• Ұлттану
  • 12 Қазан, 2011

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «МУЗЫКА ТУРАЛЫ ҮЛКЕН КІТАБЫНДАҒЫ» ОЙЛАР

Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВ, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент, домбырашы, дирижер Музыка – адам жанының, оның ең сырлы сезімдерінің, ұмтылысы мен арманының негізі. Ол адамның ішкі дүниесінің терең негіздерін қозғайды. Музыка – халық жанының, оның дерті мен қайғысының, ұмтылысы мен шабытының көрнісі. Музыка мәдениетте алғашқы орында тұрады. Әл-Фарабидің – «қозғалыс музыкасы» мен өлеңдер қарапайым халық өмірінде «көңіл жұбату», ал зәулім сарайларда қоғамның элитасы үшін бал татыған шекер болған. Музыка өнердің барлық белгілі формасынан асып түсті, тіпті әл-Фарабидың «Музыка туралы үлкен кітап» Әбу Жағфар Мұхаммед ибн әл-Қасим әл-Кирхи уәзірдің өтінішімен жазылса да, егер музыка орта ғасыр қоғам мәдениетінде ерекше орынға ие болмағанда ол көп қырлы әрі терең зерттеу болмас еді деген ой туады. Әл-Фараби уәзірдің белгілеп берген тақырыбын ұқыпты зерттеушіге лайық адал әрі мұқият зерттеп қана қойған жоқ керісінше, музыканың, музыкалық өнер мен Шығыс халықтар аспаптарының шынайы энциклопедиясын жасаған. Әл-Фарабидің музыка саласында зерттеу жұмысын жүргізуіне ойшылдың өзі айтқаны сияқты уәзірдің «түсінуі жеңіл, барлығына қолайлы» музыка жайында кітап жазып шығу өтініші – оған негізгі импульс болып жігерлендірген. Бұл мақсатқа қол жеткізуі үшін ол, өз қағидасын ұстана отырып, музыка туралы ежелгі ойшылдардың, әсіресе, антикалық классиктердің, олардың ізбасарлары мен кейінгі ғалымдардың айтқандарымен танысып шығу ниетін ұстанған. Әл-Фараби олардың еңбектерін зерттей отырып, өзінен бұрынғылардың музыкадағы барлық мәселелер мен проблемалар сұраныс қылынған көлемде толық зерттелмегенін анықтаған. Ал, оларды таныстыратын теориялар болса бұлынғыр әрі бір-бірімен байланыссыз болған, яғни олар әл-Фарабидың шынайы таным үшін басшылыққа ұстанған критериилерін қанағаттандырмады. Нәтижесінде мәдениеттің феномені ретіндегі музыканың мүшкіл күйі, уәзірдің өтінішіне жауап беріп, «Музыка туралы үлкен кітапты» жазып шығуға алып келген. Әл-Фарабидың музыка жайындағы шығармаларына «Ырғақтардың жіктелуі туралы кітап», «Қосымшалардың ырғақтарға қосылуы туралы кітап» және «Музыка туралы кітап» жатады. Әл-Фарабиден бұрынғылардың музыка жайында айтқандарының түсіндірмесін қамтыған. Әл-Фараби жазғандай ол ежелгі ойшылдардың музыка жайындағы еңбектерін мұқият оқып шыққан және зерттеген. Ежелгі авторлар музыканы зерттеуге көптеген шығармаларын арнағаны белгілі болған. Олар Аристокеннің, Евклидтің, Клеонидтің, Герестағы Никомахтың, Птолемейдің, Аристид Квинтилианың, Гауденцияның т.б. музыкалық-теориялық трактаттары. Пифагор замандасы Гермиондық Ласа алғашқы музыка туралы арнайы шығарманың авторы саналады. Музыка хақындағы шығармалардың молшылығы оған тәрбие мен білім беру жүйесінде қаншалықты үлкен мән берілгендігін білдіреді. Грекиядағы музыкалық білім беру жүйесі тіпті VІ ғ. бастап дәстүрлі болып, сауат ашу дәрістерімен бірге тұрады. Бұл беталыс ежелгі ойшылдардың мұрасында тұрақтылыққа айналады және тұлғаны тәрбиелеуге қатысты мәселелерде бірге айтылып, адам жанын тәрбиелеуге болысатын ғылымдардың қатарына кіреді. Музыканың математикалық түсіндірілуінің негізін салушылардың қатарында пифагоршылардың да қатысы бар екені белгілі. Олар музыканы эстетикалық тәрбиенің негізгі құралы деп білді және оны «жанды тазалау» үшін қолданған. Пифагоршылдардың үлесі, негізінен, сандық қатынас тұрғысынан музыкалық үйлесімдікті зерттеуде болғанымен, физикалық тұрғыдан олардың пікірінше үйлесімдікті талдау – дыбыстың үнділігін белгілеуші қозғалыс қарқындылығын тудыратын музыкалық аспаптан шыққан ауа қозғалысы. Пифагоршылдар дыбысты, үн шығаратын музыкалық аспаптан тарайтын ауаның қозғалысы бола тұрып, жан қозғалысына импульс іспеттес әсер етеді, ал әрекеттер өздерін жанның түрлі эмоциалық күйі сияқты көрсетеді деген пікірді ұстанған. Жақсы музыка жанға әсер етіп, оны емдейді әрі жақсартады, ал жаман музыка – бұзады деп санаған. Пифагорлық әдістің музыканы зерттеуіндегі ерекшелігі музыкалық практиканың акустикалық қасиеттерін математикалық сипаттау құштарлығы және музыка мен математиканың арасындағы байланысты орнату болып табылады. Сондықтан да гармоника математикалық ғылымдардың қатарына енгізілген. Ежелгі гректердің мифологияда көрніс тауып саулет пен мүсіндеуде бейнеленген симметрия, тәртіптілік пен үйлесімдік жайындағы түсіктері өз жалғасын жаңадан туып жатқан-астрономия, медицина, жағрафия ғылымдарында тапқан. Платон музыканы мақам мен ырғақтар өнері деп санады. Оның пікірінше, мақам үндестігін шығаратын белгілі дыбыстардың тіркесімдігі. Ырғақ болса белгілі түр дегі созылыңқы және қысқа дыбыстардың үйлесімдігі. Ол: «... музыкада: үйлесімдік үшін дарыған, дыбыс арқылы естуге пайда келтіретін барлық нәрсе барр» – деген. Музыка адам жанын жоғарыға ұмтылдырып, ең кемел әрі шынайы болмысқа ақыл жүгіртуге алып келеді. Музыка адам жанын қалыптастыру мағанасында түсінгені сияқты адамды тәрбиелеуге үлес қосады. Егер тәрбие дұрыс болмаса, онда керісінше болмақ дейді. Аристотель өзінің білімді жүйелеу мен реттеуге икемділігіне қарамастан бізге арнайы музыканы қамтитындай ешбір еңбегін қалдырмаған. Біз оның шығармаларында дәл әрі терең бірақ шашыранқы музыка жайындағы пайымдарды кездестіреміз. Аристотельдің музыка жайында айтып, жалпы тұрғыдан сөйлеген сөзін былай қорытындыласа болады: бірінші, Аристотель ғылымдарды өзінше теориялық және практикалық деп бөлген және музыканы теориялық өнер мен практикалық ісәрекет ретінде зерттейді; екіншіден, ол музыканы болмыс ұстанымдарын ашатын пәндерге қатысты ғылым сияқты талдайды. Өйткені ол мәдени, білімді және жоғарғы әдепті адамды тәрбиелеудегі музыканың мазмұны мен рөлін зерттейді, үшіншіден, Аристотель музыкалық қабылдаудың ерекшелігін талдайды. Сондықтан ол адамды тәрбиелеу жүйесіне қосылған пәнге айналған. Музыка ізгілікке алып барады, ол адам жанының адамгершілік жағынан әсер етеді. Адам өмірін саналы еткен, оның жан құштарлығын ретке келтірген философия сияқты музыка да жетістікке еліктіретін сенімділікпен жетеді деп санайды Аристотель. Ислам мәдениеті музыка жайындағы ежелгі антикалық түсініктерді қабылдап, өзінің дамуындағы бастапқы кезеңдермен ұқсастық табады. Әл-Кинди ислам орта ғасыр мәдениетінде алғаш болып музыканың сфералар және бастапқы элементермен үйлесімдік байланысы жайында айтады және музыка адамның рухани қасиеттеріне әсер ететінін сөз қылады. Оның еңбектерінде музыкалық өнермен байланысты деңгейдегі түрлі құбылыстар өз көрністерін тапқан. Мысалы, уд аспабының төрт ішегі алғашқы төрт элементке, жылдың төрт мезгіліне, желдің төрт бағытына, адам денесіндегі төрт «сөлге», адам өміріндегі төрт өмір жасына т.б. сәйкес келді. Жеті үннің әрбіріне жеті планета, удтың негізгі құрлымды он екі бөлігіне – зодиактың он екі белгісі сәйкес келген. Әбу Насыр әл-Фарабидың «Музыка туралы үлкен кітабы» ислам әлемі музыкалық эстетикасының антологиясын ашқан. Ислам музыкасының феномені бізге VІІ ғ. басынан бастап, араб халифатының аймағында өмір сүрген халықтардың классикалық музыкалық дәстүрлеріне жарық түсіреді. Арабтар мен түркілердің, парсылар мен мысырлықтардың және т.б. халықтардың музыкалық мәдени дәстүрлері осы бір ғажайып феноменді жасаған. Алайда исламдық музыканың қайнар көзін қайдан табуға болады және ондай музыканың бар екені жайында жалпы айтуға болады ма оның әмбебаптылығы мен дербестігі не нәрседе? Ислам Орта ғасыр музыкасында негізгі бес жайтты баса айтуға болады. Құранның «шырқала» саздық оқылуы (қоңыр үнді) ерекшелігі мен оның мәтінінің ырғақтылығына байланысты діни әуеннің қалыптасуы. Халифаттық салтанаттың эстетикалануы мен орта ғасыр адамының тұрмыс-тіршілігіне байланысты зайырлық музыканың дамуы, сопылық музыка мен бидің дамуы. Кәсіби музыканың дамуы, музыкалық сауаттылық пен музыкалық жазуды игеру үшін теориялық және практикалық нұсқаулардың жасалуы. Барлық жерлерде білім беру бағдарламаларына музыканың қосылуы (классикалық және кейінгі Ислам Орта ғасыр дәуіріндегі музыкалық өнерді практикалық үйретуге байланысты). Музыканы математикалық ғылымдарға жатқызуы заңды, себебі сандық математика мен музыкада ол негізгі қатынастың түрі. Олай болса да әл-Фараби музыканы сандық-уақыт кеңістіктің арақатынасынан ғана емес, дегенмен ол адам жанының ішкі терең тылсым құрлымы жағынан да түсінеді. Математикаға қарағанда музыканың дыбысталу құбылысында, адам жанының дыбыстарымен бірігуі байқалады. Музыкалық дыбыстардың қасиетті жаратылысы жайында мынадай аңыз бар деседі: Құдай адамның денесін жаратып, жанға оған кіруге әмір береді. Жан ұзақ уақыт бұдан бас тартады. Сонда Құдай оны музыка арқылы адам жанымен бір бүтінге айналдырады. Адамның бойында «материалдық» пен «руханилықтың» музыка арқылы қосылуы адамды жаратқан екен. Қорта айтқанда Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» (аударған Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008.-751 б) ғылыми редакторы академик Ә. Нысанбаев бастап шығарған кітабы – музыка өнері хақында толық білім беретін еңбек. Оқырман бұл кітаптың ішінен музыкалық өнердің практикалық және теориялық турасынан пайдалы білімдерді табады. Егер ол адам үшін пайдалы сөз тіркестерін қосу арқылы ән айту және музыка шығару практикасымен шұғылдануды, халық сөздерін аспаптарда еркін ойнаумен байланыстыруды қаласа, онда бұл болашақта біздің ғылымымыз үшін ең дұрысы әрі қайырлысы демекпіз.

3885 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз