• Ел мұраты
  • 17 Маусым, 2015

Құланның Қуандығы

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
журналист

Алғы лекте алшаңдап жүрер 
ме едім,
Бола алмадым ақыны Алматының»
Қуандық Шолақов.

Құландық Қуандық Шолақ қаланың емес, нағыз даланың ақыны. Ауылда, далада өскен, өнген ақын. Содан болар оның суреткерлік бол­мысы – таудың, құмның, даланың ең бастысы табиғаттың көркем суреттерімен үндеседі, тілдеседі.
Қуандық суреткерлік қасиетімен қоса, қазақтың маржан тілін мықтап меңгерген ақын. Иә, тілі бай әрі шұрайлы ақындар сирек кездеседі. Қуандық Шолақты даланың ақыны деп қалдық қой. Енді мына бір шумақтарды оқып көрейік:
«Шұғыла шудаланып шашылар шақ,


Тұрады таудың тарғыл тасы да 
                ән сап.
Білмейсің көбелегі, гүлі қайсы,
Жас­қайды жанарыңды жасыл алқап.
Сездіріп көңілінде барын күдік,
Тайлақтай тапырақтап қағынды                     бұлт.
Екпіндеп есірік жел шалғындардың,
Белінен құшақтайды шалып жығып
Тұмсығы Ойрандының біте беріп,
Лағын кейін қалған күтеді елік.
Терідей жыртқыш жыртқан 
            жұлым-жұлым,
Төменде бұлттар жатыр                         түтеленіп».
Міне, өлеңдегі көркемсурет. Әгәрәки, бұл жерде Қуандық емес, басқа бір ақын болғанда көбік сөзді әрлі-берлі шашыратып, «ақша бұлт­тар жөңкілді, қанатты құстай қалықтап» деп пе, әлде басқаша бір жұтаң ойға жұтылып, тұтылып, сөз сапырып кетер ме еді, кім білсін? Бірақ, Құланның Қуандығы олай етпейді. Нақ­ты береді, көз алдыңа көркемсурет әке­леді. Даланың тіршілігін елестетеді. Пей­зажға жан бітіреді. Бұл – Қуандықтың ақын­­дық һәм азаматтық кредосы.
Ен­­ді Қуандық Шолақтың «Кешкі көрініс» де­­ген шағын өлеңіндегі мына бір шумақ­тар­ға зер салайық:
«Жақтырмай сылқ-сылқ күлген бұлақ                     үнін,
Ұшына от тиген бе құлағының?
Ұя­лып, қызарақтап тұрып-тұрып,
Жиекке жасқаншақтап құлады күн.
Бұл­қынған елестетіп жүректі көп,
Самалмен жапырақтар дір етті                     үдеп.
Ымырт шал тастай салды көлеңкені,
Қалтарыс, сай, жыраға 
              күреп-күреп».
Тап мұндай суретті табиғаттың ішкі әлеміне үңілген, жұрттан өзгеше зер салған ақын ғана өрнектеп сала алса керек-ті. Қуандықтың табиғат лирикасындағы әрбір өлеңін оқып отырып, «Құдай-ау, бір шумағында мін жоқ, әр шумағы толған сурет, бұл ақын осыншама бояу мен теңеуді, көркем сурет пен бейнені қайдан алды, а?» деп ойлап қаласың, сөйтесің де, «жә, оның өзі сол сұлу табиғатқа айналып кеткен ақын ғой» деп ой түйесің. Расы­мен солай ғой енді. Ақын да адам. Адам болған соң мінез болады. Адамның мінезінен бар айырмасы сол – ақынның мінезі тылсымның тілі, шердің үні, ішкі әлемнің көрер көзге көрінбейтін, естір құлаққа жетпейтін сегізінші нотасы секілді. Қуандықта да сол ішкі үн, беймәлім нота бар. Қуандық Шолақ өзінің «Қоңыр әуен» атты кітабында оқырманға сөз арнайды. Ол өз сөзін:
«Ассалаумағалейкум оқырманым, 
Сарамжал, сара сөздің тоқыр мәнін. 
Жібек тін, жауһар жырмен келіп тұр­мын, Табар деп тілеулестен татым, қарым», – деп бастап:
«Жанассам ақша бұлтпен жанасармын, Ақ қанат арманыммен таласар кім? Ұнаса, пейілдене парақта әрі, Болмаса, жаба салғын» – деп түйіндейді.
Міне, оның мінезі. «Ойбай, тыраштанып жазып жатырмын, бәрі сендер үшін» демейді. «Ұнамаса, оқыма» деп нүкте қояды. Бәлкім, оның бұл мінезін біреулер ақынға тән «эгоизм» дер. Бірақ, біздіңше, бұл ақынның шынайы ішкі бұлқынысы, ақтарып айтқан ақиқаты, бәлкім, эмоциясы. Қалай болған күнде де ол өз ойын бұқпантайлап емес, ашық айтады, қой терісін жамылған қасқырдың кейпіне ену – Қуандықтың болмысына жат дүние.
Қуандықты табиғи ақын дедік қой. Сол туралы сөз саптайық. Бәлкім, жасын жырдың, Қасым жырдың қаймағын бұзғысы келмегендіктен болар, әлде­кімдер құсап өлеңді күрделендіріп, өліп-талмайды. Кәдімгі қазақтың өн бойына өлшеніп берілген қара өлең ұйқасымен жазады. Абстракцияға, қайсыбір замандастары құсап, жол бермейді, салған суреттерінің бояуы қанық, көзге жылы ұшырап тұрады. Жеңіл оқылады. Бірден әсер етеді, жаныңды жадыратып, көңіліңе қуа­ныш сыйлайды. Ойландырады. «Япыр-ай, өс­тіп те жазуға болады екен ғой» дегізеді. Содан болар, Қуандықты елі­міз­дің беткеұстар қалам­герлері «Қа­зақтың Шолоховы» дейді.
Иә, Шолақтың Қуандығы мықты ақын. Мегаполистен тыс та өлең жазуға бо­лады! Білесіз бе, «Ақындар провинцияда туылып, Парижде өледі» деген сөз бар еді ғой. Біздің рухани астанамыз – Алматы. Бүгінде ресми астана мәртебесінен алшақтағанымен қазақтың рухани астанасы болып қалған Алматының төрінде жүріп, әдеби ортамен аралас-құралас болып, бедерлі жыр, бейнелі сөзді кестелеу – кез-келген ақынның ар­маны еді. Қуандық та Алматыны аңсайды. Арагідік алматылық болмағанына өкінеді. Ол өзі­нің «Үйірінен адасқан саяқтаймын» атты өле­ңінде:
«Көңілімді жаулаған күй ырғағы,
Секілденген Алматы миымда әлі.
Төредей боп төрінде тірі де ірі,
Жыр жазар ма ем, қайтейін                     бұйырмады. 
Өкше­леген өкініш – салдақы мұң,
Берер емес әлі де жанға тыным.
Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім,
Бола алмадым ақыны Алматының», – дейді.
Иә, ол өзі аңсаған нұрлы ортаға, жырлы ортаға қоныс аудармады. Ауылдың саф ауасымен тыныстады, Құланның жұпар желінен жанға қуат, жырға арқау болатын шабыт алды. Сөйтіп, мегаполиске бармай-ақ, қауқарлы жыр жазды. Енді ақынның «Топырақтан тыс болсам» дейтін өлеңінің мына бір шумақтарын оқып көрейік:
«Болғаныммен өзімше санам дардай,
Көңілім күпті, жайым бар                     алаңдардай.
Жыр жазғанмен, жангүлім 
            жадырардай
Келем әлі бар болса, бағамды алмай.
…Болар екен бақыттың үні қандай?
Келеді үміт жылда алдай, күніге 
                алдай.
Дәмем барын қайтейін, келем әлі,
Тізіміне мықтының іліге алмай».
Ақынның осы өлеңінің осы шумағын оқи қалсаңыз, пессимист екен деп ой­лауы­ңыз кәдік! Жоқ, Қуандық ондай жы­лаңқы ақын емес екен. Ол өлеңін былай түйін­дейді:
«Неліктен екен, білмеймін, неліктен                     екен,
Көңілім тоқ, байламым берік, бекем.
Елемесе бүгінгі елемесін,
Ертеңіме бәрібір сеніп кетем».
Иә, «Кешіккен көктем», «Атажұрт», «Көк­сең­гір», «Қоңыр жел», «Қоңыр әуен». Бұл Қуан­дықтың бірер жинақтарының атауы. Осы кітаптардың қай-қайсысын оқысаңыз да пей­заждың қанық бояуларына тояттайсыз. Осы жинақтардың барлығы да эстетикалық талғаммен үйлесіп жат­қан – поэтикалық әуен, ырғағы бар әуен. Ақын бақыты – оқырманымен бірге жасау. Ол бақыт – Қуандықты айналып өт­кен жоқ. Өлеңдерін елі біледі, жатқа оқиды. Демек, Қуандық бақытты ақын.

859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз