- Ел мұраты
- 17 Наурыз, 2015
МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖӘНЕ ЭТНОПЕДАГОГИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ
Серік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
ректоры, педагогика
ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА академигі, профессор
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының басты құндылығы – Мәңгілік Ел идеясына ерекше мән беруі. Бұл ретте Ұлт көшбасшысы: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – деп тұжырымдайды. Әрине, ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді дамудың 22 жылын артқа тастап отырғанымыз ақиқат. Сондықтан, Елбасы ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен Күшті және Қуатты Қазақ мемлекетін өркениетті жолмен құрудың тағы бір Стратегиялық жоспарында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты жеті құндылыққа да ерекше тоқталды. Ия, халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Сонымен бірге, бұл Стратегияның жастарға арналғанын, оны жүзеге асырудағы жастардың рөлін атап өтті. Демек, бұл келелі тұжырымдар білім беру саласы мамандарына зор жауапкершілік жүктейді.
«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» – қашанда жастардың жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат. «Мәңгілік ел» – бәсекеге қабілетті ел, оған жеткізетін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қоғамымыздың қазіргісі мен ертеңгісіне қажетті рухани күштің көздерін қайдан көруге, неден іздестіруге болады деген көкейкесті ойын таратқан Жолдауы білім беру мекемелерінде, ғалымдар арасында үлкен серпіліс жасады. Демек, елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз. Тәрбие көп қырлы, сан алуан сипатты, күрделі, қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық, жалпыадамзаттық, халықтық, көп жақты феномен. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы – жастар тәрбиесіндегі стратегиялық бағдар беретін негізгі идеология тұрғысынан бүгінгі жоғары оқу орындарында тарихи тағылым ретінде қабылданып отыр. «Мәңгілік Ел» идеясы үздіксіз білім беру жүйесінде оқытылатын барлық пәндердің мазмұнында толықтай кіріктіруді қажет етеді. Көп ұлтты Қазақстан Республикасында мемлекеттік идеология тұрғындардың құрамын ескере отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев біздің мемлекетімізде «барлық халықтардың бір-біріне сіңісіп кетуіне және бір-біріне қысымшылық жасауына, ұлттық құндылықтарға, тілге, жалпы адамзаттық ұлттық байлықтарға құрметпен қарамаушылыққа жол жоқ», – деп көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарында елімізді мекендейтін ұлт пен ұлыстардың рухани құндылықтарын қамтитын «Толеранттық негіздері», «Этнопедагогика», «Ұлттық тәрбие негіздері», «Дінтану», т.б. пәндері оқытылып отыр. Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, аталған пәндер болашақ маманның тарихи санасы мен ділін қалыптастыруда негізгі орын алады.
Ұлттық тәрбие – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің қайнар көзі, рухани мұрасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке, әрі келешектегі ел тұтқасы жастардың санасын дамыту үшін тек материалдық игілікті ғана мақсұт ету жеткіліксіз. Олардың бойына ата-баба дәстүрі мен өз халқының тарихын қастерлеуге, ең бастысы, отансүйгіштікті нығайту үшін ұлтының рухани-мәдени құндылықтарын сіңіру қажет. М.Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деген түйінді ой-пікірі ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген адам ғана қандай да келеңсіз іс-әрекеттерден аулақ жүретініне себеп болатыны мәлім деген ойды білдіреді. Халқымыздың сан ғасырлық тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәрбиеге қатысты тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мол. Осы орайда, студенттің қоғамның талаптарына сай кәсіби және тұлғалық дамуында, жоғары азаматтық, адамгершілік, психологиялық және физикалық сапа-қасиеттерін, мінез-құлық дағдысын, әрекеттерін қалыптастыруда жоғары оқу орнындағы ұлттық тәрбиенің ықпалы зор екендігіне 2009-2010 оқу жылынан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де жүргізіліп келе жатқан «Ұлттық тәрбие» пәнінің нәтижесі дәлел бола алады. Ұлттық тәрбие пәнін оқыту барысында студент жастардың бойында ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың негізгі көрсеткіштері болып табылатын өз халқының тарихи даму ерекшеліктері мен мәдениетінің өзгешеліктері туралы білімді меңгеруі, Атамекенге, туған жерге деген сүйіспеншілікті, намыс, Отан тағдыры үшін жауапкершілік сезімдерін, рухани мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға жауапкершілікпен қарайтын патриот-азаматты қалыптастыруға бағытталады.
Берік сақталып және ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған салт-дәстүр ұлттық тәрбиенің негізгі идеясы. Ата-бабалар жолы, олардың өмірлік, жасампаз еңбек тәжірибесі жастар тәрбиесіндегі негізгі компонент ретінде саналады. Демек, қоғамдағы тәрбие мен білім беру ұлттық тәрбиесіз тиімді қызмет атқара алмайды. Ұлттық тәрбие беруді қазақ этнопедагогикасы негізінде қарастыру тиімді. Қай заманда болмасын заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келген. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Бүгінде ТМД мемлекеттерінде өз халқының тарихына, тіліне, дініне, мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына деген қызығушылықтары негізгі факторға айналды. Ата-бабаларының ұрпақтан-ұрпаққа берілген мәдениетінің бөлінбейтін бір бөлшегі ретінде этнопедагогика да осы қызығушылық аймағынан тыс қала алмайды. Осы тұста белгілі педагог-ғалым Г.Н. Волковтың «этнопедагогика – мәдениеттің ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарын, ең алдымен этностың барлық ұрпақтары арасындағы тарихи-рухани мұрагерлікті (сабақтастықты), әрбір этносты ұлттың басты белгілерінің бірегейі ретінде сақтауға көмектеседі», – деп этнопедагогиканың мәні мен ерекшелігін өзгеше ашып көрсеткен пікірін назарға алуды жөн көрдік. Этнопедагогика отбасы, ру, тайпа, халық, ұлттың ежелгі құндылықтары, оларда адамгершілік-этикалық және эстетикалық көзқарастар қалыптастыру, балалар тәрбиесіндегі этникалық топтардың эмпирикалық тәжірибесі туралы ғылым екендігін ерекше атап көрсетуге болады.
Этнопедагогика әлеуметтік әрекеттесу және қоғамдық ықпал үдерістерін зерттейді, оның барысында тұлға әлеуметтік нормаларды, құндылықтарды, тәжірибені меңгеретін; баланы оқыту мен тәрбиелеу туралы халықтық білімді жинақтайды және жүйелейді, діни ілімдердегі, ертегідегі, жұмбақтардағы, мақал-мәтелдердегі, ойындардағы бейнеленген халықтық даналық, отбасы философиялық-этикалық, педагогикалық ой-пікірлер мен көзқарастар, яғни барлық педагогикалық әлеует тұлғаның тарихи-мәдени қалыптасу үдерісіне әсер етеді. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, 1997 жылдан бастап, белгілі ғалымдар Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, С.Қалиевтың басшылығымен жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандарға жас ұрпақты тәрбиелеудің халықтық дәстүрлерін және халықтық тәрбиенің құралдарын теориялық тұрғыдан түсіндіретін «Этнопедагогика» курсының типтік бағдарламасы мен оқулықтары дайындалып, оқу-тәрбие үдерісіне ендірілген. Сонымен қатар, этнопедагогикалық зертханалар, кафедралар, орталықтар құрылып, бұлар педагогикалық ғылымдарды қазіргі заман тұрғысынан зерттеудің нысаны болуы үшін осы мәселелердің шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы еңбектерде ең алдымен қазақ этнопедагогикасына қатысты мәселелер әр қырынан мазмұндық көрініс тапты. Сөйтіп, қазақ этнопедагогикасы өзінің одан ары дамуына және белгілі бір логикалық қалыптасуына қажетті шабыт алды. Әрине бұның бәрі сонымен қатар жалпы этнопедагогиканың одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы 130-дан астам халық пен халықтар өкілдері мекендеген өте сирек бірегейлі көп этникалығымен сипатталатын мемлекет. Бұл үлкен байлық, біздің қоғамның барлық жалпы жетістігі, басқа халықтардың құнды мәдени мұраларының жетістіктері мен Қазақстандықтарға беретін мүмкіндіктер. «Мәдениеттің көп түрлілігі және тілдер бұл, біздің еліміздің әрбір халқын түпнұсқасымен дамыту, нақты шығармашылықпен өзара байытуға мүмкіндік беретін баға жетпес сый», – деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Демек, этнопедагогиканың жалпы негіздерін оқыту, сонымен қатар әртүрлі халықтардың этнопедагогикасы (ең алдымен Қазақстанды мекендеген халықтардың) мемлекетіміздің Президенті көрсеткендей сол бір сирек кездесетін байлығын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақ мамандардың этнопедагогикалық білімін жетілдіру және этнопедагогикалық мәдениетін дамыту, олардың бойында этнотолеранттылықты, этникалық мәдениетке және басқа этникалық топтың өкілдеріне құрметпен қарауды қалыптастыру, қазіргі мектептің көпұлтты ұжымында білім беру үдерісін ұйымдастыру барысында этнопедагогикалық білімді пайдалану біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру көзделген.
Қазақ халқы үшін қашанда адамның адамгершілігі, ар-намысы, денсаулығы, достық, еңбек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі ізгі құндылықтар болып табылған. Заманауи жағдайда халықтық өсиетті қоғамда және ғылымда қолдану – рухани-адамгершілікті, азаматтық-отансүйгіш тұлғаны, олардың тұлғааралық және ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру шарттарының бірі болып табылады. Дәстүр – белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Халықтық дәстүрді зерттеу тәжірибесі көрсеткендей, оның дәлелдеусіз қабылданатын негізгі пікірлері, яғни, жорамалдары бұрын да және бүгін де тәрбиенің тиімді құралы болып табылады, сонымен бірге өскелең ұрпақты қоғамдағы өмірге, еңбек әрекетіне, өзінің өмірлік ұстанымына ғана емес, Қазақстанның басқа да халықтарына түсіністікпен толерантты тұрғыдан қарауға дайындауда маңызды рөл атқарады.
Қазіргі заман жағдайында халықтық педагогика үшін аса маңыздысы көпұлтты Қазақстан қоғамында толерантты қатынас орнатуға мүмкіндік туғызатын дәстүрлерді сақтау болып табылады. Тәрбиедегі толеранттылық мәселесін адам мен табиғат бірлігі заңдылық ретінде сақталған, туған жер, Отан, ата-ана, отбасы, халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, тұрмыстық және діни оқиғалар қастерлі болған тәрбиенің халықтық педагогикалық тәжірибесі арқылы шешу мүмкін. Педагогикалық үдерістегі қолданылатын салт, дәстүрлер, оларды меңгеру «әдет», «намыс», қоғамды адамгершілік-рухани сауықтырудың толерантты қарым-қатынас қалыптастырудың педагогикалық бөлінбейтін бөлшегі болып саналады. Барлық халықтар үшін «намыс» категориясы ортақ. Бұл сөз мағынасы «қадір-қасиет», «бедел» деген адамгершілік тобында өзара бір-біріне жақын сөздер екенін анықтайды. Олардың өзара айырмашылығын тек осы қасиеттерге дұрыс баға берілген кезде ғана көруге болады. Намыс адамның жан-дүниесі мен Отанының, отбасының, ұлтының, қоршаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, соның амандығы мен бүтіндігі үшін күресінен көрініс табады. Өзін-өзі танудан бастау алған адамның рухани ізденісі оның қоршаған ортасын меңгеруіне ұласады. Ұлы бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қағидадан көрініс тапқан, яғни, ар-иманның қадірін білумен айқындалатын намыстың бір түрі адамның адамдық келбетін айқындайтын асыл қасиеті. Адам өз бойындағы ең асыл құндылық иман, ар-ождан қазынасы екенін танып білгеннен кейін, оны қорғау, ұлғайту қамымен ғылым, білім іздеп еңбектенсе ол шын мәніндегі намысты тапқаны күмәнсіз.
Намыстың тағы бір көрінісі – қоғамдағы өз орнын белгілегеннен кейінгі қауым алдындағы өзінің адамдық борышы, халқына еңбек ету бағытындағы адамның отансүйгіштік сезімі. Бұл оның ұлттық құндылықтарын түйсінуінен, туған халқымен етенелігін сезініп, оның рухани мұраларына деген риясыз ықыласынан және туған елін қорғауға ұмтылысынан байқалады. Сондай-ақ, отбасының мұң-мұқтажын қамтамасыз ету және оны қорғаумен байланысты намыс тағы да көрініс береді. Адам өзі қымбат деп білген нәрсесін неғұрлым қастерлеп, құрметтесе және оған сүйіспеншілік сезіммен қараса – бұл намыстың белгісі. Демек, намыс адамға тән асыл махаббат сезімімен тығыз байланысты. Махаббат намыстың сезімдік қайнары болса, намыс махаббаттың құндылықтық мәні, әрекеттік қыры, намыс адамның жігерін жанып, ерлік пен тәуекелге жетелейтін, табандылығын арттырып, қажыр-қайрат беретін қуат. Намыс жайлы Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде былай делінеді: «Ер жігіттің үш намысы бар: бірі – иманы, екіншісі – отаны, үшіншісі – отбасы, өзгесі жалған намыс». Яғни баянсыз нәрселер үшін бәсекеге түсу намыстың белгісі емес. Ал, адам қадір-қасиеті мәлім нәрселерді сыртқы жаудан қорғаумен қатар, ішкі жаудан, яғни, адамның өз бойындағы ішкі кеселдерінен қорғауының да маңызы зор және бұған өте көп күш-қайратын жұмсауға тура келеді. Намыс деңгейі адамның өз бойындағы нәпсіқұмарлық, қиянатшылдықпен күресінен де көрінеді. Себебі, жоғарыда аталған құндылықтарға сыртқы дұшпанның жаулығынан гөрі адамның рухани азғындауымен ұштас қандай да бір қадірлі нәрсенің қасиетін жоятын нәпсіқұмарлықтың жаулығы басым. Ш.Уәлиханов: «ұлттық намыс – қазақ халқының қозғаушы күші», ол ардан туады. Ар мәдениеттің тұтқасы. Халық арды бәрінен де биік қояды, оны қорғайды. Ар – жеке адамның кісілік дәрежесінің белгісі», – деп есептейді.
Барлық халықтың рухани байлығы мен эстетикалық құндылығын еңбек қалыптастырады және ол сол халықтың өмірі мен берекесін қамтамасыз етеді. Сондықтан да, халықтық педагогика жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, жеке тұлғаның адамгершілік және ойлау қабілетінің, физикалық тұрғыда өсуіне сонымен бірге оның эстетикалық талғамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық ерекшеліктерді сақтау барысындағы негізгі талаптарының бірі болып табылады. Бұл талаптан шыға алмаған ұлттар тарих сахнасынан жоғалып жатыр. Себебі, халықтық педагогика ұлттарды өзгелерден ерекшелендіріп, ұлттың өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етеді. Халықтық педагогикасыз ұлттың болмысы сақталмайды. Осы ерекшеліктер кез-келген ұлттың ішкі және сыртқы қалыбын толықтырып тұрады. Себебі, әрбір ұлт халықтық тәрбие үрдісінде өзіндік ерекшеліктерді, салт-саналық тәрбиені және оның өзіндік әдістемелерін қолданады. Халықтық тәрбиенің ерекшелігінің өзі осында.
Көп ұлтты мемлекеттерде этносаралық қарым-қатынасты орнату және оны қолдау, ұлтаралық келісімді және төзімділікті қамтасыз ету ерекше маңызды. Өйткені, сол мемлекеттердің болашақ дамуы мен тіршілігі аталмыш жағдайларға тікелей байланысты. Осыған орай, белгілі бір елді мекендеген барлық халықтардың ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен мәдени ерекшелігін мемлекеттік деңгейде қолдау қажеттілігі туындайды. Халықтардың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін сақтау және дамыту рухани-адамгершіліктің жойылуы мен жеке тұлғаның негізгі белгілерінің құлдырау процесін тоқтата алады. Этнопедагогика ғылымы қазіргі таңдағы әлемдегі ұлттардың кірігу үрдісін баяулатудың негізгі құралы болып табылады. Ол ұлттардың өзіндік ерекшеліктерін, өзіндік білім беру, тәрбиелеу ерекшеліктерін нақтылайды және даралайды. Президенттің «Туған жеріңнің, өз халқыңның тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес...» дей келе, Қазақстан білім беру мекемелерінде арнайы «Қазақ елі» пәнін енгізуі туралы ұсынысы бүгінгі күн тұрғысынан өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, өз халқының тілін, мәдениетін, оның өткені мен бүгінін білмеу жалпы адамның және халықтың дамуына орны толмас шығын әкеледі, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен уақыт байланысының бұзылуына әкеліп соғады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары республикадағы жетекші мамандармен бірлесе отырып, осы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру барысында «Қазақ елі» жобасы – жаңа заман талабы» атты тұжырымдама дайындап, оның негізгі бағыттарын айқындады. Жобаның мақсаты – Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайында қазақ халқының тарихын, тілін, төл мәдениетін, салт-дәстүрлерін, өзіндік ерекшелігін үйрету негізінде ұлттың рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа мирасқорлықпен жеткізе алатын болашақ мамандардың ұлттық санасын қалыптастырудың біртұтас жүйесін құруға бағытталады. Қазақстанның жоғары оқу орындарында енгізілетін «Қазақ елі» пәні Президент ұсынғандай метапәндік сипатта болуы керек. Бұл пән Қазақстан мектептерінде енгізілетін пәннің логикалық жалғасы ретінде студент жастардың ұлттық тарихи санасын үздіксіз дамытуды қамтамасыз етуге бағытталады. Жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ елі» пәнінің негізгі міндеті болашақ мамандардың ұлттық тарихи санасын және жаңа қазақстандық патриотизмді жоғары деңгейде дамыту бойынша білімдерін кеңейтіп тереңдету, атап айтсақ, кәсіби өзін-өзі тану және бағалау тұрғысында жетілдіру. «Қазақ елі» пәнінің негізгі мазмұнына қазақ халқының ұлттық мәдениетінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылатын ұлттың тарихы, тілі, салт-дәстүрлері, қайталанбас ерекшеліктерін терең зерделеу негізінде студенттердің бойында (ұлттық айырмашылықтарына қарамастан) өз елінің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастық негізінде ұлттық, тарихи және әлеуметтік сананы, қазақ халқының мәдениеті әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі ретіндегі көзқарастарын дамыту қамтылады.
Бүгінгі күнді алып қарасақ, елімізді өркениеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасын 30 дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік беретін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыруды жаңа заман талабы тұрғысынан қарастыра отырып, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастық болғанда ғана қазақ елін «Мәңгілік Ел», «Қазақ елі» дәрежесіне көтеруге болатынына сеніміміз мол.
1297 рет
көрсетілді1
пікір