• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2012

Аласапыран уақыт туралы айғақ

Жаңагүл СҰЛТАНОВА, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы

Орыстың ХХ ғасырдағы аса талантты жазушысы Михаил Булгаковты драматург ретінде қарастырғанда, оның «Турбиндер күндері» атты драмасына тоқталмай өту мүмкін емес. Қазіргі заманғы сыншылар бұл пьесаны Булгаковтың театр саласындағы табыстарының шыңы санайды. Бірақ, аталмыш қаламгердің қайсыбір туындысының тағдыры сияқты, «Турбиндер күндерінің» де өмірге жолдама алуы оңайға түскен жоқ. Біз өткен жолы осы драматург өмірінің соңғы шағында жазылған ең ақырғы пьесасы – «Батумның» қандай кепешті кешкенін баяндаған едік. Енді Булгаков шығармасындағы ерекше орны бар жоғарыдағы пьеса туралы да әңгімелеудің реті келіп отыр. «Турбиндер күндерінің» премьерасы 1926 жылғы 5 қазанда МХАТ-та өтті. Ол салған бойда көрермендердің орасан зор қошаметіне ие болды. Бұл ақтардың лагері кекесіндік келемеж түрінде емес, ешбір жасырынбағы жоқ жанашырлық танытылған, соның ішінде қарсы жақтың басты өкімі полковник Алексей Турбин бүкіл өмірбаяндық жолдары айқын көрсетілген кеңестік жалғыз пьеса еді. Большевиктердің қарсыластары жеке бастарының тазалығымен адалдығына ешбір күмән келтірілген жоқ. Ал олардың жеңілісі үшін ақ армияны тиісті деңгейде ұйымдастырып, тұрғындардың көпшілігіне лайықты саяси бағдарлама ұсына алмаған штабтар мен генералдардың кінәлі екендігі көрсетілді. Жалпы 1926-1927 жылдардағы маусымда «Турбиндер күндері» 108 рет қойылыпты. Осылайша Мәскеудегі театрлардың барлығындағы спектакльдердің қай-қайсынан да көп рет сахнаға шығарылды. Аталмыш пьеса партия да жоқ зайырлы көпшілік арасында айрықша кең қолдауға ие болғанымен партия қатарындағы көрермендердің қатал талқысына түсіп жатты. Бұлай болатыны, шығарма негізінен интеллигенция мен революция туралы сыр шертуші еді. Оның басты кейіпкерлері – Турбиндердің отбасы әскерилердің типті интеллигентті әулетті саналады. Олардың үлкен ұлы Алексей – полковник, кішісі Николай – юнкер, қарындасы Елена – полковник Тальбергтің әйелі. Оларды қоршаған достарының бәрі – әскерилер. Үлкен кітапханасы бар кең пәтер. Осында жиналушы әскерилер дастархан басында отырып шарап ішеді, рояльда ойнап, масаң халде бұдан бір жыл бұрын атылып кеткен патшаны еске алатын Ресей ән-ұранын шырқайды. Бұл үйге кез келген уақытта келе беруге болады. Осында суыққа тоңып қатып қалған капитан Мыщлаевскийді жуындырып тамақтандырады. Осында «Житомирдерден келген бөле» Лариосикті құшақ жайып қарсы алады. ...»Турбиндер күндерінің» ең басты ерекшелігі, ол жазушының бұдан бұрын жазылған «Ақ гвардия» атты атақты рома­нының драма түріндегі жаңғырығы болып табылады. Жазушыға алғаш рет МХАТ театры 1925 жылғы 3 сәуірде жоғарыдағы романның негізінде пьеса жазып шығуды ұсынады. Осы тапсырыс бойынша драматург сол жылғы шілде айында пьесаның бірінші редакциясының жұмысын бастайды. Біздің бұл жерде «бірінші редакция» деп отырған себебіміз, жалпы, Булгаков пьесаның үш түрлі нұсқасын жазған екен. Бұлардың алғашқы екеуі романмен аттас «Ақ гвардия» болып аталды. Алайда, сол кездегі цензураның қырағы көзі бұл атауды жібермей, жазушыға үшінші жолы басқаша ат қоюға тура келеді. Обалына не керек, Михаил Булгаков аталмыш пьесаның алғашқы нұсқасын тез жазып тастайды. Бұған жазушының «Ақ гвардия» бойынша пьеса жазу идеясының 1925 жылғы қаңтардан бастап келе бастағаны дүмпу берсе керек. «Іздегенге – сұраған», Мәскеудегі нөмірі бірінші театр басшылығы үш айдан кейін осындай оймен жазушыға өздері шықты. Театрдың режиссері Б.И.Вершилов осылайша драматургке 1920 жылы Владикавказда жазылған «Ағайынды Турбиндер» пьесасындағы идеяны жалғастыруды ұсынды. 1925 жылдың қыркүйек айында-ақ М.Булгаков театрда атақты режиссер Константин Сергеевич Станиславский (Алексеев) жетекшілік еткен оқып-талдауда пьесаның бірінші редакциясын оқып берді. Мұнда романның барлық дерлік негізгі сюжеттік линиялары қайталанып, оның басты персонаждары сақталды. Айталық, Алексей Турбин әскери дәрігер күйінде қалған, полковниктер Малышев пен Най-Турс басты әрекет етушілердің қатарында жүр. Бұл редакция өзінің шұбалаңқылығымен, ондағы персонаждардың және эпизодтардың бірін-бірі қайталайтындығымен МХАТ басшылығын қанағаттандырмады. Булгаков келесі редакциясын театрда қазан айында оқыды. Мұнда Найс-Турс алынып тасталып, оның репликалары полковник Малышевтің аузына салыныпты. Ал 1926 жылғы қаңтардың аяғында болашақ спектакльдің рөлдері түбегейлі бөлініп, Булгаков олардан Малышевті алып тастайды. Бұл жолы Алексей Турбин ақтар қозғалысын насихаттаушы полковник-артиллеристке айналып шыға келеді. Шын мәнінде Булгаковтың қарындасы Надежданың күйеуі Андрей Михайлович Земский артиллерия офицері болатын. Күйеу баласымен танысқаннан кейін драматург бас кейіпкерлерді артиллерист етуге шешім қабылдады. Бұл жерде «Турбин» деген фамилияның да тектен-тек алынбай отырғанын айтуымыз керек. Өйткені, Турбина – Булгаковтың анасы жағынан әжесі, яғни нағашы әжесі Анфиса Ивановна Покровскаяның қыз күніндегі тегі. Осы нағашылары әулетінен шыққан кісілерді 1905 жылғы революцияға араластыру арқылы Булгаков, жоғарыда айтқанымыздай, 1920 жылы қағазға түсірілген «Ағайынды Турбиндер» атты пьеса жазып шыққан еді. Жазушының «Ақ гвардия» романындағы сияқты мұнда да драматург 1918-1919 жылдардың түйіскен тұсында Киевте өзі көзімен көрген оқиғаларды еске түсіреді. Бұл малоросстар астанасында гетман Скоропадскийдің режимі құлап, оның орнына Петлюраның бандысы келіп, көп ұзамай оны да қаладан большевиктердің қуып жатқан кезі болатын. Биліктің осылай ұдайы алмасуы салдарынан Турбиндер отбасында орын алған қайғылы оқиғалар «Турбиндер күндері» пьесасына да тамызық болады. 1926 жылғы қаңтарда сұлбасы негізінен дерлік қаланып үлгерген пьесаның кейіпкерлері рөлдерін бөлісу басталды. Бірақ, оны дайындау барысында петлюрашылар штабын көрсететін көріністі цензура алып тастады. Өйткені, петлюрашы ерікті жасақтардың жойқын да қатыгез шабуылы қызыл армияшыларды еске түсіретін еді. Пьесаның әдепкідегі «Ақ гвардия» деген аты да талқылаушыларға ұнамады. Бас репертуар комитетінің қысымымен К.С.Станиславский оны «Аяқталар алдында» деп атауды ұсынды. Бірақ, бұған Булгаков үзілді-кесілді қарсы шықты. Ақырында 1929 жылдың тамызында екі жақ «Турбиндердің күндері» деген атауға тоқтады. Осыған дейінгі екі аралықта пьеса «Турбиндер отбасы» деген нұсқамен аталып келді. Спектакль алғаш қойылған күнге дейін әлденеше рет өзгертілді. Оның, әсіресе, «Интернационалдың» үні барған сайын күшейе түсетін финалы көп өзгеріске ұшырады. Осы жерде Саяси бюро мен ЧК-ОГПУ қабырғаларында басқаша ойлайтын кез келген адамға қарсы саяси арандатушылықтың кең көлемді екіжүзді жоспарлары жасалып жатқанын айта кетуіміз керек. 1926 жылы бұл саяси қаралаушы ұйымдарда саяси жағынан сенімсіз делінген оппозициядағы азаматтардың тізімдері негізінен жасалып бітті. Сол жылғы 5-ші мамырда «Новая Россия» баспасын жауып, «сменовеховшылардың» барлық әрекетіне тыйым салу, олардың пәтерлеріне тінту жүргізіп, тұтқынға алу жөнінде шешім қабылданды. Ал ОГПУ-да белгілі, Г.Ягода Саяси бюроға ұсынған қаралы тізімде әдебиетші М.Булгаков жетінші болып тұр еді. Бұдан әрі «жоғарыдан» мақұлдау алған жендеттер «Иттің жүрегі» романының қолжазбасын тәркілеп әкетіп, жазушының өзін қайта-қайта ОГПУ-ға тергеуге шақырумен болды. Мұның ақыры М.Булгаковты қамауға алып, оны «оншама алыс емес жерге» айдауға жіберумен аяқталуға тиіс болатын. Бірақ, күтпеген жерден репрессияның қалыптасқан механизмі босаңсып, Ягоданың темір саусақтары жазылып сала берді. Драматург М.Булгаков МХАТ үшін жоғарыдағы «Турбиндер күндері» пьесасын тап осы кезде жазып үлгерді. Оның жазылуына Сталин мен Саяси бюроның басқада мүшелеріне шығуға мүмкіндігі бар ұлы режиссер К.С. Станиславский әсер етті. Бірден айта кету керек, «Турбиндер күндері» қолға алынған күнінен бастап, оның төңірегінде номенклатуралық күрес өрістеп жүре берді. Булгаков пьесаның бірінші нұсқасын оқыған күні-ақ оған Халық ағарту комиссариаты, Бас репертуар комитеті және партияның Орталық Комитеті тарапынан жасырын, бірақ, соншалықты жанталасқан қарсылық пайда болды. Осының бәрі ОГПУ-дің паранойялық күдігін туғызып, пьесаның бұдан арғы тағдырына қаншама қуатты күштердің араласуына апарып соқтырды. Билік кенет МХАТ-қа қоюға ұсынылған Булгаков мәтінінен театрға, әдебиетке, ең бастысы, көрермендерге жасырын түрде төнетін құпия әсерді сезінді. Жұрттың бәрін мұнда жаулардың соншалықты жанды, тіпті сүйкімді адамдар кейпінде бейнеленгені қайран қалдырды. Бірқатар кеңес жазушылары мен драматургтері осы қолайлы жағдайды пайдаланып, өздеріне бәсекелес болып саналатын талантты жазушыны құртып жіберуге ұмтылды. Халық ағарту комиссариаты 1926 жылғы 24 қыркүйекте «Турбиндер күндерінің» қойылымын МХАТ-та ғана қоюға рұқсат етті. Мұның сыртында спектакль жөніндегі күрес шарықтау шегіне жетті. Бұл тұста оны қоюға кез келген уақытта тыйылым жасалуы мүмкін еді. Айталық, драматург Б.С.Ромашов «жоғары» жаққа пьесаның «идеологиялық тұрғыда жетімсіз» екенін қайта-қайта мәлімдеп, МХАТ «бұл пьесаны чеховщинаның барлық атрибуттарымен қойғалы жатқанын» жазды. Дәл осыған ұқсас пікірді Алексей Толстой да білдірді. «Турбиндер күндерін» Чеховтың «Шиелі бағымен» бірқатар қоюға болады, – деп баяндады ол ОГПУ-дің жансызына. – Сондықтан оны қоярда ойлану керек». Мұндай деректерді көптеп кездестіруге болады. Ал театр труппасы төніп келген қауіп-қатерден Булгаковты құтқаратын жалғыз жолдың осы пьесада жатқанын біліп, оның сахнаға шығарылу жолында аянбай күресті. 1927 жылғы 3 қазанда Станиславский Саяси бюро мүшесі А.Н.Рыковқа мынадай жалынышты мазмұнда хат жолдады: «Ол (театр – Ж.С) «Турбиндер» пьесасын қоюға тыйым салынғаннан кейін, материалдық жағынан ғана емес, сонымен қатар репертуарлық жағынан да, тұйыққа тіреліп отыр. «Турбиндерді» қоюға рұқсат етумен бірге бұл мәселе ма­териалдық жағынан да, репертуарлық жағы­нан да шешіледі». Сол сияқты Орталық Ко­митеті хатшысы А.П.Смирнов Булгаков пье­сасына рұқсат беру жөніндегі Саяси бю­роның қаулысын дайындай отырып, былай деп атап көрсетті: «Дүние көркемдік жағынан төзімді, пайдалы. Оның әлдеқандай контрреволюцияшылдығы жөніндегі пікірлер мүлдем дұрыс емес». Осылайша Саяси бюро 10 қазанда «Турбиндер күндерін» Көркем театрда (МХАТ) қоюға салынған тыйымды тез арада алу жөнінде қаулы қабылдады. Енді осы ойларды жинақтап келіп айтсақ, аталмыш пьесаның МХАТ-та қойылуға бірнеше рет тыйым салынып, бірнеше рет рұқсат етілді. Айталық, 1929 жылғы сәуірде «Турбиндер күндері» репертуардан тағы алынып қалады. Бұл жолы оның авторына мещандық пен буржуазиялық көңіл-күйді көтермелеп, ақтар қозғалысын насихаттады деген айып тағылды. Бірақ, Булгаковты ара-тұра қолдап қоюшылардың арасында Сталиннің өзі де болды. Ол бұл пьесаны ұнатқаны сондай, жиырма шақты рет арнайы барып көрген екен. Осы жерде айта кету керек, сол кездердегі кеңес театрларындағы ең кассалы спектакльдер Булгаковтың пьесалары бойынша қойылған қойылымдар болды. 1932 жылғы 16 ақпанда спектакль қайтадан қатарға қосылып, Көркем театрдың сахнасында 1941 жылғы маусымға дейін қойылып келді. Ол 1926-1941 жылдар аралығында барлығы 987 рет қойылған екен. Қорытындылай келгенде, М.Булгаковтың «Турбиндер күндері» пьесасы сол тұстағы өмірдің шындығын мейлінше реалистік тұр­ғыдағы туынды болғанын айтар едік.

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз