• Келелі кеңес
  • 01 Ақпан, 2017

Технологияны тегіс іске асырсақ, олқылық орын алмайды

Серік Кененбаев,
профессор

Еліміздің азық-түлік бағдарламасының алтын қазығы болып отырған ауыл шаруашылығы сала­ларының көтерер жүгінің барған сайын көлемі ұл­ғайып, артар міндетінің алып жүрер салмағы мен жауапкершілігі оңай болып отырған жоқ. Егін шаруа­шылығындағы органикалық егіншілік мәде­ниетін заманауи талаптарға сай дамыту алды­мыздағы айқын талаптардың бірі болып тұр. Оны технологиялық талаптар бойынша орындай білсек,  ғылыми тұрғыдан ізденіс пен зерттеуді тереңдете түссек олқылық атаулыдан да арыламыз. Сондықтан да, осыған орай органикалық егіншіліктің бүгінгі жайы мен ертеңі жайлы ой толғап, өзіндік ұсыныс, пікірімді, көзқарасымды  ортаға салуды жөн көрдім.


Атап айтқанда, егіншілік өнімін өз мәнінде өндіруді молайту нәтижесінде әлемдік қауымдастық азық-түлік мәсе­лесіне қатысты проблемаларды шешуде үлкен та­быстарға жетіп келеді. Дей тұрғанмен, аса жоғары ма­ңызы бар осы бағыттағы жетістіктермен қатар, түбегейлі шешімін таба алмай отырған проблемаларды да туындатып отырғанын жасыра алмаймыз. Соның ішінде, экологиялық сипаттағы мәселелер алдыңғы қатарда тұр. Әлемнің көптеген аймақтары егіншілікті серпінді әрі қарқынды қарыммен жүргізгенімен, жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар қатарына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі де өзіміздің үйлестіре білуімізге байланысты» деген түйінді тұжырымдаманы дұрыс айтқан. Біздің планетамыз қандай үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан процестердің бар­лығы өзара байланыста. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде қол­данылатын пестицидтер (ДДТ) Антарктиданы мекендейтін пингвиндердің бауырынан табылған. Ал, Чернобыль АЭС радионуклидтері Украи­на, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар ФРГ, Швеция, Норве­гия және басқа да батыс еуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан табылғаны таңдандырмай қоймайды. Соңғы кездері адамзаттың қисынсыз әрекеттерінің салдарынан жерлердің шөлейттену үрдісі үдей түсті. Адамзаттың даму тарихы кезінде өнімді болған жерлердің 1 миллиардтан астамы шөлейтке айналып кетті. Табиғатты үнемді пайдаланбаудың, ауа­ны, су мен топырақты химиялық лас­таудан, сонымен  қатар,   бүлдіргіш  та­­биғи процестердің салдарынан әлем­де жыл сайын 6 миллион гектар жер шаруашылық айналымынан шығып қалуда. Тағы 20 миллион гектар жер ауыл шаруашылық мақсатта пайда­ла­нуға жарамсыз жағдайда жатыр. Мұ­ның өзі топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін экономикалық тұр­­­ғыдан көл-көсір қаражатты талап етеді. Осы қауіпті жаһандық эколо­гия­лық күйзеліс, топырақтың азуы мен тозуынан ғана емес, сондай-ақ, эко­логиялық тұрақсызданудан, тіпті, таби­ғи көріністердің бүлінуінен де  анық бай­қауға болады. 
Өзінің шаруашылық қызметі про­це­сінде, ауыл шаруашылық дақыл­да­рының өнімділігін арттыру мақса­тында көптеген аг­ро­­амалдар пайдаланылады. Соның  ішін­де, минералдық тыңайтқыштардың бастапқы мөлшерін, аурулардан, зиянкестер мен арам­шөптерден қорғаудың химиялық заттарын енгізу. Жыл сайын әлемде миллионнан астам пестицид өндіріледі. Минералдық ты­ңайтқыштармен бірге пестицидтерді әлем­­дік деңгейде өндіру үнемі өсіп келеді. Пес­тицидтер,  ыстағыштар және тағы бас­қалары негізінен топырақта ыдырамайды әрі топырақта ландшафт өсімдікке көп ретте кері әсер етумен болады. 2014 жылы жер бетінде 170 миллион тонна минералдық тыңайтқыштардың әрекет етуші заттары шығарылды. Әрине, химиялық заттарды енгізу ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Алайда, химиялық тұрғыдан тосқауыл қоюмен қатар, топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Дәл химиялық амалдарды қолдану нәтижесінде топырақтың қайта құрылымы жүзеге асады. 17-22 пайызға өсімдіктермен өңделетін, жеңіл еритін минералдық тыңайтқыштар желге қағылады және топырақтан шайылып шығарылады. Ал, тез ерімейтін тыңайтқыштар топырақта жинала береді, өсімдіктерге жайсыз сыртқы пішінге айналады. Қорек элементтерінің жетіспеушілік тапшылығын тудырады. Сөйтіп, топырақты жайсыз пішіндегі қорек заттарымен молайтады. Мәселен, 1 тонна фосфор ты­ңайтқышынан топыраққа 150 келе фтор (өткір иісті, ашық түсті газ), 1 тонна калий тыңайтқыштарынан – 600 келе хлор түседі. Күшәла, қорғасын, кадмий, стронций сияқты минералдық тыңайтқыштар қоспасы  мен басқа да элементтер қауіп төндіреді. Бұл құбылысты топырақ қасиетінің өзгеруі ретінде ғана емес, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ретінде қарастыру керек. Оның тезарада қайта қалпына келуі қиын. Нәтижесінде, топырақ өлі болып, өсімдіктердің өсу мен даму қажеттілігін өтей алмайды. Топырақ құрылымының бұзылуының әсерінен оның үстіңгі қабатын тозаңдық құрылымға әкеліп соқтырады. 
Ісік ауруларын зерттеу жөніндегі Халық­аралық агенттіктің мәліметтеріне сәйкес, адамдарда пайда болатын  ісіктердің 85 пайызын қоршаған ортаның негативті факторларымен байланыстыруға болады. Олардың арасында пестицидтердің тыңайт­қыштардан туындаған немесе құ­рамдастырылған әсе­рі орын алады. Планетамыздағы ха­лық саны ұдайы өсуде, сонымен бірге, азық-түлікке деген қажеттілік те үнемі ұлғаю­да. Тұқымдық инже­нерия әдісімен ауыл шаруашылық дақылдарының  жаңа, жоғары өнімді сорттары мен жануарлардың тұқымы шығарылып, кеңінен қолданылуда. Бүгінгі таңда гендік модификацияланған ағзаны тамаққа жүйелі түрде пайдалану адамға биологиялық жаңа белгінің пайда болуына алып келетіндігін кішкентай балаға дейін біледі. Сондықтан да, заманауи агроландшафтарда эко­логиялық жағ­дайларды жақсарту мәсе­лелері, топырақ құнарлылығын сақтау мен жаңғырту, дақылдардың  өнімділігін   арттыру  мен ауыспалы егіс­тік­тердің алуан түрлілігімен экологиялық қауіпсіз агроэко жүйелерді жасаумен өсімдік шаруашылығын жүр­­­гізу қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық таза өнім алу мақсатында жалпы егіншіліктің органикалық жүйе­сін жүргізу, экологиялық тұрақты және қауіпсіз технологиялар мен амалдарды жасау қажеттігі туындауда. 
Органикалық    ауыл     шаруашылығын  зерт­теу   институты  (FiBL)  және  Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қоз­ға­лысы федерациясының (IFOAM) мәлі­меттері бойынша әлемде органикалық егіншілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олар­дың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 миллион гектар алқапты құрады. Орга­никалық  өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі. Әлемде барлығы 2,3 миллион органикалық өнді­рушілер сертификатталған, олардың ¾ бөлігі дамушы елдерде орналасқан. Яғни, әлемдік ауыл шаруашылық жерлерінің 1 пайызы көлемінде. Жалпы, органикалық ауыл шаруашылығына үлкен жер көлемі бөлінген. Соның ішінде: Австралияда – 17,3 млн.га, Латын Америкасында – 6,6 млн.га, Еуропада – 11,5 млн.га, Азияда – 3,4 млн.га, Африкада – 1,2 млн.га. Еуропалық елдердің ауыл шаруашылық жерлерінің құрамында 43 пайызы егістік жерлер, 41 пайызы жайылымдық, 12 пайызы көп­жылдық екпе алқаптары. Органикалық өнімнің негізгі мөлшері әлемнің жоғары дамыған индустриял­ды елдерінде сатылады. Жалпы тұтыну жағынан шамамен 78 пайызы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі. Нарықты талдау жөніндегі халықаралық экс­перт Эндрю Уорктың және халықаралық аналитик Мажид Бенжилонның пікірі бойынша, жуық арадағы 10 жыл көлемінде нарықта геномдық түрленген бидайдың үлкен партиялары болады. Қазақстанға да экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін шығарып және сатудың тиімділігі көп. Осы бағытта берік мақсаткерлікті ұстанып, әлемдік нарықта нық орынға ие болуға ұмтылысымыз керек. 
Қазақстан Республикасында, кезінде, эконо­микалық байланыстардың үзілуі, шаруа­шылық жүргізу формасының ауысуы, минералдық тыңайтқыштардың қым­­баттауы салдарынан 1990 жылдан бас­тап республикада 672,1 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілген. Өндіріс көлемінің де, танаптарды пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалады. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералдық тың­айтқыштарды пайдалану гектарына 5 келе әсер етуші зат шамасына ғана жетті. Ал, бұл көрсеткіш дамыған елдерде 300-400 келеден құралды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында біздің республикамызда ауыл шаруашылығын жүргізудің басым бағыты болып табылатын, органикалық егіншілік екенін үнемі айтып жүр. Бұл сала әлем бойынша қар­қынды түрде  дамып келеді. «Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қазақстан да­муы­ның стратегиялық векторы негізінде Пре­зи­дентіміз былай деген: «Біздің елі­мізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауыл­ ша­руашылық өнімдерін өсіруге мүм­кіндік бар. Азық-түлікке деген сұраныс 2050 жылы 40 пайызға артады және «Жасыл экономика» индустриалды ре­­во­люцияның негізі болады». Осы тұр­ғыдан бірқатар міндеттер де алдымызға қойылды: егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімі еліміздің ВВП үлесінде 5 есеге артуы тиіс. Қазіргі кезде, елімізде органикалық өнімдерді өндірудің статистикалық хабарламасы жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақстанда ен­ді  дамып келе жатыр. Дегенмен, зерттеулер барысында анықталғандай, жалпы көлемі 300 мың гектар алқапта өсімдік шаруашылығының органикалық өнім­дерінің экспорты жүзеге асырылады. Бидай, рапс, майбұршақ, зығыр және және тағы басқа өнімдерден. ҚР ҰҒА ака­демигі, экономика ғылымдарының докторы В.В.Григоруктың мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында эко өнімдерді шығаруға жарамды егіс­тіктердің көлемі келешекте 13 млн.гектар астам жерді алуы мүмкін. Жағдайды түзеу және шикізат пен азық-түлік өндірісінің көлемін арттыру мақ­сатында келесі міндеттер шешілуде: 
– Өсімдік шаруашылығы саласында: кеңінен әртараптандыру, ауыл­ ша­руашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын арт­тырудың негізгі жағдайларын жақ­сарту, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және экологиялық таза өнім алу, ауыл шаруашылық айналымына қазір қолданылмайтын және қордағы 6,8 млн.гектар жерлерді тарту, бұрын пайдаланылған 60 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру; 
– Мал шаруашылығы саласында: ет­тің экспорттық әлеуетін арттыру, отарлы мал шаруашылығын өркендету, жем­шөп өндірісін дамыту, азып кеткен жайы­лымдық жерлерді қалпына келтіру. Пайдаланылып жатқан 63 млн.гектар жайылымдық жерлерден 20 млн.гектар жерлерді суландыру жоспарланып отыр. 
– Қайта өңдеу саласында: сапа­ның ха­лық­аралық стандарттарына көшу, өндірісті техникалық және техно­логиялық жағынан қайта жарақ­тандыру және т.б. 
Осыған байланысты 2015 жылдың со­ңын­да «Органикалық өнімді өндіру» туралы Заң қабылданды. Ол экологиялық таза өндірісті дамыту үшін мүмкіндіктер ашты. Осы Заңды қабылдай отырып Қазақстан органикалық өндірісті қолдайтындығын көрсетті және оны өндірілетін өнімнің тазалығына кепіл беруге қабілетті мемлекет ретінде әлемдік нарықта орнықты. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да 1996 жылдан бастап егіншілікті биологизациялау бағытында кезінде ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруді зерттеу бойынша кешендік  сынақты зерттеулер жүргізілді. Ол ең алдымен, топырақ құнарлылығына орай өндірісті қарқындату ықпалының негативті әсерін төмендетуді, сонымен қатар, заманауи жер пайдалану жағдайларында кеңінен пайдалану мүмкіндігі мен оңтайлы жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Институт ғалымдары сидералды дақылдарды, өсімдік қал­дықтарын және биологизация амалдарын (биогумус, көң, сабан және т.б.) қолдану негі­зінде егіншіліктің органикалық жүйесін, Қа­зақстанның  Оңтүстік  шығысындағы суармалы және тәлімі  топырақ жағдайларында егіншіліктің органикалық жүйесінде топырақтың құнарлылығын реттеудің ғылыми негіздерін әзірледі. Экологиялық таза өнім алу және топырақ құнарлылығын жаңғыртуды қамтамасыз ететін, егіншіліктің биологиялық жүйесінде әлеуеті мүмкін өнімдерді алу агрокешенінің алгоритмдері мен технологиялық моделі, ғылыми ауыспалы егістіктер даярланды. Институт зерттеулерінің нәтижелері ауыспалы егістікте дақылдарды алмастыру мен рационалды құрамы  есебінен топырақтың құнарлылығының нашарлауын, онда гумустың төмендеуінің алдын алып қана қоймай,  сонымен бірге айналымнан айналымға дейін  танаптық дақылдардың өнімділігін арттыруға болатындығын көрсетті. 1993 жылдан бастап минералдық тыңайтқыштар қолданылмаған суармалы егіншілік стационарында осы жүйені зерттеушілер жыл сайын гектарынан 60 центнерден астам күздік бидай, 40 центнерден майбұршақ, 70 центнерден дәндік жүгері, 400-450 центнерден қант қызылшасының тәтті тамыр жемісін алуда. 
Қазақстанның жыртылатын жерле­рінің қорын 80 пайыздан астам тәлімі жерлер құрайды. Қазақстанның Оңтүстік шығысында тәлімі жерлер сұр топырақ және ашық-сұр топырақтардан тұрады. Олар төмен табиғи құнарлылығымен сипатталады: ашық сұр топырақтардағы гумус құрамы шамамен 0,6-1,2 пайызды құрайды. Кәдімгі сұр топырақта – 1,5-1,8 пайыз, ал, ашық қоңыр топырақтарда 1,9-2,4 пайыз шамасында болады. Институт ғалымдарымен алғаш рет топы­рақтың минималдық және нөлдік өңдеу амалдары зерттелді. Онда сидералды дақылдардың биологиялық масса­сы жыртылатын қабатқа салынып, олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнар­лылығына оң әсер етті. Сидераттар ретінде бұршақ дақылдары мен астық – бұршақ қоспалары (12 түрі) пайдаланылды. Олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнарлылығына оң әсер етті. Келесі көрсеткіштер бойынша топырақтың құнарлылығын арттыру мен оның эколо­гиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін, топырақ құнарлылығының негізгі эле­менттерін тиімді реттеу амалдары мен тәсіл­дері дайындалды. Жалпы гумус құрамы 0,06-0,12 пайыз, лабильді гумус – 420-970 мг/кг, жеңіл гидролизделетін азот – 12-20 мг/кг, жылжымалы фосфор – 6-14 мг/кг, ауыспалы калий – 45-105 мг/кг, агрономиялық құнды агрегаттар – 6-13 пайыз, суға тұрақты агрегаттар – 6-12 пайыз, су өткізбеушілік- 0,2-0,4 мм/мин бірінші сағатта, тығыздықтың төмендеуі – 0,03-0,08 г/см3, топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуінің артуы – 25-35 пайыз және дәнді дақылдардың өнімділігі  гектарына – 3-5 центнерден.  
Үш жылдық дақылдардың егіс­тік­терінде пайда болған бұршақ шөптері мен шөп қоспаларының оң ықпалы бай­қалды. Осылайша,  алынған мәліметтер негізінде, ауыспалы егістіктердегі биологизациялау амалдары экономикалық және экологиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтады.  Бірақ, біздің республикамызда органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін мыналарды әзірлеу және бекіту қажет: 
– Органикалық өнім мен шикізат өнді­рісінің техникалық регламенттері; 
– Органикалық өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау, сату субъектілерінің жұмысын мемлекеттің бақылау акредитациясының, сертификациясының ұлттық  жүйесі;
– Органикалық өнімді маркерлеудің талаптары мен тәртібі; 
– Органикалық өнімді өндіру үшін то­пырақ жарамдылығын бағалау тәртібі, соны­мен қатар: 
– Әлеуетті экспорттық нарыққа мар­кетингтік зерттеу жүргізу; 
– Азаматтық қоғам ұйымының жұмы­сын белсендендіру; 
– Білікті кадрларды дайындауды ұйым­дастыру; 
– Органикалық өнім мен шикізат өнді­рісі саласындағы ғылыми зерттеулерді тереңдету және т.б.
Міне, осы бір маңыздылығы жоғары мәселелер өмірдің өзінен туындап отырған қажеттіліктер. Осыларды іс жүзінде өндіріс ауқымында пайдаланатын болсақ, көп уақыт өткізбей-ақ қол жеткізе алатынымыз анық. Бұған тек ауадай ынта мен ықылас қажет. Сонда ғана таза органикалық егіншіліктің атап айтуға тұрарлық биік деңгейінен көрі­нетін боламыз. Бұл бүгінгі осы сала маман­дарының мазасын алып жүрген мақ­сатты мұраттары екенін біз жақсы білеміз.

493 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз