• Ел мұраты
  • 03 Сәуір, 2015

«ЖЕТІМ ҚЫРАН»

Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор

Қазақ прозасына өзіндік өрнектерімен келіп танылған, 1960 жылдардағы тегеурінді топтың бірі – жазушы, ақын, сазгер Тұтқабай Иманбекұлының «Жетім қыран» атты жинағына (Шымкент: «Жебе» баспа үйі, 2012. – 576 б.) «Үш айдың үш күні», «Тұт ағашының көлеңкесі», «Жетім қыран» атты повестері мен «Тапсырылмаған гүл», «Ем», «Соғыс деген ойын емес» атты əңгімелері енгізіліпті.
Əдебиеттің əуелгі міндеті – сөздің құді­ретімен адамды тəрбиелеу екендігін түсінген жазушы қаламын сөз шүйгініне шомылдыра отырып, шұрайлы сөздерді тап бір өлең шумақтарындай төгілтіп береді. «Жетім қыран» повесінің басталуындағы бірер сөзге көңіл бөлсек: «Қанатыңды қаға алмай, құмарыңды таба алмай, күйкентайша бүрісіп қалдың-ау. Тула­ған аң ілмесең, тұяғың тұқылданып қаларын біліппін бе мен сорлы?», – деп келетін Үрила кемпірдің шалы Кəрібай қайтыс болғалы түз тағысының да табиғи тəкаппарлығынан айрылып, үй құсындай бейшара кейіпке енген жетім қыранына шағынуы шығарманың негізгі идея арқауын ашып бергендей.

 Жастайынан жетім қалып Құрман байдың малын бағып күнелткен Кəрібай кедей болғанымен болмыс бітімі бөлек, батыр тұлғалы, кескіні келіскен, мінезі кесек жігіт болған, кезінде. Кедейлігін кемсіткенмен, өзін ешкімге басындыра бермейтін Кəрібай Құрман байдың күңі Қазбаланың Үрила деген отыншы қызымен бірі мал бағып, бірі тезек теріп жүріп табысады. Алайда, жалаңаяқ кедейге бақ бірден қайдан қонсын?
Үрімдей жас қызды тауда тезек теріп жүрген жерінде қуалап жүрген айуан сезімді бай Құрманды қақ шекеден ұрып, қыз алып қашқан Кəрібайдың ерлігі нағыз жігіттің мінезін мүсіндейді. Бір өзінің ғана емес қауқарсыз, қамқоршысыз бейкүнə қыздың да еркіндігі жолында қаншама қиямет-қайым қиыншылық көрсе де өзінің табиғатына тəн өрлігінен бірде-бір рет төмендемеген Кəрібай ақырында сол тап жаулары – Құрман байдың қанды қолынан қапылыста аңшылықта жүріп мерт болады. Жазушы шағын шығарманы шып-шымыр сюжеттік желіге құрған кейіп­керлер тағдырының тайталасында, характерлердің қақтығы­сында, күрделі іс-əрекеттер барысын­да нанымды бейнелеп отырады. Ке­дей Кəрі­байдың Үриланы алып, наға­шы­ларын сағалауы, кейін жалғыз ұлы Ертайын ертіп, өзінің атажұртына оралуы, бұрынғы өкпесі жазылмаған Құрман байдың қолынан қаза табуы секілді күрделі тағдырлар шежіресі қаламгердің даралық қолтаңбасын танытады. Повесть кейіпкердің қайтыс болуымен басталып, оқиға сол кейіп­керлердің, біресе Кəрібайдың, енді бірде Үриланың өткен өмірлерін еске алуы арқылы кейінге шегініс жасай отырып, баяндалуының өзі оқырманды қызықтырып, ынтықтырып отырады. Оқиғаны оқтын-оқтын бөліп отыратын шегіністер сюжеттік желіні ширықтырып отырмаса жалықтырмайтындай. Оның үсті­не жазушының шұрайлы тілі, афоризмге бергісіз тіл байлығы сүйсінтіп, шөліркеп кеп көк шүйгінге бас қойған малдай бас алдырмасы да мəлім.
Сөз саптау, тілдік ізденіс жөнінен бұл шығарма өміршең туындылар қатарына жатады. Шығармадағы жақсылық пен жамандық күресі де адамдар арасындағы ой мен мінез қайшылықтарынан, тағдыр мен табиғаттағы түрлі түйткілдерден түсінік беріп, өмір арпалыстарының ащы шындықтарын ашады.
Əлемге танымал əйгілі əдебиеттанушы М.М.Бахтиннің теориялық тұжырымы бойынша көп стильді, əртүрлі іс-əрекеттер мен сана сайысындағы қайшылықтарды, əр деңгейдегі кейіпкерлердің сөйлеу тəсілін талап ететін көлемді шығармаларға тəн көркемдік əлем Т.Иманбекұлының да прозасына тəн құбылыстар. Жоғарыда аталған «Жетім қырандағы» Кəрібайдың іштен тынған қайғы-қасіреті мен жапандағы жалғыз үйде бойын үрей билеп, жетім қыранымен, Құрман байдың жаласынан ел білмейтін Сібірге айдалған жалғызы Ертайды күнде ертең келедімен үміт етіп күткен Үриланың тағдырға налыған дауыстары, олар өмір кешкен əлеуметтік орта мен айналадағы адамдардың тағдырлары, бəрі-бəрі автордың əдеби-көркем баяндауы арқылы жүзеге асырылып отырады. Мұнда ұлт тілінің əлеуметтік диалектіге, топтық мəнерге, кəсіби жаргондарға, əр кейіпкердің жасы мен жеке табиғи жаратылысына, дүниетанымына қарай нанымды бейнеленген. Т.Иманбеков шығармашылығына тəн оның драмалық шиеленіске, қарекет пен характер қақтығысына мол мəнері осы «Жетім қыраннан» тағы да айқын таныла түседі. Бай мен кедейдің, жеңге мен қайнының, соғыстан жарымжан болып оралған майдангерлердің, Қазбала, Қамқа, Аққаймақ секілді əжелердің, ерте есейген балалардың тек өздеріне, сол уақыт пен кеңістік аумағына ғана тəн іс-əрекеттері шығарманың көркемдік əлемін ашып тұр.
«Жетім қыран» – сол жетпісінші жылдардың шағын картинасын, өмір шын­дығын көрсеткенімен ондағы кейіп­керлер тағдыры мен характерлері, жалпы жақсы мен жаманның қақтығысы қай дəуірдің де өмір ақиқаттары. Өзі барда əдеби қауымға автор есімі «Үш айдың үш күні» жəне «Тұт ағашының көлеңкесі» деген повестері арқылы танылған еді. «Үш айдың үш күні» – «1948 жыл. Июньнің соңғы күні», «1948 жыл. Июльдің ортасы еді», «1948 жыл. Августың үші күні» деген тараушалармен берілген. Шығармадағы үш күннің шым-шытырық оқиғасы соғыстан кейінгі ауыл өмірі мен шаруашылықты қайта қалпына келтіру жолындағы еңбек адамдарының тағдырын алға тартады. Ерлері соғыстан қайтпаған жас əйелдердің қиын тағдыры, соларды айттырған балдақты бригадирлер мен қайындардың қақтығысы, өз ошағы мен балаларының болашағын ойлап базарлы шағын бақилық еткен қайран қазақтың қайсар да адал аналарының азапты тірлігі, жастай жетімдік көрген немерелері мен жастығын жаспен жуған жас жесірлерінің қас-қабағына қарайлап бейнет кешкен кейуаналардың қамкөңілдері мен дархан пейіл­дері арқылы автор нақты өмірдің шындығын бейнелейді. Жазушының өзі куə болып, жүрегінен өткізген өмір өткелдері, ағынан жарыла ақтарылған ой ағындары мен түрлі психологиялық жағдайдағы сезім селдері жалпы адамзат баласының өмір мен өлім аралығындағы мəңгілік арпалыстарын аңғартады.
Экзистенциализм құндылықтары қалам­гердің «Тұт ағашының көлеңкесі» атты повесінде де өзіндік өрнекпен өріліп, колхоз шаруашылығын соғыс салдарынан болған қиыншылыққа балап, құл­дыратқан есеп шоттың иесі Шақшабай бастаған шағын топ пен жаңа келген бастық Есентайдың нағыз еңбекқор, қара­пайым адамдардан құрған колхозшылар арасындағы қақтығыстар арқылы өрбиді. Келген бастықтардың бəрін есеп­шо­тын­дағы шаруашылықтан жы­­­рым­далған қар­жы­сымен қадам аштыр­май қолында ұс­тайтын əккі есепші Шақшабайдың бұл əрекетін бұрында бірне­ше шаруашылықты əділ басқарып, көзге түскен нағыз еңбекқор, тəжірибелі басшы Есентайдың əшкерелеуін, тұралап қалған колхозды тұт ағашынан өрген жібек құртын өсіру арқылы биік көрсеткішке жеткізгені жолындағы жанкешті күресін жазушы кəсіби шеберлікпен шынайы суреттейді.
Басшы адамның жұрттан жырақ кетпей, керісінше олармен етене араласып, еңбек етуінің нəтижесінде шаруашылыққа техникалар, су бүріккіш жаңа жабдықтар, түрлі транспорт түрлері алынып, қырман, гараж секілді еңбек орындарының ашылуы, ауылды көгалдандыру жұмыстары, мəдени (почта, клуб, мектеп, медициналық мекеме) орындарының ашылуын, ол үшін бас кейіпкер қаншама аяқтан шалу мен қақтығысқа кездесуін қаламгер психо­логиялық тұрғыдан нанымды бейнелеген. Ауылдың бірқалыпты өміріне көндіккен жұрттың жаңалықты жатырқай қарсы алуын, Шақшабай бастаған, Əлішер қостаған топтың Есентай еншілеген қарапайым еңбек адамдары арасындағы қақтығыстар да шынайылығымен жүрек жылатады. Есентайдың жұбайы Манаттың дəрігер болуы да ауылдық жерге жаңа бір өмірдің жаңалығындай жақсылықты бейнелейді. Алайда, өздерінен биікті көтере алмайтын қарсы топтың күншілдігі дəрігерлік антына адал Манатты да мазаққа айналдырып, шопанның əйелі ауырып, жедел көмек шақырып жатыр деген желеумен жалғыз өзін алдап алып келіп қыс ортасында қараңғы түнде орта жолда қалдырып кетуі сияқты сорақы қылыққа ешқандай ерсі мінез көрсетпей, іштен тынған əрекеті, қысастыққа қайсарлықпен, биік өремен қарап, тойтарыс беруі де сенімді бейнеленген. Осынау санаулы адамдар тағдыры мен олардың арасындағы бітпес тартыс­тар арқылы белгілі бір кезеңнің, белгілі кеңістіктегі, белгілі бір уақыттың талабымен күн кешкен ауыл адамдарының психологиясы, басшы мен қарапайым адамдардың кескін-келбеті ашылады. Ерлік пен ездік, адалдық пен арамдық, күдік пен сенім секілді мəңгілік өмір қайшылықтары жазушы туындыларының түпқазығы десе де болады. Адамгершілік концепциясы да бұл шығармаларда қарапайым ауыл адамдары мен еңбекшілердің ұғым-түсінігімен, тыныс-тіршілігімен беріледі. Жазушы ауыл адамдарының психологиясына тəн детальдарды да дəл таба білген. Мəселен, «Есентай маяны айналып шықпақ еді. Кенет астындағы аты осқырынып, үрікті. Енді байқады. Қарсы алдында шөмеле шөп қозғалақтайды. Ілгері-кейін теңселіп, ұмтылатын сияқ­ты. ...Есентай енді байқады. ... – Ой...буй, шырағым-ай, – деп кемпір тырмыш астынан сөйлей берді. – Бір көтерсең, еңіске қарай ентелетіп өзі-ақ əкете береді, бұл шіркінің...Тізе тіктеп кетуі ғана азап. Əйтпесе, талай жеткізіп жүрміз ғой»... Осындағы кейіпкердің таза болмысы, психологиялық портреті, іс-əрекеті мен бет-жүзіндегі мимикалық құбылыстардың сəйкестігі, өте нақышты əрі нанымды. Ауыл адамына тəн аңғалдығы, өз жас шамасына лайық сөйлеу мəнері, жолаушымын дегеніне имандай сеніп, жүрек жарды сырын, құпиясын да қалдырмай жайып салуы да образға лайық ойнақы рөл атқарып тұр. Осындай сəтті табылған көркемдік детальдар авторға ауыл тіршілігін ажарлап бейнелеуге көркемдік мүмкіндік туғызғаны кəміл.
«ЕМ» атты əңгімесінде сал сырқатына ұшырап ұзақ уақыт ауруханада жатып қалған Серіктің тағдыры, ертеңнен үмітін үзіп, үнсіз терезеге үңілген жігіттің өмірге деген құштарлығын оятқан құртақандай бейтаныс ауыл қызы Нұржанның аппақ адал ниеті мен періштедей таза табиғаты соншалықты шабытты тілмен, шуақты əсермен əдемі əңгімеленеді. Күні бойы терезеге телміріп, тіршіліктің тынысын тануға талпынған сырқаттардың назарын еріксіз аударған: ...Алыстан сағымша тербеліп бір қыз келеді. Қолында гүл. ...Ақ құбаның əдемісі. Күлімдеген жанарында өзіне тəн жарастық бар сияқты,–деген сөйлемдер сырқат Серікті ғана емес, оқушысын да сиқырлап, сұлулыққа тəнті ететіндей. Бүгінгі кітаптардан шырақ алып іздесең де таппайтын таби­ғаты тап-таза, көшедегі кездейсоқ адамға да кібіртікпей көңілін білдіріп, жақсылық жасауға ұмтылатын ауылдың адалдығы, аңқаулығы əрбір сөзінен, əрбір іс-əрекетінен аңқып тұратын қар­­шадай қазақ қызының қылығы сүй­сіндіреді. Бұл сол 1960-70 жылдардағы жа­зушылардың шығармаларында жиі кездесетін сол уақыт пен кеңістіктің көр­кемдік əлемін танытатын кейіпкерлер табиғаты. Нұржан – тəн сұлулығымен емес, жан сұлулығымен жігіт жүрегін жаулаған жауқазын қыз. Ол бүгінгі кейіпкердей есеппен жақсылық жасайтын, қайтарымы жоққа қайырымы жоқ, адалдықты аңқау-ақымақтыққа балайтын кейбір кесепаттау жан емес. Бүгіндері бəріміз сағынып жүрген, аңсап жүрген ақ, адал періште, ол.
Табиғат тарту еткен табиғи сұлулығымен тартымды Нұржан қыздың: «Қайрыла кетіңіз, қарындас», – деген бөгде жігіттің сөзіне бөгеліп: «Аурудың көңілі жарым болады. Жағдайын сұрасаң, жазылғандай көреді», – дейтінді апасынан көп еститін қыздың имандылығын танытқан: «Қарамай өтсем, жандарын жаралай түсем ғой. Қайырылғанда не тұр?» – деген монологы да нанымды. Бұл сөйлемдер шығарманың сюжеттік желісін, бұдан былайғы оқиғаның осы бойжеткенмен байланыста дамитынынан хабар бергендей. Романтикалық реңмен жазылып, оқушысын сұлулыққа, тазалыққа тəрбиелеген туындыны жеңіл əрі тез оқисыз. Көбіне диалогқа құрылған шағын жанрдың шып-шымыр оқиғасы екі ұдай сезімді бастан кешіртеді. Қолында гүлі бар қызды бір көргеннен жүрегінде ерекше бір сезім туған сырқат жігіт Серіктің құпия сырлары əдемілікке əнтек əуестіктен туғандай көрінгенмен бертін келе үлкен сезімнің туып, оны сыртқа сездіртуге амалы жоқ шарасыз халі шынайы бейнеленеді. Ал, көңілінде ешқандай кінəрат, бөгде ой жоқ періште қыздың жігітке деген көңілі жаралы жанға демеу, ем болудан өзге өрескелдік танытпайды. Бəрі де табиғи, нанымды. Күн сайын даланың жауқазын гүлдерімен жаралы жандардың жанын жазуды, көңілін көтеруді, өмірге деген құштарлығын оятып, ертеңге деген сенімін нығайтуды нақ бір өзінің міндетіндей еншілеген еліктің лағындай кішкене қыздың əдеміліктің символы болған гүлге деген ынтызарлығы жайлы əңгімесі де əсерлі. Бірге оқып көрелік: «... – Күн ашық-ау шамасы. Көрсетші бір сол күнді маған. Сəулеге кеуде тосып, таза ауа жұтайыншы. Сағындым ғой кең дүние келбетін», – деген жаңа қосылған жолдасы соғыстан оралмай, сол қайғыдан сүзек ауруына шалдығып бірнеше жылдар бойы сал болған Айнаш əпкесінің əрекетін əу баста əбестік көргенмен артынан шексіз қуанышқа бөленген Нұржанның əңгімесі тұтас бір əдемілік əлемін айдай əлемге əйгілеп тұрғандай.
Кітаптың 480-484 беттер аралығындағы Айнаштың жауқазын өскен алқаптағы өмір үшін айқасы, өмірге деген өлердей ғашықтығы кім-кімнің көңіліне шынайы сезім себезгілейді. Автор небəрі 4-ақ бетке өмір мен өлім арасындағы мəңгілік құндылықты – өмірге деген махаббатты мөлдіретіп бейнелейді. Осы 4 бетте жас жесірлердің қасіретін, азапты өмірін өзек етеді. Бір періште балапан да сүйе алмай арманда қалған қаралы ару-аналардың сүйгеніне деген сағынышын сұлулықтың символы алқызыл гүлдер арқылы ажарлай суреттейді. Салдырап құр сүйегі қалған Айнаш əпкесін өмірдің қым-қуыт тіршілігіне қайта қосқан қыр қызғалдақтарын қаламгер кейіпкерінің көңіл күй, оқыс əрекеттерімен сабақтастырып əдемі əдіптеп, əсерлі бейнелейді: «...Көк шалғын қызыл ала гүлге көміліп, көрінбей тұр екен. Əпкем бəрін жұтып жіберердей тамсанады. Ашыққан адамның тамақ көргендегі тағатсыз кейпі сияқты бұл. Көздері əр гүлге шоқша қадалады. Кенет ол гүрс етіп құлады. Құлпырған қыр гүліне кеуіп қалған кеудесін тосып, сұлық жатыр....сонан соң ол бар күшін жинап алып, аспанға атылған жаралы құстай, дүр сілкінді. Кілемдей көсілген көк шалғынның үстімен гүлді жапырып, аунай берді, аунай берді. Əлсіз қолдары аунаған сайын гүл сабалайды. «– Ə...əк..пе! – деп қатты айқайлаппын. Аунап бара жатқан апамның соңынан жүгіре бердім. Ол сайға түскен қаңбақтай кілт тоқтады. Басын көтеріп алды. Қарсы алдымда ертегінің құбыжық кемпірі отырғандай көрінді. Шашы бұрқырап кетіпті. Шыт көйлегі шұрқ тесік. Етегі алба-жұлба. Бар денесі селкілдейді. Өзі езу тартып күліп отыр.
Күштеп күлетін сияқты. Манағы жас жуған бетін енді қан жуып кетіпті...» Кейіпкер – Нұржан атынан баяндалып отырған көрініс қарама-қайшы (контраст) сезімдерді бейнелеуге көрік бергендей. Дəл сол сəттегі кейіпкердің психологиялық жағдайы осындай сыртқы факторлар арқылы айқындалған. Қаншалықты ауыр психологиялық сəт болғанымен адам жанын емдейтін сұлулық, өмірге құштарлық сезімдері Айнашты аяғынан тұрғызып, Нұржанды ақынша сөйлетеді: «...Содан бері гүлді өзім аурудың емі, арманның қайнары, дерттің шипасы деп білемін. Бір ауық гүл көрмесем, көңілім ортаяды да тұрады. Сіз де гүлді сүйеді екенсіз. Гүлді сүйген адамды күн сүйеді. Сіз де жазылыңыз, аға». «Серікке осындай сенім сыйлаған Нұржан оның да қатарға қосылуына дəнекер болады. Жанымен жа­ра­лыларға жалау болып,  қарлығаштай қуаныш сеуіп жүрген Нұржандай кейіп­кер көбейсе, өз оқырмандарын əдемілік пен сұлулыққа тəрбиелер ме еді?», – деген ой келеді. Адамдар тағдырына сергек, психологиялық ішкі иірімге сөздік қоры бай тіл бедері қосылып ерекше мінез танытқан Т. Иманбекұлының кітаптары – бүгінде оқылатын ойлы дүниелер. Əдемілікті əспеттеп, сұлулықты сүйіп, жан біткенге жақсылық жасауға құштар жандар жайлы шоқтығы биік шығармалар жазып, өз кезіндегі оқырмандарына жылылық сыйлаған алпысыншы жылғы жазушы­лардың бірі, ақын, сазгер Тұтқабай Иман­бекұлының «Жетім қыран» атты жинағын оқығандағы ойлар осы еді.

922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз