• Еркін ой мінбері
  • 11 Қазан, 2011

ДАҢҚ ПЕН ДАРЫН

ДАҢҚ ПЕН ДАРЫН Жазушы даңқы дегеніміз – жатқан бір жұмбақ. Біреуге ол алғашқы алымнан-ақ келіп, тырнақалды тұңғыш туындысымен-ақ атын айдай әлемге әйгі етеді. Енді біреу оған ғұмыр бойы сарылып, ертелі-кеш еңбек етіп, сарыкідір тартып, сары тіс болғанда барып бір-ақ жетеді. Ал көзі тірісінде талай дүние тындырып қыруар кітап шығарғанымен, тиісті бағасын ала алмай, атақ-даңқы өмірден өткен соң ғана табатын қаламгерлер де аз емес. Солардың бірі белгілі орыс жазушысы Михаил Булгаков. XX ғасырдағы жаңа әдебиеттің жаңа классигі екені өзі дүниеден өткен соң қырық жылдан кейін ғана мойындалған, шын мәніндегі шырқау дарын М. Булгаков орыс әдебиетінің ешкімге ұқсамайтын дарабоз тұлғалары Гоголь мен Чеховқа таланты жөнінен де, тағдыры жөнінен де ұқсас әрі рухтас. Николай Гоголь сияқты ол да украиндардың арасында туып, украинша жақсы білгенімен, ойын орысша өрнектейтін орыс қаламгері болды. Антон Чехов сияқты мамандығы жөнінен дәрігер болып, адам бойындағы дертті дәрі-дәрмекпен емдеп қана қоймай, жан-жүректі дуалы сөзбен жадырататын жазушылық өнерді егіз өрбітті. Сөйтіп, бірдің тәнін емес, мыңның жанын емдейтін адам жанының шипагері болуды қалады. Жалпы, жазушыны адам жанының ннженері дегеннен гөрі, шипагері деген дұрысырақ шығар. Орыс әдебиетінің алтын ғасырындағы екі ұлы ұстазының шыншылдық, сыншылдық, сыршылдық жолын жібін үзбей, жігін ашпай кешегі қанқұйлы қызыл саясаттың қазаны қайнап тұрған аумалы-төкпелі аласапыран заманда жалғастыру оңай болған жоқ. Алайда, арының ала жібін аттауға бармаған абзал жанды жазушы дәуірдің даңғаза дырдуына еріп, болмысты боямалап көрсетуге әсте жолаған емес. Қай шығармасында болсын көзі көріп, өзі бастан кешкен оқиғаларды шынайы баяндап, шұрайлы бейнелеуге тырысты. Мәскеудің Академиялық көркем театры қойған туындыларын көруге Кеңес елінің көкесі, партияның көсемі Сталиннің өзі әлденеше келгеніне қарамастан, ол барша әлем құдірет тұтқан басшыны мадақтап, көзге түсуді ойлап, көлгірсіген емес. Ал, о тұста күн көсемі мен кеңес қоғамының атағын асырып, мақтауын жеткізбеген жазушының құрметке бөленбесі белгілі. Жаңа коғам деп қаншалық жер-көкке сыйғызбағанмен оның миллиондардың нақақ қаны төгілген топырақта бой көтергені жазушының көкірегінде шемен боп тұрды да қойды. Сондықтан оны әсіре даттауға да, асыра мақтауға да барған жоқ. Бәлкім, бұл ана сүтімен санасына сіңген адалдығынан, ата тәрбиесімен тағандалған табандылығынан да болар. Жалпы, Михаил Афанасьевич Булгаков 1891 жылы геолог ғалым, профессордың отбасында дүниеге келген. Діннің ғана емес, елдің де тарихын терең білетін ірі оқымысты тұңғыш ұлына діни білім бергісі келеді. Бірақ, баласы гимназия бітірерден екі жыл бұрын дүние салып, он алты жасында әкеден айырылған Михаилды тағдыр Киев университетінің медицина факультетінен бір-ақ шығарады. 1916 жылы ол оқуын "айрықша білікті дәрігер" деген атақпен бітіріп, Смоленск губерниясының бір қиырына жіберіледі. Бұл бірінші жиһангерлік соғыстың бұрқ-сарқ қайнап жатқан тұсы болатын. Азды-көпті тәжірибесі бар дәрігерлер майданға жаралы жауынгерлерді емдеуге шақыртылып, олардың орнына оқуды енді ғана бітірген жас мамандар алыс аудандарға аттандырылады. Сөйтіп, еңбек жолын жас Булгаков ояздық дәрігер болып бастайды. Оның өз қызметін қандайлық ынта-жігермен жан сала атқарғаны "Жас дәрігердің жазбалары" атты кітабына кірген хикаялары мен әңгімелерінен де айқын көрінеді. Дүниені шыр айналдырып дүйім елдің астан-кестеңін шығарған Қазан төңкерісінен кейін ол Киевке оралады. Келсе, туып-өскен ұлы кенті неміс басқыншыларының нобайсыз билігінен, ақ гвардияшылар мен петлюрашылардың қиянат қимылынан қанды-қасап оқиғалардың батпағына батып жатыр екен. Басқыншылармен ауыз жаласқан жергілікті ұлтшылдар, қараңғы шаруа бұқарасын бос уәдемен алдап, өрекпітіп жүрген арандатушылар билікке алабұртып, ел тізгінін алма-кезек ұстап, әлсін-әлсін ауысып, жұртты ығыр қылды. Шым-шытырық бұл шатақтың зарары мен залалын қарапайым халық тартып, қан қақсады. Әр тарап жас дәрігерді өз жағына тартуға тырысып, сұңғыла жігіт қайсысының болсын іш пікірін жете білген соң бәрінен де қашып құтылды, зиялылардың алакөңіл болып, дағдарған күйін көзбен көрді. Әдетте, қай төңкеріс болсын зиялылардың ақыл-ойымен жүзеге асып, билікке келгенде олардың атсауырынан сырғып түсіп қалатыны белгілі ғой. Мұндағы биліктің де зиялылардың соңына түсіп, офицерлерді қудалап, қолға түскенін сол жерде атып тастап жатқанының куәсі болды ол. Сондықтан да ғұмыры қамшының сабынан да қысқа болған Гетман басқарған ұлттық "дербес" мемлекетке де, петлюрашылар жариялаған буржуазиялық халық республикасына да оның бүйрегі бұрған жоқ. Әлемдегі ең ізгі әрі бейбіт мамандық – адам жанының арашасысы, дәрігерлігін жалғастырып жүре берді. Он тоғызыншы жылдың көктемінде Киевте Кеңес өкіметі орнағанда да ол осы қастерлі қызметінде еді. Бірақ бұл тұста Булгаков адам емдеуді қалам тербеумен ұштастыра бастаған-ды. Жергілікті газеттерге әңгімелері әлсін-әлі жарияланып жүрді. Оның алғашқы шығармаларына өзек болған шалғай ауданда қараңғы қара халықтың ортасында өзі жүргізген игі ісі мен адам жанын ажалдан арашалаудағы ізгі күресі еді. Олар ит арқасы қиянға тап тап болған жас дәрігердің күнделік жазбасы болып көрінгенмен де, әрқайсысы өз алдына дербес әңгіме, бөлек хикая болып шықты. Соның өзінде де оларда автордың енбек жолы, өмір соқпақтары сайрап жатты. «Жас дәрігердің жазбалары» мен "Доктордың бастан кешкен таңғаларлық оқиғаларын» аяқтамай тұрып, қаламгерлік қадамын драматург ретінде де сынап көрді. Өйткені, ол гимназияда оқып жүрген жылдары театрмен әжептәуір әуестенген-ді. Отбасында сахналық көріністер қойылып, әзіл-қалжыңға құрылған күлдіргі оқиғалар ойналатын. Оны көбіне ойлап тауып, ойнап беретін болашақ жазушының өзі болатын. Құрбы-құрдастары оның тапқырлығы мен алғырлығына разы болып, әдебиет пен мәдениетті, олардың арғы-бергі тарихын соншалық жетік білетініне таңғалатын. Оның сол қабілеті, білігі мен білімі қаламгерлік жолға шындап түскенде кәдеге асып, аз уақытта біраз пьеса жазып тастады. Оларды қоюшылар да табыла кетті. 1920 жылы Владикавказ сахнасында қойылған "Ағайынды Турбиндар" туындысына қала екі жылдай қошемет көрсетіп, қол соқты. Ол жазған комедиялардың да біразы сол жылдары сахнаға шықты. Алайда автордың өз жазғандарына қанағаттана қоймағаны айдан анық. Оған оның аталмыш драмасының қолжазбасын араға үш жыл салып, жойып жібергені айғақ болса керек. Дәрігерлік қарекет жанына қанша жақын және сол дәуірдің әлеуметтік дүрбелеңі өзіне қанша таныс болғанымен, революция жылдары көзбен көріп, басынан өткерген оқиғалар көркемдік толғамын, тарихи толғауын талап етіп тұрғандай еді. Киевтегі өзі ел ішінде жүріп куәсі болған қасірет-қайғыға толы қатерлі айлар жас жазушы үшін көркемдік ізденістің қайнар көзіне айналып, көңіл пернесін ерекше тербегенімен өзіндік өрнек тауып, сыры терең, ойы кемел туынды жасау, әрине, оңайға түскен жоқ. Оның үстіне төңкеріс тақырыбы ол тұста ешкім әлі түрін салмаған тың болатын. 1921 жылы М. Булгаков Мәскеуге көшіп келді. Содан бастап ол дәрігерлікпен қош айтысып, шығармашылыққа түбегейлі кірісті. Оның төрешілдік пен тоғышарлықты сын тезіне салған өткір фельетондары мен көркем әңгімелері астаналық газеттер мен журналдарда жиі жарияланып тұрады. Сол кезеңнің келеңсіздіктерін келеке ететін "Қатерлі жұмыртқа", "Сайтанның сапалақтары" сияқты сатиралық хикаяттармен қатар өзін бұрыннан төтенше толғандырып жүрген тақырыптағы "Ақ гвардия" атты тұңғыш романын жазып, 1923 жылдың тамыз айында тәмамдады. Автордың өзі айтқандай, "басқа дүниелерінің барлығынан да артық көретін" осынау туындысы арқылы ол үлкен әдебиетке өшпес соқпақ салып қана қоймай, төңкеріс тақырыбын ой елегінен алғаш өткізген батыл суреткерлердің бірі болды. Бұл жас кеңес әдебиетінің дүбірлі революция дәуірін ой таразысына тартып, халық бұқарасы мен зиялы қауымның тағдырын зерделеуге белсене ден қойған кезі еді. Алексей Толстойдың, Александр Фадеев пен Серафимовичтің кең тынысты тамаша туындылары жаңа жазылып, Михаил Шолоховтың "Тынық Донының" негізі енді салынған. Михаил Булгаковтың тұңғыш романы, міне, дәл осы дәуірдің басты көркемдік ізденістерінің рухына сай келді. "Ақ гвардия" көне дүниенің кейінгі тағдыры жөнінен көңілде ешбір күмән қалдырған жоқ. Өткен енді қайтып келмейді. Ескі әлемнің күйреуі – орыс елі үшін ұлттық-тарихи игілік. Ал, бұл күйреу – автордың ойынша, ұлттық қана шекарасы бар жеке-дара тарихи көрініс емес, ол барша әлемдік, барша адамдық сипаты бар құбылыс. Бір дүниенің күні бітуі, бір дәуірдің өтуі – адамзат тарихының ақыр-соңы емес деген байламға келтіреді ол оқырманын. Сонымен бірге – бұл революциялық алапат төңкеріс, бұлтартпас бетбұрыс туралы, азамат соғысының сұрапыл қайғы-қасіреті, қиуасыз ажал мен қисынсыз қантөгіс, жанталас пен арпалыс туралы бұлтақсыз баяндайтын, тілі кестелі боямасыз тарихи роман. Асылы, бұл бағзыдан уызы арылмаған дегдер бір отбасының өмірі арқылы төңкерісті бірден қабылдай қоймаған орыс зиялылары әулетінің қайғылы тарихын кеңес едебиетінде алғаш бейнелеген шығармалардың бірі. Онда ақтар қосынына қапияда тап болған Алексей Турбин мен Виктор Мышлаевский қандай рухани қасірет шегіп, өмірлік мұраттарының тас-талқан болғанын бастан қалай кешіргені шынайы бейнеленеді. Ал бұл бір олардың ғана емес, жүздеген офицерлер мен мыңдаған студенттердің басына түскен нәубет еді. Өз шығармасында орыс зиялыларын елдің сүт бетіне шығар қаймағы етіп бейнелеуді борыш санаған Булгаков олардың арасындағы арам пиғылды алатұяқтарды қоса көрсетеді. Жаны жомарт, ақкөңіл де қонақжай Турбиндар мен олардың адал достарына тірлігін бақай есепке құрған мансапқор Тальберг пен Шервинский кереғар бейнелер. Сол сияқты, дүниеқоңыз Василиса Лисович мен оның зайыбы Ванда қарақан басының қамын ғана күйттеген жаны күйкі пенделер. Оларға кім жеңсе де бәрібір, тек өздеріне тиіспесе болды. Жазушының өз кейіпкерлерін бағы ашылмаған ұрпақтың өкілдері деп атауында жан бар. Сол ұрпақтың аласапыран заманда ұзақ қиналып әрең оянуын арқау еткен бұл роман жарық көрісімен Мәскеудің екі бірдей театры Булгаковты шығармасын сахналап беруге шақырады. Осынау ілтипатқа желпініп, әрі "Қатерлі жұмыртқа" хикаясына берген Горькийдің жоғары бағасы шабыттандырған жазушы жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында да шығармашылық шандоз жігермен еңбек етеді. Тұңғыш романының кейбір оқиғаларын арқау ете отырып, оны революциялық күштердің парасат тұрғысынан артықшылығымен одан әрі әрлеп "Турбиндардың тірлігі" драмасын жазады. Оны орыстың ұлы режиссері Станиславскийдің өзі қояды. Көрермендерін бір сәтте әрі күлдіріп, әрі жылатып отыратын осынау тамаша туынды өнер сүйер қауымның ілтипатына бөленіп, биік бағасына ие болғанымен, сыңарезу, тоңмойын сыннан қолдау таба алмады. Ал, оның "Қашу" атты келесі пьесасына солақай сын өретұра кеп, оны ақтар қозғалысын ақтау деп байбалам салды. Өзінің өзекті тақырыбы етіп, жақсылық пен жамандық арасындағы айқасты таңдап алған қайсар қаламгер сонда да мойымай әр жанрда жемісті еңбек етті. Француздың ұлы драмматургі әрі ойшылы Мольер туралы пьеса жазып, ол туралы "Атақты адамдар өмірі" сериясынан кітап шығарды, Гогольдің "Өлі жандарын" сахналады. Соған қарамастан ол әдеби және әртістік ортаның "өз адамы" болып кете алмады. Оның сықақшылық мәнерінің өзгешелігін тіпті Станиславскийдің өзі де түсіне берген жоқ. Демек, оның жазушы мен сахнаның қуанышты да күйінішті, шабытты да азапты байланысын әзілмен астастырып, әсем баяндайтық бірақ аяқталмай қалған "Театр романын" алғаш "Марқұмның жазбалары" атауында осындай астарлы мән бар секілді. Төңірегіндегілердің жалпақ жұртқа танытпауға тырысқан қиянатынан жапа шегіп, ию-қию тіршіліктің тауқыметін тарта жүріп те ол өз өмірінің ең басты еңбегі – 1928 жылы бастаған "Майталман шебер мен Маргарита" романын жазудан қол үзген жоқ. Он бесінші тарауға жетіп, еңбегін орталап калғанда, жазғанына көңілі толмаған ол қолжазбасын бастан-аяқ жыртып тастап, араға екі жыл салып оны ой көрігінде әбден пісіріп, қайта бастайды. Үлкен театрдағы қызмет бабындағы жұмысы бастан асып жатқанына қарамастан тараудан соң тарауын қайта жазып, шыңдай отырып, алтыншы редакциясын аяқтағанда осының өзі қалың-қалың алты дәптер болады. Бұл отыз сегізінші жылдың мамыр айы еді. Келесі жылдың сол мерзіміне дейін романына ол елеулі өзгерістер енгізіп, эпилогын жазып бітіреді. Жыл аяғына таман ауыр науқас екеніне көзі жеткен ол жұбайына айтып отырып, шығармасына тағы да түзетулер енгізеді. 1940 жылғы наурыздың оныншы жұлдызында М. А. Булгаков мезгілсіз дүниеден өткенде оның мұрағатынан әйгілі романның сегіз нұсқасы шығады. Бұл сұмдық ұқыпты суреткердің, біріншіден, өз еңбегіне қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын көрсетсе, екіншіден, айтулы шығарманың бірден оңай туа қалмайтынын аңғартса керек. Булгаков осы бір туындысымен орыс әдебиетін өнер теориясы әлі анық айқындай алмай жүрген жаңа жанрмен байытты. Біреулер бұны өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы жазушы назарына бар ауқымымен іліккен қала өмірінің сатиралық жылнамасы деген пікірге саяды. Мұндай сипаттама бір есептен шығарма мазмұнына жуық мәнінде жақындайтын сияқты. Шынында да, жанры айрықша осынау туындыда автор болмысты мақтамен бауыздағандай етіп, келемеждей отырып, кең құлашты дүние туғызуға тырысып, сан ғасыр бойы сақталып келген аңызға барлау жасайды. Авторы дүние салған соң жиырма жеті жыл өткенде оны "Москва" журналында жариялап, алғы сөзін жазған Константин Симонов өзін керемет қайран қалдырған Понтий Пилат пен Иешуаның беттесу сәтін ерекше атап, психологиялық тұрғыдан дәлме-дәл берілген бұл көріністердің Пушкин мен Лермонтов прозасымен туыстас екенін айтып, осының өзі "роман ішіндегі роман" деп бағалады. Зайыры, Рим прокураторының қиналыс пен кысастыққа толы бір күні туралы әңгіме романдағы ең есерлі сәт екеніне талас бола қоймас. Дегенмен, ол шығармаға төтеден келіп тұрған басы артық әңгіме емес. Романның композициялық тұтастығының бар құпиясы осы арқылы бағзыдағы өткен мен бүгінгі күнді ұштастыра білуінде. Бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірімен үйлеспейтін оқиғаларды шебер жымдастыру арқылы автор ізгілік пен зұлымдықтың тайталасын көрсетеді. Шығармасында психологиялық сәттерді қиял-ғажайыптармен шебер астастыруына қарап, оны Гогольдің мұрагері демеске лажың қалмайды. Романдағы аспанда ұшып жүрген адамдарды, кәдімгі кісіше сөйлейтін мысықты көріп, ұлы жазушының "Диканькаға таяу хутордағы кештер" мен "Мұрын" хикаясындағы ертегілік көріністерді еріксіз еске аласыз. Понтий Пилат пен Иешуа уақиғасының шығарманың оқиға желісіне қатысы бір қарағанда екіұдайлау тәрізді. Біріншіден, бұл Майталман шебер жазып, өртеп жіберетін романының түп мазмұны. Екіншіден, бұл оқиға кітаптың бас мәтінінде төмамдалып, бейкүнә дәруіш дарға асылады, Сондықтан бұл оқиғаны одан әрі тәптіштеп қажеті не деген сауал тууы ықтимал. Алайда автор катыгездіктің қайырымдылықтан үстем түсіп, адалдық пен арамдықтың айқасында зұлымдықтың бел алып кетуін қаламайды. Ондай шешімді асылы адам табиғатының өзі өркениеттің барша өрлеу барысы қабылдамас еді. Соған сәйкес автор тың көріністерді алға тартады. Оған Рим прокураторының өз қылығын дәлел етеді. Жазықсыз жиғанкезді өлім жазасына кесіп жіберіп, қателік жасағанын сезген қатыгез қазы Иешуаға опасыздық етіп, сатып кеткен Иуданы астыртын өлтіруге бұйрық береді. Бұл әзәзіл әрексттің астарында ізін жасырумен бірге үрейден болса да оянған адамгершілік сезімі шаң беріп жатқандай. Ал сатқындық қашанда сазайын тартуға тиіс дегенмен де, бұның билік жүргізушілердің әзелден ұстанып келе жатқан айла-амалы екені және ақиқат. Сан қырлы сарабдал суреткер Михаил Булгаковтың астарлы ойы ақырына дейін ашылмай, ұзак уақыт жұмбақ болып келген романының негізгі айтары – шығармашылық бастаудың түптің түбінде салтанат құратыны, жақсылықтың жамандықты, ізгіліктің зұлымдықты жеңбей қоймайтыны екені шәксіз. "Қолжазба күймейді", – дейді романның бір кейіпкері. Автор кезінде қолжазбасын өртеп жіберуге де оқталған-ды, бірақ одан жазушы жаны жай таппас еді ғой. Қазір, міне, қолжазба қалпына келтіріліп, тамаша туынды өмір сүріп жатыр. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінен ол өз оқырмандарын тапты. Бұйырған атақ-даңқ та өз иесіне өлгеннен кейін оралды. Бүгінде Михаил Булгаковтың шығармашылығы лайықты бағаланып, барынша мойындалып, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылды. Алайда айтулы суреткердің тамаша туындылары қазақ оқырмандарына күні бүгінге дейін ана тілімізде жеткен жоқ. Оны Астанадағы "Аударма" баспасы "Мәдени мұра" бағдарламасына енгізіп, қазақша сөйлетуді маған сеніп тапсырған еді. Сондықтан сенім мүддесінен шығып, артқан үмітті ақтау үшін қыруар тер төгуге тура келді. Әрине, қазақ тілінің қазіргідей қосақ арасындағы жағдайына орай аударма әдебиетке айтарлықтай ынта қойып, тәржіма еңбегін жұрттың бәрі биік бағалай бермейтіні белгілі. Әйткенмен, қазақ тілі шын мәніндегі өзінің мемлекеттік мәртебесіне ие болып, жұртшылық әлем әдебиетін туған тілімізде оқуға ден қойған кезде аударманың да бағы ашылып, еңбегіміз жанатынына сенім зор. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы-публицист

922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз