• Ұлттану
  • 08 Ақпан, 2012

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕгі бірізділік қайда апарады?

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қырық жылдан астам уақыт халық ағарту саласында еңбек етіп келе жатқан белгілі ұстаз-ғалым, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – экономика ғылымдарының докторы, профессор Дәлетбақов Бақытқанның қазақстандық жоғары білім берудің әлемдік білім беру кеңістігіндегі жан-жақты дамуына байланысты айтар ойы, өзіндік көзқарасы бар. Осы мәселелер төңірегінде ой бөлісу мақсатында онымен сұхбаттасудың реті келген еді.

– Бәке, алдымен білім берудің әлемдік бағыты жөнінде айтсаңыз?

– 2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Жапон мемлекетінің ұсынысы бойынша 2005-2015 жылдары «Білімді тұрақты дамыту декадасы» болып жарияланды. Бұл декада адамзат алдындағы ғаламдық проблемаларды барлық елдердің білім жүйесін бір кеңістікте өзара үйлестіріп, қарқынды және тиімді дамыту арқылы шешу мақсаттарын белгіледі. Білімді тұрақты дамыту тұжырымдамасы осыған дейін ЮНЕСКО аясында 1990 жылы Джомтьенде (Тайланд) өткен білім жөніндегі әлемдік форумда және 2000 жылы Дакарда қабылданған, білім саласында 6 түрлі басты мақсатты белгілеген «Баршаға білім беру» бағдарламаларымен, 2003 жылы БҰҰ қабылдаған «Сауатсыздықпен күрестің он жылдығы» бағдарламасымен астасып жатыр және соларды бір жүйеге біріктіретін басты бағдарлама.

Осыған сәйкес Қазақстанның Болон үдерісіне енуіне сәйкес, әлемдік білім кеңістігіне бағыт алуда мемлекетіміздің Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2015 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Министрлік қабылдаған білім беруді дамыту тұжырымдамасында жоғары білімге тән біліктілікті өзара тану жөніндегі Лиссабон конвенциясының, жаңа қоғамның даму сатысына лайық мамандар даярлау үрдісін айқындаған Болон декларациясының негізгі ұстанымдары мен білім берудің халықаралық стандарттық жіктелуіне сәйкес бірқатар өзгерістердің көрініс табуы да содан. Олардың қатарындағы ең бастылары: 12 жылдық орта білім беру, магистратураны жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейіне көшіру және PhD докторлық бағдарламасы негізінде жаңа үлгідегі ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау, ЖОО-ның білім беру жүйесін кредиттік білім беру жүйесіне көшіру.

– Бәке, осы орайда Қазақстанның білім беру жүйесі әлемдік білім беру жүйесіне енуі¬не байланысты, жоғары білім беру жү¬йе¬сіне қойылатын халықаралық талаптар қандай, сол жөнінде айтып өтсеңіз.

– Жоғары мектептің қоғамдағы жаңа рөлін, жаңа миссиясы мен міндеттерін шын мәнісінде, нақ¬тылы бағалай білу, іс жүзіне асыру; жоғары мек¬тептің өкіметпен, биліктің басқа да тармақтарымен, қоғаммен және көптеген қоғамдық ұйымдармен тең құқылы қарым-қатынасын қамтамасыз ету; университеттердің автономиялық мәртебесін кө¬теріп, академиялық дербестігін қамтамасыз ету; білім беру жүйесін басқаруда және реформалау ісінде демократиялық принциптерді кеңінен қолдану; еңбек рыногында сұраныстардың түбегейлі өзгергенін және халықаралық еңбек рыногы қалыптаса бастағанын ескеру; ғылымның ұдайы дамуы арқасында көптеген университет пәндерінің маз¬мұны өзгеріп, жаңарып, жаңа пәндер пайда болғанын, оқытудың пәнаралық әдістері дамығанын, білім мен ғылым арасында үдемелі интеграциялық үрдістің тұрақты түрде жүретінін негізге алу; оқыту үрдісінде ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, Интернеттің кеңінен орын алуын, қашықтықтан оқыту және виртуальды оқыту түрле¬рінің дамуын, виртуальды университеттердің бара-бара көбеюін қамтамасыз ету; жаңа педагогикалық технология кезінде университет мұғалім¬дерінің дәстүрлі орны өзгергенімен, оқыту және тәрбие жұмысында олардың рөлі бұрынғыдан да кү¬шейе¬тіндігін мойындау. Сондықтан университет мұға¬лімдерінің мәртебесі жөнінде 1997 жылы ЮНЕСКО ресми қабылдаған ұсыныстарды іс жүзіне асыра отырып, олардың материалдық жағдайын жақсартып, әлеуметтік, құқықтық мәртебесін көтеру;

Осы ретте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында тағы да жан-жақты қарастырды. Осыған сай 2020 жылға қарай білім беру жүйе¬сінің барлық деңгейі жаңартылатын болады.

Сонымен, 11 наурыз 2010 жылы Қазақстан Бо¬лон үдерісіне қосылды. Ол туралы шешім Болон үде¬рісіне қатысушы елдердің Білім және ғылым министрі, Ғылым комитетімен қабылданды.

– Осы орайда, бірнеше сұрақ туындап отыр: Болон үдерісі білім беру реформасының қажеттігі біздің қажетімізге жарай ма?

– Бұл орайда, Еуропа көп жағдайда өзін біртұтас бүтін санайды. Жоғары білім қоғамның құрылуына елеулі ықпал ететін сала болып табылады,

Сондықтан да, олар «Біліктілікті» бүркеу етіп «Біртұтас Еуропа» қағидалары негізінде еңбек (жұмыс күші), тауарлар мен капиталдың еркін айналуын көздейді, осындай білім «бизнесі» жағдайында жоғары білікті ұлтық қазақ тілді кадрлардың еркін қозғалысы болуы мүмкін емес. Сондықтан білім жүйелерінің ұлттық ерекшелігінің ескерілмеуі және оның шашыраңқылығы, ала-құлалығы табыс¬ты бәсекелестікке апармайды.

– Жоғары білімнің үш сатылы жүйесінің ерекшелігі қандай?

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстанда үш сатылы дайындық жүйесі қалыптасты. Бірінші саты» – бакалавриат (нормативті оқу мерзімі 4 жыл), екінші – магистратура (оқу мерзімі 1-2 жыл). Бұл жүйе PhD докторларын және жоғары мектеп пен ғылым үшін докторлар дайындайды.

Бұл орайда, айта кету қерек, Білім және ғылым министрлігі ұлттық білім беру жүйесінде мектепке дейінгі білімнен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру арасындағы білім берудің бірізділігін, сабақтастығын қамтамасыз етуге ерекше маңыз беріп отыр.

Бірақ, ол оңай болып тұрған жоқ.

Бірінші мәселе, білім берудің бірізділігіне қатысты ерекшелікке тоқталайық:

12 жылдық білім беруге көшудің басталу мер¬зімі 2015 жыл болып белгіленгенімен, оның базалық негізінің фундаменті құйылғанымен, әлі қабырғасы қаланған жоқ, олай дейтінім, қараңыз, ол үшін біз жаңа мазмұндағы стандарттар, оқу жоспарларын, сапалы білім негізін құрайтын сапалы оқулықтар әзірлеу; мұғалімдердің мәртебесін көтеру. Бұлардың бәрі 12 жылдық мектеп моделін жоғары білімнің үш сатылы жүйесімен байланыстырудың беймәлім түсініксіз жақтарын құрайды (мысалы, 12 жылдық – лицей – үш саты; 12 жылдық - колледж – үш саты; 12 жылдық - академия – үш саты. Егер біздің дәстүрлі білім беру жүйе¬мізде 17-18 жастағы мектеп түлектері нақты бір маман¬дықты таңдауға міндетті болса, көп деңгейлік жүйеде мұндай жауапкершілік кейінге ысырылып, бака¬лавриатты тәмамдаған 21-22 жастағы, яғни оң-солын таныған жастарға жүктеледі т.б.).

Дәл осы уақытта мен бұл жүйенің дәстүрлі жүй嬬мізден артықшылығын көріп тұрған жоқпын!. Бұл орайда, батыстың үлгілеріне сілтеме жасай отыра, біз кейбір елдерде дәстүрлі жүйемізге өте ұқсас оқу бағдарламаларының және ғылыми кадрларды аттестациялау тәртібінің бар екендігі туралы ештеңе айтпаймыз.

Менің ойымша, дәстүрлі жүйемізде қалыптасқан жалпы орта білімді міндетті түрде мектепте беру қажет, өйткені білімнің нағыз қайнар көзі мектепте қалыптасады, ал кейбіреулердің мектеп жасынан, ал тіпті біреулердің балабақша кезінен бастап «бірбағытты» түрде даярлау қажет дегендер¬дің пікірлерімен мен келіспеймін (өнер мен спорттан басқа).

Жарайды, жалпы орта білім алғаннан кейін, оны қажетіне қарай білімін, дағдылары мен икемділік¬теріне қарай толықтырып, жаңартып отыруға үйрету қажет дегенмен толық келісемін.

– Болон үдерісінің құжаттары білім жүй嬬лерінің ұлттық ерекшелігін ескере ме?

– Жалпы қазіргі уақытта батысеуропалық ел¬дер¬дегі білім жүйелері біртектіліктен әлі алыс; олардың қаншалықты жақындасатынын – болашақ көр¬сетеді. Қандай жағдайда болмасын, Болон үдері¬сінің құжаттары білім жүйелерінің ұлттық ерек-ше¬лігін ескеру қажет.

Дегенмен, мәдениетте кез келген біріздендіру («бірбағыттылық») қауіпті: ол сөзсіз тоқырауға алып келеді, өйткені нақ саналуандық, түрлі жүйе¬лердің өзара әрекеті оң дамудың көзі болмақ. Әр ұлттың мәдениетінде өзінің, тек соған тән ға¬на мін-деті, жалпы адамзаттық қазынаға қосар өз үлесі бар, ал жаһандану екпінімен тіпті бір ғана мәдениетті жою – бұл әлемдік масштабтағы қа¬сірет!.

Екінші мәселе, білім берудің дәрежелігіне қатысты ерекшелікке тоқталайық:

– Батыстық білім жүйесі бакалаврларды белгілі бір ғылымның жалпы бағыты бойынша дайындаса, біздің жағдайда жоғары оқу орындарында бакалавриатты бітірген соң, «бакалавр» академиялық дәре¬жесі беріледі де, кәсіби біліктілік берілмейді, яғни бітірушілер жоғары кәсіби білімді мамандар тобына кірмейді. Мұндай мамандар біздің өндіріс орындарында жұмысқа қабылданады, бірақ ол толыққанды жоғары кәсіби білімді маман ретінде қабылданбайды. Жұмыс берушілер тарапынан, әсіресе ірі шетелдік компаниялардың бүгінгі жас маманға көңіл толмаушылықтың негізгі бірден-бір себебі де осында сияқты. Сондықтан да жоғары оқу орнынан кейін «бакалавр» академиялық дәре¬жесі бар маманға қосымша кәсіби білім берудің жолдары беймәлім.

– Шет елдерде кәсіпорындар бакалаврларды жұмысқа қабылдағаннан соң оларды арнайы ма¬шықтан¬дырудан өткізіп, өздеріне керекті мамандарды «сомдап» алады, ал біздің жұмыс беруші¬леріміз мұндай шығынға бармай, дайын мамандарды талап етуде. Ойға қонбайтын тағы бір мәселе – нақты бір мамандық иесі болып шыққан біздің бакалаврлардың кез келген мамандықтың магистратурасына түсе алуы. Бұл жағдайды шетел¬дік жүйе¬нің сәтсіз көшірмесі ретінде тануға болады. Өйткені олардың бакалаврлары ғылымның жалпы бағыты бойынша жоғары білім алып шығып, кейіннен оның белгілі бір мамандығы шеңбе¬рінде магистратураға түседі.

Сонда, қалай, «бакалавр» академиялық дәре¬жесін алған педагог-маманның, жоғары кәсіби білі¬мі жоқ, яғни кешегі кеңестік заманмен салыстырсақ, білімі – орта. Ал, ол жоғары білім дәреже¬сін алу үшін магистратураны бітіруі қажет. Ол мектеп мұға-лімдері үшін қалай шешілмек?

Мемлекеттік бағдарламада педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау және ынталандыру нәтижесінде олардың біліміне қарай орташа еңбекақысы 2015 жылға қарай жеке сектор жалақысы деңгейіне жеткізілетіні нақты айтылған. Бұл өте құптарлық іс. Бірақ, ертеңгі күні орта білімді¬лердің жалақысы да «орта» - болады деп, айтылмауына кім кепілдік береді?

– Бұл да беймәлім.

Үшінші мәселе, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің ерекшеліктеріне тоқталайық:

Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын жасауда жоғары оқу орындарының таңдау пәндері көлемін бакалавриатта 70 пайызға дейін, магистратурада 80 пайызға дейін, докторантурада 95 пайызға дейін арттыру бағытында жұмыс жасап жатыр. Бұл – келешекте жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін қамтамасыз етуге, кәсіби білім беру бағдарламасын жұмыс беруші¬лермен біріге отырып жасауға жол ашады.

Бірақ, бұл орайда білім алушылар маңыздылығы жағынан жеңілдеу пәндерді таңдайды. Атап айтсақ, қазіргі жағдайда жоғары оқу орындарының экономика саласы бойынша таңдау пәндерінен математикалық әдіс-тәсілдермен байланысты оқы-латын пәндер алынып тасталған. Бұл сын көтер¬мейтін мәселе. Бұл өз кезегінде оқушылардың білім деңгейінің сапасының төмендеуіне, оқытушылар арасында оқу жүктемесінің өзгеруіне әкеліп, кейбі¬реу¬лерінің жұмыстан қысқартылуына да себепкер болады. Ал, кейбіреулер жақсы бағаларға қол жеткізу ниетімен басын қатырмай «ля-ля», «иә-жоқ», «же¬ңілдің – астымен, ауырдың – үстімен», дегендей принциптерді желеу етіп қиын пәндерді, қатал оқытушыларды таңдамауы да мүмкін.

– Бәке, өзіңізге белгілі, маманның бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы, өндіріс пен қоғамның өркендеуі білім беру жүйесінің үздіксіз және сапалы өсуімен өзара байланысты факторлардың әсері¬нен екені ай¬ғақ. Осы жоғарыда «сапа» деген сөзді бір¬неше рет айтып қалдыңыз. Мұның мәні неде?

– Мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес білім жүйесін жаңа сапалық деңгейде жаңғырту мемлекет мүддесіне жауап беретін игілікті іс болып табылады.

– Әлемдік білім кеңістігіне ену Қазақстанның жоғары оқу орындары халықаралық стандарттау ұйымы /ІSO – Іnternatіonal Standard Organіsatіon/ дайындаған 2000 жылғы нұсқаудағы ІSO 9000 стандарттар сериясының талаптарынан кем түспейтін, ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілген сапалы білім беру қызметін ұсынғанда ғана мүмкін болады. Себебі, ХХІ ғасыр – білім, ғылым және сапа ғасыры. Осы үшеуі элитарлық білімнің де негізі болып табылады. Біз жоғары оқу орындарын тек білім беруші мекеме деген қарапайым біржақты түсініктен арылып, оның ғылымның да бастауы және орталығы екенін ұғын¬ғанымыз абзал. Өйткені, элитарлық білімді ғылым жетістігінсіз беру мүмкін емес, ал оның деңгейін анықтайтын өлшем – сапа. Ендеше, біз жалпыға бірдей жоғары білім беруден элитарлық білім беруге біртіндеп көшуіміз керек.

– Мемлекеттік бағдарламада 2020 жылға қарай ақпараттық-коммуникациялық тех¬¬нологиялар жүйе¬сін пайдаланып өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жасына, білімі мен кәсіби біліктілік деңгейіне қарамастан азаматтардың білім алуға деген қажеттілік¬те¬рін қанағаттандыруға мүмкіндік жасалатын болады. Бұл бағытта өзіңіз қызмет істеп жүр¬ген университетте атқарылатын істердің ауқымы қандай болмақ?

– Бүгінде еліміздің білім беру жүйесінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, күн¬нен-күнге үдеп келе жатқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, еңбек нарығындағы бәсе¬келестіктің артуы жоғары оқу орнын бітіруші¬лерге қойылатын талаптарды күшейтуде. Осы орайда, әлемдік тәжірибеде қашықтықтан білім берудің орны ерекшеленіп тұр. Сондықтан бүгінде Қазақстан білім берудің «Қашықтықтан оқыту» технологиясын игеруге бет бұрып отыр.

Қазір дәстүрлі қашықтықтан оқыту, электронды қашықтықтан оқыту, аудиториялық сабаққа түрлі электронды құралдарды пайдалану сияқты қашықтықтан оқыту үлгісінің 2000-ға жуық түрі бар екен. Соның ішінде еліміздің жоғары оқу орындарында кейс, желілі және телевидение сынды ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарының көмегімен қашықтықтан оқыту түрі таңдал¬ған-ды.

Осыған сәйкес Алматы технологиялық универ¬ситетінде (АТУ) қашықтықтан оқыту факультеті (ҚОФ) Ақпараттық басқару технологиялар орталығымен бірлесіп 28 мамандық бойынша «Қашықтықтан оқыту» технологиясы білім беру аясында электрондық білім беру технологияларын тиімді пайдаланып, студенттердің білімді игеру процесін ұйымдастыруды және басқаруды жақсарту жолында көптеген игі шараларды жүзеге асырды.

Осы уақытта АТУ e-Learnіng қашықтан оқыту, элек¬тронды оқыту жүйесін оптималды жүргізуге барлық қолдан келген мүмкіндіктерді пайдалана отырып жетуде. ҚОФ-та қашықтықтан оқыту кейстік және желілік қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша жүзеге асырылады. Курстық кейстер университетте жасалған қашықтықтан оқы¬тудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде, мамандықтың оқу жоспарларына сәйкес құрылады.

Желілік қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша оқытылатын студенттер оқып жатқан пән бойынша оқу – әдістемелік кешенді және барлық қажетті қосымша ақпаратты университет сайтынан, оқу Web – порталында ала алады. Қазіргі кезде порталда АТУ-дың барлық кафедрасы бойынша оқу ресурстары орналасқан.

Осы тұрғыдан алғанда, біз үшін «Қашықтықтан оқыту» курсы бойынша кейс-мүмкіндігін пайдалана отырып бизнес сабақтарын оқытудың барынша мүмкіндігін пайдаланып, қолдану аясын кеңейте беру және білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы студенттердің білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, студенттердің ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттыру болмақ.

Қорыта айтқанда, АТУ Қазақстандық жоғары білім беру жүйесі аясында әлемдік тәжірибенің жетістіктерін пайдалана отырып жалпы әлемдік тенденциялар ағымында қарышты қадаммен дамып келеді. Әрине, бұл тұста университет ректоры, академик Қ. С. Құлажановтың ерен еңбегін атап өткен жөн болар.

784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы