздің Білім және ғылым Минис­трлігі ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда  мектеп пен колледж оқытушыларының және студенттік спорт­­қа  дене тәрбиесінің Ұлттық ғылыми-практика­лық орталығы сияқты ғылыми-творчестволық ұйым қол ұшын беріп, жол көрсетіп отыр. Мектеп оқушылары мен жоғары оқу  орындары­ның арасында республикалық спартакиадалар мен универсиадалар өткізу мен ұйымдастыру   жұмыс­та­рында біздің орталықтың  атқарған ұшан-теңіз қызметі жас ұрпақтың денсаулығы жолындағы мем­­ле­кеттік бағдарламаның тұрғысынан шығып отыр.  Оған дәлел 2000-шы жылдан  бастап он бір жыл бойы миллиондаған жас талапкер­лердің басын құрап оқушылар спартакиадасы мен студенттер универсиадасын өткізіп келеміз және халықаралық деңгейде өтіп жүрген  дүниежү­зілік студент жастар универсиадасына  қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Соның ішінде ерекше атауға тұрарлығы 2007 жылғы Тайландтың Бангкок қаласында  өткен  Бүкіл әлемдік  студент жастардың XXІV универсиадасы. Оған дүниежүзінің  190-нан астам елдердің командалары қатысқан дүбірлі  сында Қазақстанның студенттер құрамасы ІІ орынды  иеленіп ел қоржынына 5 алтын, 4 күміс, 5 қола, бар­лығы 14 медаль сал­ды. 2009 жылы Белградта өт­кен XXV универсиа­дада Қазақстандық спортшылар тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Дене тәрбиесінің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының шаңырағы көтерілген 2000 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі  аралықта өткен  5 қысқы, 6 жазғы студент жастардың әлемдік универсиадаларында еліміздің намысын қорғаған спортшыларымыз 17 алтын, 18 күміс, 23 қола медальдарды  жеңіп алыпты. Өкінішке орай, қысқы спорт түрлерінен соңғы жыл­­дары көптеген қиындықтарға ұшырадық. 2009 жылы Қытайдың Харбин қаласында XXІV қысқы универсиада  ойындарында ең болмаса  бір қола медальға ие бола алмай, шерменде болып қайтқанбыз. 2011 жылы Қазақстанның студенттер құрамасы  Түріктің Эрзурум қаласында өткен XXV қысқы универсиада  Харбиндегі олқылықтың орнын біршама толтырғандай болдық. 2011 жылдың 27 қаң­тары мен 6 ақпаны аралығындағы өткен дүбірлі бәсе­ке­де 1 алтын, 5 қола медальді иеленіп, 57 елдің ара­сында 18 орынға табан тіредік. Дәл осы мезгілде Астана мен Алматы қалаларында VІІ қысқы Азиада ойындары өтіп жатқан бо­ла­тын. Үміт артқан көптеген белді спортшыларымыз Азмада ойындарына  байланысты XXV универсиада  ойындарына бара алмады. Ал универсиададағы жалғыз алтын  медальді Қазақтың спорт және туризм Академиясының студенті Дария Рыбалова фристайл спорты бойынша  алып берген болатын. – Жаңа өзіңіз айтқандай қысқы спорт түрлерінен жалғыз универсиада да ғана  емес, қысқы олимпиа­да ойындарында да асы­ғымызды алшасынан тұрып жүргені шамалы. Соңғы Ванкуверде өткен қысқы олимпиада ойындарында жалғыз күміс  ме­даль­ді еншілеп, соған мәз болдық емес пе? Олай болса  осы сәтсіздіктердің сыры неде? М. Қошаев: – Шынын айтсам, оның сыры терең­де жатыр. Қысқы спорт түрлерінен ел намысын қор­ғап жүрген спортшыларымыздың дені – студент жастар.  Олар тек универсиада  ғана емес, әлемдік додаларда еліміздің бас құрамасының қатарында да  өнер көрсетеді. Аталған бәсекелерде Қазақстанның намысын қорғайтындар негізінен Шығыс Қазақстандық және Көкшетаулық спортшылар. Анда-санда Қарағанды мен Солтүстік Қазақстанның бір екі өкілі  құрамада бой көрсетіп қалады. Еліміздегі 14 облысының кем дегенде  10-11 облысында қысқы спорт түрлерін дамытуға табиғи мүмкіндік бола тұрып, өкінішке орай көп облыстар  қысқы спорт түрлеріне мүлде мән бер­мей­ді. 2002 жылы Солт Лейк-Сити мен 2006 жылы Туринде өткен олимпиада ойындарында  Қазақстан құрамасы сәтсіздікке ұшырады. Төрт жылда қаншама жолдама жеңіп  алғанымызбен жеме-жемге келгенде АҚШ пен Италияда өткен айтулы жарыстарда  бірде бір медальға қол жеткізе алмадық. Бұған кеңестік одақ тарағаннан кейінгі тоқсаныншы жыл­дардың басындағы экономикалық қиындық өз әсерін тигізбей қоймады. Жазғы спорт өкілдері тез-ақ ес жиып қатарға қосылса, қысқы спорт түрлерінен бой жазу қиындау болып тұр. Рас, өзімізде  өткен  2011 жылғы қысқы VІІ Азиа­дада  қазақстандық спортшылардың тамаша  та­быс биігінен  көріне білінуі көңілге қуаныш әкелгені  белгілі. Мұнда жарыстың өз елімізде өтуі де үлкен көмек болғанын ұмытпауымыз керек. Азиадағы белді елдер болып  саналатын Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты  елдер олимпиада  сындарында алдымызды  бірнеше рет орап  кеткені өз алдына  әлемдік мықты елдермен теке-тіреске  түсіп жүргені  олардың әуелеттерінің бізден жоғары  екенін байқатса керек. Жалпы қысқы спорт түрлерінің аяғынан тік тұрып кетуіне  кедергі болып  келген екі мәселені  атай кеткен жөн сияқты. Ең бастысы білікті мамандардың тапшылығы, қыс­қы спортты  жандандыруға мүмкіндік бермеді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да әрі ауырлау  ке­зінде өз ісінің нағыз майталманы атанған бапкердің біразы қыр асып кетсе, енді біразы жасы келіп қалуына байланысты  үлкен спорттан  қол үзді. Қолынан іс келетін білгір жас бапкерлер жалақының төмен­дігінен басқа салаға бет бұрып, спортта белсенділік таныта қоймады.  Ал кешегі Азиада  ойындарына арнап салған спорттық кешендерді  есепке алмағанда  елімізде  өмір талабына  сай спорттық  кешендер де жетіспеді.   Бұл да аяққа тұсау болды. Қазақстан студенттер спортын дамытуға республика аумағында аса қажетті спорт базалары  жетіс­пейді. Естеріңізде болар 2006 жылы Алматыда бокстан студенттердің  әлем чемпионаты  өтті. Сол жарысты өткізу үшін Балуан Шолақ атындағы спорт  сарайын  жалдауға қыруар қаржы жұмсалды. Алматы студенттер қаласы деп орынды аталып жүр. Олай болса алып қалада неге студенттер спорт сарайын салмасқа. Бұл орайда Мәскеудегі жоғары техникалық  университетте өзім көрген жағдайды  айта кетпекпін.  Бұл университеттің өзінің бірнеше стадионы, жаз­ғы, қысқы спорт залдары, үлкен спорт манежі, жеңіл атлетикалық жүгіру  жолы, 50 метрлік бассейні бар. Олардан бөлек әр түрлі  спорт түрлеріне  арналған  залдары, дәрігерлік диспансер, уқалау, оңалту каби­неттері жұмыс істейді екен. Көптеген оқу орындарымызда осындай спорт базалары болса Әлем, Азия чемпионаттарын өткізуімізге толық мүмкін­діктер туар еді. Нұрлан Балғынбаев мырза ел үкіметін басқарып тұрғанда студенттердің «Сұңқар» ерікті спорт қо­ғамын құру туралы қаулы қабылдаған болатын. Өкінішке орай, ол қаулы қағаз жүзінде қалып қойды.  – Студенттер спортына байланысты  өр­ке­ниетті  елдердің тәжірибесімен  салыс­тыра отырып, жеке өз пікіріңізді білдірсеңіз. М. Қошаев: – Бұл мәселе  көптен бері менің көкейімде жүрген мәселе. Әлемде студенттер спор­тына  мән беріп, оның табысының тәтті дәмін татып отырған елдер бар­шы­­лық, олардың көш басында АҚШ пен Қытай тұр. Қытайда үлкен спортқа болашақ чемпиондарды  баулу балабақша қабырғасынан басталады екен.  Одан әрі  мектеп пен  жоғары оқу орындарында  жалғасын табады. Америка Құрама Штаттарында  спорттың  көптеген түрі­нен  студенттер лигасы  бойынша жарыстар өткізіліп тұрады. Ал, студенттер  лигасы  бұл үлкен спорттың таптырмас қайнар бұлағы, болашақ спорттық табыстың  негізі. Бұл орайда болашақта ел құрама  командаларының  таптырмас резерві  болатынына күмәніміз жоқ. Осы жерде  айта кететін бір нәрсе – біздің орталық өткен жылдың көктемінде «Достық» спорт кешенінде  баскетболдан  «мектеп лигасы» бойыншы, артынша «студенттер лигасы» бойынша жарыстар  ұйымдастырдық. Бұл жарысқа қатысуға тілек білдіруші спорт ұйым­­­­дарының қатары  мол екеніне көз жеткіздік.  Өкінішке орай, Білім және ғылым министрлігі тарапынан  бұл шараларға арнайы қаржы қарастырылмағандықтан аталған жарыстарды жалғастыруды жылы жауып  қоюымызға тура келді. Болашағы зор осы бастаманың  өмірден тұрақты  орын алуына  Қазақстан республикасының  Туризм және спорт министрлігі  қол ұшын беріп қаржыландырса, біз де өз тарапымыздан  қолдан кел­геннің бәрін жасар едік. Бұл дегеніңіз үлкен спортқа зор демеу болар еді. Жыл өткен сайын әлемдік  универсиадаларда  бәсекелестік арта түсуде. Сондықтан да болар уни­вер­сиадаларда алтын медальдарға  қол жеткізу арманға айналып  барады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері еліміздің студенттері барлық универсиадаларға  тұрақты қатысып келеді.  2007 жылы Бангкокта өткен  сында Қазақстандық студенттер 5 алтын медальді  қанжығаларына байласа, 2009 жылы Белградта 2 алтын медальді  ғана қанағат тұттық.  Ал биылғы жылдың тамыз айының 12-23 жұл­дызы аралығында  Қытайдың Шэньчжэне қаласында  өткен XXІV  Бүкіл әлемдік  жазғы универсиадада бір алтынға да қол жеткізе  алмадық. Бұл жолы үш күміс, үш қола медальді қанағат тұтуымызға тура келді. XXІV Бүкіл әлемдік универсиадада оза шауып  бәйге алу  кімге де болса  оңай болмағаны белгілі. Бұл дүрлікті бәсекеге 152 елден келген он мың  сту­дент спортшылар қатысып жарыстың 24 түрінен  306  медальдарды  сарапқа салды. Қазақстандық  спортшылар жарыстың 11 түрінен сынға түсіп,  бақтарын сынады.  Бұл жерде күміспен күптелген  Инновация  Академиясының  түлегі  Мария Билитренко стенді  көздеуден қол жеткізсе, дәл осындай  күміс медальді өңірлеріне таққан ауыр атлетикадан Александра Аборнева мен 100 метрге  кедергімен  жүгіруден Наталья Иванинская­ларды  атап  кеткеніміз абзал. Ольга Терешкова, Евгений Эктов, Александр Ермаковтар қола  медальдарға  қол жеткізді. Қарап отырсақ, барлық универсиада сындарында  жекелеген спорт түрлерінен  ғана қатысып келсек, бірде бір рет командалық спорт түрлерінен  бағымызды сынап көрмеппіз. Бұл жағдай Республика  спорты  басшыларын ойландыратын жәйт. Универсиада  ойындарында  студенттердің әлем біріншіліктерінде оза шауып бәйге алған саңлақтарымыз еліміздің басты командасында ел намысын абыраймен қорғап, олимпиада  әлем чемпионаттары атанып жатқандарын орынды мақтаныш ете аламыз. 2006 жылғы студенттер арасындағы  бокс­тан әлем чемпионаты Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің олимпиадасының чемпионы,  ал үш қарғып секіруден XXІV универсиадасының жеңімпазы Ольга Рыпакованың әлем чемпионы атануы оған дәлел бола алады. – Ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұйым­дастыруымен биылғы жылғы спорт саласындағы атқарылған игілікті істерге тоқталсаңыз. М. Қошаев: – Биылғы 2011 жылы  спорт саласында  атқарған ауқымды да қомақты жұмыстар жайында  айтатын болсақ жыл басында Түркияның Эрзурум қаласында өткен XXV қысқы әлемдік универсиададан бастау алғанын атап өткім келеді. Ол сындағы нәтижелерді әңгімеміздің басында атап кеткен бола­тынмын. Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Спорт саласындағы дүрмекті бәсекелердің бәрін дерлік еліміздің сол айтулы  мерекесіне арнап өткіздік. Әлемдік қысқы универсиадада басталған жеңісті  жолды колледж бен мектеп  оқушыларының қысқы V спартакиадасы  жалғастырды. Бұл жарыста  1200-ден астам жас талапкерлер еліміздің Астана, Қарағанды, Қостанай, Рудный, Риддер қалаларында өткен сында спартакиаданың алтын медальдарын сарапқа салды.  Сөйтіп жалпы командалық бәсекеде бірдей ұпай жинаған Шығыс Қазақстан мен Қостанайлықтар бірінші орынды өзара бөлісті. Екінші және үшінші орындарға Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары көтерілді. Бұдан кейінгі ірі спорттық оқиға ол Республика  жоғары оқу орындары  арасында  ерте көктемде басталып, жаз айларында жалғасқан VІ – Республикалық универсиада болды.  Бұл жарыстың  ауқымының қаншалықты зор болғанын мына жетістіктерден  аңғаруға болады. Универсиаданың финалдық айқастарында  елі­міздің 83 жоғарғы оқу орындарының 350-ден астам өкілдері  өзара бәсекеге  түсіп, әлемдік универсиадаға  қатысуға мүмкіндік  беретін жолдама  үшін күресті. Жарыс барысында  26 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, 410 спорт шебері, 1121 спорт шеберлігіне  үміткерлер өз оқу орындарының намысын қорғады. Жарыстың 31 түрі бойынша  медальдар сарап­қа салынды. Мамыр айында универсиаданың салтанатты ашылуы  сәті Тараз қаласындағы Орталық стадионда  облыс әкімі Қ. Бозымбаевтың тікелей қатысуымен мерекелік жағдайда  ұйымдастырылып, өткізілді. Бес айдан астам уақытқа созылған республикалық VІ универсиаданың барысында  еліміздегі  ең ірі де  іргелі  оқу орындарының бірі – Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті тек оқу  сала­сында  ғана емес, спортта да өздерінің  шоқтығы биік екендіктерін  дәлелдеп, 51 жарыс түрі бойынша  өткен сынның 43 түрі бойынша бақтарын сынап, жалпы командалық  бас жүлдені  жеңіп алды. Оңтүстік Қазақстанның М. Әуезов атындағы  университет ұжымы екінші орынға көтерілді. Үшінші жүлдегер Халықаралық Қазақ-түрік универси­тетінің студенттер қауымы. Төртінші сатыдан көрінген Тараз қаласының М. Х. Дулати атындағы универси­тетінің ұжымын атай кеткен абзал. VІ Универсиаданың нәтижесі бойынша  еліміздің студенттер  құрамасын жасақтадық. Олар 2011 жыл­дың 12-23-ші тамызы аралығында  Қытайдың Шэньжэне қаласында  өткен XXІV Әлемдік универсиада ел намысын қорғады. Олардың қол жеткізген табыстары жайында  жоғарыда айтылды. ҚР-ның Білім және ғылым министрлігіне қарасты дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған спорт саласындағы  табыстарымыз осындай. Үлкен спортты ғылыммен ұштастырмай оны дамыту мүмкін еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл салада бізде жасалып жатқан іргелі істер жетерлік. Бұл мәселе жеке әңгіме етерлік ауқымды тақырып. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбатты жүргізген Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ.  

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз