• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2012

Ұлы дала тарихы мен ұлы қоныс аударулар

Бекжан Бейсенбай, отырартанушы

Ұлы Даланы бағындырмақ болып, алғашқы жорыққа шыққан парсы патшалығының негізін қалаған Кир патша болатын. Ол бұған дейін Алдыңғы Азияда билік құрған барлық империяларды, Ассирияның, Урартудың, Мидияның, Лидияның, Вавилонның, т.б Алдыңғы және Кіші Азия мемлекетінің жерлерін алып, бұған дейін тарихта болып көрмеген үлкен империя құрды. Геродот былай дейді: «Вавилонды бағындырысымен Кир массагеттерді өзіне қаратуды ойластырды. Массагеттер өте көп, әрі жауынгер ел екен. Олар тура күн шығыстағы Аракс (Сырдария) өзенінің арғы бетінде, исседондарға қапталдаса мекен етеді... Кирдің бұл жорыққа аттануына көптеген себеп әсер етті. Соның ең бастысы – өзін тумысынан «қасиетті адаммын, наға­шымның түсіндегі аян берген әмірші – менмін, дүниені билеуім керек», – деген астамшылық пиғылы. Екіншісі – барлық соғыстарда жеңіске жетіп келе жатқан ақжолтайлығы еді. ­Өйткені, Кирдің көзінің қиығы түскен халықтың бір де біреуі оған қарсы тұра алмай, тізе бүккен еді». Ал, бұл кезде Ұлы Даланың батыс бөлігінде, Сыр өзені­нің бойында бұған дейін осында тұрып келген скифтерді ығыстырып, қонысын күшпен тартып алған массагет тайпасы тұратын. Ал, массагеттерді қайтыс болған күйеуінің орнына Томирис патшайым басқаратын. Алғашқыда Кир Томириске құда түсуге елшілігін жібереді. Бірақ парсы патшасының түпкі ойын түсінген Томирис патшайым бұдан бас тартады. Сонда Кир айламен мақсатына жете алмағандықтан, массагеттерге ашық түрде соғысқа аттанады. Аракс өзенінен өту үшін көпір жасауға бұйрық береді. Мұны көрген Томирис патшайым Кирді бейбітшілікті бұзбауға шақырады. «Ал шын соғысқың келсе, өзеннен өтіп соғы­сайық. Не сен үш күншілік жерге шегін, өзеннен мен өтемін, не мен үш күншілік жерге шегінемін, өзеннен сен өт», – деген ұсыныс жасайды. Ақыры келісім бойынша массагеттер кейін шегініп, парсылар өзеннен өтеді. Алғашқыда парсылар қулықпен массагет­тердің үштен бір бөлігін, шолғыншы жасақты алдап қолға түсіріп, қырып тастайды. Қолға түскендердің ішінде жасақ басшысы, Томирис патшайымның ұлы жас Спаргапис те болатын. Мына зауалды хабарды естіген Томирис ханым елші жіберіп, сәлем айтты: «Мидия патшасы, қанішер Кир! Сен мына болмашы жеңісіңе масаттанба. Сендер бұл жолы адал айқаста үстем түскен жоқсыңдар. Менің ұлымды жынды суларыңмен суарып, алдап тұтқындадыңдар. Сен енді менің ақылымды тыңда. Тұтқынға түскен ұлымды өзіме қайтіп бер де, аман-есеніңде табаныңды жалтырат. Массагеттер әскерінің үштен бірін алдап арандатқаның да жетеді. Егер, сен мұны істемесең, күн құдайымен ант етемін, сен қанша тойымсыз болсаң да, қанға тойдырамын», – дейді. Бірақ Кир бұл сөзге құлақ аспайды. Ал, Спаргапис ханзада мастығынан айыққан соң, өзінің жағдайын түсініп, қолын босатуын Кирден сұрайды. Ханзада босана салысымен өзін-өзі өлтіреді. Кирдің кеңеске құлақ аспағанын білген Томирис барлық әскерімен парсыларға шабуыл жасайды. «Бұл соғыс варварлар арасындағы ең қанды қырғын болды. Ол туралы мен мынаны білдім. Айтулары бойынша, қарсыластар бір-біріне алыста тұрып садақтап атады. Содан оқтары таусылғасын, қанжар мен найзаласуға көшеді. Ешкім шегінгісі келмей, ұзақ соғысады. Ақыры массагеттер жеңеді. Барлық дерлік парсы әскері соғыс даласында қырылады.Кирдің өзі де өледі. Ол толық 29 жыл патшалық құрған. Ал, Томирис қырылғандардың арасынан Кирдің денесін таптырып, шарап құятын тері ыдысын адам қанына толтырып, өлі Кирдің басын қан толтырған ыдысқа тығып тұрып: – Іздегенің қан еді ғой, ал, іш, ендеше! – депті. Бұл оқиға б.д.д 530- 529 жж. болған. Парсы әскері мен массагеттер алғашқыда Сырдарияның екі жағында, Отырар маңында жолығады да, келісім бойынша, массагеттер үш күндік жерге кейін шегініп, шайқас Талас даласына өтеді. Ұлы Далаға екінші болып жорыққа аттанған парсы патшасы Дарий болатын. Кирдің өлімінен кейін, үш жыл ішінде Ахемен әулетінің сегізін жеңіп, Дарий Кирдың орнына таққа отырады. Таққа отырғаннан кейін, бес-алты жыл ішінде Кир құрған парсы патшалығын одан да ұлғайтып, шекарасын Еуропадан Африкаға дейін ұлғайтты. «Жеңілмейтін әскер, әлем әміршісі, мәңгілік патшалық» деп мадақталған парсы патшалығы үшін кесілген Кирдің басы мен қырылған парсылардың өлімі сүйегіне басылған таңба, бетіне түскен шіркеу еді. Сондықтан да, «әлем әміршісі» аталған Дарий патша б.д.д 518- 517 ж. сақтарға аттанды. Бұл жорық асқан дайындықпен жүзеге асырылды. Алдын-ала шолғыншы жасақ жіберіп, бір кездегі Кирден қалған Сырдариядағы өткелді қалпына келтіртті. Дарий бұл жорыққа әбден дайындалған 300 мың әскермен аттанды. Бұндай әскерге қарсы тұрар күш бұл кезде жоқ еді. Тарихшылар «сақтардың арасында Дарийдың тыңшылары болды, олар бұған дейін Дарий жаулап алған мұрғабтық сақтар еді», дегенді айтады. Дарий патша әскерін Сырдариядан өткізісімен сақтардың үшке бөлінгенін естіген ол алдымен кезіккен шолғыншы жасақты (сақтардың үштен бір бөлігін) атты әскермен қоршап алады. Парсылардан мұндай күрт қимылды күтпеген Скунһа патша саны аз әскермен қапыда қолға түсіп қалады. Дарий тосын шабуылды әрі қарай жалғастырады. Ол қолға түскен және қаза тапқан сақ сарбаздарының киімдерін үстерінен сыпырып алып, өз әскеріне кигізеді. Содан соң, оларды бұл жағдайдан еш хабарсыз бейқам жатқан сақтардың екінші жасағына тосын шабуыл жасатып, қапыда қырып тастайды. Бар әскерінің үштен екісінен аңғалдықпен айырылған сақтар қисапсыз парсы әскерінің алдында шарасыз күйге түседі. 300 мың парсы әскерімен қоянқолтық шайқасуға қалған әскері өте аздық етеді. Оның үстіне, парсы әскерінде де атты әскер жеткілікті. Не істерін білмей сасқан патшаларға Шы­рақ атты жылқышы ұсыныс айтады: «Дарий әскері өкшемізді басып, қуып келеді. Бұлай қуа берсе, көшпен ерген елді қызыл қанға батырары сөзсіз. Мен бір амалын табайын. Тек балаларыма қорған болыңыздар». Үсті-басын аяусыз тілгілеген Шырақ қан­жоса болып, парсылардың алдынан шығады. Ол парсыларға «сақтардан кек алғысы келетінін, оның артынан ерсе, ол парсыларды сақтардың көшінің дәл үстінен түсіретін жолды білетінін» айтып сендіреді. Парсыларға «сақтар көшінің соңынан ергенше, олардың алдынан шығатын жолды білемін», – деп алдаған ол Бетпақ далаға бастап кіреді. Ақырында парсылар төрт жағы бірдей жеті күндік шөл дала болатын Бетпақ даланың дәл ортасына сілесі қатып жетеді. Аштық пен шөлден әскер қырыла бастайды. Осы кезде Шырақтың бұнда алдап әкелгенін өз аузынан естіген парсы әскербасы Шырақты өлтіріп тастайды. Ал, парсылар үшін сақтарды жаулап алмақ түгілі, өз бастарын шөлден аман алып шығудың өзі мұң болады. Қатты күйінген Дарий патша қырға шауып шығып, Тәңірден жалбарынып, көмек сұрайды. «Осыдан аман қалсам, енді қайтіп сақтың жерін аттап баспаймын», – деп жалынады. Сол сәтте тәңірі иіп, жаңбыр себелеп қоя береді. Осы жаңбырдың арқасында бар әскерінің тең жартысынан айырылып, құр сүлдерін әзер сүйретіп, еліне қайтады. Осылайша өз өмірін құрбандыққа шалған қарапайым сақ жылқышысы ерлігінің арқасында бүтін бір халық аман қалады. Ұлы Далаға үшінші жорық жасаған тағы да осы парсы патшасы Дарий болатын. Ол бірінші сәтсіз жорығынан бар-жоғы бес-ақ жыл өткен соң, Ұлы Далаға жорыққа дайындалды. Кирдің кегін қуамын деп барып, жеңіп тұрып, масқара болып қайтқанын, Бетпақ далада шөлден әскерінің жартысынан айырылып, өзі құр сүлдері қайтқанын ұмытпаған еді. Сондықтан да, бұл жолы көшпенділерді аяусыз жазаламақ болды. Дарий өзіне бағынышты барлық халықтарға жарлық беріп, соғысқа қатаң дайындалады. Африкадан Еуропаға дейін соғысқа тартылды. Тарихшылар бұл жолы Дарийдің әскері аттылы және жаяу 700 мың және 600 кеме, онда шамамен 100 мың әскер, барлығы 800 мың әскер тартылды деп санайды. Бұл соғысқа көптеген гректердің де қатысқаны белгілі. Үлкен әскермен келе жатқанын естіген скифтер өздерінің ашық соғысуға шамасы жетпесін сезіп, көршілерінен көмек сұрайды. Кеңеске қатысқан тайпа басшыларынан: Геон, Будин, Савромат тайпалары скифтерге көмек бермек болады. Ал, Агафирс, Невр, Андропак, Миланхлен және Тавр патшалары көмектесуден бас тартады. Скифтермен одақ құрған төрт тайпа басшылары ақылдаса келіп, парсылардың 700 мыңдық әскерімен ашық соғысқа шықпайтын болып келіседі. Әйелдер мен балаларды киіз үйлермен, асқа қажетті малдан басқасын солтүстікке ұзатып жібереді. Ең жақсы атты садақшылар отрядын Дарийдің әскерінің алдынан жібереді де, қалған екі бөлігі Иданбарыс патшаның басшылығымен біркүндік жерде алда жүріп отырады. Скифтер барлық өсімдіктерді өртеп, құдықтарды көміп кетіп отырады. Осылайша аттылы скифтердің соңынан аттылы- жаяу 700 мыңдық әскерімен салпақтап әбден титықтаған Дарий скиф патшасы Иданбарысқа «күшің жетсе менімен соғыс, немесе келісімге келіп, маған бағын», – деген ұсыныс айтады. Бұған Иданбарыс мазақ қылған жауап жібереді. Аштықтан, шөлден, ұзақ жолдан әбден әлсіреген парсыларды ақырында скифтер қыспаққа түсіреді. Скиф патшалары Дарийге сыйлыққа құс, тышқан, құрбақа мен бес оқ беріп жібереді. Бұл «сендер, парсылар, құс сияқты аспанға ұшып кетпесеңдер, тышқан сияқты інге кіріп кетпесеңдер, бақа сияқты батпаққа батып кетпесеңдер, біздің жебелерімізден қашып құтыла алмайсыңдар», –дегенді білдіретін. Осыдан кейін парсылар да, скифтер де соғысуға дайындалып, шеп құрады. Осы кезде скифтерді бақылап тұрған Дарий скифтердің шебі бұзылып, ию-қию болып кеткенін байқайды. Бұны түсінбеген ол адамын жіберіп, не болғанын сұрағанда, ол «скифтердің арасынан қоян қашқанын, қазір скифтердің қоянды қуалап, ойнап жүргенін» айтып келеді. Сонда Дарий «біз бұларды жаулап аламыз деп жүрсек, олар бізді тіпті қаперіне де іліп тұрған жоқ қой. Өткенде бұлардың жіберген сыйлығының мағынасы енді түсінікті болды. Рас екен. Енді бұдан қалай аман қалуды ойластырайық», – дейді. Ақырында парсылар түнде көп қылып от жағып, тұрағында әлсіз және жаралы жауынгерлер мен есектерді қалдырады да, өздері қашып кетеді. Бұдан кейін парсылар Ұлы Далаға қарай қайтып аяғын аттап баспайды. Ұлы Даланы бағындырмақ болып, арыстандай атылған келесі «жиһангер» – «Азияның билеушісі», «Амон құдайдың сүйікті ұлы» атанған Ескендір Зұлқарнайын болатын. Ол Кир құрған парсы патшалығының соңғы патшасы Дарий Кодоманнан Еуропадан Индияға дейін, батыста Египетке дейін созылған кең байтақ империяны тартып алғаннан кейін, бұған дейін ешкім бағындыра алмаған еркін сақтарды бағындырмақ болады. Ол Сырдария өзенінің жағасына өзінің Шеткі Александрия (Александрия Асхата) қаласын салдырып бол­ған соң, салменен әскерін арғы бетке өткізіп, сапқа тұрғызады. Александрдің скифтерге жіберген әскерінің алғашқы бөлігін скифтер қоршап алып қырып тастайды. Александр енді атты әскерлері мен садақшыларын араластыра, бар әскерімен шабуылға шығады. Бұл жолы сақтар қаша соғысу әдісін қолданады. Александрдың темір­дей тәртіппен шеп құрған әскерін қаша жүріп, садақпен атқылап, қатарын селдіретеді де, ақырында жаяу садақшылар артта қалып, атты әскер бөлініп шыққан кезде, жалт бұрылып қайта тарпа бас салып, қырғынға ұшыратады. Александр өзі бірнеше жерінен жарақат алып, қорғаушыларының жанкешті әрекетінің арқасында ғана әзер деп қашып құтылады. Осыдан кейін қайтіп Сырдарияның шығыс жағына аяғын аттап баспайды. Көп ұзамай, Александр сақ көсемдерімен келісімге келеді де, оңтүстікке – Индияға қарай жорыққа кетеді. Ұлы Даланы күшпен бағындырмақ болған келесі империя арабтар болды. Араб сахабалары ғазауат жорығына аттанып, ислам дінін қылыштың жүзімен насихаттауға кірісті. Оларға еш тоқтау болмай, бүткіл Алдыңғы Азия және солтүстік Африка халифаттың құрамына кірді. VІІ ғасырдың аяғында, VІІІ ғасырдың басында олар Орта Азияға аяқ басты. Орта Азиялықтар басқыншыларға бірігіп, тойтарыс бере алмай, жеке-жеке жем болды. Осы кезде Ұлы Даланың батыс бойы түргештерге қарайтын. Оларды Сұлушор атты ақылды да, талантты хан бас­қаратын. Орта Азияны жаулап алған араб әскерінің басшысы Кутейба соғысты өте қатыгездікпен жүргізді. Сұлушор бауырлас Соғдияна хал­қына әскери көмек беріп тұрды. Бірақ бұл соғды халқына көмектесе алмады. Бүткіл Соғ­дияна арабтардың қолына көшті. Ақырында Сұлушордың күшіне арқаланған соғдалықтар Дибаштың бастауымен көтеріліске шықты. Арабтар жанын сала жаншуға тырысқанымен, Сұлушордың әскері дер кезінде келіп жетіп, араб әскерінің быт- шытын шығарды. Соғдияна арабтардан уақытша азат етілді. Осындай қарсы шабуылды жиі жасағаны үшін арабтар Сұлушорды «Муззахим- сүзеген», деп атады. Бұған дейін ешкімнен беті қайтып көрмеген арабтарды түріктер кері қуып тастады. Бірақ қарудың күшімен ендіре алмаған ислам дінін арабтар кейіннен үгіт-насихатпен, сопылардың көмегімен түркілерге ендірді. Арабтардың түріктерден беті қайтқан екін­ші оқиға Кавказда орын алды. Х ғасырдың ортасында қыпшақтардың ығыстыруымен ба­тысқа кеткен оғыздар Орта Азия арқылы Ал­дыңғы Азияға басып кіріп, Салжұқ түрік империясын құрды. Бұл мемлекет кейін күшейе келе, Азияның айбынды күшіне айналды. Олар Иранды, Хорасанды, Күрдістанды, Иракты өзіне бағындырды. Бағдат дін басылары ресми түрде Салжұқ сұлтанының сұлтандық лауазымын ақ батасын беріп, бекітті де, халифаттың әміршісі ретінде мойындады. Салжұқ түрік әскері ислам дінінің алмас қылышына айналды. 1122 ж. арабтар мен салжұқтардың біріккен әскері Кавказға жетіп, грузиндердің басындағы ең ауыр кезең басталды. Жиһангерлер Кутаиси мен Тбилисидің тұрғындарын жаппай мұсылмандандырады. Бас тартқандардың ба­сын шауып, ой-шұңқырды қанға толтырады. Елін жауға алдырған грузин патшасы Давид-ІV одақтастар іздеп, қыпшақтарға келеді. Ол кез­де қыпшақтар үшке бөлініп, үшеуін үш хан басқаратын. Ол қыпшақтардың бір бөлігінің ханы Артықпен келісімге келіп, қызын алып, күйеу болады. Кейін елін азат ету үшін қайын атасынан көмек сұрайды. Соның нәтижесінде 1125 ж. Тбилиси жанын­дағы Дидгори жазығында 300 мыңдық араб- салжұқ әскеріне қарсы Давид 60 мыңдық әске­рімен қарсы соғысты. Бұл әскердің басында 45 мыңдық Артық ханның қыпшақтар әскері тұрса, қалған 15 мыңы грузин, армян, осетин, аландардан құралған болатын. Қыпшақтардың арқасында жаудың бетін қайырып, елін азат еткен грузин патшасы кейін «Дәуіт құрылысшы» деп дәріптелді. Осылайша түркілер арабтарды екі рет, біріншісін VІІІ ғасырда Орта Азияда тоқтатса, екіншісінде XІІ ғасырда Кавказда бетін қайтарып тастады. Қыпшақтардың арқасында елін азат етіп, тағына қайта отырған Давид патша, барын аямай, жағ­дайын жасап, қыпшақтарды еліне жібермеуге тырысты. Артта қалған ағайындары қанша адам жіберіп, елге шақырса да, Артық хан еліне қайт­пай қояды. Сонда келесі келген елшілер қулыққа салып, өздерімен бірге бір құшақ жусанды ала келеді. Сонда жусанның жұпар иісі көңілін босатқан Артық хан көзіне жас келіп, еліне тартып отырған екен. Батыстан шығысқа қарай Ұлы Далаға беттеп, Сырдариядан өткен «Әлем әміршілерінің» ең соңғысы Ақсақ Темір болыпты. Ол астанасын Самарқан қаласы етіп, бұған дейін тарихта болмаған өте үлкен империя құрды. Ол Орта Азиядан бастап, бүткіл Алдыңғы және Кіші Азияны, солтүстік Африканы, Индиядан батыс Еуропаға дейін қолына қаратты. Бұл кезең түркі қаруының жарқылы күннің көзін шағылыстырып тұрған кез еді. Шығыс Еуропада Тоқтамыс хан Алтын Орданы қайта қалпына келтіріп, 1380 ж Мамайды жеңдік деп дандайсып жүрген орыстарды 1382 ж. тас-талқанын шығарып, қайтадан бодан етіп, Шығыс Еуропа елдерін қалтыратып тұрса: батыста түрік сұлтаны Баязит Ілдерім Еуропа елдерін бірінен кейін бірін жаулап алып жатқан болатын. Бұл түркі билеушілерінің үштігі Ақсақ Темір-Тоқтамыс-Баязит Ілдерімнің қай-қайсысы болмасын, сол заман мемлекеттері үшін өте айбарлы күш еді. Осы үш түрік көкжалы ақыры бір-бірімен соғысып, ақырында Тоқтамыс пен Баязит Ілдерімнің әскерін Ақсақ Темір тал­қандайды. Кіші Азия жерінде Ақсақ Темір мен Баязит Ілдерімнің арасындағы соғысты сырттай бақылаған Еуропа елдері «екі аждаһаның соғысы», – деп атапты. Ақырында Еуропа, Африка, Батыс Азияда өзімен қару айқастыра алар ешкім қалмаған соң, Ақсақ Темір Қиыр Шығыс Азияда жатқан Қытай елін жаулап алмақ болады. Бұған дейін екі ғасырға жуық монғолдардың қоластында болған қытайлар монғолдарға қарсы жаппай көтеріліске шығып, қытай жеріндегі моңғол атаулыны өлтіргенін өлтіріп, тірі қалғанын қытайдан қуып шығып, өздерінің таза қытайлық Мин династиясын құрған болатын. Осы қытай патшалығын жаулап алмақ болып, Ақсақ Темір үлкен дайындық жасап, 400 мыңдық әскер шығарады. Бұған дейінгі бір де бір соғыста 200 мыңнан артық әскер шығармаған Ақсақ Темірдің бұл жолғы дайындығы ерекше еді. Тарихшылар Ақсақ Темір әскерінің алды Қаратау асуына жеткенде, соңы Самарханнан енді қозғалған болатын дегенді айтады. Қаншама ғасырларға созылған бодандықтан енді ғана босанып, егемен ел болған Қытайдың бағы ма, Ақсақ Темір әскерінің алды тау асуына жеткенде, асуды қар басып қалып, әскер тоқтап қалады. Әскерінің бел ортасында келе жатқан Ақсақ Темір Отырарда өкпесіне суық тиіп, қайтыс болады. Жорық тоқтатылып, әскер кері қайтарылады. Осылайша Ұлы Даланың табиғи шекарасы болған Сырдария өзені арқылы шығысқа жорыққа шыққан «әлем әміршілерінің» ең соңғысы алтыншы болып беті қайтарылыпты. Көк Тәңірі құп көрмесе не шара.

2269 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз