• Тарих толқынында
  • 06 Наурыз, 2012

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ

Ғабит ЗҰЛҚАРОВ, бұрынғы мұрағат қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Осыдан жиырма жыл бұрын жоғары оқу орнын бітірген жастардан «Тауарих хамса» деген кітапты білесің бе?» деп сұрасақ, олар жауап бере алмай, иығын көтеріп, жүре берер еді. Бұл олардың білімсіздігінен емес, өкімі күшті империалық саясаттың қазақ халқына тән төл мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына менсінбей, танауын шүйіре қарауынан еді. Мұның астарын бірер ауыз сөзбен түсіндіруге әсте болмас. Керісінше, оның сыры тереңде жатыр. Тегінде көнеден келе жатқан өзіндік бай мәдениеті бар елді ешкім мұқата алмайтыны белгілі. Қайта оның озығынан үйреніп, өз халқының мәдени деңгейін көтеруге тырысады. Біз сияқты көшпелі елдің өзіне тән төл мәдениетін терең зерттеп білмей жатып, «бұратана», «жартылай жабайы» деп ұғынған еуропалықтар, соны қағида сөздей көрген патша шенеуніктері қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды қараулықпен қиратып, Қожа Ахмет Яссауи ғимаратындай ғажап сәулет өнеріне оқ атуы да бізді мәдениеттен жұрдай етудің айла-шарғысы болатын. Әрісі түркі, берісі қазақ халқы ықылым заманнан бастап, өзімен дәрежелес елдерден кем қалмай, өз тарихын, өз мәдениетін шама-шарқынша дамыта білген. Талай тарихи құны зор жәдігер жазбалардың әлем ғылымының алтын қорына қосылуы  – соның дәлелі. Сондай еңбектің бірі – бұдан бір ғасырдай бұрын жазылып, 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасынан жарық көрген «Тауарих хамса» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты тарихи мұра. Кітаптың жазбагері (авторы) Құрбанғали Халид 1843 жылы Аягөз шаһарында туған өз перзентіміз. Заты ноғай демесең, қазақ ішіне судай сіңген, сүйегі ажырамас туыс. Содан болар, ол сол замандағы және одан бұрынғы тарихи еңбектерді зерделей келіп, қазақтың қағаберісте қалған тарихнамасын мұқият жазып шығуды мақсат еткен. Бірақ, одан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық көзінен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан, оны көп ешкім біле бермейді. Бұлай дейтініміз, аталмыш кітапты шағатай тілінен (ескі өзбек тілі) Б.Төтенаев пен А.Жолдасов тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1992 жылы «Қазақстан» баспасынан «Тауарих хамса» («Бес тарих») деген атпен шығартты. Әрине, мұндай тарихи танымы мол еңбектің  ел-жұртқа ерте танылмай келгені өкінішті-ақ. Енді өкінгеннен гөрі, «Ештен кеш жақсы» деген жұбаныш мәтелді қуат етуге толық негіз бар. Авторы «Шығыстың бес елінің тарихы» деп атаған бұл еңбек терең мазмұнымен, айтар ойының нақтылығымен, баяндау жүйесінің шеберлігімен, тарихи шындықты айтуға ұмтылуымен барынша құнды. Зерттеушінің бұл кітабы, өзінің аты айтып тұрғандай, бес тараудан тұрады. Ол: Бұқара, Алтышар, Қазақ, Моңғол, Шин патшалықтарының ішкі-сыртқы жай-күйін, қарым-қатынасын, тарихын сындарлы сөз етеді. Құрбанғали өз заманында барынша білімдар адам болғанға ұқсайды. Оның әкесі Халид Қазан уезінің Урнаш-Баши деген жерінен шыққан татар саудагері болса керек. Құрбанғали қолжазбаларында оның арғы аталарының бірі түркімен болған деген дерек те кездеседі. Құрбанғалидың әкесі кезінде саудамен көп айналысып, қазақ жерін көбірек араласа керек. Халид өмірінің біраз кезін Ташкентте өткізіп, одан 1841 жылы Аягөз өңіріне қоныс аударған. Арада екі жыл өткен соң, Құрбанғали осы Аягөзде дүниеге келеді. Аягөзде Халид отыз жылдай тұрғаннан кейін, Бақты шекаралық аймағына, тағы біраз жылдан соң, Қытай-Шыңжан провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебеді. Құрбанғали сауатын 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде ашып, кейіннен Семей медреселерінің бірінен дәйекті дәріс алады. Оның медреседе араб, парсы, түркі тілдерін меңгере түсуі болашақта тарихты, әсіресе, шығыс елдерінің тарихын зерттеуіне көп септігін тигізеді. Сол кезде медреседе негізінен діни-схоластикалық пәндердің оқытылуына қарамастан, Құрбанғали қабілеттілігі мен ізденімпаздығының арқасында қоғамдық ғылымдар саласында белгілі дәрежеде білім алуға жетіседі. Құрбанғали өзінің ана тілі – татар тілінен басқа ортаазиялық түркі тілдерін жақсы білген, қазақ тілінде де таза сөйлеген. Бұған оның еңбектеріндегі қазақ тілі туралы көптеген ой-пікірлері мен ауыз әдебиетінің үлгілері мысал бола алады. Құрбанғали Халид қазақ ауылдары мен осы өлкенің қалаларын жиі аралап, кейіннен дерек жинау үшін арнайы сапарға шығып, барған жерінде ел тұрмысын жетік білетін адамдармен танысып отырған. Жазба деректері жоқ халықтардың шежірелері мен ауызекі тарихи мәліметтерін жинақтауға және өңдеуге үлкен мән береді. Сондай-ақ, осы тектес деректерге асқан жауапкершілікпен қарап, олардағы мәліметтерді басқа жинақтаған материалдармен салыстырып, тексеріп отыруды ғылымның басты міндеті деп санаған. 1874 жылы Құрбанғали Шәуешектегі бір мешіттің имамы болады және осы қызметті ол өмірінің соңғы сәті – 1913 жылы наурыз айының 14 жұлдызына дейін атқарады. Құрбанғали ресейлік мұсылмандардың мәдени орталықтарынан алыста жүргеніне қарамастан, өз заманының рухани өмірінен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс-түрік тілдерінде шығатын кітаптарды, газет-журналдарды ұдайы жаздырып алдырып отырған. Әсіресе, ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екі рет татар тілінде шыққан «Шуро» журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы, белгілі тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған. Құрбанғали қызметінің ажырамас бөлігі оның саяхаттары болып табылады. Ол әр өлкенің, тұтас елдің географиясы мен топономикасына қатысты қалалардың, бекіністердің, ірі елді мекендердің тарихы туралы зерттеулерін негізінен өзінің жеке бақылаулары мен жергілікті тұрғындармен пікірлесуі нәтижесінде және сонымен бірге, жеке аудандар мен қалалардың ішкі өміріне қатысты өзі жинап, құрастырған жылнамалық материалдарына сүйене отырып жасады. 1897-1898 жылдары Құрбанғали Мекке-Мәдинаға қажылық сапар шегіп, жолшыбай Батыс Еуропаның бірнеше ірі мемлекеттерінің астаналары мен Таяу Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. 90 беттен тұратын сапарнамасы мен күнделік-естелігі «Тауарих хамсада» орынды пайдаланылған. Бұл сапарнамада этнография мен топономикаға қатысты қызықты мәліметтер мен салыстырулар көптеп кездеседі. Қажылық сапарында ол сол кездегі Түркияның көрнекті ағартушыларының бірі Ахмед Мидхатпен Стамбулда танысып, тарих және басқа да ғылымдар жөнінде еркін пікір алысып, дүниетанымын толықтыра түседі. Халидтің өз заманында аса білімдар ғұлама болғаны «Тауарих хамсада» анық білінеді және бұл еңбекті жазуға 21 жыл уақытын жіберген, Шығыстың бес еліне қатысты көптеген тарихи жазбаларды мұқият екшеп, елеп барып, жаңсақтығы жоқ дәлелді пікірлерге зейін қойғаны айқын аңғарылады. Бар-жоғы Аягөз бен Семейдегі медреселерде оқыған, бірақ білімдарлығымен қатар, бірнеше тілдерді еркін меңгерген ғұлама, кейіннен Шәуешекте өзі де медресе ашып, көптеген мұсылман жастарына араб, парсы, татар тілдерінде білім берген ұлағатты ұстаз болған. Құрбанғалидың бүгінгі  ұрпақтары дегенде, алдымен, оның өз кіндігінен төрт ұл, төрт қыз болғанын айта кеткен жөн. Бұлар негізінен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда тұрып жатыр. Басқасын айтпағанда, Құбанғалидың кіндік қаны тамған Аягөз қаласында ғана оның 3 немересі мен 9 шөбересі мекендейді. Олардың қолында азды-көпті болса да Құрбанғалиға байланысты тарихи деректер баршылық. Атап айтқанда, Құрбанғалидың шөбересі Сания Тұрсынмұхаметқызы Теңізбаева  (қазір Алматыдағы республикалық жасөспірімдер кітапханасының бас библиографы) бұдан сегіз жыл бұрын, ұлы атасы пайдаланған екі фарфор тарелканы (тіркеу №200) Аягөз қаласындағы тарихи өлкетану мұражайына сыйға тартқан екен. Ал, Құрбанғалидың тағы бір немересі – Аягөз қаласындағы №58 орта мектеп мұғалімі  Рақила Халидовада (марқұм) әкесінің әр жылдарда түскен суреттері сақталуда. Бұл күндері Аягөз қаласында бір көше Құрбанғали Халид атымен аталады. Қазіргі қазақ жастары тарихи кітаптарды аса құмартып оқиды. Ал, Құрбанғалидың «Тауарих хамсасы» бұл жағынан ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Себебі, жазбалар ең әуелі қазақтың кім екенін тарихи тұрғыдан анықтауды мақсат етіп, бұл халықпен мыңдаған жылдар іргелес жатқан Қытай Қашқар,  Моңғол, Қалмақ, Татар, Дүнген, Ұйғыр, Қоқан  хандығы, олардағы жылдар бойы сан құбылып келген саяси тартыс, ел билеушілер, таққа отырған хандар қақтығысы, тіпті, өзі  Шәуешек қаласында орыс консулында біраз жұмыс істеген кезінде Ресей мен Қытай арасындағы қатынастар, орыс-жапон соғысы, одан туындаған саяси мәселелер қаз- қалпында  дәйектілікпен жазылған. Қ.Халид «Тауарих хамсаны» жазу барысында әркімдерден естіп-білгеніне ғана сүйенбей, өзінен бұрынғы ғалымдардың отызға жуық тарихи еңбектерін ақыл-ой таразысынан өткізіп, дәлелді деректерге жүгінген. Әлемдік ғылымда алар орындары ерекше Ат-Табари (ІХ ғасыр), Жүсіп Баласағұн (ХІ), Ибн-Халдун (ХІV ғасыр), Мирхонд (ХV), Әбілғазы (ХVІІ ғасыр) тәрізді танымал ғалымдардың еңбектерімен қоса, еуропалық шығыстанушы-ғалымдардан В.Радлов, А.Валаберн, Н.Катановтардың да шығыстағы бес елдің тарихына қатысты еңбектерін сын көзбен саралап барып, өз кітабына пайдаланған. Басқа тарихшылардан Құрбанғали Халидтың бір ерекшелігі – қазақ халқының этнографиясын, тұрмыс тіршілігін жан-жақты талдай отырып, күллі Орта Азия жерін мекендеген тайпа, рулардың көне, бағзы заманалардан келе жатқан тарихына үңіледі. Оның қазақ халқына қатысы бар жерлерін ашып көрсетеді. Сонымен қатар, өзі татар бола тұрса да, қазақ ауыз әдебиеті, рулар шежіресі, мәдени мұралар, халықпен бірге жасасып келе жатқан әдет-ғұрыптар, діни нанымдарды аса сыпайыгершілікпен сүйсініп жазған. Құрбанғали Халид қазақтың тарихын жазуға не себеп болғанын өз кітабында былайша түсіндіреді: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда, жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшімді жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» деп кесімді пікір білдірген. Ал, найман руының өткен-кеткенін зерттеп, Қазақстанның шығыс шалғайындағы бұл руды еш зерттеуші жазған еңбектеріне кіргізбегенін де айта кеткен жөн. Жазбагердің «Аягөз – туған жеріміз, Найман – жүрген еліміз» деп іш тартуы содан. Құрбанғали бұл еңбегіне Шығыстың бес елінің ішінде, әсіресе, қазақ халқының тарихын кеңірек баяндауға тырысқан. Осы себепті ғалым халқымыздың өткендегі өнегелі ісіне көп көңіл бөліп, Абылай жайлы жан-жақты айта келіп, мынадай тұжырымды оқушысының алдына тартады: - Абылай ханның соғыстары қалмақпен болды да, Абылай қалмақ елін Қызылжар, Қарқаралы маңынан, Аягөз өзенінен өткізе қуып, қазақ жерін кеңейткен кісі. Қазақ пен қалмақ ежелден бері атысып, шабысып өтіпті. Көбінесе қалмақ жеңіп отырады екен. Шығыстан жүңке (қытай) әскері келіп, жоңғар хандығын аяқтатқан соң, қалмақ елінің күші азайып, көпшілігі Жөңкенің қорғауына өткен еді, шетте қалғаны қазақтармен қарсыласуға әлсіз болды. Мұндай жағдайда Абылайдың бағы үстем және Ресейден бейғам болып отырған Орта жүзбен қалған екі жүздің кей бөліктеріне үстемдік жүргізіп, бүкіл Қазақстаннан қол жинап, Шыңғыстаудың батыс жағында және шығысында неше рет қалмақты ойсырата шапты, - деп Абылай заманындағы қазақ халқының біртұтас жауға аттанғанынан хабардар етсе, мұнымен бірге, Абылай әр істің мөлшерін, тетігін дөп басып, болжай алатын көреген, ойлағанын орындай білетін шебер екенін де аз сөзбен жеткізе білген. «Тауарих хамса» кітабының тағы бір жерінде Құрбанғали мынадай дерек береді: «Абылай хан соңғы соғыстарының бірінде көп қолмен Қалба тауына келгенде, елдің етекке түскен шағы еді. Торғауытты Тарбағатайдың солтүстік Ласты Шор бойында қалмақ руларының, Тарбағатайдың оңтүстігі Үржар, Еміл отырғанынан хабар алыпты. Қай шеттен тиіп, қай жақтан шабу керек деп игі жақсылармен кеңес құрғанда, әскербасыларынан Қабанбай мен Бөгенбай екеуі екі түрлі пікір айтыпты. Бөгенбай: - Тарбағатайдан асып барып, Үржар, Еміл бойындағы қалмақты шабамыз деп әскерді шығындатамыз, жағдайдан ұтыламыз, алыстағы ел бейғам болады. Аңдаусызда барып бассақ, қарсыласуға шамасы келмей қалады. Олжалы болып ораламыз, – депті. Қабанбай: - Олай емес, жақын жердегі Ласты, Шорға барамыз. Ондағы елді аламыз. Алысқа аттансақ, ат ариды, азық таусылады, әскер шаршайды. Егер торғауыт аттанған ізімізді біліп қалса, ілгері елге хабар беріп, өздері артымыздан тосады, ортада қалып шығынданамыз, – дейді. Абылай хан екі батырдың қай пікірін жақтауды біле алмай: - Мұның төрелігін сен айт, – деп Бұқар жырауға ымдапты. Бұқар жырау Қабанбайдың ұсынысын қуаттап, былайша жырлапты: - Сен Қанжығалы Бөгенбай, Тоқымың кеппес ұры едің. Түн қатып және жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды, Қашан сен жауға тіредің? – деп Қабанбайдың пікірін қуаттапты. Сонымен, торғауытты шауып, бірталай шығын болса да, олжалы оралыпты. Қабанбайға сол кездің өзінде берілген бұл өте байсалды бағаны кейінгі тарихшылар осы «Тауарих хамса» кітабынан алып жүр. Кітапта оқушысын елеңдетер мұндай деректер мол. Халық тарихын зерттеушінің билер мен билік және билік жөніндегі жазғандары да өте құнды деп білеміз. Қым-қиғаш дау-дамай, әртүрлі қылмысты істер мен олардың шешімін әділ билік пен берілген адал төреліктің жөні өз алдына бір төбе. Осы орайда, Құрбанғалидың өзіне сөз берсек дейміз. «Ғибраты бар бір оқиға осы заманымызда болған екен. Біз жақтағы қазақтарға арғынның Жанақ деген атақты ақыны найман еліне келеді. Мінгені әдемі шұбар ат екен. Бірнеше дуан елі бас қосқан үлкен бір жиында Жанақ ел басшыларының қасында отырады. Едәуір малы бар бір жігіт те сол топта екен. Жанақтың аты есінегенде, әлгі жігіт ат тілінің түбінде теңгедей қара қалының барын көріп қалады. «Тіл астындағы мына қалды шұбар ат иесі біледі, не білмейді. Осыны белгі етіп, атымды таныдым деп көрмеймін бе» деп арамдық ойлаған әлгі жігіт аттың алды-артын қараған болып, билердің алдында пәлен жылы жоғалған атым еді деген дау айтады. - Мұның қате, ат пәлен кісінің қол тумасы, өз биесінің құлыны,- дейді Жанақ, Жігіт тіліндегі белгіні айтып: - Тай күнінде ұры тісін қаққанда көргенім, егер, тілінің астында қара қалы болмаса, тануым қате болсын, – дейді. - Жігітім, ат пәлен кісінің өз биесінің құлыны, өз айғырының тумасы екені анық еді. Мен де бір арманымнан шығайын, құдайдың атын айт та, ал,- дейді Жанақ. Жігіт те тоқталмаған: - Ол да (оллаһи дегені), – дейді. Осы сөзге тоқтасып, атты сарапқа салғанда, тіл астында қара қалы бар болып шығады. Жанақ артық ешнәрсе дей алмай, аттың ер-тоқымы мен жүгенін сыпырып алып, отыра кетіп, мына өлеңді айтып назаланады: Жанын берген Жанақтың шұбарын жер, Мына арам бұл шұбарды менікі дер. Жақсы атымды жалғанда сатқан жанның, Бар құдай, өзің біліп жазасын бер! Ол кездегі адамдар беліне күлдәрі немесе бүтін көк, ақ матадан белбеу буынатын салт екен. Жігіт белбеуін шешіп, бір ұшын беліне, бір ұшын аттың мойынына байлап, жетелей жөнеледі. Жолда ағып жатқан бұлақ суы бар екен, жігіт әлгіден аттай бергенде, ат тартынып қалады да, жігіт шалқасынан түседі. Ат үркіп, сүйрей жөнеліп, тастан-тасқа соғып, жігітті тепкілеп өлтіреді. «Жанын берген Жанақтың шұбарын жер» деген мәтел осыдан қалыпты. Жиналған жұрт Жанаққа: - Жалғанға ант ішіп бұл пәлеге өзі жолықты, енді атты өзің ал, – дегенде ол: - Жалғанның жазасын берген аттың үстіне менің енді ер салғаным жараспас, – деп, атты сол өлген жігіттің асына сойғызыпты. «Тауарих хамсада» келтірілген осы бір деректі қазір әркім әртүрлі етіп айтып жүр. Қазақ еліндегі тағы бір қызық билікті Құрбанғали өз кітабында аңыз сияқты етіп жазып кетіпті. Ертеректе адамдар да ірі еді, билер де әділ еді дей келіп, бір ұрының бозбала күніндегі түнгі жорығын сөз етіпті: - «Жас кезімде ұры едім. Байыс, Байсиық деген екі елдің біз Байысы боламыз да, Байсиыққа қарағанда іргеліміз. Бір күні Байсиық пәлен жерге келіп қонды деген хабарды естідім де, бір түйесін ұрлап, тоғайлы тау арасына бекітіп тастап, үйге келіп жатып қалдым. Ертеңінде иесі ізімен қуып келді. - Із осылай келді. Ұры сенсің, түйемді бер, – деді келе сала. Мен байыстығымды көрсетіп: - Аулақ жүр, алғаным жоқ – дедім. Ол: - Өзің бір қу екенсің. Түйемді  сенен аламын, болмаса қолыңда өлемін,- деп жатып алды. - Қайсы биге барамыз, кімді таңдайсыз? – дедім мен. - Ағаң Тоғайраққа барамыз, – деді. Мен іштей қуансам да: - Бұл дегенің дұрыс емес, ол менің туған ағам. Билігі сенің пайдаңа шешілсе жақсы, шешілмесе «Бір кісінің баласысың, бауырыңа тарттың» деп көнбессің. Басқа биге барайық, – дедім. - Тоқамның билігіне ризамын, – деп отырып алды. Кешке дейін сөзге айналдырдым  да, «бүгін енді кеш болды» деген сылтаумен оны үйіме қондырып, Тоғайраққа ертеңінде бармақ боп, не десе де, оның билігіне тоқтамақ болдық. Ел жатып, қонағым қалың ұйқыға енгенде, атыма мініп, найзамды қолыма алып, Тоғайраққа жөнелдім. - Неғып түн қатып жүрсің? – деді жеңгем. - Тоқаңда азырақ шаруам бар еді, – дедім.       Тоқамның жасы сексеннен асқан болатын. - Не шаруамен келдің? – деп сұрады. - Бір Байсиық келіп, жала жауып отыр. Ертеңгі күні сізге келмекші едік. Мені атағы шыққан ұры деп жығып беріп жүрмеңіз, ақтығымды алдын-ала білдіріп қояйын деп келдім, – дедім. - Қара болмасаң қараңғыда жүрмес едің, бір пәлең бар ғой, – деді,- Жә, ертең екеуің келгенде көрерміз, даугердің де сөзін тыңдармын. Осы сөзбен үйіме қайтып келіп, жатып қалдым. Ертеңіне Тоғайраққа келдік. Көптен көрмеген адамдай амандық сұрасып отырдым. Даугерім бір қу жақ шешен екен, ақыретті ауызға алып, салмақ сала: - Е, Тоқа! Байыс, Байсиықтың баласымыз, Бәріміз де ақыретке барасымыз. Құдай сізді артық жаратты, Бізді ауызыңызға қаратты. Көптің баратын жері бір зындан көл, Аздың барар жері де ақыры сол, Әділетті кісіге Алланың кеңшілігі мол. Алдымызда алты қадам көр бар, Алты қарыс бөз бар. Мүңкір-нәңкір сұрауы бар, Жауап таппай жылауы бар, – деп тақпақтай жөнелді. Сөзін бітірмей жатып-ақ, Тоқам әсерленіп кеткендей болды. Ауыр бір күрсініп, көзіне жас алды да, маған қарады. - Жаным-ау, сен түнде келгенде неменелерді айттың? Мына кісі тай, құнанға тоқтайтын емес, түйесін беріп, жолға салсаңшы, – деп жүзімді айдай қылып, түйесін алып берді. Бұл әңгімеден біз екі түрлі мәселені пайымдаймыз. Біріншіден, сол кездің адамының табиғаттың өзіндей тазалығын, жанының жомарттығын, кісілігін, кішілігін, парасатын танып-ұғамыз. Екіншіден, кісіні кісідей сыйлап, «сөзіне қарап кісіні танығанын, кісіге қарап сөз алмаған» аса бір зерделілігіне жанымыз сүйсінеді. Жазбагер кітабының қазақ тарихына арналған тарауларында алаш, өзбек, қазақ, ноғай атаулары туралы, жүздер, ұрандар жайында, қазақ пен ноғайдың бірігуі мен бөлінуіне қатысты аңыздарда Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі археологиялық, архитектуралық ескерткіштер хақында, Шыңғыс хан және оның тұқымдары, Асан ата және төлеңгіттер, Орта жүз қазақтарының негіздері қалануы жайында бағалы мәліметтер табуға болады. Қазақстан бойынша топономикалық материалдарды елдің табиғи және тарихи географиясымен, тілдік ерекшеліктерімен байланыстыра қарастырады. «Тауарих хамса» кітабындағы қазаққа байланысты этнографиялық жазбалардың үлкен бөлігі рухани мәдениетке (әдет-ғұрып, салт-наным, халықтық педагогика) арналған қазақтардың мәдени дәрежесі мен ақыл-ой қабілетін бағалай келе Құрбанғали былай деп жазады: «Даналар ақыл-ойды екі категорияға бөледі, оның бірін табиғи ақыл-ой деп айтады. Қазақтардың ақыл-ойы ғылым арқылы жинақталмаса да, яғни, олар этика мен мінез-құлық ережелерін оқып-үйренбесе де, өзінің парасаты мен ақылының арқасында жақсыны жаманнан айыра алады. Сондықтан, оларды жабайы көшпенділер деп атауға болмайды, есесіне оларды табиғи мәдениеті бар адамдар деп атаған дұрыс та, нақты болар  еді» – дейді. Осы ойды дәлелдеу үшін Қ.Халид кітабында өлең түріндегі мына нақыл сөздерді алға тартқан: «Қалада тұрған кейбіреулердің бейнесі дәл жабайы адамдай. Көшпелінің ханшасы, біз байқадық, бейне Платон данадай». Қазақ поэзиясын әңгіме еткенде  Қ.Халид Бұхар жырау өлеңдерін өзінше саралай келіп: «Осы сөз немесе жоғарыда айтылған өлең-жыр деген атпен мән берілмейді, мазмұнына түсінбеген соң оған амал не?» – деп налиды. Барынша атап өтетін бір нәрсе, жазбагердің деректер мен оқиғаларды баяндаудағы объективтілігі және оларға көңілге қонымды түсініктеме беруге тырысатындығы. Әсіресе, этнографиялық салт-сана, әдет-ғұрып жайында баяндағанда ол халықтың рухын түсінетіндігін, оның мәдениетін, мінезін сыйлайтындығын, әр халықтың тарихи тағдыры – өмір сүру жағдайы мен тұрмыс ерекшелігіне тығыз байланысты екендігін терең пайымдайтындығын танытады. Мысалы, қазақ тұрмысында әйелдердің үлкен-кіші еркектің алдын кеспейтін ғұрпы бар. Жасы кішісі үлкеніне «сен» демек түгілі, аттарын тура атамайды. Ата-анасын, ел үлкендерін атымен атамай, құрметтеп, мағынасы сол, бірақ басқа сыңарлас атаумен атайды дейді. Мұншалық ат қоюға шеберлік жөнінде халық аузындағы мына бір хикаяны Құрбанғали кітабынан да кездестіреміз: «Бірінің ұлдары мен жақын тумалары: Қамысбай, Қашқынбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қуанбай секілді есімдері бар ағайындарға жас келін түскен екен. келін бұлардың әрқайсысына мағынасын өзгертпей ат қойған. Содан бір күні атасы келінін сынау мақсатымен ауыл сыртынан асығыс келіп. - Келін, келін! Ауылға дауыста. Бұлақтың арғы шетінде, қамыстың бергі бетінде бір қойды қасқыр жеп жатыр. Тездетіп пышақ пен қайрақты әкеп, жаны шықпай тұрғанда бауыздап алсын. Мен қасқырды қуайын, – депті». Келін ауылға дауыстап: - Ау, шапқы! Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жылдам білеуіт пен жанама әкеліп, адал орақтап алсын. Шапқыбай, жылдам, әтекем ұлыманы айдап кетті, – деген екен. Халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-санасын, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттей білген Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» кітабы сол кездің өзінде-ақ әділ бағасын алған екен. Осы шырайлы шығарма туралы 1913 жылы «Шуро» журналы кітап жазбагерінің дүниеден өтуіне байланысты жариялаған көлемді қазанамада былайша баяндалған екен. «1910 жылы Қазанда оның екінші кітабы, яғни, Шығыс түркілеріне арналған «Тауарих хамса шарқи» деп аталатын «Шығыстағы бес елдің тарихы» баспадан шығып, таратылды. Егер аңыздар мен ескі нанымдарға қатысты жеке элементтерін алып тастаса, бұл кітап шын мәнісінде тамаша еңбек. Онда өте құнды және басқа жерде кездесе бермейтін мәліметтер бар. Бұл кітап жазбагердің ғалымдығы мен адамгершілігі және оның ойы мен ақылының еркіндігін көрсетеді» (Журнал «Шуро», 1913 жыл, 15-наурыз, №6ғ 163 бет). Айтпақшы, Қ.Халидтың екінші кітабы «Тауарих хамса» болса, оның тұңғыш шығармасы «Тарих-и жәриә-и жадидэ» («Тарихтың жаңа жазбалары») деген атпен 1889 жылы Қазан қаласында түрік-татар тілінде жарық көрсе керек. Көлемі 71 беттен тұратын бұл танымдық мәні басым кітапта ғалым сол кездегі Қытай құзырына қарайтын Шығыс Түркістанның ішкі географиялық болмысына тарихи сипаттама береді, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін суреттейді. Халқымыздың әлі де болса ақтаңдақтары көп тарихы мен этнографиясын оқып үйрену барлық көне әдеби және деректі шығармаларды іздеп табуды және зерттеуді талап етеді. Себебі, олар әдетте көптеген деректік және жылнамалық мәліметтерді, шежірелерді қамтиды. Міне, осындай деректер қатарына аягөздік Халидтің жоғарыда әңгіме еткен «Тауарих хамса» кітабын ұялмай қосуға болады. Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын білуге, Көкірегінде болсын көз, – деп кейін ортамызға қайта оралған бұл кітап көпшілік қолына тиіп, ойлы оқырманның көңіл төрінен лайық орын алғаны нұр үстіне нұр емес пе! Бұл үшін бүгінгі ұрпақ Құрбанғали Халид рухына тағзым етіп, алғыс айтады.

731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз