• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2012

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты

Менің бүгін жұртшылыққа таныстырғалы отырған кейіпкерім – Кеңес үкіметінің бір жарым миллион қазақтың басын жалмап, түпкілікті жеңіске жеткеннен кейін, бұл аз болғандай, елдің дүние-мүлкін тәркілеуге кіріскен, осындай дүрбелеңнің ақыры халқымыздың екі жарым миллионын опатқа ұшыратқан отызыншы жылдардың ойранына ұласқан қасіретті кезеңде өмір есігін ашқан тесік өкпе ұрпақтың өкілі. Өз басым осындай асыл азаматтардың біразымен кезінде қызметтес болып, қатар жүргенімді, дастархандас болып, әңгіме-дүкен құрғанымды, ақыл-кеңес, ғибрат алғанымды бүгінде мақ­танышпен еске түсіремін. Атап айтар болсам, соғыс және еңбек ардагерлері, қарымды қаламгер-журналистер, бүгінде арамызда жоқ Құрманбек Әбілдаев, Төлеубай Ыдырысов, Әбиболла Ахметов, Орақбай Смағұлов және басқа ағаларымыздың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын ерекше тұлғалар еді. Өмір тезінен өтіп, әбден шыңдалған олардың әрбір қимыл қозғалысынан, жүріс-тұрысынан, айтқан әңгімелерінен адамдық сыпайы қарым-қатынастың, әдептің исі аңқып тұратын. Сонымен бірге олардың бойынан жеме-жемге келгенде намысын таптатпайтын бірбеткейлік те байқалатын. Ал ең бастысы оларға қазақтың көпшілігіне тән сабырлы салқынқандылық, не нәрсеге де ұшқары қарамай, ақылдасып шешу тән болатын. Бұлар күнделікті журналистік жұмысты жеке шығармашылық қызметпен қатар алып жүретін. Мысалы, Төлеубай ағамыздың қазақ баспасөзін індете зерттеп жазған бірнеше кітаптары менде сақтаулы. Әбиболла ағамыз қазақтың ұлы ғалымы Шо­қан Уәлихановтың шығармашылығын зерт­теу­мен, оның белгісіз қырларын ашумен өмірбойы шұғылданды десем артық емес. Ал ардагер-журналист ағамыз Орақбай Сма­ғұловтың кәсіби шеберлікпен сомдаған сүбелі мақалаларынан бастау алатын проблемалар Қазақстан Компариясының Орталық Комитетінде талқыланып, Одақтық «Правда» газеті О. Смағұлов көтерген мәселені айдар етіп алғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Иә бұл ағаларымыз өз заманының адал перзенттері болды ғой. Кезінде Орақбай ағамен тілдескенде ол кісі ақтарыла сөйлеп: «Қарағым, біз сол заманның идеологиясына шексіз сеніп, барынша адал еңбек еттік. Көсемдеріміздің сөзі мен ісінде алшақтық орын алып, пиғылдары басқа-басқа болғаны өздерінің арына сын. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» дегеннің кері келіп, әп-сәтте жалп ете түсті емес пе?! Егемендігіміз халқымыздың сан ғасыр көрген теперішінің өтеуі ғой. Енді соның баянды болуын Құдайдан күндіз-түні тілеймін», – деген еді. Сондай кезде өмірде от пен судың бәрінен өтіп, сексеннің сеңгірінен асса да, дауысы тың, сөзі ширақ ағамыздың қажымас қайратына сүйсінетінмін әрі қызығатынмын. Бұрынғының адамдарына мақтау сөз айтып отыратын әңгімені ауылда талай естуші едік. Сонда олардың қанша қиындық көрсе де мойымайтын, қайта ширай түсетін сергектігіне тәнті болады екен ғой. Көзі тірі болса бүгінде 85-ті еңсеретін Орақбай аға да сондай ардақты, сүйегі асыл, текті жандардың бірі еді. Енді осы ойымды шамам келгенше таратып айтуға тырысайын. Орақбай сияқты ағалардың балалық, жастық шақтарының алмағайып, қиын кезеңмен суарылғанын жоғарыда айттым. Соғыс кезі. Мамандық таңдап, оқу таң­дап шалқақтайтын заман емес. Газеттің не екені, оның қалай шығарылатыны ойына кіріп шық­пайтын мектептегі оқушы шағында тарихтан сабақ беретін Ғазиз Жұмабеков деген ұстазы мұның бойынан жылт еткен қабілетті байқады ма, кім білсін, газет жұмысына тартты. Осылайша қаршадай бала Степняк қалалық «Социалистік құрылыс» газетінде жауапты хатшылық жұмысты бастап кетті. Аптасына бір рет шығатын бір жапырақ газетте екі жылға жуық тәжірибе жинақтады. Орақбай ағаның журналистік мамандыққа деген алғашқы баспалдағы осылай басталды. Мұның соңы журналистиканың өмірлік мамандыққа айналатынын Орақбай аға ол кезде білген жоқ әрине. Келе-келе журналистік жұмыс сүйікті ісіне айналып, 1945 жылы Алматыға келіп, азМУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырды. 1950 жылы оқуды үздік бітіріп, қызыл диплом алды. Бұл соғыстан кейін елдің әлі де есін толық жия қоймаған кезі. Мамандар да тапшы. Жаңадан оқу бітірген, көпшілігі майдангер, сайдың тасындай жеті жігітті – Орақбай Смағұловты, Балғабек Қыдырбекұлын, Төлеубай Ыдырысовты, Пернебек Бейсеновты, Бекділдә Абдуллинді, Әбілмәжін Жұмабаевты, Әбірәш Жәмішевті ұстаздары Қасым Шәріпов қолдарынан жетектеп апарып, «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер етіп орналастырды. Көп ұзамай Орақбай аға «СҚ»-ның өзі туып-өскен Ақмола облысындағы, кейін Тың өлкесіндегі меншікті тілшісі болып бекіді. 22-дегі қылшылдаған жас жігіттің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті органының облыстағы тілшісі болуы әжептәуір жетістік. «Жас келсе іске» деген емес пе, жұмысқа бел шеше кірісіп, облыс көлеміндегі келеңсіз оқиғаларды батыл әшкерелеген материалдары бірінен кейін бірі жарық көре бастады. Кемшіліктерді бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын, басбұзарды тәртіпке шақы­ратын тілшінің атағы алысқа кетіп, оның қа­лам қарымынан аяғын тартып, кәдімгідей сеске­нетіндердің қатары көбейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік. 1959 жылы қараша айында газетте Орақбай ағаның «Ақмоладағы талапай» деген фельетоны жарық көрді. Онда жергілікті партия, кеңес басшыларының пәтер бөлудегі жең ұшынан жалғасқан арам пиғылдары бұлтартпас дәлел­дермен әшкереленді. Аталған фельетон жергілікті халықтың көңілінен шықты. Оны тіпті ағылшынның «Рейтер», АҚШ-тың «Би-би-си» радиостанциялары дүниежүзіне таратып, Орақбай ағаның журналистік қарымы жарқырай көрінді. Орақбай аға тағы бірде газетке «Өзінің өтінішімен» деген фельетон жариялады. Онда облыс прокурорының заңсыз әрекеттері, қара­мағындағы қызметкерлерді орынсыз қуда­лайтыны сынға алынды. Газет материалы тиісті деңгейде талқыланғаннан кейін, онда көрсетілген фактілердің дұрыстығы анықталып, прокурор қатаң сөгіспен қызметінен босатылды. Сол тұста газет сынының қаншалықты тегеурінді болғанын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Тізе берсек, әділдікті ту етіп ұстаған журна­листің қаламынан туып, сол арқылы озбырдың жазаланып, жәбірленушінің сауабын алған материалдар жетіп артылады. Және бірде Ақмола ауыл шаруашылығы институтына сонау Одесса қаласынан келіп, қызметке орналасып, әбден орныққаннан кейін алаяқтықпен шұғылданған, жергілікті ұлт өкілдерін кемсітуге жол берген бір топ ғалымсымақтарды әшкереледі. Әлгілер қарап қалсын ба, жан керек, институт директоры Гендельман бас болып, журналистің үстінен арызды қарша боратты. Арызқойлар журналисті қызметінен алып, ісін сотқа беру керек екендігін қадап айтты. Бірақ әділдік жеңіп шықты. Республика Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, байыпты басшы Д. А. Қонаев «СҚ» тілшілерін қабылдағанда, Орақбай ағаның сын материалына қолдау көрсетті, «сын дұрыс қабылдансын» деп нұсқау берді. Сөйтіп, арызқойлардың үні өшті. Орақбай ағаның өзінің қалам қарымын қоғамнан зәбір көрушілерді қорғауға жұмсағанын дәлелдейтін фактілер көп. Соның бірі – ақмолалық ұстаз Ақбөпе Бәкірованың бүлдіршіндерге арнап жазған «Әліппе» оқулығын біреулердің пайдаланып кетпек болуынан қорғауы. Кейін осы кітап А. Бәкірованың авторлығымен оқулық болып бас­падан жарық көрді. А. Бәкірова Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атағына ие болды. Қазақ КСР-іне депутат болып сайланды. Орақбай аға өзінің журналистік қызмет жылдарында қоғам өмірінің өзекті мәселелерін қозғайтын, оқырмандарға ой тастаған, билік тарапынан тиісті қорытынды шығаруға мұрындық болған ондаған материалдар жазды. Солардың кейбіреуіне тоқталып өтейік. Журналистің әрқайсысы бес мақаладан тұра­тын «Мал отарынан хат», «Тыңдағы ғылым ордасы­нан хат» деген топтама материалдарында үлкен проблемалар көтеріліп, ол республиканың идео­логиялық кеңесінде жасалған баяндамада аталып өтті. «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында бөлім меңгерушісі болып жүрген кезінде Қазақстанда түйе шаруашылығын дамыту, әсіресе шұбат өндіруді ұлғайту, ол үшін түйе саууды автоматтандыру мәселесін қозғап, көлемді мақала жазған-ды. Мақалада көтерілген проблемалар сол кездегі Одақтың ауыл шаруа­шылығы, мал шаруашылығы, прибор жасау министрліктері тарапынан қолдау тапты. Бұл Қа­зақ­стан баспасөзі тарихында бұрын-соңды болмаған жәйт еді. Айта берсек, 60 жылдық журналистік қыз­метінде 6 мың мақаланың басын қайырған Орақбай аға өзінің шығармашылығында елді елең еткізген мәселелер көтеруден, журналистикаға жаңалық болып енген бастама жасаудан әсте жалыққан емес. Үнемі тың ойлар айтып, қоғамға қозғау салып отыру қанына сіңген қасиет пе екен деп те қаласың кейде. Мәселен, «Қазақстан коммунисі» журналында Экономика бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезінде «Экономикалық ойлау машығын қалыптастыру» деген рубрика ашып, соның аясында экономика тақырыбын қамтитын көптеген танымдық мақалалар жариялады. Одақ көлеміндегі журналистер арасында бірінші болып енгізілген осы рубрика төңірегінде СОКП Орталық Комитетінің идеологиялық пленумында әңгіме қозғалып, жақсы жаңалықты «Правда» газетінің іліп әкеткені бар. Орақбай аға 1987 жылы құрметті демалысқа шықты. Алайда ағамыздың жан тыныштығын ойлап, жамбастап жатып алатын адам емес екені екібастан белгілі. Содан бері өткен жиырма жылдан астам уақыттың ішінде тындырған істерін санамалай бастасаң, тағы бір мақалаға жүк боларлықтай дүниелер. Сондықтан қысқаша шолып айтсақ, сонау 50-жылдары өзі түлеп ұшқан ҚазМУ-дің журналистика факультетінің бүгінгі шәкірттеріне баспасөзде экономика мәселелерін жазудың теориясы мен практикасынан 5 жыл дәріс оқыды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы комитетінде 6 жыл еңбек етіп, экономика тақырыбына сөздіктер жасауға, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге атсалысты. Мұнан бөлек, қалам қайратын танытып, республикалық газет-журналдарға танымдық, проблемалық мақалалар жазуды да естен шы­ғармады. Және осындай шығармаларының жүз­ден жүйрік атанып, бәйгенің алды болып келетін сәттері де аз болған жоқ. Мәселен, 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жөнінде жазған топтама материалдарының халықтар достығын нығайтуға қосылған үлес ретінде бағалы сыйлықпен атап өтілгені бар. Қазақстан Журналистер конгресінің Құрмет грамотасын алуы да журналист еңбегіне көрсетілген ілтипат. Бұған кезінде бұрынғы КСРО мен Қазақ КСР Журналистер одақтарынан алған Құрмет грамоталарын қосыңыз. Әрине Орақбай аға сыйлықтан кенде болған жоқ. КСРО-ның 13 медалін иеленді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасын үш мәрте алды. Мұның бәрі еңбекке көрсетілген сый-құрмет екені түсінікті. Бірақ Орақбай аға ең үлкен сыйлық абырой, адамдармен қа­рым-қатынастағы сыйластық, отбасындағы жарас­тық және ең бастысы егеменді еліміздің бола­­шағының жарқын болуы, тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп, оны көздің қарашығындай сақтайтын жастардың өсіп жетілуі деп түсінеді. Орнында бар оңалар дейді емес пе. Ағаның отбасындағы жағдайы да шүкір деп айтуға тұрарлық. Жан жары Муза Абдуллина – тарихшы, ҚР білім беру ісінің үздігі. Екі қызы – Райханы мен Гүлмирасы экономика ғылымдарының кандидаттары, Гүлмира – қаржыгер, Райхан – инженер-металлург. Бәрі де тұрмыс құрған, үйлі-баранды. Олардан өрбіген ұрпақтар аталарының ғибратты ғұмырын мақтаныш етеді.

832 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз