• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2011

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ: ИДЕЯДАН БОЛАШАҚТЫҢ ТАРИХЫНА

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,   Қазақстан Президенті   Б1зді саяси күнтізбеде символды түрде көршілес тұрған екі атаулы оқиғадан небәрі бірнеше апта ғана бөліп тұр. Біріншіден, ол – ТМД-ның Алматы Декларациясына қол қойылуының 20 жылдық мерейтойы. Ол КСРО қирандысында Еуразия және бүкіл әлем тарихындағы өте ерекше мемлекетаралық бірлестік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының пайда бол­ғанын жариялады. Екіншіден, ол 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жоба – Біртұтас экономикалық кеңістікті жүзеге асырудың басы. Оларда жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі ұлттық мүдделердің түзілуінің көп жылғы тәжірибесі, еура­зия­лық интеграцияның оңтайлы моделін іздеу және миллиондаған қарапайым адамдардың жаңа үміт­тері біте жымдасқан.    ЫДЫРАУ АЛАСАПЫРАНЫН ТОҚТАТУ 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда менің табанды бастамам бойынша шақырылған посткеңестік мемлекеттер басшыларының саммитін­де жойылып бара жатқан супердержаваның аласапыранды ыдырауының қауіпті үдерісі тоқтатылды. Сол оқиғаларға тікелей қатысушы ретінде мен оның сөзбен айтып жеткізгісіз шиырласқан шиеле­нісін әлі күнге дейін жадымда сақтап келемін. Сол бір тарихи күндермен қабаттасқан проблемалар мен қарама-қайшылықтардың ауырлығынан уақыттың өзі де бүгіле түскендей болды. Қазақстанның және бұрынғы Одақтың өзге республикаларының көптен күткен тәуелсіздікке ие болуының қуанышты сезімі біздің халықтарымыздың еншісіне тиген тарихи жауапкершіліктің аса күрделілігін сезінумен тығыз астасып жатты. Ол кезеңде саяси дағдарыс экономиканы одан бетер тұқырта түсті. Бұрын болған біртұтас шаруа­шы­лық механизмі көз алдыңда күйреп жатты. Жекелеген кәсіпорындар ғана емес, бүтіндей салалар бір жамбастай құлады. Көптеген адамдар жұмыссыз және күнкөріске қажетті қаржысыз қалды. Элек­трсіз қалған қалалардағы пәтерлердің тере­зелері үңірейген қара қуыстарға айналды, қарапайым жылу да болған жоқ. Мұндай көрініс іс жүзінде бұрынғы Одақтың барлық өңірлеріне де тән болды. КСРО өмірінің соңғы жылдарында басталған ұлтаралық жанжалдар кеңінен етек жайды. Бүгінде бүкіл посткеңестік елдер үшін этностық және діни негізде бөліну қатерінің қаншалықты зор және ақиқат болғанын ашық айтқан жөн. Бұл тұрғыда ыдырауы қаз-қатар жүрген Югославия федерациясының шынайы мысалы нақты дәлел. Мен, өзімнің көптеген әріптестерім – жаңа тәуел­сіз мемлекеттердің көшбасшылары сияқты біздің елдерімізге ағайынаралық қантөгісті жанжалдар, кедейшіліктің түпсіз шыңырауы мен әлемдік экономикада тек шикізаттық тіркеме ретінде ғана орын алып, тарихтың шетқақпай жиегінде қалу қаупін тудыратын мұндай жолдың қатерлі екенін түсіндім. ТМД-ны құру супердержаваның ыдырауының қысқа да күрделі тарихи кезеңін тиянақтап, сонымен бірге, посткеңестік кеңістіктегі жаңа интеграциялық үдерістің басталу нүктесі болды. Мен осыдан 20 жыл бұрын ТМД құру туралы, әлі де сол пішінмен өмір сүріп жатқан, сол кездегі бірден-бір дұрыс шешімнің Қазақстанның құнарлы жерінде қабылданғанын мақтан тұтамын. Ол қазақстандық бастама бойынша, менің барынша белсенді қатысуыммен және Алматыдағы сол бір есте қаларлық тарихи кездесуге қатысушылардың бәрінің саяси кемеңгерлік көрсетуі арқасында қабылданды. ДОСТАСТЫҚТЫҢ ТАРИХИ РӨЛІ 20 жыл ішінде ТМД атына көптеген өткір сындар айтылды. Мен де әркез Достастықтың дамуынан, әсіресе, экономикалық интеграция мәселесінде көп үміт күткендердің қатарында болдым. Өйткені, елдің тәуелсіздігін нығайтудағы, дағдарысты еңсерудегі, экономиканы көтерудегі, адамдардың тұрмыс деңгейін арттырудағы өңірлік интеграцияның шынайы мүмкіндіктерін жақсы білдім. Себебі, Қарағандыда немесе Новосібірде, Днепро­петровскіде немесе Гроднода, Нүкісте немесе Хорогта, Нахчыванда немесе Марыда, Ошта немесе Бендерада, Батумиде немесе Гюмриде тұратын мил­лиондаған қарапайым адамдардың Достастықпен байланыстырған асқақ үміттерін білдім. Маған мұндай мүмкіндікті Қазақстанның айрықша көпұлтты халқы берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясы барысында қазақстандықтармен кездесуде, Достастықтың барлық елдеріндегі қарапайым азаматтардан келетін көптеген хаттардан маған қарапайым адамдардың біздің мемлекеттеріміздің, әсіресе, экономикалардың тығыз да берік байланысына деген ұмтылысы туралы күшті жүрек лүпілдері беріліп жатты. ТМД-ның 20 жылдық тарихында барлық қатысушы елдер үшін тағдыршешті болатындай шешім­дерге жақындап келген сәттер болды. 1993 жылдың қыркүйегінде Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылды. Ол еркін сауда аймағын, кеден, төлем және валюта одағын құру сатыларынан бірізділікпен өтуді және тауарлардың, қызметтер мен капиталдың ортақ рыногын құруды қарастырды. Бірақ ол уақыттары ыдыраушылық тен­денциялары күштірек болды. ТМД мемлекетте­рінің барлығы қол қойған Еркін сауда аймағы туралы келісімді тек алты мемлекет ғана ратификациялады, бірақ олардың ішінде Ресей де, Украина да, Беларусь те болған жоқ. 1998 жылы мен ТМД-ның Мемлекет басшылары кеңесі бойынша әріптестерімнің бәріне Біртұтас экономикалық кеңістік туралы өзімнің кең ауқымды жобамды жібердім. Бірақ ол сол күйі жоғары деңгейде қаралған жоқ. Объективті және субъективті себептерден ТМД посткеңестік кеңістіктегі интеграцияның шешуші құрылымы бола алған жоқ. Соған қарамастан әлем қатаң ұлтүстілік құрылымдардың болмауы жағдайында мемлекетаралық қарым-қатынастардың көптеген өткір мәселелері бойынша ұстанымдардың жақындасуын және бірлескен шешімдердің қабылдануын қамтамасыз еткен бұл сияқты ұйымды бұған дейін білген емес. Мемлекет басшыларының тұрақты кездесулерін ерекше атап өткім келеді, ол мемлекеттердің бір-бірінен бейбіт түрде бөлінуіне және олардың тәуел­сіздігінің нығаюына жағдай жасады. Бұл орайда Достастық қызметтестік пен өзара бай­ланыстар алаңына айналды. Оның шеңберінде мемлекет және үкімет басшылары саммиті тұрақты өтіп тұрады, 39 салалық мемлекетаралық органдар жұмыс істейді. Олардың кейбіреуінің жұмысына Латвияның, Литваның, Эстония мен Моңғолияның белсенді қатысуының өзі атап өтерліктей. ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы 300-ден астам модельдік заңдар қалыптастырып, олар ұлттық деңгейдегі заң шығаруда белсенді пайдаланылуда. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт – оған мемле­кет­тердің бәрінің бірдей қатыспайтынына қарамас­тан бүкіл ТМД-ның әскери қауіпсіздігінің діңі болып табылады. Энергетика, көлік, мәдени-гуманитарлық сала, трансшекаралық қылмыспен, экстремизммен және терроризммен күрес саласындағы өзара іс-қимылдар – осылардың бәрі ТМД-дағы көп қырлы өзара байланыстардың перспективалы бағыттары. Екі онжылдықтың ең маңызды қорытындысы – Достастық шеңберінде біздің ортақ тәжірибеміз шыңдалып, оның өзі уақыт өте келе өңірлік интегра­цияның түрлі пішіндегі және түрлі шапшаңдықтағы неғұрлым нәтижелі формаларына көшуге жағдай жасады. ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАСТАМА Бүгінде КСРО ыдырағаннан кейін құрылған мемлекеттердің жақындасу үдерісін еуразиялық интеграция деп атау дағдыға енді. Бұл ұғымды талдамашылар мен сарапшылар кеңінен пайдаланады, және, ең маңыздысы, ол таяу және алыс шетелдердегі саяси элитаның табиғи сөз саптауына айналды. Бүгінде Еуразиялық Одақ құру идеясы кері итеру сезімін туғызбайды және ешкімді де таңдандыр­майды. Мұның сыртында ол туралы ең жоғары деңгейде таяудағы мақсаттар және нақты интеграциялық жоба ретінде айтылады. Ал бар болғаны он жеті жыл бұрын мүлде өзгеше болып еді. 1994 жылдың наурызында мен ТМД кеңістігінде сапалық жаңа интеграциялық бірлестік – Мемлекет­тердің Еуразиялық Одағын құруды тұңғыш рет ұсындым. Бұл идеяны мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің академиялық аудиториясында кездейсоқ жариялаған жоқпын. Мен ТМД құрылғаннан кейін екі жылдан соң-ақ пайда болған көп қырлы интеграциялық үдерісті тығырықтан шығару жөніндегі берік шешіммен бүкіл Достастықтың интеллектуалдық элитасына тікелей ұсыныс жасадым. Мен ТМД-ның уақыттың объективті талаптарына жауап бермейтінін және мүше мемлекеттердің біздің халықтарымыз аса мұқтаж болып отырған интеграциясын қамтамасыз ете алмайтынын ашық айттым. Сондықтан неғұрлым нақты принциптерде іс-қимылдар жасайтын жаңа мемлекетаралық білместік құру қажеттігі пісіп-жетілді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында орыс эмигранттары арасында пайда болған «еуразияшылық мектебі» жолын ұстанушылардың бәрінен де озық кеткен даңқты ресейлік ойшыл Лев Гумилевтің көз­қарастары әркез менің көңілімнен шығатын. Ол Солтүстік және Орталық Еуразияның ауқымды бөлі­гіндегі халықтардың арасындағы географиялық және мәдени-тарихи байланыстардың бірлігін тұжырымдамалы түрде негіздеді. Астанада менің бастамаммен құрылған Еуразия ұлттық универ­ситеті оның есімімен аталады. ХХ және ХХІ ғасырлар шегіндегі нақты тарихи жағдайларға икемдендірілген еуразияшылдыққа деген менің көзқарасым төмендегі принциптерге негізделді. Біріншіден, мәдени және өркениеттілік факторлардың маңызын теріске шығармай-ақ, мен ең алдымен, экономикалық прагматизм негізіндегі интеграцияны құруды ұсындым. Абстрактілі геосаяси идеялар мен ұрандар емес, экономикалық мүдделер интеграциялық үдерістер­дің басты қозғаушысы болмақ. Сондықтан болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ. Екіншіден, мен әрқашанда ерікті интеграцияны жақтаушы болып келдім және болып қала беремін. Әрбір мемлекет пен қоғам жаһанданушы әлемде өзіндік болмысқа шексіз бас ұра берушіліктің және өз шекараларында тұйықталып қалудың мағынасы жоқ екендігін түсінуге дербес келуі тиіс. Халық пен елдің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция – өркендеудің ең қысқа жолы да осы. Үшіншіден, Еуразиялық Одақты мен әу бастан-ақ мемлекеттердің теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпаушылық, егемендік пен мемлекеттік шекаралардың қол сұғылмастығын құрметтеу қағидаттары негізіндегі бірлестік ретінде көрдім. Төртіншіден, мен Еуразиялық Одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл аксиома. Негізіне интеграция бойынша әріптестердің теңдігі алынған Еуразиялық Одақ құрудың табысты тәжірибесі дәл осындай болатын. Бұл аспектілердің бәрі ТМД мемлекеттері басшыларының бәріне жіберілген менің ұсыныстарымның дестесінде егжей-тегжейлі баяндалған. Ол күндері мен іс жүзінде барлық посткеңестік елдердің жұртшылығынан менің еуразиялық бастамамды қолдаған көптеген үнқосулар алдым. Бірақ оны нақтылы талдауға саясаткерлер дайын болмай шықты. Бәлкім, оның өзі заңдылық та шығар. Көптен күт­кен тәуелсіздікке ие болу шаттығы ТМД елдері көшбасшыларының сол кездегі буынының еуразиялық интеграция идеясының ұзақ мерзімді әлеуетін көруге мүмкіндік бермеді. Бірақ бұл бастаманың ТМД кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер үшін серпін бергенін көрмеуге болмайды. Одан кейінгі жылдары ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Қазақстан, Беларусь және Ресей­дің Кеден одағы сияқты бірқатар табысты мемлекетаралық құрылымдарды құруда сатылап өмірге еніп отырды. ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРҒА ҚАРАЙ ҚАДАМДАР 2010 жылдың күзінде мен ресейлік жас журналистер тобымен кездестім. Біздің әңгімеміз күтпеген жерден ұзақ жылдар ішінде алғаш рет олардың Қазақстанға шекарадағы жалықтыратын кедендік бақылаудан өтпей-ақ келуіне байланысты менің атыма алғыс айтудан басталды. Мен олар дәл осындай сөздерді 2007 жылы біз­дің елдеріміз бен Беларусьтің қатысуымен үш жақты Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойған және осы интеграциялық жобаның түпкілікті шындыққа айналуы үшін әрбірі көптеген жұмыстар атқарған Ресей көшбасшылары Владимир Путин мен Дмитрий Медведевке де міндетті түрде айтуға тиіс деп жауап бердім. Мен әр кезде де объективті түрде Қазақстан мен Ресейді еуразиялық интеграцияның локомотиві деп есептедім. Сол сияқты Кеден одағын құрудағы біздің беларусьтік әріптестеріміздің және Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қосқан жеке зор үлесін атап өткім келеді. Біз бірлесіп орасан зор жұмыстар атқардық. Үш жылға жетпейтін уақыт ішінде үш елдің біртұтас Кеден кодексі әзірленіп қабылданды, ұлтүстілік орган – Кеден одағы комиссиясы құрылды. Біртұтас кеден аумағынан тыс елдермен саудада бірегей тарифтер қолдану үшін 11 мыңнан астам тауар позициялары келісілді. Кеден одағын құрудағы макроэкономикалық тиімділік қазірдің өзінде-ақ көрініп тұр. Тек 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана үш ел арасындағы жалпы тауар айналымы үштен бірге өсті. Жыл қорытындысында ол 100 мил­лиард доллар деңгейіне жетеді деп болжанып отыр, ал ол өткен жылғы көрсеткіштен 13 пайыз көп болмақ. Әсіресе, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бойындағы сауда көлемі неғұрлым жылдам – 40 пайыздан астамға өсуде. Кеден одағының толыққанды жұмысының бірінші жылының қорытындыларын шығару ұлттық ІЖӨ өсуі, шетел инвестицияларын тарту, өнімнің өзіндік құнын төмендету және басқа да көптеген шешуші көрсеткіштер бойынша оң динамиканың неғұрлым нақты цифрларын беретініне сенімім мол. Сөз жоқ, үш елдің экономикалық субъектілерінің бірегейлендірілген кедендік тарифтер мен импорттық баж салықтарына бейімделу кезеңіне байланысты белгілі бір қиындықтар туындайтынын біз алдын ала білдік. Ұлттық кедендік әкімшіліктер ара­сында жекелеген сәйкессіздіктер бар, олар Кеден одағы комиссиясының тәсілді жұмыстары арқылы жойылуда. Кеден одағы қазақстандық өндірісшілер үшін өткізу рыногының шекарасын Бресттен Владивостокқа дейін кеңейтті. 2011 жылы біздің экспорт Ресейге 60 пайызға, ал Беларуське 2,3 еседен астам­ға өсті. Біртұтас кеден аумағы ішінде шетел валютасын алып жүруге қойылған шектеулер жойылды. Ресей мен Беларусь тауар өндірушілері үшін де дәл осылай болды. Осылардың бәрі, ең алдымен, барлық қазақстандықтар, ресейліктер және беларусьтер үшін нақты тиімділіктер. 1998 жылы мен «Қарапайым адамдарға қарай он қарапайым қадам» бағдарламасын ұсындым. Оның көптеген ережелері қазірдің өзінде екі жақты және көп жақты пішінде жүзеге асты. Біздің елдеріміздің азаматтарының кедергісіз өтуі үшін бірлескен шекараларымыз мөлдір бола түсуде. Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің Кеден одағы – бүкіл ТМД кеңістігіндегі шынымен де ерікті және тең құқықты интеграцияның бірінші формасы. Ол тарихта алғаш рет біздің елдеріміздің халықтарын өзара сыйластық, ұлттық болмысты сақтау және ортақ болашақтың бөлінбестігін түйсіну негізінде жақындастырады. Кеден одағының біртіндеп Біртұтас экономикалық кеңістікке, ал уақыт өте келе, оған менің сенімім мол, Еуразиялық экономикалық одаққа ауысуы біздің халықтарымыздың өркендеуі үшін қуатты ынталандырушы күшке айналып, біздің елдерімізді кең ауқымды әлемдегі жетекші позицияларға алып шығады. ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚ Қазақстанның, Беларусьтің және Ресейдің Кеден одағы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтан қисынды түрде өсіп шықты. Оның 2000 жылы бес ел – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан пішінінде құрылуы еуразиялық интеграция тәжірибесіндегі бетбұрысты сәт болды. Небәрі 11 жыл ішінде ЕурАзЭҚ шеңберінде интеграциялық үдерістің түрлі өлшемдері бойынша тетіктердің тармақталған құрылымы қалыптасты. Оның үстіне олар тек мемлекетаралық деңгейде ғана емес, сонымен бірге төменнен кәсіпкерлердің, ғылым, білім беру және мәдениет қайраткерлерінің, ҮЕҰ, жастардың бастамасы бойынша да тағайындалады. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты ескергенде Еуразиялық даму банкі мен Дағдарыс­қа қарсы қор құру уақтылы атқарылған іс болды. Бүгінде ол ЕурАзЭҚ-тың бірқатар елдеріндегі нақ­ты экономикалық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге шұғыл көмек, мәселен, әлемдік дағдарыс зардаптарын бастан өткеріп жатқан Беларусь экономикасына, көмек беруге де жағдай жасайды. Мәселен, үш елдің Кеден одағы пішінінде өндіріс­ші­лердің салалық ассоциацияларының тез пайда болуы да атап өтуге тұрарлық. Біздің кәсіпкерлеріміз өз мүдделерін келісу, ішкі бәсекелестік пен өзара қолдау ережелерін қалыптастыру үшін де интеграцияланады. Еуразия Медиа-форумы, Телевизия мен радионың Еуразия қауымдастығы нақты бір тақырыптар бойынша жұмыс істейді. Еуразия кино және театр фестивальдері, түрлі мәслихаттар, жастар форумдары дәстүрге айналып келеді. Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда мен өзімнің бастамам бойынша құрылған Универ­ситет­тердің еуразиялық қауымдастығы, Ғалымдардың еуразиялық клубы, Жоғары технологиялардың халықаралық орталығы бүгінде ағартушылық және ғылыми кеңістікте өзінің көкжиегін кеңейте түскенін атап өттім. Басқаша айтқанда, біздің қоғам өмірінің барлық тереңіне бойлай түскен тікелей интеграция үдерістері жүріп жатыр. Еуразия интеграциялық идеясы өмірлік күшінің көрінісі осы емес пе? Бүгінде біздің халықтарымыз өздерін қалыптасу үстіндегі еуразиялық біртектіліктің, оның мәдени, діни және тілдік көпқырлылығы бөлшегі ретінде барынша айқын сезіне бастады. Мұнда жемісті экономикалық өзара іс-қимыл мен ізгі көршілестікке деген ортақ ұмтылыс та анық байқалады. Біздің барлығымыз тек бірлескен өткеніміздің бай тәжірибесі ғана емес, сондай-ақ бөлінбейтін ортақ тарихи болашағымыз бар ұлттардың жаңа ғажайып еуразиялық қоғамдастығы пайда болуының куәгерлері болып отырмыз. ЕУРАЗИЯ ИДЕЯСЫН ХХІ ҒАСЫРДА ЖАҢАША САРАЛАУ Менің Еуразиялық одақ құру туралы идеямда ешқашан маниловщина да, болашақ саяси носталь­гизмді қалқалау да болған емес. Оның негізінде қашанда олар қандай да бір ізгі ниет немесе мақсаткерлікпен бүркемеленсе де саясаттың экономикаға кез келген зорлық пішінін қа­был­дамайтын прагматикалық қадам жатты және солай болып қала береді. Еуразия жобасында тек сыртқы экономикалық, әскери, саяси, ақпараттық, технологиялық, экологиялық және басқа да қатерлерден ұжымдасып оқшаулану мүмкіндігін ғана көру алысты аңдай алмаушылық болып табылады. ЕАО-ның тарихи перспективаларын осындай тар шеңберде түсінген кезде жаңа «темір шымылдыққа» ұқсас бірдеңе пайда болды деп айқайлағың келетіні, бірақ ол басқа геосаяси сарындарда көрініс табатыны ақиқат. Біз Еуразиялық одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны кең ауқымды көлемде, мысалы, Еуроодақпен, басқа да бірлестіктермен өзара іс-қимылсыз елестетуге болмайды. КСРО-ны ешқандай да «реставрациялау» немесе «реинкарнациялау» жоқ және болмайды да. Бұл тек өткеннің фантомдары, жорамалдары мен саудаға салулар. Және мұнда біздің Ресей, Беларусь және басқа елдермен көзқарастарымыз толықтай сәйкеседі. Қазіргі таңда «одақ» және «империя басқыншылығы» дейтін дүрлікпелі сөздерден үрейленуді еңсеру керек. Бұл туралы В.Путиннің «Известиядағы» өзі­нің мақаласында жазғаны маңызды. НАФТА шеңберіндегі Солтүстікатлантикалық интеграция да үш мемлекет – АҚШ, Канада, Мексикадан тұрады. Бірақ ешкім де АҚШ-тың империялық шамшылдығы туралы сөз қозғамайды. Кейбір батыс сарапшылары Еуразиялық одақ Қытай экономикалық экспансиясы дегеннен қорғану үшін құрылмақшы деп мәлімдеме жасағанда асығыстық танытып отыр. Мұндай мәлімдеменің шындықтан тым алшақ жатқанын айтуға тиіспін. Керісінше, ҚХР соңғы екі онжылдық бедерінде Ресей мен Қазақстанның да, Беларусьтің де стратегиялық әріптесі болып табылады. Біз интенсивті саяси үнқатысу және тығыз экономикалық ынтымақтастық ұстанып келеміз. Біз сондай-ақ ШЫҰ және АӨСШК шеңберлерінде тығыз іс-қимыл танытудамыз. Осымен бір мезгілде мен осыдан 17 жыл бұрын айтқан еуразиялық интеграция қағидаттарына әрбір қатысушы елдің ішкі дамудың тұрақтылығы, ұлт­тық экономикалық, несие-қаржылық және әлеу­меттік саясаттың нәтижелілігі мен жауапкерші­лігі мәсе­лелерін қосу аса маңызды. Бұл біз үшін үлгісі аса пайдалы Еуроодақ экономикасындағы қазіргі қиындықтарды еңсерудің тәжірибелерін есепке алғанда айрықша маңызды. 2009 жылдан бастап біз Қазақстан, Беларусь және Ресей Біртұтас экономикалық кеңістігін қалыптастырудың барлық заңгерлік мәселелерін бүге-шігесіне дейін пысықтау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Үстіміздегі жылдың соңына дейін үкіметтер деңгейінде тиісті келісімдер жасалатын болады. 2012 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың практикалық кезеңі басталады. Бірте-бірте үш елдің экономикалық саясатын үйлестірудің тетіктері, қызметтердің, капиталдар мен еңбек ресурстарының, біріздендірілген заңнамалардың трансшекаралық еркін қозғалысын қамтамасыз ету шындыққа айналады. Бизнестің ұлттық субъектілері БЭК-ке қатысушы әрбір мемлекеттің инфрақұрылымдарына теңдей қол жеткізу мүмкін­дігін иеленетін болады. Болашақта біртұтас көліктік, энергетикалық және ақпараттық жүйе қалыптасады. БЭК интеграцияның мейлінше жоғары сатысы – Еуразиялық экономикалық одаққа өту үшін берік негіз қалайды. Бұл қуатты бірлестік болады. Үш мемлекеттің жиын­тық ІЖӨ-сі шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі – шамамен 112 миллиард долларға, ал жалпы тұтыну рыногы 165 миллион адамға бағаланып отыр. ХХІ жүзжылдықта Еуразиялық одақты жаһандық дамудың нақты бақыланған трендтерінен тыс қалыптасқан жаһандық күштердің табысты орталығы ретінде көз алдыңа елестету мүмкін емес. Үстіміздегі жүзжылдықта аймақтану жалпы­әлемдік үрдіске айналды. Еуропалық одақ таяудағы жылдарда құрамына Хорватияны, болашақта Сербия мен Черногорияны және басқа елдерді қосу есебінен одан әрі кеңеюді жоспарлап отыр. Шығыс Азияда Қытайдың және бірден екі миллиард тұтынушыны қамтитын АСЕАН елдерінің қатысуымен планетамыздағы аса ірі еркін сауда аймағы құрылуда. Қаржы-экономикалық тұрғыда Парсы шығанағы өңірі өзінен өзі ұйымдасып жатыр. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка елдерінің интеграциясы нығая түсуде. Егемен дамудың 20 жылында Ресейдің, Қазақстанның және өзге де еуразиялық интеграцияға қатысушылардың экономикалары жаһандық экономиканың бөлшегіне айналды. Бүгінде біздің елдеріміз модернизациялануының, ғылыми ауқымды инновациялық экономика құруының маңызды шарты АҚШ-пен, Еуроодақпен, Қытаймен, Азия-Тынық мұхиты экономикалық қоғамдастығы елдерімен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты белсенді өрістету болып табылады. Жаңа жаһандық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру үдерістерінің маңызды аспектілерін де қаперге алған жөн. Менің табанды бастамаммен осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын қабылданған ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік кеңістігін құру мақсаты белгіленді. Сондықтан бүгінде ХХІ ғасырдағы алыс болашаққа, мүмкін тіпті, одан кейінгі ғасырларға бағдарланған еуразиялық  интеграция идеясын жаңаша саралау көкейкесті болып табылады! ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ: БОЛАШАҚТЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Бұл үшін еуразиялық интеграцияға қатысушылардың барлығында іс-қимылдың анық та нақты стра­тегиясы болуы қажет. Бірінші. Еуразиялық одақ әуел бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретін­де құрылуы тиіс. Бізді тек «модернизацияны қуушы» қағидаттарындағы дамушы елдер жиынтығы болудың тар шеңберлі перспективасы да, өзге әлем үшін мәңгі­лік табиғи ресурстардың үлкен перифериялық экспорттаушысы болып қалудың пешенемізге жазылуы да қанағаттандыра алмайды. Әлем жаңа технологиялық төңкеріс табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолын бетке алды. Біз болашақ ұлттық инновациялық экономиканың негізі ретінде заманауи өндірістік күштердің жаңа құрылымын құрудамыз. Мұндай міндеттер Ресейдің, ТМД-ның өзге де елдерінің алдында тұр. Сондықтан біздің Біртұтас экономикалық кеңістігіміз инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің аумағы болуының маңызы зор. Бұл үшін біздің елдерімізді дамытудың модернизациялық және инновациялық ортақ алгоритмін түзу қажет. Мен 10-15 жылдық перспективаға есептелген Еуразиялық инновациялық-технологиялық кооперацияның бірлескен бағдарламасын жедел жасап қабылдауды ұсынамын. Бұл тұрғыда сонау 1970 жылы-ақ аса ірі «AІRBUS» халықаралық авиажасау консорциумын құрған Франция, Германия және Ұлыбританияның үлгісі айшықты болып табылады. Кейін оларға Испания қосылды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «AІRBUS» жаңа ұшақтар сату мен оларға тапсырыстар қабылдау саны жөнінен Американың «Боинг» және «Локхид» компанияларынан айтарлықтай озып кетті. «AІRBUS-тың» жыл сайынғы табысы 30 миллиард еуроға жақындап келеді. Бүкіл Еуропа бойынша орналасқан компанияның кәсіпорындарында 53 мың адам жұмыс істейді. 2006 жылдан бастап «AІRBUS-тың» барлық акциялар пакеті өз кезегінде ЕО елдері үкіметтері мен ұлттық компаниялары қаржыландыратын EADS Еуропа аэроғарыш консорциумының иелігіне өткен. Дания мен Швеция Сканеде бірлескен инновация­лық орталық – «медиконовалық аңғар» құрды. Бүгінде бұл – лабораториялар, коммерциялық құрылымдар, өндірістік кәсіпорындар шоғырланған Еуропадағы аса қуатты кластер. Мұнда құрамына 300 компания, 14 университет, 26 медициналық клиника кіретін 7 ғылыми парк жұмыс істейді. Мұндай жолмен жаңа технологиялар жасаудың бірлескен жекелеген аспектілері бойынша екі жақты келісімдер түзетін халықаралық инновациялық орталықтар құруды ынталандыратын бірқатар елдер жүріп келеді. Екінші. Еуразиялық одақ дамудың еуроатлантикалық және азиялық ареалдарын қосатын мықты буын ретінде қалыптасуы тиіс. Экономикалық тұрғыда біз Еуроодақтың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның ыр­ғақты экономикаларын байланыстыратын көпір бола аламыз. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы жүзеге асырылуда. Уақыт өте келе осы маршрут бойына Еуропа жә­не Қытай рыноктарына тауарлар жеткізу мерзімін 3,5 еседен астамға қысқартуды қамтамасыз ететін заманауи көліктік-логистикалық жүйе түзілетін болады. Трансеуразиялық жүрдек темір жол желісін құрудың болашағы да зор көрінетіні сөзсіз. Бізге Біртұтас экономикалық кеңістіктің Еуропалық Одақпен, Қытай Халық Республикасымен, Жапониямен, Үндістанмен арадағы ынтымақтастығын кеңейту өзара тиімді. Үшінші. Еуразиялық одақ жаңа жаһандық валюталық-қаржылық жүйенің бөлшегі болатын бақуатты өңірлік қаржы бірлестігі ретінде қалыптасуы тиіс. Еуроодақ тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, ортақ төлеу жүйесін, содан кейін ортақ валюта құру – интеграцияның заңды кезеңі. Қазіргі жағдайда бұл үдеріс сондай-ақ әлемдік дағдарыс салдары үрдістерін есепке алуы тиіс. Қазір ЕО мен еуроаймақ қаншалықты сыналса да, олар өздерінің тіршілікке қабілеттілігі мен дағдарыстарға беріктігін көрсетіп отыр. Біз ЕО-ның ауыр халде қалған елдерге қандай қуатты қолдау жасап отырғанын көріп отырмыз. Үш жыл бұрын мен күшті өңірлік резервтік валютаның алғашқы негізі ретінде еуразиялық ұлт­үстілік есеп бірлігі – ЕҰЕБ-ні енгізу туралы мәсе­лені талқылауды бастауды ұсындым. Бүгінде салдары қазіргіден де салмақтырақ соғатын жаһандық рецессияның жаңа толқыны ықтималдылығын есепке алатын болсақ, бұл идея жай ғана көкейкесті болып қалмайды, ол практикалық шешуді талап етеді. БЭК шеңберінде валюта одағын құру – еңсеру арқылы біз интеграцияның Еуропалық одақтың қазіргі жаңа деңгейіне өкшелей жақындайтын рубикон болып табылатын шеп екенін ерекше атап өткім келеді. Біздің басты мақсатымыз – көршілері­мізге одақтың іс жүзіндегі маңызы мен тіршілікке қабілеттілігіне сендіру. Сонда санымыз үш мемлекеттен де айтарлықтай арта түсетін болады. Төртінші. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, ал болашақта геосаяси жағынан буыны бекуі тек эволюциялық жолмен және ерікті түрде жүруі тиіс. Оған жасанды жеделдетудің ешқандай пішіні мен жекелеген елдерді қамшылау жат болуы шарт. Біртұтас еуропалық рынок 40 жылға жуық уақыт құрылғанын ұмытпайық. Бүгінде еуразиялық интеграция тұғырнамасы айтарлықтай кең. Оның құрамына пішіні, мақсаты және міндеті түрлі болып келетін мемлекетаралық бірлестіктер – ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кеден одағы – Қазақстан, Беларусь және Ресей мен басқалардың БЭК-і кіреді. Басқа құрылымдардың пайда болу ықтималдығы да зор. Мен, мәселен, Орталықазиялық одақ құрудың жақтасы болып қала беремін. Одан, бірінші кезекте, проблемаларды бірлесіп шешу мен өңірдегі барлық мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы теңелісінің үлкен мүмкіндіктерін көремін. Бұл Орталық Азия елдеріндегі барлық азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізіп, өңірдегі күрделі проблемаларды шешуге көмектесер еді. Түрлі өңірлік ұйымдарға қатысу әр мемлекетке интеграцияның аса тиімді жолын таңдауға жәрдемдеседі. Сондықтан барлық еуразиялық бірлестіктердің әлеуетін өрістетіп, бірте-бірте олардың пішіндері мен мазмұндарын жақындастыруға ықпал ету маңызды. Бесінші. Еуразиялық одақ құру тек жұртшылықтың кең қолдауы негізінде ғана мүмкін. Қазірде біздің елдерімізде өзіміздің «еуразо-оптимистер» мен «еуразо-скептиктер» бар екені заңдылық болып табылады. Олардың арасындағы пікірталастар тек қана интеграциялық үдерістердің кемшіліктерін көруге және оларды дәйектілікпен аластауға жәрдемдесетіні анық. Мен жақын болашақта олардың дебаттары Еуразиялық Ассамблея – біздің елдеріміз парламен­тарийлерін біріктіретін ұлтүстілік құрылым мінбері­нен жүреді ғой деп ойлаймын. Сонымен бір мезгілде, еуразиялық интеграцияның халықтық вертикалін нығайту маңызды. Бұл жерде әңгіме Еуразиялық қоғамдық бірлестіктер­дің санын арттыру туралы болып отыр. Мәселен, ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесінің арқауында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің Еуразиялық конгресін құруға болады. Кеден одағы елдерінің үштігі пішінінде Еуразиялық сауда-өндірістік палатасын құру орынды. Олардың офистері Астанада орналаса алар еді. «Еуразия-24» тәуліктік жаңалықтар арнасын құру жөніндегі жұмыстарды бастау қажет. Бұл біздің елдеріміздің азаматтарын интеграцияның басымдықтары мен барысы туралы объективті және толық ақпараттандыру тұрғысынан маңызды. Мен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органдарын Астанада – Еуразия субма­теригінің географиялық кіндігінде тұрған қалада орналастыруды ұсынамын. Бұл жерде ешқандай шамшылдық жоқ. Бұл біз үшін айтарлықтай жүктеме болар еді. Сонымен бірге, Еуразия интеграциясы идеясының бастамашысы ретінде Қазақстанға әділетті ризашылықтың көрінісі болар еді. Орталық офистің Қазақстанда орын тебуі жаңа интеграциялық бірлестікті біздің елдеріміздің ішіндегі, сондай-ақ бірлестіктің сыртындағы күдіктерден арылтады. Бұл енді тәй-тәй басқан біздің ұйымымызға үлкен сенімділік туғызады. Кезінде біздің ТМД-ның штаб-пәтерін Минскіде орналастыру туралы шешіміміз нақ осыған байланысты болатын. Еуропалық одақ штаб-пәтерінің Брюссельде орын тебуі де кездейсоқ емес. ХХІ ғасырдың  екінші онжылдығының басында еуразиялық интеграция идеясы Біртұтас экономикалық кеңістіктің нақты келбетін иеленіп келеді. Ол біздің елдеріміз бен халықтарымызды өркендеу мен игілікке бастайтын сенімді жол ретінде өзінің тарихи болашағын дәлелдей алды. Шешуші саяси шешімдер қабылданды. Экономикалық қуатты, тұрақты және барлығына тиімді Еуразиялық одақ құру үшін бірқатар ауқымды міндеттерді шешу керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз, міне, осында!

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз