• Келелі кеңес
  • 16 Шілде, 2012

ОТБАСЫНДАҒЫ ҰРПАҚ ҮЙРЕНЕР ҮЛГІЛІ ІСТЕР

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, педагогика ғылымдарының кандидаты

Отбасы тәрбиесінде ата-ананың мінез-құлқы, тіршілік ортасы үлкен маңызға ие. Ұрпақ адамгершілік, әдептілік, инабат үлгісін өскен ортасынан, отбасынан алады. «Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз», «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақалдар тегін айтылмаған. Әйелді отбасының құты деп, әспеттеп-құрметтеген. Қазақ ежел­ден ақылына келбеті сай аналарды ардақтап, басына көтерген, баланың ғана емес, елдің анасы болған ана-апалардың мысалы аз болмағаны да сондықтан. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі Ұлпан ана ел басқарған ақылды, сыпайы, мейірімді, ибалы, ізетті, қарапайым жан. Ыбырай Алтынсарин «Ананың сүюі» деген өлеңінде ананың балаға деген шексіз махаббатын, ынтызарлығын паш етеді. Кім сендерді, балалар, сүйетұғын, Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйе­тұғын? Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай, Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын. Кім сендерді, балалар, тербететін, Еркелетіп, ойнатып, сергітетін? Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң, Қамқор анаң көз жасын көлдететін. Кім сендерді сағынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең? Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін. Кім сағынар сендерді келгеніңше, Құлындарын көзімен көргенінше? Сендер қайтып келгенде адам болып, Еш арманым болмас дер өле-өлгенше. Исі қазақ қандай қиын-қыстау кезеңде де дінін сақтап, имандылық қасиеттерін насихаттап үлгілі ұл-қыз өсіруді мансұқ етті. Отбасындағы имандылық, ынтымақ арқылы жаны таза ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берді. Халық әдебиетінде әке сөзі заң болып табылады. Әкенің ісі балаларға үлгі саналады. Ал, ананың ақ сүтін Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да ақтай алмайсың деген ұғым-түсінік ежелден бар. Ұрпақ мейірбан жүректі, жайдары, таза рухты, ақыл-парасатты, инабатты да иманды адам болып қалыптасуы керек. Ұлт осыған ұмтылады. Қызды әуел бастан-ақ ізеттілікке, сыпайылыққа тәрбиелегенде оған болашақ ана ретінде қараған. Қыз баланы болашақ ана, әйел заты болғандықтан жас кезінен бастап жақсы мінез-құлыққа баулиды. «Қызға қырық үйден тыю» дейді халық даналығы. Бұл қыз баланың жанұядағы тәрбиесіне қаншалықты мән берілетінін білдіреді. Қыздың әдептілігі сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан, жібек­тей сызылған мінез-құлқынан көрініп тұрған. Қазақ қыздарының көрік-келбеті сұлулық, әсемдік символы ретінде аса жоғары бағаланып отырған. Халық ауыз әдебиетіндегі: Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын, Көрінер толған айдай жүзі жарқын. Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес, Халқының сақтай білген ізгі салтын, – деген шумақта қыз баланың қасиеті дәріп­теледі. Немесе ұлы ақын Шәкәрімнің мына жолдарындағы теңеулер сөздің інжу-маржаны: Гаухардай көзі. Бұлбұлдай сөзі Жанынан асқан бір пері. Жүзі бар айдай, Мінезі майдай, Өзгеден артық сол жері. Дариядай ақыл мол еді, Жан ғашығым сол еді. Әжмақтың хоры Іздедім соны, Тал бойының кірі жоқ, Бойы бар сымдай, Белі бар қылдай. Мүшесінің міні жоқ. Қыз осындай болар ма, Оны сөккен оңар ма. Қазақ қызының табиғаты осындай-ақ болар. Өз ұрпағының өнегелі, абзал азамат болып өсуін армандаған қазақ халқының жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жарасымды, ұлттық нақышпен ерекшеленетін салт-дәстүрлері аз емес. Айталық, қазақтың дәс­түрлі тыйымдарында жас ұрпаққа жаман әдеттен бойды аулақ салуды, жа­ман­шылыққа үйір болмауды талап етеді. “Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен” дейді халық даналығы. Алақ-жұлақ етіп жүрме, аттандама, аузыңа ерік берме, аузыңды керме, аһлама, аяғыңның басына қарап жүрме, аяғыңды айқастырып жатпа, аяғыңды көтерме, басыңды салбыратып отырма, басыңды шайқама, беталды күлме, бетіңді басып жылама, ғайбат сөйлеме, жаман сөз айтпа, жалған сөйлеме, жуған қолыңды сілікпе, жүрелеп отырма. Адамға қарсы үй сыпырма, адамға саусағыңды шошайтпа, адамға түкірме, адамды санама, ақты төкпе, ала жіпті аттама, ас қайырмай дастарқаннан тұрма, бос бесікті тербетпе, дастарқанды аттама, есікті теппе, екі кісінің арасынан өтпе, қызға ер баланы тебуге болмайды, қыз баланы босағаға отырғызба, құран оқығанда сөйлеме, нанды баспа, нанды бір қолмен үзбе, нанды жерге тастама, нанмен ойнама, үйге қарай жүгірме, үлкенге қарсы келме, үлкенге сен деме, үлкеннен бұрын билік айтпа, үлкеннен бұрын төрге шықпа, үлкен кісінің жолын кеспе, құдыққа түкірме, отқа түкірме, от шашпа, суға түкірме, – деген секілді дәстүрлі ұлттық тыйымдар ұл-қызды жамандықтан бойды аулақ ұстауға үйретеді. Мұның өзі қазақ этнопедагогикасындағы айқын ерекшеліктердің бірі болып табылады. Ұл-қызды отбасы ғана емес туып-өскен ортасы, қоғам тәрбиелейді. Ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрде үлкеннің кішіге ескертпе жасап, ақыл айтып отыруы. Бұл қалыптасқан дәстүр. Мұны жасы кіші жан ешбір кінәратсыз қабылдаған, бұлжытпай орындап отырған. Үлкеннің сөзін бөлмеу, онымен қатарласып отырмау үлкен құрметтің белгісі болып есептелген. Жасы үлкен кісі төрге шығып отырған, бірінші болып сөз бастаған. Қазақта ата-анаға деген құрмет дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан асыл қасиет. Қазақтың әдеті көп дәстүрімен, Мендағы оның бәрін жақсы білем. Ата-ана қартайғанда бел бүгіліп, Құрметтеп сыйлайды оны ел жүгініп. Тәтті дәм, асыл деген киімдері, Қарттікі әр қазақтың үйіндегі, – деп жырлайды қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова. Ұлттық этикеттің өнегелік мазмұны ұл-қыздан байсалдылық пен орнықтылықты талап етеді, дарақылықтан, даңғойлықтан бойды аулақ салуға үйретеді. Үлкеннің ой-пікірі мен ақыл-кеңесіне құлақ асу бұл­жымас заң болып есептеледі. Үлкен­дердің алдында қалай болса солай киініп бой көрсету, ерсі қылық жасау, күнә саналады. Отбасының басшысы әке болып есептеледі. Егер ол қайтыс болған жағдайда үлкендік, ағалық үйдегі үлкен ұлға ауысты. Үйдің үлкені барлық шаруашылық істерге басшылық жасайды. Мұндай құрмет отбасындағы үлкенге қатынаста ғана емес, жасы үлкен барлық жандарға жасалатын болды. Ақсақалдар болса, көпшіліктің жалпы құрмет, сыйына бөленеді. Қоғам дамуының кеңестік кезеңінде ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге селкеу түсіп, өзінің шынайы, таза нақыш-өрнектерінен айырыла бастағанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл қазіргі жас ұрпақтың мінез-құлықтарынан, қоғамдық ортада өздерін-өздері ұстауларынан, жүріс-тұрыстарынан аңғарылып жататыны құпия емес... Этикалық әдеп пен инабат рәсімдері ғасырлар бойы қалыптасып келді, онда тұтас халықтың тәжірибесі жатыр. Осы этикалық жүйенің біртұтастығы, бір-бірімен сабақтастығы таңқалдырады. Ха­лықтық әдет-ғұрып рәсімдерінде жал­қаулық, даңғойлық, қорқақтық, маскү­немдік, т.б. жағымсыз қылықтар қатаң түрде айыпталады. Әділдік, шыншылдық, берген сөзге болаттай беріктік жоғары бағаланады. Бүкіл қазақ қашанда жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген ұлы Абайдың қарасөздерінің жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Ол зерделеп оқыған жастарға баға жетпес бай қазына. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп-білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», дейді Абай. «Естілген нәрсені, ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек. Үшінші – сол ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып көңілге беку керек. Төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кеп қалса салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күдікшілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер» (3-сөз). «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз сыпайы киініп, әм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс» (8-сөз). «Кербездің екі түрлі қылығы болады: бір бет пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүріс-тұрысын, қас-қабағын қолдан түзеп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін, «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?» дейтұғын болмаққа ойланбақ. Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық...» (22-сөз). «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың киесі сол. Бірақ құдайтағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады. Әуелі – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнерге арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Қолындағы аз-мұзына мақтаны, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады. Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара табылса малға бө­ге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» деген­дей қылып, еріншек, салдау, сыл­ғырт, кербездікке салынады. Үшінші – «дастарқандысың ғой, өнерлісің ғой, шырағым» немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер», дегенде, «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, әу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді. Төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр балалық деп, бір болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін қарық қыламын дегенге мәз болып, тамырым досым десе, мен керектінің бірі болып қалыппын ғой деп және жасынан іс істеп үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алғанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегеннің бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айырылып, «жоғары жаққа» қарық болып, тамақ, борыш, киім есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, сонымен табысы құралмай, борыш, дауға айналып, адамшылықтан айырылып, қор болып кетеді. Осы несі екен? Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатындығы қалай? (33-сөз). Қазақ халқында жас ұрпаққа үлгі боларлық, діни және ұлттық наным-түсініктерге байланысты болып келетін шектеулер қалыптасқан. Айталық, мұсылман мен христиан жастары арасында некелесуге ежелден тыйым салынған. Таза ұлттық тұтастықтан басқа нәсілдің қосылуымен бірге шырқы бұзылады деп есептеген. Үлкен өкінішке орай, ХХ ғасырда кеңестік дәстүрдегі тоталитарлық социалистік жүйе адамзат баласының тарихында ең үлкен қылмыс жасады. Бұл үлкен қылмыс сол, тоталитарлық өктемдіктен екі жүзден астам ұлттың мидай араластырылып жіберілуі болды. Нәтижесінде жүзге тарта ұлттар мен ұлыстар жойылып кетті, яғни, бұл дәл осынша төлтума мәдениет мәңгілік жоқ болды деген сөз. Осындай жойқын қасіреттің бірі «біртұтас кеңес халқы» деп есептелген жүздеген ұлттардың бір-бірімен некелесуі кең етек жайды. Бұған ешқандай да тыйым болмады. Сөйтіп, қан бұзылды, аралас некеден пайда болған дүбаралар қаптады. Осындай ұлттық трагедияны ежелден қаны таза болып келген дала көшпенділерінің ұрпақтары – қазақтар да бастан кешірді. Кеңестік кезеңде ұлы балалардан ұр­пақтан-ұрпаққа мирас болып келген ұлттық үлгі-өнеге, салт-дәстүрлер кейінгі ұрпақ бойында сақталып, орнық­пауы, селкеуліктің пайда болуы етек жая бастағаны ақиқат. Бұл ішінара болса да жастардың әке-шешесін жүре тыңдауынан, ата-ана алдындағы парызды жете ұғынбауынан, бала десе бауыр еті елжіреп тұратын дархан халықтың қыздарының сәбиін туа тастап кететін тасбауыр халге дейін төмендеуінен, т.б. кейбір жүгенсіздіктерден аңғарылып қалып отырады. Қазақта ағасы өлсе, інісі оның баласына әке, жеңгесіне жесірлік көрсетпей күйеу болған, қалған жетімді туыстары қамқорлығына алып, отау етіп шығарып, туысының шырағын сөндірмеген. Ұл туса, тайдың құлағына ен салған, зерделі елдің иесі, елдің басшысы болсын деп, ниет білдірген. Қызды ұрпақты жалғастырушы, тәрбиелеуші деп әлпештеп, тәрбиелеген. Он үш жасқа дейін қыздың жасауын дайын қылған. Қазақта әдет-ғұрып, салт-дәстүр атадан балаға шынайы күйінде ауысып отырған. Бұл қыз айттыру, құда түсу, қыз ұзату, той жасау, т.б. салт-дәстүрлерден айқын аңғарылады. Кезінде атақты қазақтар өзінің баласына басқа рудан, тайпадан барып, өзіндей өзімен қатарлас адамның қызын айттыруға тырысқан. Хандық дәуірде, одан бергі кезеңдерде абыз-ақсақалдардың, билердің, даңқты адамдарды халық арасында ықпалының күшті болуына қарағанда, олардың құдандалы болуы жауласушылардың бір-бірімен тезірек татуласуына септігін тигізіп отырған. Сіздің отбасыңыз қандай? Зер салып, бір қараңызшы. Жас ұрпақ үйреніп, үлгі алатын, олар өнеге ететіндей құндылықтар бар ма?

831 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз