• Ел мұраты
  • 18 Мамыр, 2015

Қазақстандық жетілудің ұстанымы: Мәңгілік Ел және қазақтану

Жақан Молдабеков, 
философия ғылымдарының
 докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
профессоры

Ел мен әлеумет арасында пәрменді саясат жүргізушілердің әрекеті іргелі тарихи оқиғаларға орай өрбуде. Еліміздің әлеуметтік бетбұрысы мен ұлттық инновациясының негізі «Қазақстан-2050» стратегиясында анық­талынды. Қазақстанның жаңғыру жол­дары Президент Н. Назарбаевтың ұсы­нысында әлеуметтік арнасын тапса да, оны құры­лымдық және әдістемелі тұрғыдан талдау баяу, бытыраңқы. Жаңалықтың жасам­паздығын ашу – үлкен міндет.


Стратегияда әлеуметтік-саяси және мә­дени бетбұрыстың сабақтастығы ұсы­нылды. Ол дегеніміз «Қазақ елі – интеллектуалды ұлт – Қазақ мемлекеті», «Қазақ елі – Мәңгілік Ел – Нұрлы жол» немесе «Қазақ елі – Нұрлы жол - интеллектуалды ұлт -  қазақ мемлекеті – Мәңгілік Ел» бағдарламасы. Сатылы бетбұрыс – дәуір алмасуына тұспа-тұс келді. Оның мәйегі – тарихи түйіндерде, өзара сабақтас буындарда, мүдде бірлігінде. Болашақ өрістің өресін, қозғаушы күштерін анықтау, олардың ішкі байламының тетіктерін тиянақтау – гума­нитарлық-мәдени ықпалдастық айналымы екенін мойындаушылық бар, бірақ ұлттық талғам мен талдау тар.  
Өміршең өркениет аясында Қазақ елі тарихи қозғалыс пен әлеуметтік прогрестің жаңа деңгейіне көтерілуде, ішкі рухани эволюциясын жаңғыртуда. Өтпелі кезеңде үшбірдей бастаудың – өрлеу кезеңнің үрдіс­тік сипаттарын анықтаудың, қатынасты әрекеттің жүйесін қалыптастырудың, адам өмірінің барлық саласын жаңғыртудың маңызы анағұрлым артуда.  
Тәуелсіздігін алған қоғамда қазақ хал­қының тарихын – мәдениетімен, мәде­ниетін – дәстүрімен, дәстүрін – басқару салтымен, басқаруды – өндіріс тәсілімен, тір­шілік тәжірибесін – талғаммен,  дүние­танымын – жаңашыл ағыммен үй­лес­­тіретін шешуші кезең келді. Кешенді де құзырлы білімге деген сұраныс артуда. Ин­теллектуалды мамандардың ынтасын арт­тыратын кеңістік пен келістік туралы ой баптаудан гөрі сөз саптау күш алуда. Келелі проблемаларды қамтитын білімнің саласын Президентіміз «Қазақ елі», «Мәңгілік Ел» идеясы деп атағаны мәлім. Идеяда егемендіктің мәңгі құндылықтары мен  ұлттық тарихтың бастаулары тоғысуда.
 «Қазақ елі» – үлкен әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі тарихи жетістіктердің, мә­дени мұралықтың, этникалық әдет-ғұрыптың бірегей жиынтығы. Оның ру­хани-гуманитарлық көрінісі, кезеңі, көр­сет­кіші өткеннің тұрмыстық та, көркемдік те жарқын көшірмесін көбейітті.
Қазақ елінің тарихы – «көне әлемдік тарихтың бір бөлігі». Қазақ елі – а) көне тарих көзі, әлеуметтенудің халықтық тұтас теңдеуі; ә) жазира кеңістіктегі атақоныстың тұрағы мен түрлері; б) табиғи жағдаймен этникалық топтардың түптесуі, өзара ық­пал­дастығы және сабақтастығы; в) өңірлік өмір салтты реттеудің дәстүрлі қағидалары мен тәжірибелерінің тұтастығы. Қазақтың өмірлік дәстүрінің арынды шырқы мен шынары осында.
Қазақ халқы «ел» ұғымына ерекше ықылас танытады, Ақ Орданың кие­лі қасиеттері мен басқару өнерін ен­діреді. Ел – көне, әрі көп мағыналы ұғым. Оны адамның атамекенінде әлдену, ата­жұртта әлеуметтену жолдарынан, табиғаттан және туған, өсіп-өнген ортадан ажырата алмаймыз. Әр заманда халық елді – жұрт, қауым, халық; ту­­ған жер, өскен орта; шыққан тегі, руы, негізі, заты; отан, туып-өскен жер; туыстары мен дос-жарандар, тайпалық бірлестіктер мағынасында қолданған. Ел – мемлекеттен бұрын қалыптасқан әлеуметтік-этникалық қауымдастықтың тұрақты тіршілік ортасы, оның белгілі бір кеңістікте өмір сүру дәстүр-салты. Құрылымдық деңгейде, ел – өткен мен бүгінгінің біртекті байланысы аясында дағ­дылы дәстүрдің жаңғыру көрінісін ай­шық­тайды. 
Содан ел дегенде – байырғы қатынастың қалыптасқан көнбіс кейпін, жарандықтың өрісін, жарастықтың өлшемін тілге тиек етеміз. Көп мағыналы сөздің қолданысы да қилы-қилы: а) байтақ ел, бір тайпа ел, дүйім ел, жайпақ ел, көшпелі ел, күншығыс елі, кісі елі,  егіз ел,  дамыған ел, егемен ел, тәуелсіз ел; ә) егінші ел, малшы ел, тұрақты ел; б) аңқау ел, артта қалған ел, бейбақ ел; в)  ел белгісі, ел іші, ел арасы, ел жақтаған, ел еңсесін көтеру, ел көшті, ел қарату, ел тарту, ел(жұрт) тану, ел ырысы, ел намысы; г) ел бағу, ел қамқоры, ел қорғау, ел еркесі, ел ағасы, ел-ана, ел билеуші, ел басқару, Ел басы; д) ел алдында, ел біткен, еларалық, ел аузынан, ел әдебиеті; е) елге жанасты, елден шықты, елден асқан, елден ерек, елге танылды, елден безген, елден ала-бөтен, елге сыймады; ж) елдік аңғарым, елдің мінезі,  елдің қуаты, елдің салты, елдің алдына түсті, елдің есінде қалды, елдің тұтқасы мен іргесін ұстау, елдің жоқтаушысы дегендей 58 мағынада қолданыс табуда. Халқымыздың түп-тамыры, тарихы, талпынысы елдің жаңаруынан білінуде. 
Қайнардың қуаты – жерұйықтың мәдени ошағында, туған елдің  тартылыс күшінде, бабаларға деген тағзымда. Осыдан, «сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деген А. Байтұрсынұлының тоқтамы еске түседі. Ұлы ағартушы үшін тарих дегеніміз ел тарихы екенін ұмытпалық. Ел тарихының ақиқаты – елге құрмет, батырға тағзым үлгісі, ел есінде ер есімі қалатындығының айғағы. Онда елдік пен ерлік – егіз ұғым, бүтін болмыстың бүтіні. Тірі тарих арқылы ұрпақ өткен өмірге, тарихқа тағзым етеді, келешекке үмітпен қадам басады.
Бұдан туындайтын түйін: «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран!», «Жеңіске құрмет – ұрпаққа ұлағат!». Азаттық пен бостандықты – мұрат еткен, Отанға – жеңіс, салтанат сыйлаған Ерлер есімі мен еңбегін басты назарда ұстау – ұлттық ерекшелігіміз, мерейлі міндет һәм кәделі іс-шара.
Ел болудың, елдіктің белгілері: 1) белгілі бір аумақта болмысын жалғастыруы, өсіп-өнуі; 2) әлеуметтік қауымдастықтың тұрақтанған сапалы түрлері; 3) мемлекеттік билік қызметін іске асыратын мекемелерінің ерекше жүйесінің ыңғайы; 4) мемлекеттік басқарудың ережелер жүйесіне негізделген халықтық салт-дәстүрлер ықпалдастығының көріністері.  Ел әлеуметтік тәртіпті жаңғыртты, өз тарихы мен мәдени мұраны құрметтеді. Әлеуметтік және мәдени құндылықтарды сақтайтын ой бастаушыға, қорғайтын қол батырына  халқымыздың ілтипаты суымаған. 
Ел-жұрт арасында батыл да батыр болу үшін ыстық жүрек, тайсалмас жігер, таби­ғи дарын, намысты әрекет керек еді. Тұлғалының сөзінен ой өрісі кеңейді, тал­ға­мына зеректер тұрақтады, рухани өрі­сін  талаптылар таңдады. Сол әлеуметтік серіктестікте талапкерлер ұшқындады, елім, жерім дейтіндердің аузынан киелі сөздер шықты. Елін сүйген азаматтар отты да озық ойларымен, ыстық ынта-ықыласымен өзін ғана емес, ел-жұртын танытты. Екі түйінге тоқталық: «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе?» (Бауыржан Момышұлы); «Жалған атақ жолына түс­кен­дердің қисапсыз қаптауы – ұлттық құндылықтардың құлдырауына алып келе­тін төте жол... Құндылықтардың бүгінгі құл­дырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең» (Т. Шарманов).
Не демелік, ел – адамды тәрбиелеудегі қоғамдастықтың рөлі мен ықпалын арттырды, ал, серіктестік – тұлғалық құндылық­тарымен, адамгершіл ізгілігімен мәңгі. Ел туралы  келелі түсінікті қалыптастыру үшін а) этнocтық aумaқ, этнocтық caнa, xaлықтық этнoним ұғымдарының нақты мазмұнын айқындау; ә) этнocтық oй-caнa – этнocтық caлт-caнaның, әдeт-ғұрыптың, дүниeтaным көзқaрacтaрының кeмeлдeну тәсілдерін жи­нақ­тау; б) ұрпақ қалаған дәстүр мен ел дана­лығын саралайтын теориялық-әдіс­темелі деңгейді көтермелеу қажет. Рухты көтермелемек ырық көкіректі кернеуде.
Ұлттық болмыстың табиғи бұлқы­нысын, өкінішін, намыс жануын көрсете алу, көрсете білу – рух ұштастығын, ұтқырлығын білдіреді. Ақиқатқа тіке қарау, тура жырлау – ой салымын арттырды. Ауыз алымдылығы тіршілік тынысында, кеңістік көлемінде қатар өрбіді, қазақты өзіне танытты.
Байыбына барсақ, «елдік» ұғымы: а)  бітімді, бітім түрлерін, бітімдіктің деңгейі мен мұратын білдіреді; ә) атамекендегі, туған жердегі естілердің бірлесуін, есей­гендердің бітімдесуін аңғартады; б) халық­қа, елге тән жақсы қасиет, татулық, бірлік, ынтымақтастық деген мағынада қолданыс тапты. Елдікте есейдік, ер жеттік, өзара жарастық.
 Елдегі үш сабақтастықта – табиғатпен тілдесіп   жарасқанда,    адам еркіндігі же­тіл­­­генде, қоғамда ашық жүйе ор­налас­қанда гуманистік дәстүр етек жай­­ды. Қазақтың гуманистік дәстүрі ру­хани құндылықтарға, әлеуметтік серік­тес­тікке, интеллектуалды мәде­ниет­­ке, ұлтаралық келісімге, елара­лық ынты­мақтастыққа негізделді. Алаштың аңса­ған мұраттары көңілден кетпеді, бірақ бір­ден қол жетпеді. 
Елдіктің рухани-интеллектуалды бас­тауы – қауымдастық сезімде, елдік ұғымда, ел-жұрттың атақоныстағы өмір салтында,  діни наным-сенімінде, алмасудың өркениетті үлгісінде. Елдің нысаналы  қа­рым-қатынасында ыңғайлы келісім әрқа­шан қолдау тапты.  Бітімді әрекет адамның жан дүниесін тазартты, ақыл-ойын ұшқындатты, туып-өскен ортаға деген тартылысты үдетті. Тұтасқан тіршілік елдік бейне мен мұрағаттылықты қалыптастырды, үміт ақтар мекем медетте жарасты жалғасын тапты. 
Қазақстанның ел болып жаңаруына, өзіндік даму жолын қалыптастыруға гума­нистік дәстүр, рухани фактор, эт­нос­аралық қарым-қатынас мәдениеті, мә­де­­ниеттер мен өркениеттер диалогы, қо­ғамдық келісімді сақтау және нығайту қа­дым­дары ерекше ықпал етуде. Бұл факторлар халықтың а) адамдық үйлестігіне демеулік ететін ішкі байламымен; ә) интеллектуалды мәдениеті мен ұлттық мүддесін қалыптастыратын әлеуметтік бағдарымен; б)  қоғамның тұрақтануына, халықтың күш-жігерін біріктіруге  бағытталған басым­дықпен әрдайым ұласады.  
Жаңа Қазақстанды, тәуелсіз елді тану – оның қозғаушы күшін, әсіресе әлеуметтік күшін, интеллектуалды ресурсын, мәдени капиталын танумен ұласуда. Тәуелсіздігін алған Қазақстан үшін  жаңару кезеңі, ұлттық мәдениет, этносаралық қатынастың негізін нығайту – татулық пен тиімділікке жол. 
Тәуелсіздік тетігі – ел қуаты мен гума­нистік мәдениетте, елдіктің өмірлік сабағы – тәуелсіздік тәжірибесінің үйреткені мен гуманистік жаңғыруында. Осы бастау­лардың түп-нұсқасы іштей үйлесімді үш факторға – адам ресурсына, адами қаты­нас­­тардың құндылығына, туыстық жан­­а­шыр­лықтың  пәрменділігіне тікелей тәу­­елді. 
Қоғамдық қорға ұлттық сипат енгізу үшін үшбірдей ұстанымды – ұлттық идеяны жаңғырту, мәңгі ел идеясын толықтыру, ойлану өнері мен патриоттық сенімді тұтастаудың қажеті артуда. Рухани бұл бас­таулар а) бүкілқазақстандық бірегейліктің тірегі әрі оттығы, ә) тәуелсіздік пен теңдік идеясының, ағартушылық құндылықтар мен этникалық дәстүрдің, халықтық тәлім-тәр­бие тәжірибесінің өлшемді өрісі. Жаңа талап пен сұраныс ел болып бейімделудің сатыларына айналуда. 
Жаңа жағдай мен бетбұрысқа ел болып бейімделу – қоғамның демократиялық ағымы. Демократиялық ілгерілеудің ере­жесі – жүйелі бас қосып, өзгеге төзім­ділікпен қарау, өзгеден үйрене білу;  туған жерге тағзым ете отырып,  ұлт ұясын ұлықтау; өз мәртебемізді қадірлеу барысында киелі өңірдің бар мүмкіндігін та­разы­лау; еліміздің ағартушылық, ұлттық дәстүріне жас ұрпақты тәрбиелеу ынтасы­нан нәр алады. Жүйелі жақындасу ұтым­дылығы – қайтарымы мол ұтқыр ұғым­дықта, тиянақты әлеуметтік серік­тестікте, рухани ресурсты жүзеге асы­ру мүмкіндіктерін жетілдіруде; отандық өр­кениет­тіліктің бүгінгі айғағы мен болашақ өнегесінде. 
Ел ерлігін, ұрпақ елдігін ұлықтау – азаттыққа жолды туралаудың, егеменді елдің еңсесін көтерудің, мемлекет тәуел­сіздігін нығайтудың нышаны. Қазақ хан­дығының тарихи мұрагері бола білу – о да ерлік. Өйткені, кезінде Абылай ханның «елімді бейбіт өмірге жеткізсем», «қала, кент салсам», «елдің басын біріктірсем» деген үш арманы да, бүгінде шындыққа айналуда. Дағдарыс алпауытында жеке адамның ғана емес, ұрпақтың өмірі, тіпті елдің тағдыры апаттың күтпеген қысымында бұлың­­ғырлыққа ұшырауда, тұйыққа тірел­гендер жаппай дүрлігуде, бірін-бірі басып шаншуда. Кейбір отты аймақта дүние ашық жіктелуде, бүлікке төтеп бере алмай жиған-тергенінен айрылып, ішкі берекесі айрандай төгілуде. Құтырғандар, әлсіздер өркениет уытын тастандыға айналдыруда, адами құндылықтарды таптауда.
Қоғамдық және елдік танымның мәсе­ле­лерін толық қамту және рухани емін-еркін дұрыс пайдалану үшін тұтас та тура әлеуметтік-мәдени қозғалысты, бірлікке қарсы кедергіні тасымалдайтын төңкерісті жүзеге асыру мұқтаждығы артуда. Әлеуметтік-мәдени ниеті ортақ топтасу – елдікке құнды  іріктемелі инвестиция, «Мәңгілік Ел» идеясының қарқынды қуаты, қазыналы көзі екенін енді түсінудеміз.
Президент Н. Назарбаев ұсынған бұл стратегиялық бағыт несімен құнды? «Мәң­гі­лік Ел»; 1) ұлттық  идеяның тұғыры, ұлттық идеологияның басты ұстанымы; 2) «елдің  біріктіруші күші, таусылмас қуат көзі» (Н. На­зарбаев); 3) еліміздің рухын көтеретін саналы ұрпақтың қалыптасуына, болашаққа ұмтылуына қажетті ұлттық инновацияның арқауы; 4) бүгінді болашақпен ұштастыруға, үйлестіруге арналған сенімді серпілістің арқауы, ілкімді істердің жалғасы. Қиялда қанаттанған мәңгілік сезімді сергітті. 
Тарих қойнауында мәңгілік мұраты халықтық ұстанымды әлеуметтік-филосо­фиялық айналымға енгізді, ал, бүгінде қазақ елінің ұлттық идеясына айналуда. «Мәңгілік Ел» идеясы елдің рухани  бірлігін, халық мәдениетінің тілдік және ділдік іргетасын, азаматтық қоғамның әлеуметтік, мәдени, этникалық бірегейлігін нығайтуға арналған.  Осы тұрғыдан «Мәңгілік Ел» идеясының құндылығы мен тартымдылығын неден аңғарамыз?  
  Біріншіден, ұлттың ұстанымды бұл идеясы Қазақстан дамуының ішкі қажетті­лігінен, мемлекеттік тұтастығын сақтаудан, қоғам тұрақтылығы мен ел бірлігіне қызмет ететін патриоттық тәрбиені жеделдетудің; екіншіден, интеллектуалды дәстүрдің ық­па­лынан, дүниені тұтас қабылдамақ тал­пыныс пен іріктеулі талғамнан нәр алатынын; үшіншіден,  Қазақстанның өзіндік мәдениет, дәстүр, тұрақты әлеуметтік тәртіп және әлеуеті мол мүмкіндіктен қолдау табатынын;  төртіншіден, гуманитарлық қауіп-қатерге қарсы іс-шараларда сарапталынатынын сезінудеміз. Мәңгілікке демеу тұрақты өндірісте, озық өнерде, жарасымды өмірде, құндылықтарды қолдайтын қоғамдық ниетте көрініс алады, тұрлаулы жолда құптарлыққа бөленеді. 
Елдіктің елеулігін асыру дегеніміз  қоғамдағы басалқы заңдылықты адам­заттық прогресс тұрғысынан толық­тыруға, өңдеуге ықылас-ынта таныту; болашаққа деген талпыныстың басты, ішкі мотивін жаңғырту, әлеуметтік-мәдени тәртіпті игеруді мақсат тұту; қозғалыстағы бірқалыпты ауқым мен шығыны басым іс-шарадан арылу әрекеті, әрбір қимыл-әрекеттің ықпалына, өзгер­ту қарқынына, жаңарудың сапасы­на ерек­ше мән беру; тіршілік орта­сындағы уақыттың әлеуметтік өлшеміне, әлеу­­меттік және мәдени ресурс­ты бірге пайдаланудың траектория­сы мен динамикасын бақылауды стратегиялық мақ­сат ретінде қабылдау. Жүйелі мақсатты жүзеге асыру үшін түрлі корпоративті қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың әдіс-амалын тоғыстыруды – басты бағдар, ұтымды ұстаным және шешуші міндет ретінде қабылдау – іргелі ізденіске серпіліс ендіреді. 
Мәңгілік ел ережесін құрайтын талаптар алуан. Талаптар  құндылықты жоюға немесе салт-дәстүрді «көлденең қиып тастауға»  жол бермей, адам қасиетін және ел мұрасын көтермелеуге жасампаздық танытудан; адам қасиеті мен капиталын пайда табудың құра­лына айналдырмай, керісінше, адамдық бол­мыстың жасампаздық қайнарын ашу амалынан, оны сауатты қолдануды үйренуден; адамды өзінің тұтас болмысына және өнімді өмірлік позициясына оралту, сол үлгіге жол ашу, сол өнерге үйрету қағидасынан құ­ра­лады. Тұтастықты әлсіретіп немесе жойып, маңызды байланысқа қол жеткізе алмасақ, көп нәрседен арыламыз, ең бастысы, адамның сенімінен, қауымдастықтың серіктестігінен айрыламыз.
Мәңгілік Ел идеясын ортақ қайнарымыз, жоғары мақсатымызға     бетбұрыс деуіміз осыдан.  Мәңгілік Ел идеясының рухани күші – 1) азаматтық теңдікте, еңбексүйгіштікте, адалдықта, оқымыстылық пен білімді қас­тер тұтуда, зайырлылық пен тағаттылық  үлгісінде; 2) қоғамдық жүйені бекіте түсе­тін іс-қайратты демейтін ұйытқылықта; З) айқын, креативті ой түйіндерінде, іргелі,  сарынды бастамада, әрбір бірлестікті кү­шейтетін қажеттілікте; 4) біртұтас халық­ты жарық күннің болашақтағы саяси-әлеу­меттік, этномәдени жағдайларына бейім­­дейтін әлеуетінде, демократиялық дәс­түрді күшейтуге жұмылдырар мүмкінді­гін­де. Ішкі және сыртқы талпыныс тоғысын­да өтімді сөз, озық ой, жарасты дәстүр бірін-бірі нәрлендіріп, адам үмітіне мәңгі шуағын төгеді. 
Мәңгіліктің арқауын ширату үшін стратегиялық ресурсты – әлеуметтік тартылысты, мәдени дәстүрді және қайта өрлеу жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ шығармашылық, интеллектуалды және адамгершіл активті жандандыру, пісіріп жеткізу қажет. Мәңгіліктің ресурсы  а) әлеуметтік белсенділік пен  мәдени капиталдың айналымынан, ә) азаматтық ынта мен кәсіби сауатты ұйымдасудан, б) білімдарлық, құзырлық, дарынды ықылас, жігерлі зияткерлік, өзін-өзі ұйымдастыратын қабілеттен құралады. Болашақ бастауы - өшпес ішкі шуақта, әрекетті тірілтер, тұл­ғаны топтастырар қуатта.
Қазақ елінің рухани-интеллектуалды құндылығы туыстық сезімге, күнделікті ашық-жарқын араласқа, адамгершіліктің әліп­песіне сүйенген білімдарлық сауат­тылыққа, сабырлыққа үйретуде. Бітімді әрекет адамның жан дүниесін екпін-екпін та­зартады, ақыл-ойын ұшқындатып, туып-өскен ортаға деген тартылысты үдет­­­­пек. Туған жерге деген тартылыс, туыс-жақынға деген құрмет, адамдық қа­­сиетті жоғары тұту, шыққан текке деген тәнтілік, табиғаттан тыс, құдіретті күшке табыну, көптен бөлін­бей, қауымдастықтың дегеніне көну, өзін шоқтығы биік рухани әлемнің құрамдас бөлшегі ретінде қарастыру, осы жеті құдіретті Пір тұту және жүректе сақтау – қазақтықтың рухани әлеуеті мен байлығын құрайды. 
Еліміздің елеулі кезеңдерін, ұлтымыздың құндылықтарын халық жадында қайта жаңғырту, ұрпақтар санасына сіңіру – төл тарихымыздың іргелі де таңдаулы сұраныстары.  Іргелі таңдаудың түйіні – елдің өз тағдырына, ұлыс пен ұрпақтың болашағына деген шынайы қамқорлықты реттеуге күш біріктіру.  «Тірлік бастауы – бірлікте» деген халық даналығы жаңа кезеңде елдік сипат алуда.
Тарих – ел болған халықтың басты және тағдырлы кезеңі. Ел тарихы  – өзіндік бастауымен құнды, өзіндік бағдарымен қуатты, елеулі тұтас дүниетанымымен құнарлы; мемлекеттік басқару жүйесімен, құқықтық ережелерімен, орнықты әлеуметтік-эконо­ми­калық байланыстар, дипломатиялық қарым-қатынастар жасаумен ерекше. Тұр­лау­лы тарих саяси тәжірибені әлеуметтік ұс­таныммен ұштастыруымен ұлағатты. Сон­дықтан ұрандас идеяның жетегінде  жү­ре бермейді.
Әр дәуірде үстемдік еткен факторлардың құрылымы мен жүйесінің бірдей болмағаны айғақ. Еліміздің ержүрек ұлдары, тарихи тұлғалары тұсында, а) қазақ халқының ұлттық сана-сезімі нығайды; ә) ұлттық сезім мен бірегейлік, мемлекетшілдік ұстаным тарихи-әлеуметтік сыннан, дүниетанымдық сараптан өтті; б) мемлекеттік құрылымның негізі қалыптасты, в) рухымыздың әлеу­меттік мән-мағынасы айқындалынды, адами қызметі қарқын алды. Елдіктің іргесін нығайту – естіліктің, ерліктің нысанына айналды. 
Отандық    тарихшыларымыз соңы ізде­ніс­­терімен тарихи санамызды жаңғыр­туда, сауаттылығымызды арттыруда. Ізденістер қарқыны құптарлық, үмітті оятатын тың ізденістер іріктелуде. Ал, олардың ой-тол­ғамдары мен пікірсайыстарының түйін­ді тоқтамдары қандай? Одан тарихи мәде­ниетіміз қаншалықты жаңғыруда, әдіс­те­мелік мәдениетіміз қай деңгейде жетілуде? Ой­ландыратын ортақ мәселе осында.
Қазақ елінің тағдырлы тарихы тек көш­пен­ділердің дала кеңістігінде қалып­тасты деп бұрын-соңды айтылып жүрген ой-пікірлер өткеніміздің сапалық деңгейлерін тұтас, толық жеткізе бермейтінін мойындайтын ғалымдар қатары көбеюде.
Олай дейтініміз акад. К. Байпақов: «Қа­зақстанның тарихы мен Қазақстанның да­муы екі ұстынға сүйенген, олар: бір жа­ғынан – мал шаруашылығы болса, екінші жағынан – егіншілік пен қала тұрмысы. Ша­руашылықтың осы екі бағыты ұштаса келіп, өркениеттің дамуына, өркениет жетістіктеріне себепші болды». Қазақстан архео­логтары зерттеп келе жатқан 30-дан аса қалалардың байырғы дәстүрі болғаны даусыз. Бүгінде қала өмірінің идеологиялық қырына үлкен мән берсекте, «ол тым үс­тірт сипатталынады», дейді ғалым. Ащы шындық. Бұрыннан кейбір ғалымдардың қайталап жүрген жан айқайы. 
Қазақ жеріндегі қала мәдениетінің тарихи және әлеуметтік маңызы, соның ішінде – өндірісті, сауда-саттықты, тауар мен кәсіп айналымын, ұлттық мемлекетті қалыптастырудағы рөлі мен орны қанағат­танарлық дейгейде ашылмауда. Бұл қо­мақты мәселені – бір мекеме немесе білім­­нің бір саласы алып кете алмайтынын уақыт көрсетті. 
Олқылықтың бастауы,  біріншіден, қазақ елінің тарихы, мәдениеті, дүниетанымы туралы тұтас түсінік пен жүйелі көзқарас орнықпауда; екіншіден, жаңа идеялық, саяси және әлеуметтік-психологиялық тол­­қынға лайықты әдістемелі ізденіс пен ғы­­лыми серіктестіктің кенже қалуында.  Оның себеп-салдары арнайы терең, жүйелі талданбауда. Осы бағытта мемлекеттік талап, ғылыми негіз қаншалықты бірін-бірі тың­ғылықты толықтыруда?
Қазіргі басылымдарда кезеңдік жеке оқиғалар мен қозғалыстарға тарихи, саяси, этникалық  талдау жасау басымырақ. Осыдан Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіхалықованың, «қазақ халқының ұлттық мемлекет ретінде шығу мәселесін, қазақ мемлекеттілігінің мәдени-рухани құндылықтарын, Қазақстан тарихын өңірлік және жалпыға ортақ дүниежүзілік тарихпен өзара байланыстыра арнайы және терең зерделеу қажеттілігін, халықтың тарихи санасын жаңғыртуға, жастарға ұлттық тарих пен мәдениеттің маңыздылығын терең оқытуға ықпал ету қажеттілігін тағы да сызып өтуі тегін емес, өте орынды. 
Мақсат – қазақ елінің арғы тегі мен затын айқындау, қазақ елі мен қазақ хан­ды­ғының бірегейлігі мен өзгешелігін дәлелдеген, елдік пен мемлекеттік құрылым ортақ мүдделестігінің қатар жетілуіне ықпал еткен, кепілдік болған киелі қа­сиеттерді – төзімділікті, кең пейілділікті, пайымшылдықты, қауымшылдықты көрсе­ту, өткен тарихи белестерді түгендеп, тіліміз­дің, діліміз бен дініміздің жаңа орбитасына оралу, ұлттық салт-дәстүрімізді толықтыру, қайта жаңғырту. Еліміз бен мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұрақтатуға тірек-тұтқа болған құндылықтар, тәжірибе мен тә­­сіл­дер туралы тағлымды, білімді, тәлімді, ғылымды бірге және топтас­тыра қалыптастыру, оларды ұрпақ санасына біртұтас  ендіру – өткір, ортақ және стратегиялық мақсат-мүддеге айналуда.
Елдік бітім барысында ұлттық мүддеміз бен мұратымызға жақын идеялық бастамаға, ғылыми негізге, құнды әдістемелі ізденіске, әлеуметтену нұсқауына, қысқасы, келелі де кешенді әрекетке сұраныс артуда. Мәңгілік Ел жобасы мен саясатына кемелді әлеуметтік-мәдени көзқарастарды сараптайтын, еліміздің болашағына жақын зерттеу желісі мен білім беру саласын топтастыратын кез келгенін кеңірек сезінудеміз. Тәуелсіз елдің жаңғыру жолдарын болжайтын көзқарасты, бағалайтын тәсілді, жалғастыратын тәжірибені топтастыратын әдістемелі әрекет бәрімізге де,  әрбір маманға да қажет.
Қазақтың жүрегіне жақын идея мен біліктілікті, қазақстандықтардың жікте­лінген білімдерін ел мүддесіне топтастыратын білім саласын, біз қазақтану деп атап, оның ұстанымдарын насихаттаудамыз. Қазақтанудың әдістемелі және интеллектуалды тиімділігі неде?  
Қазақтану «Мәңгілік Ел» идеясын интеллектуалды және институттық не­гіз­де толықтыруға лайықты. Қазақтану ілімі – халықтық әлем, тұлғалық және ұлт­тық мәдениет туралы бұрынғы дағдылы таптаурынның ықпалында біржақты қалып қоймаудың, оның шегінен шығудың мүм­кіндігін іздестіреді.
Еліміздің болашақ дамуын болжауға назар аудардық. Сипаттау мен болжаудың басты кезеңдерін, белгілерін тізбеледік. Не нәрсені аңғардық, ненің байыбына бардық? Қазақ елінің сұранысы – инновацияға, «Мәң­­гілік Ел» идеясы тұжырымдамалы ізденіске мұқтаж. Ал, мүдде мен мүмкіндік қандай?   «Мәңгілік Ел» идеясын түсіндіру, талдау, тиянақтау, тоқтам-түйінге жеткізу, сондай-ақ қазақ елінің жаңғыру тәжірибесін тұжырымдау – іргелі де күрделі проблема. Жаһандану кезінде, Қазақстанның даму бағытында әлеуметтік-мәдени проблема­ларды қауымдастық кәсіби деңгейде, инте­грациялық үрдіс аясында іргелі із­де­ністердің бағытын анықтаудың, пәр­мен­ді зерттеу жұмыстарын жүргі­зудің, сондағы мүдделер тоғысын табудың маңызы артуда.
Бүгінде инновациялық сарынға лайық­ты мазмұнды, жүйелі, дәйекті, іргелі шы­ғар­машылық еңбектер санының, әсіресе әлеуметтік-гуманитарлық салада кеміп бара жат­қаны аңғарылады.  Шығармашылықтағы қанағатсыздық пен қордаланған мәселелер нені аңғартады?
Мәдени мұрада жинақталынған материалдарды ғылыми айналымға және оқу-әдістемелі үрдіске ендіру жұмыстары кенже қалуда, мемлекеттік бақылаудан тыс қалуда. Қоғамдық, әлеуметтік-гума­нитар­лық білімдер саласында жүйелі із­де­ністің құрылымы, құрамы, қызметі анықталынбауда. Нақты тоқтам мен ше­шім табылмағанда бас бағдарды таң­дау әдіснемесі орнықталмауы күтетін жай. Қазіргі салалық ұстанымдағы бей-жайлық пен либералды көзқараста шек­телудің жағымсыз жақтары асқындауда. Ұлт­тық болмыс пен мәдениетке жат стан­дарттардың жарамсыз екеніне көзіміз жетуде. Жаңа деңгейге көтерілу үшін жеке ма­манның, салалық білімдегі тиіп-қашты, дара талпыныстардың мүлдем жеткіліксіз екеніне оқу және тәрбие практикасы көзі­мізді жеткізуде. 
Пәнаралық байланысты, тәжірибе алмасуды нығайту – өмір талабы. Әлеуметтік-гуманитарлық салада өркениетті қоғамның сапалық өзгерістерін тұтас қамтитын, білім­дер саласын, ұлттық сана-сезім мен ұлт­тық инновацияны бірге қарастыруға әдіс­темелі негіз болатын базалық кафедра­ны, ғылыми орталықты ашу қажеті артуда. Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы жөн-жосықсыз «жіктеу, ұсақтау» практикасын қайта сыни сараптан өткізу ауадай қажет. 
Қазақтану ілімі осы сұранысқа лайықты интеллектуалды және инфрақұрылымды бастауға түрлі саланың мамандарын ортақ ұстаным мен мүдде аясында топтастыруға, білім берудің жаңа желісін ендіруге, тұжы­рымдамалы негізді қалыптастыруға, инсти­тут­тық инфрақұрылымды жетілдіруге, қыс­қасы мемлекеттік қолдау саясатын нысаналы етуге дәнекер болатын амалды әрекет. Танымдық нысанды әдістемелі ізденістің объектісіне, рухани құндылыққа айналдыру – гуманитарлық дәстүрді жаңғыртудың кепілдігі.  Білімді – қоғамдық санаға, ұлттық сананы жаңа деңгейге көтермелегенде интеллектуалды нығайтатын іс-шара қосыл­мақ.
Ұлттық-мәдени дамудың ғылыми негізін қалыптастыру, оны инновациялық бастамалармен  толықтыру мәселесі – Президенттік ұстанымның да, бүгінгі өмірлік талаптың да тұғыры екені айғақ.   «Мәңгілік Ел» идеясына тарихи, әлеуметтік, мәдени талдау, қысқасы нақты да кешенді, теориялық та әдістемелі, пәндік және стратегиялық тұрғыдан талдау – еліміздің мықты іргетасын қаламақ, стратегиялық ұстанымын нығайтпақ. 

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз