• Еркін ой мінбері
  • 28 Сәуір, 2012

«АЛАСАРМАС АСҚАР ТАУДАЙ АРДАГЕР» Эссе

Медеу Сәрсеке, жазушы

− «Қазақ КСР тарихының» 2-басылымы 1949 жылы жарық көрді. Мен сол басылымды кітапханадан таба алмай, ескі зиялы көршімнен сұрап алып, таяуда оқып шықтым. Сіздер шығарған алғашқы басылымын да «сирек қордан» алып, республикалық кітапханада отырып, кейбір беттеріне ксеркөшірме жасаттым. Сол «Тарих» 1957-1963 жылдары үшінші мәрте көлемі ұлғайып, екі том болып басылды. Көлемі бес томға көбейіп қампиған нұсқасы үйімде бар... − Мұның бәрін не үшін тізіп отырсыз? − Маған соның бәрінен де өзіңіз редактор болған алғашқысы ұнайды, ағай. Қысылтаяң уақытта жазылса да 1943 жылғы басылымда көп оқиға ұлттық тұрғыдан терең қамтылған, оқи бастасам-ақ – еркіндік аңсаған мұңлық елдің қайғы-шерін, ғасырлық ұлы арманын сезінемін... − Мысалмен сөйлегін. Тарихтың кейінгі басылым­дарының көлемі біз шығарғаннан екі-үш есе қалың. Соңғы басылымдарында Қазақстан тарихының мәнді кезеңдері кеңірек қамтылған деген пікірді мен бертінде жиі естідім... Сіз соның бәріне кереғар сөз айтып отырсың... − Алғашқы нұсқа үш бөлімнен тұрады. Біріншісі 17 тараудың басын қосқан, яки «Тәуелсіз кезеңдегі Қазақстан халықтары»деп аталып, ерте заманнан XVIII ғасырдың бас кезіне дейін қазақ даласын қандай халықтар қоныстап, кімдердің билік еткені баяндалған. Мен осы бөлімнің «Тәуелсіз кезеңдегі...» деген нақтылы атауына қайран қалдым. Яғни, XIX ғасырға дейінгі ұзақ кезеңді сіздер тәуелсіздік сөзімен өрнектеп, баяғы қазақ өзін-өзі билеп, сайын далада емін-еркін өмір сүрді... деген тұжырымды оқырман санасына сіңіресіздер. Бір деңіз... − Тарихи шындық та солай. Қазақ хандығы дербес мемлекет болған кезде бөгде елдердің билеп-төстеуіне көнген жоқ. Иелігіне тиген кең жерді найзаның ұшымен қорғады, ер-азаматы үнемі ат үстінде өмір сүрді. Сондықтан да алғашқы бөлім «Тәуелсіз Қазақстан...» атанды. Жалпы, тәуелсіз деген сөз, қарғаш, жүректе сүйсініс те, мақтаныш та туғызады. Көп жыл қолданыста болған әнұранның: «Біз, қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қидық жан...» − деген сөздерін еске түсіріңіз! Тәуелсіздік сөзін қазірде «егемен» деген мәні түсініксіз, жадағай сөзбен ауыстырдық. Тәуелсіздік атауынан неге бездік, түсінбеймін, ал соның түпкі мәнінде еркіндік ұғымы атойлап тұр. «Егемен» деген сөзді мен білмеймін, сірә, егесу, жүз шайысу, белдесу... тәрізді ұсақ егестің баламасы... Сол сөзді байтақ ел мен жер атауына қосақтап, «Егемен Қазақстан» деп дүниежүзіне тараттық, түсінбеймін, кімнен, неге қорқамыз? «Егеменді» мен көп томдық «Қазақ тілі» сөздігінен іздеп таба алмадым, сөздікте ондай сөз жоқ! Ел рухын жасытуға әстілі болмайды, намыс қоздырып, рухты көтеретін теңеулерді қолданысқа шығару керек!.. − Әлгі ойымды жалғастырсам, ағасы, осы бөлімнің бір тарауы «Қазақ халқының қалып­тасуы және Қазақ мемлекетінің құрылуы» деп аталса, тағы бір тарауға «Қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен күресі және Ресей патшасына бодан болмауға XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қарсы қарекеті» деген айдар тағылған. Енді бір тарау «Орта жүздің тәуелсіздік жолындағы күресі һәм Абылай хандығы» делінген... − Тағы не көрдіңіз? − Екінші бөлімнің атауы алғашқыдан да сұмдық, тура төбеден қойып қалғандай күшті, жақсы мағынада айтып отырмын: «Қазақстан – отар ел». «Қазақстан Рос­сияға өз еркімен қосылды» деген, яки бертінде халық санасына жөн-жосықсыз тықпаланған жасанды уәжді жоққа шығарады. Сол бөлімде қазақ халқының жерін отарлаушы елге әлеуметтік-экономикалық тәуелділікке тап болғаны нақты деректермен иланымды жазылған. Сол бөлімдегі тараулардың атауы: «Қазақстанды отарлау», «Патша өкіметінің Қазақстанды орыстандыру саясаты», «Қазақстанды тауар алатын және орыс өндірістеріне шикізат беретін аймаққа айналдыру», «Столыпин реакциясы кезіндегі Қазақстан» немесе «Шортанбай ақынның дастандары», яки «Зар заман» ақындарының көрнекті өкілдері туралы сипаттама... − Рақмет!.. Алайда, сіз соны қазіргі тәуелсіз заманның әсерімен тұжырымдап отырсыз. Шындығында біз, редакция алқасы, бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарадық. Басты ақылшымыз Анна Михайловна Панкратова ә дегеннен бізге тарихи оқиғаларды ағымдағы саясатқа бұрмаламай, тек қана болған қалпында баяндауды талап етті. Соның бірі − Қазақстанның Ресейге қосылуы «ең үлкен залал» («наибольшее зло») деген тұжырым. Бұл теория 1920-40 жылдары үстемдік етті. «Қазақ КСР тарихының» соңғы екі жарым ғасырдағы оқиғалары осы позициядан жазылды. Оның үстіне авторлар құрамында Марғұлан, Әуезов, Кенжебаев, Мүсірепов, Ысмаилов сияқты өзіндік ой-пікірі бар, қазақы ділі күшті білімпаздар болғанын ұмытпаңыз. Әсіресе Әлекең, Марғұланды айтамын, өткен заманның оқиғаларына ерекше жетік, соларды әңгімелегенде мүдірмейді, жады керемет. Әуезов те әріден толғап сөйлегенде Мәскеу ғалымдары аң-таң болып қызыға тыңдайды. Әрине, біздің оқымыстылар мәдениет, әдебиет баяндалған тарауларға көбірек атсалысты. Жалпылама тарауларды талдағанда ұтымды пікірлер айтып, өз ойларын өткізіп отырды. Сайып келгенде сол да сіз байқаған батылдыққа жаныған болар. Тағы бір жайтты ескерту парыз: Сәбит Мұқановтың белсенділігін білетін шығарсыз, обалы не, ол кісі тарғыл даусымен: «Әй, жолдастар, партияның ақ жолынан аумаңдар, ұлт мерейін көтерем деп ұлтшыл болып шықпайық!..» – деп безектеп бағатын. Амал қанша, ақыр аяғында ол кісінің байбаламы дұрысқа шықты. Неге? Соғыстан кейін бұрынғы үстем тұжырым түбірімен өзгеріп, «ең аз залал» («наименшее зло») теориясы қолданысқа енді. Қазақстан тарихының алғашқы басылымына сол да зиянын тигізді... Бұл теория кейіннен тағы да құбылып, бұратана халықтардың «Ресейге өз еркімен қосылуы» деген ұстаным жолды болып, жер-жерде сол оқиғаның 200-300 жылдығын тойлау басталды. Біздің республика бертінде 250 жылдықты дүбірлете тойлады... − Менің де қайыра шиырып отырғаным осы гәп, ағасы. Әр тараудың атауы ұлт мерейін көтергендей күшті сөздермен дараланған. Тарихтың кейінгі басылымдарында алғашқының сүлбесі ғана сақталып, ұлттық әуені жасып, жадағай сипатталған... − Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңестер Одағының барлық ұлттарында өзін ортақ Отанды қорғаушымын, мына соғысқа үлесім қай халықтан кем... дегендей отансүйгіш түйсік күшті болды. Сталиннің радиодан сөйлеген сөзінен кейін халық санасында өткен тарихына үңіліп, атақты батыр, айбынды билеушілерінің биік рухына табыну, оларды мақтан тұту сияқты ұлттық сезімдер оянғанын ұмытпаңыз... Қысқасы, жұрттың бәрі сөз бен рух бостандығын сезініп, емін-еркін сайраған мазалы кезеңді басынан кешті. Меніңше, осы жайт та «Қазақ КСР тарихын» көтеріңкі әуенде, ұлттық бояуы қанық түрде толғауымызға түрткі болды... Амал қанша, бірер жылдан соң соның бәрі жайына қалып, баяғы қайыс ноқтаны басымызға қайыра кигенімізді бір-ақ білдік... Мұхаң басын шайқап, аққұба жүзі қарауытып, әлденеге қобалжығандай болды. * * * − Әңгіменің ең қиын кезеңіне кірісеміз, аға. Сыпыра шерлі оқиғалар... Көңіл күйіңіз қалай? − деп әзіл айтып едім, ақсақал кеңкілдеп күлді де: «Ермұханның есімін халыққа қайтармақ ойыңа сендірдің, қарғаш, нендей сұрау қойсаң да жауап беремін...» − деді. Ол қазақ зиялыларының басына қаратүнек орнатқан 1951-53 жылдардың жантүршігерлік оқиғалары еді... − Соңғы репрессияның басталуына «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсан күнгі санында жарияланған Т. Шойынбаев, Х. Айдарова және А. Якуниннің «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген тақырыппен жарияланған көлемді мақаласы мұрындық болғаны − жұртшылыққа мәлім. Осы мақаланы Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, мәскеулік келімсек И.П.Храмковтың арандату мақсатымен ұйымдастырғанын, содан өрбіген үш жылдық қудалауда кімдердің жәбір көргенін мен өзіңізге сыйлаған «Қазақтың Қанышы» кітабымда шама-шарқым жеткенше 3 тарауға бөліп жаздым. Алайда, сол оқиғаларға қосымша түсінік алғым келеді... − Давай, баста, олай десеңіз. − Жоғарыда есімдері аталған үш тарихшы туралы мен едәуір ізденіс жасап, ҚСЭ-ден де, өзгедей де анықтама кітаптардан ешқандай дерек кездестірмедім, құдды бір өткен тарихымызда ондай зерттеушілер болмаған, ғылыми еңбектер жазбағандай әсер туғызады. Бұл жайында не айтасыз? − Бұл енді біздің қауымның соларға суық көзқарасының салдары. Соңғы науқанға мұрындық болғанын, демек, кешірмеген. Бұл жайында біздің халық: «Біреуге көр қазсаң өзіңе де дайында...» − деген. Шындығында сол шіркіндердің басты кінәсі − «Правда» газетінің тілшілері Чередниченко және Озеровтің Алматыға келіп, Храмков дайындатқан мақалаға қол қойғанында. − Үшеуінің білім-танымы туралы не айтасыз? − Якунин соғыс жылдарында менің қарама­ғымда істеді. Саяси сауаты, жазғыштығы көп-көрім, ғылым кандидаты атағын Қазақстан тақырыбында қорғады. Оны біз «Қазақ КСР тарихының» алғашқы басылымын жазуға тарттық. Соғыстан кейін Якунин Мәскеуге ауысып, Жоғары партия мектебінде дәріс оқыды. Менің білуімше, өзіндік байламы жоқ, жел бағытын аңдағыш тарихшы. Ермұханның кітабы туралы ғылыми айтыста пікірін үш мәрте өзгертті. «Правда» жариялаған мақалада ол өзі автор болған кітапты сынады. Бұл енді ешқандай принципке, кісілікке келмейтін жолбикелік... − Шойынбаев туралы не дейсіз? − Тек қана айғайдың адамы. Сауаты да мәз емес. Орысшаға мүлдем шорқақ. Соғыс жылдарында оның Балық аулау наркоматында бөлім бастығы болып істегенін білесіз бе? Сол шіркін балық аулаумен шұғылданса қоғамға пайдасы көбірек болар еді, амал қанша?! Әлдекім оны тарихшы деп, Тарих институты ашылғанда ғылыми хатшы болуға шақырыпты. Сол кезде жоғары білімі де болмаған, ҚазПИ-де алты жыл сырттай оқып, бертінде әрең бітірген... − Айдаровамен көп жыл Партия тарихы институтында бірге еңбек еткеніңізді айтқансыз. Хадиша Галимқызының өмір жолы мен ғылыми жұмыстарына тоқталсаңыз?.. − Хадиша менен екі жас кіші, Партия тарихы институтында марксизм-ленинизм клас­сиктерінің еңбектерін қазақшаға аударумен шұғылданды. − Ол кісі докторлық диссерта­циясының тақырыбын 1945-1970 жылдар аралығында үш мәрте өзгертіпті: «Қазақ халқының 1905-20 жылдардағы ұлт-азаттық күресі» тақырыбына еңбек әзірлеп жүргенін 1948 жылы өз қолымен жазған анкетада көрсеткен; одан кейін «XX ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақстандағы әлеуметтік ойдың қалыптасуы» және 1970 жылы «Төңкеріске дейінгі Қазақстанда марксизм-ленинизм идеяларының таралуы» тақырыптарын таңдапты. Демек, Айдарова ғылым докторы атанудан жасы егде тартқанға дейін үмітін үзбеген. Алайда, қорғамаған. Неге? − Хрущев жариялаған жылымық кезінде, одан кейін де Хадиша дүрдараз көзқарасқа ұшырады. − Соған ол қалай төзді? Әйел адам үшін бұл − ауыр жаза. − Хадиша Галимқызы − сырын ешкімге ашпайтын тәкаппар адам, кербездігі мен бірбеткейлігі бірдей. Сауаты да, жазарман қабілеті де күшті. Соны тек ғылыми ізденіске жұмсамай қор болды. Өз қатарынан даралануға құмар еді, сірә, содан да зардап шекті... − Айдарованың кейбір еңбектерін оқыдым. Саясат аужайына бейімдеп, марксизм-ленинизм классиктеріне сілтемені көп жасап, өз ойын бұлдырлатып жазады... − Солай жазу, Медеу шырақ, бәрімізге тән, заман талабы да бізден соны талап етті. Мен демейміз, біз деп жазамыз... Хадиша Галимқызы өткен жол – комсомол мен партия мектебі. Коммунизм идеясына шексіз сеніп, барлық іс-қарекетін, ғылыми жұмысын сол жолға бағыштаумен өмір сүрді. Мен де сталиниспін, сол қалпымнан айнымай өмірден кетемін... Бірде мен оған: «Докторлық жұмысыңды қорғауға неге ұсынбайсың? Көңіліңде қорғатпайды деген күдік бар сияқты. Алматыда қорғауға сескенсең − өзбектер мен қырғыздарға бар. Құдай жөні – Мәскеу, орыс ғалымдары пасық әрекетке үйір емес, тек оңды жұмыс ұсыну керек...» − дедім. Хадиша Галимқызы біршама уақыт тым-тырыс отырып: «Ой, Мұха, жанашыр пейіліңізге рақмет! Сөйтуге тәуекелім жетпейді. Өйткені, қорғау үстінде омақаса құласам − қайыра тұруым қиын, мен үшін бұл − өліммен бірдей... Мен өз жолымды өзім кескен адаммын. Кейде мен түн ішінде ұйқым шайдай ашылып, қым-қуыт ойға түскенде ойлаймын: бет жыртысқан дауда нем бар еді, зерттеуімді алға сүйреп, таза еңбек қаузасам − осы күнде менен жақсы кісі болмас еді, амал қанша?!..» − деп, көзінен жас мөлтілдеп қамыға күрсінді. − Енді Ерекең тап болған қиын жағдайға келейік. 1951 жылдың сәуірінде ол үш түрлі жаза тартқан: Мәскеудің Тарих институты төтенше шақырылған кеңесте ғылыми атақтарын сыпырып алған; оны ВАК жедеғабыл бекітіпті; ҚазМУ-дың партия ұйымы партия қатарынан аластаған, баяндама жасаушы − Тарих факультетінің деканы, доцент Ақынжанов, 16 адамның әзірейілше түйіле сөйлеген сөздерін оқыдым; сол айда ол басқарған Қазақ тарихы кафедрасы жабылып, жұмыстан шығарылған... Ал, мен естіген қауесетте, яки «Правданың» мақаласы жарияланған кезде-ақ оны Шаяхметов шақырып: «Сен енді бұрынғы ұстанымыңнан бас тарт, қияңқы қылықты доғарып, уақытша шегініс жаса. Сөйтсең ғана мен сені қорғаймын, Компартияға мүшелігіңді сақтаймын...» деген уәдесінен айнып, не себепті қатаң жазалады? − Қауесет емес, айтып отырғаның − абсолютно дұрыс! Бұл масқараға менің де қаты­сым болды, қарағым. Ермұхан шу дегенде мойнын ішіне алып, «не істесе де пікірімнен бас тартпаймын...» деп «Правда» редакциясына, Орталық комитетке хат жазбақ болған. Соны естіген соң пәтеріне келіп, бұл үй емес, Панфилов көшесіндегі Академияның үйі, бір секцияда екі-үш отбасы тұратын-ды. Халимаш куә, екі-үш сағат ұрсып та, жалынып та сөйлеп, үрпе-шүрпе бес балаңды тірі жетім етіп, темір тордың аржағына түсесің, партия қатарында қалсаң − білімің бар, жұрттан қалмайсың, саяси ахуал түзелген кезде ғылыми атақтарыңды да қайтарып аласың деп, райынан қайтуға көндірдім. Кінәсін мойындаған арыз жазып, Шаяхметовтің көмекшісіне берді. Бірінші хатшы соны газеттерге жариялауға нұсқау етіпті дегенді естідім. Алайда?.. Мәселе өзгеше шешілді. Газет мақаласын бюрода қарағанда Ермұханға жазаның ең ауыры артылды. Талқылаудың қалай болғанын мен Ермұханның өз аузынан естідім. Жұмекең ақталуға мүмкіндік бермей, үнемі жекіріп, аузын аштырмапты. Ермұхан сорлы ақыр аяғында қаймығуды қойып: «Неге сіз мені жау элементі етуге құлшынып тұрсыз? Мен жастайымнан жетім қалып, тек қана кеңес өкіметінің қамқорлығымен жоғары білім алып, ғалым атандым. Сол өкіметке қалайша мен жаулық жасаймын?!» – дегенде, Қауіпсіздік министрі А. П. Бызов ақырып, сөзден біржола тыйыпты. Тек қана екінші хатшы С. И. Круглов, сірә, жар түбіне құлауға шақ тұрған тарихшыға жаны ашыған білем: «Жолдас Бекмаханов, сіз эгоистік жасап тұрсыз, дереу райыңыздан қайтыңыз...» − деп ара түскен екен, Қауіпсіздік министрі: «Сергей Иванович, сіз кімді қорғап отырсыз? Бекмаханов түзелмейтін ұлтшыл екенін қазір де көрсетіп тұр...» – дүрсе қоя беріпті... «Бызов мені дөрекі сөздермен дүрелеп жатқанда, қазақ азаматтарының бірде-бірі бұл жігітті біз жас кезінен білеміз, әлі де сенейік демеді, әділдік сөйтіп аяққа тапталды, Мұха...» – деп Ермұхан маған жаутаңдай қарап, көз жасын көлдетті. − Жұмабай Шаяхметұлының Ерекеңді қорғамағаны түсінікті. Партияның бас газетінің айбынынан сескенген... Алайда, Сәтбаевты, Әуезовті, Жұбановты, қазақ әдебиеті мен тарихының көрнекті тұлғаларын кім көрінгеннің баспасөз бетінде сыбауына жол беруін түсініп, кешіру қиын, ағасы. Жұмекең сонда Шойынбаевтар мен Нұрышевтердің ойдан бопсалаған жаласына сенген бе? Әлде Храмковтан сескенген бе? − Жұмекең – сақ адам, жазалаушы органда істеген кәнігі чекист. Меніңше, осы науқанның қайдан қозғалып, кімнің нұсқауымен әзірлегенін ол кісі білген. Оған қоса білімі таяз, ел тари­хын, оның рухани қажеттігін де білмейді. Әде­би де, тарихи да кітаптарды оқымайды. Бір жолы салон-вагонмен Жамбыл қаласына бара жатқанда мені преферанс ойнауға шақырды. Мен: «Жұмеке, ертеңгі сөзіңізді қараңыз, не кітап оқыңыз, картасы құрғырдан сіз екеумізге пайда шамалы...» − дегеніме қатты шамданып, «Жарайды, сен-ақ білгіш бол!» − деп ренжіп, қолын сермеді. Әлгінде сіз даралап атаған үш тұлғаның тағдырына немқұрайды қарағанын осыдан-ақ аңғару қиын емес... − Әлгінде сіз науқанға қауіпсіздік жүйесі ерекше шүйілгенін ескерт­тіңіз... − Бұл да, шырағым, сол заманның ащы шындығы. 1951 жылдың күзінде А.П. Бызовтың орнына Павел Михайлович Фитин деген келді. Естуімше, ерекше қатыбас генерал. Бәлкім, біздегі науқанды жеделдетуге әдейі жіберген. Әрбір жаңа бастықтың бастапқы екпіні қатты болатынын білетін шығарсыз?.. Ол келген соң газет бетіндегі сөзсойыл бұрынғыдан да күшейіп және бас еркі өзінде жүргендерге қылмыс байлау басталды. Соларды қорғап жүрген Омаров қызметінен аласталып, үйқамаққа отырды. Тәжібаев та ректорлықтан айырылды. Храмковтың жұлдызы туып, пленум, партактивтерде, съезде де сол ғана сөйлеп, Шаяхметов, Омаров, Круглов, Жарылғапов, Сәтбаев, Тәжібаев, тағы кімдердің есімдерін атап тұрып, «ұлтшылдардың қорғаушысы, өздері де ұлтшылдық пиғылды жақтаушылар...» деп сайрап бақты. Бюро мүшесі емес, қатардағы бөлім бастығының осыншама дандайсуына біз таңғалып, жағамызды ұстадық. Ал, соның айтағымен Шілдебаев, Тәкежанов, Шойынбаевтардың мінбеден түспей, аузына келгенді оттағаны жанымызды түршіктірді, қарғаш. Бұлардың соншама желігуіне Мәскеуден келген Орталық комитет комиссиясының мүшелері Шикин, Митрейкин дегендердің жағдайды ушықтырып, «Правда» мақаласын талқылау қасақана бір жылға созылған, кінәлілерді әшкерелеуде қырағылық жетіспеген, ымырашылдық, жерлестік қарым-қатынастар жолды болған, тіліп түсер большевиктік өткірлік мүлдем ұмытылған...» деген қортындысы, ақыр аяғында біздің азаматтардың сорын қайнатты. Жұбановтың, Сәтбаевтың, ең соңында Әуезовтің Мәскеуге жылыстап кетуі − жағдайдың әбден шиеленісуінің салдары. «Правда» газеті 1951 жылы осы мәселені, жаңылмасам, төрт мәрте жазды. Соның кейбірінде жоғарыда есімдері аталған ноян азаматтарды тізе отырып. Әрине, таяқтың бір басы Жұмекеңе тиді... − Сондықтан да Храмковқа тыйым салмады, тек қана өз басын қорғаған дейміз бе?.. Мұхамеджан Әбдіқалықұлы бетіме ожырая қарап, үстелді тықылдатты. − Мен сізге, қарғаш, сол күндегі әрекетің кімнен өрбіп, неліктен жәдігөйлікпен жүргені туралы өз ойымды айтайын, қортындыны өзіңіз жасаңыз... − деді ақсақал шай құлақтағы суды жұтып, тамағын кенеді. − Андрей Александрович Жданов кенеттен қайтыс болған соң оның орнына 1947 жылдың аяқ шенінде Михаил Андреевич Суслов тағайындалды. Оның кім екенін сіз білуге тиіссіз: 35 жыл ұдайы, яғни 1982 жылға дейін КСРО-ның Бас идеологы болып, Хрущевпен де тіл табысып істеді, ал, Брежнев билеген заманда 2-хатшының міндетін қосаметкей атқарды. Сұсы ерекше, мінезі қатаң, айтқанынан қайтпайтын күшті қайраткер атанды... Мен сізге Михаил Андреевичтің өмір белестерінің бәрін емес, екі-үш кезеңін айтайын: Орджонокидзе ауыр өнеркәсіп наркомы болған кезде оң қолы болған Пятаковты партияға қарсы топ құрушы етіп, ашық сотта «кінәсін» мойындатқан осы саясаткер-мыс; естуімше, Серго жолдастың өзіне қол жұмсауы сол істі тоқтата алмауынан деседі... Суслов о кезде КСРО Совнаркомының бақылау комиссиясының жауапты қызметкері. 1939-1944 жылдарда ол Ставрополь (сол кезде Орджонокидзе атанған) өлкесінің партия ұйымын басқарды. Храмковты комсомол қызметінен партиялық жұмысқа шақырып, соғыстан кейін осы өлкедегі Пятигор қалалық партия комитетіне бірінші хатшылыққа көтерген де Михаил Андреевич. Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң Иван Петровичтің Қазақстан К(б)П Орталық комитетіне жіберілуінде осындай гәп барын маған Іслам марқұм айтқан еді, екеуі алғашқы кезде бөтелке дос болғанын, сірә, сізге айтпаған шығар? − Айтқан-ды, бірақ басқа бір жайтқа байланысты. − Суслов 1944 жылы БК(б)П Орталық комитеті Литвада ұстаған Бюроны басқарып, екі жыл бойы мыңдаған литвалықтарды Сібірге айдатып, ұлттық өрлігі ерекше басым халықты КГБ отрядтарының күшімен қанға бөгіп, кеңестік тәртіпке бойсұндырған мейірімсіз әрекетін И.Сталин ерекше бағалап, 1946 жылдың басында ол Кремльдегі аппаратқа алынған, нақты қызметі беймәлім. Есімдегі факт: сол жылы ол кеңестік жебірейлердің фашистерге қарсы жұмыс істеген Ұлттық комитеті басшыларының зиянкестік «қылмысы» туралы И. В. Сталинге хат жазғаны; тексеру нәтижесінде Ұлттық комитеттің 23 мүшесі атылып, 140 жебірей, бәрі де өнер адамдары, әр түрлі мерзімге сотталғанын, мен ЦК-ның хатшыларына келетін жасырын құжаттан оқыдым... Тоқ етерін айтқанда, И. Сталин оны идеология саласын басқаратын хатшы етті. Сол ауысу менің Қазақстан К(б)П Орталық комитетінен аласталған сәтіме дөп келді. Хатшылықтан босатарда маған ешқандай кінә айтылған жоқ, Жұмекеңмен қоштасарда: «Не үшін?» − деп едім, ол кісі төбені нұсқап: «Жаңа идеолог сізге риза емес, Қазақстандағы идеологиялық жұмыстың деңгейі төмен...» − дегенін қағазға жазып көрсетті. Қысқасы, Сусловтың дәлелсіз сынынан өзінше қортынды шығарған. Храмковтың Қазақстанға келуі 1948 жылдың жазы, оны да идеологиялық жұмыстың деңгейін көтеруге қолғабыс етеді деген желеумен жіберген... − Жұмекеңнің оны қабылдамауға қақы бар ма еді? Ең болмағанда басқа бөлімге? − Жоқ, Жұмекең Мәскеудің нұсқауына ешқашанда қарсылық жасамайды. Скворцов кадр мәселесінде бекем саясат ұстады, сырттан билеп-төстеуге жол бермей, кімді қайда қоюды өзі шешті. Жұмекеңнің қателігі − Храмковты қарсылықсыз қабылдап әрі бір жылдан кейін үгіт-насихаттың жетекшісі етті және соны шовинист екенін біле тұра істеді. Одан әрі не болғанын өзіңіз де «Қазақтың Қанышы» кітабыңызда жазыпсыз: Бөлебай Исабеков екеуі қызметтерін өзара ауыстырған соң-ақ Иван Петрович идеологияға кімнің қожа екенін көрсеткен... − Бөлебай ағайдың айтуынша, Шәміл имам бастаған халықтық қозғалыстың ұлт-азаттық мәнін теріске шығару мақсатымен Дағыстан мен Әзірбайжанда ерекше қызу жүрген науқанды Қазақстанда қайталауға ерекше мүдделі болған... − Абсолютно дұрыс. Сол жайтты ол біздің ұрда-жық қылыққа үйір белсенділер ұйым­дастырған 1948 жылғы айтыста-ақ көңіліне түйген. Бірақ, әліптің артын баққан... − Мұха­меджан аға сол оқиғаларды есіне алғысы келмегендей күрсініп, басын шайқады. − Қысқасы, академик Грековтың ескерткені болды да қойды: Храмков жергілікті тарихшылардың өзара қырқысын ұтымды пайдаланып, батыл әрекетке алаңсыз кіріскен... Сіз мақала авторларының интернационалдық құрамына, үш ұлттың өкілі екеніне назар аударыңыз. Солар қол қойған мақаланың жарық көруіне Қазақстанның басшылары ғана емес, Мәскеу мен Ленинград тарихшыларының қарамды тобының наразылық білдіргеніне қарамастан, «Правданың» екі тілшісі Алматыға екі мәрте келіп, сойқанды мақаланы дайындауға қатысып, Тарих институтында соны екі күн жабық мәжі­лісте талқылап, жариялауға мақұлдатуы неліктен, кімнің ынтасы деп ойлайсыз? − Соның бәріне Храмковтың белсенділік көрсеткенін естідім. Тек Ілияс Омаров, Жұмекең де наразылық білдірген, бірақ, Иван Петровичті тоқтатпауы жұмбақ жайт?.. Мұхамеджан Әбдіқалықұлы сұқ саусағын көтеріп, маған сұстия қарады. − Бұл жайтты сіз білмейсіз. Қанекең туралы кітабыңызда Храмковтың залым екенін сылқита жазыпсыз. Ал, басты күнәкарды ашпайсыз... Мен үндегем жоқ. − Осы істің күрмеуі, менің ойымша, Сусловтан туған. «Правда» газетінің «Қазақ тарихына» екі басылымына кенеттен шүйілуі де сондықтан. 1952 жылдың аяғына дейін Михаил Андреевич идеолог-хатшы міндетімен қоса Компартияның басты органының Бас редакторы міндетін атқарғанын ескермегенсіз. Между прочим, Ермұхан туралы естелік, иә мақала жазушылардың бәрі газеттің бас редакторы Ильичев деп жазады. Бұл түбірімен қате, газеттің аяғына бас редактордың есімі о кезде жазылмайды. Ал, Ильичев − газеттің жауапты хатшы, Алматыдан жолданған хаттар мен хаттамалар әдетте соның атына жазылады, редакторлық қызметке ол, жаңылмасам, XIX съезден кейін тағайындалды. Бұл − біздегі науқанның екінші жылы, әбден қызған кезі... − Демек, Жұмабай Шаяхметов пен Ілияс Омаровтың қолы байлаулы болған, Храмковтың әпербақандық әрекеті де түсінікті: Сусловтың ызбарынан сескенген... − Оның жай-жапсарын енді ешкімнен сұрай алмайсың, сол күнде де, кейін де. − Сусловты орыс зиялылары Брежнев заманында «сұр кардинал» атандырды. Мен отыз жасымнан бастап, Мәскеуге жиі барып, мұрағат қарадым, кейбір шығармаларымды орысша жариялауға қам жасадым. Сол кезде Мәскеудің бірталай жазушы, журналистерімен таныстым. Әңгіме үстінде солар Михаил Андреевичтің есімін атамай, «Сұр кардинал» дейтін-ді. Совет өкіметі біздің кітаптарымызды қатаң цензурамен тежеп, баспа редакторларына да ерекше құқықтар беріп, кейбір ойларымызды үнемі қырқумен шұғылданды. Соны да мәскеулік зиялылар «Сұр кариналдың» нұсқауы, ешқандай аяушылықты білмейтін, коммунистік идеяға шексіз берілген такаһар адам дейтін-ді. Естуімше, Суслов костюмін, пальтосын жылдар бойы жаңартпай, әбден ескіргенше иығынан түсірмеген, бәтеңке-туфлиін де тозып қалады әрі тазалыққа жақсы деп калошпен киген-міс. Бір банкет үстінде Л. И. Брежнев: «Михаил Андреевичке қалтамыздан ақша шығарып, жаңа пальто әперейік» деп әзілдепті-міс, сонда ғана Михаил Суслов көнетоз пальтосын ауыстырған. Бірақ, калошын қашан көзін жұмғанша тастамаған деседі... Мұхамеджан аға бұл сөзіме ішек-сілесі қата күліп, қолын соқты. − Қисынды уәж, Михаил Андреевич үйренген машығын өзгертпейтін адам дегенді мен де естідім. Айтып-айтпай не керек, сол «кардинал», сұрқай дейсің бе, біздегі сойқанды бастауға мұрындық болып, сенімді кадры Храмковтың басымызға әңгір таяқ ойнатып, маңдайалды зиялыларымыздың әңкі-тәңкісін шығарды. Оны тежейтін, «Мұныңыз қалай?» дейтін батылдық бізден шыққан жоқ... − Ерекең 1952 жылдың күзінде Жамбыл облысындағы Ново-Троицк селосындағы мектепте мұғалім болып жүргенінде қамауға алынып, 25 жылға сотталды. 400-ге тарта зиялымыз − ғалымдар, институт оқытушылары, мұғалімдер мен әдебиетшілер жұмысынан аласталып, кейбірі сотталып, зәбір шекті... Сол қуғынды ұйымдастырушы И. П. Храмков 1954 жылы Ленин орденімен марапатталып, іле-шала КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланып, Қостанай обкомының бірінші хатшысы болып қызметі өскен. Осы да әділдік пе, ағасы? − Дұрыс айтасың, әділдіктікті аяққа басу!.. Бірақ, оның хатшылығы ұзаққа созылған жоқ. Идеологияға әкіреңі жүргенімен ауыл шаруашылығын басқаруға Храмковтың шама-шарқы жетпей, бітік шыққан егінді жия алмай, Хрущевтің кәріне ұшырады да мұрттай ұшты. Естуімше, Мәскеуге қайтып, Мәдениет министрлігінің кадр басқармасына ие болған-мыс... − Шындығында ол найсапты партиядан шығарып, соттау керек еді. Ісләм Жарылғапұлы маған сол мәселені партия жиналысында көтеріп, өз пікірімді Мәскеуге жолдадым деді. Бірақ, мардымды жауап алмаған. − Бірақ, Храмковтың айтағына ерген белсенділердің біразы Алматыда талқыға түсіп, әр түрлі жаза тартты. Ең бастысы, Хрущев жариялаған жылымықта зардап шеккендердің бәрі де біржарым, екі жылда отбасына қайтып оралып, ғылыми жұмыстарына кірісті. Соған да тәубе делік, қарғаш... − Кардиналдан сұрқайынан да, сұрқай емесінен де құтылдық. Міне, Ерекеңнің қара шаңырағында емін-еркін әңгімелесіп отырмыз. Бұл да тәуелсіз заманның арқасы!.. * * * Түскі астан соң әңгімеміз қайта өр­біді. − «Қазақ КСР тарихының» сол науқаннан кейін алғашқы екі басылымының қолданыстан шығарылғанына биыл, 2001 ж. жарты ғасыр болды. Биік мансабыңызбен қоштасуға себеп болған «Тарихқа» бүгінде қандай пиғылмен қарайсыз? «Апырай, сол «Тарихты» жаздырам деп несіне әуре болдым» дегендей өкініш көңіліңізді жүдетпей ме? − Жоқ! Тек қана тәнті көңілмен ойлаймын. Мансап деген үстіңдегі киім сияқты, мәңгі емес, қызметің бір-ақ күнде өзгереді, киімнің де тозғанын тастап, жаңасын киеміз.. Біз кіндігін кескен «Тарих» − қысылтаяң уақытта туса да оңды жазылды, халқымыздың шынайы тарихы өмірге келді... деген тәнті ойдан мен сол кезде де, таяқ жеген жылдарда да, қазірде айныған емеспін. Азды-көпті олқылығы болса − асығыс жазылғандықтан, айғақтардың жеткіліксіздігінен, кітаптың уақытынан ерте туғандығынан... Өкініш − ғұмырының қысқа болғанында. Сөйтсе де әділдікке сенемін: Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары, сендер, күндердің күнінде оны сүйсіне оқып, үйдегі кітапханаларында қастерлеп ұстайтын боласыңдар!.. Өзім редакторлық еткен тұңғыш «Тарихты» тәркіге бермеу үшін ақырына дейін күрескеніме екі айғақ айтамын: Орталық комитеттен 1947 жылы кеткенде мен бюро мүшелерінің атына хат жолдап, республиканың зиялы қауымын төл тарихынан айырмауды дәлелдеп, оның рухани, саяси қажеттігін ескерттім − бұл хат партия мұрағатында болуға тиіс, іздеуші табады; Қазақстанның саяси басшылығы өзгеріп, П. К. Пономаренко мен Л. И. Брежнев келген 1954 жылы бірінші хатшының қабылдауында болып, ел тарихына жасалған әділетсіздікті қайта қарауды өтіндім; қандайда тарихи оқиғаны жүз жылдан кейін ағымдағы саясатқа икемдеп бұрмалауға болмайды, «Қазақ КСР тарихын» халыққа қайтарыңыз дедім... Иландыра алмағанымды сезіп, А. М. Панкратоваға жыл аяғына таман хат жазып, қолдау сұрадым. Амал қанша, қиянатты түзетпек болған ойыма құлақ асқан жан болмады... Ескерту парыз: Мұхамеджан Әбдіқа­лық­ұлы­ның 1954 жылғы хатын мен академик А. М. Панкратованың дербес мұрағатынан тауып, қолмен жазылған екі жарым бет хаттың ксерокөшірмесін алдым. Төменде сол жолдаудан үзінді келтіремін. Хат иесінің сауат деңгейін һәм саяси мәселеге көзқарасын аңғарту үшін жазылған қалпында келтіремін. «Дорогая Анна Михайловна шлю Вам сердечный привет! … Один вопрос, который никак не оставляет меня в покое, это вопрос истории казахского народа, в частности, вопрос о допущенных ошибках в книге «Истории Казахской ССР». В конце августа я был у тов. Пономаренко*, он со мной говорил только по отдельным вопросам «Истории КазССР», а именно опять об этом хане. Он спрашивал: «Правда ли, как отдельные люди говорят, что Вы (Абдыкалыков) дали указание об обязательном включении этого хана в книгу, как прогрессивного деятеля? Правда ли и то, что были возражения отдельных ученых по поводу включения его, как прогрессивного деятеля, но я, якобы, не прислушался к их голосам?» На вопросы тов. Пономаренко я ответил, что многие неясные вопросы истории в свое время обсуждалось на совещаниях авторов, но вопрос об этом хане не вызывал никаких споров и дискуссии, поэтому не потребовалось никаких указаний. Вообще говоря, об этом хане писалось в литературе до составления книги, при этом сослался на ряд руководящих статей местных авторов. (…) Но при этом я сказал тов. Пономаренко, что наша вина − недостаточно критически, с точки зрения марксизма, мы отнеслись к существовавшим материалам, трактующим этого хана, как прогрессивного деятеля. Кроме того, я сообщил тов. Пономаренко, что при обсуждении на бюро ЦК КПК о допущенных ошибках несу полную ответственность, как секретарь ЦК КПК по пропаганде и как один из редакторов. В беседе со мной он удовлетворился моим объяснением, но, тем не менее, после беседы со мной, на съезде писателей Казахстана тов. Пономаренко, говоря о допущенных ошибках в книге, меня назвал чуть ли основным виновником. Дорогая Анна Михайловна, я вступил в партию коммунистов с полным сознанием честно служить своей Родине. Находясь всю свою сознательную жизнь в рядах Ленинского комсомола и партии, работая на разных участках, никогда не имел отклонений от генеральной линии партии и в том числе по национальному вопросу. Болезнью национализма не страдал и не буду страдать. Наоборот, в такие тяжелые годы испытаний для советских людей, как годы отечественной войны, всегда был интернационалистом. Я при руководстве Шаяхметова за свою партийную принципиальность пострадал и без предъявления конкретных обвинений был освобожден от занимаемого поста, тем самым была создана обо мне в народе, в том числе в среде партийной общественности, атмосфера неясности. И теперь вместо выяснения истинной причины моего ухода из аппарата ЦК, у руководящих товарищей, по неправильной информации отдельных людей, складывается неправильное мнение в связи с допущенной ошибкой в этой книге (...) И предъявляется такое обвинение, что я чуть ли не националист. Я считаю такое мнение незаслуженным… Передайте Вашей семье самые сердечные пожелания здоровья, всякого благополучия! Мухамеджан Абдикалыков, 17 ноября 1954 г. Алма-Ата» (Тәубе делік, «Қазақ КСР тарихының» алғашқы басылымының бұрынғы мәтінімен халқымызға оралуы он жылға кешігіп, «Тәуел­сіздік тойының» 20-жылдығы қарсаңын­да қазақ қауымына қайтарылды. Оның 3-басы­лымын 2011 жылы, яки 68 жылдан кейін 3 мың дана таралыммен қайыра жариялаушы – Б.Тайжан атындағы қор (президенті Мұхтар Болатханұлы). – Сізбен сұхбатқа әзірлеп келген сұ­рау­ларым түгесілді, алда-жалда ұмыт­қаным болса, қайыра келемін. Өткен өмірдің көлеңкесінде қалған түйткілі көп жайттарға түсінік алдым. Рақмет, ағасы! Ғапу етіңіз, Мұха, тағы бір жайтты сұрауға ықыласым ауып отыр: хатшылықтан босатқанда сізге жөнді қызмет ұсынбаған ба? Партия тарихы институтына қалайша тап болдыңыз? – Ешкім маған «Қандай жұмыс қалайсыз?» демеді. Өте-мөте ауыр жылдарда нарком болдым, одан кейін алты жыл идеолог-хатшы атанып, бұл да қиын уақыт, оқымысты қауымның жұмысына төрелік айтасың, кейде тізеге салуға тура келеді, қысқасы, қатты шаршағанымды сезіп, енді не істеймін деуге ықыласым болмады. Марксизм-ленинизм еңбектерін аударумен шұғылданып, тыныш отыруды жөн көрдім. Тәуліктің сегіз сағатын кеңседе өткізіп, он алты сағатты демалуға жұмсаймын. Рақат тірлік! 1967 жылы, алпыс жасқа толғанда зейнетке сұранып арыз бердім, содан бері үйдемін, кітап оқимын, театрға барып, өзіме-өзім демалыс жасаймын. 35 жыл болды, құдайдың ерке құлымын, күш-қуатым кемігенмен денсаулығым әзірше жаман емес... – БКП(б) Орталық комитетінің номенклатурасында болған қайраткерсіз. Сізді сол тізімнен сызып тастаған ба? – Номенклатурадан әуелде сызған жоқ. Пар­тия тарихы институтына келіп, жұмыс іс­теп отырғанымда Мәскеуден, үгіт-насихат басқармасының жетекшісі Александров телефон шалып: «Мұхамеджан, сенің аға ғылыми қызметкер дәрежесімен аудармашы болып отырғаныңды мен жуықта білдім. Шаяхметов жолдас саған жауапты жұмыс бергісі келмесе – өзі білсін, ал, мен сенің қандай идеолог екеніңді білемін. Мәскеуге ауысуға көңілің бар ма, болмаса Қазақстанның бір облысына басшылыққа ұсынамын. Не ойың бар? Тек маған турасын айт!..» – деп қамқорлық аңғартты. «Ойланайын, үй-ішіммен ақылдасайын..» – деп, партиялық этикамен жауап беруге болатын еді. Бірақ, мен: «Григорий Федорович, қамқорлығыңызға рахмет! Осы қызметім өзіме ұнайды...» – дедім. Көп ұзамай Г. Ф. Александров Философия институтына директор болып ауысты. Мен де оны қайыра іздемедім, сөйтуге ықыласым да болмады. * * * «Қазақ әдебиеті» газетінің 2010 жылғы 28 тамыз күнгі санында жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Ақиқаты қайсы, аңызы қайсы?» деп аталған, Бауыржан Момышұлы туралы әңгіме-сұхбаты жарияланды. Соның орта тұсынан үзінді келтіреміз. «...«Іштен шыққан жау жаман» демекші, генерал И. В. Панфилов қаза тапқаннан кейін оның орнына пейілі тар, күншіл, өзімбілермен, ұрда-жық, дөрекі, шовинист генерал Чернюгов келеді. Ол Панфилов даңқын қызғанып, өз атын шығаруға әрекеттенеді. Кадрларды қудалауға кірісіп, «кішкентай қыстақтың атын әспеттеп не керек?» деп Талғар полкінің атын өзгертпек болады. Осы келеңсіздік Бауыржанның төзімін тауысып, жүйкесіне тиеді. Содан екеуі ұстасады. Бұл турасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықов былай дейді: «1943 жылдың күзінде КОКП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Щербаков мені өзіне шақырып алып (Сұхбат авторы А.С.Щербаковтың ОК хатшылығымен қоса Мәскеу партия ұйымының бірінші секретары, Саяси бюро мүшелігіне кандидат, Совет Армиясының Саяси басқармасының бастығы әрі Қорғаныс наркомының орынбасары екенін ескертпеген. Бұл деректерді біз БСЭ-ден көшіріп отырмыз − М.С.): «Сіз 9-гвардиялық (қате, 8-ші дивизия – М.С.) Панфилов дивизиясына барып, мән-жайды анықтаңыз. Бір топ әскерилер Бауыржан Момышұлының үстінен: «Ұлтшыл, дөрекі, соғыс өнерінен хабары жоқ» деп, екінші топ: «Бауыржан Момышұлы жауға қарсы шабуылды шебер ұйымдастыра білетін ержүрек, батыр адам, нағыз интернационалист» деп құшақ-құшақ хат жазуда. Қайсысына сенерімізді білмей отырмыз» − дейді. Мұхамеджан Әбдіқалықов майданға суыт аттанып, жағдаймен танысады. Панфилов дивизиясына Чернюговтың тамыр-таныстықпен барғанына, сауатсыз, дөрекі, ал Баукеңнің әділ екеніне нақты дәлелдер келтіріп, Щербаковтың көзін жеткізеді. Нәтижесінде Чернюгов орнынан алынады. Мұхамеджан аға Панфилов двизиясында болғанында госпитальда жараланып жатқан Бауыржан Момышұлына жолығады. Баукеңнің өте ашулы түрін көріп, госпиталь дәрігерінен Баукеңе білдірмей оның ауруы туралы анық­тама алады. Мәскеуге оралған соң госпитальдар басқармасының басшысы Смирновпен кездеседі. Әлгі анықтаманы көрсетіп, Бауыржан Момышұлын емдету үшін елге жіберуді өтінеді. Өтініші орындалып, Баукең Алматыға келеді. Егер Мұхамеджан аға сол жолы Баукеңді Алматыға алдыртпағанда, Баукеңнің «Психология войны» кітабы дүниеге келмей қалуы да мүмкін еді». (Осы арада М. Қалдыбай әріптесіміздің сұхбатына тағы бір мәнді түзету жасауды қажет деп білдік: М. Әбдіқалықов майдан даласына Қазақстан делегациясын басқарып, бір топ әнші-бишілермен барған әрі қазақстандық жауынгерлерге бір вагон сыйлық − азық-түлік, жылы киімдер апарған. Бұл туралы естеліктер бар. А. С. Щербаковтың арнайы тапсырмасы да сол сапарда жүктелген тәрізді). * * * Менің үйдегі мұрағатымда Мұхамед­жан Әбдіқалықұлына арналған, ол кісі ту­ралы естеліктер, мақалалар және өмір­баяндық құжаттары сақталған же­ке папка бар. Солардың бірі – Ісләм Жарлығапұлының өлеңмен жазылған құттықтау хаты. Ұстазы Мұхаң 80 жас­­қа толғанда өз қолымен жазып, мерейтой иесіне тапсырған. Көлемі 23 шумақ өлеңнің саясатқа арналған шумақтарын қайталамай, мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды жолдарын ғана келтіремін. Ауыр жылдарда Оркомның секретары, Жалқаудың кері кеткен болдың соры. Көрдің, таптың ізгілікті талай жұртты, Атандың білімдінің ес-қамқоры. Тақтан тайып ерлерше кете білдің Жалынбадың ездерге төте жүрдің, Ақыл, білім, еңбектің қайран нары, Сонымен-ақ бойындағы өнерді бекемдедің. Жұмыскерсіз, жас күннен шынық­қансыз Адалдыққа ұшқан ұядан құнық­қан­сыз. Ел билеген шақтарда ала жіпті, Аттамай-ақ қашқансыз былықтан Сіз... ....Өз басыңда бейнетің аз болмады-ау, Отбасыңда күншуақ жаз болмады-ау. Жан-жолдасың ауырып ерте кетіп, Жанұяда қызығың мәз болмады-ау. Дертті балаң Ескендір – о да масыл, Бойдақ қартқа төбеден түскен жасыл. Осынша азап тартқан қарт әкенің, Жүйкесі – құрыш па, жүрегі − қандай асыл! ...Жарты ғасыр бейнетті түскен басқа, Көтерген Ер – Сіз ғана мұнша жаста. Жаны дүлділ сірідей ердің ерін Ел басшысы қояр ма еді әуел баста!.. Сексен жастағы ағайға осы сырым, Адал Ерсіз, ағатай, айтар шыным. Көптен бері көрмеген соң көңіл босап, Көңіл сұрай келіпсіз маған бүгін. Ұзақ өмір тілеймін, асыл аға, Қабыл болғай тілегім, кетпей қырын!. Басқа заттың жөні жоқ, қолым қысқа Ісләм інің Сізге арнады, осы жырын!.. 8-9 тамыз 1987 жыл, Алматы. Маймөңкесіз айтқанда, Мұхамеджан Әбді­қалықұлы әлеуметтік жұмысқа жас жігіт кезінде-ақ араласып, өз тұрғы­ластарынан қара үзіп алға шыққанымен, бұл да өкінішті жайт, қырық жастың қырқасына енді ғана іліккен шағында мемлекеттік жұмыстан аласталған. Зерделеп қарасаңыз, оның саяси майданда қызмет атқаруы тек қана 1938-47 жылдармен шектеледі. Сөйте тұра ол нақ осы жылдарда жанқиярлық еңбегі үшін екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және Ұлы Отан соғысы ордендерімен, әлденеше медаль, мақтау қағаздарымен марапатталған. КСРО Жоғарғы мен Қазақ КСР Жоғарғы кеңестеріне депутат болып сайланған (Рас, Алматы қаласының Құрметті азаматы атағын бертінде иеленді, ал, 2005 жылы, Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы мерекеленгенде «Отан» орденімен марапатталды). Ал, қадірменді Мұхаңа 80 жылға таяу уақыт қоныс етіп, үлкен қала болып көркеюіне ұлан-асыр еңбегі сіңген Алматыдан бір көше бұйырмай, ең құрғанда, көп жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылмауы − түсініксіз гәп?! Сөйтсе де осы жайтты зиялы қауым Алматы әкімінің есіне салып түзетер деген үміттемін... Өз басым бір гәпке айрықша тәнтімін. Мұхамеджан ағайға мен ізденісім тоқырауға ұшырап, көп жайттың күрмеуін білмей, түсініксіз сұраулар көбейген кезде барып, көңілдегі тұманды тарқатып, алдағы ізденіске бағыт-бағдар алып, рухани байып қайттым. Ермұхан Бекмаханов өміріндегі күпті жайттарды іздеудің жол-жобасы осы сұхбаттан соң айқындалып, ең соңғысы Мәскеуде, 2007 жылдың қара күзінде мәлім болды. Осы істе де кісілігі мен ізгілігі мол Мұхамеджан Әбдіқалықұлының еңбегі зор болғанын мойындай отырып, аруағына тағзым етемін!..

963 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы