• Ел мұраты
  • 16 Шілде, 2012

Би құдіреті (Халық әртісі Шара Жиенқұлқызы хақында)

Мыңбай РӘШ, ақын

Шара! Тағы да Шара! Иә, бір ғана есім, бір ғана сөз. Қазақ өнерінің шаңы­рағын тұңғыш көтеріскендердің бірі ғана емес, бірегейі болған Құрманбек Жандарбековтың жары болған Шара. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінде Сталиннің өзін тамсандырып, жұмыр жердің талай елін шарлап, өз өнеріне өнер сүйер қауымды масайратып, еліткен, қазақ би өнерінің негізін салған хас шебері. Тарлан талант. Сахна саңлағы атанған ғажап құбылыс! Шара есімін көрермендер ең алғаш қазақ көркем фильмінің қарлығашы санал­ған «Аманкелдідегі» ұлт-азаттық көтерілісінің көсемінің жан-жары Балым рөлін ойнағаннан білетін еді. Содан кейін Мәскеуде өткен ғасырдың мың тоғыз жүз отыз алтыншы жылы болған үлкен театрда көрсетілген «Қыз Жібек» қойылымында... Содан кейін Қытай, Үндістан, Мысыр шаһары... тағысын тағылар... Тауысып айтудың өзі қиын. Өзінің жеке ансамблімен әндете жүріп билейтін, билей жүріп сазды әнін төгілтетін. Қысқасы, ел есінде ерекше құбылыс боп есте қалған би өнеріндегі екі керемет – бірі Өзбек сахнасындағы Тамара ханум болса, Қазақ елінде Шара болатын. Сонау сұрапыл Отан соғысы жылдарында да Шараның шырынды сазы мен ғажайып биі талай жауынгерлерді тәнті етіп, қасақы жауды қирата жеңуге күш-қайрат беріп жігерлерін тасытты. Атақты Доватор қолбасшы: – Дарын болса осылай болсын! – деп қызу қол соқты. – Бәрекелді! – деді Семен Михайлович Буденный шалғы мұртын сипап қойып. Толарсақтан қан кешкен майдангерлерге өз өнері үшін түскен қаржысын жинап, жеңіс күнін жақындату мақсатымен Шараның танк сыйлағаны аңызға айналып кеткен еді. Қысқасы, Шара шарламаған окоп, Шара билемеген әскери бөлімшелер жыртылып айрылатыны хақында газет беттерінде талай рет басылған-ды. Қайсыбірін айта берерсің! Менің бақытыма қарай, Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен Рахымжан аға Қошқарбаев пен ІІІара әпкем секілді тарландармен бірге жүріп, біте қайнасып, талай сапарларда бірге болғанымды жас ұрпақтарға жеткізу бұйырған екен. Соған да тәубә етемін. Сексенімнің сеңгіріне таяқ тастам қалғанда көзім көріп, көңілге түйгендерімді айтып тастағанға не жетсін. – Қарағым Мыңбай, Шара апаң ғой, мен өзімнің елу жасқа толуыма байла­ныс­ты арнайы шақырып отырған екі жер бар. Бірі – Димекеңнің туған жері Балқаш ауданының Бақанасы да, екіншісі Жамбылдың Меркісі, қалай қарайсың? Қызметіңнен босай аласың ба? – деп телефон аркылы сөйлескен еді. – Көрейін! – деп екі ұшты жауап қаттым. Ол кезде мен «Ара» журналының фельетон бөлімінің меңгерушісі едім. Журнал редакторынан рұқсат сұрап едім бөгелместен: – Е, Шара шақырса бара ғой, бірақ, жүрген аяққа жөргем ілінеді дегендей... деп реті келсе материал ала келуімді де ескертті. Шараға өзім телефон соқтым. Қуанып кетті. – Әпке, мені неге таңдадыңыз? – деп сауал қойған едім. Құрекең ешбір әртісті ертпей-ақ қой, сапарласыңның бойынан бәрі табылады деп мені мақтағанға ұқсайды. ...Сонымен алғашқы сапарға шықтық. Жаңылмасам өткен ғасырдың 1962 жылы болатын. Барар жеріміз – Бақанас өңірі. Бүгінгі Балқаш ауданы. Тақтайдай теп-тегіс асфальт жолмен заулап келеміз. Үш жүз шақырымға жуық созылатын жол екен, әзірше жеткізер емес. – Бақанас Димекеңнің туған жері. Мынау Қонаев салдырған жол! – деді Шара, – Димекеңмен бір мектепте, бір партада отырып оқыған едік, оның мұндай дәрежеге жететінін кім білген! – деп мырс етіп қойды, – сорайған ұзын бойы ерекше дараланатын... – О, не дегеніңіз Димекеңнің арқасында Қазақстан адам танығысыз өзгеріп кетті ғой! – деп мен де сөзге араластым. Әне-міне дегенше қазіргі Балқаш ауданының орталығына да жетіп қалдық. Ауданға таяй бергенде аласа бойлы бір орта жастағы әйел мәшинеден шығып, тосып тұр екен. Соны байқап қалған Шара жүргізушісіне: – Кәне, тоқтай қал! – деп ескертті. Жібек деген аудандық партия комите­тінің жауапты қызметкері екен. – Аудан басшылары, жол сапарда жүр, кешікпей келіп қалар, Сізді қарсы алуды маған тапсырып еді – деді Жібек жымия сөйлеп. – Жәрайды, қонақ үйге барып сәл демала тұрармыз. – Жо-ға, мейманхана суық. Сіз келеді деп бірінші басшымыз арнайы қазақ үйін дайындатып қойған. Соған барасыздар. Бүгін орталықта, ертең Жиделі ауылына, арғы күні Қарақұмға, сонан соң Бақанас совхозына, – деп Жібек асыға сөйлеп, бас­тырмалата жөнелді. – Мейлі, – деді Шара, жолсоқты болып келеміз. Біраз демалайық. Кешкі кездесуге әзір шығарсыздар? – Аудан клубы дайын. Жұртқа алдын-ала хабарлағанбыз, оған қам жемеңіз. Шара келе жатыр деген хабар әлдеқашан шарлап кетті, – деп күліп қойды Жібек. – Е, онда дұрыс екен. Қара волга көк шатырлы үлкен үйдің қақпасы алдына тоқтай қалды. Менің жүгім – «Аманкелді» фильмі түсірілген темір табаққа салынған толық метражды көркем фильмнің көшірмесі. Тоғыз табақ. Зілмендей ауыр. Жас кезім болғандықтан пәлендей қиналмай көте­ремін. Дәл қазір орнынан да жылжыта алмас едім-ау деп ойлаймын. Кім білсін... Шара апай, Жібек және аудандық атқару комитеті төрағасының мәдениет саласын басқаратын орынбасары саналатын келіншекпен бірге мәре-сәре болып оңаша бөлмеге қарай кетісті. Өзге бөлмеде мен де жантайып тынықтым. Әлден соң: – Шәйға келіңіздер! – деп бізді дастархан басына шақырды. Әне-міне дегенше аудан басшылары да келіп жеткен екен. . – Қалай, апай, шаршаған жоқсыз ба? Хош келіпсіздер! – десіп жапатармағай қошамет көрсетіп жатыр. ...Кешкі кездесу өте көңілді өтті. Кеш­ті бірінші басшы ашып Шараның Қазақстанның халық әртісі екенін, оның сирек өнердің саңлағы болатынын айтып, көпті сөзімен ұйытып үлгірді. Сонан соң «Аманкелді» фильмі көрсетілді. Соның артынан сахнаға Шара шығып сөйлеп, өз өмірі жайлы сыр шертті. Шара айтпаған кейбір жайларды мен де қозғадым. Шараға арнап жазған өлеңімді оқыдым. Жұрт ду қолдарын соғып: – Апамыз билеп берсін! – деп отырып алды. Осылай етерін күнілгері білген биші апамыз өзінің әдемі киімдерін киіп сахнаға шыға келіп маған ым қақты. Мен алдын-ала құлақ күйі бұраулы тұрған әйгілі шебер Романенко жасап берген күй домбырасын қолыма алып шымылдықтың сырт жағынан «Айжан қыз» биін тарта жөнелдім. Шара билей жөнелді. Ол бітісімен: – Және бірін! – деп шулап отыр. Сұраған үстіне сұрап отыр. Шара сол бір бимен тәмамдай салмақ еді, оған келгендер көне қоймады. Шара маған қарап және ымдап қойды. Ондағысы «Балбырауын» күйін тарт дегені. Мен «Балбырауынға» бастым. Құдай сақтасын, құдірет бойына дарытқан биші­нің саусақтарынан бастап бақайына дейін билеп кеткендей еді. – Шара! Шара! Ша-ра! – деп ерекше риза болды жүрт. Орындарынан тұрып ұзақ қол соғумен болды. *** Жолымыз орталыққа іргелес жатқан Жиделі ауылына қарай ойысты. Десе дегендей, Жиде ағаштарының хош иісті гүлдері мұрныңды жарғандай ғажап! Жол бойында биші әпкеміз өзінің мысыр шаһарына барған сапарын есіне түсірді. Египетте болғанда оның басшысы Гемал Әбдел Насердің хошаметіне қалай ие болғанын сөз етті. – Иә, Шара апай, соны айтыңызшы!– дедім шыдамсызданып. – Айтсам айтайын, – деді ол үлкен қоңырқай құралай көздерін төңкере тас­тап. Өзіміздің мәдениет министрлігі басшылары шақырып алып: «Египетке сапарға әзірленіңіз», – деп қолқа салды. Ол кезде Жамбыл атындағы филармонияда істейтінмін. – Ансамбльсіз жеке өзіңіз барасыз, же­ке бишілер өнер сайысады, – деп қойды министрліктегілер. – ...Міне, Египет. Мұсылмандардың мекені. Мешіттері көздің жауын алатындай көрікті қала екен. – Кешкісін Гемал Әбдел Насер қабыл­дауында боламыз. Бөгде адамдармен қа­рым-қатынасты ұмытыңыз, ешкіммен тіс жарып сөйлесе көрмеңіз! – деп ескертті бізді бастап келген елшіліктегілер. – Мейлі ғой, бөгдемен сөйлесіп мені жын ұрып па! – деп құтылдым. – Соныңыз дұрыс! – деп қойды тағы да. Барсам, ертегідегідей ғажайып сарай. Қабырғалары мың құбылып арбап тұр­ғандай. Анау сахнаға шығып дүние­жүзінің түкпір-түкпірінен келген бишілер билеп өз өнерлерін көрсетпек. Египеттің Гемал Әбдел Насер бастаған ығайлары мен сығайлары біздің өнерімізді сарапқа салмақ екен. Бір үрей бойымды билеп алғандай қалшылдап кеттім де дереу бойымды тіктеп жинап алдым. – О, тәңірім, аруақтарым қолдай гөр! – деп қойдым. Менің алдымда шыққан бишілерге көз жүгірткен сайын бір күдік елесі көкейіме орала береді. Бір кезде кезек маған келді. – Сахнаға Қазақстан бишісі Шара шақырылады! – деген дауыс саңқ ете қалды. Тәуекелге бел байлап шыға келдім. Ән­шейіндегіден темпімді өзгертіп жыл­дамдата билеп, дөңгелене келіп тағында отырған Гемал Әбдел Насердің алдына келіп ізет ете отыра кеттім. Бұл мен үшін бұрын болмаған жұмбақ тәсіл іспетті болды. Өзге бишілердің бір де бірі бұлай еткен жоқ еді. Олар сахнадан ұзамай билеп кетіп жатқан-ды. «Осынымды қалай қабылдар екен?» деген күдігім қас қаққанша сейіліп кетті. Гемал мені қолымнан алып жұртқа қарап қол соқты да үлкен алтын сырға ұсынды. Менің қуанышымда шек болмады. Мынау құлағымдағы сырға сол. Ертеңіне Египеттің барлық газеттерінде Гемал Әбдел Насердің мені ерекше қошаметтеген сурет басылып шықты. Әншейінде қабақтары қатулы елшіліктегілер де қуанысып: – Ой, апай, Сізді құттықтаймыз, үлкен абыройға ие болдыңыз. Қазақстан өнерін қияға бір шығарып тастадыңыз! – десті. ...Шара апаймен мұнан кейін Меркіде, Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратал аудандарында бірге сапарлас болғаным есімде. Жасы ұлғайса да бойы талшықтай бұраңдаған, бет әлпеті өте әдемі, сахна саңлағы Шара бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Ұзақ жылдар ол қызмет атқарған Жам­был атындағы филармония сахнасынан бүгін де талай бишілердің биін көріп жүрміз ғой. Соның көбісі бір кезде Шара өзі басқарған Хореография оқу орнының дәстүрінен үйреніп өскен түлектердің жал­ғастары. Менің көз алдыма Халық әртісі, әйгілі конферансье жазушы Әнуар Ипмағамбетовтың жан жары болған марқұм Гүлжиһан Галиеваның саңқылдаған дауы­сы естілгендей елестейді. Ол мәнерлі дауыс­пен: – Сахнаға Қазақстанның халық әр­ті­сі Шара шақырылады, қол соғып қойыңыздар! – деп тұрғандай. Күндей жайнап шыға келген Шара шағын ансамбль сүйемелімен әрі билей, әрі әндете жөнелгендей. Ох, шіркін-ай десейші, сол бір сәттер және бір жарқ етіп қайталанар ма еді. Әй, қайдам, оның қиял ғана екенін жұдырықтай жүрек қана сезер. Сезер де Шара өнеріне сүйсінер. Сүйсінер де сағынар. Сағынар да мәңгі есіне сақтар. Басқа не амал бар бұл фәниде. Шара өзінің жар дегенде жалғыз баласы Болат Жандарбекұлынан айрылғаннан кейін көп үзамай өзі де бақиға аттанып кетті. Артына мол мұра қалдырып кетті. Қазақтың киносы мен сахна өнерінің қарлығашы атанып кетті. Шара өзінің мәңгілік мекенінде ты­ныға тұрсын. Бәлкім жер жүзін шарлап шаршаған шығар. «Ұйқысын» бұзбайық. Кәне, қайдасыңдар Шара дәстүрінің түлектері, сахнаны Шараша түрлендіріп, Шараша самғап, Шараша дүбірлетіңдерші!.. Шара әжелерің бір аунап түсіп, аруағы риза болсын! Беу, саптыаяқтың сабындай қысқа жалған. Егде тартқан кезінде де сыры кетсе де сыны кетпеген өнер саңлағы Шараны тек қиял ғана сахнаға сүйреп шығарар-ау!.. Амал қанша, мұнымыз жұмыр басты пенденің құрғақ қиялы. Сағымға айналып кеткен құбылыс. Пәни – жұмақта, биі мен әні – құлақта қалып қойған ғажайып сурет, ғажайып елес! Шарадай сан ғасырда бір-ақ рет дүниеге келетін дарындардың болып кеткеніне де шүкір дейміз!

561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз