• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2012

МОЙЫНҚҰМ МОЛШЫЛЫҒЫ

Сәкен АРУБАЕВ, Мойынқұм ауданының әкімі

– «Мойынқұм молшылықтың көзі» деген сөзді ел аузынан жиі естиміз. Халық айтса қалт айтпайды дейді ғой. Осы қисыннан алғанда бұл шындық қой. Еліміз егемендік алған жиырма жыл ішінде облыс орталығынан тым шалғай жатқан ауданның тіршілік тынысы, өткені мен бүгіні жайында не айтар едіңіз? – Ата-бабаларымыз сонау көне заманнан бері-ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, кемел кеңдікпен, ерен ерлік-елдікпен артындағы ұрпағына аманат етіп қалдырған қазақтың ұланғайыр ұлы даласының әр өңір-өлкесінің, әрбір аймақ-аумағының өзіндік орны, өз ерекшелігі бар десек, бұл Мойынқұмға да қатысты. Қазақтың бақ-береке дарыған қасиетті де құтты жерінің бірі ол. Иә, Жамбыл облысы аумағының 44 пайызын алып жатқан, бір қиыры Бетпақтың белімен, бір шеті Балқаш көлімен құшағын айқастырған, Мойынқұм құмы, Шу аңғары, Хантау, Жамбыл, Байғара таулары өңіріне орналасқан осы алып ауданымыздың атағы алысқа кеткен. Себебі, бұл алғашқы қазақ хандығы ту тігіп, қазақ халқын шын мәнінде қара шаңырақ болған тарихи аймаққа жатады. Мұнда халқымыздың тұғыры биік тұлғасы, ұлы ақын, жыр алыбы Жамбылдың кіндік қаны тамған. Ол құм төсін мыңғыртып малға толтырып, елінің игілігін еселеп арттырған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туған жері, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысып, Тәуелсіздігіміздің ту ұстаушысының бірі атанған, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековті өмірге әкелген. Сондай-ақ, қойыны андыздаған аң-құсқа толы болса, қойнауының, өзге елдер де көз тіккен қазына-байлығы, тіпті, мол. Бір алтынды Ақбақайдың өзі неге тұрады! Сондай-ақ, болашақта пайдаланатын өте мол көмір қоры, мұнай өндіруге аса қажет жоғары сапалы барит кені, Қияқты маңында пайдалануды бастаған мол қоры бар қызыл көк гранит тас қоры, Амангелді газы, Мыңаралда, Хантауда біреуі салынып, екіншісі салынып, жатқан цемент зауыттары мақтанышымыз. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына өткен жыл аяғында 20 жыл толды. Ұлттық тарихымыздың осы қысқа ғана кезеңінде елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ғасырларға жүк боларлықтай орасан зор жаңа да тың істер атқарылып, ол қоғамдық санада да көп сілкініс жасады. Бұрыннан қалыптасқан жүйедегі өзгерістер мемлекетке де, жеке адамға да оңай соқпағаны анық. Сондықтан қиындық пен ауыртпалықты бастан кешірдік. Бірақ, демократияландыру бағытын дәйекті ұстанып, нарықтық қатынастар жүйесі арқылы, реформалар жолымен батыл алға басқан Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем танып отыр. Иә, ауыртпалықтың көбі артта қалып, республикамыздағы жағдай шын мәнінде, күннен күнге жақсарып келеді. Жаңаша өмір сүруге бейімделіп қалған халқымыздың тұрмысы түзеле түсуде. Мұның бәрі келешекке деген сеніміміз бен үмітімізді арттыруда. Ауданның жер бедері де әртүрлі. Солтүстік-шығысынан жиектей созылып жатқан Шу-Іле тауы ара-тұра кездесетін биіктері болмаса, негізінен ұсақ шоқылы болып келеді. Оның сілемдері Айтау, Хантау, Желтау, Жамбыл тауы, Байғара деп жалғасып кете береді. Мойынқұмның жер асты байлығының бірқатары, міне, осы аймақта. Бұл таулардың етегі адырлы, қыратты жерге айналады да, одан әрі Бетпақдала үстіртімен жамырай жымдасады. Ал, төбесінен ұшқан құстың қанаты, төсінде жортқан аңның аяғы талатын Бетпақтың қандай екенін бәріміз де білетін болармыз. Ылғал мүлдем аз түсетін, жазы аптап ыстық, қысы өте суық, жауын жауса шегедей болып қатып қалатын қу тақыр жері көп осы шөлді кезінде мойынқұмдықтар жыл сайын қаймықпай кесіп өтіп, мың сан малын сонау шөбі шүйгін, ауасы таза әрі салқын Сарыарқаның сайын даласына айдап апарып, оны жаз бойы жайлайтын. Аудан орналасқан алаптағы тағы бір үлкен аймақ – Мойынқұм құмы. Ғалымдардың зерттеуінше, ол Шу өзені әкелген аллювий, эолды құм шөгінділерінен түзіліпті. Ол негізінен өсімдікпен жартылай бекіген құмды қырқалардан, боз бұйраттардан, тіркес-тіркес төбелерден тұрады. ...Азия құрылығының осы бір ұлы даласын шөлейтке шыдамды, жаны сірі жыңғыл өскен, қыл арқандай ширатылып, тарамыстай тартылып сексеуіл шыққан, қоянсүйек пен көкпегі, кекіресі мен изені жайқалған, күн сәулесі астында да алыстан алтын тоғайдай сағымданып, сылаңдап тұратын алтын сары шиі құлпырған, арасына кіріп кетсең өзің де көрінетін, өзгені де көретін сұйық судыр ши басқан ұлы далаға әзір қауіп-қатер төне қояды-ау дегендей сезік те жоқ еді ғой...» Заманымыздың заңғар жазушысы, әлемге әйгілі қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматов өзінің атақты «Жан пида» атты романында осылай деп жазған. Осынау құла түз, құмды шөлді қақ жарып Шу өзені ағып жатыр. Өзінің бастау-көзін Қырғыз Алатауынан алатын, суы кейде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына дейін баратын, аяғы құмға сіңіп, құрдымға айналатын оны Мойынқұмның тіршілік тынысын ашып, бойына қан жүгіртетін күретамыр десе де болады. – Аудан көлемінде өнеркәсіп айтар­лықтай өркендеп келеді. Халықтың біраз бөлігі жұмыспен қамтылып жатқанын көріп жүрміз. Осы саладағы жеткен жетістіктеріңіз қандай? – Алдымен өнеркәсіптен бастайық. Мәселен, аудан бойынша 2011 жылы жалпы өнім көлемі 22290,2 млн.теңгені құрып, 2010 жылдың деңгейінен 69,1% артты, оның ішінде нақты өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің құны 16662,4 (жалпы өнімнің 74,7% ) млн.теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп өндірісінің ақшаға шаққандағы көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 3,9 есеге ұлғайып, 12427,7 млн.теңгенің өнімі артық өндірілді. Заттай өн­дірілген өнеркәсіп өнімі 887,4 кг. алтын, 318,7 кг. күміс, 239,6 мың тонна барит кені, 144,1 мың тонна барит концентраты, 3989,3 текше метр гранит, 7612,2 тонна гранит бордюрі, 315 мың тонна көмір, 472,8 мың тонна цемент. Өндіріс көлемі Мыңаралдағы цемент зауыты және Ақбақайдағы жаңа фабриканың іске қосылуы әсерінен жедел артып отыр. Өнеркәсіп саласын одан әрі жетілдіру мақсатында дайындалған ауданның 2011-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына жалпы құны 51,9 млрд.теңгені құрайтын 4 жоба енгізілген. Бүгінгі таңға игерілгені 49,0 млрд.теңге. Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасына енгізілген «Хантау цемент зауыты» жобасының бастапқы жоспарланған құны 8,3 млрд.теңге, жылдық өндірістік қуаты 500 мың тонна цемент өндіру болып белгіленген. Бүгінгі таңға 5,4 млрд.теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, жұмысшы тобымен қабылданып алынды. Зауыттың іске қосылуы 2012 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр. Жылдық өндірістік қуаты 1,0 млн.тонна кен шығаратын «Ақбақай алтын алу фабрикасын қайта жаңарту» жобасына «Алтыналмас» АҚ компаниясы 8140,0 млн.теңге (550 млн.АҚШ доллары), қаржы бөліп, толық игерілді. Жаңа фабрика 2011 жылдың шілде айынан бас­тап іске қосылып, 87185 тонна кен өндірді. Бұрыннан қалған 503987 тонна кен қалдығын өңдеп, одан 798,8 кг. алтын, 289,3 кг. үміс алынды. Қазір Ақбақайда 796 адам жұмыс істесе, оның ішінде 606 адам өз ауданымыздың азаматтары. Сонымен қатар, жобалық құны 882,0 млн. теңгені құрайтын Сарыбұлақ-2 кен орнынан тартылған 76 шақырымдық ауыз-су жүйесінің жұмыстары 90 пайызға аяқталды. 34,9 млрд.теңгені (233,0 млн.АҚШ долл.) құрайтын «Мыңарал цемент зауыты» салынған инвестицияны 100% игерді. Жоба аясында екі компания, бірі каръерді басқаратын «Мыңарал Тас Компания» ЖШС, екіншісі цемент зауытын басқаратын «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС жұмыс істеуде. Зауытта барлығы 277 адам жұмыс істейді. Оның ішінде қазақстандықтар 245 адам (мойынқұмдықтар 56 адам), қытайлықтар 25, басқа шетел азаматтары 7, Цемент шығарумен 230 адам айналысады. Бүгінгі күнге М400-Д20, М500 маркалы цемент өндірілуде. Цемент өнімдері Қазақстан Республикасының аймақтарына өткерілуде. Өткен жылы 472,8 мың тонна цемент өндірілді, бұл ақшаға шаққанда 5876,9 млн.теңгені құрайды. Сонымен қатар зауыттың жанынан жұмысшыларға арналған 96 пәтерлік 6 үй соғылды. «Аль-Басар» ЖШС Қияқты стансасында жалпы құны 570,0 млн.теңге тұратын (3,9 млн.АҚШ долл.) жылдық өндірістік қуаты 4900 текше метр гранит өңдейтін цех құрылысын аяқтады. Цехта барлығы 93 адам жұмыс істесе, оның 59 мойынқұмдықтар, 2011 жылы 7612,2 тонна немесе 61982 п/м бордюр, ақшаға шаққанда 235,0 млн.теңгенің өнімі өндірілді. Келесі кезекте ауыл шаруашылығы жайына келейік. Ауданымыздың аграрлық саласында да біршама ілгерілеушілік бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3217,2 млн.теңгені құрады. Оның ішінде 2087,2 млн.теңгесі мал, 1130 млн.теңгесі егін шаруашылығының үлесінде. Өнім көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға артты. – Ауданның негізгі басты саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Сонау бір жылдары бұл аудандағы қой саны жарты миллионға жетіп жығылатын. Дала аруы жүгері дақылын өсіруде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүрді. Қазіргі кезде қандай тірлікпен айналысып жатырсыздар? – Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жерлердің көлемі 503339 га, оның ішінде 5568 га суармалы егістік, 29644 га шабындық. 429455 га жайылымдық. 38672 га.бөгде жерлер, 619 шаруа қожалықтарына берілген жердің көлемі 233760 га.оның ішінде 4501 га.суармалы егістік, 12264 га шабындық, 216995 га жайылымдық. Осы суармалы егіс­тіктің 3370 га. Жері шаруа қожалықтарының еншісінде. Бүгінгі күнге мүйізді ірі қара 21499, қой-ешкі 166994, жылқы 4635, түйе 1052 басқа жетті немесе өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, қой-ешкі 100,1, жылқы 108,4, түйе 102,8 пайызға өсті. Мал өнімдерін өндіру едәуір артып отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау аясында шаруа қожалық­тарына несие беру ісі жақсара бастады. 2011 жылы «Мойынқұм кредиттік серіктестігі» арқылы 13 шаруа қожалығына 24,0 млн.теңге, облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 17 жеке кәсіпкерге 15,5 млн.теңге несие берілді. «Аграрлық Несие Корпорациясы» арқылы «Үркер» шаруа қожалығы 20,0 млн.теңге, «Көркем» шаруа қожалығы 14,4 млн.теңге, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Айқын» шаруа қожалығы 7,5 млн.теңге, «Аяулым» шаруа қожалығы 5,4 млн.теңге несие алды. Мал басын аман сақтау, төл есебінен кө­бейту мал дәрігерлік жұмыстардың тиімді әрі сапалы жүргізілуіне байланысты. Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу үшін республикалық бюджеттен 60,7 млн.теңге бөлініп, толық игерілді. Барлығы 18663 бас мүйізді ірі қара бірдейленіп, компьютерлік базаға енгізілді. «Конго-Қырым геморрогиялық қызбасы­ның» табиғи ошағында қоныстанған аудан тұрғындарын қорғау мақсатында малдар мен аула, қора-жайларды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары аудандық бюджеттен бөлінген 3,6 млн.теңгеге толық жүргізілді. Экономиканың негізі кәсіпкерлікте дейтін болсақ, 2012 жылдың 1 қаңтарына ауданда тіркелген 94 шағын кәсіпкерлік субьектілері құрылымдарынан толықтай және ішінара жұмыс істеп тұрғаны 47. Бұларда 610 адам еңбек етуде. Жыл ішінде 747,2 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді, бюджетке 55,2 млн.теңге түсірілді. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға 609 адам тіркеліп, оның 526-ы жұмыс істеуде. Барлығы 234,3 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілсе, бюджетке 12,6 млн.теңге кіріс келтірілді. Ауданда тіркелген 619 шаруа қожалығында 1543 адам жұмыспен қамтылған. Барлығы 169,3 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 12,6 млн.теңге кіріс келтірілді. Ауданда тіркелген 619 шаруа қожалығында 1543 адам жұмыспен қамтылған. Барлығы 169,3 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 2,5 млн.теңге кірістелді. Енді бюджет мәселесіне келейік. 2011 жылға бюджетке салықтар мен төлемдер түсу болжамы 2283,6 млн.теңге болса, нақты 2312,6 млн.теңге жиналып, 29,0 млн.теңге болжамнан артық түсті немесе 101,3 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет болжамы 919,9 млн.теңге болса, нақты бюджет қорына өндірілгені 950,5 млн.теңге немесе 103,3 пайыз. Жергілікті бюджет болжамы 1363,7 млн.теңге болса, нақты 1362,2 млн.теңге өндіріліп, болжам 99,9 пайызға орындалды. Оның ішінде аудандық бюджетке түсетін түсімдер болжамы 840,9 млн.теңге болса, нақтысы 834,5 млн.теңгені құрап, 99,2 пайызға орындалды. Облыстық бюджеттен келіп түскен трансферт көлемі (жоспар 2488,1) 2486,1 млн.теңге, оның ішінде жоспарланған 1642,7 млн.теңге субвенция толық түсіп, мақсатты жұмсалды. Бюджеттің шығыс бөлігі 3314,8 млн.теңгеге немесе 99,5 пайызға орындалды. – Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асып жатыр. Жалпы әлеуметтік жағдайға тоқталып өтсеңіз? – Ауданның әлеуметтік саласында да айтар­лықтай жұмыс бар. Соңғы мерзімде 534 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұ­мысқа 178 адам, «жастар іс-тәжірибесіне» 16 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 31 адам тартыл­ды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,4% құраса, ал кедейшілік деңгейінен төмен тұрып жатқан халық саны 2,1 пайызды құрады. Аудан бойынша жыл ішінде аз қамтылған 170 отбасы анықталып, оның 861 мүшесіне 11750,0 мың теңге «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» тағайындалып, толықтай төленді. 18 жасқа дейінгі 1244 отбасының 3428 балаларына 47452,0 мың теңге, үйде оқытылып тәрбиеленетін 27 мүгедек балаларға 820,6 мың теңге балалар жәрдемақысы төленді. 873 аз қамтылған отбасыларының 4304 мүшесіне 4000,0 мың теңгенің тұрғын-үй жәрдемақысы төленді. 2011 жылы 5 зейнеткер қария қарттар және мүгедектер үйіне орналастырылды. Сонымен қатар облыстық басқарма арқылы 1-ші топтағы 16 мүгедекке бөлмелік, серуендік қол арба, 26 мүгедекке емдеу-сауықтыру шипажайларына демалуға жолдамалар берілді. – Жас ұрпаққа білім беру жайына тоқтала кетсеңіз? Ауданда білім саласы бойынша 22 орта, 4 бас­тауыш мектеп, 10 балабақша және 8 ша­ғын орталық бар. Оның ішінде 16 мектеп тип­тік, қалған 6 орта және 4 бастауыш мектеп ың­ғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Аудандағы 5228 оқушының 3389-ы қазақ сынып­тарында оқыса, 1839-ы орыс сыныптарында білім алуда. 10 балабақшадағы 28 топта 680 және 8 шағын орталықта 275, барлығы 755 бала тәр­биеленуде. Ауданда 877 мұғалім бар. Олардың 719-ы жоғары, 158-і арнаулы орта білімді мамандар. 2010-2011 оқу жылында барлығы 456 оқушы мектеп бітірсе, оның 335-і (73,5 пайыз) ұлттық бірыңғай тест тапсырып, аудан бойынша орташа көрсеткіш 86,05 балды құрады. 9 оқушы «Алтын белгіге», 6 оқушы «Ерекше аттестатпен» бітіріп шықты. 2011 жылға жалпыға бірдей міндетті білім қорына жергілікті бюджеттен 25574,0 мың теңге қаралып, толық игерілді. Бастауыш сынып (1-2 сынып) оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастыруға 30144,0 мың теңге қаралып, толық игерілді. Ауданда 5228 оқушының 4254-і (81%) қоғамдық негізде тамақтанды. Оның ішінде 1701 оқушы (583-і аз қамтылған, 1118-і 1-2 сынып оқушылары) тегін тамақтанды. – Аудан тұрғындарына медициналық қыз­мет көрсетудің жай-күйі қалай? – Ауданда 145 төсектік 1 аудандық орталық аурухана, 20 төсектік Бірлік ауылдық ауруханасы, 40 төсектік 1 туберкулез ауруханасы. Шығанақ емханасы, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП, 11 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Денсаулық саласында барлығы 46 дәрігер, 210 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді. 2011 жылы орталық ауруханаға 22,2 млн.теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды. Бірлік ауылдық ауруханасының жылу жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстарына 4,6 млн.теңге бөлініп, толық игерілді. Ұланбел дәрігерлік амбулаториясына 2,3 млн.теңгеге «УАЗ» автокөлігі, орталық ауруханаға 1,6 млн.теңгеге «Нива» автокөлігі алынып берілді. Мыңарал стансасынан 10 келушіге арналған жаңа медпункт соғылып, пайдалануға берілді. Аудандық орталық ауруханада 2008 жылдан бастап іске қосылған телемедицина арқылы ауыр науқастарға облыс орталығынан тікелей кеңес алып отыру мүмкіндігі жасалды. – Мәдени, тұрмыстық қызмет көрсету мәселесі қалай атқарылып жатыр? – Мойынқұмның мәдениеті мен спорты да алға басуда. Ауданда 1 аудандық мәдениет үйі, 16 клуб, 19 кітапхана жұмыс істеуде. Аудан бойынша кітапханаларда 227268 кітап қоры болса, онда 12000 оқырмандар бар. Өткен жылы кітап қорын толықтыру үшін аудан бюджетінен 2,0 млн.теңге бөлініп, оған 2067 дана кітап алынды. Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауға қатысқан аудан командасы ІІІ орынды иеленсе, Меркі ауылында өткен «Ғұмыр театр» облыстық байқауында «Мойынқұм», «Құмөзек» халық театрлары М.Шахановтың «Жер туралы – жыр» драмасын көрермен назарына ұсынып, жүлделі 2-ші орынды иеленді. Клуб мекемелерінің материалдық-техника­лық жағдайын жақсарту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, аудан бюд­жетінен Биназар ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге 3,5 млн.теңге бөлінді. Ауданда 1 стадион, 25 спорт залы, 71 спорт алаңы халыққа тұрақты қызмет етеді. Спорт залдарының 23-і, спорт алаңдарының 45-і жалпы білім беретін орта мектептерде орналасқан. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған 1 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 8 түрі бойынша 16 жаттықтырушы қызмет етеді. Спорт мектебіне 640 бала қамтылған, олар ауданның мектеп оқушыларының жалпы саны­ның 12 пайызын құрап отыр. Спорт мекте­бінде жаттығатын балалардың саны 2010 жылмен са­лыс­тырғанда 58 балаға немесе 10 пайызға өсті. ­Өткен жылы дене шынықтырумен және спортпен 5297 адам жүйелі шұғылданды. Олар аудан халқының 16,2 пайызын құрап отыр. Спортпен шұғылданушылар саны 2010 жылмен салыстырғанда 695 адамға, немесе 15 пайыз­ға артты. Сонымен қатар, 108 спорттық-көп­шілік іс-шаралар өткізіліп, оларға 10 мыңнан аса адам қатыстырылды. 2011 жылы аудан ор­та­лығы Мойынқұм ауылында облыстық футбол федерациясының демеушілігімен жасанды төсеніші бар, қазіргі заман талабына сай келетін кіші футбол алаңы салынып, пайдалануға бе­рілді. Аудан бюджетінен жергілікті жерде спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға, облыстық спорттық іс-шараларға аудан командаларының қатысуы үшін 1400,0 мың теңге бөлініп игерілді. Спорттық құрал-жабдықтар мен спорттық киімдер алу үшін 12 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыға жалпы білім беретін орта мектептер мен ауылдық, кенттік округтерге бірінші кезекте қажетті спорттық құрал-жабдықтар мен киім-кешектер алынды. – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр? – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келген 41 жас маманға республикалық бюджет есебінен 5378,0 мың теңге көтерме жәрдемақы, ал 14 жас маманға тұрғын үй сатып алуға 21674,0 мың теңгенің несиесі берілді. Облыстық бюджеттен медициналық жоғары оқу орнына қаралған 2312,0 мың теңге оқу гранты 3 студентке жән көтерме жәрдемақы үшін қаралған 200,0 мың теңге жаңадан келген 1 дәрігерге төленді. Қазақ Аграрлық университетінде оқитын 2 студенттің малдәрігері мамандығына оқу ақы­сына аудандық бюджеттен 520,0 мың теңге төлен­се, республикалық бюджет қаржысына «Құлан» ветеринарлық колледжінде мал дәрігері мамандығына 36 бала оқытылып жатыр. Ау­дан­дық бюджеттен жас мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін қаралған 8600,0 мың теңгеге 3 дәрігер, 3 мұғалім және 3 учаскелік полиция уәкілі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Құрылыс, жол жөндеу, байланыс саласында да ілгерілеушілік бар. Мәселен, 2011 жылы ауданның ауыз су құбырының жобалық сметалық құжатын дайындауға республикалық бюджеттен 11800,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 19080,0 мың теңге бөлініп, Бурылбайтал ауылы, Бурылбайтал стансасы, Мирный, Қияқты, Қылышбай ауылдарының құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде. Облыстық бюджеттен бөлінген 102645,0 мың теңгеге 3 мектепке (Ақбақай, Т.Рысқұлов, Момышұлы), аудандық бюджеттен бөлінген 35470,0 мың теңгеге 4 мектепке (Ленин, Рыс­құлбеков, Қашқантеңіз, Ағыбай батыр) барлығы 138115,0 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде жеке тұрғындардың өз есебінен жалпы алаңы 3011 шаршы метрді құрайтын 34 тұрғын үй салынды. 2011 жылы 9 көшеге, 6 ауылдық округтердің кіре беріс жолдарына облыстық бюджеттен 306,8 млн.теңге, аудандық бюджеттен 27,2 млн.теңге, барлығы 334,0 млн.теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Аудандық телекоммуникациялар торабы бойынша 2011 жылдың басына 3906 телефон нүктесі болса, 2012 жылдың 1қаңтарына 3986 абонентке жетіп, 80 абонентке көбейді. Аудан бойынша 424 абонент АДСЛ-Мегалайн қызметін пайдаланып отыр. Сонымен қатар, 15 мың метр ескі желілер жаңа маркалы желілерге және 102 жарамсыз бағаналары ауыстырылды. Ауданда 22 пошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетіп, газет-журналдармен қатар зейнетақы, жәрдемақы, жалақыларды уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуде. «Нұр Отан» ХДП-сы аудандық филиа­лы­ның ұйымдастыруымен сыбайлас жемқор­лықпен күрес, халықтың әл-ауқатын жақсарту, халыққа қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталған түрлі деңгейдегі кездесулер, бас­­­қосулар мен дөңгелек үстел отырыстары өткізілді. Аудандық ардагерлер кеңесі ар­қылы өзекті мәселелер жиі көтеріліп, өзара ықпалдастық арқылы шешімін тауып отыр. Міне, халқының береке-бірлігі жарасқан, адамдары еңбекпен өніп-өнген, жерінің қазына байлығы мол, өңірі аң-құсқа толы қасиетті Мойынқұм өлкесі бүгінде осындай. Қиыр шетте жатса да, еш қиындыққа мойы­май, уақыт талабына сай іргелі іс атқарып, заман ағымына іркілмей ілескен ер көңілді мойын­құмдықтар да ел ертеңіне, Қазақстанның кемел келешегіне үлкен сеніммен қарайды. Сол үшін де ұрпақ өсіріп, ұлағатты ісін жақсы жалғастыруда, өздерінің де, елінің де игілігінің артуы жолында жұмыла жұмыс атқаруда. – Әңгімеңізге көп-көп рахмет. Еңбек­тері­ңізге мол табыс тілеймін. Сұхбаттасқан Болат ОҢҒАРБАЙ.

680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз