- Еркін ой мінбері
- 19 Сәуір, 2012
Абылай хан тарихи роман айнасында немесе өткеннен өнеге
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, жазушы
Қандайда ел өткеніне көз тастап отыруды, жақсысынан үлгі алуды, жаманынан жиренуді ілгері басуының бұлжымас шарты деп біледі. Тәуелсіздік дәуірінде түлеген жаңа әдебиетіміздің үлкен бір жетістігі – еліміздің арғы-бергі тарихына қайта үңіліп, бедерлі беттерін бұрынғыдай бөтеннің аузына қарап жалтақтамай, кіл өз ұлттық тұрғымыздан бағалап жаңғыртуында. Бір Абылай ханның қазақ халқы басына түскен сын сағатта үш жүздің басын біріктіріп, елдің елдігін сақтап қалған өнегесінің өзі қандай. Сол кезде емес пе еді ұлттық идея туының асқақтап желбірегені. «Ел берекесі – бірлікте» ұранының ұлан-байтақ қазақ уәлаятын ұйытқаны. Биік ойлы, кең құлашты Бұқар жырау поэзиясында кестеленгені. Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі. Қарашы халық сыйласа, Алтыннан болар белдігі. Билік – зиялы қауым – ақын-жырау – қараша халық бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, тұтасқанын айтқан Бұқарекең. Бірлік нәтижесінде Қазақ елі қара көзден мөлтілдеп аққан жасын тыйып, қайратына мініп, еңсесін көтерді, айнала анталаған жаудың меселін қайтарып, ұлы жеңісінің жемісін терді. Қазақ жұртының халықтық-ұлттық бірлігі идеясы ұлы Абай поэзиясында заңды жалғасын тапты. Өсер ұрпаққа, келер дәуренге арнап бас ақынымыз: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген ғибратты өсиет қалдырды. Кейін Алаш Орда іліп алып кеткен осы ұлттық идея қызыл империя кезінде жүрегіміздің бір түкпірінде жатты да, ғасырлық арманымыз орындалып, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенде, қазақ аспанында көк туымыз желбірегенде, бағасы тіптен артып, бұдан былайғы тірлігіміздің басты қағидасына айналды. Азаттық күрес шындығын ашып ақтару – күрделі проблема. Шешімі оңайға соқпағанымен, зерттеу мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда молайды. Қазіргі алды кең, қол байлауы жоқ, өз билігіміз өзіміздегі бостан заманда тарих қоймасы атаулының бәрінің, шет ел мұрағаттарына дейін құлпы ашылды. Енді, айталық, ел тірлігінің рухани құралы – көркем әдебиет қалай ізденемін, не жазамын, қалай жазамын десе де ерікті. Тек өткенді бүгінгінің биігінен зерделеуді естен шығармауға тиістіміз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазір «Дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек». Қазақстан ақын, жазушылары азат ел тұрғысы арқылы барлаған өрісіне шығып та үлгерді. Көркем әдебиет пен өнер тарапынан Елбасы талабының қалай орындалып жатқанын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының соңғы жылдары атқарған жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарынан байқауға болады. Институттың он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», тоғыз томдық «Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет», «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркем шешімі», «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті. 2001-2011» атты және басқа іргелі еңбектері жаңа Қазақстанның жаңа әдебиетін талдап, таразылап, оқырман жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алып жатыр. Ендігі мәселе тәуелсіздігіміздің 20 жылы ауқымында, одан бұрын да қордаланған рухани байлығымыздың сана-сезімімізге әсері қандайға саяды. Тарих тағлымынан сабақ алуымыздың жай-жапсарына қанғың келеді. Міне, осы тұстарда, мойындау керек, сәл мүдіріңкірейтін сияқтымыз. Мәдени мұрамыздың оқылымы саябыр болғанда ( таралымы шірегенде екі-ақ мың дана кітап атаулы он жеті миллионға жуық халқы бар елге көздің дәрісі етіп тамшыға айналдырсаң да жетпейді), тоқылуы да сын көтермейтіндей. Мұның салдары елдің рухани хауіпсіздігіне салқынын тигізбесе не қылсын?- деген қаяу енеді көңілге. Қоғамдық-әлеуметтік үрдіс мінезі ауа райына ұқсаған - айнымалы. Үнемі жаймашуақ қалыбында тұра бермейді. Табағына салып шыжғыратыны да, сары аязын сақылдатып қалтырататыны да ұшыраспай қоймайды. Табиғаттың ыстық-суығы денеңді шіміркентсе, қоғамның сүрініп-қабынуы жаныңа батады. Оның солай екендігін жуықтағы Жаңаөзендегі оқыс оқиғалар дәлелдеді. Жүрек сыздатып, әттегенайлатып сан соқтырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында Жаңаөзендегі жағдайға байланысты не қилы пікірлер айтылуда. Көбісі қолымды мезгілінен кеш сермедімге саяды. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген бабаларымыздың мұрасына, парасатына жүгіну керектігі енді ғана еске алына бастағандай. Соның өзіне де – шүкірана. Тек бұрынғы желөкпе, бөспеліктен, төс қағудан сақтансақ. Әттеген, қанымызға сіңісті ме, дарақылық мінезден, жоқты бар етіп боямалаудан арыла алмай-ақ қойдық. Жаңаөзенде жақын арада болып қайтқан кей белсенділердің пікірін бас шайқамай оқи алмайсың. Ол жазғандар: Жаңаөзенде, жалпы Маңғыстау өңірінде мұнайшылармен, теңізшілермен кездесулер тамаша өтті, бұдан былай бәрі орын-орнына келеді, болған «қайшылықтар» ушықтырылмайды, қысқа мерзімде жойылады деп тағы да жайбарақаттыққа салынады. Жаңаөзендегі қантөгісті қысқа мерзімде жойылатын «қайшылық» санап, көрінеу алдарқатады. Сыңаржақ сын да шаң беруде. Бағзы біреулер: бұзақылық жасау, үй өртеу, дүкен тонау, ұру, соғу қандай идеологияда болсын, ақтауға жатпайтын мәселе деп ақылсымсиды. Қазақ қазаққа оқ атты. Қан төгілді. Бір қазақты екі ете алмай отырғанда, бұл не сұмдық демейді. Жапа шеккендерді ғана айыпты санап, жауырды жаба тоқуға тырысады. Президент Назарбаев қай мінберден сөз сөйлесе де, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Игілік басы – ынтымақ» деген халық даналығын әрдайым еске салып отырады. «Бізге ең керегі – қоғамның тұрақтылығы мен ұлыстың ынтымағы» болғанда, оны қамтамасыз етудің жолдарын бұрынғыдан жітірек, пәрмендірек қарастыруға тиіспіз дейді. Айтты айтпады, айқай-шу, сүрең даумен ешнәрсе бітпейді. Әр кезеңнің өз ерекшелігі бар. Алдымен соны айырып алуға тиістіміз. Ұйысқан ұлысымыздың бір тұсынан ши шықса, мұның аты – кінарат. Пұттап кіріп, тыйындап шығатын сырқат іспетті. Демде айығып кете қоймайды. Ұлт Көшбасшысы жуықта, дәлірек айтқанда, 2012 жылғы қаңтар айының аяғында Қазақстан халқына Жолдауында Жаңаөзендегі «оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан алынған сабақ ұдайы ескерілуі керек» деп атап көрсетті. Ең алдымен, халық арасында дәйекті, жүйелі саяси-тәрбиелік, идеологиялық сан салалы жұмыс жүргізілуі қажет. Бабалар сөзіне құлақ асу, үлгілі ісін өнеге тұту мәселесін алайық. Мақаланы бастай бере, Абылай ханның есімін ауызға алуымыздың себебі бар. Бір білгіштер, Абылай хан Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген жоқ қой деп тәлімсиді. Ханның жоқ мінберден сөйлемегенін, мұндай ойдан шығарылған кемістігін есептемегенде, ел тізгінін ұстаған кезінде жіберген қателіктері, олқылықтары жетерлік те шығар. Дегенмен, ондай ағаттықтары емес қой Абылайды Абылай еткен. Қазағына ол не қасиетімен ардақты деген сауалға жауап қысқа: Абылай хан үш жүздің басын қосып, негізгі он рудан құралатын халқының көңілінен шықты. Абылайдың өнегесін орынды мақтаныш етуіміздің және бір себебі, бір орталықтан басқарылатын мемлекетті қорқыту, үркітусіз, ату-шабусыз, бейбіт саясат жолымен құрды. Кеңестік насихат революцияға дейінгі Қазақ елін артта қалған надан, қараңғы ел еді деп талай көпіртті. Кезінде өзіміз де оған қосылып, аз есілгеніміз жоқ. Енді қарап отырсақ, қазақ хандарының да өзге ел билеушілерінен иығы жоғары, үлгі тұтарлық кей істері, Құдайға шүкір, баршылық екен. Мына бір фактіге не дер едіңіз? Иван Грозный бір орталыққа бағынған қуатты мемлекет құрды. Сол үшін Ресей тарихында жоғары бағаланғанымен, қатаң сыналып та жатады. Өйткені, шілдеде мұз қатырған қиянатшыл, ызбарлы да, озбыр патша елін жаппай қырғынға ұшыратты. Ұлы Новгородтай («господин великий Новгород») демократияшыл қаланы ғана емес, Московия халқының өзінің де қанын шелектеп төкті. Абырой болғанда, Абылай ханға ондай ауыр кінә таға алмайсыз. ...Қос дата – 1711-2011. Мұны еске салудың мәнісі бар. Былтырғы жыл Абылай ханның туғанына үш жүз жыл толып еді. Бірақ мерейтойы елімізде жөнді аталмай қалды. Мұны айтып отырғанымыз, тиісті орындарды жазғыру үшін емес. Тарихи даталарды атап өту тек той тойлау үшін ғана қажет пе екен? Даңқты даталарды салтанатпен атап өтудің басты мақсаты - өткен ғасырларымыздың үлгісінен күш-қайрат алуды көздемек. Абылай ханның өнегесінде тәуелсіз Қазақ елінің келешек ұрпағын ойландырарлық тәжірибе мол. Тек зерделеуге құнт болсын. Әрине, Абылай заманынан бері дүние танымастай өзгерді. Оған дау бар ма. Бірақ өзгермейтін мәңгі құндылықтар болатыны да белгілі. Соларды тортасынан айырған майдай етсек, одан кемімейміз ғой. Қорытылуға тиісті құндылықтар еліміздің түпкі мүддесіне, елдің тұтастығы мен тұрақтылығына тікелей қатысты. Сан ғасыр армандаған тәуелсіздігімізді баянды ету үшін береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға, жаһан және өз тарихымыздың сабақтарын үнемі есепке алып отыруға баулиды. Бұл мақалада көркем әдебиеттің, оның ішінде, қазақ тарихи романының Абылай хан образын сомдау жолымен ел бірлігі идеясын қалайша талдап, саралап жатқан жайы тексерілмек. Мәселе Абылай ханның үш ғасырды артқа салып, Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты ертегінің тұлпарындай аттап өтіп, біздің заманымыздың да шамшырағына айналғанын бейнелейтін қазақ романының мақтауын асыруда емес. Абылайдың ел бірлігі үшін күрес жолын жетекші жанрдың шыншылдықпен суреттегенін талдай отырып, ұлы ханның сөзі мен ісінің бүгінгі әжетімізге де қызмет етіп, тәуелсіздігіміздің айбынды құралы болуға әбден лайық екендігіне оқырман жұртшылықтың назарын аударуда. * * * Абылай хан туралы сөз қозғалған жағдайда тарих ғылымы да, көркем әдебиет те аттап өте алмайтын, бағыт-бағдар сілтерлік ең бағалы екі құжатқа алдымен көз салады. Біріншісі – Шоқан Уәлихановтың «Абылай» атты зерттеуі, екіншісі – Бұқар жырау толғаулары. Шоқан Уәлихановтың мақаласынан Абылайдың өмір жолы туралы ғылыми ақпармен қаруланса, Бұқар жырау жырлары ханның идеологиясы мен рухани әлеміне қанықтырады. Тарата түссек, Шоқан Уәлиханов мақаласы ірі прозалық шығармалардың оқиғалық шеңбері іспетті. Ал, Бұқар жырау жырлары Абылай характерін ашатын кілті болады. Екеуі жиылып, туындының тақырыбы мен идеялық-эстетикалық мазмұнына тиісті әсерін тигізбек. Абылай хан ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама атанған алай-дүлей заманда өмір сүрді. Сондықтан, тағдыры шытырман оқиғаларға, қиян-кескі ұрыс-соғыстарға толы болды. Бала кезінде жетімдік тақсіретін тартты. Біреулердің есігінде құл іспетті күнелтті. Он бесінде атой салып, жауға шапты. Қан майданда жекпе-жекте жеңіп шығып, батыр атанды. Тағы бір шақта басына қара бұлт қайта үйіріліп, екі дүркін тұтқынға түсті. Босасымен, бағы қайта жанды. Ақ киізге көтеріп, хан тәжін кигізген халқының үмітін ақтады. Бұқар жырау айтқандай, «Алтын тақтың үстінде үш жүздің басын» құрады. Қазақ елі даңқын әуелетті. Дандайсыған атажауды туған жерден түріп шықты. Дана саясатының арқасында екі алып – Ресей аюы мен Қытай айдаһарына бірдей қадірлі болды. Шырғалаң тағдырлы биік тұлға көзі тірі кезінде де, кейінгі заманаларда да халық творчествосының, жалпы әдебиетіміздің төрінен орын алып келеді. Кеңес кезінің және тәуелсіздік дәуірінің көрнекті шығармаларында тарихи ұлы қайраткер бейнесінде көрінді. Осы мақалада сөз етілгелі отырған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» (1976), Софы Сматаевтың «Елім-ай» (1998), Ұзақбай Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы» (2004, 2008) атты шығармалары айтылғанға айқын мысал. І. Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Абылай образы трилогияның «Жанталас» (1971) деп аталатын екінші кітабында бейнеленген. Тақырыбының өзі қандай. Қазақ елінің өмір мен өлім арасында тұрған, әупірімдеген кезіндегі шындығының дәл үстінен түскен. Экспозициясы, оқиға желісінің мән-мағынасымен оқушыны таныстыруы да образды сөйлеммен ұтымды басталады. Жоғарыда аталған мақаласында Шоқан: «Первое десятилетие ХVIII века было ужасным временем в жизни киргизского (қазахского-Ш.Е.) народа. Джунгары, волжские калмыки, яицкие казаки и башкиры с разных сторон громили их улусы, отгоняли скот и уводили в плен киргизов целыми семействами»- деп жаза келе, қазақты тазы ит тобырын қосқан қоянға теңейді (Это положение казахов можно было сравнить «с положением зайца, которого преследует целая свора гончих»). Міне, осы теңеудің туған тілдегі баламасын Ілияс Есенберлин нақпа-нақ түсіреді. «Қазақ елі бұл кезде .көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді» деп шегелейді «Жанталас» романының ілкі сөйлемін. «Жанталас» романы қазақ тарихына бірқыдыру шегініс жасап, талай хандардың хикаятын Бұқар жырауға баяндатып барып, болашақ Абылайдың жас кезін әңгімелеуге көшеді. Сырт күйін ғана көрсетіп қоймай, характерін ашуға кіріседі. Жасы қырықтарға тақаған Бұқар жырау Төле бидің түйешілері – Сабалақ атанған Әбілмансұр мен Ораз атты құлды тұрған қостарында кезіктіреді. Шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Осы жерде «шоқша сақалды, кең маңдайлы» Бұқар жырау «адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің», яки, болашақ Абылайдың он бес жаста деуге келмейтін, «қозғалыс-қимылында бір паңдық, тәкаппарлық байқалатын» тегін адам емес екенін аңғарады. Болашақ ханның характерін нанымды суреттеуге жазушы нені негіз етті дейтін емес, тірегі мықты: Бұқарекеңдей куәгері бар. «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» деп басталатын толғауында Бұқар: Он бес жасқа келгенде, Арқада Әбілмәмбет төренің Түйесін баққан құл едің. Абылай атың жоқ еді, Сабалақ атпен жүр едің. Оны да көрген жерім бар, десе, сол Бұқарекеңнің «көрген жерінде» творчестволық алғыр қиял қуатымен бояуы қанықты жанды сурет жасалған. Он үш жасында Хиуа базарында құлдыққа сатуға апарған жерінен қашырып құтқарған, әке орнына әке, шеше орнына шеше болып жүрген Ораз құлды Сабалақ-Әбілмансұр, сырын білгенді аямайтын төре тұқымының дәстүрі бойынша жазықты етіп, жазалаудан тайынбақ емес. Осыны сезген Бұқардай кейіпкер тас бүйрек мінезіне бір жағы таң қалса, екінші жағы жүрегі суылдап, зәресі ұшады. Абылайдың жан түкпіріндегі, жүрек тереңіндегі сырын ақтара отырып, жазушы сол кездердегі замана шындығын аша білген. Абылайдың төре тұқымына тартқан аяуы жоқ жойқын характері кейін ол ел үстінен қарайтын дәрежеге жеткенде де әлсін-әлі сезіліп қалады. Пугачевшіл Керейді ат құйрығына байлап жазалайтынын суреттеуінде, Шоқан Уәлихановтың «Ни один хан не имел такой неограниченной власти, как Аблай. Он первый предоставил своему произволу смертную казнь, что производилось прежде не иначе, как по положению народного сейма...» деген тұжырымына сүйенген бе дерсің. Роман Абылай хан характерінің жарқын жағына көбірек үңілген. Абылайдай алып тұлғаның ірілік, әділетшіл қасиеттерін ардақтаған. Абылай образының ұлылық күші жеке-дара қасиетінде ғана емес, сайып келгенде, – халықта, халықтың қайнаған ортасынан шыққан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сынды батырларда екенін жеріне жеткізе бейнелеген. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы барысында «бірлік жоқ жерде тірлік жоқ» дейтін қасиетті идея туды. Осы өмір шындығы және хан мен жыраудың, қазіргі тілмен айтқанда, жоғары билік пен рухани элитаның жарасты ынтымағы жайлы ой жазушының шығармагерлік ұста-дүкенінде қорытылып, көркем шындыққа айналады. Жоңғарлардан Түркістан, Сауран, Созақты азат еткен соғыстағы қазақтың үш жүзінен шыққан батырларды бастаған Абылай жорығы сәтті аяқталады. Бұл – ел бірлігінің жемісі. Қазақтың сол кездегі атақты батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Батыр Баян батырлар мен Абылай бастаған қырық мыңға таяу қалың қол терістіктен оңтүстікке лап қояды. Майдандағы ауыр, қанды айқастың қазақтың пайдасына шешілуін қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігінің арқасы екені романда жеріне жете көрсетілуі үстіне, оның саяси астары да шебер ашылған. Бұл үш жүздің басының мол қосылған жорығы еді деп түйеді роман. Роман ер намысын ел намысына ұластырады. Ұлы Абай «Ғақлиясында» ата-бабамыз намысқор болған, «...Аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен. Жанын салысады екен» дей келе, бірсыпыра мәтел-мақал да келтіреді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы берік ұстанған жолдан көз жазбауға шақырады. Осы тақырыпты «Көшпенділер» трилогиясы жанжақты, үдете қаузайды. Намысқойлық мінездің қазақ тағдырындағы айрықша маңызын көрсету үшін жазушы роман жазылған жылдары атын атауға тыйым салынған ақын поэмасының бас геройы Батыр Баян образын жаңғыртады. Мағжан Жұмабаевтың атақты «Батыр Баян» поэмасы туған інісі мен оның сүйген қызын өлтірген аға трагедиясын күңірене жырласа, роман сол аянышты оқиғаны проза тіліне түсіреді. Мұндай ауыс-күйіс, бір тақырыпты қайталап қаужау (перепев) әдебиет практикасында кездесе беретін жәйт. Бірге туған інісін өлтіріп, өз күшігін жеген бөрідей болдым-ау деп опынған кейіпкер Батыр Баян ақыры іштей арылады: Жоқ, әлде, жоқ...Әлде...өлтірдім бе, Інімді алты алаштың намысы үшін?! Өз кезегінде Ілияс Есенберлин осы пікірді Абылай ханның аузына салады. Өзінің жорыққа не себепті кешігіп келгенін айтқан Баянға Абылай: «– Жоғалтқаның көп болса да, үкімің адал екен. Халық намысы ер құнынан артық, – деді, қайғың тек өзіңдікі...Ал ата жолы бәріміздікі. Одан таймағаның – бәріміздің абыройымыз». Ата жолы... Бұл ұғымға жазушы үлкен мән берген. Қазақ қоғамының ежелгі әдет-ғұрып, әлеуметтік-құқық, этикалық нормаларын тығыз байланыста талдаған. Байырғы дәстүріміз. Ұлы Абай «Ғақлияның» отыз тоғызыншы сөзінде: ата-бабаларымыздың заманынан қалған тәуір мінездің бірі – намысқойлық дей келе, ер азамат ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе-араздыққа қарамай, ел ісіне атсалысар деген. Ата-баба жолын жоғалтпауымыз керек. Оған хан да, қара да - бірдей жауапты. Ашу үстінде хан Абылай жазықсыздан жазықсыз Ботақан деген жігітті зынданға тастайды. Ботақан намысқой еді. Абылайдың босатқанын місе тұтпай, мені көрге тыққан жеріңнен шықпаймын деп өзін-өзі жарып жібереді. Мұндай сұмдыққа жаны түршіккен халық дүр көтеріледі. Әнеки, осы тұста Абылай ханның саясатқа алғырлығы, керек кезінде айыбын мойнымен көтеретін ер мінезділігі сезілмей қалмайды. Ол кешірім сұрап, Тәуке ханның «Жеті жарғысына» сәйкес, ер жігіттің құнын төлеп, асын өткізуді өз мойнына алады. «Жанталастың» соңғы ширек бөлегінде Абылай бастаған қазақ қолдарының елімізге жоңғар мемлекетінің көзін жойып, енді қазақ еліне сұғынған қытай шеріктеріне, тағы бірде қоқан сыпайларына, қалмақ бір шапса, қазақ ауылдарын екі шабатын қырғыз манаптарына қарсы жеңісті соғыстары, Абылай сұлтанның елге қадірі асып, Әбілмәмбет өлген соң, Орта жүзге, одан кейін Үлкен ордаға хан сайланғаны суреттеледі. Бұл бөлім алдына идеологиялық сыпатты бүгінгі біздің де есімізде жүретін және бір мақсат қойылған. Хроникалды тарихи романда тұтас сюжет болмайды. Теңізге құйылған өзен-бұлақтай сарқыраған оқиға легі бірінен соң бірі көз алдыңнан өтіп жатады. Роман-хроника жанрын Есенберлин көшелі ойларға жетелейтіндей етіп дамытты. Оның идеологиялық әрін арттырды. Бұқар жырау мен Абылай хан арасындағы ел ахуалы, ішкі, сыртқы саясат төңірегіндегі қызу пікір алмасулар, айтыстар өзінше бір идеялық жүйе құрайды. Әлденеше сауал қойып, тиісті жауабын іздестіруге жетелейді. – Билік пен халық ара қатынасы қандай болуға керек? Қазақ елінде өлім жазасын тұңғыш енгізген Абылай ханның күрт кететін тұстары аз емес. Қоныс бермедің деп арғынға өкпелеп, атысып-шабысуға дейін барған Садыр руы Әндижанға көшпек. Бір қазақты екі ете алмай отырған жағдайда, ел ішіне іріткі салған руды хан аяусыз жазаламақ болады. Сонда «Ел күйінсе де, ер күйінбес болар» деп Бұқар жырау: қол жіберудің қажеті болмас, өзім сөйлесіп көрейін, он жігіт қосып бер, дейді. Бұқардың «Садыр қайда барасың, Сарысуды көбелеп?» деп басталатын жыры сонда туған еді. Рас, бұл жырда қорқыту-үркіту жағы басым. Бұқар бұл жолы арғын атынан сөйледі. «Ақмырзамды өлтірдің, Ақ сойылмен төбелеп» деп айып таға келеді. Абылай алдында бітіспесең, «Ауызыңнан ас кетер, Қара көзден жас кетер, Бұ қылығың қоймасаң, дулығалы бас кетер» дейді. Бірақ Бұқар жырау Садыр руымен келіссөзде тек күш көрсетумен шектелмеген. Талас бойы мен Күнгесу аймағынан қоныс берілетінін де айтқан. Сөйтіп қоныстан тарықтырған елін тастап, Әндижанға (Өзбекстан) көшпек болған райынан қайтады. Бұл ақпарды Шоқан Уәлихановтың жоғарыда аталған шығармалар жинағының 1-томының 180-бетінде жарияланған «Абылай туралы» жырдан кездестіреміз. Орынды сөзге қонақ беру, тоқтау – қазақтың ежелгі әдеті. Садыр руы бітім сөзге құлақ асады. Абылай тағы бірде Божбан руын жазалайды. Қайсыбіреулерін ат құйрығына байлайды. Басқа елге сабақ болсын деп істедім дейді. Бұған Бұқар жырау: жоқ, алдияр, бұл-сабақ емес, күйік. Күйіктен ел қартаяды, еңсесі түседі, дейді. – Билік пен рухани элита ара-қатынасы қандай болуға керек? Абылай қасында кеңесші ретінде әр уақытта Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей секілді жырауларды қасынан қалдырмаған. Ол топ ішінен суырылып шыққан тұлға атаулыны тани да, бағалай да білетін. Әрине, кім көрінген тұлға саналмайды. «Культ личности Сталина» деген сөзді «Сталиннің жеке басына табынушылық» деп қазақшаладық. Шын мәнінде «Сталин тұлғасына табынушылық» деп тәржімалауымыз керек еді. Хрущевке бағындық, бірақ табынбадық. «Жылымық» әкелген қайраткер ретінде аз мадақталмағанымен, ол туралы халық арасында «Культ без личности « деген қағытпа жиі айтылатын... «Дауылпаз деген құс бар, даусы жер жарады, жанына келсең күйкентайдай-ақ»-тарды қазір «тұлға» десеміз. Асыл сөзді қор қылып жүрміз. Шынында ондай дәрежеге жететіндер жыртылып-айрылмайтын болуға керек. Абылай мен Бұқарекеңдей нағыз тарихи тұлғалардың бітімі бөлек. Жазушы Есенберлин екеуін де көкжиегі кең, бірін бірі түсініскен Қазақ елінің бақытты болашағын көздейтін үлкен стратегияның адамдары етіп суреттейді. Бұқар жырау – «Қазақ» атын аспандатып, поэтикалық пафосқа айналдырған алаугер. Кейінгі Алаш інілері «Оян, қазақ» деп атойласа, Бұқарекең «Ойлан, қазақ!» деп ұран салған. Көкшетауымызға кәуір қала салды, Қарқаралыға қарқарасын шанышты, Көкмұрынға қыстауын қаптатты, жылқының суат суына шошқасын әкеп төкті, Ақмола мен Қараөткелде тас қорғанын салды, Баян-Аула, Қызыл тауды да сол кәуір алды, алдын-артын қоршаған жаудан «Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйірінен шаншу қадалып, Сорлы қазақ қалды» дей келе, осы сөздерінің әрқайсысын «Ойла» деп аяқтайды. Исі қазаққа – мәңгі ұмытылмас өсиет. Көреген жыраудың кеңесін Абылай хан ешқашан жерге тастамаған. Бүгінгіше айтқанда, әдебиеттің ұлт тағдырын ойласудағы рөлін бұл көсемнің терең түсіне білгендігі романда жанжақты көрсетілген. Абылайдың Шанышқылы және Қаңғылы руларын қазақ жағына шығару үшін Бұқар жырауды, бір топ ақсақалдарды аттандырғаны, тағы басқа үлгі-мысалдары сол шындықтан бас алады. «Көшпенділерде» өлең-жырдың тәрбиешілік қасиетіне қанықтыратын көріністер аз емес. Абылай хан кейде кеудесіне нан пісіп, «Адам дегенің осындай...Бір сомын тартып алып, он тиынын қайтарып берсең, жұрт сені әділетті билеуші санайды» деп өркөкіректенгенде, Бұқар: «Адам деген ақ пейіл сенімпаз келеді. Оның бұл қасиетін күлкі етуге болмайды...» «...Ешкім ешнәрсені білмейді деп ойлау әміршілердің әдеті ғой», саған кешіріммен қарады. Соны ұқ, – дейді. «– Ел басына күн туған, қарындастан айырылып, қара көзге жас толған шақта, «Су тасығанда сең ұрған балықтай есеңгіреп қалған ел, өзінің көсемін іздеді. Басын қосатын азаматын іздеді» дейді Бұқардай кейіпкер. Мұны, әрине, Абылай ханның тарихи рөлі хақындағы жазушының өз пайымы деп түсінсек керек. І. Есенберлиннің Абылай, Бұқар бейнелерін сомдаған романы қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін де ғибраты мол дүние. * * * ... «Сырттан, жерошақ жақтан қоңыр дауыс ұзарып әуеледі. Қаратаудың басынан көш келеді-ай-й... Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ай-й! «Ай-ий! Аңыраған саздан мұң естілді. Бір сәтте қайғылы естелік оралды. Онда дабыр-дүбірі мол қанжар жарқылы да, тасырлаған тұяқ дүрсілі де, шабуыл-шандуыл ұраны да жоқ. Бұл жан ыңқылындай мұңлы әуенде қазақтың жүрек түкпірінде жатқан сағынышты елестің бір демде жылт етіп оянар көрініс бар. Ыстық көрініс туған жерге деген аяныш мұңымен кіреукеленген күрсініспен дір етіп тіріліп, алқымдарға тірелді. Сол аяулы қорған- төбелерімен, оба-молаларымен жақындап келіп, ыңырана қосылып жатқандай болды». Бұл жолдар жазушы С. Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясының екінші кітабынан алынып отыр. Тарихи романның байыпты баяны Софы шығармасында тебіреністі, тербелісті ырғаққа ауысқандай. Ақ өлеңдей ағытылады. «Елім-ай» туындысының бар кейіпкерлерінің бәрі орталық қаһарманы Қаздауысты Қазыбек бидің шешен тіліне салып жосылады. Абылай трилогияның екінші кітабының аяқ шенінде, «Аңырақай шайқасында», қалмақтың Шарыштай батырын жекпе-жекте жеңіп жалт етіп бір көрінеді де, үшінші кітаптың әр тұсынан басында Әлібек бала, Сабалақ, Әбілмансұр деген, сонсоң Аңырақайда Абылайлап шауып, Абылай сұлтан қалпында бейнеленеді. Бөгенбай батыр өзіне шаншыла қараған Абылайдан сескеніп, «Көзінің ұшқындауы жаман екен деп іштей қиналып қалса, Бөрібай бастаған жастар: «Абылай басқа төрелерге ұқсамайды ғой. Мүлде ұқсамайды» дейді. Қараша қазаққа іш тартатынын мезгейді. Тағы бірде роман-трилогия Абылай сұлтанды жоңғар қонтайшысы Қалдан-Сереннің көзімен бағалауға беттейді. Қонтайшы ұзақ монологында қазақтың өзге хандарын бір төбе, Абылайды бір төбе көреді. Шыңғыстың ұрпағы дейтін дардай аты бар, бірақ «заты оған сәйкес келмесе де, әйтеуір, қазаққа бүйрегі бұрмайтындары белгілі» деп төре тұқымына іш тартып, Абылайды оларға қарсы қояды. «Көшпенділер» мен «Елім-ай» авторларының ұлы Абылай туралы көзқарасы «Қазақтың ханы Абылай» деп толғайтын Бұқар жырау позициясымен өзектес. Қонтайшы монологы арқылы Қазақ елінің осал Һәм күшті жақтары талданған. Жоңғар қонтайшысы Абылай бастаған қазақтың әйгілі батырлары мен билерінен хауіптенеді. «Әй-й!..Бәрібір олардың Абылайы бар-ау!. Абылайы бар ғой»... деп жабығады. Шығарманың бірсыпыра беттері суреттеуден гөрі шолуға бейім. Трилогияда қайталаулар, ілгерілі-кейінді оқиғаларды жұптастыра баяндау, шегініс жиі ұшырасады. Абылай сұлтанның жер дауына байланысты бір мәселені дұрыс шешпегені үшін Үмбетей жырау: «Отқа күйдірмей, опқа түсірмей, арқалап өсіріп, алқалап адам еткен Ораз құлыңды өз қолыңмен бауыздағаның қалай, Абылай сұлтан!» деп жазғырады. Бұндай көп жылдар бойы қойынға тас тыққанмен бірдей кінәмшылдық Үмбетейдей жыраудың тұрқына тым жарасып тұрған жоқ. Ал, қалауы табылған сынаудың жөні басқа. Бір эпизодта Абылай сұлтан аң аулап жүріп, Орынбай деген батырмен шекісіп қалады. Намысқой Орынбай сұлтанға садақ тартады. Құдай сақтағанда, оқ Абылайдың қалпағына тиеді. Бұл жолғы дау-дамай «Балғаласу мен балталасуды орыс пен ойратқа қалдырайықта» деген Бөгенбайдың басу айтуымен жарасымды бітеді. Жарасымды болатыны, екеуара төбелес сияқты шағын эпизод ел бірлігін көксейтін үлкен идеямен табиғи түйіскен. Романның соңғы беттері Қазақ елінің ойрат, орыс, қытаймен қарым-қатынасына қатысты бас кейіпкері Қазыбек бидің ұлағатты ой-пікірін қорытындылаумен аяқталады. Абылай бейнесін суреттеу қазақ романында бұдан былай да жалғаса бермек. Сондай талапты жазушы Ұ. Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы» атты роман-дилогиясынан аңғарамыз. Бұл шығарма алдында жарық көрген «Қызыл жолбарыс» романының екінші кітабында Абылай бейнесін Сабалақ атанған уақытынан бастап өрнектесе, жаңа дилогия көркем деталь қуатымен жас Абылайдың тәуекелшіл жаужүрек мінезінің қалыптасу кезеңін ашады. Жалайырдың Ескелді биіне Сабалақ Іле дариясының теріскей бетіндегі қалың қалмақтың ендігі жорығын қай тұстан бастамаққа амалдап жатқаны жайынан бағалы ақпар алып келеді. Қалдан-Сереннің күйеу баласы, өзі де үлкен қолбасы Шарыш енді Шу өзенінің аңғарында бір қазақ қалдырмаймын, бекініс қала саламын деп осы өңірге беттегенінен хабардар етеді. Осының бәрін басын бәйгеге тіккендей он бес жасар Сабалақ жападан жалғыз жүріп атқарады. Екінші кітапта романның не себепті «Абылайдың ақ туы» аталғанына қанығамыз. Шарышпен жекпе-жекте болашақ сұлтанның төбесінен бір ақ шүберек ағараңдайды. Оны Төле би Құдайдың өзі шаншып бергенге балайды, бұл баланың тегін жаратылмағанын осыдан тоғыз жыл бұрын айтқанмын дейді. Шарыштың басын жерге допша домалатарда Абылайлап шапқаны үшін жас батырды қолбасы Әбілқайыр ғана емес, ұлы хан Болаттың өзі, Төле бастаған үш ұлы би, Сәмеке хан, алшын Есет батыр, Саңырақ, Хангелді аттарынан түсіп, жаяулап қарсы алады. Әбілмәмбет хан кеңесінде Сабалаққа нағыз аты Әблімансұрды тастатып, Абылайлап жауға шапқаны үшін Абылай атансын деген Қаздауысты Қазыбек бидің ұсынысы қабылданады. Роман желісі ширыға түседі. Абылай сұлтан атанған кейіпкерін жазушы әр қырынан көрсетуге ұмтылады. Енді сұлтанның арнайы қол жіберіп, Ташкент пен Сайрам маңындағы қалмақтарды жуасытуға қолқабыс жасағанын, Шу, Іле алқабындағы соғыста Абылайдың ақ туы талай тығырықтан құтқарғанын, Абылай ханның Әбілмәмбет ханмен бірге салбурынға шыққанын тамашалаймыз. Дилогияның екінші кітабы аяқталар бөлімде Абылай сұлтан Қазақ елінің ішкі-сыртқы саясатын анықтаушы қайраткер ретінде суреттеледі. 1740 жылы Әбілмәмбет пен Абылай орыс бодандығын қабылдағаны, содан соң Абылайдың қапыда қалмаққа тұтқынға түсуі, 1743 жылдың қыркүйегінде Төле би тоқсан адамдық елшілікті бастап барып, қонтайшы зайсандарымен келіссөзді өзі жүргізіп, Абылайды бүкіл серіктерімен босатып алуы баяндалады. Романның ақырғы беттерінен оқушы есінде айрықша қалатындары – Абылайдың Қалдан-Серен өлген соң, Жоңғар мемлекетінде бұрқ еткен алауыздықты қалай пайдаланғаны және Абылай арманы хақындағы тұстары. Абылай қонтайшы тағына таласқан Дебашы мен Әмір-санаға кезек-кезек болысып, қара қалмақты енді қайтып қару көтерместей етіп титықтатады. Абылай арманының кейіндер бірі орындалады, бірі орындалмайды. Болашақ ұрпақтары Абылай көксегендей отырықшы болады, жер емшегін еме бастайды. Ал, киіз туырлықты, ағаш уықты қазақ пен қалмақты Ресей мен Қытайдай екі алыптың арасында шыбынша жаншылып, жан тапсырмауы үшін бірге қорғануға үгіттей алмадым дегені қиял күйінде іске аспай қалады. Жоңғария, тұтас бір мемлекет, қытай айдаһарының жұтқыншағына жұтылып, аты мүлде өшеді. Ұ. Доспанбетовтың романы атажау Жоңғария ханының ордасындағы айтыс-тартыс, кикілжіңді, қалмақ менталитетінің аза бойыңды қаза ететін, жағаңды ұстататын жауыздықтарын тәптіштеп көрсетуімен ерекшеленеді. Оның қасында қазақ тұрмыс салтының адамгершілдігі, бауырмалдығы көшілгері тұрған жоқ па дегізеді. Елдің елдігін, қазақы қалыбымызды сақтап қалу ісіне бас болған Абылай ханға бұл туынды да есте қаларлық ескерткіш жасаған. * * * Қысқасы, әдебиетіміз, сонау Бұқар жыраудан бастап қазіргі қазақ тарихи романына дейін қазақ қайтсе елдігін сақтап қалады деген ұлттық арман-аңсарын әрдайым адалап айтып келеді. Және соның бәр-бәрі дәл бүгінгі бірлік туралы толғауларымызға толымды ой қосуда. Мына бір нұсқалы, ұлағатты жолдарға көз тастап көрелік. Абылай ханның қасында Бұқарекең жырлайды. Жырлағанда не дейді, Соғыспа деп жырлайды. Бұқарекең деген кәріңіз, Соғыссаң кетер сәніңіз, ........................................ Жаулық жолын сүймеңіз, Мынау жалған сүм дүние, Өтпей қалмас демеңіз. Пұсырман болсаң кетіңіз, Сырдарияның суынан Көлденең кесіп өтіңіз, Үш жыл малды ту сақтап, Жиделі-Байсын жетіңіз. Кісісі жүзге келмей өлмеген, Қойлары екі қабат қоздаған, Қатын-бала хақы үшін, Солай таман жетіңіз, Менің жасым тоқсан үш, Бұдан былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш. Өлетұғын тай үшін, Қалатұғын сай үшін Қылмаңдар жанжал-ерегес. Бұл қылықты қоймасаң, Құдайдың бергеніне тоймасаң, Ағаш үйде кәуір бар, Көрерсің сонан теперіш. Бұқарекеңнің қазағына біріңмен бірің жанжалдаспа, ту сыртыңнан бағып отырған дұшпаның бар екенін ұмытпа дейтін толғауын толық дерлік келтіруіміздің себебіне де тоқтала кетелік. Бұқарекең үш ғасыр уақыттан аспандатып өтіп келіп, бізге жеткенде, бір кереметі, атышулы Жаңаөзен оқиғасына байланыстырып сыр айтатын тәрізді («Өлетұғын тай үшін, Қалатұғын сай үшін Қылмаңдар жанжал-ерегес»). Бұқар жырау ескертпесі тиісті жалақысын ала алмаған, жұмыссыз қалып, бала-шағасын асырай алмайтын халге ұшыраған, сегіз ай бойы ереуіл жасап, ақыры шыдамы таусылып, жұдырықтасуға шыққан мұнайшыдан гөрі, артық пайдаға құныққан шық бермес шығайбайларға қатысты сияқты. Дүниеқоңыздық деген пәле не істетпейді... Күні кеше Еділ су қоймасында «Булгария» кемесі суға батты. Жүзден аса адам опат болды. Айып кімде дейтін емес. Жылдар бойы кеменің тесік-жыртығын жамап-жасқаудан қашқақтаған, өзі тойса да, көзі тоймайтын компания иелерінде. Айтпақшы, Италияның «Коста Конкордия» лайнеріндегі адам шығыны көрінеу кеме командасының шалағайлығынан болған. Компания иелері жұмыс күшінің арзандығына қызығып, матростарды көшедегі кездейсоқтардан құра салған. Ал, Маңғыстау мұнай кендерінің қожайындары «тышқанға түк біткен сайын қалтырайдыға» ұрынған демесіңе болмайды. Жұмысшыларды жалақыдан қағып, онымен қоймай, ереуілге шыққандарын жұмыстан қуып, білгендерін істеген. Ақыры не болды? Азды аяймын деп, көптен құр қалудың кері келді. Өздері шығынға белшесінен батуымен қоймай, ел бюджетін қыруар шығынға батырды. Тарих сабағы демекші, Маңғыстау басшылары билік жүргізіп отырған аймағының қыр-сырына да жөнді қанық еместігі анықталып отыр. Әйтпесе, Жаңаөзен мұнайшыларының дегеніне көне берсек, мойнымызға мініп алады деп кергімес еді ғой. Бұл жерді мекен етушілер кімдер екенін білгісі де келмеген. Батырлығына исі қазақ тәнті адайлардың қайтпас, қайсар жұртымыз екенімен ісі болмаған. Маңғыстау аймағы Қазақстанның басқа өңіріне еш ұқсамайды. Табиғаты да, көп ретте тарихы да. Сол аймағымыздың өткеніне бір сәт көз жіберсек, ерлік дастаны кімді де ойлантпай қоймайды. 1870-1873 жылдары маңғыстаулық адайлар патша өкіметіне қарсы көтеріліс жасады. От қарумен мұздай қаруланған орыстың 7 рота жаяу әскеріне, 600 кавалериясын, 2 артиллериялық бөлімшесіне тайсалмай қарсы соғысқан көтерілісшілердің саны 10 мың адамға жетті. Отызыншы жылдары сол адайлар Голощекиннің қазақты аштық зобалаңына душар еткен асыра сілтеулеріне қарсы көтерілді. Жаңаөзен оқиғасына оралмандар да қатысты дегенді естиміз. Олар қайдан шықты дейтін емес. Қызылдардың жазалау отрядтарымен бетпе-бет соғыста маңғыстаулықтардың қаза тапқандары қаза тауып, Сібірге айдалғандары айдалып, елеулі бөлегі атамекенін тастап қашуға мәжбүр болды. Түркменстан арқылы Иран мен Ауғанстан асты. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың есебі бойынша, Солтүстік Кавказдағы ұзын саны бес мың, Түркменстандағы 90 мың және Ирандағы 15 мың қазақ сол босқындардың ұрпақтары. Жат жерден сөгіліп, елге оралған туыс, бауырларымызды бар ыхласымызбен күтіп, қоныстандырудың орнына не істедік? Қазақ халқы – момын, шыдамды халық. Бірақ намысына тисең, шарт етіп сынатыны, әпсетте ашу-ызаға мінетіні жасырын емес. 1979 жылғы 18 және 19 маусымдағы Целиноград қаласындағы ереуіл «Неміс автономиясына жол жоқ!» «Қазақстан бөлінбейді!» деген плакаттар көтеріп шығып, сол кездегі бетіне жан қаратпайтын алпауыт Саяси Бюроның өзін састырып, райынан қайтуға мәжбүр еткенін білеміз. 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісі ше? Тоталитаризм күшпен басқанымен, артының ел үшін қайырлы болғанын бұл күнде білмейтін адам жоқ. Бірақ осы жерде ескере жүретін бір жәйт бар. Оны да айта кету жөн. Ереуіл, наразылық білдіру тоталитаризм тұсынан гөрі демократия заманында жиірек кезіге ме деп қаласың. Тіпті, демократияның майын ішкен дейтін елдерде де. Жаһан жұртының бәріне адам құқын қалай сақтау керектігі туралы ақыл айтқыш АҚШ-тың өзінде де «Уолл-Стритті жаулап алайық» деген тәрізді қозғалыстар әлсін әлі бұрқ ете түседі. Қазақстан Республикасы – демократия жолына белін бекем байлап түскен ел. Атам қазақ «Үй-іші болған соң, шыны аяқ сылдырамай тұрмайды» дейді. Ал, бұл арада әңгіме тұтас ел туралы болып отыр ғой. Митингіге шығып, наразылық білдіру, оппозициялық газет, журналда билікке жағымсыз пікір айту бізде де әртүрлі сипатта кездеспейді емес. Оған қызарақтап, ашу шақырып, аттан салып, айқайға басу керек пе? Мұндайда қазақ дәстүрі не дейді? Жоғарыда жасалған талдаулардан түйетініміз, Абылай хан әрдайым ішкі саясатында аса сақтық, шыдамдылық, байыптылық көрсеткен, Бұқар жырау сынды зиялылардың кеңесіне құлақ қойып, наразылық білдірушілерді тақымға алмаған, араға кісі салып, дау-дамайды келіссөз жолымен тәмамдаған. Ел тыныштығын сақтаудан бүгінгі тәжірибе керек болса, ел-елден оған да мысал жетерлік. Мәскеудің Болотная алаңына Мемлекеттік Думаның сайлауы дұрыс өтпеді деп митингі жасағандардың саны 100 мыңға жетті. Ресей басшылығы бұған түсіністікпен қарап, сайлау тәртібіне елеулі өзгерістер енгізуге бет алуда. * * * Қазақ романы айнасында Абылай хан бейнесі нағыз реалистік тұрғыдан, заманынан бойы озық қайраткер ретінде зор шабытпен бейнеленген. Елімізде Абылай хан туралы опера, драмалық шығарма да туғаны белгілі. Алматы 11-інші вокзалы қасындағы скульптордың зергер қолымен мүсінделген ат үстіндегі Абылай хан, Арқа жақтан өз есіміндегі даңғылмен Алматыға желе жортып кіріп келе жатқандай әсер қалдырады. Қазақ елінің елдігі үшін жанқиярлық ерлік көрсетіп, бар өмірін сарп еткен дана ханымыз туралы әдебиет пен өнер әлі де талай шығарма тудырары хақ. Енді Абылайды орталық геройы еткен, жеке өз басына арналған, басқа кейіпкердердің көзімен емес, әр құбылысты Абылайдың өз ішінде, өз парасатында бағалайтын шығарма жазылса дейміз. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындай, Алексей Толстойдың «Петр 1» секілді романындай терең тынысты, уақытының кең құлашты, сом суретін жасаған, әмбебап, Алатаудай асқақ туынды дүниеге келсе... Ол үшін сөз өнерін Абылай хандай ардақтайтын, елінің рухани хауіпсіздігін сақтауды қорғаныс қабілетін нығайтудан кем көрмейтін түсінік беки түспесе және болмайды.
2776 рет
көрсетілді2
пікір