• Ұлттану
  • 11 Қазан, 2011

Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық

Жуырда қаламгер Хасен Қожа-Ахмет халқымыздың тарихына қатысты өзіндік ой-пікірлерін баян еткен «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабын аяқтаған екен. Оқырмандарға осы еңбектің бірнеше тарауын ұсынып отырмыз. (Редакция). Евразия тарихы туралы көптеген кітаптың авторы Л.Н.Гумилев 1960 жылдары жазған мақаласында: «Заканчивается третье столетие с тех пор, как возникла проблема научного изучения «монгольского вопроса», а решения нет!»...Каким образом немногочисленные монголы, которых было чуть больше полумиллиона, могли захватить полмира! Тут что-то не так. Очевидно, мы упустили какой-то фактор». (Ритмы Евразии», М.2004. 128 бет)–деген еді. Шынында да, сонау 1310 жылы жазылған Рашид ад-Диннің: «Жамиғ-ат-Тауарих» жинағындағы: «В древности монголы были лишь одним племенем из всей совокупности тюркских степных племен»,–дей тұра, ізінше: «Большую часть тюрков теперь называют монголами»– деуі де, «Моңғол түрік пе, әлде түріктер моңғол ма?!» деген сұрақ туғызып келеді. Сөйтіп тарихи тамырын іздеген халқымыз осы мәселеде «Тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» дегенге ұқсас, шешуі жоқ жұмбаққа жолыққандай жағдайда. Егер Орыс елін үш ғасыр бойы моңғолдар билесе, орыс тіліне неге моңғол сөздері емес, түрік сөздері ғана енген? «Алтын Орда» мемлекеті құрылған күнінен бастап жазылған құжаттардың түгелі, шығарған теңгелеріндегі жазуға шейін түркі тілінде екені дәлелденіп отырса, ал «моңғол тілі» қайда? Орыс ақсүйектерінің 40 пайызының тегі түркі де, неліктен моңғолтектілері жоқ? Иә, мұнда шынымен де «что-то не так». Гумилевтің сауалдарынан соң да жарты ғасыр өтті. ЮНЕСКО Шыңғыс ханды «Екінші мыңжылдықтың ең ұлы адамы» деп таныды, оған және оның құрған мемлекеті тарихына әлемнің көптеген тілдерінде мыңдаған ғылыми-зерттеу еңбектер арнап жазылды. Америкалық ғалым Джек Уэзерфорд : «За двадцать пять лет армия монголов покорила больше царств и народов, чем Римская империя за четыре столетия. Чингисхан со своими сыновьями и внуками подчинили себе самые густонаселенные страны тринадцатого века. По всем параметрам, будь то общее количество побежденных, площадь завоеванных территорий или число покоренных царств, Чингисхан более чем вдвое превосходит любого другого завоевателя в истории»,–деп таңданады («Чингисхан и рождение современного мира», М.2006.) Бірақ «моңғол мәселесі» шешімін тапты деуге болмай тұр. Кезінде «Шыңғыс хан», «Бату», «Соңғы теңізге жорық» романдарын жазғандықтан «бұл мәселені біледі-ау» дерлік орыс жазушысы В.Янның өзі: «Безумные орды монголов явились словно неизвестно откуда, смерчем пронеслись по Китаю и Евразии, дошли до Будапешта – и внезапно повернули обратно, чтобы некоторое время спустя вновь кануть в безвестность» депті. Ал осы, Шыңғыс хан империясын құрған түрік тайпалары жалайыр, найман, қоңырат, керейіт, т.б. рулар ешқандай да «безвестность» болмай-ақ, көпшілігінің саны жарты миллион, кейбірінің саны миллионнан асып, қазір қазақ деген халықты құрап отырғанын шетелдік зерттеушілер қаперіне алар емес. Меніңше, тарихтың осы мәселесінің «шешілмей» келе жатуының басты себебі, Шыңғыс хан империясын құрған түркі халықтары өткен заманда отар еткен Ресей мен Қытайдың кейіннен енді түркілердің өзін отарлап, тарихи шындықтарды тұмшалап келуінен болса керек. Рас, КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған түркі елдерінде Шыңғыс хан мемлекетінің түркілік негізін дәлелдеу бағытында бірқатар еңбектер жарық көруде. Әйтсе де, өзім көп жылдардан бері осы тақырыпқа арнап бұрын-соңды жазылған жүзге жуық кітап, мақалалармен таныссам да, көп мәселенің жауаптарын көрмедім. Басқасы түгіл «моңғол» деген сөздің, сондай-ақ ұлы қағанның «Темучин, Шыңғыс» деген есімдерінің не мағына білдіретіндігі жайындағы пікірлер де көңілді көншітерлік емес екен. Бұл тақырыпқа неғұрлым қалам тартушылар көбейген сайын, сұрақтар одан әрі туындайтыны байқалады. Себебі, тарихқа қалам тартқандар әуелі осы тарихты жасаушы халықтың кім екенін айқындап алмаған. Осы тарих қазақ халқының да ұлттық тұғырында нық тұруы үшін аса қажет деп санағандықтан ойға оралған жайларды қағазға түсіре жүрген едім. Ғасырлар бойы өзімізге де, өзгеге де жұмбақ болып келе жатқан мәселелерге қатысты сол пікірлердің бірқатарын жұртшылық талқысына ұсынуды жөн көрдім. Моңғол емес, «Мәңгі ел»! Еренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» кітабында: «Монгольский историк Санан-Сецен приписывает ему (Шыңғыс ханға.– Х.Қ-А.) следующие слова, сказанные на том же Қурултае 1206 года: «Этот народ биде, который несмотря на все страдания и опасности, которым я подвергался, с храбростью, упорством и приверженностью примкнул ко мне, который, с равнодушием перенося радость и горе, умножал мои силы, – я хочу, чтобы этот, подобный благородному горному хрусталю, народ биде, который во всякой опасности оказывал мне глубочайшую верность, вплоть до достижения цели моих стремлений, – носил имя «кёкё-монгол» и был самым первым из всех, живущих на земле!», «С этих пор, – прибавляет Санан-Сецен, народ этот получил название кёкё-монгол», «Кёкё» значит «голубое», как небо», деп жазыпты. Сондай-ақ, Хара-Даван: «Над всеми поколениями, живущими в войлочных кибитках, говорит по этому поводу «Сокровенное Сказание», – Чингис-хан отселе провозгласил единое имя монголов; это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им» дейді. (Белград-1929 ж. 72 б.). Ә.Бөкейханов «Монғол халі» атты мақаласында: «Қытай шежіресінен көрінеді: Ғайсадан 2 мың 500 жыл бұрын бұ күнгі монғол жерінде көшпелі, мал баққан жұрт болған. Қытай шежіресі бұл елді «бей-ди», яғни темір қазықтағылар дегені. Осы бей-диден шыққан «чи-вей» монко руынан Темучин шықты. 48-нде дүниені алып, Шыңғыс хан аталған. Дүниеге монғол аты осы Шыңғыстан кейін жайылды. Бұ күнгі монғол Шыңғыс ханның ата жұрты болды», депті («Қазақ» газеті, 1913 ж.№13). Лубсанданзан 1628 жылы жазды делінетін «Алтын топшыда»: «Сонда Чирқа ебүген: «Жақсы әкеңнің құрған Бида түгел ұлысын, тайчығұт аға-бауырың бүлдіріп көшкенде»...делініп (55 б.), түсініктемеде: «Bіda –Бет. «Бида ұлысы» дегенді А.Амар: «Монғол ұлысының көне атауы» деп түсіндіреді» деп жазылған. (А.Мауқараның әдеби-көркем аудармасында: «Абзал әкеңнің біріктірген Бет елін бытыратып кеткен Тайшы ағайын туысқаныңды».. делінеді ( 27 б.). «Алтын топшыдан» ерте жазылған (1240 ж., 1382 ж. ?) «Моңғолдың құпия шежіресінде «Биде» сөзі жоқ, тек: «Сайын Есікенің жинаған ұлыс еді»,..-делінген (73-бөлім). Қытайда 1986 жылы шыққан «Нақты пайдаланылатын ежелгі қытай тілінің сөздігінде» (184 б.) «гүйфаң» деп аталатын халықтардың «чы-ди» (қызыл ди), бәй-ди» (ақ немесе құба ди ), чаң-ди (үлкен немесе ұлы ди) деп бөлінетіні («ди»-қытайша «жабайы» сөзі) жазылған. Қ.Салғараұлы: «Чы-ди» көне замандарда ежелгі қытайлықтардың көршісі болған түрк (қыпшақ) халықтарының оңтүстік бөлегі, «Бәй-ди» – батыс бөлегі, «жан–ди» – шығыс бөлегі» деген. («Ұлы қағанат» кітабы, 2008 ж. 519 б.) Л.Гумилев «Хунны» атты кітабында (30 б.) Хундардың оңтүстік-батысында қоныстанған Жун халқының 6 тайпасының ортақ атауы бэйди екенін жазған. Кітаптағы берілген картада осы бэйдидің байди, чиди рулары Қытайдың солтүстік-батысында тұрғаны (үйсіндердің шығыс жақ көршілері) көрсетілген. Осыған қарағанда «биде», «бәй-ди», «бай-ди» сөздері «моңғол» деген сөздің мағынасын ашуға қатысы жоқ, тек географиялық орналасуларына қарай көршілеріне қытайлардың берген атауы ғана сияқты. «Биде, бәй-ди» сөзінің моңғолмен қатар аталуы кейінгі, Шыңғыс ханның ата-бабаларын Индия, Тибеттен шығарып жазған 17 ғасырдағы Моңғолия тарихшыларының еңбектерінің «жемісі» екені байқалады. Сондықтан біз енді нақты «моңғол» сөзінің тарихта қай кезден бастап кездесетіні туралы деректерге тоқталайық. * * * «Алтын топшыда»: «Бөрте Чинуа солтүстік тарапқа мұхит, теңізден өтіп, жат жерге келіп, ері жоқ Қоға Марал есімді қызды алып, жаттың жерін мекендеп, Моңғол әулеті атанады» делінген (27 б.), бірақ «моңғол» сөзіне түсінік берілмейді. Ал одан ерте жазылған «Құпия шежіреде» (1-бөлім) «Моңғол әулеті атанды» деген сөздер жоқ. «Құпия шежіреде» ( 52- бөлім): «Қамұқ Моңғолды Қабұл қаған билеп тұрған еді» деп, «Алтын топшыда» да: «Қамұқ Моңғолды Қабұл қаған билеп жүрді» делініп, «Хамаг Монғол – ХІ ғасырдың орта тұсында құрылған Моңғол ұлысының атауы» деген түсінік берілген (41 б.). және қазақша аудармасында «Барша Монғолды» деп аударылған. М.Қашқаридің «Түрік сөздігінен»: «Қамұқ кісі ермес» делінген мысал келтіріледі. Бір қарағанда «нағыз моңғол сөзі» деуге болардай осы «хамаг, қамұқ» – көне түрік сөзі, қамту, біріктіру, қамтылған, біріктірілген. Хамсы, хаммасы, көбісі, көпшілігі, баршасы т.б. түрде түрік текті халықтарда кездесетін сөз. (Моңғолияда да сақталған: хам-бірге, бірлескен, қосылған; хамаг– һәм, барлық, барша) Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат-Тауарих» жинағының 1 томының 1 кітабында «моңғол» сөзінің мағынасы туралы: «Слово же монгол сперва звучало «мунгол», то-есть «бессильный» и «простодушный» деген (ауд. Хетагуров,154 б.). И.П.Петрушевский осы «Жамиғ-ат-Тауарихтың» Мәскеуде 1952 ж. орыс тілінде шығарылуына байланысты «Рашид-ад-дин и его исторический труд» атты кіріспе мақаласында: «Подобно большинству своих современников, Рашид -ад-дин называет тюрками все кочевые скотоводческие народы Азии как тюркоязычные так и монголоязычные, и многие народности он именует то тюркскими, то монгольскими. Иначе говоря, у нашего автора «тюрки» – термин не столько этнический, сколько социально-бытовой», дейді (28 б.). Бірақ, Ирандағы Шыңғыс хан ұрпақтарының тапсырысымен, бақылауымен шежіре жазған Рашид-ад-дин ондай қателік жіберуі мүмкін бе?! Осыған ұқсас пікірді Т.Әбенайұлының «Шыныңа көш тарих! Шыңғысхан кім?» кітабынан да байқаймыз. Ол «моңғол» сөзін «маң» және «құл» деген сөздерден шығарып «Маң» сөзі – түрік тілдерінде жүру, жылжу мағынасын білдіреді. Оған «құл» сөзі жалғанып, үндестік заңына сәл өзгеріске түсуден «маңғұл» атауы келіп шыққан. Ол да, қыжыртпа сарынмен қалыптасқан көшпенді ел, малшы жұрт деген мағынадағы елесім. Бұлардан шығатын қорытынды: маңғұл атауы, ең кемінде Оғыз хан заманынан бастап қалыптасқан байырғы елесім. Ол – барлық шығыстық түркілерді меңзейді» –дейді (Алматы,2008, 63-64 б.). Д.Майдар мен П.Турчин «Разноликая Монголия» атты этнографиялық очеркінде: «Онон мен Керулен өзендерінің жағасында өмір сүрген шағын тайпаның адамдары өзін моңғолмыз деп атаған. «Монғолдар» деген ресми атау 13 ғасырда, монғол халқы, мемлекеті пайда болғанда ғана шықты» (Москва, «Мысль» 1984 , 34 б.) – дейді. Хондемир Гияс-ад-дин (1475-1536) Моңғолды тарихта болған адам ретінде баяндайды. Анықтай айтсақ, Нұх пайғамбардың үшінші ұлы Иафеттің баласы Түріктің төртінші ұрпағы Аланша ханнан Татар мен Моңғол (егіз) туғанын жазады. «Когда они достигли совершенных лет, отец разделил между ими Туркестан» деп (ауд. В.Григорьев), ал Ергене қонға руын қоныстандырған Қиян, осы Моңғол ханның алтыншы ұрпағы Елханның ұлы деген («История монголов. От древнейших времен до Тамерлана», СПб, 1834. 2-6 б.). Қадырғали Жалайыри 1602 жылы жазған «Жылнамалар жинағында» «моңғол» сөзінің мағынасы туралы айтпайды, тек Оғыз ханға бағынбай, мұсылмандықты қабыл алмай, шығысқа көшіп кеткен жұртты «моңғол» атайды. (Хондемир және Әбілғазы баяндауы керісінше – Моңғол ханның ұлы Қара ханнан Оғыз туады). Хиуа ханы Әбілғазы баһадүр де 1663 жылы жазған «Түрік шежіресінде» Моңғол сөзін тарихта болған кісі есімі ретінде атайды. Адам-атадан Нұхқа шейін тарата келе, Нұх пайғамбардың үшінші ұлы Иафестен Түрік туғанын, оның бесінші ұрпағы Алынша ханнан Татар мен Моңғол, ал Қиян осы Моңғол ханның сегізінші ұрпағы екенін жазған. (Алматы «Ана тілі», 1992 ж.,52 б.). «Моңғол» сөзінің мағынасы туралы Әбілғазы: «Мұңғұл» сөзі «мұң» және «ол» деген сөздерден шыққан, жұрттың тілі келмегендіктен келе-келе мұғұл деп кеткен. «Мұңның» мағынасы қайғы екенін барша түрік біледі, ал «ол» дың мағынасы да қайғыға жақын, түнерген дегенге келеді» дейді (15 б.). Назар аудартары, «Мұң» сөзінің мағынасын барша түрік біледі» деуі – «моңғол» атауын түріктер бергендігі және мұның еш шүбәсіз түрік сөзі екендігі. «Мұң» сөзі қазір де қазақ тілінде бар, әрі Әбілғазы айтқандай «қайғы» дегенді білдіреді. Ал, «ол» есімдік сөзі, түрік тілінің заңдылығына орай, бастауыш ретінде «мұң» сөзінің алдына қойылып, «мұң ол» емес, «ол мұң» (ол – мұңды) болар еді. Негізі, халық өз елесімін өз қалауымен атайтынын, ал сырттан таңылған лақап атауды қабылдамайтынын тарихтан байқаймыз. Мысалы, сырт елдер «қытай» немес «чина» дегенімен олар өздерін жуңго, хансу, біздер армян дегенмен, олар өздерін найри, финдер – суонами, неміс – дойч, т.б. деп атайды. Сол себептен: «Әлемді тітіреткен моңғолдар неліктен түріктердің таңған «мұңды», «қайғылы» деген жақсы емес мағынадағы лақап елесімді қабылдап, күні-бүгінге дейін өзгертпей отыр?!» деген сұрақ еріксіз туады. Қазір бірқатар мақалаларда «монғол – мың қол деген сөз. Шыңғыс ханның құрылтайда: «Енді біз мың қол болдық, көп болдық» деуінен шыққан»,– деген пікірлер айтылып жүр. Бірақ, Шыңғыс хан өз әскерінің күшін, «өте көп» екенін білдірмек болса тіл қорында бар «түмен» сөзін қолданар еді ғой! Жоғарыдағы пікірді мақұлдап «Қазақстанның балама тарихы» аталатын кітабында Қ.Данияров та: «Мың – сандық өлшемі, қол – әскер, қосын мағынасында», «Бұл сөз түркі тілді халықтардың ішінде қазақ тілінде фонетикалық өзгеріске ұшырамай, сол күйі сақталған. Әйтеуір, «мұңғыл» (монгол) – қазіргі моңғол тілінде белгілі бір ұғымды білдірмейтін, мағынасыз, мәнсіз сөз» дейді (41 б.). Осы автор Шыңғыс хан басқарған мемлекетті құрушы өте ірі төрт ру ( қият, найман, керейіт, меркіт) болғанын, олардың бірінің атымен мемлекетті атаса, қалған үшеуі келіспей, алауыздық туарын, сондықтан «сол жерлерде көшіп жүрген аз ғана тайпаның (моңғол тайпасының) атын беруге мәжбүр болған» дейді! (Алматы, «Жібек жолы», 1997, 14 б.). Қ.Закирьянов «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» аталатын кітабында: «Қорқыт ата» атты эпикалық дастанды мәлімет көзі ретінде пайдаланған Башқұрттық академик Кузиевтің еңбегіне сүйене отырып, белгілі қоғам қайраткері Ө.Жолымбетовтың айтқан болжамын келтірейін. 4 ғасырдың аяғында Монғолияның ғұн әміршісінің қайтыс болған әйелінің күмбезінде 40 күн бойы Манчжуриядан әкелінген мың құл шырақ жағады. Кейінірек бұл мың құлдың ұрпақтары 12 ғасырда Онон және Керулен өзені бойында көшіп қонған моңғол атты рудың негізін құрады», «..Осы себепті «моңғол» этнонимінің шығу тегі «мың қол» сөзіне емес, «мың құл» сөзіне байланысты болып келеді екен» дейді (Алматы, «Жібек жолы»,48 б.). (Шыңғысханның ата-тегін Манчжуриядан әкелінген құлдардан шығара отырып, жазушының өз кітабын «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» атағаны түсініксіз!). Хондемирдің «Моңғолдар тарихын» парсы тілінен орысшаға 1834 жылы аударған В.Григорьев кітапқа түсініктемеде: «Нам неизвестно даже настоящее значение слова Могол, ибо Абульгази, как мы видели, говорит, что Мунгль значит «печальный», Доссон по Рашид-уд-Дину, пишет , что Монгол значит «простой, слабый», а наш Академик Г.Шмит утверждает, что это производство сего слова не имеет ни какого основания, и что Монг значит «непокорный, неустрашимый», дейді (125 б.). Лин фон Паль «История Империи монголов» атты кітабында: «Происхождение самого названия «монголы» имеет несколько толкований. По словам Д.Банзарова, рассматривавшего филологический компонент названия в статье «О происхождении имени монгол»: «...г-н Шмидт, следуя Сананг-Сэцэну, думал, что оно дана монголам самим Чингисханом и произведено от корня монг, «строптивый», «дерзкий», а мусульманские историки производят его от мунг, слабый»,»печальный». Чтобы ни значило слово монг или мунг, по свойству самого языка монголов не могло их имя произойти от такого корня: без всякой натяж-ки оно разлагается на мон-гол, «река Мон»! Однако никакой реки Мон на картах не существует. Ее не существовало и на европейских и арабских картах Средневековья» дейді (35 б). (Бұл айтып тұрғандары «мунг»– мұң, мұңды, ал «монг» – мөңку» сөздері). Шын мәнісінде,17 ғасырда Санан-шешен, 19 ғасыр басында Г.Шмит келтірген «монг» сөзі қазіргі моңғол тілінде жоқ. Өйткені бұл түрік сөзі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Мөңкі 1. Тулау, әлем-тапырық, шат-шәлекей болу; 2. Ауысп. Қатты ашулану, шамдану; делінген (Алматы 2008, «Дайк-Пресс», 600 б.). Қ.Салғарин кейбір ғалымдардың «мұнғұл» атауының сөздік төркінін «құл» сөзімен байланыстырғаны шындыққа келетінін, монғолдардың түпкі тегін Геродоттың «Тарихындағы» скифтерден жеңіліп Шығысқа қашқан құлдардан шығарып, «моңғол» мағынасы «мың құл» болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар: «Көне қытайлықтардың «кеуделі құл», «кекшіл құл» деген мағынада қолданып, тарихнамаларына халықтық атау ретінде ендірген «сиуңну» («сиуң» – кеуде, ну – құл») этнонимінің ежелгі түріктің «мұңғұл» («мұңды құл» немесе «түнерген құл») деген халықтық атауының калькалық аудармасы екенін аңғару еш қиындық туғызбайды» дейді («Ұлы қағанат» кітабы, Астана, «Фолиант», 2008, 159 б.). «Мұнымыздың дұрыстығын орыстың әйгілі шығыстанушысы Н.Я.Бичуриннің сиуңнуді «злый невольник» (Бичурин Н.Я. 1950.– стр.39) деп аударуы, да Әбілғазының мұңғұлды «мұңды құл», «түнерген құл» деп түсіндіруі де құптап тұрғандай» дейді. ( сол кітапта, 357 б.). Бұл қалай болғаны?! Жоғарыдағы кейбір авторлармен келісер болсақ, Шыңғыс хан соншама ру-тайпаларды біріктіргеннен соң оларға шынымен-ақ: «Бұрын біз «биде» деген халық едік, енді «мұңды құл, түнерген құл, маң құл, мың құл» деп аталайық!» дегені ме? Бұрыннан хандық құрып келген найман, керей, меркіт, татар, жалайыр, т.б. ру-тайпалар өз аттарын «мұңды құл» деген атауға ауыстырғанына «шаттанған» деу ақылға қона ма?! (Хара-Даван: «это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им»). «Моңғол» сөзіне қатысты бұдан өзге де ондаған болжамдарды мақалалар мен кітаптардан, интернеттен көруге болады. Бұл мәселеге қатысты пікірлердің әлі де толастамауына қарағанда бұрын-соңды тарихшылардың «моңғол» сөзінің мағынасы жайлы айтқандары көпшілік жұрт сеніп, қабылдарлық дәрежеде болмай тұрғанының дәлеліндей. Иә, Шыңғыс хан мен ол құрған мемлекеттің халқының түріктік есімдері, тіліндегі түркі сөздері туралы қаншама авторлар небір дәлелдер айтты-ау! Бірақ, ақыр-соңы, «Дұрыс-ақ, ал сонда, моңғол деген халықты қайда қоямыз?» деген сұраққа келіп тіреле береді екен. Сондықтан, «моңғол» сөзінің мағынасы айқындалмайынша, том-том кітаптар жазғаннан нәтиже шықпасын байқадым. Ғасырлар бойына шешімі табылмай келе жатқан осы мәселенің, пайымдар болсақ қазақтың, жалпы түрік текті халықтардың бүгіні мен келешегіне маңызды әсері бар. Сол себептен, көп жылдан бері көкейде жүрген пікірлерімді мен де жұрт талқысына салмақшымын. * * * Меніңше, Шыңғыс хан мемлекеті тарихына қатысты зерттеулер жасаған бұрынғы, кейінгі тарихшылардың осы мәселенің ұшына шыға алмау себебі – «моңғол» сөзін олардың «этностық атау» деп есептеуінен болып отыр. Ал шындығында, бұрынғы тарихтағы «моңғол» этнос (ру) емес, шығыстағы түрік текті рулардың Одағының атауы (КСРО дегендей). Мұндай тұжырымға мен бір қарағанда «моңғол» сөзіне қатысы жоқ сияқты деректерді салыстыру арқылы келдім. Сонымен, «Моңғол» деген не сөз және бұл атауды Шығыстағы түрік рулары неліктен қабылдады» деген мәселеге көшейік. Тарихшы Хара Даван: «После покорения западных племен Чингисхан является бесспорным властелином всей страны от Алтая до Китайской стены. Объединение всех заключавшихся в ней земель в одно государство несомненно означало намерение восстановить древнюю монголо-тюркскую империю ХІ века» дейді (аталған кітабында, 64 б.). (Бірақ ондай империя ХІ ғасырда емес, ҮІ-ҮІІІ ғасырларда болған, оны тарихта «Түрік қағанаты» деп жүрміз). Л. Гумилев «Каспий айналасындағы мың жыл» кітабының «Инерциозная фаза– «Вечный эль» деген тарауында Түрік қағанаты туралы: « Именно в этой фазе римляне назвали свою столицу – «Вечный город», тюрки свою державу – «Вечный эль», (146 б.) десе, «Древние тюрки» кітабында да Түрік қағанаты туралы: « Они сами сознавали это и назвали свою державу «вечный эль», подчеркивая ее устойчивость сравнительно с племенными союзами телесцев и хозяйничанием хищной орды жужаней» деген ( 71 бет). Татарстандық тарихшы Р.Н.Безертинов: «Татары, тюрки – потрясатели Вселенной» кітабында: «Постепенно орда превращалось в государство, которое называлось у тюрков ханством. Ханства объединялись в каганат. Свое государство тюрки называли Эль или Иль. Оно было более постоянным, чем орда или конфедерация, поэтому тюрки свое государство называли «Вечный Эль» . Постоянная потребность объединения в орды и создания государств послужила основой идеологии тюрков. Эта идеология «стремления к Вечному Элю» пронизывает своими лучами всю историю тюркского мира. Благодаря этой идеологии тюрки создали много десятков империй и ханств» дейді (Новосибирск 2001.,52 б.). Осынау тарихшылар «Түріктер өз қағанатын «Вечный ель» атаған» деп қандай деректерге сүйеніп жазып жүр екен?» деп, біршама іздеген едім. Орхон таңбалы тас жазуларында, Күлтегін кіші жазуларының 8-жолында: «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың» деген таңба жазу бар екен. (Е.Бретшнейдер «Өтукен – Қарақорым қаласы қасындағы, Орхон өзеніне жақын тау» деп жазған). Әлгі жазуды С.Малов «Когда же ты остаешся в Отюкенской черни, ты можешь жить, созидая вечный племенной союз» деп, өзге орыс тілді ғалымдары да «ел» сөзін «племенной союз» деп аударған екен (В.Радлов пен П.Мелиоранский бұл тұсты «вечныя племена обитающия» депті). «Қазақстан» атауын «Қазақ елі» деп өзгертейік деуші замандастарымыз «ел» сөзінің «мемлекет» ұғымын беретінін жақсы біледі. Қазақ ғалымдары бұл сөйлемді «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен» (М.Жолдасбеков), «Өтүкен жыныста отырсаң мәңгі ел тұтып отырарсың сен» (Қ.Сартқожа), «Өтүкен ұйысында отырсаң мәңгі ел тұта отырар едің» (М.Мұхитденов), «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел ұстап отырарсың сен» (Ғ.Айдаров), «Өтеген иеуіште отырсаң мәңгілікке еліңді сақтап қаласың» (Т.Әбенайұлы), «Если ты обитаешь в Отюкенской черни, ты можешь жить, созидая (поддерживая) свое вечное государство» (А.Аманжолов) деп аударған. Орыс ғалымдарының «иыш» сөзін «черни» дегені түсініксіз болса, ал қазақ аудармашылардың барлығы-дерлік «ұйыс» сөзін жер жағдайымен байланыстырғаны байқалады. Ал «ұйысында» емес, «ұйысып отырсаң» десек, бұл Оғыз тарихындағы «ұйыса қалыпсыңдар ғой, ұйығырлар!» деген көне аңыз сөзіне де сәйкес келер еді. (Асан қайғының «Жер ұйықты» іздеуін де, меніңше, жерді емес, «ұйысқан, ұйыған, бірлігі мықты елді іздеу» мағынасында түсіну керек сияқты). Осыған орай Қ.Салғараұлы «Ұлы қағанат» кітабында: «Түрктердің 552 жылы жыужән-дарды талқандап, өздерінің мемлекетін «Мәңгі ел», билеушісін «Ел қағаны» атағаны баршаға аян» (166 б.), «Ресми тарих түрктер құрған мемлекетті «Түрік қағанаты» деп атап, ғылымға солай енгізгенімен, түрктердің өздері олай атамаған. Олар өз мемлекетін «Ел», ал далалық империяға айналған кезде оны «мәңгі» сөзімен толықтырып, «Мәңгі ел» деп атауды қалыптас-тырған. Сондықтан жаңаша жыл санаудан кейінгі 552 жылы Орталық Азияда түрктер құрған далалық империяның ресми төл атауы «Мәңгі ел» екенін есте ұстаған жөн» деген екен (182 б.). Ендеше, Хара Даванның Шыңғыс ханның түрік текті тайпалармен шайқастарын «означало намерение восстановить древнюю монголо-тюркскую империю ХІ века» деуі, қағанның сол «Мәңгі ел» мемлекетін қалпына келтіру жолындағы әрекеттері емес пе!? Сондықтан 1206 жылы құрылтайда өзі біріктірген руларға: «Осыдан былай барлығымыз «Мәңгі ел» деп аталайық»,–деп бұрында, Түрік қағанаты кезінде осы рулардың ата-бабалары құрған «Мәңгі ел» мемлекетін қалпына келтірейік, жаңғыртайық!» деген соң ғой олардың мұны шаттана қабылдауының мәнісі. (Хара-Даван: «это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им»). Осы, түрік текті Қият, Жалайыр, Керей, Найман т.б. көптеген рулардың бірлесе құрған мемлекеті «Мәңгі ел», сол кездерде қолданыста болған алфавиттердің бұл сөзді дұрыс таңбалау мүмкіндігі болмауы салдарынан да «монгол» деп жазылып, айтылып кетуі әбден мүмкін. 13 ғасырда Шыңғыс хан Ордасында қолданылған «ұйғыр жазуы» туралы Тодаева Б. «Монгольские языки» мақаласында: «Диалектная основа последнего неясна; фактически он всегда был наддиалектной формой сугубо письменной коммуникации, чему способствовала не слишком точно передававшая фонетический облик слов письменность, нивелировавшая междиалектные различия. Возможно, этот язык сформировался у какого-то из монгольских племен, уничтоженных либо полностью ассимилированных при возникновении империи Чингисхана» дейді. Көптеген тарихылар «Шыңғысхан елінің жазуы болмаған» деп келеді. Ал сол өңір 6-шы ғасырдан бергі Күлтегін, Тоныкөк, т.б. руникалық жазулы тас, ағаш ескерткіштерге тұнып тұрғанын қаперге алмайды! Кейінірек, ҮІІІ ғасырда жалайыр мен қарлықтар (арғындар) құрған Ұйығыр қағанаты кезінде шығыс түріктері сына таңбалардан гөрі қолайлы санап 21 әріпті «ұйығыр әліпбиін» қабылдаған болар. (Европалық ғалымдар Ибид, Шпулер, Бартольд, т.б. бұл әліпбидің соғды әліпбиі негізінде жасалғанын, ал соғдылар оны кезінде арамей-семит жазуынан алған деген пікір айтады). Сондай-ақ Қ.Жалайыри керейіт, найман, оңғут, таңғұт, бекрин, қырқыз рулары туралы: «Бұл қауым да белгілі, тәжіктер оларды моғол деп атайтын», десе (25 б.), Әбілғазы да: «Көшірмешілер көбінесе парсылық не тәжік болғандықтан, не монғол не түрік тілін білмейді. Тәжікті он күн үйретсе де, «моңғол» сөзін айтуға тілі келмес еді», дейді (30 б.).

1234 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз