• Ұлттану
  • 29 Қараша, 2011

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТЕМІРБЕК (ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, көрнекті сатирик

Мыңбай Рәш – ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. ҚазПИ-ді бітірген. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде, «Ара» журналында, «Қазақстан» баспасында қызмет  істеді. Қазір еңбек зейнетінде. Бірнеше ондаған прозалық, сатиралық кітаптар мен дастандардың авторы.   

 

 

Тас – уатылады, сүйек – мұжылады, су – құриды, сүйектен өтетін сөз ғана болмаса, темірдің ерекше металл екеніне ешкім күмән келтіре қояр ма екен! Сонау ықылым заманнан бері темірдің орны айрықша екені белгілі. Темір – қоршау, темір – құрсау, темір – құрал, темір – ыдыс... Айтпаңыз деймін, темірдің бағасы мүлде бөлек! Әскери ұғымда: «Темірдей тәртіп керек» деп жатады.

Сонау дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыста да Қазақстан ақындарының айтыс шымылдығын ашқан жыр алыбы Жамбылдың:

«Асу да асу белім бар,

Айдын да шалқар көлім бар,

Ел басқарған ерім бар,

Жер қойнына қарасаң

Лықсып жатқан кенім бар,

Алтын, құрыш, қалайы,

Қорғасын, мырыш, – Темір бар!» деп төгілгенде де жүрек тебіренісін темірмен түюі тегін емес! Қош делік. Ал, енді о заманда бұ заман темір тегеурінді адамды көрдіңіздер ме, алдыяр? Жиырмасыншы ғасырдың 74 жылын тұтас жасап, жиырма бірінші ғасырдың бастап­қы үш жылын көзімен көріп, өз болмысымен көп көңілін тояттатып, саф сөздерімен санамызды сусындатып өткен сайып қыран сатирик, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, аяулы азаматты білетін едік. Ол темір тұлғалы Темірбек Қожакеұлы болатын.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов Темірбек туралы тебірене жазған естелігінде былай дегені есімізде: «Қазақ университетінің филология, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар... Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар. Дәл осы ұлы мектепте пісіп-жетілген менің талантты достарымның бірі – Темірбек Қожакеев!

...Қысқасы, Темірбек деген бір мық шеге! Дүниенің қаны қашқан, қаусаған, қаңыраған жерін қағып-қа­ғып жіберіп, қалпына келтіру үшін осындай адам­дар­дан шеге жасар ма еді» – дейді. Энциклопедия­лық білімді академик ағамыз дауылпаз ақын Мая­ковскийдің: «Бәлшевектер шымыр, ширақ шеге­дей» дегеніне «мық» сөзін қосып онан сайын күшей­тіп жібергені сезіліп тұр. Асылы, Қабдоловтан асырып айта қою қиын.

Жалғыз Зейнолла ағамыз емес, қиян шеттегі бауырлас елдердің ғибратты ғұламалары да Темір­бек Қожакеев еңбектеріне тәнті болғаны белгілі. Темеңнің журналистика, әдебиеттану, қазақ сатирасы тарихы хақында инемен құдық қазғандай, тер төгіп қалың оқырманға ұсынған қадау-қадау зерттеу еңбектері Әзірбайжан, Қырғыз, өзге де көптеген ғалымдардың берген бағаларын көзі тірісінде-ақ өз құлағымен естіп, көңілі көншіген-ді.

Ұзақ жылдар бойы бір ғана Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде ұстаздық еткен Қожакеев шәкірт­тері ұланғайыр республикамызда қоғам қайрат­керлері Бас редакторлар, ғылым докторлары, кандидаттары болып шарлап жүр... Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Сұлтан Оразалинов, Әбдеш Қалмырзаев, Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев, Серік Әбдірайымов, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Жүнісбек Сұлтанмұратов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жарасқан Әбдірашев, Баққожа Мұқай, Қастек Баянбаев, Смағұл Елубаев, Ғаббас Қабышев, Ахат Жақсыбаев, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек, Еркін Жаппас... тағысын тағы тағылар... бұл тізімді жалғас­тыра берсек, Алматыны алты айналып, Қарағандыны қырық, Оңтүстікті отыз орайтындай қашықтыққа сүйреуі сөзсіз (Аты аталмай қа­лған інілерімнен алдын-ала, кешірім сұраймын). Үйреншікті айтып жүрген тағы басқалар тіркесінен таба жатарсыздар... Сонымен Темірбек Қожаке­ұлын орнынан аунатып және бір есімізге түсірейікші. Ол қандай тұлға еді? Қандай ерекшелігі болды? Дітте­гені не еді? Бітпегені не еді? Даралануы мен саралануының сыры неде? Өзіміз ғана емес, өзге жұрт­тардың көзі қарақты оқымыстылары Қожакеұлын қалайша қастерлеп: «бөлек бедел» деді. Зекең оны неге «мық шеге» деді? деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Темең мылжың сөздің емес, мықты істің адамы болатын. Әдетте, біткен іске сыншылар, піскен асқа жеушілер, ...«Әй, соны қойшы» – деушілер жын атады ғой. Басы ақылға, сөзі нақылға толы сатирик дәріс беру сыртында сан сырлы сықақтар да жазды. Енді сол шығармалардан қысқаша үзінділер келтірейік.

Ессіз «Әзілкешке» ескерту

...Ол:

– Ұйықтап жатып жан шошырлық қорқынышты түс көрем, арасында ылғи Қожакеев жүреді, – деп шағыныпты.

– Жылқы еті тауып жей алғанның тісіне кіреді, тауып жей алмағанның түсіне кіреді, – деген ата-баба. Сол айтпақшы, Т. Қожакеев есі бардың басына кіреді; ессіздің түсіне кіреді. Әзілкеш ессіз болса, өзінен көрсін...

***

Қыран көзді, саба маңдайлы, сырықтай бойы болмаса да, ойы өрелі, төртбақ тұлғасы шымыр да ширақ, бет-жүзі Алматының албыраған алмасындай, Уәдесіне берік: айтса – бітті, кессе үзілді! дейтін кесек тұлғалардың бірі Темірбек Қожакеевті менің білгеніме алпыс жылға жуық мезгіл ағындап өте шығыпты-ау!

– Иә, мезгілден асқан ұры бар дейсіз бе! Менің Темең жайлы жаңағы сипаттауым оның жас мөлшері жиырманы ғана тұспалдаған шағы. Достастық, сырластық, сыйластық, қастаспадық, керіс­кен де, келіскен де кездеріміз болды, бірақ зіл сақтамадық. Кектілік емес, тектілік сақтадық.

Бұрынғы Совет, қазіргі Қазыбек би көшесі бойында өткен ғасырдың 49 - жылы ол КазГУ, мен ҚазПИ-де қатар оқыдық. Бізге дәріс берген ұлы Мұхтар Әуезов оған да дәріс берді. Арада жылдар зымырап өтіп жатты. Бұл бірінші көргенім болса, екінші рет 1956 жылы «Ара» журналында кезікті. Сол  кезіккеннен о дүниеге аттанғанша бал достығымыз үзілмеді. Жазушылар одағы жанынан «Найзагер» деп аталатын сатира қауымдастығын құрды. Өзі басқарды.

Мен білетін Темірбек Қожакеұлы аузын ашса, көмекейінен күлкі төгілетін шын мәніндегі сатирик еді. Сынай да, сыната да біледі. Айта да, жаза да біледі. Яғни, іскер. Жоғарыдағы сатириктер шоғырының шығармаларын талдағанда шемішкеше шағып, шындықты бет-жүзіне қарамай айтатын. Со­ңы­нан ерген жастарды да естен шығармайтын.

Темірбек Қожакеұлы елдегі өзгерісті елемейтін енжар емес, нағыз қайраткер де болды. Желтоқсанның жойқынында Темірбек Қожакеұлы тасада қалып қара басының қамын ойлаған жоқ. Дүрліккен дүрбелең мен шарпыған оттың ішінде жүрді. Жәй ғана жүрмей, кеудесін ұлтжандылық намысы кернеп: – Жүгенсіздікті доғарыңдар! – деуге дейін барды.

Сол үшін қызметтен де қуылды, «ұлтшыл» да атанды. Партиядан да шығарылды. Бұл оның жұдырықтай жүрегін сыздатпай қойған жоқ. Денсаулығына сызат түсірді.

...Кейін сатириктер қауымдастығы атынан оншақты сықақшылар Елбасына арнайы хат жазып, Қожакеевке таңылған «қиянат қамытын» сыпыртып тастадық. Ол өзінің университетіне, ұстаздық ісіне қайта оралды. Жалғыз емес, жанашырлары бар екенін жанымен сезді.

 

***

Ескі ғасыр мен жаңа ғасыр тоғысқан жылдары, Те­меңнің денсаулығы күрт нашарлай берді. Анау жиырмадағы, орда бұзар отызындағы баданадай көздері шүңірейе, кірбің тартқан. Қою қара шашы қырау шалып, селдіреген. Шапшаң қимылы шабаңдаған. Қолдары қалтырап, ұмытшақтық пайда бола бастаған. Көп ұзамай бақиға озды.

Темірбек Қожакеұлынан қапияда айырылып қаламыз деген мүлде ойымызда жоқ еді. 96-ның жазында 70-ін, 2001 жылдың жазында 75 мүшелін туған топырағы Меркеде жасалған ұлан-асыр тор­қалы тойына топырлай барып қағанағымыз қарқ болып қайтқан еді. Қазір көрген түстей болды.

 

***

...Жастар газетінде бөлім меңгерушісі болып жүріп, 1956 жылы жаңадан шыға бастаған «Ара–Шмель» журналына қызметке ауысқан кезім. Журналдың тұңғыш редакторы болып қазақ әде­бие­тінің классигі Ғабит Махмұдұлы Мүсірепов тағайындалды. Орынбасары – орыстың танымал жазушысы Дмитрий Снегин. Фельетон бөлімін әйгілі Асқар Тоқмағамбетов басқарды. Менімен қарама-қарсы столда Садықбек Адамбеков бар-ды. Әкім Таразы, Садықбек, мен үшеуіміз – фельетоншылармыз. Оспанхан, Шона, Сарбас Ақтаев, Алтайбаев тұсында келді.

Журнал салған жерден мықты беделге ие бола бастады. Таралымы да қаламақысы да көп. Өткір-өткір материалдар қос тілде шығады. Сол кездегі орталық партия комитеті ғана болмаса, өзге төре­леріңді Ғабең пысқырмайды да.

...Бір күні денесі шымыр, апайтөс, батыр бейнелі Темекең біздің бөлмемізге кіріп келді.

– Ассалаумағалейкүм!

– Ағалейкөмассалам!

– Мені білесіздер ме?

Садықбек «көрген емеспін» дегендей басын шай­қады.

– Мен білем, – дедім. – Сіз Қожакеевсіз ғой?

– Әлбетте! Әу, қайдан біле қойдың? – деп күлім­сіреді Темекең.

– Университетте 49 жылдың күзінде Асқар Тоқмағамбетовпен кездесу өткенде баяндама жасаған сіз емес пе?

– Әрине, әрине... тану-түйсігің күшті екен, ұнаса көре жатарсыздар, – деп айналасы екі бетке жетер-жетпес сықағын ұсынды.

Тілі тотыяйындай екен. Уытын төге жазыпты. Үл­кен дайындығы бар қаламгер екені сезіліп тұрды. Садықбек те оқып шықты.

– М-м... О, бәрекелді! – деді Садықбек.

Әдетте маған бір, авторға бір жалтақтап көңіл жыққысы келмесе де кейін бәрібір авторлардың жазғандарын жаратпай тастайтын Садықбек күлім­сіреп қойды да, «адресін алып қал» деді маған шегір көзін ойнақшытып.

...Кешікпей-ақ Темеңнің тоң мойын топасты сынаған сықағы «тонауға түспей-ақ» сол қалпында шыға келді. Талабы қатаң Ғабең де сәл жымиып, лездеме кезінде:

– Міне, Сықақты осылай, әрі ықшам, әрі өткір ет­іп жазу қажет, – деп ескертті.

Ғабең Жазушылар одағының төрағалығына ауысып, тағайындалды. Сол кезде де, кейін редактор Жүсіпбай Алтайбаев кезінде де Темең үзбей өткір сықақтар жазып тұрды. Көбіне шартты тақырыптардағы шағын көлемді сықақ әңгіме, фельетондар. Сол кезден бастап көп уақыт Темірбек Қожакеұлы саяси-сатиралық «Ара–Шмель» журналының редакциялық алқасының тұрақты мүшесі болды.

Темең сықақшылар шығармаларына сарапшы ретінде сын айтса да, өзі мінеп жазса да дөп тигізіп отырады. Жаңсақтық жасап, қате баспайды. Қиянат­қа бармайды. Қара қылды қақ жаратын, туғаны жоқ тура би іспетті болатын.

...Біз білетін Темекең қазақ сатирасын қалыптастырудың қарлығаштары: Сәкен Сейфуллин, Ерғали Алдоңғаров, Аманғали Сегізбаев, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов тағы басқалардың шығармаларын жіліктей зерттеп, жіпке тізгендей етіп оқырманға жеткізді. Сондай-ақ Қадыр Тайшықов, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Сәрсеков, Дүйсенбек Еркінбеков, Сейділдә Төлешовтің сатиралық шығармаларының ақ-қарасын айқындап, сарапқа салу да сындарлы сыншы-сатириктің сыбағасына тиген еді. Жауынгер-жанрдың кейінгі өкілдері С. Адамбеков, О. Әубәкіров, Ш. Смаханұлы, Ғ. Қабышев, Ү. Уай­дин, К. Әмірбек, С.Кенжеахметов және алдарыңызда тұрған пақырдың туындыларын талап тұрғысынан талдау да Темекең еншісіне тигені белгілі.

...Осыдан табаны күректей ширек ғасыр бұрын «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан «Сатира және дәуір» деген көлемді монографиясынан кейін де ыспар сатирик, ғұлама ғалым қаламын «суытып» көрген емес. Шабысынан шалдықпай, сарапшылдығы сарқылмай, жер тереңінен жарып ағатын бұрқырама бұлақтай ағыл-тегіл еңбек, дарынды кітаптар жазып үлгірді.

Темекең – ұлтым, елім дегенде еңірей елегізіп, ет-қоңын кесіп беруге даяр кесек тұлға еді. Келемеж сөздің көсемі, сатираның шешені. нақыл сөздің нөсері! Өз аттасы Жүргеновтей жоғарғы лауазымы болмаса да, жүріп өткен жолдары жоталы да сала-сала болатұғын.

***

Қайран Темен!

– Ассалаумағалейкум, Теме деуші ем. Ол күлім­сіреп:

– Әуликөмассалам, қалың қалай, Міңке? – дейтін Мен:

– О, Темке, төртаяқты емес, екіаяқтыдан құрыды ғой дінке! – деуші ем.

Әзіліміз жарасушы еді. Көбісіне әңгімеміз сатира жанры төңірегінде болатын. Ол бақиға озған соң мені ешкім «Міңке» демейді. Тек Үмбетбай ғана «Мықа» дейді. Өзгелері «Мәке» деседі. Бүгінде Темең күміс күлкісі мен сарапты сынын өзімен бірге ала кеткендей күй кешудеміз. Сатираның бір қауырсыны қырқылып қалғандай болды. Кейінгі кезде сындарлы сынды самсай жанған отпен іздесең де таба алмайсың. «Бадырақ көз сен тимесең мен тиме!» Ешкімді ешкім сынай қоймайды. Сынай қалғанда да ұпай жинау үшін сынайды. Шетінен «Мен мықтымынға» салады. Айтқан ақылыңа құлақ асқылары да келмейді. Мата даңқымен бөз өтіп жүр өйдә, құда да құдағи да тыныш. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» дегені осы. Баяғыда Тәкен Әлімқұлов аса танымал бір ақын жайлы «Сын көрмеген творчество» деп мақала жазғаны есімізде. Тура іремей сойған еді. Бүгін де мұндай сын атымен жоқ. Қалам түрткендер шетінен шедевр жазатын секілді. Сауырларынан да сыйпатқысы келмейді. Енді қайтып тотыяиын тілді Темеңді таба алмайсыз. Қалдырып кеткен томдарына ғана үңілесің. Шеберлігіне сүйсінесің. Сынаған кейіпкер­лерінен түңілесің, жиренесің.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, бүгін бес күндік фәниде «Бармыз»! деп базарлап жүрген бейбақтар ертең «Жоқпызға!» жатқызылып, бақиға озатынын білмегенсиді. Асылы бүгінгі барлар арамызда жоқтарды жоқтатпағанымыз жөн! Барған сайын онысыз да үркердей ғана сан-сапымыз селдіреп барады... Бүгінде қырғи тілді Асқар да, алдар кейіптес Адамбеков те, орақ тілді, от ауызды Оспанхан да, шоқ тілді Шона да, аңдығанын алып соғатын Алтайбаев та, бассыздар туралы бұрқырата жазып, сықақ балғасымен сазасын бере­тін Балғабек те, сыпайы сөйлегенсіп сиқын қашыратын Сайымжан да арамызда жоқ. Осылардың бәрінің ортасынан өз биігімен бадырая көрінетін сатира сарапшысы Темірбек Қожакеевтің бақиға озғанына біраз жыл болыпты, десе де құдайға шүкір абыз ойлы ақсақалымыз Әдібай, ғибраты мол сықақшы Ғаббас пен Еркін Жаппас, жүрісі палуанның жүрісіндей (Оспанханша айтсақ) үндемей жүріп ұсқынсыздарға бүйідей тиетін Үмбетбай, сахнаның сәнін келтіріп екі езуіңді құлағыңа жеткізетін Толымбек, қағылез тілді Қажытай мен Қазықан, сатира ауылына бөтен болмысымен төтен келген шегір көзді Көпен, шықпа тілді Ермұхан Шайқы, тас кенедей жабыса кететін Таңдай Кеней, соңғы кездері мықты көрініп келе жатқан талма тұстан ұратын Төлеген Ілияшев, сатира семсерін айтыскерлік қылышымен қатар суырып жүрген Асхат Қылышбеков т.т. басқалар баршылық.

Саусақпен санағандай сатириктердің, сатира сарбаздарының бүгінде біразы кетіп, біразы қалды.

Қайран Темке, береріңді беріп, аларыңды алып, ұлыңды ұясына, қызыңды қиясына қондырып кеттің! Заманың нарық болса да, артың жарық болды. Фәниде жаның жаз еді. Жазғаның саз еді. Тыңдаушыларың мәз еді. Бақида да күлкің – кейісте емес, пейіште болған шығар. Кеңсайдың биік басында, Бәукең ағаңның қасында, жанарыңды Ай мен Күнге аймалатып қойып, бір аунап түсіп жатқан боларсың.

Темірбек Қожакеев мыңдаған әдеби, ғылыми журналистердің ағасы мен жағасы, ол һәм сықақшы, һәм сыншы, сарапшы, көздеп атқанда көзден тигізетін сүйрік сөздің сұрмергені. Ол сонау бір дүниені аласапыран еткен сұрапыл соғыста толарсақтан қан кешкен майдангер... Бір күні телефон кісінеп қоя берді.

– Қал қалай, Міңке? – деді әдеттегінше таныс дауыс.

Қазақтың ұлттық аграрлық университетінде сенімен кездесу өтеді екен ғой. Неге өзің айтпадың маған. Бұл жөнінде маған университеттің проректоры Дина Муфтаққызы Жүсіпәлиева телефон шалып, сен жайлы сөйлеп берсеңіз деп қолқа салды. Мен келістім. Сен жақсылап дайындалып кел. Баяғыдай сықақтарыңды жатқа оқитын бол! – деді.

– Бәрекелді, Теме! – деп қуанып кеттім. Өзіне тән асқан шешендігімен ол мен туралы да, қазақ сатирасы жайлы да көсіле сөйлеп, тыңдаушыларын тәнті етті. Бұл Темеңнің сексеннің сеңгіріне құрық тастам жер қалған тұсы – екі мың үшінші жылы еді. Көп ұзамай бақиға озды.

Сегіз қырлы бір сырлы Темеңнің толып жатқан адами қасиеттерін айтып тауыса алмағандықтан тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні ретінде өз ойымды Әз ағамызға арналған жыр шумағымен доғаруға бекіндім:

Тау тұлға, тарлан аға,

Темірбегім,

Қым-қуыт қыспақтардан

жеңілмедің.

Қыңыр, топас, алаяқ,

арамбездің

Қаламмен қарып өттің

кеңірдегін!

Қолжазбаң қалды-ау кеппей сыясы да,

«Кеңсайдың» неге асықтың қиясына!?

Күлкіңді Алтын айға аптатқандай,

Күндерді батырасың қиясына!

Темірбек Қожакеев есімі мәңгі өлмес-өшпес есім.

696 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз