- Заманхат
- 07 Тамыз, 2012
ДІНИ СЕКТАЛАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ?
Ораз ҚАУҒАБАЙ, «Ақиқат»
2000 жылы адастырушы діни секталардың сойқаны, әлемді қатты үйрейлендірді. Африканың орталық бөлігіне орналасқан Уганда елінде белгілі христиан сектасы жантүршігерлік қылмыс жасады. «Құдайдың он бұйрығын жаңғырту» сектасының мыңға жуық мүшесі өздерін өртеп өлтірді. Секта «абызы» Жозен Кибветере секта мүшелерін кезекті құлшылық шарасына шақырып, діни әндер айтқызып, би билетіп, көңілдерін көтереді. Соңында шіркеудің есік-терезелерін түгел жапқызып, сыртта өрт қояды. Абыз «Құдай жолында құрбан болуға тиіссіңдер» деп алдын ала ескертсе керек. Кейін, секта мүшелерінің өздерін өздері жаппай өлтіруі басталады. АҚШ-та өзін Иса Мәсіхтің «тірілген тұлғасымен» деп жариялап, шіркеуде шәкірттерін дәрі ішіп өлуге бұйырған христиандық секта көсемі Жим Жонстің ұстанған бағыты да – жауыздықты елестетті. Жапониядағы экстремистік буддистік секта «Аум Синрике» мүшелерінің қырғыны әлі ұмытылған жоқ. Тоқсаныншы жылдары Токио метросында жарылыс жасап, біраз адамның түбіне жетіп, жарты мыңға жуық адамды жарақаттаған секта әрекеті – Құдай кешпейтін қылық еді. Қауіпті діни секталар Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда да пайда бола бастады. Тоқсаныншы жылдары Алматы облысы, Ұйғыр ауданында өзін «Пайғамбармын» деп жариялап, Құранды өртеген «Әулиенің» әрекеті – таза мұсылмандардың ашу-ызасын келтірді. Өтейбойдақтың ілімін зерттеуші Зиядан Қожамылов бұған қарсы шығып, оның теріс әрекетін дәлелдеп, мақала жазды да. Қазақстандағы алғашқы «жабайы» секталар осылай бой көрсете бастаған еді. Сондай-ақ, «Сары әулие» атанған емшінің Алла-Тағаланың ақ жолына қарсы әрекеті де дәл осы тұста елді дүрліктірген болатын. «Сары әулие» уағызы сиқырлау мен алдап, арбауды негізгі мақсат етті. Қазіргі адам рухы мен жандүниесін сиқырлап, қажет болса – өлімге дейін апаратын діни ағымдардың Қазақстанда бой көтеруі – қауіпті. Алдыңғы жылы Ақтөбеде болған діни экстремистік топтың әрекеті соған куә. Сондықтан, Үкімет дін жөнінде жаңа заң қабылдауға мәжбүр болды. Қазақстандағы діни секталардың не істеп жатқанын білу және әшкерелеу өте қиын. Өйткені, діни секта жетекшілері дін бостандығы жөніндегі Заңды алға тартып, ғибадатханалардағы, шіркеулердегі өздерінің «құпия құлшылықтарын» дұрыс дейді. Мысалы, «Иегова куәгерлері» діни ағымы ғибадатханасында (Құдай патшалығы үйі) дін бостандығы туралы Заң мен оның баптары көрнекті жерде ілініп тұр. Жалпы, дін туралы Заң о бастан бізде дұрыс қабылданбады. Діни сенім мен заңның тарихы мен философиясын, Құдайға құлшылық дәстүрін білмей асығыс қабылданған Заңның кейінгісі де көңілден шықпайды. Заң бойынша, қулығына құрық жетпейтін миссионерлерге еркін жол ашылды. Ежелден дін емес бірақ өзін дін санайтын ағымдар және діни ұйымдар қанат жайып, соңында саны көбейді. Мемлекетіміздің ұстанған діні Ислам болғандықтан, енді, осы діндегі белгілі ағымдардың тарихы мен теріс бағыттарына тоқталайық. Қазіргі діни әдебиеттер мен басылымдарда «Ахмадия жамағаты» және «Құраншылар» деген ағымдардың өмірге келуі мен тарихы жиі айтылады. Бұлар жайында жеке кітапшалар да шыққан. Сырттай мұсылман болып көрінген «Ахмадия жамағатының» негізін салған, өзі Үндістанда туған (1839) Мырза Ғұлан Ахмад әл-Қадиян деген ғалым екені белгілі. Ол өзін әулие, көріпкелмін деп санап, «Бәрәхии Ахмадия» кітабын жазады. Өз пайдасы үшін дінді саясатқа айналдырудың жолына түседі. Ең қызығы, өзін көріпкел санаған Ғұран Ахмад Иса Пайғамбар Кашмирде қайтыс болған деп дәлелдейді. Соңында өзін «Мен Иса Мәсіхпін» деп жариялайды. Иса Мәсіхтің жатқан жері, оның айтуынша (Кашмир) қасиетті орынға саналады. Исаның Кашмирде өлгені туралы Исламның мың жылдық тарихында дерек жоқ. Христиан кітаптарында да ондай нәрсе айтылмаған. Бұл ежелгі екі діннің арасына от тастап, бүлік шығаруды ойлаған теріс пиғылдың көрінісі еді. Басында, Өзін «Иса Мәсіхпін» деп жариялаған ол, соңында, енді «Мен Мұхамед Пайғамбардың рухымын» деп жар салады. Ол бірде «маған уахи екі жылдай түсті. Осы аралықта мен Аллаһтың мұғжизаларының растығына куә болдым. Сондықтан, мен пайғамбармын. Хақ – әмірдің ақиқатын жасыруға болмайды» дейді. Сөйтіп, «Ахмадия жамағаты», кейін Ғұлан Ахмадтың «уахиларын» жыйнап, өздерінше жаңа «Құран» кітабын жарыққа шығарады. «Тәзқира» деп аталатын бұл кітап, осы ағымдағы адамдардың «Құран» кітабына айналады. Міне, дінді бұрмалау және Құранға өзгертулер мен толықтырулар енгізудің ақылға сыймайтын әрекеті өмірге осылай келген. Айтпақшы, Ахмадиялар жанның ауысуы жөнінде Ислам дініне үйлеспейтін өздерінің түсініктерін қалыптастырды. Ғұлам Ахмад, адамдарды өз сенім-нанымына бағындыру үшін, «магиялық тылсым» дәстүрін пайдаланады. Басында, Иса Мәсіх болып, кейін «Мұхамед Пайғамбар» атанып, соңында «Кришна Құдаймын» деп өзін насихаттап, өз уағызын жүргізген бұл дінбұзар ғалымның мақсаты бүлдіру мен бүлік еді. Бұл ағым Үндістанда, Пәкістанда адамдарды бір-біріне өшіктіріп, ежелгі діни наным-сенімдеріне тиіп, ұрыс-керіс, қақтығысқа әкелген. Ахмадия және оның жамағаты Пәкістанда ел ішінде лаң салып, ойрандап, елдің шырқын бұзған. Әлі де секталық содыр-сойқан әрекеттерін жалғастыруда. Егер, біздің елде оларға еркіндік беріліп, мүмкіндік жасалса – түбінде Пәкістанның кебін киетініміз анық. Ахмадия діни ағымы жамағатында жау келгенде, оған қарсы шығу ұғымы жоқ. Тек, жауға қарсы насихат жүргізу керек. Сонда, жау шауып, ойрандап жатса да үндемей отыра беру керек пе? Жоқ. Бұл біздің дініміз мен ата-баба дәстүріне қайшы нәрсе. Ахмадия жамағаты ағымы, Қазақстанда пәкістандық миссионерлердің ықпалымен 1994 жылы Әділет министрлігінде тіркелген. Ол «Ұлттық Ахмадия мұсылман жамағаты» деген атауға ие. Тоқсаныншы жылдардың басында «Демократтар үйінде» аталған ағымның бір уағыз жыйыны өтті. Олардың миссионерлері дәл осы аласапыран жылдары келіп, ашық-шашық жатқан елдің ішіне еркін кіре бастады. Кейінгі кездері ахмадилерге қарсы пікір айтушылар мен ағымды айыптаушылардың үні қайта естіле бастады. ҚМДБ-нің діни қызметкерлері, бұл ағымды «әл-Қайданның жетегінде жүрген ұйым» дегендей сыңай танытты. Бұдан бес-алты жыл бұрын Қаржы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бақылап, ағымдағылардың өте үлкен мөлшерде қаржы айналдырып, экономикалық қылмыстық әрекетке барғандарын дәлелдеген. Дін тарихы мен дін ілімінен хабары жоқтардың аталған ағымды жақтап кітап жазғандары да бар көрінеді. Сондай-ақ, осы теріс дін іліміне байланысты кандидаттық диссертацияда қорғалған. Диссертация қорғалатынын естіген ҚМДБ-ның мүфтиі Мұхамед Хусайн қажы Алсабеков қарсы болып, қорғау өтетін ғылыми мекеменің басшыларына хат жолдайды. Ол Ахмадияның антиисламдық сипатта Үндістандағы уаххабилар мен христиан-протестанттар тарапынан қолдау тапқан ағым екенін айтады. Пәкістанда қан төгу, тонаушылық және лаңкестік әрекеттерді осы ағым жамағаттарының жасайтынын Хусайн қажы дәлелдеген. Аталған ағымның Қазақстандағы бұрынғы басшысы Мұзаффар Ахмад Пәкістанға заңсыз ақша аударғаны үшін заң орындары қылмыстық іс қозғамақшы болғанда, ол қашып кеткен. Қазіргі кезде, Қазақстанда Ахмадия сектасының жүздеген сенушілері бар деп есептеледі. Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ол бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, секталар іс-әрекеттерін білдірмейді. Мүшелерінің жиналып бас қосулары мен жетекшілерінің кездесуі құпия жағдайда жүреді. Ұлтсыздықты уағыздайтын діни ағымның Қазақстандағы сектасына ингуш, күрд, орыс, татар, ұйғыр және украин сияқты этникалық-диспора өкілдері барып, орыс тілінде уағыз тыңдайтын көрінеді. Ахмадия немесе тағы бір атауы «кадиниялық ағым» деп аталатын діни қауымдастықтың Мекке сияқты қасиетті қаласы – Кадиан шаһары олардың түсінігінше Меккеден де қасиетті, киелі мекенге саналады. Кейде мешіттерде күндіз-түні құран оқып, өзінен-өзі сөйлеп, келгендерге болса да, болмаса да уағыз айтатын діншілдерді көруге болады. Олар Құранды жаттап алғандар, ал, қасиетті кітап бойынша амал жасап, әрекет етпейтіндердің мінез-құлықтары діни фанатизмді елестетеді. Яғни, «оқу» өтіп кеткен жандар. Жалпы, әлемде Құранды шын түсініп оқу мен оның қағидаларын басшылыққа алып өмір сүру дәстүрін қалыптастыру жөнінде қайшылықты көзқарас ежелден келе жатыр. Құранға байланысты өрескел әрі дінбұзарлық ағымды өмірге әкелгендердің бірі мысырлық ғалым Ахмад Сухби Мансур еді. Мысыр елінде өмірге келген ол, дінбұзарлығы үшін әл-Әзһар университетінен қуғындалып, соңында Америкаға барып, АҚШ-ты паналайды. Ол Пайғамбарлардың күнә істеуден пәк екендерін жоққа шығарады. Сондай-ақ, «Құранның араб тіліне ұқсамайтын өзінің жеке тілі бар» дейді. Құран жайындағы мұндай түсінік, Ислам ақиқатына қайшы екені көрініп тұр. Мағына түсінігін бір Алла білетін Құран, аяттарынан өзінің ұстанымын іздейтін ғалымның пайым, болжамы ақылға сыймайтын нәрсені елестетеді. Ахмед Сухби Мансур Құран мен сүннестікке негізделіп бекітілген үкімдерге қарсы шығып, ойын «Мұсылмандар дәстүрлі кітаптардың айтып кеткен үкімдеріне еріп және ол кітаптарды қастерлеп адасып жүр. Себебі, дәстүрлі кітаптар қазіргі замандағы экстремизм, фанатизм, лаңкестік пен пендантизмнің бастауы» деп түйіндейді. Айтпақшы, ол намазда айтылатын салауаттарды және азанға Мұхаммедтің атын қосуды Алла-Тағалаға серік қосу дейді. 2004 жылы АҚШ-қа әбден орныққан ол, ғаламтор арқылы өзі «ағымның» уағыз мен үгітін таратады. «Құраншылар» атанған, оның діни бағытын ұстанатындардың қатары көбейеді. «Құраншылар жолы» – Исламның дәстүрлі ұсынымына қайшы екені айтпасада түсінікті. «Құраншылар» «Біз құранды басшылыққа аламыз. Құранның негізінде жүреміз» деп қасиетті кітапты тек бетперде етеді. Ал, Пайғамбар сүннетін олар мойындамайды. Құраншылар ағымы Қазақстанда да бой көрсете бастады. Әсіресе, Батыс Қазақстанда олардың мүшелерінің көбейгенін ақпарат құралдары айтып жүр. Құраншылардың қазіргі атқаратын іс-шаралары мен үгіт-насихаттары жайында мәліметтер нақты емес. Құраншылар «Ізгі амал» діни-мәдени ұйымның негізінде, өз топтарында уағыздарын жүргізіп жатқан сыңайлы. Құраниттер, яғни, құраншылардың ұстанымы Батыс шығыстанушыларының мақсатын көздейді. Ол ислам дінін әлсірету мақсатында құрылған. Түпкі ойы мұсылмандар арасында жік туғызып, араздықты өршіту болса керек. Қазақстанда бұл ағымның ықпалы өзге ағымдарға қарағанда күшті емес. Бұл өзі адасқан ағым. Ислам әлемінде ауқымды қолдау таппаған. Дегенмен, ағымға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарған. «Ислам және өркениет» газетінің биылғы мамыр айындағы санында, АҚШ-тағы әскери академияның офицері Метью Дулидің Мекке, Мәдинаға бомба тастап оны қирату жөнінде ұсыныс айтқаны туралы хабар жарияланады. Оны оқып отырып, қасиетті Қағбаны қиратуға аз қалып, Пайғамбар мешітін тонап, Мекке, Мәдинадағы қабірстандарды күл-талқан қылған уасхабистердің әрекеті есіме түсті. Өйткені, бұл ағым қазір әлемге белгілі, қауіпті, діни-саяси ағым болып отыр. Ағым тарихы жөнінде көп айтылып біраз жазылды. Он сегізінші ғасырда Сауд Арабиясында құрылған діни-саяси ағымның басты мақсаты билікке келу немесе билікті күшпен басып алу. Осы мақсатта уахабшылар кез-келген содырлық әрекеттерге барады және ешнәрседен тайынбайды. Өз ниеттерін жүзеге асыру жөнінде дінді бетперде ретінде пайдаланады. Тарихта қанды ізін қалдырған ағымның қатыгездіктері көп. Имансыздықтары соншалық – өлген адамды еске алып, дұға оқуға үзілді-кесілді қарсы. Дұғаларда Пайғамбарлардың, әулиелердің және періштелердің атын атауға болмайды дейді. Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тәрк етеді. Әз-Пайғамбарларымызды ұлықтап, рухына салауат айтуды, туған күнін атап өтуді күнаға санайды. Өнер, мәдениет және тарихи ескерткіштер мен көне мазар-қорғандар олар үшін құбыжыққа жатады. Ағым мүшелері жалаңбас, сақалын өсіріп, тобығына дейін қысқартылған шалбарымен жүреді. Бұл ағымның ұстанымдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Оңтүстік Қазақстанда қанат жайды. Ағым Алматыда, Шымкентте медресе ашып, жүздеген мамандар даярлады. Қажылыққа барған жастарды арбап, онда қалып өз ағымдары бойынша білім алуға шақырып, бастарын айналдырды. Сөйтіп, бес парыздың бірін өтеуге барған жастар, онда ағымның ұстанымын бойларына сіңіріп, елге оралды. Олардың мұнда келгенде қандай уағыз жүргізетіні белгілі. Теріс секталар жөнінде жиі жазып жүрген ҚМДБ-нің баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек қажы жастардың Саудияда діни білім алып, оқуын жөн көрмейді. Аталған қауіпті, діни ағымға заңмен тыйым салудың уақыты жеткенін айтады. Ел бірлігі мен ынтымағына, тыныштығы мен тұрақтылығына зиянын тигізетін ағым түбінде жақсылыққа апармайды. Оның қаупі жайында дабыл қағылуда. Жақында, Мәжіліс депутаты Асхат Бекено, қазір, жастардың он бес пайызы уахабистер уағызымен уланып жатқанын парламентте айтты. Батыс Қазақстанда оның ішінде Оралда ағымның кітаптары мен бейнетаспалары таратылып жатса керек. Өткен жылы, Ақтөбе облысының Шұбаршы және Кеңқиядағы жантүршігерлік оқиғаға байланысты баспасөзде әр алуан пікірлер айтылды. Аталған ауылдарда дінбұзар секта топтары болған. Олар Алланың ақ жолында емес, «шайтанның шатақ» жолын ұстаған дүмшелердің уағызын тыңдаған жергілікті ұлт өкілдері екенінде дау жоқ. Қазақстанда тек Ислам дінінің теріс ағымдары ғана емес, христиан дінін де бүлдіруші, секталар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағаны, бұдан оншақты жыл бұрын ерекше дабыл қақтырған болатын. Қазір, бізге жат дін секталары әбден орнығып, мінажатхана мен ғибадатханаларын алтындай жарқырата жасап, олар алыстан көз арбайды. Алатаудың етегінде, атақты «Алатау» шипажайы орналасқан көшенің бойында «Қалқаман-Таусамалы» деп аталатын ежелгі атақоныстың дәл төрінде, жап-жазық жерде «Иегова куәгерлерінің» жарқыраған жаңа қалашығын көргенде таң қаласыз. Бұл мекендегі – ғибадатхана «Құдай патшалығы» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай құдайға құлшылық етіп, дұға оқып, ән әуенімен (хор) жаратқаннан тілек тілеудің Иса Мәсіх өнегесі бойынша секташылардың сырласып, сұхбаттасуы үздіксіз жалғасады. Әр жексенбі сайын, жүздеген адам Иса пайғамбар арқылы «Иехоба – Құдайға» жалбарынады. Мінажат етушілер Құдай – Иехобаның атын атап, ғибадат етеді және діни дәріс-ілімін алады. Мұндағы уағыздың ерекшелігі сол – бүгінгі күнмен Иса пайғамбар өнегесін шебер үйлестіреді. Дәстүрлі дін ислам мен христианға қайшы келетін тұстары бар. Мұнда келушілер мешітке немесе шіркеуге бармайды. Олар үшін «Құдай патшалығы» үйі ғибадатхана. Құдайға құлшылық етудің ежелгі ұстанымдары мен қағидалары мұнда жоқ. Құдайға ғибадат сұрақ-жауап және дұға арқылы жалғасады. Құдай – Иехоба түбінде жер бетіне жұмақ орнатады деген наным-сенім жиі қайталанады. Ұстанымдары бауырмалдық пен бірлік. Бұл діни ағым медицинада «қан құюды» күнә деп, дәрігерлік әрекеттің осы тәсіліне үзілді-кесілді қарсы тұрады. Аталған сектаның мүшесі болған бір қыз ауырып, ауруханаға түскен. «Маған қан құюға болмайды» деп дәрігерлерді тыңдамай мерт болғанда шешесі заң орындарына шағымданған еді. Аталған ағымның «Құдай патшалығы» үйінде ата-бабалары Ислам дінін ұстанған қазақтар жетіп-артылады. Белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің ұлы Қозы-Көрпештің осы сектаға мүше болғаны кезінде айтылды. Мұны осындағы діни қауым жақсы біледі. «Мешітке барсаң молда садақа сұрап, ақша дәметеді. Сондықтан, осында келдік» дейді Иехоба ағым мүшелері – біздің қандастарымыз. Қазіргі БАҚ дерек көздеріне сенсек қазақтардың өзге дінге өтіп, әртүрлі секталарға мүше болуы алаңдатады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Басқа дінге кіріп, осы діннің адамы болу – ұлтын жоғалту, яғни, онсыз да аз қазақтың азайып, қиын демографиялық ахуалы одан сайын мүшкіл халге түсірудің белгісі бұл. Соңғы санақ (2009) қортындысы бойынша 39172 қазақ христиан, 1923 қазақ идуаизм, 749 қазақ будда дінін қабылдаған. Соңғы үш жылда шоқынған қазақтардың саны бұдан да көбейгенін жобалап айтуға болады. Өйткені, елде дәстүрлі емес 254 діни бірлестік бар. Біздің дін туралы Заңымыз барлық діндерге еркін жол ашқан. Тіпті, жаңа Заңдағы «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деген бап бұрынғы Заң қағидаларын қайталап тұр. Әсіресе, миссионерлік қызметке еркіндік беру – Қазақстанда толып жатқан діндер мен ағымдардың және секталардың күн сайын көбеюіне мүмкіндік туғызатыны айтпасада түсінікті. Толып жатқан ағымдар мен ұйымдары, қозғалыстары мен секталары бар еврейлердің идуаизм дінінің, қазір, Қазақстанда үш тармағы жұмыс істейді. Оннан аса синагоганың өмірге келуі – мұсылман елі саналатын Қазақстан үшін мәртебе емес. Жетпіс мың қазақстандық идуаизм дінін ұстанады. Елде құмырсқадай қаптаған діни секталар түбінде наным сенімдері бойынша жауласып, сойқан салып жүрсе – оны тоқтатудың жолы табыла ма? Үкіметтік басылымдарда дін еркіндігін ұстанып, кейде өзге діндерді насихаттау қылаң беріп қалады. Жоғарыда аталған идуаизм жолын ұстанғандар өздерін «біз құдайдың айрықша назарына түскен халықпыз» деген уағызды көбірек айтады. Құдай бір халықты ғана артық жаратқан жоқ. Барлық халықты бірдей жаратқан. Олай болса, осы діни қағида адамзат теңдігіне және дамуына қайшы ұстаным екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Белгілі дінтанушы-ғалым Мұртаза Бұлұтай дін тарихы мен философиясын және жаһандану заманындағы оның орнын өте жақсы зерттеп, арнайы кітап жазған қандасымыз. Ол «Қазақстан діни эксперимент алаңына айналып отыр» деп бұдан оншақты жыл бұрын айтқаны – ащы шындық. Христиандық миссионерлер жүйелі, әрі ұйымдастырған түрде білдірмей шоқындырып жатыр. Шоқындырушы-үгіттеушілер тоқсаныншы жылдары көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, діни парақшалары мен кітапшаларын тегін таратып, қарқынды әрекет жасады. Қазір, оларды көшеде көп кездестірмейсіз. Олар енді құпия астыртын «іске» көшкен сыңайлы. Өйткені, қазақ БАҚ құралдары діни секталарға қатысты жантүршігерлік оқиғаларды айтып, дабыл қаққан болатын. Қазақстанда негізінен басты екі дін бар – олар ислам және христиан дін. Соңғы санақ бойынша (2009) Қазақстан халқының 70,2 пайызы исламды ұстанатын мұсылмандар. 26,3 пайызы христиан дініндегі еуропалық ұлт өкілдері. Сондай-ақ, 0,1 пайызы будда дінінің наным-сенімін ұстайтындар. Қазақстанда екінші орын алатын христиан дінінің толып жатқан секталары бір орталыққа бағынбай, өз беттерінше үгіт уағыздарын жүргізеді. Олардың не істеп жатқанын бір құдай біледі. Елде христиан дінінің үш: православие жамағаты және католицизм, протестантизм бағыттары бар. Әсіресе, католик миссионерлері белсенді әрекет етеді. Католиктердің Павлодар, Астана,Қарағанды қалаларындағы діни «оқу орындары мен басылымдары сездірмей мақсаттарын жүзеге асыруда». Сонымен бірге, христиандық протестантизмнің баптистер және жетінші күннің дивентистері, сондай-ақ, Лютерандар да өздерінің діни ұстанымдары мен нанымдарын жүргізіп жатыр. Елімізде протестанттықтардың шамамен айтқанда отызға жуық сектасы мен мыңнан аса діни бірлестіктері бар көрінеді. Қазақтарды жаппай шоқындыру осы ағымның басты мақсаты болса керек. Дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі «сайнтология» шіркеуі, бахаизм, кришна қоғамы, сатанизм, т.б. теріс үгіт-насихаттары жөнінде кезінде көп айтылды, дабыл қағылды. Әбден орнығып алған бұлар қазір ұлтқа қарсы қандай астыртын уағыз-насихаттар күшейтіп жатыр – оны әшкерелеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені ағымдар «соғысы» айтпай келеді. Сөйтіп, сақтанбай соңында сан соғып қалмау үшін жат діни секталар мен бірлестіктер құқық қорғау ұйымдарының бақылауында, ҚМДБ назарында ерекше тұруы керек.

2106 рет
көрсетілді2
пікір