• Тарих толқынында
  • 20 Сәуір, 2012

Ұлы дала тарихы мен ұлы қоныс аударулар

Бекжан Бейсенбай, отырартанушы

«Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасын­да адам баласы жаралған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған дүниенің төрт бұрышы оларға дүшпан болған. Әскер құрып, жорыққа аттанып, олар дүниенің төрт бұрышын түгел бағындырған. Олар кемеңгер де ержүрек қағандар болған. Олардың қызметіндегілер де білгір, ержүрек болса, балалары да халықпен ынтымақты болған. Олар мемлекетті ұзақ басқарып тұрғандығы да содан». Дана Тоныкөктің ескерткішінен. 716 жыл.

Көшпелілердің негізгі мекені солтүстікте Сібірдің қалың ормандарынан оңтүстікте биік тау жоталарына дейін, шығысында Хинган тау шоқыларынан батысында Орал тауы, Жайық,Сырдарья өзенімен шектеседі. Бұл әрине ылғи да осылай болмаған.Көшпелілер иелігінің Солтүстік батысы Дунайдан да ары асып,Оңтүстік батыста Амударья өзенінен әрі өтіп, мемлекет құрған кездері, оңтүстікте қазіргі Қытай жерлеріне дейін қоныстанған кездері болған. Ал, негізгі шекара Орал, Жайық, Сырдарья шегі мыңдаған жылдар бойы көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің басты шекарасы болып, осы шекараның шығыс беті Ұлы Дала деп аталды. Ұлы Даланың негізгі иесі түріктер десек, түрік әлемінің алтын бесігі атанған Алтайды жан-жақты зерттеген академик А.П.Окладников бастаған ғалымдар Алтай тұрғындары жасап, пайдаланған тас құралдардың жасын екі жүз мың жыл деп анықтапты. Осы екі жүз мың жыл ішінде Ұлы Дала перзенттері ақыл-ой, қабілеті дамуымен қатар, сан жағынан да өсіп-өніп, көбейе беріпті. Өздерін ақсүйек санайтын Еуропа елдері – Ари әулетіне жататын француз, неміс, италияндықтарда әлі жазу-сызу болмай тұрғанда, орыс, славяндықтар әлі де қауымдық дәуірде өмір сүріп жатқанда, Ұлы Далада түркілердің жазуы, жоғары мәдениеті болғаны дәлелденген шындық. Ал, түркілердің төл жазуы қашан пайда болғаны әлі анықталған жоқ. Шумерлер мен хаттардың, маялықтардың өркениетін есепке алсақ, түркі халықтарының өркениетінің басы б.д.д. мыңдаған жылдарға кетеді. Көшпенділер алғашқы болып металл өңдеуді, темір қорытуды игерді. Көшпенділердің қолынан шыққан теңдесі жоқ асыл бұйымдар кейіннен «скифтердің аң стилі» деген ерекше атауға ие болып, әлем халықтарын таңдандырумен келді. Олардың байлығы, сән-салтанаты ұстанған бұйымдары мен киген киімдерінен де көрінетін. Орта ғасырлардағы ата-бабаларымыздың ұлттық киімдері мен басқа отырықшы халық өкілдерінің ұлттық киімдерін салыстырып көрсеңіз, кімнің қалай өмір сүргенін көресіз. «Геродот пен Фукидиттің замандасы Лесбос­тан шыққан Гелланик «Скифтер» атты еңбегінде «Темірді ойлап тапқан скифтер» деп көрсетеді. Алғашқылардың бірі боп скифтердің дәстүрі мен тұрмыс-салтын үлгі тұтып, мадақтаған да осы адам» – деп көрсетеді Б.Н.Греков. Грек тарихшысы Геродот өзінің атақты «Тарихында» былай дейді: «Сонымен өмірге қажеттінің бәрі скифтерде бар», «Барлық халықтардың ішінде тек скифтер ғана қажетті өнерге ие. Олар еліне шабуыл жасаған бірде-бір жауды тірі жібермейді, егер, өздері мүмкіндік бермесе, оларды ешкім де қуып жете алмайды. Скифтердің не қалалары, не бекіністері жоқ қой, өздерінің үйлерін өздерімен алып жүреді. Барлығы атты садақшылар, жер жыртумен емес, мал шаруашылығымен айналысады, олардың үйі киіз». Атақты грек географы Страбон өзінің География атты еңбегінде: «Қымыздан ішімдік жасайтын скифтер әділетті» «Шынында да, біз скифтерді ең ақкөніл, айлакерліктен неғұрлым алыстау, сонымен қатар, неғұрлым үнемшіл және бізге қарағанда, неғұрлым тәуелсіз деп есептейміз». Страбон «скифтердің бірбеткейлігі туралы үнділерде, вавилондықтарда, парсылардың хабарламалары мен египеттердің ертегі, нақылдарында жеткілікті айтылған», деп көрсетеді. Ұлы Дала перзенттерінен гректердің арасында болған екі-ақ адам туралы тарихта мәлімет бар. Олардың біріншісі – Тоқсары. Тоқсары шамамен б.д.д.VІІ ғасырдың басында дүниеден өткен. Тоқсары Грек еліне келгенде, жасы отыздар шамасында болатын. «Тоқсары Скифияға қайтып оралмаған, ол Афинада қайтыс болды, кейіннен ұлттық қаһарман ретінде танылды. Элладалықтар оған жат елден келген Балгер-әулие ретінде жыл сайын құрбандық шалады». Лукиян, «Скиф және қонақ». Лукиянның «Тоқсары мен достық» атты еңбегінде «Біз жақсы адамдарға арнап құрбандық шаламыз. Солардың құрметіне орай ас беріп, той жасаймыз.Себебі, өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес, біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз. Сондықтан да, тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап, артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді» – дейді Тоқсары Әулие. Тарихтан бізге жеткен, эллада еліне екінші болып аяқ басқан көшпенділер өкілі-Анақарыс данышпан. Анақарыс шамамен б.д.д 620-555 жылдары өмір сүрген. «Анақарыс – аңызға айналған скиф, өзінің Грецияға жасаған саяхаты кезінде даналығымен даңққа бөленді және Солонның ықпалымен өмірін философия ғылымына арнады», – дейді Платон. «Ол скифтер мен эллиндықтардың дәстүрін, өмірді жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсіл жөнінде сегіз жүз өлең шығарды. Ерекше шешендігімен көзге түсті, «скифтік сөйлеу мәнері», – деген мәтел оның осы қасиетіне байланысты қалыптасқан», Д.Лаэртский. Гередот пен Страбон «жеті ғұла­маның бірі» деп мойындаған Анақарыс туралы Диоген «кеменің зәкірі мен дөңгелекті ойлап тапқан –Анақарыс» деп мойындаса, Страбон өзінің әйгілі «География» атты еңбегінде: «Эфор Анахарсисті данышпан деп атайды, ол өзінің шексіз адалдығымен, тазалығымен және ақылдылығымен жеті данышпанның бірі болды». Анахарсис ұста көрігін, екі табаны бар зәкірді және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады», – дейді. Бұлардан көрініп тұрғандай, сол кездері Еуропаның ең дамыған елі атанған гректерді көшпенділерден барған екі-ақ адамның өзі – бірі балгерлік ілімімен мойындатса, екіншісі шешендігімен, ақылымен таң қалдырыпты. Гректер Анақарысты дөңгелекті, кеменің зәкірін, ұста көрігін және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады. Ал шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бүйымдарды Ұлы Дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып, пайдаланып жүрген, Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болды. Анақарысты туған еліне қайтып оралғаннан кейін жақын бауыры патша Савлийдің атып өлтіргенін, гректер Анақарыстың ата-баба дәс­­түрін, дінін өзгерткеніне байланысты деп түсіндіреді. Ол да дұрыс шығар. Оған қоса, Анақарыс ғұламаның гректерге скиф елінің ғылым-білім, өнердегі жетістіктерін, әсіресе, скифтердің әскери айла-тәсілі жөніндегі құпияларын (сегіз жүз өлеңмен жазылған) нағашы жұртына (Анақарыстың ше­шесі грек қызы болған) үйретуін «сатқындық» деп бағалауы да мүмкін-ау деген ой келеді. Гректердің арасына келген екі- ақ скиф гректерді мұнша таң қалдырса, нағыз ортасы бұл кезде қандай деңгейде еді. Гректер ұста көрігін енді көріп жатса, бұл кезде Алтайда болат қорытатын пештерді ойлап тауып, болатты күнделікті өмірде қолданып жатқан болатын. Қытай ғалымы Цзя-и-дың «Синь-шу» атты еңбегінде «ғұндардың әрбір үш адамының бірі сарбаз, тіпті, адамы да, ат-көлігі де «сауытты» деген дерек бар. Хуань Куаньның «Темір мен тұз туралы ой» атты еңбегінде б.д.д. 81 жылы Қытай ханының ордасында Ғұн мен Қытай арасындағы сауда-саттық, темір, тұз сияқты шикі затты қалай тасымалдау жайы талас болғанын айтады. Болат қару-жарақ, тұрмыстық заттар көшпе­лілерге басқа халықтар алдында көптеген артық­шылықтар берді. Болат ауыздық, даланың қайсар тағасы жыл­қыны қолға үйретуге түркіге мүмкіндік берсе, темір үзенгі түрік жауынгерлеріне ат үстінде ұр­шықша үйірілуіне мүмкіндік берді. Табиғаттың тұнығын кешіп өскен түркі жауынгерінің бұла күші, ақылы, өз заманында теңдесі жоқ болат қару-жарақ, астындағы желдей жүйрік тұлпар түрік әскерін өз заманында теңдесі жоқ күшке айналдырды. Олардан қорғану үшін қытайлар сан мыңдаған адамның өмірін азапқа сала отырып, мыңдаған шақырымға созылған «Ұлы Қытай қорғанын» салды, ал шығыс Рим империясы Константинопольді айналдыра жаңа Феодосия қорғанын соқты. Қоныс аударулардың қазіргі ғылымға белгілі басы бағзы замандарда Қиыр Шығыстағы Беринг жер мойнағын басып өтіп, кейін Америка материгі атанған құрлықты бағындырғаннан бас­талады екен. Профессор Әділ Ахметов «Азиядан Америкаға адам баласының қоныс аударуы дүркін-дүркін болғандығын, яғни бірінші рет 40-35 мың жыл бұрын, екінші рет 28-25 мың жыл бұрын және үшінші рет 14-10 мың жыл бұрын қоныстанғанын аңғаруға болады», – дейді. Американың байырғы тұрғындарының түрік нәсілдес екенін олардың қайратты түзу қара шаштары, сақал-мұрттары мен денеге бітетін түктерінің біршама сирек болатындығынан, қоңырқай түс­­терінен, қоңыр көздерінен, шығыңқы жақ сүйектерінен және күрек тістерінен анық байқауға болады. Сосын Азияда да, Америкада да жергілікті халықтардың жас нәрестелерінің жамбастарында ғылымда «Монғол дағы» деп аталатын көкшіл дақ болады. Бұл дақ басқа халықтарда жоқ. Осы Америкалық майя, кечуа, сиу секілді бірнеше тайпаның кезінде көне қыпшақ диа­лектісінде сөйлегенін ғалымдар дәлелдеп берді. Осы Түрік тектес Америкалық Үндістердің Еуропадан қоныс аударушылар барып, Американы жаулап алғанға дейін жасаған өркениеті таң қаларлық. Олар салған ғажайып құрылыстар мен майялықтардың математика, астрономия, астрология саласындағы жеткен жетістіктерін түсіну қазіргі заманның компьютерлерін пайдаланатын ғалымдарға да ауыр тиіп отыр. «Еуропа орта ғасырларда қара түнек замандарды басынан кешіріп жатқанда, майялар адамзат өркениетінің керемет үлгісін жасап үлгеріпті». Джордж Стюарт Ұлы Дала перзенттерінің қо­ныс аудару­ларының екінші бөлігі б.з.д.VІ-V мың­жылдықта Солтүстіктің (Сібірдің) қалың орман­дарының күнгей бетін жиектей өтіп, Азиядан Еуропаға қоныс аударыпты. Кейін угор, фин, лит, эст, венед, кельт, викинг деп аталған халықтар Скандинавия түбегі, Балтық бойы, Шығыс Еуропа елдері халықтарының негізін құруға қатысқаны, ал кельттердің б.д.д. І-мыңжылдықтың ортасында бүкіл Галлияны иемденіп, VІ-ІІІ-ғасырларда қазіргі Испания, Британия, Солтүстік Италия, Оңтүстік Германия, Чехия және Венгрияның бір бөлігіне қожалық жүргізгені тарихтан белгілі. Шығыстан Батысқа, Жайық-Еділ арқылы Еуропаға қоныс аударуды түркі нәсілдес ғұндар жалғастырды. Бір кезде мұқым Азияны дүр сілкіндірген ғұн­дар ақыры төртке бөлініп тынды. 1) Сәнбиліктерден ойсырай жеңілген ғұн­дардың бір бөлігі сәнбилерге бағынып, олармен араласып, нәтижесінде сәнбилердің тілі түріктеніп кетті. 2) Екінші топ Ұлы Қытай қорғанының екі жағында орналасып, Қытаймен араласқа түсті. 3) Неғұрлым қатты шапқыншылыққа ұшы­раған тобы Тарбағатайға қоныс аударып, Жетісуді мекендеп, кейін өзінің ерлікке толы жорықтарымен бүкіл Азияны таң қалдырды. 4) Ғұндардың ең ержүрек жаугер тобы Қа­зақстанның кең даласын көктей өтіп, жаңа қоныс іздеп, Еділ мен Жайықтың арасына беттеді. Б.д.д 36 жылы Талас жерінде ғұндардың ең соңғы тәңір құты Шөже қайтыс болғаннан кейін ғұндардың Батыс тобы өздерінің жолындағы ауарларды жылы орнынан үдере көшірді. Қарсы алдындағы угрлар мен сарматтарды ығыстырып, болгарлармен келісіп, ақыры Еділ мен Жайықтың арасына сыналай кірді. Осы арада орнығып, күш жинаған ғұндар 200 жылдан соң, нағыз құдыретті күшке айналды. Ғұндар туралы алғашқы дерек 160 жылы жазылған. Дионис Перигет «Ғұндар Каспий те­ңі­зінің айналасындағы скифтердің жерін қо­ныстанған, Арал теңізінің маңында көшіп жүреді», – деп жазады. Ал Птоломей (175-182 жылдар арасында) «Ғұндар – Қара теңіздің жаға­лауындағы бастарнамдер мен роксолондар арасында тұрады», – деп жазады. Осы кезде ғұндар жергілікті халықтармен (әсіресе, угрлармен) араласқа түсті, угрларға кең тараған сармат мәдениетін қабылдады, сөйтіп болгарлар мен хазарлардың ата-бабасының тілі қалыптасты. Бұны чуваш тілінен де көруге болады. М. И. Артомонов, «Хазар тарихы». ІV ғасырдың 70-жылдарында ғұндардың ба­тысқа жорығы басталды. Бұл кезде Каспий жағалауы мен Дон өзенінің арасын аландар мекен ететін. Ал, Дон мен Дунайдың арасын, мұқым Украйна жерін готтар мекен етіп отырған.Олардың алғашқы құрбандығы Азау жағалауындағы алан­дар болды. Аландардың тек бір бөлігі ғана (осетиндердің ата-бабалары) Солтүстік Кавказ тауына тығылды. Баламер бастаған гүндердің алғашқы шабуылынан (371ж) соң-ақ готтар ыдырап, кейбіреулері гүндер жаққа өтті, біразы 376 ж. Шығыс Рим империясының шекарасына қарай босты. Готтар көршісі анттарды талқандады. Бірақ бір жылдан соң Баламер готтарды қайта талқандап, осыдан бастап готтар гүндердің қарамағына көшті, Аттила өлгенше гүндерге адал қызмет етті. Бұдан кейін гүндер Қара теңіздің жағалауы, Боспор патшалығының бай қалалары, Сирия мен Кападокияны, Кавказ тауының айналасын бағындырды. Ғұндар шығыс Рим империясына жиі-жиі шабуылдап, барымталап тұратын. Олардан қорғану үшін 413 жылы Константинопольді айналдыра жаңа Феодосия қорғанын соқты, сөйтіп Дунайдағы бекінісін нығайтты. 430 жылы Византия ғұндарға алым-салық төлеуге мәжбүр болды және оның мөлшері жыл сайын өсе берді. Ақыры Рим императоры Паннония провинциясын халқымен қосып Руғилаға (ғұн патшасы) бодандыққа берді. Бұл кейін Хунгария-Венгрия мемлекетінің құрылуына негіз болды. Руғила 433 ж. қайтыс болды. 447 ж. Аттила бастаған ғұндар Византияға жаңа шабуыл жасады. Балқан түбегін талқандап, астанаға қатер төнді. 448 ж. келісім бойынша теңіз жағалауындағы Дакия тү­гелімен ғұндардың иелігіне көшті. Дунайдың орта ағысына қоныстанған ғұндар Орталық және Шығыс Еу­ропадағы ұлан-байтақ империя құрды. Ғұндар Рим­нің қос империясы бірдей есептесуге мәжбүр болған қуатты әскери саяси күшке айналды. Ғұндар мен Батыс Рим империясының арасындағы соғыс Херсонес қаласының жанында өтті. Аттила Рим әскерін тас-талқан етті. Қалада жұқпалы індет бар дегенді естіген Аттила Римге кірмей қаланы айналып өтті. Амалы таусылған Римдіктер 448 ж. елші жіберіп, ғұндардан алым-салық төлеп құтылмақ болды. Әрі Еділге у беріп өлтіруді ойластырды. Бірақ бұл ойлары іске аспады. 451 ж. соғыс қайта тұтанды. Аттила бастаған ғұндар Рим империясының әскерін Каталуна жазығында талқанын шығарды. Тарихи ұлы шайқаста өлгендердің саны 165 мың адамға жетті. Ғұндар солтүстік Италияның бір­неше қалаларын тонап, талқандап кетеді. Бі­рақ та Апеннин түбегінен ғұндардың өзі кетті, себебі бұл кезде ол жерде аштық пен індет жайлай бастаған еді. Кей тарихшылар Еділге Рим епископы келіп, қалаға кірмеуін сұранды деген дерек келтіріледі. Осымен Рим империясы құлады. Қаншама халықтар еркіндік алды. Ғұн мемлекетінің “құдай патшасы” Еділ батыр 453ж таңсәріде әйелдің қолынан қаза тапты. Аңғал батыр ақыры аярлықтың құрбаны болды. Еділден кейін ғұн державасы екіге бөлінді. Шығысы Хазар хандығы, батысы Хунгария (Паннония мен Қара теңіз жағалауы) орталығы Рим қаласы болатын Уархан қағанаты деп аталатын екі мемлекет пайда болды. Уархан қағанаты ІX ғасырға дейін өмір сүрді. Кейін Византия империясын алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етті. Әсіресе, Баян ханның тұсында қайта дәуірледі. Уархан қағанаты құрамындағы герман тай­палары Франк королі Ұлы Карлдің қол астына жасырын өтіп кетуге тырысты. Содан барып, 791 ж. Франк пен Уархан әскері кескілескен шайқасқа шықты. Ғұн қағанаты ойсырай жеңілді де, бірте- бірте тарих қатпарына сіңіп кетті. Хунгария (Венгрия), Түркия мемлекеті мен болғарлар, ауар­лар, ғағауыздар ғана түркі тілін сақтап қал­ды. Олардың біразы батыс Түрік қағанаты мен Шыңғыс ханның тұсында солардың әскеріне қосылып, Еділ бойына қайтып оралды. Ұлы Дала перзенттерінің қоныс аударуының үшінші бағыты оңтүстік батыс арқылы Азияға бағытталды. Орман халықтары аталатын фин-угор тай­палары солтүстік бағытпен Еуропаға өтсе, дәл осы кезде оңтүстік бағытпен Батысқа қарай қозғалғандардың көшін бастап, атақты шумерлер Кіші Азияға енеді. Олар сол бетімен тарихқа танымал талай оқиғаның куәсі болған әйгілі екі өзен Евфрат пен Тигрдің арасына барып қоныс тебеді. Осылайша Шумерліктер кейін Алдыңғы Азия өркениетінің негізін қалайтын мемлекет құрды. Түрік тектес халықтардың Кіші Азияға қоныстануы мұнымен аяқталған жоқ. Грек, не Грекия деген атау атымен жоқ, б.д.д ІҮ-ІІІ мыңжылдықта Кіші Азия, яғни, қазіргі Түркия жері экономикасы мен мәдениеті шарықтап гүлденген өлке болды. Осы кезеңде бұл топырақта хатт атты халық жасады. Олар алтын, күміс, қола, мыс өндіруді өзгелерден көп бұрын игерді. Хаттар ежелгі заман иероглиф жазуын қолданып, кейін аккад жазуына көшеді. Патшалықтың астанасы Хаттустан табылған жазба құжаттар арасында хаттардың ежелгі мифтарының сақталуы айрықша маңызды болды. Олар прототүрік тілінің кавказдық бұтағы абхаз- дық тіліне өте жақын болып шықты. Тарихы б.д.д ІV- ІІІ мыңжылдықтарға кететін алғашқы хаттар туралы археологиялық айғақтар аз болмағанымен, жазба деректер шектеулі. Есесіне осы топырақта б.д.д XVІІІ-XVІ ға­сырларда пайда болған алғашқы, XV ғасырға жа­татын ортаңғы, XV- XІІІ ғасырларды қамтитын соңғы хетт патшалықтарының тарихы біршама жақсы түзілген. Олар құрған прототүрік мемлекеті “Хатти” деп аталады. Хаттар өздерінің өркен­деген кездерінде Сирияны, Вавилонды (1595ж), Евфраттың оң жағалауы мен терістік Месо­потамия хурриттерін тізе бүктіреді. Алайда, сырт­қы жаулардың дамыл­сыз шабуылынан 1200 жылдар шамасында әлеу­етті хатти ыдырау саты­сына еніп, мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Кейін гректеніп кеткен прототүріктік эолий тайпасының ұлы ақыны Гомер жырлаған “Илиада” эпосына негіз болған Троя кесапаты тап осы кезеңге тура келіп, Ұлы Хатт-хетт патшалығының жойылу салдарына сәуле түсірді. 1250 жылдары гректер қамал қала – Трояны жаулап алған. Шаһар қабырғалары құлап, өртке шалдыққан. Троя ерлері ерлікпен қаза тауып, әйелдері ахей мен данай гректеріне құл болып, Приам патшалығы күйрейді. Асылы бұл гректердің Кіші Азияға алғаш аяқ басуы. Бірақ жаңа өлке оларға баянды болмады. 1100 жылдар шамасында солтүстік батыстан баса-көктеп енген жабайы дорый тайпасы микен өркениетін тып-типыл етіп, гректерді 400 жылға кері шегеріп тастады. Жазу-сызуды ұмытқан қараңғы ғасыр басталды. Осы кезде Троя қаласы екінші рет өртеніп, 400 жылдай құлазыған елсіз мекенге айналды. Орыс археологтары б.д.д үшмыңыншы жыл­дары Арал теңізі мен Еділ аралығында Қима мәдени ошағын қалыптастырып, киммер, қимақ деген халық жасағанын айтады. Олар біртіндеп Кіші Азияға ауған. Олардың Кіші Азияға келген уақытын ғалымдар б.д.д 2000 жылдардың арғы жағы деп жобалайды. Өйткені, Иордания арабтарының негізін салған Химиярлар – Қима жұрты. Ибрагим пайғамбар заманында (б.д.д. 2000 жыл) Химиярлар билеген Хақтан әулеті өте әйгілі болды. Олар патшаларын тоба деп атады. Қималармен бірге Алдыңғы Азияға ас, ала (алаш), ад, сард, дан, этруск сияқты прототүрік тай­палары келгені байқалады. Арал, Каспий теңіз­дері мен Еділ, Жайықта су кәсібіне жаттыққан қималармен бірге келген алаштар біртіндеп Кипр, Крит аралдарына қоныстанған. XІІІ ғасырда дорий тайпасының жойқын шапқыншылығынан орталық грекиядан айырылған ахейлер Крит, Кипр, Родос аралдарына қоныс аударып, алаштармен аралас қоныстанып, олардың гректенуіне әсер етті. Алаштардың (эолийлердің) Кипрден Кіші Азия құрлығына шығуы б.д.д Х ғасырдан басталып, VІІІ ғасырда аяқталды. Алаштар кіші Азияға эолий есімді грек тайпасы ретінде енді. Жерорта теңізі аралдары Крит, Кипр, Грекия құрамындағы Феста, Кнос, Мелостан табылған көне жазулар екі тілде, грек және прототүрік тілдерінде жазылғанын ғалымдар ашқан. Эолийлерде поэзияның аэд жанры мейлінше шарықтап дамыған. Ежелгі Грекиядағы аты-заты күмәнсіз белгілі бірден-бір ірі тұлға – Гесиод. Оның өмір сүрген кезін ғалымдар б.д.д VІІ ғасырға жатқызады. Атышулы әйгілі поэтикалық мұрасы деп “Тео­гония” мен “Еңбек пен күндерді” айтады. Ғалым­дардың пікірінше Гесиодтың эолилерше аталуы Айсиод екен. Гректердің атақты ақыны, “Илиада” мен “Одиссеяның” авторы Гомер де осы гректенген эолий тайпасының өкілі дейді ғалымдар. “Гомер есімі Кіші Азия халықтарының сөзінен шыққан. Грек тіліне ауысқанда, ол “соқыр” деген мағынаға ие болған”, Қ.П. Яйленко. Cтрабонның мәліметінше, “эолиліктердің қаласы Смирнада (Измирде): төрт бұрышты айлақта Гомер храмы және ағаштан ойылған Гомер мүсіні бар. Гомерді меншіктеуге олардың дәлелі жеткілікті. Гомарик аталған мыс ақша шығарған да осылар”. Ғажабы сол Гесиод пен Гомердің айтысқаны туралы дерек сақталған. Екі ұлы ақын шақырумен Евбейге барып, Халкидон патшасы Амфидамантты жерлеу кезінде айтысқан. Оны Плутарх жазып кеткен. Амфидаманттың інісі Паниданың шешімімен жеңіс соғыс пен жаугершілікті жырлаған Гомерге емес, еңбек пен диқаншылықты дәріптеген Гесиодқа берілген. Түрік ғалымы Адиля Айда б.д.д І мыңжылдықта Апеннин жарты аралының терістік батыс бөлігінде Римге дейінгі өркениетті өмірге келтірген этрускілердің тегі түрік екенін дәлелдейді. Б.д.д 753 ж. Рим қаласының негізін қалаған этруск королінің немересі Ромулус болатын. Сондықтан қала Рим (Ром) деп аталады. Ал Рим қаласының символы “капитолий қаншығы” деп аталатын қаншық қасқырдың мүсіні Римде әлі тұр. Ескерткіштің авторы Вулка есімді этруск (тұрсақ). Ал түрік халықтарының шығу тегін Алтай тауындағы қаншық қасқырмен байланыстыратын аңызды ескерсек, “Ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған” деген көне мәтелдің қайдан шыққаны түсінікті болады. Оңтүстік батысқа бағытталған қоныс аударулардың бірі Геродоттың “Тарихында” баяндалады. “Көшпелі скиф тайпалары Азияда мекендеген. Әскери күшімен массагеттер оларды қуып шыққанда, скифтер Аракстен өтіп, киммерия жеріне келген. Скифтер мекендейтін ел көне замандардан киммериялықтар иелігінде болған. Скифтер жақындағаннан киммериялықтар қалың қолды жау әскеріне не істейтіндері туралы кеңес құрған. Кеңесте пікірлер екіге бөлінді. Екі жағы да өздерінің айтқандарында тұрғанымен, патшалар жағы жеңді. Халық қалың қолмен соғыспай, кейін шегінбек болды. Патшалар, керісінше, шабуылшыларға табандылық көрсетіп, қарсы шықпақ болды. Ақыры киммериялықтар екіге бөлінді де, бір-бірімен соғыса бастады. Ағайындылар арасындағы соғыста өлгендерді киммериялықтар Тирас өзенінің жағасына көмді. Содан кейін, киммериялықтар жерлерін тастап кетті. Ал келген скифтер елсіз қалған жерге ие болды”. Геродот, “Тарих”. Бұл баяндауда Ұлы Даланың батысын мекен­деген үш тайпаның аты аталады. Олардың ең мықтысы массагеттер болса, ең әлсізі кемерліктер екен. Осы кемерліктердің өзара соғыстан аман қалған бір бөлігі Кавказ арқылы Кіші Азияға өтеді. Бұл кезде Алдыңғы Азияда екі ірі империя қатар өмір сүріп жатқан. Оның бірі атақты Ассирия империясы болса, екіншісі Урарту мемлекеті еді. Солтүстіктен баса-көктеп келген кемерліктерге Урарту патшасы Рус-1 бар әскерімен қарсы шықты. Бірақ Алдыңғы Азияның үлкен мемлекеті саналған Урарту әскерін Ұлы Даланың ең әлсіз тайпасының бір бөлігінің өзі-ақ тас-талқанын шығарды. Одан әрі олар Фригияға, Лидияға шабуыл жасады. Көп ұзамай, кемерліктер Кіші Азияда шешуші күшке ие болды. Арада жарты ғасыр өткенде, кемерліктердің ескі қонысына орналасқан скифтер Ишпақай пат­шаның басшылығымен Алдыңғы Азияға жорыққа шықты. Иса пайғамбардан бес ғасыр бұрын өмір сүрген грек тарихшысы Фукидид “Скифтермен бәсекелесетін патшалық бүкіл Еуропада жоқ, соны­мен бірге, егер де, олардың ауызбірлігі болса, онда, тіпті, мұқым Азияда скифтермен бетпе-бет келіп, оларға қарсы шыға қоятындай халық табылмайды”, – деп жазыпты. Алдыңғы Азияның ең ірі империясы Ассирияның патшалары Ассар­хадон мен Ашурбанипалдың кемерлер мен скиф­терге қарсы жанталасқан шайқасы Таяу Шы­ғысқа үрей әкелгені сондай, көшпелі халықты құдайдың жіберген зауалы есебінде қабылдайды. Ежелгі еврейлердің қасиетті кітабында Пайғам­бар өз үмбеттеріне “Мен сендерге, Израйль шаңырағына, сонау алыстағы халықты, аса күшті халықты, ертеден жасап келе жатқан халықты, сен тілін білмейтін және олардың өзара не деп сөйлескенін ешқашан ұқпайтын халықты жіберемін”, – дейді. – “Олардың барлығы да шетінен ержүрек. Олар сенің егісіңді отап, сенің наныңды жейді, сенің ұлдарың мен қыздарыңды құрбан етеді,... сен сеніп отырған қамал мен қоршалған қалаларыңды күл-талқан етеді”. Б.д.д VІІ ғасырдың жетпісінші жылдары скифтер Ассирияға алғаш рет үлкен жорық жасады. Осы соғыста скиф патшасы Ишпақай қаза та­бады. Алайда, ассириялықтар мен скифтердің қақтығысы жалғаса береді. Ақы­рында скифтер ассириялықтарға қарсы көте­ріліске шыққан ми­дия­лықтарды қолдайды. Амалы қалмаған Ассирия патшасы Ассархадон скиф патшасы Партатуаға қызын беріп, келісімге келіп, скифтерді одақтасы етеді. Б.д.д VІІ ғасырдың елуінші жылдары Пар­татуаның баласы Мәди ассирияның айдап са­луымен киммерлерге жойқын шабуыл жасап, олардың тас-талқанын шығарады. Бұл жерде де отырықшы халық өкілдерінің өз ша­масы жет­пегесін, қытайлықтар қолданатын “жа­байыны” “жабайыға” айдап салу әдісі қолданылған. Осыдан кейін, скифтер бұл өңірде көне шығыс патшалықтарының бір де біреуі теңесе алмас үлкен саяси күшке айналады. Көп ұзамай, Мәди жаңадан құрылған Мидия патшалығын өзіне бағындырады. Алайда, бұл көшпелі елдерге тән, жыл сайын алым-салық төлеп тұруға мәжбүр ететін бағындырыс қана еді. Бұл бағыныс Ми­дия елін күшті көршілерінен (мысылы, Ассирия империясынан) қорғап қана қоймай, көршілерін әлсірету арқылы Мидияның тез қуатты патша­лыққа айналуына жағдай туғызды. Б.д.д 633 ж. Ассирия патшасы Ашурбанипал қайтыс болды. Осымен Ассирия империясының ыдырауы басталды. Халдейлер Вавилонияны, скифтер Ассирияға қарасты Сирия мен Палестина бастаған біраз аймағын, Мидиялықтар өздеріне жақын үлкен аймақты өздеріне қаратып алды. Мәди патша қолбасылық еткен скиф әскер­лері жеңістен жеңіске жетіп, атағы исі Таяу Шығысты, Египетті шарлап кетті. “Содан кейін скифтер Египетке бет алды. Палестиналық Сирияға барар жолда оларды Египет патшасы Псамметих (Нехо перғауын) мол сыйлықпен қарсы алып, шапқыншыларға бұдан әрі бармауын қиыла өтінді де, ақыры көндірді. Азияны скифтер 28 жыл билеп, өктемдік жүргізді. Өзінің содырлығы мен ылаңдығының нәтижесінде ондағылардың зәре-құтын қашырды. Олар әр халықтан жинаған алым-салықтарына қоса, елді аралап, көзіне көрінгеннің бәрін қымқыра берді”. Геродот, “Тарих”. Скифтерге бағыныштылық арқылы, үлкен елге арқа сүйеген мидиялықтар Ассирия импе­риясының үлкен бөлігін өзіне қосып, кү­шейіп алды. Енді олар скифтерден қалай құтылуды ойластыра бастады. Мидия патшасы Қиақсар оны тапты да, Қиақсар мен мидиялықтар өзара келісіп ап, мұқым скифті қонаққа шақырып, есінен тандыра шарапқа тойғызады да, мас болған соң, олардың бірін қалдырмай қырып тастайды. Сөйтіп, Мұқым Алдыңғы және Кіші Азияны алақанында ұстаған Мәди патша оқыстан опат болды. “Батыр аңқау” дегенді осындайда айтса керек. Түбіне аңғалдығы, дастарханға деген құрметі жетті. Қиақсардың айласы бүтін бір ха­лықты, кешегі қожайындарын өзіне кіріптар, бодан етті. Қайтіп бұл өңірде скифтердің шайқалған шаңырағы қайта көтерілер тірек таппады. Оңтүстік шығыста Ұлы Дала перзенттерінің негізгі көршілері Қытай мен Тибет халықтары болды. Бұл бағытта қозғалған Ұлы Дала пер­зент­тері тау бөктерлей келіп, алдымен, таулық тибеттіктермен, содан кейін, көне қытайлықтармен байланысқа түсті. Бұлар қытай­дың көне жазба тарихында шән-жуң, шиәниуң, шиунжу деген атаумен енген халықтардың арғы бабалары жұн-ди мен дилар еді (ди-далалықтар). “Көшпелілердің арғы дәуірлерде орныққан қаласы, тұрақты орталығы, тіпті, темір қорытып, алтын аптап, күміс күптеген қолөнері де болды. Б.д.д қытай жылнамаларында ғұндардың шапса қылыш, атса оқ өтпейтін киім-кешек, сауыттарын бұлар да жасап алу жөнінде У-ди хан өз тұсында жарлық шығарғанын жазады”. Ислам Қабышұлы, “Тұран әлемі”. Ұлы Дала перзенттері алғашқыда тибеттік­терді де, қытайлықтарды да бауыр бас­қан жерінен ығыстырып, оларды Вій өзенінің оңтүстік бетіне өтуге мәжбүр етті. Тибеттіктердің бір бөлігі ішкі қытайға қоныс аударып, жергілікті халықпен араласып, отырықшылыққа ден қойса, қалған бөлігі сырттан келген көшпелілермен арпалыса жүріп, солардың салт-дәстүрін, соғыс өнерін үйреніп, бірде одақтасып, бірде жауласып дегендей мазасыз тірлік кешеді. Ежелгі түріктер келгенге дейінгі тибет­тік­тердің атамекендері Вій өзенінің бас жағын­дағы таулы аймақпен шектелетін. Ежелгі тау басында қой жайған “қойшы тибеттіктер” шән-жұндармен (түріктермен) бірігуі нәтижесінде, тарихқа әйгілі таңғұт халқы пайда болды. Көне замандарда таңғұттар айтарлықтай кең аумаққа иелік еткен. Шыңғыс ханның қанды қырғынынан кейін, олардың ұрпағы Көкнор көлінің маңын ғана мекен­дейді. Отырықшы тибеттердің дәуірлеуі тибет мемлекетінің негізін қалаушы атақты Сронцзан – Гамбоның (650 жылы өлді) тұсында болды. Олар VІІ ғасырдың екінші жартысында қытай жерінің біраз бөлігін өздеріне қаратып алды. Әуелдегі қытай мәдениеті шағын бір өңірде азғантай тайпалардың жасаған мәдениеті болатын. Жалпы “қытай” деп X-XІІ ғасырларда қытайдың теріскей бөлігін билеген моңғол тілдес халықтарды ғана атаған. Кейін Орта Азия халықтары бұл атауды қытайлықтарға ортақтастырып жіберді. Ал, Батыс Еуропа және Таяу Шығыс елдері қытайлықтарды әлі күнге “Чин” деп атайды (б.д.д ІІІ ғ. көне қытайлық бірнеше мемлекетті біріктірген Ши-Хуан-ди патша негізін қалаған Чин патшалығы атынан шыққан). Қытайлықтар өз елдерін әр кезде патшалық құрған әулет аттарымен Иау, Жау, Шыу, Чин, Хән, Вей, т.б деп атаған. Ал ортақ атауы “Жүң го” (Орталық мемлекет), (Аспан астындағы ел). Көне қытайлықтар көшпенділерді жалпы атаумен “Гүйфаң” – “Сайтандар немесе жын перілер жағы” деп атайды. Көне қытайлықтардың көшпенділермен қашан, қалай кездескені бұлың­ғыр. Көне қытайлықтар “дилардың” кезінің өзінде әлі іргелі ел болып бірікпеген, бір-бірімен соғысып жатқан жекелеген кінәздіктер болатын. Осы алғашқы қытай әулеттері көшпелі тайпалардың шабуылдары салдарынан құлаған. Қытай әулетінің тарихы олардың әр кезде “шиән-иун”, “шиун- жыу”, “сиун-ну” деп ат берген далалықтардың кейінгі ұрпақтарымен үнемі арпалыста күн өткі­зіп, көп ретте олардан жеңіліс тауып отарғаны аң­ғарылады. Мысалы, Грумм-Гржымайло сол кез­дегі қытай императорларының сұңғақ бойлы, орақ мұрын, қаба сақалды болып келетінін айтады. Сол секілді қытайдың “Үш патшалық” кезіндегі батырларының бейнесі де осы кейіпте суреттеледі. Сондай-ақ, “жыудан” бастап “Вей”, “Иән”, “Дай” тәріздес патшалықтардың негізін қалаушылардың да далалықтар болғаны көне деректер мойындаған шындық”. Қ.Салғараұлы, “Түрік әлемі”. Қытай мемлекетінің басталу мерзімін қытай тарихының Геродоты атанған Сы-ла-Чиән б.д.д 697 ж деп көрсетеді. Ал, қытай халқының ұлы перзенті, атақты философ Кун- фу- зи (Конфуций) б.д.д 357 жылдан, Иау әулетінің билік құрған кезінен бастайды. Қытайлықтар қанша жерден жа­мандап “жабайылар” дегенімен, көне қытай та­рихына далалықтардың ықпалы зор болды. Олардың күтпеген жерден пайда болып, құйындай жүйіткіп, әп-сәтте жайпап кететіні кө­не қытайларға амалсыз атқа мінуді үйретіп, атты әскер жасақтауға мәжбүр еткені байырғы дереккөздерінен белгілі. У-ди, Ву Лиң, Шы Хуан-ди секілді патшалардың жасаған әскери реформалары осы айтқанымыздың айғағы. Ты­нымсыз қақтығыс, көшпелілердің күшеюі, келе-келе өзара дүрдараз жеке кінәздықтардың бірі­гуіне, сөйтіп тұтас іргелі мемлекет болуына ықпал етті. Осы үш халықтың (тибет, қытай, түрік) ұр­пақтарының мыңдаған жылдар бойы араласуы соғыс тұтқыны, қыз алысу, қашқындардың қар­сы жаққа өтуі, бір-біріне бағыныштылық, т.б әсерінен түріктенген тибеттіктер мен қытайлар, ти­беттенген, қытайланған түріктер көп болды. Осылайша көшпелілер мәдениеті мен отырықшы елдер мәдениетінің араласып, бірін-бірі байытуы әсерінен кейінгі қытайлық үлкен мәдениет өмірге келді. Ұлы Дала перзенттерінің қоныс аударуының үлкен бір бағыты оңтүстік батысқа – Орта Азия арқылы Алдыңғы Азия, Таяу Шығыс елдеріне бағытталды. Кейбір тарихшылар кейіннен парсы-иран, солтүстік үнді халықтары мен Еуропадағы Герман тайпаларының түп атасы саналатын Арилар есте жоқ ерте замандарда қазіргі Қазақ­станның оңтүстік батыс жағы – Жетісу маңы мен Қырғызстанның Ыстық көл маңын мекендеген дейді. Кейіннен белгісіз себептермен Орта Азия арқылы Алдыңғы Азияға өтіп, одан көбейе келе, Солтүстік Үнді жері мен Еуропаға дейін таралған. “Авеста” мифологиясында аждаһаны жеңуші Трайтаонаның (“Шаһнамада”-Фаридун) үш ұлы болады. Ол өзіне қарайтын әлемді осы үш ұлына бөліп береді: Сәлімге- Рум мен батыстағы жерлер, Тұрға-Шын (Шығыс Түркістан) мен Тұ­ран, Ирожға-Иран мен Арабстан. Олар өсе келе өзара араздасып, Сәлім мен Тұр бірлесіп, Ирожды өлтіреді. Сөйтіп Иран мен Тұран бітіспес жауларға айналады. Парсы халқының ұлы ақыны Әбілқасым Фир­даусидың “Шахнамасындағы” оқиғалар негізінен Иран-Тұран соғысына арналады. Ирандықтардың атажауы болып Афрасиаб патша басқаратын Тұрандықтар аталады. “Шахнама” бойынша Сәлім мен Тұрдың кенже інілеріне жасаған қастандығы бірдей. Тіпті, Ирожды қидалап өлтірген Румды билеген Сәлім болса да, “Шахнаманың желісі бойын­ша, бүкіл өштік, атакек Тұранның әміршісі Турдың сыбағасына тиеді. Фирдауси да, кейінгі тарихшылар да Тұран жұртын зұлымдықтың ошағы деп қарайды, Румдық Сәлім ұмыт қалады. Тұрдың ұлы – Пашанг. Оның ұлы – Афра­сиаб. Иран мен Тұранның арасындағы өштік Афра­сиабтың тұсында тұтанып барып басылады. Иран патшасы Зов пен Тұран патшасы Афрасиаб екі ел арасындағы ғасырлық өшпенділікке тоқ­тау салып, келісімге келеді. Иран мен Тұран ара­сындағы шекара Жайхун өзенінің аңғары арқылы өтеді. Осы және басқа тарихи шежіре, аңыздарға қара­ғанда, Арилердің Ұлы Даладан батысқа қо­ныс аударуы Тұрандардың (Түріктердің) ығыс­тыруынан деп түсінген дұрыс. Ұлы Даладан оңтүстік батысқа қоныс аудару­дың нақты белгілісі, б.д.д. ІІ ғасырда ғұндардың Мөде тәңірқұтынан жеңілген қытайша аталуы Юечжи (Жиу- жи) халқының ата мекенін тастап шығуынан басталады. Ал олардың өз кезегінде сақтарды ығыстырғаны белгілі. Жиу-жилардың бір бөлігі Сырдария өзенінің бойында қалып кейін қаңлы аталып, Қаңлы мемлекетін құрады да, негізгі бөлігі бүгінгі Тәжікстан жеріне келіп, атақты Кушан мемлекетін құрады. Ғұндардың ауыр соққысынан шашыраған жиу-жи халқының қалдығының өзі Сыр өзенінің батысындағы отырықшы халыққа қаһарлы күш болды. Өздеріне қылышпен жол ашқан жиу-жилар Тәжікстан жеріне орнығып алғаннан кейін, Кушан атты мемлекет құрып, үш ғасыр өмір сүрді. Кушан мемлекеті дәуірлеген кезінде бүткүл Орта Азия мен Үнді жеріне дейін жететін үлкен империяға айналды. Орта Азия арқылы батысқа беттеген көш бұлармен шектеліп қалмайды. Бұлардан кейін­гі көшті тохарлар, эфталиттер, ақ ғұндар (хиониттер), кердерілер (кидариттер) жал­ғас­тырады. Кердері­лердің Тоқаристанды иелен­гені және Арал теңізінің кезінде Кердері теңізі атанғаны, солардан қалған ұрпақтың бір бөлігінің кейін Кердері деген атпен Қазақ хандығының құрамына енген тайпалардың бірі болғаны тарих­та мәлім. Еділ патша өліп, гүн қағанаты құлағаннан кейін, гүн қағанаты екіге бөлінді. Батысында Уар­хан қағанаты пайда болды. Ал, шығысында гүндердің орнын VІ ғасырда тарихқа аты әйгілі аварлар басады. Қазақстан тарихшылары олар­ды Орталық Азияда түріктерге дейін билік құрған атақты жужандардың ұрпағы дегенді айтып жүр. Арада екі ғасыр өткенде бұл жерді көш­пелі түркі тайпасы – хазарлар иеленді. Бірақ олар да бұл өңірге түпкілікті ие болып қала алмады. Хазарлардың жанталаса қарсыласқанына қарамастан, ІX ғасырдың басында Оңтүстік Орал бойынан бұл далаға (Қара теңіз жағалауының далалық алқабына) угрлар (мадиярлар) өңмендей кірді. ІX ғасырдың соңында келген печенегтердің ығыстыруымен угорлардың бір бөлігі Персияға, енді бір бөлігі Днепр мен Дунайдың төменгі ағысы аралығындағы Атель-құз деген жерге ауады. Мадиярлар жалпы Қара теңіз бойындағы даланы шамамен 830 және 892 жылдардың арасында мекен еткен. Ал бұл кез алғашқы орыс кінәздерінің қалып­таса бастаған кезі болатын. 892 ж мадияр­лар Византияның шақыруымен бол­гарларға қарсы аттан­ғанда, артта қалған елін печенегтер жаулап алды. Печенегтермен соғысуға шамасы жоқ мадиярлар амалсыз жаңа қоныс іздеп, Дунайдың төменгі ағысы маңына барып, өз мем­лекетін құрады. Жалпы печенегтер Орта Азия даласындағы қаңлы (кангюй) тайпалар бірлестігінен бөлініп шыққан өте ірі тайпа болатын. Бұлардың бұрынғы сармат тайпалары иеленген жерді жаулап алуы жаңа печенег тайпалар бірлестігінің құрылуына негіз қалайды. Сөйтіп бұл бірлестіктің құрамына бұрынғы қаңлылық печенегтер, оларға бағын­ған сармат тайпалары, ормандық финүгор тайпа­ларының кейбір бөлшектері кіреді. ІX ғасырдың соңында печенегтерді Еділ мен Жайық арасынан оғыздар айдап шығып, батысқа қарай көшуге мәжбүр етті. 1019 ж. орыс кінәздарының ішкі ісіне ара­ласқан печенегтер мен оғыздар тағы да соғысып, бірнеше соғыстан кейін, оғыздар пече­негтерді біржола талқандап, аман қалғандарын Днепрден аса қуып тастайды. Онсыз да тоз-тозы шыққан печенегтерді хандарының арасындағы қырқыс оларды үшке бөліп тастайды. Ақырында жеңілген Кеген хан соңына ерген екі тайпа елімен (дерек бойынша 20 000 адам) Византия жеріне өтіп, өзінің Византияға бағынатынын білдіреді. Византия императоры оларға жер бөліп беріп, Византия шекарасын өзімен туыстас тайпалардан қорғауды міндеттейді. Х ғасырдың ортасында шығыстан келген көш­пенділердің өте күшті жаңа толқыны оғыздарды батысқа қарай ығыстырды. Олар еуропалықтар командар, орыстар далалықтар (половцы) деп атаған қыпшақтар болатын. Қыпшақтар бұған дейін Қимақ қағанатының құрамындағы тайпа болатын. Қимақ – “кай” – моңғол тілінен аударғанда, “жылан” жеті тайпадан құралған тайпа болатын. “Жеті басты айдаһар” деген аңыз осыдан шығатын сияқты. Қимақ бірлестігі Ертіс бойында пайда болып, кейін Арал теңізіне дейін жетті. Қыпшақтар осы бірлестіктің батысындағы тайпа болатын. Қыпшақтар солтүстігінде Сібір ормандарына, батысында башқұрттардың бұрынғы ата-бабалары жеріне дейін, оңтүстік батысында қысқа қарай оғыздар жеріне – Арал теңізіне дейін келетін. Әл-Марвазидің жазуында былай дейді “Кайлар (жыландар) мен күндер сарыларды ығыстырды, сарышаштылар (қыпшақтар) өз кезегінде түркімен, оғыздарды және пече­негтердің жерін тартып алды, ал, оғыздар мен печенегтер Византияға шабуыл жасады. Осы кезеңде Сыр бойы мен Арал теңізі маңындағы далада көшіп жүрген оғыздар арасында Салжұқтар қозғалысы басталды. Олар Орта Азия арқылы өтіп Алдыңғы Азияға басып кірді де Салжұқ түрік империясын құрды. Ал солтүстікте, Еділ мен Жайық арасындағы оғыздар батысқа қарай Византия империясына аттанды. Бұл кезде Орта Азия арқылы кеткен оғыздар Византия империясын оңтүстіктен қыспаққа алып жатқан болатын. Оғыздардың солтүстік бөлігі жолай печенегтерді де қоса алып, орыстармен соғыса жүріп батысқа кетті. Олардың орнын жаңадан келген қыпшақтар басты. Оңтүстік арқылы аттанған салжұқтар Жент қаласын астана деп жариялап, жаңа мемлекет құрды. Бұл мемлекет кейін Азияның айбынды күшіне айналды. Тоғрылдың кезінде салжұқтар Иранды, Хорасанды, Әзірбайжанды, Күрдістанды, Иракты өзіне бағындырды. Бағдат дінбасылары ресми түрде оның сұлтандық лауазымын ақ батасын беріп бекітті де, хали­фаттың әміршісі ретінде мойындады. Бұл кезеңде Орта Азия мен Хорасан аймағы толықтай түркі қауымының атақонысына айналды. Сонау б.д.д үшмыңжылдықтан хеттер пат­шалығынан бастап, көшпелі елдің Кіші Азияға қоныстануы бір толастаған жоқ. Бірақ заман өзгеріп, үстемдіктен айырылып, өздері жергілікті тайпаларға сіңісіп, бодандыққа түсіп отырған кездері де болған. Хеттардан кейінгі гректенген (мысалы эолий тайпасы) түріктер, кемерлер мен скифтерден кейінгі римдіктердің отарлауы уақытша бағыныштылық болатын. Баламер бастаған көшпелілер көші Қара теңіздің терістік жағалауына ілінген соң-ақ, түркілер Кіші Азияны қайтадан қолға алды. Көшпелілердің жаңа толқынының Кіші Азияға келуін Ю.А.Петросян өзінің “Осман империясы” атты еңбегінде былай деп баян­дайды: “Түркі тайпалары Кіші Азияға ІV ға­сыр­­дан бастап қоныстана бастады. Олар әр түрлі жолмен Кавказ бен Иран, Қара теңіз бен Балқан арқылы келді. Әйтеуір Қытайдан бастап, Византияға, Иранға дейінгі ұланғайыр аймақты билеген түркі қағанаты тұсында Византия оларға елші жібергенде, олардың ішінде жүзден астам константинополдық түркілер бар еді. Түркі тайпаларының көсемдері өздерін бұл өлкеде жеке мемлекеттің басшысы ретінде емін-еркін ұстады. Х ғасырда түркілердің жаңа легі Кіші Азияға лықси қотарылды. Ғасырдың басында Аралдың маңынан өзінің қандас түркілерімен соғысуының нәтижесінде қоныс аударған бірнеше ірі-ірі түркі тайпалары келіп қоныстанды. Дәл сол кезде түркілер Балқан тауы жағынан да Кіші Азияға қарай ағылды. Олардың көбі печенегтер мен қыпшақтар, оғыздар еді. Олардың көпшілігі Византия императорының әскері қызметіне орналасты. Сөйтіп, әртүрлі тағдырдың талқысына түскен түркі тайпалары Анатолыға қоныс тепті”. 1063 ж. Тоғырылбектің орнына сұлтан боп сайланған Алып Арыслан Византия импе­рия­сының туын жығып, бүгінгі түрік елінің – Түр­кияның мемлекеттік негізін қалады. 1071 жылдың 19 тамызы күні Кіші Азияның шығысындағы Маназкерт қамалының алдына екі ұлы күштің ең таңдаулы әскерлері жиналды. Қалың қолдың бірін Византия императоры Роман-ІV, ал, екіншісін салжұқ сұлтаны Алып Арыслан басқарды. Бұл екі тектің ғана емес, екі діни сенімнің, Айса пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбар үмбеттерінің жолдары найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен тоғысқан шақ еді. Осыған дейін де бұл екі әмірші екі жыл бойы арпалысып, жеңісе алмай келе жатқан. Дәл осы жолы кім жеңсе, сол Кіші Азияның тізгінін қолына ұстайтын. Византиялықтардың саны 80 мың еді. Олардың дені жалдамалы әскерлер болатын. Римдіктер де, гректер де, орыстар да бар болатын. Роман-ІV жан алып, жан беріп, аянбай айқасты. Алайда, Алып Арыслан да тегін сұлтан болмағандығын танытты. Ол ретін тауып, Роман-ІV- ті қоршап алды да, тұтқынға түсірді. Византиялықтардың берекесі қашып, шегінді, қолға түсті, Алып Арысланға өз еріктерімен берілді, әйтеуір, жеңіліп тынды. Қайтып Визан­тиялықтар қарсылық көрсете алмады. Бұл со­ғыстың нәтижесінде Кіші Азия салжұқ түрік­терінің қолына көшті. Жаңа сұлтанат тез дәуірлей көтерілді. Алып Арысланның мұрагері Мәлік шахтың тұсында салжұқтардың жері Сырдария мен Нілдің, Каспийдің жағасынан бастап, Жерорта теңізінің ара­сын алып жатты. Рум сұлтанаты Ұлы Салжұқ қағанатының ең жоғары билік иесі екенін мойындады”. Бұдан кейінгі тарих сахнасына Шыңғыс хан бастаған моңғолдар мен Ақсақ Темірдің қанды жорықтары шығады. Шыңғыс ұрпақтарының бұл жорықтары нәтижесінде кейбір халықтар, мысалы, қыпшақтар Венгрияға, Прибалтика жеріне, тіпті кейбір топтары Алдыңғы Азияға өтіп, Мысырға дейін жет­кенімен, бұл тарихи оқиғаларды Ұлы қоныс аударулар дегеннен гөрі, жаулап алу, тонаушылық соғыстары дегенге келеді. Себебі, бұл соғыстардың нәтижесінде Ұлы Даладағы қаншама қалалар мен елді мекендер қиратылып, түркі өркениеті кері кетті. Қаншама мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің алдыңғы сапында болған Дала перзенттері өркениеттің соңында қалып қойды. Осының нәтижесінде мыңдаған жылдар бойы көшпелілердің шабуылына ұшырап, олардан қорғану үшін мыңдаған шақырымға созылған Ұлы Қытай қорғанын салған қытайлықтар XV ғасырда өздері Ұлы Далаға аяқ басты. Ал, өз қандастарынан қашып, орыс кінәздарының қолтығына кірген кейбір түркі топтары орыс мемлекетін күшейтіп, арада бірнеше ғасыр өткенде, Жармақ бастаған орыстанған түріктер- казактардың алғашқы тобы Ұлы Далаға аяқ басты. Ұлы Далаға қытайлар алғаш аяқ басқан XV ғасырға дейін тарихта бірде-бір рет шет ел жаулаушысының жеңіске жеткені болған емес.

4593 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз