• Еркін ой мінбері
  • 11 Қазан, 2011

Атағы қалың елге түгел жеткен

Шәңкі шешен Қостанай облысына қарасты Сарыкөл ауданында 1811 жылы туған. Тоқсанға таянып барып 1899 жылы қайтыс болған. Шәңкінің әкесі Меңдеке белгілі батыр. Арғынның Қанжығалы руына жатады. «История Казахстана в русских источниках ХҮІ -XX веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 537 бетте) кітабындағы 115-ші санмен белгіленген құжатта: «1855 ж. – Құсмұрын округінің Бидалы-Уақ-Ақтасты-Арғын-Қанжығалы болысының биі Шәңкі Мендекиннің формулярлық тізімі берілген. Онда оның 53 жаста болғаны, мұсылман дінінде екені және патша үкіметінен 42 рубль 85 тиын мөлшерінде күміспен жалақы алып тұратыны айтылған. Осы құжатта оның болыс болып сайланғаны және 1841 жылдың 1 қаңтарында болыстыққа бекітілгені жазылған. Отбасы туралы «женат на киргизских дочерях Айдын и Балған, у них дети: сыновья Тукуч 22 лет, Турлубек 10 лет и Сазыбек 6 лет, дочери Табыч 16 лет, Мантукай 11 лет, Рахия 9 лет и Рухия 8 лет. Жены и дети находятся при нем, магометанского исповедания», – деп көрсетілген. Құжатқа заседатель Лагунов пен секретарь Барковский қолдарын қойған. Олар көрсеткен кісі аттарының немесе жер атауларының кейбірі қате жазылып кетуі де ықтимал. Мәселен, осы құжатта Құсмұрын орыс тілінде Кишмурун деп жазылған. Ғаббас Баталов «Өзімді өзім тани білсем» деген кітабында: («Дәуір» баспасы, 2001 ж.) «Шәңкі Меңдекеұлы 1811 жылы туған. Қабірі Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданында Ленинград кеңшарының Қар бөлімшесіндегі Бозшагүл көлінің (біздің ойымызша, Бозшакөл автор жазып отыр. (А. Ш.) түстік шығысындағы қара бейітте» – деп жазады.Осы бейіттегі құлпытасқа: Шәңкі би Меңдеке батыр ұлы. Руы Арғын ішінде Қанжығалы тайпасы. 1811-1844. Қасында інілері Шаупкел батырдың, Бадрақтың, Аркайдің бейіттері бар» деген жазу жазылған. Мұндағы қайтқан жылы дұрыс көрсетілді ме, әлде қате жазылды ма, ол жағы дүдәмал. Шаупкел дегені – Шауыпкел. Бадрақ – Бадырақ. Мұрағат деректеріне сүйенсек, бидің қарауында 1840 жылы 7 адам болған Дәулеті – 200 жылқы, 20 қара мал, 200 қой екені көрсетілген (ҚазССР Орталық мемлекеттік мұрағаты. 345 қор,1 жазба,1869 іс). Н.Төреқұлұлы құрастырған «Қазақтың 100 би-шешені» жинағында Шәңкінің аталас ағасы Саққұлақ шешеннен көп тәлім-тәрбие алғаны айтылады». Осы кітапта атығай елінің атақты биі Зілқараның асында қонақтардың қолына су құйып жүрген бала Шәңкі байқамай жығылып қалғаны туралы және баланың сонда айтқан сөзі жазылған. Бірақ, осы сөздің қалай айтылғаны тәптіштеп жазылмаған. Ел аузынан естіген сөзге қарағанда, Зілқараның Әлібек деген баласы әкесінің көзі тірісінде асын беремін деп үш жүзге хабар салған. Содан үш жүздің игі жақсылары жиналып отырғанда Мама би ешкімге бермей сөйлеп отырады, сонда Әлібек: «Уа, ұлы жүздің жақсылары, мына кісіге бірдеңе деп айтпайсыздар ма? «Ұлы жүзді қауға бер де, малға қой!» дегені рас болғаны ма?!» – дейді. Тағы ешкім үндемейді. Әлібек: «Ендеше орта жүздің жақсылары, сіздер неге жақ ашпайсыздар? «Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой» деген қайда?», – депті. Сол сәтте қонақтардың қолына су құйып келе жатқан бала Шәңкі жығылып қалса керек. Мама би отырып: «Бала, алған олжаңнан маған да бер. Әлібекті де құр қойма», – депті. Төсенішті сүртіп, далаға шығып кеткен бала қайтып оралып: «Уа, тақсырлар, бір-екі ауыз сөзім бар еді, ұрықсат берсеңіздер!», – депті. Сондағы Шәңкінің айтқаны: «Уа, күнді күн деп кім айтар, Қызарып барып батпаса, Таңды таң деп кім айтар Сарғайып барып атпаса. Орданы орда деп кім айтар, Біз секілді күтуші Жығылып-сүрініп жатпаса. Иттің ит екенін кім білер Тақымнан алып қаппаса. Қас жақсының белгісі Айтқан сөзге тоқтайды. Қас жаманның белгісі Түгіңді қоймай боқтайды. Уа,биім! Бұл дәурен сенен де өтер, Осы айтқан сөзім түбіңе жетер!» Сонда отырған ұлы жүздің бір биі: «Мама би, ана балаға бірдеңе десеңші, баладан алған олжаңды үш жүзге бірдей бөлсеңші, бүйтіп тірі отырғанша өзіңді өзің көмсеңші», – дейді. Мама биден тер бұрқ ете түсіп, жауап таба алмай қалған деседі. Төкіш деген елге сыйлы кісі қайтыс болғанда. Шәңкі оның қайтқанын естімей, көңілін сұрауға Қызылжарға аттанады. Керей елі оның келе жатқанынан құлақтанып Арықбай би арнайы кісі жіберіп, алдынан тосып алып: «Би сізді қонақ болып кетсін деп еді», – деп ертіп алып кетеді. Содан керейдің игі жақсылары бас қосып, енді қалай естіртер екен деп күтіп отырады. Ас ішіліп болғаннан кейін бір мезетте Арықбай сөйлеп кетеді. «Уа, тура келген ажалға Айтатұғын сөз бар ма?! Бағынбайтын Аллаға, Басып өтер зор бар ма?! Қайғы алмаған көкірек, Жас алмаған көз бар ма, Нұрланған сипат көріктен Өзгермеген жүз бар ма?! Өзі көркем бұл дүния, Іші қызық бір сарай, Зейнеті мұның опасыз, Болсаң-дағы қанша бай?! Мінсіз біткен шынардың Жайқалып шыққан бұтағы Үнемі тұрмас қурамай. Басы шаттық дүнияның Ақыры қайғы, бір ойбай. Шәңкі, осы не деген сөз?! Мен түсіне алмай жүрмін», – дейді. Мұны естіген Шәңкі: «Төкіш өлген екен ғой», – деп етпетінен жата кеткен екен. Бұл туралы Ақан сері өзінің өлеңінде былай дейді: «Ақ жолда Меңдекеұлы Шәңкі болды, Атақты орта жүзге даңқы болды. Төкіш те Қызылжарда қайтыс болып, Белгілі жақсылардың арты болды». Шәңкі шешен қарауыл еліне барғанда бір молда қайта-қайта шариғат айтып, мазасын алады. Сонда би отырып: «Молдеке, осы ағузу, бисмилла айтылмай орындалатын парыз бар ма?», депті. «Ағузу, бисмилла айтылмай парыз, сүннәт орындалмайды», – дейді молда. Шәңкі: «Надан молда екенсіз. Мұсылманның баласы үйге кіріп келгенде үлкендерге «ассалаумаһалайкүм!» деп сәлем берсе, сүннәт емес пе?! Онда бисмилла айтылмайды. Отырған кісілер сәлемін алып: «уаһалайкүмассалам!» десе, парыз емес пе?! Бұған да бисмилла айтылмайды. Осыны білмей қалай молда болып жүрсіз?» – дейді. Бидің өзі: «Білгенге сөзім сом алтын, білмегенге арам ас», – деп сөз өнерін бәрінен де биік қойған. Сайдалының Аққошқарына айтқан: «Аққу құстың төресі Жалғыз жүріп оттамас Ханзаданың баласы Арам дауды жоқтамас», – деген сөзінен кейін екі елдің арасындағы дау- дамай да оңтайлы шешімін тапқан. Сөйтіп «кере-кере сөйлесе келін дауы келесі жылы бітеді, келісіммен сөйлесе, ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді» – деп бидің өзі тауып айтқанындай, қайтқан кісінің құны жүз жылқыға бағаланып, оның жартысын аталары арғынның әруағына кешеді. Ердің құны елу жылқымен бітеді. Шәңкі биден бата алған кісілер де көп болған деседі. Шәңкі шешеннің Бөлтірікке берген батасы мынандай: «Сөйлескенде жібітем Қатып қалған қатаңды, Ат орнына өткіздім Дауласқанда шапанды. Он жеті жаста атамыз Жасанған жауды түсіріп, Астынан тұлпар ат алды. Жаудан жылқы айырып, Жаудың бетін қайырып, Меңдеке батыр атанды. Қолыңды жайшы, Бөлтірік, Құдай өзі бер деп тұр, Берейін саған батамды. Халқыңа бол қадірлі, Қайырмасын бетіңді. Арыстандай айбатты, Дұшпанға сөзің өтімді, Жетсін жеті атаңа Актілеп берген секілді. Аллау әкпар!» Сонда Бөлтірік: «Қонды білем, денем шымыр ете түсті», – депті. Шәңкінің: «Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ, бұрып берсе төрені, ақиретте оған иман жоқ», – деген сөзі билердің кредосы тәрізді естіледі. Танымал би кезінде ел аузында айдын көлдің аққуы, алты алаштың ақ туы атанған. Шәңкі Тоқсан бимен кеңесіп отырғандаТоқсан: «Мені мен сенен кейін өзімізге тартып бала туар ма екен?» – дегенде Шәңкі: «Тоқсан би, сенің балаң сен болмайды, Менің балам, әрине, мен болмайды, Өзіміз бұл дүниядан өткеннен соң Олар да қатарынан кем болмайды», – деген екен. Уақ Қозыбай бірде Керей Торсан болыстың үйіне қонаққа барады. Қозыбай Шәңкі биді тәте дейді екен. Сөз арасында «біздің тәтеміз солай деуші еді, былай деуші еді» деп бірнеше рет айтса керек. Сонда Торсан тұрып: «Қанжығалының бір алжыған шалының сөзінен басқа айтатын сөз жоқ па?» –депті. Қозыбай: «Сенің әкеңнің щошқа баққанын айтайын ба?» – дейді. Бұл сөзге қатты шамданған Торсан болыс кейінірек Қозыбайды баласымен қосып жер аудартады. Қозыбай Семей жеріне келіп, Темірғали деген болыстың үйінің сыртында тұрып, жанындағы атқосшысын жұмсайды. «Түсуге рұқсат сұрап кел!» – дейді. Сонда болыс: «Мына жанымыздағы үйге түсе тұрыңдар, үйде сыйлы қонақ бар еді», – депті. Қозыбай атқосшысын қайта жұмсап: «Қонағы жақсы қонақ болса, қонағына мен қонақ, қонағы жаман болса, маған қонақ деп айта бар» – дейді. Сонда Темірғали: «Сібірден Қозыбай деген бір қу келеді деуші еді, сол шығар, кірсін ендеше», – деп, амандасқаннан кейін, Қозыбайға былай дейді: «Биікке шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады. Батыр аңғырт, бай салғырт, арыстанға темір шынжырдың ауырлығы жоқ, кәпірден көрген істің арлылығы жоқ, сайран да сайран, сергелдең де сайран, мынау сергелдең сапарың қайырлы болсын!» Семей жерінде Қозыбайға Бекболат би кездесіп, былайша көңілін білдіреді: «Уа, інім! Еліңде жақсы көп болса, пайдасы тиеді, содырлы сотқар көп болса, найзасы тиеді, кең қолтық, қоғамшыл болсаң, халқың сүйеді, жақсыға жаманнан кесір, жақсы елден кетсе, ел жесір, осы шыққан сапардан аман-есен барсаң, Өзіне дұшпандық қылған кісіге жібектей болып есіл! Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас, дәм-тұзыңды шеттен жазса, басыңда ерік болмас, дәм-тұзды бізден жазса, топырағыңды еліңнен жазсын! Аққу құстай қалықтап қайта айналып көліңе қонып, көбіне қосылуды Алла нәсіп етсін!» – дейді. Тағы да керей Сауытбай кездесіп: «ғаламаттың екі ойы бар деп еді, бірі қайран, бірі ойран, соның қайранын басыңыздан атқарып, арыстаным, аман келдің бе? Алла-тағала енді ойранынан сақтасын!» – депті. Осы әңгімелердің өзінен біз кезінде Шәңкінің өзіндік шешендік мектебі қалыптасқанын, оның көп сөзі кейінгілерге үлгі болғанын аңғарамыз. Ғ. Баталов: «Шәңкі тоқты-торымның дауына араласатын «дәркілдек» би емес, ол ағайын-ру татулығын қамтитын әділ шындыққа билік еткен, дәулетіне қарай бай, жарлы демей, ия ата-тегіне қарамай, ия ер-әйел демей, туралық билігін де кесіп айтқан. Сол мінездері үшін халқы оны сүйіп Шәңкі деген атын «Тәтең» деп ауыстырып, бүкіл орта жүзге Тәтең атанған» – дейді. Шәңкі шешеннің көптеген сөздері «Ел аузынан», «Қазақтың би шешендері» деген кітаптарда жарық көрген. Бірақ, әлі де жинастырылмаған, қағаз бетіне түспеген қазынасы баршылық. Ақылбек Шаяхмет, ақын, филология ғылымдарының кандидаты

1088 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз