• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2011

20 жылдық тарихи белес

Толқын Әуелғазина,

саяси ғылымдарының докторы   Қазақстан елінің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жыл толады. Осы мерзімде Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Елімізде саяси тұрақтылық пен ұлтара­лық ке­лісім қалыптасып, экономикамыз дамыды, әлеуметтік жағдайымыз нығайып, елдің еңсесі кө­те­рілді. Барша қазақстандықтар үшін тәуел­сіздіктің тағлымы мен оның ерекше жауап­кершілік күшінің  мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекеті­міздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. Сондықтан барлық қоғам мүшелері тәуел­сіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Ел өміріндегі осынау өзекті мәселе көкірегі ояу әрбір қазақстандық азаматты бей-жай қалдырмасы анық. Сондықтан да ол қоғамымызда жан-жақты талқыланып, түрлі зерттеулерге арқау болуда. Сондай игілікті іс-шараның бірі Қазақстан ғылым-білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: 20 жылдық тарихи белес» деген тақырыпта өткізілген республикалық дөңгелек үстел болып табылады. Онда университет ректоры С. Ж. Пірәлиев сөз сөйлеп, магистратура және PhD докторантура Институтындағы «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, профессор Р.Б. Әбсаттаров жүргізіп отырды.    Серік Пірәлиев - Абай атындағы ҚазҰПУ  ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор: – 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет құрып жатты. Солармен қатар, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі де «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік тә­уел­сіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдап, өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл күн - ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Тәуелсіздік – бұл кең байтақ дала­мыз­дың ата-бабаларымыздан қалған мұрасы және бізден кейін келе жатқан ұрпаққа берілетін аманаты. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі ке­зеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті бел­гі­ле­рін ерекше қадірлеуіміз, қастер­леуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, ән­ұранын тұмардай қасиет тұтуы  қажет. Жиырма жыл ішінде қазақ халқының ұлт­тық са­насы жаңғырып, өзін - өзі тану, өзінің бай ежелден қа­­лыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құр­меттеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен дін­дердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Раушанбек Әбсаттаров Магистратура және PhD докторантура институты, «Сая­сат­тану және әлеу­мет­тік-философиялық пән­дер» кафедрасының мең­ге­рушісі, философия ғылымдарының докторы: – Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық  келісім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету», – керек деп айтты. Біздің тәжірибемізде «ұлтаралық келісім» деген ұғым жаңа құбылысты білдіреді. Бұл келешектің тенденциясы ғана емес, сонымен бірге бүгінгі күні Қазақстан өмірінде іске асырылып жатқан шындық. Ғылыми-техникалық революцияның, қоғамдық прогрестің әсерімен қоғамдық өмірдегі интернационализацияланудың тереңдеуі ұлтаралық келі­сімнің өсуін қамтамасыз етеді. Мұны Қазақстанның республикалық активінің әлеуметтік зерттеулерінің нәтижесі растайды. Сауал Қазақстан Республикасының Алматы, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан секілді бес облыстарының 1392 респонденттерін қамтыды. Сауал нәтижелері әр түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы тұрақты жақындық байланысты көрсетті. Сонымен, әрбір респондент бестен кем емес әр түрлі ұлт өкіл­дерімен көрші тұратындығын мәлімдеді, сұрал­ғандардың  83,1 пайызының өзге ұлт өкілдері ішінен жақын достары бар, 50 пайызынан көбісі жақын туыстық қарым-қатынаста, 91,9 пайызы басқа ұлт өкілдеріне қонаққа барып, өздері де оларды қонаққа шақырады. Қоғамдық-саяси жаңару және реформалар, модернизациялау тұрғындардың ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыруға түрткі болады.  «Қандай ұлттың адамдарымен сізде өте тығыз, достық қарым-қатынас орнады?» деген сұраққа алынған жауаптар ұлтаралық қатынас келісімінің жетілу деңгейін анықтауда және мәдениет пен қарым-қатынасты дамытудың жолдарын іздес­тіруде қызықты болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің  физика-математика факультетінде (380 респондент) және тарих факультетінде (286 респондент) жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмысының нәтижелерін келтірейік: Қазақ ұлтының өкілдерінің респонденттері өз ұлтының адамдарымен – 80,7 пайыз, орыстармен – 67,3 пайыз, ұйғырлармен – 35,4 пайыз, татарлармен – 15,2 пайыз, немістермен – 10 пайыз, өзбектермен – 18,4 пайыз және украиндықтармен – 13,9 пайыз өте тығыз қарым-қатынаста екендігін көрсеткен. Орыс ұлты өкілдері орыстармен – 55,6 пайыз, қазақтармен – 65,8 пайыз, немістермен – 29,7 пайыз, украиндармен – 39,4 пайыз, ұйғырлармен – 12,7 пайыз, татарлармен – 11,6 пайыз, өзбектермен – 9,8 пайыз  өте тығыз қарым-қатынаста өмір кешуде. Ұйғыр ұлты өкілдерінде мынандай қарым-қатынас орнаған: қазақтармен – 69,6 пайыз, ұйғырлармен – 47,2 пайыз, орыстармен – 36,4 пайыз, өзбектермен – 12,2 пайыз, немістермен – 8,1 пайыз,  татарлармен – 6,1 пайыз, украиндықтармен – 5,7. Украиндықтар басқа ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынас көбірек орнықты деп жауап берді, яғни, 70,1 пайыз – орыстармен, 77,2 пайыз – қазақтармен, 27,1 пайыз – ұйғырлармен, 31,9 пайыз – украиндықтармен, 14,1 пайыз – татарлармен, 25,2  пайыз – немістермен, 7,1 пайыз – өзбектермен. Неміс ұлты өкілдері де басқа ұлт өкілдерімен көбірек достық қарым-қатынас орнықты деп санайды, мәселен, 72,6 пайыз – орыстармен, 84,5 пайыз – қазақтармен, 56,8 пайыз – немістермен, 20,1 пайыз – ұйғырлармен, 20,2 пайыз – украиндықтармен, 10,8 пайыз – татарлармен, 6,2 – өзбектермен. Көрініп тұрғанындай, көз жүгіртіп қарау арқылы да мекемедегі ұлтаралық қарым-қатынас жағдайын және әр түрлі ұлт адамдары арасындағы қарым-қатынастың орнығу сипатын анықтауға болады. Ұлтаралық қарым-қатынасты анықтаудың көпварианттылығы қоғамда қарым-қатынастың жоғарғы деңгейге жеткендігін көрсетеді. Аталған процес­терді реттеп отыру, әсіресе, ұлтаралық қарым-қатынастарды тереңдетудің маңызы зор. Осы орайда түрлі экстремистік, діни, шовинистік және ұлтшылдық ұрандармен қоғамдағы халықтардың бөлі­нуіне жол бермеу керек. Осы тенденциялардың арнасына шынайы ұлттық идея, Қазақстан халықтарының бірлігі мен жалпыұлтаралық келісім құру мәселесі кіреді. Олар көпұлтты қоғамда өзара түсіністікке, өзара сыйластыққа, келісім мен бейбіт­шілікке ұмтылуға күш біріктіруге шақырады. Қорытындылай келе, мынадай түйін шығаруға болады: ұлтаралық келісім – адамның өнегелі тәрбиелігінің, жоғары мәдениеттілігінің барлық ұлттар мен ұлыстардың, ұлттық және этникалық топтардың мүддесімен ортақтастық дейгейінің көрсеткіші. Біздің республикамыздағы ұлтаралық келісім – Қазақстан халықтарының ең маңызды жетістіктерінің бірі және ұлттық мәселелердің ғылыми шешімінің нәтижесі, қоғамның дамығандығының көрінісі. Сондықтан кез-келген ұлттық немесе рулық белгісіне қарай қысымшылық жасауға әрекет ету халыққа қарсы, қазақстандық мемлекеттіктің принциптеріне қайшы келетін әрекет ретінде қаралуы керек. Демек, республика азаматтары ұлтаралық келісімді тәуелсіз мемле­кеті­міздің болашағы­мен байланыстыру арқылы ғана жасампаздық жолына түсе алады. Мәнсия Садырова – социология ғылымдарының докторы, «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының профессоры: – Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғаннан бері жаңа әлеуметтік саясат қабылданып. халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мәсе­лесіне ерекше маңыз берілуде. Экономиканың әлеу­меттік сипатын арттыру, әлеуметтік модернизациялау бағыты қазіргі әлеуметтік саясаттың ерекшелігі. Жаңа әлеуметтік саясаттың бағыттары: –  зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы отбасыларды, жастарды және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру; – экономикалық және әлеуметтік қайта құруларды жүзеге асырудың негізгі факторы ретінде кәсіпкерлердің әлеуметтік тобын қалыптастыру; – мемлекеттік емес құрылымдардың экономикалық негіздерін дамыту және тұрғындардың нақ­ты әлеуметтік мобильділігіне жағдай жасау; – әлеуметтік қорғаудың қосымша каналы ретін­де сақтандыру жүйесінің түрлерін дамыту; – шаруашылық жүргізуде жеңілдіктер беру арқылы артта қалған аймақтардың әлеуметтік даму деңгейін көтеру. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. На­зар­баев атап көрсеткендей, әлеуметтік саясат Қазақстанда үш басымдық бағытта дамуда. Біріншісі – білім беруді жетілдіру, екіншісі – денсаулық сақтау саласын жақсарту, үшінші – тілдерді дамыту. Осы үш бағыт негізінде 2010 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бұл ретте білім беру мен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, тілдерді дамытудың механизмдері айқындалады. 2020 жылы мектеп түлектерінің барлығы мемлекеттік тілді еркін игеріп, Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде, тағы да 95 пайызы орыс тілінде емін еркін қарым-қатынас жасай білетін болса, 20 пайызы ағылшын тілін меңгеруі ескерілген. Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. 2015 жылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын – 70 жасқа, 2020 жылы – 72 жасқа дейін ұзарту көзделіп отыр. Әлеу­меттік саясатта жұмыссыздарға төленетін жәр­демақы оның мамандық алуына жұмсалуы қажет­тігіне ерекше мән берілуде. Басты мәселе – жұмыссыздардың белсенділігін және потенциалын тиімді пайдалану. Сондай жобалардың бірі екі жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан «Жол картасы» бағдарламасы.  Президенттің тапсырмасымен екі жыл­дан бері министрлер кабинетінің жүзеге асырып жатқан «Жол картасы» бағдарламасы шең­берінде биылғы жылдың 9 айында  республика бойынша 129 мың жұмыс орны құрылып, жоспардың 99,1 пайызы орындалып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың тиімділігі тұрғындардың табыс деңгейінен көрінеді. Елімізде орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. Біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге артты. Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді. Осы жылдары 750 жаңа мектеп іске қосылды. Сонымен қатар, 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 балабақша мен 4185 орталық са­лынды. Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды. Биыл зейнетақы мен шәкіртақыны, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Екі жыл қатарынан бұл төлемақылар 25 пайызға артқан болатын. Экономика әлі де ғаламдық экономикалық дағдарыстың келеңсіз зардаптарынан бұрынғы қалпына келтіріліп жатқанына қарамастан, биылғы жылы Қазақстанда  әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға мемлекеттік бюджеттің шығындары көбейтілді –  олар былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаңтар-қыркүйек айларында 20,5 пайызға өсті. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақыны төлеу бойынша Мемле­кеттік орталықтың зейнетақы көлемі 25 пайыз, мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақының көлемі ор­таша алғанда  9 пайызға көтерілді. 2010 жылы аз қам­тыл­ған отбасыларды қолдау үшін, республикалық бюджеттен жергілікті атқару ұйымдары мекенжайлық әлеуметтік көмек төлеу үшін – 1,12 млрд. теңге көлемінде мақсатты ағымдағы транс­ферт­тер, 18 жастағы балаларға мемлекеттік жәр­демақыға – 2,96 млрд. теңге және 4,1 млрд. теңге көлемінде тұрғын үйге көмек бөлді. Мұның бәрі Қазақстан халқының кедейшілік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. 2010 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойын­ша республика бойынша кедейшілік деңгейі  8,2 пайыз, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  4,4 пайызға төмен. Жұмысбастылық, білім беру, медицина, әлеу­меттік қорғау  салаларындағы қабылданған концепциялар мен заңдар, қарарлар тәуелсіз мемлеке­ті­міздің әлеуметтік саясатының тиімділігіне, халықтың әл-ауқатының артуына алып келетіні сөзсіз. Нәйля Сейсенова  саяси ғылымдарының кандидаты,  «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының доценті: – Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді басынан кешіруде. Еліміздегі барлық қоғамдық салаларында модернизацияның орын алуы саяси тұрақтылыққа байланысты. Осы кезеңде Қазақстанның президенттік институты да күрделі өзгерістерге түсе отырып, эво­люция үдерісінде жаңа жаңғыртушылық қасиетке ие болды.  Уақыт өте келе президенттік институт елдің конституциялық және жоғары сайланбалы институты ретінде қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді есепке ала отырып, өзін өзгеріске түсуші мемлекеттің сенімді және тиімді құралы ретінде көрсете білді. КСРО ыдыраған тұста, басқа елдер сияқты Қазақстан да ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа тап болды. Халықтың полиэтникалылығы және поликонфессиялылығы, экономиканың Орталыққа тәуелділігінің жоғары деңгейі және т.б. сияқты ерекшелікті белгілермен бұл жағдай күрделене түсті. Міне, осы жағдайларда болуы мүмкін әлеуметтік-экономикалық дағдарыс пен биліктің тармақтары арасындағы алауыздық туындатқан тұрақсыздыққа бой алдырмайтын, күшті және топтасқан мемлекеттік билік жүйесі өте қажет болды. Президенттің белгілі бір дәрежеде биліктің тармақтарынан жоғары тұратын және жоғары арбитр болып табылатын тек осындай мәртебесі ғана Қазақстан жағдайында қоғамды табысты және түбегейлі реформалаудың кепілі бола алды. Өйткені қоғамдағы жаңғырту үдерісінде президенттік билікке шешуші рөл беріледі, өйткені ол халықтың саяси ерік-жігерін бір жерге шоғырландырады және легитимділік пен тиімділікті үйлестіре отырып, өзінің қызметі мен стратегиясын іске асырады. Дәл осы күшті президенттік билік біздің қоғамның санасында біріктірушілік идея мен оған қызмет ететін биліктің жоғарғы сатысындағы тұлғаны айқындайды. Сондықтан, мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың мықты тұлғасының арқасында президенттік билік тұтастықтың бейнесіне, мемлекет пен ұлттың бірлігіне айналып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Прези­ден­тінің саяси қызметінің маңызды принциптерінің бірі оның өзі «Қазақстан-2030» Стратегиясында атап көрсеткеніндей, елдегі өзгерістерді келешекте де одан әрі қарай жалғастыру жоспарын ойластыра білуі болып табылады. Зайтуна Әшімова – саяси ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰҚК Шекара Академиясындағы «Философия және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының доценті:   – Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қо­ғамдық-саяси құрылымды алға қарай дамыту үшін демократиялық үдерісті орнықтыру жолына түсті. Осы орайда елімізде құрылған демократиялық реформаларды әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссия бірқатар жұмыстарды атқарды. Демократияны дамыту – бұл демократиялық тәртіпті қоғамдық құрылымда орнықтыру, қоғам мүшелерінің бойына демократиялық саяси мәде­ниет­тің құндылықтары мен ережелерін сіңіру, демо­кратияның негізгі заң талаптарымен үйлесімді жүр­гізілуі, нарықтық экономиканы дамыту, меншік қатынастарын реформалау деген сөз. Десе де, Қазақстан Республикасының Президенті Н.  Ә.  Назарбаев тұжырымдағандай: «біз демократия мен сөз бостандығы мәдениетіне үйренуге тиіспіз, бұл ұғымдарды орынды-орынсыз пайдалана бермеуге, балаң демократияның келбетіне көлеңке түсірмеуге тиіспіз... Нақты демократияның да бірнеше қарапайым ұстындары бар. Бұлар: дамыған орта таптың, заңнамалық базаның, нақты азаматтық қоғамның болуы, халықтың саяси мәдениеті, тарихи дәстүрлер және тиісті геосаяси орта. Мұны ескермейінше, кез келген демократиялық ықылымдар демократияға емес, охлократияға, яғни, қарапайым тілмен айтсақ, бейбастақтық пен жүгенсіздікке, ақыр соңында қақтығыстар мен ыдырауға әкеліп тірейді. Өткен ғасырдың басында Ресейдегі патша билігі осындай күйге түсті, 1991 ж. Кеңес Одағы да сол кепті киді. Тарихтың мұндай тағылымдарын ұмытпайық». Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық қоғам демократиялық үрдістерді орнықтыру ісінде өзге елдердің демократиялық құндылықтары мен саяси үдерістерін еш өзгеріссіз қабылдай алмайды. Себебі еліміздің саяси мәдениеті мен дәстүріне негізделген қазақстандық демократияның өзіне тән ұлттық-мемлекеттік ерекшелігі болатыны сөзсіз. Соған орай еліміз өткен тарихи кезеңдердің сабақтарын, қазіргі жағдайдың басты мәселелерін және болашағымыздың болжамдарын ескере отырып, қоғамға демократиялық нышандарды орнықтырумен айналысқаны жөн. Біздің пікірімізше, өз кезегінде қазақстандық қоғамның даму үлгісі Шығыстың бай мәдени-саяси үрдістерін игеру мен Батыс мәдениеті биігіне көтерілу арқылы біртұтас әлемдік өркениеттің тәжірибесіне негізделуі қажет, Яғни, өркениеттер арасында ортақ келісім орнауы тиіс. Ләззат Матақбаева саяси ғылымдарының кандидаты, «Сая­саттану және әлеу­меттік-философиялық пәндер» кафедрасының доценті:  – Қа­зақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің 20 жылының ішінде ішкі және сыртқы саясатын ұлт­тық-мемлекеттік мүддеге сай жүзеге асыратын беделді өңірлік державаға айналды. Алайда күшті әрі тәуелсіз сыртқы саясатты орнықтыру Қазақстанның қазіргі заманғы халықаралық қатынастар және ғаламдық дамудың бағыт-бағдарларын және даму ерекшеліктерін мұқият ескеруін талап етті. Осы орайда еліміз өзінің ұлттық саясаты мен қауіпсіздігін қорғауда жаңа әдістер мен механизмдерді іздес­тіріп, халықаралық қатынастардың өзекті проблемаларына жан-жақты баға берумен және оны талдаумен айналысты. Бұл ретте Қазақстан сыртқы саясатында елімізге экономикалық та, моральдық та залал келтірмеуге қол жеткізу, халықаралық қатынастарды жүзеге асыру кезінде қолайлы психо­логиялық ақуалды туғызу үшін бар мүмкін­діктерді жасау саясатын ұстанып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы алыс-жақын шетел мемле­кеттерімен, яғни, Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропалық Одақ елдерімен, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерімен, Таяу және Орта Шығыс елдерімен өзара саяси, қауіпсіздік, экономика, мәдениет, ғылым салаларындағы нәтижелі қарым-қатынастарды дамытуға зор мән бере отырып, көпвекторлық саясатты жүргізуде. Осылайша, Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қоғамдастықтың дербес субъектісі болып табылады. Мұның жарқын дәлелі - Қазақстанның БҰҰ-ның толық құқықты мүшесі болуы, Хельсинки келісіміне қосылуы, Халықаралық валюта қорына, Бүкіл дүниежүзілік банкіге, Еуропалық қайта құру және даму банкісіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы өзара сенім және ықпалдасу ұйымына, ТМД және т.б. ұйымдарға мүше болуы, 2010 ж. ЕҚЫҰ-на және биылғы 2011 жылдан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі т.с.с. Бүгінде Қазақстан елі әлемдік саяси аренада шын мәнінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың алаңына айналуда. Күлипа Байсұлтанова – саяси ғылымдарының кандидаты, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универ­сите­тінің доцен­ті: – Орталықтан басқарылған жоспарлы экономикалық саясатты жүзеге асыруда біздің еліміз Кеңес­тік Одақ үшін шикізат базасы болғандығы белгілі. 1980-ші жылдары КСРО-да қалыптасқан  әкімшіл-әміршілдік экономиканың құлдырауы  өндірістің монополиялануының жоғарғы шегіне жетуі, халық шаруашылығының салалық дамуындағы әркелкілік пен артта қалуы және шығарылған өнімдердің сапасының төмен  болуы сияқты  мәселелерден айқын көріне бастаған. Осындай күрделі экономикалық мәселелер қоғамға қатты әсерін тигізіп, жалпы құндылық  бағыттарды өзгеріске ұшыратты және адамдардың өзін-өзі дамытуына ынталануы  төмендеп кетті. Экономикалық жүйе­дегі қайта құру үде­рісі жана шаруашылық есеп жүргізуден басталды. Ең алғаш­қы кәсіпкерліктің түрлері – соңғы нәтижеге бағытталған кооперативтер пайда болды. 1987-ші  жылы «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заң қа­был­данып,  заңға сәйкес мемлекеттік  жоспар жойылып, оның орнына «бақылау сандары» енгізілді. Мем­лекеттік кәсіпорындардың өніміне мемлекеттік тапсырыс жасалып, артық өнімді кәсіпорын өзі сата алатын құқыққа ие болды. Алайда аталған және басқа да жаңалықтарды жүзеге асыру барысында көптеген кедергілер тұрды. Реформалар мен заңнамалардың орындалу тетіктері толық қарастырылмағандықтан, оларды іске асыру қиындыққа соқты, бұл экономикалық дағдарысты одан әрі шиеленістірді. 1991 жылғы желтоқсанның  16 жұлдызында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының тәуел­сіз­дігін жария етті. Осыдан бастап егемен Қазақстан Республикасының дамуының жаңа кезеңі басталды. Саяси саладағы қайта құру үдерісі жоспарлы экономиканың нарықтық экономикаға көшуімен  өзара байланыста және қатар жүрді. Қазақстан Республикасында ХХ ғ. 90-шы жылдары белгіленген мақсаттар мен міндеттердің  дұрыс шешілуі нарықтық экономиканың негізінің құрылуына және саяси трансформацияға жол ашты. Қазіргі таңда үкіметтің парасатты экономикалық  саясатының нәтижесінде ұлттық табыстың өсуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы байқалып отыр. Экономикалық өсудің негізгі  көрсеткіштері  ЖІӨ мен жан басына шаққанда ЖІӨ-нің ұлғаюынан көрінеді. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев 2011 жылы Қазақстан халқына арнаған жолдауында 1994 жылы жан басына шаққанда  ЖІӨ 700 АҚШ долларын  құраса,  2011 жылдың 1 қаңтарында ол 12 есеге артып, 9000 долларды құрап отыр деді.  Бұл оң тенденция республиканың экономикасын  әлеу­меттік   бағытта дамыта отырып,  қоғамымызды әрі қарай демократияландыруға ықпалын тигізбек. Әміржан Шалтықов саяси ғылымдарының докторы,  «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының профессоры: – Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы егемен ел болып, тәуелсіздігін алғаннан кейін территориялық аумағында өзі билік етіп, сауда-экономикалық қатынастарын ұлттық-мемлекеттік мүддеге сай жүзеге асыруда. Осы орайда Қазақстан, Беларусь, Ресей мем­лекеттері арасында құрылған Кеден одағы осы елдердің арасында бәсекеге қабілетті экономикалық саясатты жүзеге асыруға негіз болып табылатыны сөзсіз.  Аталған елдер арасында Кеден одағы құрылар алдында елімізде бұл одақ Қазақстан үшін тиімсіз, біздің кәсіпкерлер оның аясында бәсекелестікке төтеп бере алмайды, кәсіпорындарымыз тоқырап, банкротқа ұшырайды деген байбаламның көте­рілгендігі белгілі. Міне, Кеден одағының құрылғанына да бір жарым жылдай уақыт өтті. Осы уақытқа дейін банкротқа түсіп жатқан кәсіпорындар туралы мәліметтерді кездестіргеніміз жоқ. Кеден одағы құрылғаннан кейін дүкендер сөрелерінен Ресей мен Беларусь тауарларын жиі кездестіреміз. Оның себебі, үш елдің арасындағы кеден шекаралары ашылған соң ортақ нарықта өмір сүре бастадық емес пе? Сондықтан да, мұндай жағдай нарықтың заңы, оны ешкім елемей кете алмайды. Жалпы, қазіргі жаһандану дәуірінде бүкіл әлем кедендік одақ аясында өмір сүріп жатыр деуге болады. Осы уақытта Еуропа, Солтүстік және Оңтүс­тік Америка, Тынық мұхиты өңіріндегі елдердің аймақтық интеграциясының дамуы тереңдей түсті. Дүниежүзілік сауда ұйымы құрылып,  бірыңғай нарықтық қаржы қызметін құруға бетбұрыс жасалды. Әлемдегі мұндай өзгерістердің бәрі қазіргі заманда мемлекеттер өздерінің экономикалық мәсе­ле­лерін жеке шеше алмайтындығын көрсетеді. Мысалы, дамыған Еуропа елдерін алайық. Ол елдерде кішігірім және жеке дараланған нарықтың сақталуы экономиканың тұрақты дамуы мен өсуіне,  ғылым мен техниканың жетістіктерін толық игеруге, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ірі кор­­по­рациялардың қалыптасуына үлкен кедергі болды.  Сондықтан да бұл елдер барлық баламадан Еу­ропалық одақ құруды қалап алды. Қазір Сол­түстік және Латын Америкасында жиырмадан астам аймақтық экономикалық қауымдастықтар бар. Дүниежүзілік сауда ұйымының есебі бойынша, қазір әлемде кедендік одақ негізіндегі келісіммен қызмет ететін 12 мемлекетаралық экономикалық қа­у­ым­­дастықтар жұмыс істейді. Сондықтан да, Ке­ден одағы әр елдің игілігі үшін үлкен рөл атқарады деп тұжырымдауға болады.  Ал, Қазақстан үшін оның қандай пайдасы бар? Менің пікірімше, Кедендік одақ  Қазақстан үшін ғана емес, бұрынғы кеңестік империяның қыспағында болып, жаңадан тәуелсіздік алған ТМД елдердің барлығына да ең қажетті шара деп есептеймін. Се­бебі, егемендік алғаннан кейінгі жиырма жылға уа­қыт ішінде біз тек жалаң саудамен айналысып келдік те, өзіміздің тауар өндірушілерімізді тауар молшылығына айырбастап, тек шетелдерден дайын тауарларды тасымалдаумен шектелдік. Соның салдарынан Қазақстан экономикасы өзінің жеңіл өнер­кәсіп, аяқкиім, тоқыма, тері өңдеу, станок жасау және т.б. өнеркәсіптерінің тұтас секторларын жо­ғалт­ты. Бүгінгі күні бізде 11 бизнесменнің 10-ы ештеңе өндірмейді, тек саудамен ғана айналысады. Олар тек басқа елдердің дайын өнімдерін ғана тасымалдаумен шұғылданып, сол елдердің экономикасына көмектесуде. Егер, Қазақстанда тағы бес жылдай осындай жағдай сақталса, онда дайын өнім өндіретін бірде-бір кәсіпкер қалмас еді. Жалғыз оны да жоғалтып алатын едік. Бұдан шығатын қорытынды: біз, негізінен, тауар өндіретін емес, тек тұтынатын ғана экономиканы қалыптастырдық деу­ге болады. Енді айтқандарымыз дәлелді болу үшін Кеден одағы құрылғаннан бергі мәліметтерді келтіріп кетейік. Одақ құрылғалы 2010 ж. шілдесі мен 2011 ж. шілдесі аралығында Қазақстанның Ресей мен Беларусь елдеріне жасаған экспортының көлемі 7 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Бұл соңғы бес жыл ішінде осы елдерге жасалынған Қазақстан экспорты өсімінің рекордтық көлемі. Қысқасы, біз мұндай 7 миллиард долларды құраған биіктікке бірінші рет шығып отырмыз. Клара Қабылғазина филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­те­тінің до­центі: – Бүгінгі тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігін ақпараттық құралдарсыз елестету қиын, өйткені олар халықпен, бүкіл қоғамдық өмірмен бірте қайнасып кеткен. Дүниежүзінде болып жатқан оқиғалар тек осы әр тілдегі, әр бағыттағы ақпарат құралдары өкілдері арқылы таралып жатады. «Журналистика – халық – қоғам» деп аталатын үштік бірінсіз бірі қызмет етуі мүмкін емес.    Кез келген ақпарат таратушы ұйымдар өзіндік идеологияға қызмет етеді.  Әсіресе мемлекетіміз тәуел­­сіздікке қол жеткізгелі бері бұқаралық ақпарат құралдары еркін тыныс алып, әркім өз бағытын­да жұмыс істеуде. Мысалы, республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық және Президент» газеттері, «Қазақстан», «Хабар» телеарналары, «Қазақ радиосы» сияқты  ұжымдар мемлекеттік мүддені насихаттайтын болса,  «Солдат», «Тас жарған», «Свобода слова» сияқты және тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдары оппозициялық бағытта жұмыс атқарса, ал «Алдаспан», «Ислам әлемі» тәрізді ақпарат өкілдері діни бағыт ұстайды. Әрине, қай қоғамда болмасын БАҚ өкілдеріне кімді, нені жақтаймын, қандай мәселені көтеремін десе де еріктері, өйткені, демократиялық бағыттағы үкіметтің ұстанған саясаты осындай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан қоғамы жаһандану мен ұлттық мемлекетті жаңа тұрғыда нығайту процесін бастан өткізуде. Капитал, өндіріс, шикізат, интеллект қозғалысы бір немесе бірнеше елдер ынтымақтастығы шеңберінен сыртқа шығып, глобальды қауымдастық шеңберінде қадамдар жасау жағдайын республикаға барынша жақындатады. Мақсат – оның сыртында қалып қоймай, керісінше, тепе-теңдік құқында ол процестің ішіне ену. Бұл елді дамытуға жаңаша көзқарасты талап етеді. Соған байланысты Қазақстан қоғамы тек экономиканы сандық, көлемдік жағынан ғана көтеріп қоймай, ендігі жерде оны ғылымның, техниканың, технологиялардың, коммуникативтілік жүйелерінің озық жетістіктерімен үйлестіре отырып көрсетуге бағыт ұстайды...», – деген болатын. Яғни, елдің айнасы – бұқаралық ақпарат құралы, сол арқылы мемлекет мүддесі айқындалып отыруы тиіс. Қазіргі кездегі әр түрлі партиялық, экономикалық үрдістер, дүниежүзілік қарым-қатынастың күшеюі, соғыс әрекеттері тәрізді жайлар информациялық тасқынды күшейтіп отыр. Оқырман ба, тыңдарман ба, көрермен бе нені оқып, нені тыңдап, нені көрер мәселесіне халық аса талаппен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде кез келген журналист өз өнімінің өтімді болуы үшін, өз рейтингі жоғары болуы үшін күреседі.  Соңғы уақытта қазақ телерадиоарналарында тың серпіліс, жаңа бағдарламалар легі байқалуда. Электронды журналистика заман ағымының күретамырын дөп басуға деген талпынысы, уақыт үр­дісімен үйлесімділікке бағдар ұстауы заман талабы. Әр заманның өз өлшемі бар. Мысалы, осыдан он шақты жылдар бұрынғы мен бүгінгі электронды БАҚ-ты салыстыруға болмайды. Қазір асқан жеделдік, қысқа әрі нұсқа айту, дәлдік, ықшамдылық бірінші кезекке шықты. Соған байланысты радиожурналист, тележурналист тыңдарман қа­уым­нан бір саты жоғары тұруы, хабарды көпшілікке ой тастау тәсілімен немесе көңілді көтеретін жеңіл әңгімемен бір дегеннен аудиторияға әсер ете бастауы, жалпы алғанда әрбір тыңдарманның, кө­рерменнің санасында із қалдыруы сияқты үрдістер байқалады. Әлия Әбішева философия ғылымдарының докторы,  «Саясаттану және әлеу­меттік-философиялық пәндер» кафедрасының профессоры: – Қазақстан өзінің тәуел­сіз­дік мәртебесіне қол жеткізген кезеңнен бері ұлттың рухани-құндылықтық дәстүрлерін дамытуға зор мүмкіндік алды. Еліміз өзінің мәдени-тарихи негіздерін қайта оралтуымен республика азаматтарының мәдени деңгейін және ұлттық бірегейлігін айқындауға жол ашылды. Осындай саяси-әлеуметтік үдеріс қа­на Қазақстандағы саяси-әлеумет­тілік орнықтылықтың, этносаралық келісімнің тереңдеуіне себепкер бо­лады. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев тұжырым жасағандай: «Қандай қиын-қыстау жағдайда да адамдар үшін өзекті болып қала беретін даусыз құндылықтар әрдайым болған және бола береді. Қоғамның адамгершілік деңгейін анықтайтын рухани байлық пен мәдениет осылардың қатарына жатады. Мүмкін осы қиындыққа толы қым-қуыт жылдарда өзіміздің басты құндылықтарымызды сақтап қала білгендігіміз біздің басты жетістігіміз болар». Бұл ретте бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда тарихи, ділдік, діни және тілдік сабақтастықтың ұлттық идеологияның негізі екендігі де барынша сезіле бастады. Соңғы жылдары қазақ тарихына, мәдениетіне, руханиятына және дүниетанымына қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстары осыған дәлел. Өйткені қазақ халқына тән ашықтық, еркін­дік, кеңпейілділік және өзге елдердің мәдени дәс­түріне түсіністікпен қараушылық сияқты рухани құндылықтар әрдайым болған және ол жалғасын таба береді. Бұдан шығатын қорытынды, біз – мәдени-рухани жадымызды тірілттік. Өзіміздің тарихи өрістегі орнымызды айқын сезіне бастадық. Осымен байланысты мемлекеттегі әрбір азаматтың бойында Қазақстанның бірлігі, тұтастығы мен тәуел­­сіздігі, жалпыұлттық келісім және т.б. ортақ құндылықтарды орнықтыру қажет. Бақытбек Сейсенов философия ғылымдарының докторы, Қорқыт-ата атындағы Қызылорда мем­ле­кеттік универ­сите­тінің профессоры: – Қазіргі уақытта еліміздің тәуел­сіздігін нығайтып, дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін ғы­лым мен білімді жетілдірудің рөлі зор екендігінде еш күмән жоқ. Елімізде ғылымды дамытудың аса маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – оны әлемдік ғылым дамуының деңгейіне көтере отырып, ғылыми-техникалық күш-қуатымызды шапшаң өр­кен­детуге бағыттау болып отыр. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері адамзат тіршілігінің ше­шу­ші негізі болып табылатын материалдық игілік­терді игеріп, өндіру саласын дамытуда маңызды орын алатыны бізге белгілі. Сондықтан, еліміздің индустрияландыруының және инновациялық дамуының негізінде өндірісті қайта құру кезеңінде оған ғылыми-техникалық прогресс нәтижелері мен озық жаңа ғылыми-технологиялық жетістіктерді енгізіп, соң­ғы ғылыми жаңалықтарды тікелей өндірістік күшке айналуына шұғыл бетбұрыс жасау қажеттігі туындап тұр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаттары ретінде ғылымды дамытуға айрықша мән берілумен бірге, экономиканы қарқынды өркендетуге мүмкіндік туғызатын ауқымды ғылыми-техникалық проблемаларды шұғыл шешу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Оларды іске асыру үшін сапалы білім беру, әлемдік стандарттарға сай  жаңа формациядағы инженер мамандарын дайындау және ғылыми-техникалық зерттеу  жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл жайт өндіріспен тығыз байланысты ғылыми зерттеу жүргізетін университеттер мен ғылыми орталықтарды құруды талап етеді. Сонымен қатар, алынған нәтижелер жаңа технологиялық инновацияны өндіріс пен шаруашылыққа енгізу, елімізде қарқынды индустриялық-инновациялық дамуды жүзеге асыруды қамтамасыз ететіні сөзсіз. Жазира Қуанышбаева –  «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының «Саясаттану» мамандығының докторанты: – Ұлттың тұтастығын, өзіндік бітім-болмысын сақ­тауда да ана тілінің маңызы зор. Өкінішке орай, тоталитарлық жүйе кезінде республикада қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, оның қалыпты өр­кендеуіне қолайлы ақуал болмағаны бәрімізге мәлім. Тек Қазақ Кеңестік Социа­листік Республикасының Жоғары Кеңесінің 1989 жылғы қыркүйекте «Тіл туралы» Заңының, 1997 ж. 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның қабылдануымен, сондай-ақ, Қазақстан Респуликасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағына сәйкес: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі атап көрсетіліп, оған мем­лекеттік мәртебе берілуімен жағдай өзгере бастады. Яғни, Қазақстан Республикасының Президенті Н.  Ә.  Назарбаев ұйғарым жасағандай «...мем­лекет­тік тіл ­ бұл Отан бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан» болып табылатындығы даусыз. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы егемендігін жариялап, тәуелсіз ел болғаннан кейін ана тіліміздің беделі қалпына келтірілді. Бүгінде әр қазақтың төл жерінде, өз  елінде ана тілінде сөйлеуге жасқанып тұратын кезі келмеске кетті. Сонымен қатар мыңдаған қазақ балалары балабақшалар мен мектептерде өз тілдерінде білім алып, тәрбиеленуде. Бұған қоса жоғары оқу орындарында ашылған көптеген қазақ бөлімдерінде қазақ жастарына теориялық білім негіздері берілуде. Қазақстандық қоғамда қазақ тілін дамыту мақсатымен институттанған іс-шаралар жүргізілу үс­тінде. Яғни, қоғамдық құрылымның барлық саласында қазақ тілінде іс жүргізу мәселесі біртіндеп, сатылы түрде жүзеге асырылуда. Бұл ретте «Демографиялық өсім арқылы құралатын тілдік орта өз қалпына түпкілікті қайта келмей, ана тілімізді ұш­паққа шығара алмаймыз. Ана тіліміздің тағдыры үшін зардапты қиын күрестің ең шешуші майданы демографиялық үрдістер болып табылады», – деген демограф-ғалым М. Тәтімовтің тұжырымына сәйкес іс-қимыл жүргізудің маңызы зор. Сандуғаш Иманбаева  «Саясаттану және әлеуметтік- философиялық пәндер» кафедрасының «Әлеуметтану» мамандығының магистранты: – Болаша­ғы мықты елдің ұрпағы мәңгілік. Тәуел­сізді­гіміздің жиырмасыншы жылында біз ұрпағымыздың болашағының жарқын болатынына күмәнсіз сенеміз. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 1997 жылы алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқи­ға­лардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады», - деп елдің дамуына байланысты нақты бағдар көрсеткен болатын.  Демек, болашақ ұрпақтың ертеңі, өсіп-өркендеуі елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларға тығыз байланысты болып келеді. Сонымен қатар, әрбір қоғам мүшесінің Отанның игілігі үшін еңбек етіп, елдің жаңаруы мен дамуын жақсартуы жолындағы іс-әрекеттерінен айқындалмақ. Халықтың үштен бірін құрайтын жастар – қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын капиталы, бүгінгі стратегиялық мақсаттардың ертеңгі жүзеге асырушысы. Сондықтан да қазіргі жастар ал­дында тұрған басты міндет ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаһандану кезеңінде білімді және білікті, бәсекеге қабілетті азамат  болып қа­лып­тасу болып табылады. Мұндай жастар – жар­қын болашақтың кепілі. Бүгінгі күні мемлекеттік құрылым әрбір жастың даму мүмкіндіктері мен өркендеуіне қамқорлық жасайды. Жігерлі жастың бойындағы жалынды оның сөй­леген сөзінен де, істеген ісінен де, сонымен қатар ой-санасының еркіндігінен де аңғаруға болады.  Отанын шексіз сүйетін, қоғамда өзіндік ұстанымы бар, болашаққа берік білімімен алға басатын, ұлттық құндылығымызды ту етіп ұстайтын жастарымыз баршылық.  Демек, біздің жастарымыз экономикасы дамыған, жарқын болашақты, ұлттық салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі мен діні жаңғырған Отанда өмір сүріп жатқандығымен зор бақытқа ие.

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз