• Тарих толқынында
  • 08 Ақпан, 2012

Уақыттың тезінен сүрінбей өткен басылым

Ұлттық қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының 90 жылдық мерейтойына арнал¬ған салтанатты жиын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің үлкен мәжіліс залында болып өтті. Тәуелсіздік таңымен бірге «Ақиқат» ұлттық-саяси журналына айналып, егеменді елімізді көркейтуге, мемлекеттілігімізді нығайтуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан бұл басылымның 90 жылдық мерейтойына арнал¬ған салтанатты жиын өткен жылдың 2 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үлкен мәжіліс залында болып өтті. 90 жыл – бір адамның ғұмыры үшін аз емес, бір басылым үшін көп емес. Сонау 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында алғашқы нөмірі «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген «Ақиқат» журналы тоқсанның тұғырына ел мен жердің, кемел сөздің келешегін ойлап келіп отыр. «Ақиқат» журналының мерейтойына арналған салтанатты жиын мен ғылыми басылымның 90 жылдығына және Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияны «Қазақ газет¬тері» ЖШС-і мен ұлттық журналистиканың ұстаханасы іспетті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп өткізді. Уақыттың сан қырлы тезінен сүрінбей өткен абыз жастағы басылымның белестік басқосуына жур¬налдың әр кезеңдегі бас редакторлары мен тұрақты авторлары, басылымда әр жылдары қызмет еткен журналистер мен ғалымдар және журналистика факуль¬те¬тінің студенттері қатысты. Бұл күнде «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамына кіретін «Ақиқат» журналын 90 жылдық мерейтойымен құттықтаған жүрекжарды лебіздер нөпірі басылымның мерекелік арнайы нөмірінде жарияланды. Оған үлгір¬меген құттықтаулар халықаралық жиын барысында айтылды, енді қалған салиқалы құттықтаулар жеделхаттармен, электронды поштамен де келіп жатты. Соның ішінде елдің басшылық қызметтерінде жүрген белгілі тұлғалардың құттықтауларына тоқталып өтейік. Өзіндік үні бар басылымға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жолдаған құт¬тық¬тауында: «Еліміз егемендік алған сәт¬тен жұртшылыққа «Ақиқат» деген атпен етене таныс басылымның тарихы тым тереңде жатыр. Сондықтан да, ғұмырында ел мүддесі мен ұлт мұратына қызмет еткен абыз басылымның мерейлі тойы баршамызға ортақ. Өзінің 90 жылдық тарихында ақиқаттың ақ жолын ұран еткен «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы тұтас бір дәуірдің шежіресіне, қазақ баспа¬сө¬зінің іргелі ордасына айналды. Бұл орайда журналдың негізін қалаған Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов сынды мемлекет қайрат¬кер¬лерінің қарашаңырақта қолтаңбалары қалған ұлт зиялыларының, бірнеше буын қазақ журналистерінің, солардың ізгі дәс¬¬түрін үзбей жалғастырып келе жат- қан сіздердің кәсіби ұжымдарыңыздың еңбегі орасан» делінген. Сонымен бірге «90 жыл баспасөзі кенжелеу дамыған қазақ қоғамы үшін айтарлықтай көп уақыт. Сондықтан біз «Ақи¬қаттың» келбетінен абыз ақсақалдың ай¬бы¬нын көргендей боламыз», - деп Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Ақиқаттың» бүгінгі тынысын айқындап, қолтаңбасын қалыптастырып отырған ұжымның қаламгерлеріне шынайы тілегін білдірді. Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев 90 жыл ішінде бұл киелі басылым Қазақстан деп аталатын тә¬уелсіз еліміздің даму, өсу, қалыптасу, кемелдену, егемендік алу кезеңдерінің жыл¬намасы бола білгендігін алға тартады. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов басылымның мәнді де мазмұн¬ды болуына қызмет еткен Сұлтан Сегіз¬баев, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов сынды журналистиканың қара нарларын тілге тиек етіпті. «…Әуел баста «саясат, білім, шаруашылық һәм әдебиет» органы ретінде, яғни әмбебап журнал ретінде жарық көрген «Қызыл Қазақстаннан» арна тартатын бұл басылымның отандық журналистикада алар орны айрықша. «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген сияқты атау¬лармен шығып тұрған жылдарда да оның беттерінде заман, қоғам, адам жайындағы тағылымды талдауға толы терең толғаныс¬тар талай жарияланды. Тәуелсіздіктің таң¬сәрі шағында «Ақиқат» атанғалы бері бұл басылымның тың тынысы ашылып, мемлекетшіл ойдың еркін мінберіне айналды. Журналдың қазақ тілінің саяси лек¬сиконын ұштауға, ғылыми терминологияны қалыптастыруға қосып келе жат¬қан үлесі үлкен», – дейді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ пре¬зи¬денті Сауытбек Абдрахманов өзінің құт¬тықтау сөзінде. Қалған құттықтаулардың бір парасын конференция модераторы «Қазақ газет¬тері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин оқып берді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұ¬сында еліміздің рухани құндылықтары да тарихи мәнге ие арнаулы датамен сәйкес келіп отырған «Ақиқат» журналының 90 жылдығына арналған ақ тілектер легі мұ¬нымен де толастамайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атын¬дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сияқты еліміз¬де¬гі іргелі жоғары оқу орындары да «Ақи¬қаттың» 90 жылдығына ортақтасып, өзде¬рінің жылы лебіздерін білдірген хаттарын жолдады. «Ғылыми-танымдық журналистиканы дамытуда «Ақиқат» журналы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ондағы жарық көрген әрбір жарияланымның журналистика факультетінің сту¬дент¬тері үшін тағылымдық мәні зор деп бі¬лемін», дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Өзінің алғашқы қадамымен халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамдық-саяси ойдың қалыптасуына ерекше әсерін тигізген – «Ақиқат» журналының тарихымыз үшін атқарған қыз¬меті шексіз, – дейді Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Осы құттықтау лебіздермен-ақ «Ақиқат» журналының қа¬зақ журналистикасындағы орнын әрі қарай шегендей беруге болады. Ұлттың тағдырына барынша игі шарапатын тигі¬зуге ұмтылған байырғы басылымның мерейтойына Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жолдаған құттықтаулар журналды ел зиялыларының қалай құрметтейтінін көрсетіп тұрғандай. Айтқандай, «Ақиқат» журналының ше¬жірелі оқиғасына арналған халықаралық конференцияға Польшадағы Н. Коперник университетінің профессоры Ивона Мас¬сака ханым да ортақтасып: «Осы 20 жыл ішінде Қазақстанға келіп-кетіп жүр¬ген поляктар аз емес. Ресейде де жиі боламыз. Алайда, Қазақстан көз алдымызда көркейіп келеді. Мен Польшаға қашан қайтатынымды қазірге білмеймін. Бірақ, сіздердің елдеріңіз жайлы көрген-біл¬ге¬німді өз жерлестеріме сөзсіз айтып баратын боламын», – деді жиынға баға бере сөйлеген сөзінде. Одан бөлек конференцияда Ұлттық университетке келіп дәріс беріп жүрген басқа да шетелдік ғалымдар мен оқытушылар сөз сөйледі. Ұлы тұлғалары сара жолын салып берген «Ақиқат» журналының «Мәдени мұ¬ра», «Орны бөлек ағалар», «Жас ғалым мінбері», «Білгенге – маржан», т. б. айдарларының бүгінгі оқырманға берері көп. Жасампаз ғалымдардың материалдары жас мамандарға арнайы бағыт-бағдар, сіл¬теме ретінде ізашар болып келе жатқаны қуантады. Бұл журналдың дәл қазіргі елі¬міз ұстанып отырған индустриялық-инновациялық бағытында өзіндік орнын айғақ¬таса керек. Сондай-ақ, басылымның әрбір айдарындағы талдамалық мақалалар ғылыми-сараптамалық құнды деректерден тұрады. Ондағы көптеген қаламгерлердің түрлі жанрдағы жазбалары оқырманның тәлім-тәрбиелік мәнін арттыра түсетіні жайында әңгімелеген басылымның байырғы авторлары мен кешегі және бүгінгі басшылары халықаралық конференцияның салмағын арттыра түсті. Халықаралық конференцияның бас баяндамасын жасаған журналдың бас редакторы Мұхитдин Салқынбаев журналдың тарихын тұшымды тілмен тізбектеп берді. Бас редактордың «Ақиқат» – ғасыр шежіресі» атты баяндамасы студенттер үш¬ін күнде туа бермейтін мүмкіндік десе де болады. Академиялық лекцияға бергісіз шежірелі баяндама талай шындықтың шетін тарқатып, кеңінен ақпар берді. …Күнделікті болып жатқан оқиғаларды күнінде, аптасында, айында тасқа басып, мәңгілікке айналдыратын газет-жур¬налдар еді. Ал ол қоғамда әрі күрделі, әрі абыройлы мұндай мерзімді басылымдардың жұмыс істеуі аңыз болатын. Се¬бебі, қазақ даласында мұғалімдік те болды, шипагерлер де болды, тәржімеші-тілмаштар да болды. Ал журналист мамандар болмады. Олар тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Сондықтан да халықтың көзі һәм тілі болған газет-журнал сияқты ақ¬па¬рат құралдары туралы түсінік ол кезде аңыз болған деп айтуға негіз бар деп ойлаймыз, деді Мұхитдин Салқынбаев. Ақиқатында солай болғанын қазақ жур¬налистикасының соқпағын салған алдыңғы буын ағалар анық біледі. Бас редактор журналдың бүгінгі тынысы мен ұс¬танымы, жарияланып жатқан ұсынықты мақалаларды да айналып өткен жоқ. Ендігі «Ақиқатқа» артылар міндет қандай? Қалай десек те, қазақ журналистика¬сында тарихы терең, мазмұны бай, ниеті тү¬зу басылымдар көп емес. Сондықтан да кезегімен сөз алған аузы дуалы ағалардың залда отырған келешектің журналистикасына тапсырмасын кешегілерден жұққан аманат деп те қабылдауға болар еді. Ақын Темірхан Медетбектің зал толы болашақ қаламгерлерге, журналдың бүгінгі шығармашылық ұжымына қаратып айтқан: «Сөз тозбайды! Айтылған сөзге реставрация да жасалмайды. Ең ұлы ескерткіш – сөз. Сіз¬дер сөзден ескерткіш соғып жатырсыздар», – деп әңгіме бастап, арқалы жырымен аяқтағаны да әсерлі сәттің бірі болды. Салтанатты жиында сөз алған Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбек, Мыңбай Рәш, Самат Ибрайым,Ұзақбай Доспамбетов сынды журналистика саңлақтары тағы¬лым¬ды сөздермен әңгімелерін қысқа қайырды. Ақиқат дейтін салмағы зілмауыр ұғым деп әріден сөз бастаған «Қаламгер-медиа» орталығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан қандай кезең болса да қазақ қайраткерлерінің ешқайсысы журналдан іргесін алыстатпағанын айтты. «Қазақ газеттері» ЖШС-і деген атаумен «Ана тілі», «Экономика», «Уйғыр ава¬зи», «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» се¬кілді бір топ басылымды бір ұжымда ұйыс¬тырып, үлкен ұжым басқарып отырған Жұмабек Кенжалин: «Бүгінде «Ақи¬қатты» зиялылар журналы дейді. Ол да рас. Өйткені, журнал өз оқырмандарына қоғамдық-саяси, экономикалық өмірі¬міздегі ең өзекжарды мәселелерді саралап, талдап, байыптап жеткізіп отыр. Бұл үлкен жұмыс, абыройлы міндет! Ал міндет биігінен көрінуді журнал ұжымы өздері¬нің зор парызы санайды. «Ақиқат» журналында қалыптасқан дәстүр сабақтастығы журналистер әулетінің ізгілікті, игілікті, жемісті жұмыс істеуіне ықпал ет¬іп отыр, – деді. Білетін адамның сөзіне ешкімнің алып-қосары жоқ шығар. Осыдан кейін 90 жас дейтін шығармашылық белеске бөлек тыныспен шаршамай жеткен ұжымның бірқатар қыз¬мет¬керлері арнайы құрмет пен марапатқа ие болды. Қазақстан Журналистер Одағы «Ақиқаттың» мерейлі жылын ұмыт қалдырмай, осы Одақтың құрылғанына 50 жылдығына орай мерейтойлық медалімен басылымның ардагер қызметкері, қазақ журналистикасының қай кезде де топ бас¬таған серкесі Сарбас Ақтаевты және 20 жылға жуық «Ақиқатта» қызмет етіп келе жатқан белгілі журналист, бас редактордың орынбасры Қыдыралы Қойтайды марапаттады. Ал еліміздің Мәдениет минис¬трлігі бас редактор Мұхитдин Салқын¬баев¬қа, басылымның Қарағандыдағы өкілі, белгілі қаламгер Батырбек Мырзабековке және «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбайға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері деген атақ берді. Сонымен бірге «Ақиқат» журналы ұжымының қызметкерлері де арнаулы дипломдармен, грамоталармен марапатталды.

681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз