• Ұлттану
  • 28 Қараша, 2011

Дала академигіне құрмет көрсетілді

 

Оңалбай Садықов – ҚазМУ-дің журналистика фа­культетін бітірген. Қазір «Қазақ елі» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет істейді.

  Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, дала академигі, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың туғанына 120 жыл толу мерекесі Еңбек ері атағын екі рет иемденген атамыздың өскен жері – Шиеліде екі күн бойы үлкен салтанатпен атап өтілді. Қарашаның 5-і күнгі мерекелік жәрмеңке аудан орталығына ерекше сән берді. Мерекелік шаралардың басы ретінде кентіміздің теріскейінен ашыл­ған Ы.Жақаев атындағы саябақтың, оның нақ төріне орналасқан дихан атаның жаңа ескерткішінің лентасын қиюдан басталды. Салтанатты жиынды аудан әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Саябақтағы жасалған шаралармен аудандық кеңес депутаты, құрылыс жетекшісі П. Архабаев таныстырды. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Болатбек Баянұлы Қуандықов мырзаның құттықтау сөзінен кейін Ы. Жақаев атындағы жаңа тарихи өлкетану музейінің іргетасы белгіленіп, алғашқы кірпіші қаланды. Алдымен тойға тарту ретінде музей  капсуласы қойылды. Мұнан соң аудан орталығындағы Ы. Жақаев атындағы көшенің екі қапталына орналасқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі тамашаланды. Бір ғажабы, араға 19 жыл салып, шиелілік егіншілер мемлекетке астық және ауыл шаруашылық өнімдерін тапсыру көрсеткіші бойынша облыс көлемінде жүлделі бірінші орынға көтерілді. Айтса айтқандай, биылғы жылы шиелілік дихандар 23967 гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылық дақылдарын егіп, оның әр гектарынан 45 центнерден өнім жинады. Биылғы жылдың өте бір қуанарлық жағдайы – Ыбырай атамыздың 120 жасқа толған мерейтойы республика тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен ұштасып жатқаны. Биылғы жылы Шиелі ауданында жаңадан ашылған әлеуметтік нысандар да жетіп артылады. Аудан орталығынан қайта жөнделіп, салынған «Салтанат» сарайының жаңа ғимаратында бір топ жас жұбайлардың некелері қиылып, олардың болашақ өмірлеріне сәттілік тіленді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген суырып салма айтыс ақындарының алғашқы сыны да осында басталды. Дүлділ ақындар тек ертесіне ғана ақтық бәсекелерге шығып, жарыс жеңімпаздары анықталды. «Алтын күз» 2011 мерекесі аясында ақындар айтысына ерекше дайындықтарымен келген семейлік Қарлығаш Әубәкірова өзінің нағыз сөз жүйрігі екендігін танытып, бас жүлдегерге белгіленген жеңіл автокөлікке ие болды. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген белгілі айтыскерлер: Бекарыс Шойбеков пен Кәрима Оралова, Алматы қаласының өкілі Рүстем Қайыртайұлы өз шеберліктеріне сай жүлделі орындарды иеленді. Аудан әкімі осы «Алтын күз» 2011 мерекесі аясын­да еңбек ардагерлері Төлес Апбасов, Мұхиддин Исмаилов, Жұмат Бақтыоразов, жазушы журналист, А. Байтұрсынов атындағы сыйлықтың лауреаты Серік Байхонов, танымал кәсіпкер Мұрат Үдербаев, соңғы жылдары демеушілік әрекеттері­мен көпшілікке танылған «Қазақ білім жабдық» мекемесінің директоры Әбілқасым Сыздықов, «Ең­бегі сіңген гидротехник» атағының иегері, еңбек ардагері Мұхамедияр Сейітов мырзаларды «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атақтарымен марапаттап, оларға ескерткіш ленталарды және куәліктер мен төсбелгілерді табыстады. Сондай-ақ осы күні жекелеген аталымдар бойынша жүлдегерлердің де есімдері аталды. «Үздік ауыл әкімі» атанған Ы.Жақаев атындағы ауыл әкімі Мұхамедәлі Мақашқа, «Үздік шаруашылық» атанған Ақмая ауылдық округінің әкімі Сейітмұрат Жандарбековке, «Шамшырақ» аталымы бойынша №46 Пушкин атындағы орта мектеп директорының орынбасары Мейіркүл Қалиханға, «Үздік дәрігер» аталымы бойынша аудандық перзентхана меңгерушісі Гүлзабида Ізбасқановаға, «Үздік дихан» аталымы бойынша «Жаңа Бестам» ЖШС-нің жоңышқа өсірушісі Төлеген Садыққа, «Дала жұлдызы»  аталымы бойынша «Шиелі-Авангард» ЖШС-нің бригадирі Гүлсім Дәрібаеваға, «Сыр маржаны» аталымы бойынша «Қаптағай» ЖШС-нің звено жетекшісі Ерәлі Баймағамбетовке, «Айбын» белгісі аталымы желілік ішкі істер бөлімшесінің қызметкері Ринат Өмірбековке, «Үздік спортшы» аталымы бойынша республика чемпионы, спорт шебері Әсел Амангелдіге, «Үздік мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша Ахметәлі Сүйіндікке, «Жаңалық жаршысы» аталымы бойынша «Өскен өңір» газетінің фототілшісі Бақытжан Бәйімбетке, «Аналық мейірім» аталымы бойынша Мүкәрәмқажы Әбілдаеваға, «Ұлттар достығы» аталымы бойынша №45 Ақорда мектеп-гимназиясының мұғалімі Сергей Андроновқа, «Мал шаруашылығының үздігі» аталымы бойынша Жалғас Асановқа, «Үздік кәсіпкер» аталымы бойынша Әйткүл Әбдіқады­роваға, «Үздік өнеркәсіп жетекшісі» аталымы бойынша ГРП-23 бастығы Қадырқұл Қойгелдиевке, «Озат жаткашы» аталымы «Жаңа Бестам» ЖШС-нің жаткашысы Өмірбек Төлегенге, «Озат комбайыншы» аталымы ақмаялық Саламат Емжарға, «Озат тасымалшы» аталымы «Қаптағай» ЖШС-нің жүргізушісі Өтеген Ибадуллаевқа, «Озат бағбан» аталымы Алмалы ауылының бағбаны Қайырбек Абдуллаевтарға беріліп, жүлдегерлерге бағалы және заттай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, бұл басқосуларда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, қоғам қайраткері Абдулла Дәулетов мырзалар бүгінгі ұрпақ өкіл­деріне деген ризашылық сезімдерін білдірді. Салтанатты жиынның алғашқы күні күріш өсіру­дің технологиясын өндіріске енгізуді ғылыми негіздеу мақсатында «Дала академигі Ыбырай Жақаев» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Ол ғылыми-танымдық конференцияға арнайы қонақ ретінде республикамыздың түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылды. Конференцияда мазмұнды баяндамалар жасаған алматылық ғалым ауыл шаруашығы ғылымдарының докторы, профессор, У.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының директоры Абдолла Сапарбаев, осы институттың аға ғылыми қыз­меткері Әзімбай Отаров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбаев, Қызылорда қаласынан келген Қазақ күріш ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Ыдырысұлы Өмірзақов секілді ғалымдар көпшілік ойынан шығатын маңызды мәселелерді өз баяндамаларына арқау етті. Қызылорда облысының әкімі Б. Қуандықов өз сөзінде болашақта облыстағы Күріш ғылыми зерттеу институтына Ыбырай Жақаевтың есімі беріле­тіндігі жайлы қуанышты хабар жеткізді. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелі күндері ауданда «Ән мен жырдың дүлдүлі – Нартай ақын» атты республикалық ән фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Осы жолғы сындарда Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Шымкент, Қызылорда, Атырау облыстарынан келген әнші, термеші жыраулар Нартай әндерін нақышына келтіре орындады. Фестивальға қатысушы өнерпаздарды Құрманғазы атындағы қазақтың ұлттық консерваториясының халық ән­дері кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сәуле Жан­пейі­сова бастаған аттарынан ат үркетін қазылар алқасының құрамы кәдімгідей-ақ толғандырды. Барлық облыстардан келген термеші, жыршылардың өнер­лері көңілден шықты. Бұл аталым бойынша шиелілік Мұхамед­әлі Бекпей­ісов пен алматылық Жанқожа Аяпов ерекше көзге түсті. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы берілді. Аудан тұрғындары мерейтойдың шешуші күні қазақ эстрадасының жұлдыздары: Алтынай Жорабаева, Гүлмира Ақүрпекова, Заттыбек Көпбосыновтар мен «Арнау» жұл­дызды тобының өнерлерін қызыға тамашалады. Жергі­лікті өнерпаздар арасынан ерекше көзге түскен Дәурен Беркінбаев пен сазгер Нариман Мизамбаевтарға ерекше құрмет көрсетілді. Мереке күндері ауданымызға құрметті қонақ ретінде келген Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары: Қожахмет Баймаханов, Мұрат Мұхамедов, Құттықожа Ыдырысов, Мұрат Әбенов мырзалар көпшілік халықпен шүйірке­лесе араласып, олардың қуаныштарына ортақ тілектерін білдіріп жатты. Бұл мереке күндері облыстың өзге аудандарынан келген Еңбек ерлері: Арапбек Әбиев, Шонанбай Абзалов, Сәлима Жұмабековалар да ерекше ел құрметіне бө­ле­нумен есте қалды.

727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз