• Ел мұраты
  • 03 Сәуір, 2015

Қазақ әдебиетіне жаңа концепция не үшін қажет? немесе филология ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кәрібаеваның «Керуен» кітабын оқығаннан соңғы ой

Аманхан Әлімұлы,
«Ақиқат»

«Ана тілі» газеті осыдан үш жыл бұрын (06.09.12) «Қазақ әдебиетіне жаңа концепция қажет. Оны әдебиет сыншысы Бақыт Кәрібаеваның шығармаларынан табамыз» атты мақала жариялап, әде­биет-елдік мә­селе көтерген еді. Бұл – әзір өз шешімін таппаған, бірақ, күн тәр­тібінен түспеген, бүгіннің өткір де өзекті мәселесі. Неге десеңіз, «Бесігіңді түзеу» – әдебиет оның мектебі арқылы ғана қол жететін ізгі арман. Жоғарыдағы ма­қала филология ғылымының докторы, профессор Бақыт Кәрібаеваның тәуел­сіздікпен бірге бой көтерген ғылыми-прак­тикалық еңбектерінің мектептеріміз үшін қажеттілігін көрнекі салалап, айғақты дәлел­дермен дәлелдей отырып ой қорытқан еді.

Ғалымның бұл саладағы қыруар еңбегі аты аталып, түсі түстілген болатын. «Осы еңбектерді қазіргі қазақ әдебиетінің даяр тұрған «оқулығы емес еді» деп кім айта алады?! Онымен танысқан бөгде жұрт өкілі де: «Қазақ әдебиеті сорлы әдебиет екен» дей қояр ма екен? Ал, бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерімізден бастап арнаулы, жоғарғы мектеп түлек­теріне дейін осы жаңа «мазмұнға» сусап отыр емес пе! Жалпы мұндай еңбекті шет қақпай етудің, елеусіз ескерусіз қал­ды­рудың зардабы қандай болатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді емес пе? Ал, аламан бәйгеге алдымен еліміздің рухы таңбаланған әдебиетті қоспайынша тәу­елсіз елдің белі бекем, іргесі берік бола алмайды. Ендеше, Бақыт Кәрібаеваның «Ақыл-ойды тұмшалау – өркениет алдында ауыр күнә, тіпті қылмыс» («Ана тілі», 04.12.2008 ж.) деп уәж айтуы орынды. Бұл қазақ әдебиетінің тағдырына қабырғасы қайысып айтқан сөзі» («Ана тілі», №36 6-12 қыр­күйек 2012 жыл). Қуа­ныш­тысы сол, «жан­кешті ғалым» («Ана тілі», №19 13-19 мамыр 2010 жыл) сол жаңа кон­цепцияда әде­биетіміздің ақ­тандақ беттерін толтырып-то­лық­тырудан тан­бай, та­баны таймай ке­­­леді. Өмір бір орында тұрған жоқ: біз қаласақ та, қаламасақ та, уа­­қыт желіне қар­сы тұра алмасымыз анық. 
Концепция дегеннен шығады, ғасырлар тоғысының соңғы күні «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Бақыт Кәрібаеваның «Шын әдебиет енді туады» мақаласы жарияланғанда бәріміз жабыла оны жоққа шығарған пікір айтқан болатынбыз. Сөйтсек, ол бұл методологиясын советтік кезең тұсында-ақ негіздеп, «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары» (Астана, «Елорда» 2001) кітабына  «Қазіргі қазақ сыны және әдебиет мәсе­лелері» атты тұтас тарау енгізген екен. Бұл кітап концепциясы да кезінде Ұлттық кітапханада оқырман талқысына түсіп, ғалым-жазушылар қоғам қайраткерлері, оқытушы-профессор қауымы бас қосқан ғылыми конференцияға ұласқан еді. Ол турасында ақпарат көздері жарыса айтып-жазған болатын. Мәселен «Қазақ әдебиеті» газеті: «Кітапхана ұжымы өткізген бұл іс-шараның жазушы-журналистерді із­денуші жас маман-ғалымдарды, мектеп оқушылары мен әдебиет сүйер қауымды қызықтырғанына куә болдық» деп жазады (12.09.2003 ж.). Осы жиында драматург-жазушы Роза Мұқанова: «Мен Бақыт Кәрібаеваны талантты сыншы ретінде қараймын. Қазақ әдебиеттануында өзін­­­дік қолтаңбасы ғана емес, мектебі бар ғалым. Бүгінгі тұсаукесер рәсімі өтіп отырған «Қазіргі қазақ сыны және әдебиет мәселелері» атты қазақ әдебиетінің тамыр-тамырын тап басып отырған зерттеуі соның айқын дәлелі болмақ. Еңбекте поэзия, проза сын сияқты әдебиетіміздің негізгі жанрлары қамтылған, әрі толық түрде көркемдік тарихы жүйеленген» десе, профессор Сәуле Ержанова: «Бұл пікірді қуаттаймын. Еңбекте әдебиетті, оның танымын өзгеше, өзінше ғылыми жүйелеу бар. Бізге қазір ең қажетті әдебиет тану ғылымының сұранысы осы емес пе?! Осы негізгі жетістікті әрмән қарай дамыту керек». Ал, ғылым кандидаты Зәмзәгүл Керім: ««Қазіргі қазақ әдебиетін оқытатын оқулық мәселесі толық шешім таппай тұрған жағдайда Бақыт Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары» көлемді еңбегін жоғарғы мектепте ғана емес, орта арнаулы мектептерде, қазақ әдебиетін тереңдеп оқытатын оқу орындарында оқулық, қосымша оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Бұл пікірді мен әдебиет оқулығының тапшылығын сезінген маман ретінде айтып отырмын» - дейді (сонда). 
Бақыт Кәрібаеваның бұл концептуалды еңбегі оқу құралы нұсқасына түсіріліп, Ғылым және Білім Министрлігінің 129 бұйрығы 4 қосымшасы бойынша оқулықтар тізіміне де енгізілген. Енді, міне, «Ана тілі»: «Соңғы 10-12 жылда Б.К. кітаптары шықпай жүр» (сонда) деп жазғаны саналы азаматтар құлағына жетіп, соңғы 10-12 жылдық жаңа көзқарастағы кезекті «Керуен» кітабы оқырман қолына тиіп отыр. Иә, ілім жүйелілікті қалайды: соңғы 15-жылдық «қазақ әдебиетінің толғақты мәселелері» осы кітап арқылы жарыққа шығып отыр. Бұл қомақты поэтикалық еңбек (30 б.т.) бұл бағытта автордың ғана емес, қазақ әдебиетінің толайым табысы десе де болғандай. Ғылыми тілдегі көркем эссе немесе көр­кем тілде орындалған ғылыми еңбек өзіндік стиль-жанрын да жаңалаған – бүгінгі оқырманға арналып жазылғаны көрініп тұр. Кітаптың табыс кілті де негі­зінен осы қасиетінде жатса керек. Бүгін әдебиеттану академизмі түгілі классика оқылуы қиындап тұрған жағдайда өз оқырманын табатын кітап жазу – жаңалық болып қабылдануы заңдылық, ендеше. Ал, танымдық тұрғыдағы: талғам тәрбиелеу, тың дерек көздерін ашу, сөз сиқырымен тарихымызға сүйіспеншілік ояту – кітаптың ішкі мазмұнын құрайды. 
Мұның баршасы оның сараптамалық топтамалары арқылы жүзеге асып, әдеби-ғылыми мол даярлығын көрсетіп, жан-жақты энциклопедиялық деңгейде қазақ әдебиетін оқырман назарына ұсына алған. Сөз жоқ, еңбек өз оқырманын таңдайды: мұндағы мол материал етекте жатқан жоқ. Жаңашыл оқытушыдан профессорлыққа, мақаладан кітапқа, көзқарастан концепцияға кемелденген мол өмірлік тәжірибе оның әдеби талантымен оңтайлы үлесін табады. Талғам, шығармашылық табыс кілті осында болса керек. Сондықтан, «Керуендегі» әрбір мақала бүгінгі таңдағы қазақ әдебиет жағдайында инновациялық тың жоба қызмет-кәдесіне жарап жатады. Ал, тұтас қарастырғанда бір-бірінің концептуалды жалғасындай дүниеге келген жоғарыдағы қомақты қос монография методологиясы «бесігіңді түзе» ағарту арқауымен ғасыр басындағы арыстар арманын алға тосқандай. «Ана тілі» айтса айтқандай, бұл Елдік мәселе – концепция екені рас. Автор мектеп-жоғарғы мектепте дәріс бере жүріп, бұл бағыттағы жолды даңғылдап алғандай.  Бұл эстетикалық-танымдық дүниелер кеше ангажированый әдебиеттен сауат ашқан бүгінгі буын үшін «дертке» дауа болуы сөзсіз. Сондықтан болар, жаһандық әдеби кеңістікке қазақтық жазба өнерін таныстыруда Бақыт Кәрі­баева мақала-зерттеулерінің сұра­нысқа сай келуін өмір өзі дәлелдеп отыр. Оның барша еңбегі емес, тіпті, аз сөзі алыс-жақын шетелдерге тура жетіп, қолдау тапқанын қазақстандық басылымдар «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Мысль» үстіміздегі жылы жарыса жазғанын білеміз. Ал, өзіміз үшін қазақ әдебиетінің бүгінгі күн талабынан туған «Интеллектуалды ұлт жайлы толғаныс», «Әде­биет пәнінің болашағы қандай», «Қоғамның сауаты мен салауаты» тәрізді концептуалдық соқталы дүниелері «Ке­руен» арқылы қауымға тың таным, санаға жаңа көзқарас сілемін салатыны анық. Бұл арна келешекте жеке ға­лым шығармашылығына арналған ашық пікір алысулар, ғылыми конференциялар ұйымдастыруды қажет етеді.            
Қоғамдық басқару жүйесі ғана емес, біздің өмірімізде қоғамдық формациялар ауысқан жағдайдағы әдебиет тағдыры бізді ойландыруға тиісті. Қазақ тілі «архаика», нонсенс, сондықтан, қазақ халқы тайпа деңгейінде секілді ішті-тысты жат пиғылдағы пікірлерге біз әдебиет арқылы – білікті мамандарымызбен ғана қарсы тұра аламыз. Сондықтан, «егер, жау берілмесе, оны құртар болар» санасынан арылуымыз абзал. «Керуен» кітабы Герценнің «Былое и думы» кітабы жанрын еске түсіреді. Сондықтан, мұндағы концептуалды көзқарас аясы кең – әдеттегі белгілі қалыппен (стандарт) тал­дап-тануға көнбейді. Оның қажеттілігі де бол­май қалады. Оқырман еркін ойлап – еркін көсілсін. Бақыт Кәрібаеваның тұтынған көркемдік концепциясы осы­ған саяды. Яғни, шектеулі – шеңберлі ой-сезімге қа­мал­майды. Сыншының негі­зінен эс­се жанрын оңтайлы сезінуі де осыдан. Сын көркем әдебиетпен тамырласып кететінін көреміз. Осы тұста ол барынша бұқараға түсінікті тіл – стильге қатты жұмыс істегені байқалады. Бұл қаламгерлік кредосы туған әдебиетке адалдық әрі үлкен әдебиетпен оны кіндіктес етеді. «Көңілдегі көрікті ой» тарауындағы жеке сын-сұхбаттарының өзінен өнер диапазоны, білім қоры кеңінен байқалады. Оқырманды еріксіз өзіне баурайды – көркемсөзге деген қызығушылығын оятады. Тіпті, «Ақыл ойды тұмшалау – өркениет алдында күнә, тіпті, қылмыс», «Менталитет – мода емес, метаморфоза әлде метафизика», «Мәдениет – нақты іс, қайталанбас қолтаңба» тәрізді бүгінгі қоғамдық сана, «ілім-біліммен» ашық беттесетін дүниелерінің өзі көркем тілде, астарлы ғылыми тұжырымдарымен-тосын­дығымен ерекшеленеді. Сөйтіп барып, бүгінгі қазақ әдебиетінің ғылыми-көркем мұқтажын өтегендей. Сыр-сұхбат тақ-тұқ емес автордың көркем көру көкжиегін ашса, көнцептуалдық көзқарастары се­беп-салдары, дәйек-дәлелімен тұрлаулы тиянақталады. 
Бүгінгі қоғамға жаңа сөз айту Бақыт Кәрібаева үшін қазақ тілінің өз төркінін табуы – «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы Майқы би» концепциясын орнықтыру. Бұл құндылық иесі би-шешендер тұқым-тұқиянымен кеше Кеңес кезеңінде құрып кетті. Тіл – тарих ұрпақ санасынан ығыса бастады. «Қазіргі Астана орналасқан аймақ осы қазына қазаны қайнап жатқан өнер отаны болатын», – дейді «Керуен» авторы ғалым-жазушы Бақыт Кәрібаева. Сондықтан болар, кітаптағы «Шоң би» хикаяты бұлақ көзін ашқандай тың бастама жоғарыдағы тарихи-тілдік концепциясын жүзеге асыру бағытындағы игілікті іс болып шыққан. Мұнда қанжығалы қарт Бөгенбай ел қорғаған бірінші батырымыз ғана емес, билер мектебінің де басында тұрған – «Абылай аспас Сарыбел» – қазақ тілінің тұтас дәуірі, тарихи Цицеронымыз екен. Оның ізін басып, дәстүрін жалғаған тікелей ұрпағы Саққұлақ шешен, Бапан би сәулесі түскен Иман Жүсіптер кешегі Сәкенге эстафета ұстатты ғалымның көркем дәйектеуінде. Сөйтіп, сонау Абылай салған «қара жолдан» бастап, Шоқан мен Шоң заманы осы хикаятта тарихи тілдік тұтастық табады. Бүгінгі оқырман санасына із тастайды. Әңгіме бұл жерде тілдік негіз – өнер биігінде тарихи материалдың көркем концепцияда игерілуінде жатыр. Шоң тұ­сын­дағы ел билеушілер, дәл сол тұстағы Шо­қанның фото-суреттеріне шекті кезеңмен үйлесім тауып, шығармаға тарихи сипат береді. Шоқан бейнесі аз көрінсе де, тарихи мемуар стилін меңгерген қалам қайратында саз бейнеленген. Жалпы алғанда, «Шоң мен Шоқан» – тың тақырып тарихи-әдеби жаңа парақ. Бұған осы тараудағы іштей қойындасып жатқан «Қарқаралы қазылық, жатырмысың жазылып», «Жібек жолының бойымен» эсселерін оқи келе қазақ тарихы-тілі бүгіндік тал­ғам-танымда қайта түлегеніне куә боламыз. Бұл тұтастық концепция­сы тереңдей түсіп оның «Астана – алтын көмбе» ғылыми-көркем Жобасын негіздегендей екен, өйткені осы салған сүрлеуімен «От ұстаған», «Сәкен сабақтары», «Тарих пен танымы – егіз» эссе-мемуарға ұласып тақырып пен таным аясы кеңейе түседі. Ал, ішкі иірімдерде Бөкейханов, Байтұрсынов, Әшім Омаров, Әуезов, Жансүгіров секілді зиялылар тың көркем де тарихи детальмен шығарма арқауын бекіте түседі. Алтын тарихымыздың бұл сипатты сәулесі ұрпақ санасына тура жетіп, дәйекті зерделене қоймағанын ескерсек, «Керуен» кітабының құндылығы арта түспек. Өйткені дерекпен сөйлеу – бүгіндік үрдіс. Күрделі заман өзгеше жазу стилін керек етпек. 
«Талант – талғам» тарауы таза әде­би талғауға арналған екен. Жазба өнер­дің қылаусыз классигі Ғабит Мүсі­репов шығармашылығы өз кезеңімен – қиындығымен қоса тұлғалық ерлік-ерек­шелігі биігінде диалектикалық бір­лікте танылады. Ішкі-сыртқы портреті жазушының Бақыт Кәрібаева қолтаңбасына тән кәсіби білімді проза дәрежесінде ашылып, өзіндік көркем шешімін табады. Сондықтан, деректік проза емес, көркем проза жүгін көтереді. Проза тұрмақ сын жанры да В.Белинский талабы бойынша ақындық жүректен шығуы тиіс. Сонда ғана ол әдебиет жанры міндетін атқара алады. Бұл тарауға енген қазақ жазба әдебиеті мәйектері М.Жұмабаев, М.Иманжанов, Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ж.Нәжімеденов, М.Мәукенұлы өмір-өне­рінің кезінде, қазір де көріне алмаған поэтикалық-тарихи ерекшеліктері дәйекті­лікке арқа сүйей отырып ашылады. Поэзия сыны жетілмеген қазақ әдебиет үшін бұл поэтикалық талдаулардың бүгінгі қазақ әдебиеттану үшін маңызы зор. Мұның бар­шасы кеше сынның сыртында қалған эстетикалық құндылықтар. Әдебиетімізге де, мектептерімізге де жетіспей отырғаны осы ғылым тілі, өнер танымы емес пе?! Бұл бағыттағы кәсіби профессионализм ғана санадағы шарттылықтар мен схематизмнен арылта алмақшы. Онсыз еш бір оппонентімізбен диалогқа түсу мүмкін емес. Бізге бүгін амбиция керек, себебі кешегі 20-шы жылдары әкелген тұрпайы сыннан соң қазақ әдебиетіне жаңа тұрпатты әдеби сын қажеттілігі қатты сезіледі. Бұл – уақыт талабы, тарихи миссия. Бір ғана мысал келтірейін, әдебиетімізге бойламай тұрып арандататын шекараның арғы жағын айтпағанда өз отандасымыз – қандасымыз белгілі публицист Жәнібек Сүлеев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бүгінгі қазақ қауымын, оның мектебін артта қалған «сауатсыздықпен» айыптады. Сонда, оның дәлелді уәжіне төтеп бере алмаған газет тілшісі Гүлбиғаш: «Где  же специалисты? Они есть в этой жизни?!» («Казахский мир» №8. 01.06.2012) деп, таяқ лақтырса қазақ филологиясы ғылым докторы – кандидатына тиетін тұста өмір сүріп отырып, ал, әлгіндей іс – қажеттілік үстінде жер сипалататын мамандардан түңілгендей болған. Тілшінің бұл тосылуы жәй емес – қазақ руханияты шындығының тосылуы болмағай. Еліміздің ен таңбысындай қазақ тілі – оқулығы алдында бәріміз де ұяттымыз, бәріміз де жауаптымыз.
Бұған біз бірауыздан «сапалы маман жоқ» дегенді тілге тиек етіп келеміз. Ал, тәуелсіздікпен бірге бой көтеріп, тіпті, министрлік бұйрық шығарған Бақыт Кәрібаеваның оқу құралы неге айналымға түспей қалды? Кетігін тапқан бір кірпіш болса да, бізге артық па еді?! Жоғарыдағы «Ана тілі» мақаласында арнайы екпін түсірген оның осы саладағы екі бірдей Жобасы неге жүзеге асырылмады? Мұның бәрі, егер, ортамыздан білікті маман табыла қалған күнде оған деген бүгінгі күн биігінен емес, кешеден қалған «көзқарас» салқыны болмағай. Мен «Керуен» кітабын Герценнің «Былое и думасымен» тегін салыстырғаным жоқ. Ондағы кейбір өмірдеректер әлгіндей өрелі қоғамдық ой-пікірмен ұштасып жатқандай. Тарихилық мәні бар мәселені бүгін айқынырақ сезінемін. Мәселен, өткен ғасырдың 97-ші жылдары өзім куә болған – «Заң газетінде», қызмет еткен жылдары, осы басылым бетінде «Адамы болса бап табылады немесе дәлелденбеген туралы хикая» атты мақала жарық көрген еді. «Керуеннің» «Кітап ішіндегі кітап» тарауыннан осы мақала көзіме оттай басылды. Белгілі бір тарихи кезең – қоғам жайлы жоғарыдағыдай ой-пікір білдіруіме мүм­кіндік ашты. Себебі, арада өткен уақыт мөлшеріне қарамастан мұнда да маман мәселесі дәл бүгінгідей шешім тілеп, қабырғасынан қойылған екен. 
Үзінді келтірейін: «... Қазір кафедрада бірде-бір ғылым докторы жоқ. Доктор түгілі ғылым кандидаттары өзі бірді-екілі. Қазір мұнда сол жоқтықтың салдарынан ғылыми дәрежесі жоқ адамдар доцент-профессор міндетін атқарып жүр. Сондықтан, Бақыт Кәрібаеваның педагогтық қызметіне мерзімінен бұрын қайтып келуіне қарсы болу болашаққа қарсы болумен тең сияқты болып көрінеді де тұрады. Дегенмен, дәлелденбеген іс­тегі пәле мен жаланы нақты ажыратып, дұрыс бағасын беретін күніміз алыс емес. Бәрінен де «адамы болса бап табылады» дейтін кешегі заманның қағи­дасынан арылғанына не жетсін» – дейді тілші. Бұл «шартты шырғалаң», тіпті, сыншы-жазушы Бақыт Кәрібаеваның шы­ғар­машылығына тура қатынасы болмаса да, бү­гіндік қоғамдық ахуалды танып-білуге дерек-деталь ретінде бағалы. Ендеше, «Ке­руен» – шынайы шығармашылыққа негіз­делген кітап.  

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз