• Ел мұраты
  • 19 Сәуір, 2012

Әкем өлеңдері туралы үзік сыр

Салтанат АЙБЕРГЕНОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Поэзия арқылы парасатты оқырманымыздың жүрегіне жол тауып, оның сүйіктісіне айналу, өлеңінің өміршең болуы әрбір ақынның арманы, талант бақыты. Талантты ақын – ұлттың болмысы. Бірақ бұл бақыт кез келгеннің қолына түсе бермейтіні баршамызға аян. Көбіне таланттар өнермен ғана өмір сүріп, ғұмырын соған қияды, оның да нәтижесі аян: шеккен шынайы азап, жан құлшынысы бекерге кетпейді – мұраң мәңгілік сөресіне қойылады. Менің әкем Төлеген Айбергенов те сондай мұрасы келер ұрпаққа аманат болып қалған ақындардың бірі. Ақын өмірі уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді. Олар әр ұрпақпен бірге жасайды. Мен мұны әкем болғандықтан емес, артында қалдырған шағын болса да салмағы зор шығармашылығы арқылы айтып отырмын. Әкемнің көзі тірісінде пышақтың жүзіндей ғана екі кітабы «Арман сапары» мен «Өмірге саяхаты» жарық көріп, өзі баспаға дайындап кеткен үшінші кітабы «Құмдағы мұнаралар» дүниеден өткеннен кейін ғана шықты. Бірақ өзі көрмеген осы кітап Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Әкемнің өмірі қалай шорт үзілсе, дарыны да орта жолда дәл солай үзілген іспетті. Егер өмірі сәл ұзақтау болғанда қазақ поэзиясының алтын қорына қосылатын тағы бірталай жақсы туындылар дүниеге келер ме еді деп дәмеленеміз. Бірақ, бүгінгі таңда ол тек арман ғана. Ақынға өлең жазу үшін біріншіден сезім керек. Сезімге әсер етпей жақсы өлең тууы мүмкін емес. Менің әкем өлең жазғанда күй таңдамайды, ойына өлең оралды болды сол жерде, сол заматта қағазға түсіреді екен. Оған куә біздің үйде әкемнің қолжазбаларының ішінде үлкен-үлкен плакаттардың қиындыларында жазылған, театрлардың афишаларының бос жерлеріне жазылған өлеңдер бар. Әкемнің бар әңгімесі ылайым өлеңге барып тіреледі екен. Ақын түгілі өлең түсінетін адам көрсе айырылмай, сол адамды үйге әкеліп жағдай жасап, ал өлең түсінетін үш адамның басы қосылған жерді поэзия кешіне айналдырып, өзі содан үлкен ләззат алып, таң атқанша өлең оқудан шаршамайды екен. Әкемнің ерекше қасиеті өз өлеңдерін жатқа оқитыны, тіпті өлеңдерінің соңғы шумағынан алдыңғы шумағына қарай да жатқа оқи беретіні туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Өз өлеңдерін былай қойғанда ертеректегі жыраулардан бастап, басқа ақындардың да өлеңдерін жатқа соғады екен. Тіпті кейде аты онша беймәлім жас ақындардың да өлеңдеріндегі жақсы шумақтарын бірден танып , «Теңіздің теңіз екенін тану да үлкен қасиет» деп өзі айтып кеткендей, осы өлеңдерді қала берсе жатқа айтып, жақсы өлеңге жаны қуанып, мақтап айтып жүреді екен. Әкемнің бұл мінезіне ол кезде біреу таңқалып қараса, біреулер қызығып, ал біреулер түсінбей қарайды екен. Қысқасы аз өмірін тек өлеңге ғана арнап, өлеңді өлердей жақсы көріп, өлеңге деген адалдықты, шексіз сүйіспеншілікпен қарағандығын шығармашылығынан көреміз. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өлеңді ойына оралған кезде жазғандықтан болар әр өлеңнің өзіндік туу себебі бар. Бүгінгі біздің тоқталатын мә­селеміз де осы жайында болмақ. Мұны жаз­ғандағы мақсатымыз да оқырманның қызығушылығынан туған, маған қойылатын сұрақтарға жауап десек те болады. Мысалы «Кегейлі дәптерінен» өлеңінің шығуына себеп әкем студент кезінде Ташкентте Низами атындағы пединститутта оқып жүргенде Гидроинститутта Әбдінайым Нұрымов деген өзінен бірер жас үлкен жерлес жігітпен жақсы араласып жолдас болады. Жазғы демалысқа шыққанда сол досы әкемді қыдырып жер көріп, ел көріп келуге ауылына шақырып өзімен бірге ала кетеді. Барса, Әбдінайымның әкесі елге сыйлы, атқамінер кісі екен. Бұлардың келіп қалғандарына қуанып, жақсы қарсы алады. Сұраса келе Айберген атаны, Айсұлу апаны, анасы Жібекті де өте жақсы танитын болып шығады. Ауылдағы басқа да Әбдінайым келді деп жылы жұмсағын ала келген туыстары да қасындағы жолдасы Айбергеннің баласы екенін біліп анасы, әкесін еске алып, естеліктер айтып өздерінің туған балаларындай құшақтарын кең жая қарсы алады. Сол кездерде ақынның ойына мынадай жыр жолдары ұялайды: Көркімді көріп қуанған Баладай кемпір-шалдар-ай, Алыстан келген нарлар-ай, Арыстан кеуде жандар-ай. Жоқ ем ғой кірбің әкелген, Бар еді қандай сыр мұнда! Жан досың болған әкемнен Айнымай қалып тұрмын ба? Әкесінен, өсірген Айсұлу апасынан ерте айырылғандықтан болар солардың басып өткен жерлерін көріп әкесі мен анасын естеліктермен бір сәтке болса да ойша тірілткен елге, жерге, адамдардың көңіліне деген сүйіспеншілікпен, ризашылықтан да болар әкем: .... Қырыңда анам қыз күнін Қыздырып өткен Кегейлі. Келем деп қайтіп, түз гүлін Үздіріп кеткен Кегейлі! Су алған сайда әжемнің Сырғасы қалған Кегейлі. Сырласы қалған Кегейлі, Мұңдасы қалған Кегейлі. Кегейлі мен Қоңырат ауылын Әмудария бөліп ағады екен. Сондықтан да ақын: Әмудің арғы бетінен Арқалап келдім көп ойды. Жүректің ыстық отымен Мархаббат, қарсы ал, Кегейлі! – дейді. Ақын Қарақалпақ елді мекеніндегі Кегейлі арқылы сол елге деген шексіз сүйіспеншілігін, ыстық сезімін білдіре отырып, туысқан халықтың зор тұлғалы классиктері, талантты қос ұлы Бердақ пен Әжниязды тілге тиек етеді. Кегейлім жердің еркесі, Жас жаным толқып тұр менің. Бердақтың сүйген өлкесі, Әжнияз айтқан жыр ма едің?! Кейіннен осы өлеңді бір поэзия кешінде оқығаны туралы әкемнің көзін көрген филология ғылымдарының кандидаты Қайыржан Аралбаев «Достық үні» газетінде жарияланған «Сылдырап өңкей келісім» деген мақаласында «...Менің есіме Төлеген ағамыздың өлең оқыған кештерінен мына бір көрініс жиі оралып отырады… Қазақ поэзиясының майталмандарымыз деп жүрген ақындар арасында қағылез қара жігіт қою бұйра шашын саусақтарымен кейін ысырып қойып, аздап қарлығыңқырап шығатын қоңыр дауысымен өз өлеңдерін жатқа оқығанда, жиналған көпшілік жым-жырт қалды. Ақынды 1964 жылдан бері білетін, әрі араласып тұратын мен өлең оқып тұрған Төлегенге емес, қайтер екен дегендей залға қарадым. Кеудемді қуаныш та, мақтаныш та толтырып тұрғандай: Жоныңда әкем жорға атпен Жортып бір жүрген Кегейлі,… Сырласы қалған Кегейлі Мұңдасы қалған Кегейлі, – деп Төкең сың­ғырлата жөнелгенде елтімеген адам қалмады. Менің қатарымда отырғандар «Кегейлі»деген сөзді бұрын естімеген болулары мүмкін, әлде осы біртуар ақиық ақынды қиырдағы бізге, периферияға қимағандай болды ма, «Кегеннің жігіті болды ғой», «Кегенді айтып тұр, қандай тамаша өлең» деп таң қалысты. Мен оларға «Кеген» емес, Кегейлі екендігін, Қарақалпақстанда Кегейлі деген аудан, өзен бар екендігін әзер түсіндіргендей болдым», – дейді. Ал әкемнің поэзиясының бойтұмарына айналған «Бір тойым бар» өлеңінің шығу себебі оның жүрек толғанысынан, арман-тілегінен туса керек. Ташкент облысының Орджиникидзе ауда­нында Қалдыбай деген кісі үлкен той жасайды. Сол тойға мамамның інісі Бөрібек пен бірге әкем де барады. Нағашы атам Оспан мен нағашы жездеміз Әбдәлі көкпар шауып жүрген аттарына екеуін отырғызады. Туған жерінде қошқар түйістіруді, кораз шоқыстыруды ғана көрген, ал көкпар тартуды көрмеген әкем серкеден лезде-ақ айырылып қалады. Бірақ сол көкпар тарту көрінісі өзіне қатты әсер етеді. Бірнеше күнге дейін қалай көкпар шапқанын айтып тауыса алмай мақтанып, көңілі көтеріңкі жүреді. Мамама: «Үрниса, ұл тапсаң Дәуренге серік болып қосылса, мына үйімді сатып, қөқпарлатып той беремін!» – деп үлкен толғаныс үстінде жүреді де көп ұзамай «Бір тойым бар» деген өлеңі дүниеге келеді. Ал «Менің республикам» деген өлеңінің шығу себебі, әкем кітапты өте көп оқиды екен. Жол үстінде де, автобус ішінде де қолынан газет, не кітап түспейді. Бірде демалыс кезінде Бостандық ауданының Табақсай ауылында тұратын Алтын дейтін мамамның апасының үйіне қыдырып барады. Амандық саулықтан соң әкем сол үйде жатқан жағрапия кітабын бас салып оқуға кіріседі. Ешкіммен әңгімелесу де жоқ, басын кітаптан алмай қояды. Анамның: «Үйдің иелері әпкем мен жездемнен ұят болды ғой, не болса соны оқиды екенсің» – деген ренішіне де құлақ салмайды. Сол кітаптан кейін көп кешікпей «Менің республикам» деген өлеңін жазады. Мамамның айтуынша сол өлеңдегі: Ұшы мен қиырына көз жетпейтін Ұштасқан тоқсан сегіз Бельгия бұл – деген қатарлар сол кітаптың түрткісі. «Барса келмес» өлеңінің тууы, «Барса келмес» деген жер туралы елде, әсіресе, Қарақалпақ халқында аңыз да көп, әңгіме де көп. Аты үрей туғызатын бүгінгі күнге дейін сыры беймәлім тылсым болып келген «Барса келмес» жері ақынды да бей- жай қалдырмайды. Әкем Қарақалпақта жұмыс істеп жүргенде, Райкомда анаммен бірге қызмет атқаратын Дәрі деген апайдың жолдасы «Барса келмес» тартып кеткен самолетте кеткен екен. 1960 жылдардың басында Қарақал­пақ­стан­ның Қоңырат ауданында 17 жерден бұрғылау мекемелері және «CУ-2» деген қала салушы мекеме келіп, сол кездегі Совет елі бойынша комсомолдарды екі есе айлықпен шақыру басталады. Жекеменшікке жер беріліп, қала өте үлкен тездікпен салына бастайды. Бір күні әкеме сондай жолдамамен келген комсомол жігіт «Барса келместе» бұрғылау жұмыстары қалай жүріп жатқандығы туралы әңгіме айтып береді. «Алты адам ту ұстап алға жүреді, әрқайсысы бір-бір камазға байланған. Егер олар туын жықса, жаңағы камаз сүйреп шығарады. Жеткен жерімізге белгі қоямыз» – дейді. Бұл «Барса келмес» мұнайының сыртқа шығып жатқан кезі болуы керек. Қысқасы жұмысшылыр соны ауыздықтап мұнай тартуы керек екен. Сол әңгімеден соң әкем Барса келмес туралы деректер жинап, осы өңір туралы көп дүниелер білуге аңсары ауады да, нәтижесінде «Барса келмес» өлеңі туады. Шынында да, осы күні сол тозақ жер бейішке айналып, онда небір ғимараттар бой көтеріп, жылдан жылға көркейіп өндіріс ошағы болуға айналды. Бірақ сезімтал ақын жүрегі келешекті алдын ала болжап білгенге ұқсайды. «Тау жолында» өлеңінің шығу тарихына келсек, студент кезінде бірге оқыған курстас досы Дарап Дәрменовтің естелігі бойынша, 1958 жылдың қазан айында институт барлық студенттерді мақта терімге аттандырады, сонда әкем келіп ол кісіге өлеңдерін әкеліп көрсетеді де, осы өлеңдерін Алматыға алып барғысы келгендігі туралы айтады. Дарап ағай сол курста ересектеуі болғандықтан есепші екен. Қалай көмек беру керектігін ойластырып, бірге оқитын курстастарға келіп: «Төлегенге қол ұшымызды берейік, Алматыға жіберейік, бірақ оны мұғалімдерден ешкім білмеуі керек, оның күнделік нормасын бәріміз жиналып толтырып тұрайық!» – деп ұсыныс тастайды. Тәртіп қатал, төбелерінде оқытушылар жүр, сонда да бәрі келіседі. Содан жасырын түрде әкем Алматыға аттанып кетеді. Арада он шақты күн өте ол да сапардан оралады. Қуанышында шек жоқ. «Қазақ әдебиеті» газетінде бір топ өлеңдері суретімен жарияланып, ақ жол тілеп алғы сөзін атақты ақын Әбділдә Тәжібаев жазыпты. Бұл жаңалыққа бәрі бірдей қуанады. Газетті қолдан қолға тигізбей оқып шығады. Бірақ бұл жасырын тірлікті кейіннен факультет деканы Артық Каюмов біліп қояды. Білсе де ренжімей, қайта арқасынан қағып құттықтайды. Содан бастап әкем институтта «Шайыр жігіт» атанып кетеді. Сол келісінде әкем өзі қатарлас жас ақын Сабырхан Асановпен де танысып, екеуі тауға Медеуге шығады. Өзінің туған жерінде тау болмағандықтан ба, жоқ әлде таудан бір да­рынына қуат ала ма, әйтеуір, әкем тауды өте жақсы көретін, үлкен сүйіспеншілікпен қарайтын. Екеуі жоғары кетіп бара жатып бір жерге келгенде тоқтай қалып әкем : «Сабырхан, сен де ақынсың, мен де ақынмын, екеумізге де мына табиғаттың ғажап көрінісі әсер етіп келе жатырғаны сөзсіз, кел өлең жазайық!» – дейді. Екеуі бірден кірісіп кетеді. Сондағы дүниеге келген өлең «Тау жолында» екен. «Ей менің ақын бауырым» өлеңінің шығуына, қатысты Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаев өзінің «Жиырма жыл өткен соң» деген мақаласында былай дейді: «Менің тұңғыш көрген шын ақыным – Төлеген Айбергенов. Менің алғашқы таңырқап, тамсанған ақыным да – Төлеген Айбергенов. Өзімнің толайым қабылдап, толқи мақала жазған бірінші ақыным да ойлап отырсам, Төлеген Айбергенов екен», – дейді. Сол кісі «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімінде жұмыс істеп жүргенде редакцияға әкем келіп қалады. Келе еркінсіп, оншақты журналист отырған бөлменің төріне шығып алып ешкімнің рұқсатынсыз екі-үш өлеңін оқып шығады да осыны басасыңдар ма? – дейді. Сол кездегі бөлім бастығы талантты ақындардың бірі Жүсіп Қыдыров: «Жақсы өлеңді неге баспаймыз?» – деп жауап береді. Содан кейін де бірнеше рет келіп «Лениншіл жасқа» өлеңдерін бастыртып жүреді. Бірде Алматыға украиналық ақындар келетін болып, соған газетке беретін жақсы бір өлең және мақала керек болады. Мұны естіген әкем Украин достарға арнап өлең жазып келейінші деп ұсыныс білдіреді де, біраздан соң “Ей, менің ақын бауырым» аталатын адуынды әсем жырын қолма-қол әкеліп береді. “Турасы, Төлеген газеттің кез келген тапсырмасын кереметтей шапшаң орындайтын. Әр тапсырманы анық, асқақ поэзия тілімен сөйлетуші еді!…Қазір оның кітаптарын парақтап отырсам, көп өлеңдері көзге оттай басылады… «Правда туралы ой», «Революция жалғаса береді», «Ей, менің ақын бауырым!», «Ағыстар мен ғасырлар» секілді өлең толғаулар «Лениншіл жастың» тікелей тапсырысымен жазылған еді», – дейді Оразбек Сәрсенбаев. Ары қарай араға қанша жылдар салса да, бұл өлеңдердің көнермегені, көмескі тартпағаны туралы айта келіп: «Сан есік қақсаң кетеді бірден таң атып, Жетесің менің түнекті қуып ауламнан. Желекті қырға жез арай шұғыла жалатып Соғады самал ормандар менен таулардан! «Правда» газеті жөнінде қазақтың кейінгі ақындарының ешқайсысы меніңше, Айбергеновтен асырып айта алған жоқ. Ақ жұпар аңқып, бұрқырап азон тараған, Барсаң сен жаздың жаңбырында аппақ бораған, Жетеді сен боп дүңкілдеп маған қаққанда – Самала мынау таулардан, Сарқырамалар – барабан! Революцияны осылай жырлаған қазақ ақыны да көп емес шығар. Айбергенов саяси лириканы жаңа бейнелі, шұғылалы биіктерге көтерген санаткер саңлақтың бірі болып қала бермек!» – дейді Оразбек Сәрсенбаев. «Сыр» өлеңіне әсер еткен дүние, студенттік шақ, күнделікті сабақ, одан мақта терім, қысқасы қол босамайды. Мамам мен әкем бір курста оқиды. Бірге оқыған соң кейде сабаққа бірге дайындалады. Ол кезде кітаптың да тапшылық кезі. Мақта тергенде көмектерін аямайды. Екеуінің де бір-біріне деген көңілдері таза, араларында үлкен сыйластық, достық. Неге екені белгісіз, жазғы демалыстан әкем көңілсіз оралады. Ештеңеге онша зауқы жоқ. Әкемнің жабырқау көңілін сезіп жүрсе де мамам не болды деп сұрауға бата алмайды. Бірақ, әйтеуір бір сыр бар екені анық. Бір күні әкем өзінен-өзі «Үрниса, мен саған айта алмай жүрген бір сырым бар еді» дей бергенде мамамның жүрегі зу етіп, тыңдауы керек пе, жоқ па деген ой сап ете қалады. «Не де болса білейін деп, иә, айт!» – дейді. Әкем бірден баяндауға көшеді. – Менің әкем кезінде туған жерінде сегіз құлыпты ұстаған абыройлы кісі болған. Сол бастық болып тұрғанда нағашы жұртым Әлімбетовтермен жақсы араласқан. Сен ол кісінің атын естідің бе, жоқ па Мойнақтағы балық заводының бастығы болып қызмет атқарған. Сол кісінің менен жасы сәл кішілеу Дариға дейтін қызы болатын. Біз оны Даша деп атайтынбыз. Сол Дашаны маған айттырмақшы болады. Сөйтіп жүргенде менің әкем қайтыс болып кетті де, мен жетім қалдым. Тұрмысымыздың төмендігінен он жылдықты балалар үйінде бітірдім. Биыл сол қыздан дәмеленіп ауылға барсам, ол бір министрдің орынбасары ма, әйтеуір бір ірі қызметте істейтін кісінің баласына тұрмысқа шығып кетіпті. Мен ол қызды ұнататынмын, бірақ сөз ашып айтқан емеспін. Естігенде ішім оттай жанды. Бұл жерде бәріне тағдыр кінәлі шығар. Өзім жетім болған соң, батылым барып хат та жаза алмадым» – деп күрсінді. Біраздан соң, «Содан сырымды кімге айтарымды білмей сенімен бөліскім келді айыпқа бұйырма. Біреудің құпиясы сенің ішіңе сия берер деп ойлаймын» – дейді. Мамам ештеңе демей, ішінен аяйды да, бірақ білдіртпейді. Арада жылдар өтіп оқуды бітірер шақ та жақындайды.Қалтқысыз достық бара-бара махаббатқа ұласып анам екеуі отау құрады. Даша жөніндегі тақырып содан кейін қозғалмайды. Бірде мамам мен әкем Ташкентте тұратын кіші нағашысының үйіне қонаққа барады. Кіші нағашы деп отырғанымыз Дариғаның әкесінің інісі. Ол кісінің әйелі белгілі ғалым, жазушы Әзиза Нұрмаханова. Сол Әзиза апамыздың үйіне Дариға да күйеуі Орақпен бірге келеді. Дариғаны көргенде әкем балалық шағы есіне түсті ме, жоқ әлде бозбала шақтағы сезім қылау берді ме, көңілденіп сала береді. Естеріне өткен-кеткенді алып екеуі де мәз-мейрам. Дастархан басында Мұхаметқали аға да Дашаның күйеуінен ыңғайсыздан болуы керек, мына жігіт біздің жиен, аты Төлеген, – деп таныстырады. Дариғаның күйеуі бір салмақты адам екен. Әкемдер көп өтпей Алматыға да көшіп келеді. Көшіп келді деген аты болмаса, әлі үй де ала қоймаған. Сол үй іздеу қамында жүргенде Дариға да анасымен, інісімен Алматыға қонаққа келген екен. Ол кезде үй де табыла қоя ма, әрең дегенде Алатау деген жерден (Қазіргі Байсейітов пен Абай көшесінің оң жақ беті) үй табылып соны сатып алып, кірген күні Дариғаларды қонаққа шақырса, олар ауылдарына қайтып кетіп қалған екен. Бұған әкем қатты қиналып қалады да, содан бірер күнде «Сыр» деген өлеңін жазады. Бұл әзірше ақынның бірер өлеңдерінің ғана өмірге келуі жайлы шертілген сыр. Айтылатын дүние әлі де жалғасын таппақ.

826 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз