• Еркін ой мінбері
  • 08 Ақпан, 2012

Көркем туындыдағы диалогтың қызметі және мағыналық топтары

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты

Диалог арқылы адамдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас құрып, рухани, мәдени байланыс орнатып, күнделікті тіршілігінен хабардар болады, қоғамдағы өз орнын тауып, бағыт-бағдарын анықтайды. Роман жанрын зерттеуші М. Бахтин айтқандай: «Шындықты іздеудің диалогтық әдісі дайын шындыққа ие болғысы келетін нақты монологизмге, сонымен қатар, қандайда бір шындықты білеміз деп ойлаған адамдардың сенімділігіне де қарсы қойылады. Шындық жеке адам басында туындамайды және болмайды, ол шындықты іздеуші адамдар арасында олардың диалогтық сөйлесуі кезінде туындайды» [1, 26 б].

Расымен, адамдардың тұрмыстық, саяси, әлеуметтік қарым-қатынастарында диалогтың алатын орны зор. Осы орайда қарастыратын мәселеміз – адамдардың шынайы болмысын суреттейтін көркем шығармадағы диалогтың сан алуан түрлері мен қызметі.

Орыс тіл білімі ғылымында диалог талданып, біздіңше жете зерттеліп қана қоймай, көркем диалог үлгілерінің типологиясы да жасалған. Мысалы, белгілі тілші-ғалым Е. М. Галкин – Федорук еңбе¬гінде диалогтың екі түрі аталған:

1) диалог – қайшылық (противоречие)

2) диалог – жинақтау (синтез) [2, 8 б].

Ал, белгілі ғалым А. К. Соловьева еңбектерінде диалогтың мынадай бірнеше түрлері берілген:

1) диалог – тартыс (спор)

2) диалог – дау (ссора)

3) диалог – түсінісу, ұғынысу (понимания)

4) диалог – үндестік (унисон) [3, 8 б].

Әдебиетші-ғалым А. В. Чичерин болса, диалогтың басқа типологиясын береді. Ол «диалогтың көркем формасы – авторлық ойдың дамуы, күрделі трагедиялық, қарама-қарсы көзқарастардың тоғыспауы, шындық болмыстың толық терең біліммен қаруланған автор ойының дамуынан шығады» дей келе, диалогтың (Достоевский романы бойынша) төрт түрін атап көрсетеді:

1) диалог – тергеу (допрос)

2) диалог – сыр (исповедь)

3) диалог – түсінісу, ұғынысу (понимание)

4) махаббат диалогы (любовный диалог)

К. Мегаева жекелеген шығарма бойынша (Ф. М. Достоевскийдің «Бесы» романы) диалогты төмендегіше жіктеген:

1) диалог – өсиет (исповедальный)

2) диалог – жекпе-жек, тартыс (поединок)

3) аралас диалог (диалог – насихат, диалог – тартыс, ішкі монолог элементтері кіреді).

Н. Ю. Шведова болса, диалог үлгілерін төмендегідей үш топқа бөліп қарастырады:

1) жұп диалог (парный диалог)

2) жарыспалы диалог (параллельный диалог)

3) полилог

Ғалым диалог типологиясын бере отырып, диалогтық бірлік мәселесін көтерген.

Орыс тіл білімі ғалымдарының типологиясы негізінде жас ғалым Г. С. Иманғалиева «Типология диалога» (На материале казахского и рус.яз.) атты кандидаттық зерттеу жұмысында төмендегідей көптеген диалог түрлерін атап көрсеткен: диалог – сұхбат, диалог – тергеу, хабарлама диалог, диалог – түсінісу, диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – қайшылық, диалог – ой-талқы, диалог – өтініш, диалог – ұсыныс, диалог – ой-түрткі, диалог – үндестік, диалог – жинақтау, диалог – сәлемдесу, диалог – қоштасу [5, 50 б].

Аталған диалог үлгілерін ғалым жинақтап үлкен үш топқа бөліп қарастырады:

а) ақпараттық диалог. Бұған: диалог – сұхбат, диалог –тергеу, хабарлама диалог және диалог – түсінісуді жатқызады.

ә) прагматикалық диалог. Бұл топқа: диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – ой-талқы, диалог – өтініш, диалог – ұсыныс, диалог – ой-түрткіні топтастырады.

б) модальдық диалогқа: диалог – үндестік, диалог – жинақтау, диалог – сәлемдесу, диалог – қоштасу сынды түрлерін топтастырады.

Бұл айтылған жайлар орыс тіл ғылымы мен әдебиетіндегі диалогтың зерттелу жайынан хабардар етсе, өзге тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында да диалогтың зерттелу жайы назардан тыс қалмаған. Айталық: неміс филологиясында диалогтың екі түрі берілген:

1) поэтикалық диалог (образдылық қызметі басым);

2) прозалық диалог, ол өз ішінен;

а) теориялық-танымдық (ғылыми, «сократтық»);

ә) философиялық (ауызекі сөйлеу және характерологиялық).

Қазақ әдебиеттану ғылымында диалогтың нақты жіктемесі берілмегендіктен, біз С. Мұқановтың «Ботагөз» романындағы диалог үлгілерінің ең негізгілерін іріктеп алып, өзімізше байыптап, хабарламалық, психологиялық, характертанытқыштық, сюжетдамытушылық функцияларды атқаратын проблемалық диалог, тұрмыстық диалог, полемикалық диалог, мүдделері ортақ екі адамның ұғынысып, түсінісуіне негізделген диалог – түсінісу, қос кейіпкер көзқарасының үндесуінен туатын диалог – гармония және мүдделері қайшы келетін екі қарсылас кейіпкер арасындағы тартыстан туындайтын диалог – дау, диалог – тартыс, диалог – жекпе-жек деп диалог үлгілерін өз тұрғымыздан шарт¬ты түрде осындай түрлерге жіктеп отырмыз. Әрине, бір ескеретін жай – бұл диалогтардың ара-жігі нақ¬ты ажыратылмаған шартты түрде жіктелуі.

С. Мұқановтың «Ботагөз» романының негізгі арналары тарихи кезең мен сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік хал-жағдайынан бастау алғандықтан, түрлі тап өкілдерінің мүдделерін қозғайды. Шығарма екі сюжеттік желіге құрылған: бірінші желі үстем тап өкілдері айналасындағы оқиғалар жүйесі де, екіншісі – қарапайым еңбекші халық төңірегінде өрбитін сюжеттік желі. Мұнда бір-біріне қарама-қарсы екі таптың – еңбекші бұқараның өркендеп өсу жайы мен үстем таптың құлдырап өшу жолы көрсетіледі. Шығармадағы қанаушы тап өкілдерін (Итбай, Кошкин, Горбунов, Кулаков, т.б.) де, еңбекші халықтың (Асқар, Ботагөз, Амантай, Темірбек, Гроза, т.б.) өкілдерін де топтастырып, біріктіріп тұрған жайт тұрмыстағы мүдделерінің ортақтығы, күнделікті жағдайының ұқсастығы. Автор осы екі сюжеттік желіні де бір саяси мақсатта – еңбекші бұқараның теңдік, бостандық үшін күресін суреттеп көрсету үшін қатар алады.

«Тіршілік бар жерде – күрес бар. Өмір – бір әуеннен айнымай, бір қалыпты сырғи бермек емес, ескі мен жаңаның шарпысуы, әділетсіздік пен әділдіктің айқасуы, қастық пен адалдықтың, бұрыстық пен дұрыстықтың белдесуі, әлсіздің әлдімен арбасуы үнемі жүріп жатпақ. Еш тынбас, толастамас осы тартыс – көркем шығарманың нағыз ар¬қауы. Көркем әдебиет адам тағдырының тарихын шертеді десек, ал бұл тарих сол тартыс үстінде жасалса», «Ботагөз» романындағы еш толастамас тартыс шығарманың өн бойында өріліп отырады.

«Тарихилық белгілі бір заттың нақты тарихи жағдайларын, қайталанбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән-мағынасын, болмысын, ұлттың тарихи және өмір шындығын, идеяның танымдық тереңдігін көркемдік тұрғыдан баяндап, тарихының көркемдік философиясын шеберлікпен жеткізу» [7, 494 б], – деген тарихи шығарманың көтерер жүгін С. Мұқановтың «Ботагөз» романы толық орындап шыққандай.

С. Мұқанов өз кейіпкерлерінің бейнесін мейлінше толық ашып, характерлердің қыр-сырларын таныту үшін шығарманың өн бойында диалог тәсілін шеберлікпен мол қолданады. Өйткені, «Тіл көркемдігінің байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені, диалог адам мінезін ашуға бірден-бір қолайлы форма ғой» деген ғалым М. Базарбаев сөзі осының айғағы. Диалог үлгілері мүдделері ортақ, бір-біріне жақын, туыстық қатынастағы екі кейіпкердің қарапайым тілдесу сәттерінен бастап, жол-жөнекей, ресми сапар барысындағы әңгімелесу, қаһармандардың жүздесу кезіндегі ой бөлісу, кездейсоқ кездесу сәтіндегі әр түрлі көңіл-күй нюанстарын бейнелейтін кейіпкерлердің төл сөзімен қатар, мүдделері қайшы келетін адамдардың, оппоненттердің айтыс-тартысын, пікір алмасу, дауласу кездерін толық қамтиды. Себебі, жазушы диалог мәселесіне келгенде – актер. Кез-келген диалог қаһармандардың ой-санасының, дүниетанымының мінез-құлқының ерекшелігін ашады. Осы ретте кейіпкерлердің сөйлеу мақамынан мінез, көңіл-күй нюанстары сезіледі. Және де, С. Мұқанов әр кез персонаж болмысына тән іс пен сөздің диалектикалық бірлігін сақтауға тырысқан.

Мәселен, роман тартысында шешуші роль атқарған үстем тап өкілі Итбай болыстың персонажын алайық. Жазушы кейіпкер келбетін ашуда портреттік мінездеме бермейді, ол диалог тәсілін қолданып, кейіпкерге баға беруді оқырманның өзіне ұсынады.

« – Сөйле!- деді Итбай Амантайға, қымызды ішпеуін ұнатпай, тез кетсін дегендей ғып.

– Губернатордың қай күні келетінін білейін деп келіп ем.

– Оны қайтесің?

– Айтатын арызым бар еді.

– Не арыз?

– Мына қар аяғы жіби, жерімізге қала келіп түскелі отыр. Барар жер, басар тау жоқ. Мұңымызды шақ деп ел жұмсады.

– Жер қазнанікі емес пе? - деді Итбай. – Алам десе өз еркі.

– Ел қазнанікі емес пе?

– Сонда осы жер туралы губернатор сенімен тілдеседі деп ойлайсың ба?

– Е, неге тілдеспесін. Ұлығымыз емес пе, бағып отырған елі емеспіз бе? Мұңымызды кімге шағамыз, оған айтпағанда?

– Арызшыл болсаң Омбыға барып берерсің. Мен үйіме келген қонағымның мазасын алғызбаймын. Маңыма жолаушы болмаңдар...».

Осы диалогтан қарапайым шаруа елдің емес, өзінің қара басының қамын ойлайтын менмен болыстың кейпін көруге болады. Ол губернатордың келуіне мансаптанып, көкірегін керіп, елдің қамын ойлап, алдына келген Амантайды жақтырмай, жөнмен сөйлесудің ретін көрмей, оған «оны қайтесің?», «не арыз?» секілді сұрақтармен қысқа жауап қайтарады. Бұл, әрине, Итбайдың тар пиғылдығының анық көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, жазушының болыс репликаларында «сөйле», «барып бересің», «алғызбаймын», «маңыма жолаушы болмаңдар» сықылды бұйрық райлы етістіктің қолданылуы да бекер емес. Ол Итбай персонажы арқылы үстем тап өкілдерінің өзінің қарамағындағы кедей шаруа халқына деген көзқарасын, қатынасын білдіргісі келген. Осы Итбай мен Амантай диалогындағы ескеруге болатын бір ерекшелігі – сөйлесуші екі адамның бір-біріне деген жаулық көзқарасының анық көрінуі. Бұл болыс пен Амантай арасындағы бұрыннан келе жатқан қырбайлықтың салдары. Дегенмен, Амантай – өр, намысты кедей. Ол Итбайдың айтқанына көнбейді. Сондықтан да, Итбайдың қыңыр, қысқа жауабы екеуінің арақатынасын танытқандай болады. Ал, диалогтың негізгі түйіні қай кезде болмасын, қолында азғантай биліктің көлеңкесі бола тұрса да, өзін жердің кіндігі деп санап, ел тағдырына немқұрайды қарайтын Итбай сияқты қу басшылардың бейнесін ашық көрсетуінде жатыр.

« – Әй, қайда барасың? - деді оған таң қалған Итбай. – Жаңағы сөзге не айтасың?

Амантай үндемей аяңдай берді.

– Әй, тоқташы! – деді Итбай түрегеп. – Сен де, мен де бала емеспін! Мен сені кісі деп сөз айтсам, сенің мұның қалай, тұра жөнелгенің?

– Мен бұл іске кірісе алмаймын! – деді Амантай, Итбай соңынан жүрген соң тоқтап».

Мына диалогта Итбайдың Амантаймен әңгіме¬лесуі тіпті қарама-қарсы сипатта өрбиді. Жоғарыда келтірілген мысалда болыс белгілі себеппен Амантайға ілтипатын білдіре қоймаса, мына жерде енді өзі араздасып жүрген адамына келіп, көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Ситуация өзгерді – дүние алма-кезек. Бірақ, дауыс интонациясы өзгергенімен, өзінше мейлінше жылы сөзбен Амантайды айналдырып, арбауға тырысқанымен, Амантай қабақ танытпады... Итбай қанына сіңген қара¬ниеттіліктен, мақсатына жету жолында бар амал-тәсілдерді қолданып, керек деген адамын пайдаланудан арылмады. Амантай болыстың қулығын бірден сезеді де, оның уыздай жас Ботагөз жиенін екі әйелі үстіне алуға іштей қарсы болып, не болса да, болыс ойының аспауына қолынан келгенше қар¬сы амал жасауға бел буады. Келіспей, сөйлеспей, кілт бұрылып кетуі содан. Бұл диалог екі қарама-қарсы характердің жаңаша көрініс табуына себепші болады. Бірі – екіжүзді, зым-зымиян, зұлымдық иесі Итбай болыстың келбеті болса, екіншісі – қарапайым, адамгершілігі мол, әрдайым әділеттілікті талап ететін Амантай тұлғасы. Жазушы Амантай мен Итбай диалогы арқылы дүниетаным-көзқарастары екі түрлі адамдардың, әр түрлі тап өкілдерінің ойлау жүйесіндегі, мінезіндегі өзгешеліктерін көрсе¬туді мақсат етеді. Жоғарыда талданған Итбай мен Амантай тілдесуі – характертанытқыштық қызметін атқаратын мүдделері қайшы кейіп¬керлердің диалог үлгілері.

Алайда, Итбайдың әкесі Байсақалмен әңгіме¬лесуін біз диалогтың басқа түріне жатқызамыз.

«Сандықтың аузын аша бер, әке!» деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге аттанарда.

«Неге, шырағым?»

«Ақша түседі»...

«Неден, шырағым?»

«Жұрттан».

«Не ақша?»

«Баласын қалдырам десем, ақша түгіл кеуде¬сіндегі жанын береді...».

Бұл патшаның 16 июнь жарлығынан кейінгі ауыл жағдайының қиын кезеңін танытатын диалог. Халық басына ауыртпалық түскен кезінде қазақ жігіттерінің жағдайын жеңілдету орнына Итбайдың ашықтан-ашық «адам саудасын» жүргізуі, болыстың баю, патша өкіметіне жағу мақсатында түрлі зорлық, арсыздық әрекеттерге баруы оның шынайы арамза келбетін көрсетеді. Әкесі Байсақал баласының іс-әрекетіне қарсы шығудың орнына «ақша түседі» дегенге жас баладай қуанып, Итбайдың қара ісін құптайды. Біреуге мал, біреуге бас қайғы кезеңде халықтың ауыр халіне, көз жасына қарамай, қулықпен, алдаумен мал табу әрекеті Байсақалдың ақшақұмар, пайдакүнем екенін ашық көрсетеді. Ең қызығы – Итбай мен Елікбай сойып қаптап қойғандай, әкесінен аумай қалған. Итбай мен Байсақал арасындағы диалогта тартыс, қақтығыс элементтері жоқ, керісінше көкейін дүние, байлық тескен әке мен баланың арасындағы түсіністік, ұғынысу бар екені көрінеді. Осындай екі адамның ниеттес болып, көзқарастарының жақындастығы аңғарылатын, ұғынысуы, түсінісуі бар диалогты диалог-үндестік (диалог-гармония) деп атауға болатындай (шартты түрде ).

«Асқар «заттар табылды» деп сүйінші сұраудан бұрын Шербанидзе бұндай сұрау берсе, Итбай жамандай жөнелген болар еді; сүйінші қуанып сұраған сияқтанған Асқарды жамандауға қимай:

– Жаман жігіт емес, – деді ол.

– Ә, солай ма? Бірақ өзін байларды жек көреді, кедейді жақсы көреді дейді ғой.

– Ондайы бар, – деді Итбай, Шербанидзенің ол сөзіне мән бермей».

Романдағы осындай қосымша мәлімет беретін кейіпкерлердің шағын тілдесулерін Ғ. Мүсірепов шығармаларында кездесетін диалогтарға ұқсатып, біз Итбай мен Шербанидзенің шағын диалогын диалог-деталь деп атадық.

Омбы семинариясында оқып білім алған ауыл мектебінің мұғалімі – Асқардың Итбай әрекетіне көзқарасы обьективті және субьективті мотивтердің терең бірлігімен көрініс табады. Қоғамның алдыңғы қатарлы саналы азаматы ретінде ол ескі феодалдық салттың озбырлығына, қалың елді тұмшалаған надандыққа күйінсе, сәби мінезділігіне қарай әлгі ойына қимайтын Асқар өз ниетін жасыра тұрып, азулы болыс қылығына наразы болады. Осы мәселеге байланысты елге келген Мадиярды әділет, ақыл иесі санап, Итбайдың жебірлігін мұң ғып шағатын Асқар көп ұзамай, әдепкі көңілінен айнып қалатындай.

« – Әрине, солай, Итекең сияқты байларға тамақ көбі рас. Бірақ, біз қуанып ішетін сол тамаққа, біреулер жылап қарайды, бұның сонысы жаман.

– Ол кім? – деді Мадияр Асқардың сөзіне түсінбей, оған сүзіле қарап. Кім болсын: кедейлер! Итбайдың малы – кедейдің көз жасынан құралған жоқ па? Ата-бабасынан бері қарай күні бүгінге шейін момындарды зарлатып, жеп келеді. Зорлықтан айнитын Итбай жоқ, жеген сайын өшіге түседі».

Бұл – әңгіменің негізгі мәселесі халықтың ауыр хал-жағдайының төңірегінде өрбитін проблемалық диалог. Мына диалог үзіндісі Асқар мен Мадиярдың алғаш тілдесуі болғанына қарамастан, екі сұхбаттасушының да күрделі тұлға екені және әрқайсысының да характер ерекшеліктері айқын байқалады. Асқар – халық үшін жаралған, туған жері мен туған елінің хал-жағдайына немқұрайды қарамайтын, қамқор, жанашыр азаматы ретінде көрінсе, Мадияр – үстем тап өкілдеріне жақындығы бар, тегінде ел қамына бейтарап көзқарастағы, ұлт жайын сөзімен ғана ойлайтын интеллигенция өкілі екені әңгіменің барысында-ақ белгілі болады. Мадияр, расында да, Асқардың өзі сияқты қарсыласын ренжіткісі келмейді. Осы кезден-ақ Мадияр мен Асқардың екі түрлі мүдделерді көздейтін адамдар екені белгілі бола бастайды. Бұл – жоғарыда талданған проблемалық диалогтың жалғасы болғанымен, осы үзіндіде де кейіпкерлер арасындағы болашақ тартыстың алғышарттары сезіледі. Кейін¬нен Асқар үшін Мадиярдың бастапқыдағы ұстаздық биігінен сылқ ете түсуіне қарағанда, оның міне¬зінің майысқақтығы, жеке басы да біреулердің ық¬палында екені танылады. Асқар «зиялы» ағаны сыйлай тұрса да, намысқой, өр мінезінен таймайды. Ол біреудің үйретуімен емес, дара тілегімен өзінің жеке пікірін саналы түрде қалыптастыра бастаған дүниетанымдық ерекшелігін жоғары бағалайды. Бұл эпизод – жігіттің қайыспас қайсар характерінің қалыптасуындағы, қоғамдағы өз орнын таба алатын дара тұлға ретіндегі рухани эволюциясын көрсететін қаламгердің орынды табысы.

Қорыта келе «Ботагөз» романында диалогтардың көп қолданғанын, біз шартты түрде топтастырған диалог үлгілерінің барлығы дерлік кездесетінін байқадық. Романда диалогтардың басым бөлігін диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – тергеу құраса, бұл диалог үлгілері мүдделері бір арнада тоғыспайтын, екі түрлі көзқарас иелерінің қарым-қатынасын білдіреді және олар Ботагөз, Асқар, Амантайлар мен Итбай, Кошкин, Горбуновтардың сөз қағыстыруы нәтижесінде туындап отырады. Өйткені, бұл – кейіпкерлер романдағы өзара тартысқа түсетін екі топтың басты өкілдері. Осыған қарап, осы романда басқа диалог үлгілері кездеспейді деп айта алмаймыз. Бір-бірін түсінетін, көзқарастары бір арнаға тоғысатын кейіпкерлер (Ботагөз, Асқар, Амантай, Темірбек, Кенжетай) арасында диалогтың диалог – түсінісу, диалог – сыр, диалог – үндестік формалары, кейіпкерлер бейнесін жасауда характертанытқыш, алдағы істен хабар берер хабарлама диалог, шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлер жайынан жанама түсінік берер диалог – деталь және әлденеше кейіпкерлер арасында өрбіп, үлкен бір ортаның ортақ көзқарасын беруде диалог – полилог түрлері де әр деңгейде қолданылған. Көркемдік амалдың қай түрін алсақ та, қаламгер шығармасында кездесетін диалог үлгілері С. Мұқановтың диалог қолдану арнасының кеңдігін, өзіндік дара жазушылық стилін танытады. Осы орайда профессор А. Ефимовтің: «Шығарма идеясы мен мазмұны жазушының тіл ерекшелігі мен сөйлемінен, оның сөз қолданысының даралық ерекшелігінен көрінеді» деген орынды пікірі ойға оралады. Қаламгердің әр шығармасындағы диалог қолданыс ерекшелігі автордың өзіндік қолтаңбасын, жазушылық шеберлігінің қырларын танытып отырады.

3994 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз