• Келелі кеңес
  • 10 Қаңтар, 2017

ҚАЗАҚ ҚАЙТКЕНДЕ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛАДЫ?

Дина Имамбай, әлеуметтанушы

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жаңа мыңжылдықта көптеген сын қатерлерге тап келіп отыр. Алдағы уақытта ұлттық мемлекет болып сақталып қалу-қалмау мәселесі қазақтың қазақ болып қалуына тікелей байланысты. Елдің, қоғамның, бүкіл бір ұлттың тағдыры айқындалатын тұста билікке де, әрбір жеке адамға да артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Қазақтықтан айрылмау – қазақтың ұлттық болмысы, дүниетанымы, тілі, ділі, мәдениеті мен дәстүр-салтынан, ұлттық рухтан айрылмау мәселесі. Бұл – өзімізді өзіміз жоғалтып алмау мәселесі. Бұл – ата-бабамыз аманаттап кеткен ұланғайыр жерден, бүкіл байлық пен қазынадан айрылмау мәселесі. Бұл мемлекет құраушы ұлт – қазақтың тағдырының мәселесі. Ендеше, қазақтың қазақ болып қалуы үшін бізге не істеу керек? Міне, осы саналы қазақ қауымын ойландырып, толғандыратын сұрақтар төңірегінде «Келелі кеңесте» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Берік Аташ,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Жарас Сейітнұр, аталмыш университеттің оқытушысы, саясаттану ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатай, белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила және ақын, «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлімұлы ой өрбіткен еді. 

– Бүгінгі күні қазақ халқы өз тарихында жауапты да күрделі кезеңді басынан өткеруде. Қазақ халқының алдында болашақта тәуелсіздігімізді, ұлттық болмысымызды, мүддемізді, құндылықтарымызды қалай сақтап қаламыз деген сауалдар тұр. Олай болса, бұл проблемалардың туу себебі неде? Аташ_Берик цвеБерік Аташ: – Осы қойылып отырған мәселеге екі көзқарас: пессимистік және оптимистік тұрғыдан қарауға болады. Біз қазір рухани-моральдық құлдырау, болмыстың жойылуы сияқты мәселелерге тап келіп отырмыз. Бұрынғы дәуірлерде, ғұндарға, түркілерге қытайлар мен басқалар салық төлеп тұрған заманда да біз жойылып барамыз деген пікірлер болды. Моңғол-татарлар келіп шапқанда да халық жойылады деп ойлады, жоңғар шапқыншылығында да, 1932 жылы да солай. Шүкір, қазақ халқы осы заманға келіп жетті. Қазір бізге ең алдымен құлдық психологиядан арылу керек. Оны тек сөзбен  айта бермей, іске көшкен жөн. Ол үшін арылудың психологиялық техникасын жасау керек. Сонда жаңағы намыс, рух, т.б. бәрі өз-өзінен оянады. Мемлекеттің өзі «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі»  деп қолдап  отыр. Бірақ, оның айқын тұжырымдамасы жоқ, көбінесе даңғаза ұрандарға ұқсап жатады, тактикасы, стратегиясы нақты емес. Біз ең алдымен ұлттық идеяны жас ұрпақтың бойына сіңірудің әдіс-тәсілдерін жаңғыртуымыз керек. Баяғыдай мораль оқу, ананы үйтпе, мынаны бүйтпе деген әдістеме ескірген, жастар одан тез жалығады. Бала-бақшадан бастап мектепте, ЖОО-да  ұлттық идеяны сіңірудің инновациялық тетіктерін жасау керек. Қазірде осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр, бірақ, сол жастардың экстремист  болып шыға келетіндері де жиі кездесуде. Демек, әсер ету техникасы әлсіз деген сөз. Ұлттық үрдістерді қазіргі заманға ыңғайластыру, үйлестіру керек. Қазір қоғамда жаһандану, еуропаландыру, орыстандыру, америкаландыру, постмодерндендіру сияқты құбылыстардың жағымсыз жақтары сіңіп жатыр. Сонымен, бірше қайта қазақтандыру үрдісі – реэтнизация да жүруде. Бірақ, қайта қазақтандырудың қуаты, күші жаһандануға қарағанда әлсіздеу. Мысалы, интернетті қосып қалсаңыз неше түрлі жарнамалар шыға келеді.Бұл да психотехника ғой, ол бейсанаға еніп кетеді де бір  уақыттарда шыға келуі мүмкін. Міне, соның орнына ұлттық мүддеге қатысы бар нәрселерді шығаруға болады ғой. Бізге қалай құлдық психологияны енгізді, міне, осыны зерттеу керек. Бір ғана мысал, «Қап бәлем, қоян» мультфильмін алайық. Қасқыр,бөрілік рух ата-бабамыз үшін тотем болды. Біз көк бөріден тарадық па, тарамадық па, мәселе онда емес. Біз сол қасқырдың қайсарлығын, жігерін, шабытын, өміршеңдігін бойымызға сіңіріп өстік. Ата-бабамыз ұйқышыл аюды, не болмаса жер  бауырлаған жыланды алған жоқ, дәл осы  бөріні таңдап алды. Міне, отаршыларға сол заманнан келе жатқан бөрілік рухты өлтіру керек болды. Жаңағы мультфильмде қасқырды төмендетіп, бәрінен таяқ жеп жүретін, қорлық көретін хайуан ретінде көрсетіп, мазақтап отыр. Оны бала көреді де бейсанасына сіңе береді. «Е,қасқыр деген осы екен ғой» деген ой келеді.  Сөйтіп, біртіндеп бөрілік рух жаншылып қалады. Енді, қайтадан бөрілік рухты көтеретін фильм­дер, мультфильмдер түсіріліп жатыр. 19-ғасырда қазақ даласына діни миссионерлер көптеп жіберілді, өйткені, дінге бет бұрған халық төзімді болады, «басшыға қарсы шықпа» дейтін принциппен бұ да Құдайдың жазғаны ғой деп отыра беру керек. Мұның бәрі дін арқылы үгіттеліп, сіңіріледі. Қазақтың болмысы, психологиясы, философиясы, бәрі зерттеліп жатыр, айтылып жатыр. Соны әлде де тереңдете түсу керек. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің астарында терең мән бар, практикалық жағы да аса тиімді. Мысалы, ұйықтар алдында шұбат ішіп жатады, түнде ауызда қалып қойған сүт қышқылы кариесті болдырмайды екен. Қасқырдың аяғын бесікке байлап қояды, ол бала есін біле, көре-көре анаған еті үйренеді, қорықпайтын, ержүрек, батыр болып өседі. Немесе  қазақ қайтқан адамды 2-3 күннен кейін барып жерлейді, яғни, клиникалық өлім дегенді олар білген және де қазақтың  даласы кең ғой, ағайын-туыс, алыстағы құда-жегжат келуі, көңіл айтуы керек. Үшіншіден, бұл сол адамға деген қимастық, қоштасу, психологиялық жеңілдік. Осындай әрбір салттың астарында үлкен мән жатыр, соны біз түсіндіріп беретін болсақ, онда кез келген адам ерікті-еріксіз түрде  соны орындауға қарай ұмтылады. Жарас СейтнурЖарас Сейітнұр: – Қа­зақ қайткенде қазақ болып қалады деген мәселе жү­регі бар, сезімі бар адамды бейжай қалдырмайтын та­қырып. Мынау өзгермелі дүниеде тұ­рақ­ты константа аз, соның бірі  ғылыми тілде этникалық  сәйкестілік, ұлттық сәйкестілік деп аталады. Айталық, кәсібіңді, мамандығыңды, аты-жөніңді өзгерте аласың, ал ұлтыңды өзгерте аласың ба, өзгерткеннің өзінде өзгелер сені қабылдай ма? Адам санасы дүниенің моделін қалыптас­тырған кезде категоризация, жікке бөлу деген процесс бар. Соның ішінде «біз-олар»  биполярлық қағидасына сүйенеді. Бұл – адамның өзін белгілі бір ұлттың, этностың өкілі ретінде сезінуі.  Этностың сәйкестігі өткен өмірімен, яғни, тарихымен, салт-дәстүрімен байланысын білдіреді. Америкалық этнолог Ж.Девос: «Этникалық сәйкестілік дегеніміз мәдени дәстүрге негізделген және өткенге бағытталған сәйкестіктің түрі» дейді. Сондықтан, мен өткенге қарамау керек дегенді мойындамаймын. Кейде, бізде өткеннің бәрін мансұқтап, осы заманғы, заманауи ұлт  болайық деген пікір айтатындар бар. Инновация деп бәрінен бас тартуға болмайды. Мысалы, қазақтың салт-дәстүрлерінің астарында қаншама тиімді дүниелер жатыр, мәселе соның егжей-тегжейлі түсіндірілмеуінде. Кейінгі  ұрпақ әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымның астыртын сырларын білмей қалдық. Түсіндіріп, айтып беретін көнекөз қариялар да азайып барады. Ұлттық тәрбие, дәстүрлі институттар жойылғаннан кейін құндылықтарымыздан айрылып барамыз. Қазақ қалай қазақ болып қалады десек, ең алдымен, кім қазақ, кім қазақ емес деген  сұрақты анықтап алуымыз керек. Яғни, қазақ болу деген қалай, қазақ болмау деген қалай, қазаққа не тән,  қазақ еместерге не тән, т.с.с. мәселелердің басын ашып алған жөн. Бұл «мынау қазақ екен» дейтін біздің айқындаушы көрсеткішіміз болады. Мысалы, жапондар шетелдікті «гайдзин» дейді, олардың шетелдіктерге қатынасы бөлек. Еврейлер басқа ұлттарды «гой» дейді, қытайлар «лаовай» дейді екен. Демек, оларда  «біз және бөгделер» деген  принцип жүреді. Сондықтан, біз қазақ болу үшін қазаққа тән белгілерді анықтап алуымыз керек.  Адамдарды ұлт ретінде біріктіретін белгілер бар, – әрбір адам өз ұлты туралы хабардар болуы, өзінің шығу тегін білуі міндетті. Этностық эндогамия – өзге ұлттармен некеге тұруға тыйым салу жағын бұрынғылар қадағалап отырған, бұл да ұлтты сақтаудың бір әдісі. Одан кейін ортақ символдар, ортақ  тарих, мәдени кодты білу. Тағы бір маңызды белгі деп ұлттық тамақты айтар едім. Әр ұлттың ерекше тәуір көретін нәрселері бар, бұл да ұлттың ұлт екенін көрсетіп тұрады. Біз шошқа, бақа-шаян жемейміз, қазақ десе қазы, жал-жая мен ет деген ассоциация туады. Осы ретте ұлттық атаулының басты бір белгісі – ана тілін білмейтін адамдарды түсінбеймін. Ана тілін  менсінбеу деген опасыздық, сатқындықпен тең. Барлық тілді үйренсе де, өз тілін білмеу деген трагедия. Шет елдердегі, мысалы, Қытайдағы қазақтардың кейінгі ұрпағы ассимиляция процесіне ұшырап жатыр. Қазақтарды қорғап қалатын, сақтап қалатын бір-ақ қана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Тек Қазақстан, басқа мекен жоқ, рухани өнім де тек осында жасалады. Бұл өте күрделі мәселе. АманханАманхан Әлімұлы: – Қазіргі жаһандану ке­зеңінде шекара, мем­ле­кеттілік, егемендік және т.б. атрибуттар аздық етеді. Бүгінгі күні осының бәрін ұстап тұру мәселесі маңызды. Жас ұрпақ  тәуелсіздікті қорғап қалу үшін қандай құндылықтарды бойына сі­ңіруі керек? Шет елдерге еліктеуіміз, алаңдауымыз көп, әлі де шәкірттік деңгейден аса алмай жүрміз. Қашан олар бізден үйренеді, қашан біз өзгелерге үлгі боламыз деп ойлана бермейміз.  Осының бәрін ескермесе, қазақ қалай қазақ болып қалады? Ахметбек Нұрсила: – Қазақ деген атқа ие бол­ғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Бұған дейін неше түрлі мемлекет болып тұрдық. Енді, қазақ болып қалу не үшін, неге керек деген сұрақ тууда. Әрбір адам ең алдымен тіршілігін ойлайтыны белгілі. Мен мысалы, немеремнің біреуге тәуелді болғанын қаламаймын. Біз, қазақтар, бірігіп, бір ұлт боп өмір сүргенде ғана, осы қазақ елінің жағдайын ойлайтын адамдар болған кезде ғана толық тәуелсіз бола аламыз. Ең бас­тысы, экономикалық тәуелсіздік болса ғана балаң қайыршы боп жүрмейді. Әркім өзінің болашақ ұрпағы қандай жағдайда, қай жерде тұрады деп ойлануы керек. Бұл әшейін бір пафос үшін емес. «Сананы тұрмыс билейді». Кезінде ашаршылық жылдары неше түрлі сұмдық оқиғалар болды. Адамдар жаны қысылғанда тірі қалу үшін бәріне барды. Сондықтан, біріншіден, ұрпағың дұрыс өмір сүру үшін елдің экономикасын дұрыстау керек. Елге қызмет істеу деген жай ұран емес, ол балаңның, немерелеріңнің жақсы өмір сүруі үшін қызмет ету деген сөз.Қалай дегенмен де шетелдің идеологиясы халықты, әсіресе, жастарды қатты еліктіріп жатыр.Фаст-фуд, «Макдональдс» дегендер қаптап кетті, жас­тар соған әуес болып барады. Оның өз сыры бар. Батыста нейробиология, нейропсихология жақсы дамып келеді. Нейромаркетинг, нейролингвистикалық бағдарламалау деген бар, олар адам миының қандай жеріне, қалай әсер ету керектігін керемет меңгерген және оларды киноларында, жарнамаларында пайдаланады. Адам ағзасында «дофамин» деген нәрсе бар, яғни, белгілі бір сөздермен, суреттермен әсер ету арқылы адамның миында сұйық зат бөліне бастайды да, жаңағы затқа қызығушылық оянады, сөйтіп оны сатып алады. Қазір  Американың кинолары, музыкасы бізге қатты сіңіп жатқаны содан. Соны біздің ғалымдар да меңгеріп, біліп алса дейсің. Қазақ болу деген, біріншіден, тартымды, екіншіден, қазақ болу пайдалы болуы тиіс. Сол кезде ғана адамдар қазақ болуға ұмтыла бастайды. Ал, жалаң патриотизммен ешкім ермейді. Еврейлер балаларын тағам арқылы да тәрбиелейді. Олар негізінен «кошерный», яғни, еврей жеуі тиіс тағамды ғана пайдаланады. Еврейлердің дәстүріне адалдығы осылайша еврей болуды мақтан тұтуға жеткізген. Мен кәсібіме байланысты шетел­діктермен көп жұмыс істеймін. Сонда, таза қазақтың тамағын жеуге апарайын десең, бірақ, дәмді ұлттық тағам ұсынатын орын жоқ. Ащы қымыз, қатып қалған құрт, нағыз қазақтың тамағын жегізе алмайсың. Содан таяуда «Қуырдақтың көкесі» деген дәмхана ашқыздым. Таза балқаймақ, қазы, шұбат, түйенің қуырдағы, бәрін жасадық. Бірақ, тұрақты клиенттер қалыптаспады, адамдар келмейді. Жарнамасы да жақсы, қазақша безендірілген, кештер, кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырдық, бәрібір жүрмеді. Соған қарап мен қазақтар қазақтықтан кетіп бара жатыр ма деген ойға келдім. Бұл біздің ұлттық иммунитетіміздің жойылып бара жатқанының дәлелі. Қазақтың ұлттық сусындарын, қымыз, шұбат өндірумен де айналысамыз.  Сыраны миллион литрлеп алып ішетіндер қымызды алмайды немесе тегін алғысы келеді. Шындығында, бізде ұлттың өзін-өзі сақтау иммунитеті жойылып бара жатыр. Қазір қымыздың қасиеті керемет екенін бәрі біледі. Германияда қымыз өндіретін қырық мекеме бар екен. Беларусьта «Бие сүтін өндірушілердің одағы» он миллион долларға үлкен қымыз өндіретін орталық салып тастаған. Онда қымыздың литрі төрт мың теңгеден өтіп жатыр. Міне, бізде ұлттық құндылықтарға менсінбей қарау басым. Қазақтың әнін айтып жүрген, дәстүрін насихаттап жүргендердің өзі қымызды  алмайды, ішпейді, одан гөрі кола, пиво ішкенді артық көреді. Батыстағылар  коланы көрген кезде дофамин бөлінетіндей етіп, тәуелділік туғызып қойған. Сондықтан, қазақ болып қалу үшін бізде нейропсихологияны, нейробиологияны, адамның болмысын зерттейтін ғалымдар керек. Жастар «Найнти уанға» еліктейді, оларды қайтарып алу өте қиын. Содан да, қазір «самородный сары алтын» дерлік Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Рамазан Стамғазиевтің концертіне бармайды, ал, Қайрат, Төреғали, т.б. «жұлдыздар» стадиондарды жинайды. Бұлар  Қайрат Байбосыновтың қолына су құя алмайтын әншілер ғой. Бұл қоғамның азып бара жатқанынан, эстрада деген де арзан дүние, «Кола», «Фанта», т.с.с. сусындар сияқты. Сен  қандай тамақ ішесің, не көресің, нені тұтынасың, – бұл сенің кім екеніңнің көрсеткіші. Осының бәрін ел алдында жүрген адамдар ойламаса, алдын алмаса, қауіп зор. Ұрпағымыздың күні не болады деген уайым басым. МусатаевСейілбек Мұсатай: – Бүгінгі «Келелі кеңесте»  тал­қыланып отырған мәселе жалғыз біздің қа­заққа ғана, Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес, ол бүкіл әлемдегі ұлттық мемлекеттер үшін өзекті мәселе. Қазір Еуропада да ультраоңшыл саяси күштер күшейіп барады. Мысалы, жақында Германияда өткен сайлауда билік пар­тиясы жеңіліс тауып, оппозициялық бағыттағы әсіреоңшыл күштер, яғни, ұлтшыл бағыттағы саяси партиялар жеңіске жетті. Испанияда каталондықтар өз алдына дербес мемлекет құрамыз, өзіміздің  ұлттық  болмысымызды  сақтаймыз деп референдум өткізді. Шотландияның Ұлыбритания құра­мынан шығу үшін  өз алдына референдум жасауы, Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығып, өзінің ұлттық болмысын, ерекшелігін сақтап қалуға ұмтылысы да осының көрінісі. Сол сияқты, Балтық жағалауы елдерінің  Ресейдің ықпалына қарсы күресі немесе Украинадағы жағдай бәрімізге белгілі. Бүкіл Еуропаны қамтыған миграциялық дағдарыс – ИГИЛ қысымына шыдамай, босып көшкен халыққа қарсы еуропалық халықтардың өре түрегелуі. Кең ауқымда қарасақ, қазір бүкіл әлемде ұлттық жаңғыру процесі қауырт жүріп жатқан сияқты. Көрші Ресейді алсақ, олар ұлы да құ­діретті орыс тілінің бекемдігіне қара­мастан қазір әлемдегі орыстілділердің мақсат-мүддесін, орыс тілін қорғауды өте қатты ұстанып отыр. «Русский мир» дейтін идеологиясының аясында бүкіл шет елдердегі шашырап жүрген  орыстардың тілін, мәдениетін, басқа да ерекшеліктерін сақтап, дамытуына ерекше алаңдаушылық білдіреді. Яғни, бұл бізді ғана толғандырып отырған мәселе емес, ұлттық негізде құрылған мемлекеттердің бәрінде жүріп жатқан  процесс. Оның жандануына ғаламдану үдерісі қатты ықпал етіп отыр. Жалпы, өркениет пен мәдениет екеуі сан ғасырлар бойы бір-бірімен бәсекелесіп, теке­тіресіп келе жатыр. Өркениетті зерттеуші ғалымдар – Арнольд Тойнби, Освальд Шпен­­глер, Хантингтон Сэмюэль, осы теоре­тиктердің еңбектеріне қарайтын болсақ, ұлттық мәдениетті, мәдени ерекшеліктерді өркениет жояды деп көрсетеді. Яғни,  өркениет – мәдени, ұлттық ерекшеліктерді жойып, бірегей өркениеттік белгінің ау­қымында біріктіру мәселесін тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асырудың жолы. Қазір бүкіл мәдени, ұлттық, діни, басқа ерекшеліктер өркениет құндылықтарына қарсы тұра алмай, жұтылып, жойылып бара жатыр. Бірегей, бір унификация – адамдардың бәрі бірдей киінетін, бірдей ойлайтын, бірдей құндылықтарды ұстанатын бір мәдениет қалыптастыру – ғаламдану үдерісінің  алдына қойған мақсаты. Бұның артында үлкен қозғаушы күш бар, ол  түрліше аталады – трансұлттық корпорациялар, ірі қаржы орталықтары және т.б. Олар үшін ғаламдану үдерісі пайдалы, бизнестерін өркендетіп, соғыс ашпай-ақ жер жүзін жаулап алудың әдісі. Яғни, бүкіл адамзатқа бірдей өмір салтын, ортақ мәдени құндылықтарды ұстанатын қоғам қалыптастырып алса, әлемді жаулаудың нағыз төте жолы осы. Бұл – үлкен экономикалық әлеуетке ие болудың көзі. Әрбір алпауыт завод иесі бәріне ортақ киім үлгісін шығарып сата береді немесе бірдей сусын өндіреді. Мысалы, «Coca cola» компаниясының дү­ниежүзі бойынша мыңнан астам зауыты бар екен, ол «Apple» компаниясынан кейінгі екінші орында тұрған ең қымбат компания (176 млрд. доллар). Яғни, адамдардың талғамын, киім кию үрдісін, жүріс-тұрысын, музыкасын, өмір салтын, құндылықтар жүйесін, бәрін бірегейлендіру ғаламданудың басты мақсаты болса, оның артында алпауыт күштер тұр. Кезінде Еуропа елдері осы ғаламданудың жетегінде кетіп, мультикультурализм өзінше бір бағыт болып қалыптасқан болатын. Олар басты орынға адам құқықтарын, бостандықтарын қойды, ешқандай шектеу жоқ, әркім өзінің қалаған жолымен жүрсін, қалағанын таңдасын деген қағиданы ұстанды. Бұл 1960-жылдары «хиппилардың», «битломанияның» пайда болуымен, содан бастап қарыштап дамыған бағыт. Қазір сол батыстың өзі мультикультурализмің құрбаны болды. Енді,  осы мультикультурализмнен бас тартып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту белең алып келеді. Әрине, кеш деп айтуға болмайды, көптеген мүмкіндіктер қолдан шығып кетті. Бұл үрдіс көрші  Ресейде де байқалуда. Қазір орыс жастары өз тілдерінен алыстап барады, жастар сленгпен, түрлі жаргондармен сөйлейтін болды, орыстардың аға ұрпағы жас ұрпағын түсіне алмайтын дәрежеге жетіп отыр. Орыстар орысша таза, сауатты жаза алмайды, сауатты сөйлесе алмайды. Сондықтан, Ресейде түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр, жыл сайын бүкіл ел болып «Единый диктант» дегенді өткізеді және т.с.с. Осылайша, өркениет бәрін жұтып, жойып келе жатыр. Біз де сол қатардамыз, оған қарсы тұру, өзімізді өзіміз қалай  сақтап қаламыз деген мәселе осыдан шығады. Қазіргі біздің  жағдайымыз антивирусы жоқ компьютерді интернетке қоса салғанға ұқсайды. Аманхан Әлімұлы: – Сейілбек, өте дұрыс айттың. Сейілбек Мұсатай: – Интернеттегі бүкіл вирус, спам, толып жатқан жарна­малар, компьютерге кіре береді. Ақыр аяғында компьютеріңіз істен шығады. Біздің қазіргі күйімізді дәл осылай суреттесек болады. Антивирус деген сол иммунитет, ұлттық иммунитетіміз жоқта біз еліктеушіліктің құрбаны боламыз. Бүкіл шетел жылтырағының бәрі керемет, өзгенің қаңсығы таңсық.  Ешқандай ішкі сүзгі жоқ. Соның аяғы осындай деңгейге жетіп отырмыз. Бұл біздің ғана басымызда емес, ұлттық негіздегі мемлекеттердің бәрін алаңдатып отырған мәселе. Ал, енді, Америка, Канада  сияқты ұлттық негізі жоқ, мигранттардан құралған мемлекеттер үшін бұл тиімді. Олар ғаламдануды,  бірегейленуді  азаматтық идентификация қалыптастырудың құралы ретінде пайдаланады. «Америкалық ұлт» деген  желеумен  халықты тұтастырып отыр. Және де Америкадағы ірі бизнес өкілдеріне тиімді. Жаңа Ахметбек мырза ұлттық асхана туралы тамаша мысал келтірді. Көрдіңіз бе, түрлі сусын, ішімдіктер сататын компаниялар үшін тиімді де, ал, аяғынан зорға тұрып жатқан ұлттық құндылықтарымыз қарсы тұра алмай, жойылып барады.  Мұның артында саяси мәселе тұрғаны белгілі. Қай ұлт, қай мемлекет болмасын, ұлтты сақтауда ұлттық элита, зиялы қауым, интеллигенция шешуші рөл ойнайды. Ұлттық элитаның сапасы, ұлттық негіздегі құндылықтар жүйесі жоғары деңгейде болса, соншалықты халықты төңірегіне ұйыстыра алады. Ал, ұлттық элита өз миссиясын атқара алмайтын болса, онда ұлттың да құруға бет алғаны. Сондықтан,  ұлттық  элита  өзіне артылған үлкен жауапкершілікті, өзінің тарихи миссиясын сезіне білуі керек. Халық қашан да ақын-жазушылардың, зиялылардың аузына қарайды. Бірақ, қазіргі кезде біздің ұлттық элита бұқа­ралық арзанқол мәдениеттің, солар насихаттаған құндылықтардың, пенде­шіліктің жетегінде жүр. Біздің ұлттық иммунитетіміздің тағы бір басты тетігі – отбасы институты. Біз нарықтық қатынастарға өтіп, тұтынушылық психологияның соңында жүріп отбасы институтын құлдыратып алдық. Сабақтастық үзіліп барады.  Ата-ана өз жауапкершілігін сезінбейтін деңгейге жеттік. Бүкіл ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұраны  келесі ұрпаққа жеткізетін, саяси әлеуметтендірудің басты институты – отбасы. Бәрі отбасындағы тәлім-тәрбиеден бастау алады. Әсіресе, отбасындағы ананың орны ерекше, олар ұлтымызды, ұрпақты тәрбиелейді. Бүгінгі қазақ қызының келбеті қандай десек, қыздардың дені сол еліктеушілікке беріліп кетті. Бұрынғы қазақ қызы мен қазіргі заманғы қазақ қызын салыстыруға келмейтін деңгейге жеттік.Ертең ол қыз ана болмай ма, оның тәлім-тәрбиесін алған ұрпақ болашағымыз емес пе? Бұл да ойланатын мәселе. Келесі, үшінші бағыт тұтынушылық психологияға келіп тіреледі. Бұған қалай қарсы тұруға болады деген сұрақ туады. Мысалы, алапат өрт болып, орман өртеніп жатса, оған тонналап су құйсаң да өшпейді. Оны өшірудің бір ғана жолы бар, ол – өртке қарсы өрт қою. Сол сияқты, біз де тұтынушылық психологияны тоқтату үшін  өз мінез-құлқымызды өзгертуіміз керек. Бізде әлі де тұрмыстың тауқыметі басым, олай тартсаң былай жетпейді, халықтың материалдық қажеттіліктері толық қанағаттандырылмаған. Содан да, бізде тұтынушылық психология асқынып тұр.  Халықтың жағдайы, әл-ауқаты көтерілген кезде адам «мен кіммін, қайда кетіп барамын» деп ойланады. Аманхан Әлімұлы: – Сол сырттан келіп жатқан күштерге  қарсы өрт қойып өшіретін қауқарымыздың жоқтығы мені алаңдатады. Баяғы патшалық Ресейдің еуропоцентризмге қарсы құрған Еуразия идеясы аздай, енді, тағы бір қауіпті үрдіс пайда болды. Жақында бір жиында «түрік ұлтын қалыптастыру керек» деген пікірлер айтылды. Бұның Американ халқынан айырмасы не? Бұл да қазақтың қазақ болып қалуына зиянын тигізетін үрдістің бірі. Кезінде Мұстафа Шоқай «Ұлт зиялысы» деген мақаласында «қазақ күннің астынан орын іздеп қана қоймауы керек, сол орынды қалай ұстап қалам деп күресуі керек» деді. Ал, біздің интеллигенция қазақтың қазақ болып қалуына не істеп жатыр? Олардың сөзі мен іс-әрекеті үндесе ме? Айталық,  көптеген ұлт зиялылары «қазақстандық ұлт» дегенді қолдап шықты.  Осындай сөзді басқа елде айтып көрсінші, оларға сәлем де бермей қояр еді. – Жаңа технологиялардың дамуымен жат мәдениет үлгілерінің таралу ауқымы да күшейе түсті. Осындай жағдайларда теріс үрдістерге қарсы тұрудың, қазақы қалпымызды сақтаудың, жаңғыртудың жолдары қандай? Жарас Сейітнұр: –Жиырма бірінші ғасыр басында «Адам боп қаласың-ау, қазақ болып қаласың ба?» деген Ақселеу Сейдімбек ағамыздың айтқан сөзі бір кезде менің жан-дүниемді төңкеріп, алай-дүлей әсер еткен еді. Иә, кез келген жерде адам боп қарныңды тойғызып жүре беруге болады, өз ісіңнің шебері болсаң жақсы тұрмысқа да қолың жетеді. Адам денесін компьютердің процессоры десек, оның жаны операциялық жүйе сияқты, қандай бағдарлама салсаң, сол жұмыс істей бастайды. Ішкі иммунитет деген де осы, сыртқы дүние – жаһандануды басқару мүмкін емес болғандықтан, тек қана ішкі әлемімізбен қарсылық жасай аламыз. Мәдени аккультурацияға қарсы тұру үшін ешкімнен ештеңе күтпей, әр адам өз жағдайын өзі ойлауы, өзімізден бастау керек. Өйткені, саяси элита мен халықтың арман-мүддесі бір жерден шықпай жатыр. Тіпті, сонау кеңес заманының өзінде интеллигенция, зиялылар үлкен жұмыс істеді ғой, 86-дағы көтеріліс те аяқ астынан болған жоқ. Жалпы,  ұлтына жақын екі қауым бар, біріншісі – ақын-жазушылар, екіншісі – тәуелсіз ойлайтын ғалымдар. Алайда, Ғылым академиясын жойып, Жазушылар одағы бұрынғы беделінен айрылып, екі рухани тірегіміз құлап тынды. Оның орнына мансапқорлар, шолақ белсенділер, жоғарыдан не келсе соны орындайтындар көбейді. Мұндай кезде еріксіз пессимизмге де беріліп кетесің, ертеңгі күнімізді ойлаудың өзі қорқынышты. Аманхан Әлімұлы: – Бір мақаламда айт­қанымдай,«Батыс бізді әуре етпей өзі келді, қарсы алайық». Ол үшін тек қорға­нысқа көшіп, өзіміздің бойымыздағы имму­нитеттің күшімен, табиғатымызбен қарсы тұру керек. Әрине, біраз нәрседен айрылуымыз бек мүмкін, 50/50 боп қалсақ та, тіпті, 60/40-тың өзі жаман емес. Жарас Сейітнұр: – Қазақ болу үлкен мәртебе болған кезде ғана қазақтықтан қашатындар азаяды. Қазақ болу – психо­логиялық қауіпсіздік, қорғаныш болса, өзге ұлттар қазақ болуға ұмтылады. Жалпы, мен қазақты көп сынағанға қарсымын. Негізі біз жаман халық емеспіз, этикамыз қандай керемет, қаншама халықты бауырға бастық. Ешкім қысым көріп жатқан жоқ. Әлемде мұндай ел кемде-кем. Берік Аташ: – Қайткенде қазақ болып қаламыз дегенде «енді, не істеу керек?» деген мәселе маңызды. ХІХ ғасырда зар заман ақындары ұлттық құндылықтардың құлдырауын, орыстануды, бәрі-бәрін сезіп кетті. Олар көшпелі өркениеттің қасыретті ақыры болатынын білді. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары осы бағытта нақты істер жасауға тырыс­ты. Қазір біз де сөзден іске көшуіміз керек, құрғақ ақыл айтуға бәрі шебер. Бас­ты екі мәселе қоятын болсақ: мемлекет тарапынан не істеуге болады және біз, жеке тұлғалар – мен не істей аламын, не істеуім керек?  Әркім кішкентай да болса өз үлесін қоса алады. Оның өзі өзгеріс, нақты іс. Бұған дейін орыстілді, қазақтілді қазақ деп бөліндік, енді фанат қазақтар, зайырлы исламшыл қазақтар деп бөлінетін болдық. Осының бәрі бірліктің жоқтығынан. НурсилаАхметбек Нұрсила: – Әрбір заттың, киім­нің  сапасы болатыны сияқты адамның да сапасын өлшеуге болады. Қазір адам­дардың мүмкіншілігі бар, сандық технология, интернет арқылы көп нәрсе қолжетімді. Мемлекет істесін деп отыра бермей, тізгінді өз қолымызға алатын кез келді. Бауыздар алдында қой да тұяқ серпеді ғой. Мен отыз жыл бойы кәсіппен айналысып келемін, ғылыми тіл, өндіріс, бизнес, басқа да техниканың бәрі орыс, ағылшын тілдерінде. Қазақша бір пайыз ғана ақпарат бар. Сондықтан, біріншіден, шын сапалы адам, сапалы қазақ бірнеше тілді жетік білгені дұрыс. Екіншіден, қа­зақ болудың негізгі бір моделін жасау керек.  Мысалы, Еуропада танымал кәсіпкер, бизнесмен Моцарттың кім екенін білмесе ол масқара, ұят саналады. Сол сияқты бізде де бизнесмен Тәттімбет, Қазанғап, Ақан сері кім дегенде айта алмаса айып болуы тиіс. Білімі мен білігі жететін адамдар бірігіп, маркетингтің, интернет-технологиялардың мүмкіндіктерін қолданып, қазақ болу деген мақтаныш болатындай қозғалыс жасау керек. Мен қазір «Қазақ болсаң қазақша сөйле», «Қазақ болсаң қымыз іш»,  «Қазақ жастары қымызды таңдайды» деген бас­тамалар көтеріп жүрмін. Екіншіден, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов «жұрт болу үшін бізге бай болу керек, оқу, кәсіп керек» деп ай­тып кеткендей,  қазақ бай болуы тиіс. Алдымен байлықтың көзін табу керек, адам қарны тойғаннан кейін рухани дүниені іздей бастайды. Жарас Сейітнұр: – Ұлттық табиға­тымызды сақтай отырып қазіргі заманғы болуға ұмтылған жөн.  Яғни, заманауи болу деген сөз қазақылықтан бас тарту деген сөз емес. Біз өзіміздің табиғилығымызды сақта­ғанда ғана заманауи қазақ қалыптасады деп білемін. Ахметбек Нұрсила: – Жапон елі кезінде соғыстан жеңілгеннен кейін қалай дамимыз деп түрлі жолдарды іздестірген екен. Тіпті, кейбіреулері өз жазуымыздан, тілімізден бас тар­тайық дегенге дейін барған. Сол кезде жапонның ұлттық элитасы біз тек өзіміздің ұлттық мәдениетімізге, ұлт­тық құндылықтарымызға сүйенген кезде ғана ұлт болып қаламыз деген екен. Сол шешімдер отыз-қырық жылдан кейін жемісін берді. Өмір деген күрес, әр жан иесі пенде сол өмірде жақсы өмір сүруі үшін күн сайын күресу керек, алға басуы керек. Сонда, бүкіл қоғам да дамитын болады, сол кезде ғана егемендігіміздің болашағына, қазақтың қазақ болып қалатынына сенуге болады. Менің ой-тұжырымым осы. Сейілбек Мұсатай: – Біздің қазақ ұл­тының ерекшеліктерін сақтап қалу үшін кешенді әдіс керек. Біріншіден, әлемдік саяси тәжірибеге салыстырмалы талдау жасайтын болсақ, ұлтты жаңғырту, мемлекетті дамыту саяси элитаның, яғни, билеуші элитаның ерік-жігеріне тікелей байланысты. Билеуші элита ұлттық мүддені қорғап, соны жүзеге асыруда талап таныту керек. Ал, егер осы ұлттық мүддені қорғауда осалдық танытатын болса, онда контрэлита билеуші элитаны алмастыра алатындай болуы тиіс. Вильфредо Паретоның элита айналымы теориясы бойынша қоғамдық дамудың қозғаушы күші ретінде билеуші элита мен контрэлита үнемі текетіресіп тұрады. Билеуші элита ұлттық мүддені жүзеге асыра алмаса, оның  беделі түседі де, оның орнына контрэлита саясат сахнасына шығады, атқара алмаған миссиясын жүзеге асырады. Жоғарыда сіздер айтқан қазақ болу тартымды болуы үшін саяси элита өзінің ерік-жігерімен қазақылықты қажеттілікке айналдырып, қазақтың тіліне, қазақы дәстүрге сұраныс туғызуы міндетті. Ал, рухани элита ұлттық құндылықтарды дамытуға, нығайтуға күш салуы тиіс.Бизнес – элитамыз ұлт­тық негіздегі бүкіл құндылықтарды дамы­туға көңіл бөліп, демеушілік танытып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Ал, жалпы халыққа қойылатын талапқа келсек, қазақы рухты өркениеттік деңгейдегі біліммен ұштастырса, өркениеттің бүкіл жетістіктерін меңгерсе, сонда ғана бәрі бір арнаға тоғысып, осы заманға сай заманауи қазақ болып қалыптасамыз. Яғни, дәстүр мен жаңалықты ұштастыра білу, дәстүрлі құндылықтар мен модернді қатар алып жүріп, табиғилығымызды сақтау қажет. Оған біздің қабілетіміз де,  күш-қуатымыз да жетеді. Аманхан Әлімұлы: – Үшінші дү­ниежү­­зілік соғыс басталып кетті, бірақ, бұл – мылтықсыз майдан. Біз қазір ақпа­раттық, демографиялық соғыстың өтін­де тұрмыз. Адамзатты Алла ұлт етіп жаратқаннан бері, әрбір халықтың өзінің ұлттық мүддесі үшін күрес жүріп жатыр, осы екі майданда жеңілмесек екен.

 

1241 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз