• Ел мұраты
  • 03 Сәуір, 2015

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ҮНДЕУІ

Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ 
жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 
(Мемлекет басшысының 
Қазақстан халқына Үндеуінен)

Құрметті қазақстандықтар! 
Ел ішін­де биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесі қызу тал­қылануда. Қазақстан халқы Ассам­блеясының Кеңесі көтерген бастамаға қоғам өкілдері жан-жақты пікір біл­діруде. Парламент депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары өз пікірлерін айтты. Маған күн сайын еліміздің түкпір-түк­пірінен жүздеген хаттар келуде. Барша жұрт кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау біл­ді­руде.


Құрметті қазақстан­дықтар! 
Ке­­зектен тыс Президент сайлауын өткі­зуге Демо­кратиялық күш­тердің «Қа­зақстан-2050» жалпы­ұлттық коалициясы бірауыздан қолдау білдірді. Ол 6 саяси партияның, 18 республикалық қоғамдық бірлестіктің, 500 өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді. Аталған мәселе бойынша Қазақстан халқы Ассам­блеясының Ке­ңесі бастамашылық жасады. Бұл күн­­дері менің атыма кәсіпорындардың еңбек ұжымдарынан, ардагерлерден, сту­денттерден, жасы және кәсібі әр­түрлі адамдардан көптеген хаттар мен жеделхаттар түсіп жатыр. Мұның өзі біздің азамат­тарымыздың өсе түскен саяси белсенділігі мен олардың ел тағ­дырына шынайы қамқорлығын білді­­реді. Барлықтарыңызға осы үшін зор рахмет. Біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды? Біріншіден, маған арналған барлық үндеулерде еш­қандай ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар біздің елімізге кесірін тигіз­бесін деген бүкіл­халықтық алаңдаушы­лық  байқалады. Адамдар бұл үшін тұрақ­ты­лық пен қоғамымыздың бірлі­гін нығайту қажет екенін түсінеді. Екіншіден, әлемдік экономикалық дағ­дарыс белең ала түскен кезеңде ха­лық­қа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Бұл, ең алдымен, жұмыс орын­­­­да­рымен қамтамасыз ету, әлеу­мет­­тік төлемдердің, жалақының, сти­пен­­­­­дия­лардың тұрақты­лығы. Үшін­ші­ден, жаһан­дық геосаяси қа­­­­ра­­ма-қай­шылықтар ушы­ға түскен жағ­­­­­­­дайда, біздің азаматтарымызды ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәсе­лесі алаң­датады. Сондықтан қазақ­стан­дықтар теңдестірілген ішкі және сыртқы сая­саттың әрі қарай жалғас­тырылғанын қалайды. Бұлар оңай мәселелер емес. Оларды шешу барлық азаматтар мен барлық деңгейдегі атқарушы биліктен дағдарыстан шығу жөніндегі белгіленген бағдарламаларды орындау үшін күш біріктіруді талап етеді. Осылайша, барлы­ғымыздың алдымызда аса ауыр жұмыс тұр. Маған Қарағандыдан Нина Алексеевна Мисоченко былай деп жазады: «Күн сайын балаларымның амандығы үшін, жері­міздегі бейбітшілік пен тыныштық үшін мінәжат етемін. Күн сайын Құ­дайдың алдында біздің үйлерімізге ешқашан ешқандай алауыздық пен ешқандай соғыс қатер төндірмесін, біз қашанда бейбіт және бақытты өмір сүрейік деп жалбарынамын. Қазақ­станда барлық адамдар татулық пен бір-біріне сеніммен өмір сүріп жатса, бұл Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасы. Қазақстандықтар бірге еңбек етіп, бір-біріне қолұштарын береді, балалары мен немерелерін алаңсыз оқытып, өсіріп жатыр. Әрқашан және мәңгілік осылай бола берсін!». Рахмет, Нина Алексеевна! Бұл тек менің ғана емес, біздің бүкіл халқымыздың еңбегі. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық­тардың бойында бейбітшілік пен келісім – басты жалпыхалықтық игі­лігіміз деген даналық ұғым мықтап орнықты. Және оны әр күн сайынғы еңбекпен қорғау және нығайту қажет. Бүгінгі біздің қазақстандық мінез бітіміміз осындай! Бірлік пен Тұрақ­тылық – бұл біздің жауапты таң­дауымыз! Бұл біздің Отаны­мыздың табысты дамуының басты формуласы.   
Қымбатты отандастар! 
Өткен 23 жыл – біз үшін ғасырға бергі­сіз жылдар. Кезең-кезеңімен жүр­гізілген тұрақты саясаттың арқа­сында біз бүгінгі белеске көте­рілдік. Қазақ қазақ болғалы қазіргідей төрт құбыласы түгел, қуатты елге айналып көрген емес. Біз бүгін қариясы қамсыз, азаматы алаңсыз, ұрпағы уайымсыз елдердің қатарына ұм­тылдық. Біз үшін көк аспанымыз ашық, көк байра­ғымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ. Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен бе­рекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің  санатына бет алды. Бірақ, біз өткенді ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Қазақ – тарихи жады мықты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық. Әсіресе, осы күндері маған жүз­деген хаттар келіп түсуде. Солтүстік Қа­зақстан облысының жасы тоқсаннан асқан тұрғыны Байқуаныш Сәрсембин ақсақал былай деп жазыпты: «Өткен ға­сырдағы түрлі тарихи оқиғалардың бәрі менің көз алдымда өтті. Бірде құлдырап, бірде өрлеген қилы замандарды көрдік. Бірақ, дәл қазіргідей Алтын Ғасыр халқымыздың басында ешқашан болған емес. Елінің шекарасын бекітіп, барлық елдермен достық қатынас орнатып, барша адамзат тағ­дырын шешуге араласып отырған қазақ баласы ешқашан болмаған», – дейді Байқуаныш қария. Мен жеткен абырой, мәртебе – барша Қазақстанның мерейі. Әрбір хат иесінің бүгінгі Қазақ­станды мақтан етіп, марқаятынын көре­мін. Біз өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс то­пы­рағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көр­кейтуге ба­ғыт­талған кез келген ұсыныс мен үшін құнды. Қоғамда тал­қыланып жатқан кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сараладым. 
Құрметті отандастар! 
Бұ­рын­ғы Президент сайлауынан бері 4 жыл өтті. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүм­кіндіктер ашқан күрделі уақыт еді. Біз 2011 жылғы сайлауалды науқаны барысында менің тарапымнан айтылған барлық мақсаттарға қол жеткіздік. Біз әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегіұзақ мер­зімді 2050 Стратегиясын жүзеге асы­руда­мыз. Бүгінде мен жаһандық экономи­калық және геосаяси тәуекелдерді есепке ала отырып айқындап берген мемлекеттік бағ­дар­ламаларда дамудың барлық стра­­те­гиялық мәселелері белгіленген. Дағ­дарыс пен біздің экспорттық тауар­ла­ры­мызға бағаның күрт төмендеуінен бізге бюджет саясатын жедел оңтайлан­дыруға тура келді. Дағдарысқа қарсы шаралар кешені жүзеге асырылуда. Біз жаһандық дамудың ауыртпалықтарын абыроймен еңсеретінімізге сенімдімін. Бізде бұл үшін барлық жағдай – іс-қимылдың нақты жоспарлары, халық­тың бірлігі мен қа­жетті ресурстар бар. Енді сайлау туралы айтайын. Бүгін мен Парламент Сенаты мен Мәжілісі басшылығымен, Премьер-Министрмен және республика Консти­туциялық Ке­ңесінің Төрағасымен консультациялар өткіздім. Оның алдында Сенат Төр­ағасының сауалы бойынша Кон­с­титу­циялық Кеңес кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Президент және Парламент сайлауларын өткізудің күнтіз­белік мерзімі 2016 жылға дөп келіп, іс жүзінде қосақталып тұр. Конституция бұған жол бермейді. Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы консти­туциялық өкілеттілігімнің мерзімі 2016 жылы аяқ­талады. Осыған байланысты екі ұсы­ныс айтылуда. Бірінші – ел Пре­зи­дентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу. Екінші – Мемлекет бас­шысының өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Көңілге қонымдысы, Конституция талаптарына жауап беретіні сайлау өткізу болып табылады. Сондықтан халықтың мүд­десіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3.1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауын белгілеу туралы Жар­лыққа қол қойдым. Қазақстан үшін сайлау қашанда қоғамдағы бірлік пен келісімнің жоғары тетігі болды. Қазір де және әрқашанда солай болатынына сенім­дімін! Сайлау – аса маңызды конс­ти­туциялық және патриоттық акт. Оны заңнамаға қатаң сәйкес, ашық және адал, отандық және халықаралық байқаушы­ларды кеңінен қатыстыра отырып өткізу қажет. Алдағы сайлауға өзімнің қатыса­тыныма орай шешімді мен кейінірек, еліміздің Конституциясы мен заңдарына толық сәйкес қабылдайтын боламын.   
Қым­батты қа­зақ­стандықтар! 
Қайта қаһа­рына мінген әлемдік дағ­­дарыс жағдайында бірлік бізге бұрын­ғысынан бетер құнды. Мемле­кеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүк­теледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағын­дырып, алға басуға тиіспіз. Құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассам­блеясының бастамасы еліміздің Конституциясына және Сайлау туралы Заңға сай деген қорытынды шығарды. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқ­ты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс Президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыс­тырып, баянды болашақ жолында бірік­тіре түсеріне сенемін. Қазақ­стандық­тар­ды ел тари­хындағы тағы бір тағдырлы оқи­ғаға жауап­кершілікпен қарап, белсене қаты­суға шақырамын. Баршаңызға бірлік пен береке, шаңы­рақтарыңызға шаттық тілеймін!

429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз