• Заманхат
  • 29 Қараша, 2011

ЖҰЛДЫЗ-МАҚАЛА ЖАЗАТЫН ЖАНБОЛАТ

Қыдыралы ҚОЙТАЙ – ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Аудандық газеттерде, «Алматы сахналарында» журналы мен «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеген. Қазір «Ақиқат» журналы Бас редак­торының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері. Белгілі журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент грантының иегері, Жанболат Әлиханұлымен  (Аупбаев) 1990 жылдары өмірге келіп,  егемендіктің елең-алаң шағындағы ұлттық ояну үдерісінің қарлығашы  іспеттес және жариялылықтың бел баласы болған,  «Халық кеңесі» газетінде, одан кейін «Ақиқат журналында қызметтес болған тағдырыма ризамын. Тіпті оның қолқалауымен сонау 1999 жылы Сарыарқа төрінде жаңадан бой көтеріп жатқан Астанаға барып, қырық күн ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет істегенімді  де мақтан тұтамын. Иә, 40 күн Астанада болып, 40 күн Жан­бо­латтың үйінде тұрып жұмыс жасадым. Екі аптадан кейін газет берген екі бөлмелі пәтердің есігін ашып көргенім болмаса бір күн де  қонбадым. Өйткені Жәкеңнің үйі жайлы. Жәкеңнің үш бөлмелі пәтерінде менен басқа журналист Талғат Батырхановтың да отбасы тұрады. Әңгімеміз бен әзіліміз, айтар пікіріміз  ортақ. Өкініштісі, мен Астананы жерсінбедім. Оның үстіне ауылдағы кәрі әке-шешемнің де  қыңқыл-сыңқылы мен  кішкентай баламен үйде отырған әйелімнің қаржылық жағынан қиындық көре бастаған  жағдайы  мені Алматыға қайтуға мәжбүр етті. Қысқасы Жәкеңмен бірге қызмет істеген жеті-сегіз жылда қамқорлығын көрдім, көп нәрсені үйрендім. Достыққа адал,  не айтсаң де сене беретін бала секілді аңғал мінезінің куәсі болдым. Осы орайда Жан­болаттың мына бір қызық мінезі туралы айтсам өзге біреулерге қызық көрініп, күлуі де мүмкін.   Жәкең түстен кейін жұмыс кабинетінде темекі тартуды тоқтатады. Кешке қарай кабинеттен шығардың алдында «давно» оты өшіп қалған темекі тұқылын тағы бір тексеріп, қоқыс салғыш ыдысқа тастайды. Үстіне су құяды. Стол тартпаларын мұқият қарап шығады. Сонан соң бөлмені көзімен тағы бір шолып өтіп, аспай-саспай киініп, кабинетін кілттейді. Кілттеп болған соң есікті тағы бір-екі мәрте  тартып көреді. Бұрындары кейбір  кабинет есігінің жоғарғы тұсы әйнек болушы еді ғой, енді сол әйнектен тағы бір ішке қарап, жарықтың өшкен-өш­пегеніне көз жеткізеді, сонан соң ғана барып сыртқа беттейді. Күлгендер күле берсін бұл оның қансіңді  әдеті, міндеті, тәртібі, тәрбиесі. Жұмысында да осындай. Өзгелеріміз журна­листиканы алқам-салқам етіп, біресе жеңінен, біресе етегінен тартып жүргенімізде, ол кісі өзіне-өзі жасап алған бір қалыпты жолмен әдемі келеді. Кейбіреу айтады: «Жақсы жазу үшін жақсы азамат болу шарт емес»,– деп. Күмәнім бар. Жапондар мен қытайлар қатты шарша­ған­да­рында тамақты жақсы көретін әйелдеріне жаса­тып ішіп, дем алады екен. Себебі әйел тамақты қолымен жасайды. Тамақ жасап жүргенде бар пейілі, ниеті, тілегі күйеуінің үстінде болады да, осы бір сезімі денесі, қолы, саусағы арқылы та­маққа сіңеді, одан ол күйеуіне беріледі. Еркек­тер құр тамақтан ғана қуат алмайды, әйел пейі­лінен, әйел мейірімінен әлденетін көрінеді. Журналист те сол әйелдердей өз маман­дығына адал болу керек, себебі ол жүре­гін­де­гісін саусағымен жазады, өзінің ішкі толқы­ныс­тарын, энергиясын шығарады. Кейде тіпті оқыр­манға мақала кейіпкері емес, журналистің ішкі бір ойының ұнап немесе ұнамай қалуы осындай себептерден де болса керек. Журналистің жалғыз дәмететін адамы – оқы­рманы. Өз дүниесінің жақсы, жаман шық­қаны туралы олардың пікірін күтеді. Кейде сол оқырман күпті қылып «жақсы,  жаман»  дегенді айтпайды немесе жаман болса несі жаман дегенге тереңдеп бармайды. «Жақсы» де­генді тіл ұшымен айтады. Осынау  пікірге сараң­дау оқырман Жанболатқа келгенде басқаша. Олар Жанболат Әлиханұлын пір тұтады, төбесіне көтереді.  Бұл бір мақаланың орайына қарай айтыла салған артық сөз емес. Құдай алдындағы да, адам алдындағы да ақиқаты осы. Бұдан жиырма жыл бұрын жазған мақа­лаларын қараймын. Қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, антрополог Ноэль Шаяхметов, орнитолог Ернар Әуезов, маршал Г. К. Жуков мінген ақ боз ат, антарктидағы «Мирный» станциясында жұмыс істеп қайтқан Данабек Бименов, Солтүстік Африкадан Оңтүстік Аме­рикаға дейінгі аралықты қамыс қайықпен жүзіп өткен «РА» жорығына қатысушы дәрігер Юрий Александрович Сенкеевич, каскадер Тыныбек Танин, Эвересті бағындырған Қазбек Уәлиев... Былай қарасаң ішкі-тысқы қалыптары басқа-басқа тақырыптар. Тіпті бұдан 20 жыл бұрын­дары қазақ журналистикасының аяғы бас­пай­тын, тісі батпайтын дейтіндей құпия, жұмбақ, әрі қызықты дүниелер әлемі. Соны Жанболат Аупбаев жазды ғой. Жазғанда да сол тақы­рып­тарға құлап түсіп, оны жақсы көріп, ғашы­ғындай аялап, зауқы соған ғана соға отырып жазды. Мұнымен қоса ақылмен саралап, ғылыми жолмен зерттеп, оған өзіндегі бар қуа­тын қосып барып ол дүниелерді өмірге әкелді. Сондықтан болар оның әр кейіпкерінің еңсесі биік, белді, бекем. Ондайда бұл тақырыптардың өзге емес, тек Жанболаттың қолына  ілінгеніне қуанасың. Оллаһи, өзгеміз  итжан­дылықпен ту-талақай етіп, жадағай бір нәрсе жазып, өзімізді де, өзгені де жылытпайтын жасық, жалқы бір нәрсе істер едік. Оны журналистиканың қасиеті қонған адамына бұйыртқанына мың тәуба!  Егер сол мақалалар жазу техникасын игерумен, үйрен­ген машықпен ғана жазылса, бүгін біз оны қайыра бір іздер ма едік, қайта оқыр ма едік... Көбіміз тақырыбымызды таппай, түртініп жүріп өнімсіз еңбек етеміз. Стерженіміз, жила­мыз босаңдау боп келеді. Жанболаттың өзге­лер­ден өзгешелігі сәтімен тапқан өз арнасы бар. Тіршіліктің жалғыз мұрат - мақсаты – өсу, өсу, өсу болса, осы қағиданы Жәкең өз маман­дығына аударып алған. 1984 жылы шыққан тұңғыш  кітабы «Мынау ғажап дүниеден» кейін тағы он бір кітап шығарыпты. Тағы да тосын та­қырыптар, таңғажайып тағдырлар. Оригинальный тапқырлығынан айнымай отырып ойын тереңдеткен, білімін молайтқан, шеберлігін ұшқырлаған. Сәтімжан Санбаевтың өзгеге ұқ­самайтын өмірі, неміс лагерінде төрт жыл азап­танған Владимир Иванович Фурсов, суретші Азат, өнер қайраткері Асанәлі Әшімов, жазушы Сайын Мұратбеков, суретші Қайырбай Зәкіров, партизан Қасым Қайсенов, Порт Артур шай­қасына қатысқан, 1919 жылы Мұстафа Шо­қайды Форт портынан шетелге өткізіп жіберуге көмектескен Оспан Көбеев, Қытайдағы қазақ генералы Хасен, бәрімізді тәнті еткен Сағат Әшімбаев... Жанболаттың іздемпаздық қа­сие­тін көрсететін тақырыптар жалғаса береді. Осының бәрін қазан-миында қайнатып-қай­натып алып, оқырманға ожаулап оңай құйып бере салатын секілді көрінгенімен, әр тақыры­бы­нан-ақ оның өзінің іздену, өсу, толып-пісу кезеңінен өткені көрініп тұрады. Журналист нақты, деректі жайларды жазады. Сыйынатыны – тек шындық. Ал осы шындық кей кезде қан­дай ауыр, азапты. Жанболаттың кейіпкерлерінің шындықты айтуға бейілді болулары, оларды сөйлетуші журналистің адамның ерекше қа­сиетін таба білуінде болса керек. Міне, Жан­болаттың  кейіпкері, ұйғыр Азат Әкімбек суретші, қолөнер шебері, этнограф қана емес, нағыз азамат та екен. Азамат болғанда да тәуелсіз Қа­зақстанның тыныштығына тілектес, жақ­сылығына жанкүйер жан. Мұны оның егемен­дігіміз үшін ес кетіп, жан шығып жатқан тұста: «Бізге автономия керек, Жетісу – Ұйғырлардың жері. Біз Қазақстанның федерациялық рес­публика болуын жақтаймыз»,– деп бүйректен сирақ шығарған Кабиров пен Әлиева, Қ. Қо­жамбердиевтердің қитұрқы әрекеттеріне батыл тойтарыс берген адалдығынан анық аңғаруға болады. «– Аталмыш мақала авторлары пікірлерінің жаңсақтығы сондай, – дейді Азат, – бұл кәдімгі шәл­кес мінезді жас баланың ағасымен таласып қалғанда бәрін де «өзімдікі», тіпті «әке-шеше де менікі» деуге дейін баратыны тәрізді өзімшіл қылығына ұқсайды. Оларға салсаң Жібек жолы – менікі (Ұйғырлардың Жібек жолы), сондай-ақ Балқаш, Ыстықкөл, Іле – менікі, Отырар, Баласағұн, Алматы – ол да менікі, тіпті қимақтар, қаңлылар, қыпшақтар сияқты тайпалардың бәрі де өзіміздікі деген тәрізді қиғаш пікірлер. Әри­не бұл жерде  олардың шәлкес мінезді ба­ладан бір айырмашылығы – өздері қойып отыр­ған талаптарды орынды деп дәлелдеп бақ­қысы келеді. Бірақ өздері келтірген дәлелдері өздерінің айтқандарын мүлде теріске шы­ғарады... –Ал бізден: «Сен 1986 жылғы желтоқ­санында қайда болдың? Баррикаданың қай жағында жүрдің? - деп Қазақстанда біреу сұрады ма? Жоқ. Ұят та болса шынын айтайық, біз мұндағы басқа ұлттар баррикадада бол­ғанымыз жоқ. Алаңға қазақтан басқа ешкім шық­пады. Біз бақылау­шы­ның рөлін ойнап, қор­ғаншақтық позицияға тығылдық. Қақпағы­мызды жауып, ілгегін тас  қып бекітіп, өртеніп жат­қан менің жерім емес дегендей ар-ұяты­мызды алдаған болдық»,–дейді. Саясаттың жілігін шағып, майын қолқ еткізіп жұтатын журналистер баршылық. Бұл жерде Жанболат  саясат туралы емес, Азаттың ерек­ше өнері, қиын да, қызық тағдыры туралы айта отырып, кейіпкер көзқарасы мен өз көзқарасын тоғыстыра келіп, мақаланың кеудесіне жан кіргізіп жіберген. Жәкеңнің мінезін момын дейді. Мақалаларының оты, ұшқыны, серпіні мұны жоқ­қа шығарады. Ізденгіштігі, жол салғыштығы, түр іздегіштігі осылайша жұлдыз мақалалардың өмірге келуіне ықпал етеді. Ізденгіштік дегеннен шығады. Бірде әңгімелесіп отырып өзім туып-өскен ауылда кезінде Египеттің көсемі болған Абдел Насерге  арғымақ мінгізген қазақ шалы тұратынын айттым. Содан Жәкең жата кеп жа­быссын. Сол ақсақалмен хабарласшы, менімен әңгімелесуге мүмкіндігі бар ма екен, ­деп. Мен хабарластым. Ол кісі келсін деді. Содан Жәкең қалам-қағазын дайындап, сонау 400 шақырым жерге жұма күні кешке тартып кетіп, жексенбі күні таң ертең қайтып келді. Жәй келген жоқ, керемет мақала – жұлдыз мақала алып келді.  Жұлдыз деген теңеу эстрада өнерінде жиі айтылады, кейде орынды, кейде бір шүленсіген мырзалық, дарақылықпен қолданылады. Жұл­дыз –  ғаламдық көрсеткіш, биіктік. Қасиетті, киелі. Оны қалай болса солай қолданудан қор­қасың. Ал Жанболат Аупбаевтың жазған мақа­лаларының көбі – жұлдыз  мақала. Оны оқыған оқырман жарығын көреді, орнын біледі, жылуы­на жылынады. Уақыт өткен сайын оны іздейді, бейілі соған құлап тұрады. Оны жазған адамның қадір-қасиетін ұғынады. Олардың аз, әрі қара­пайым болатындықтарына таңданады. Журналист – тіршіліктің барлық тақырыбына қарыздар мамандық иесі. Ол осы борышынан қалай құтылады, көңілін қалай жұбатады де­ген­дерге: «Жанболаттай өзгеше бір өрнекпен жұмыс істегенде ғана» деу керек болар. Жанболат жазған мақалаларды Гиннестер кітабының толықтырылған қазақстандық нұс­қасы деуге бо­лады. Қазақтан шыққан  тұңғыш... Қазақстанда ашылған тұңғыш жаңалық туралы тұңғыш жазатын да–Жәкең. Мен бұрындары журналистердің жазған­дарына орай неге ғылыми атақ берілмейді екен деп ойлайтынмын. Әрине, бәріне емес. Жан­болат пен Жанболат секілді жазатындарға. Мүмкін, оларға ол атақ керек емес те болар. Сонда деймін ғой, ғылымда да, журна­лис­тикада да нағыз, таза ізденгіш, шығармашыл жандар көбейер ма еді? Сөз соңында  Жәкеңнің журналист-ғалым  Бауыржан Омаровқа берген сұхбатындағы мына бір пікірін  келтіргенді жөн көрдім: «Бас ре­дактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дә­режесі рәсімделмеген ғылым докторы, па­тент­сіз өнертапқыш, лицензия алмаған конст­руктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер. Погонсыз генерал бола­тының – газет бетінде стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың.  Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында: «Осы материал қалай өзі?» дейтін қиын жағ­дай­лар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. «Тәуекел!» дейсің. Сөйтіп, генерал секілді мылтықсыз майданды басқа­руы­ңа тура келеді. Патентсіз өнертапқыш дейтінім газетті оқыту үшін үнемі тың идея ой­лап табуға тиіссің. Жаңа тақырып, жаңа кейіп­кер, жаңа айдар, жаңа коллаж, жаңа штрих... Соның бәрімен газетті күн сайын қамта­ма­сыз етуің керек. Ендеше, өнертапқыш емей кім­сің? Лицензиясыз конструктор дегеніміздің мәнісі мынау: Басылым бетінде жарияланатын материалдардың бәрін де қолмен құрас­ты­расың. Бұзып, қиратып, газетке лайықтап, қайта жасап шығасың. Автор ойына ой қосасың. Жөн­дейсің, қырнайсың, аударасың, біріктіріп, кірік­тіресің... Сонда конструктордан нең кем? Ал атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым док­то­рына теңейтінім, үнемі форма іздейсің, терминге балама табуға әрекеттенесің, академикпін деп жүргендердің өзінің ойын кеңейтіп, материал­дарын олар білмейтін фактілермен жұтындырып, байытасың. Намыстанбай-ақ қойсын, грамма­тиканың үтір, нүкте, сызықша, қысқарған сөз сияқ­ты сан алуан иірімдеріне келгенде кей ғалымдарымыздың өзі, қайраткерлеріміздің көбі шатқаяқтап қалады. Міне, соның бәрін сен тіл білімі ережесіне сәйкес орын-орнына дұрыс қойып бересің. Кейде сондай сәттерден жаңа­лық та ашылып қалуы ғажап емес. Мысалы, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жо­лының» жанрын анықтап берген ешқандай әдебиет теоретиктері емес, сол кітапты шығара­тын баспаның редакторы Сергей Дароян еді ғой. Ол: «Бұл шығармаға» сериялы роман» деу жараспайды. Кең тынысты, ауқымды ойды бей­нелейтін «роман эпопея» деу керек», – деп атақ­ты туындының болмыс-бітімін дәл тапқан ғой. Олай болса, энциклопедиялық білімге ие эрудит редактордың да өзін ғылым докторы секілді сезінуге құқы бар. Енді бас редактор халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер дегенге келетін болсақ, ол ел мен елді бітістіріп, байланыс орнататындай рөлде жүрмесе де, ре­дакцияға алуан-алуан мүдде көздеп, сан қилы мақсат, неше түрлі мінезбен келетін адам­дар­дың аптығын басып, көңілін жайлан­дыра­тын, мәселесін шешіп беріп, тілін табатын немесе логикасының күштілігімен дәлелді уәж қайта­ра­тын дипломат, мәмілегер емей кім? Мен бас редактор деген ұғымды осылайша түсінемін. Міне, бұдан Жәкеңнің  өз ісінің нағыз май­талманы екенін білеміз.

856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз