• Тарих толқынында
  • 07 Тамыз, 2012

«Заманының сұрқылтайы» (Әбдірахман Байділдин)

Тұрсын Жұртбай, жазушы

Ә.Байділдин (жалғасы): «1925 жылы V партия конференциясының қар­са­ңын­да Москва қаласындағы Смағұл Сәду­ақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың маз­мұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін – депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: «Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек»,– депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек»,– деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым,– деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек,– деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек,– деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды». Бұл да аңғалдық па, алаңғасарлық па? Әйтеуiр парасатты, өмiрдiң шындығын бағалай бiлетiн адамның сөзi емес. Өзiн ату жазасына бұйырып отырған тергеушiден қандай достық күтпек? Жанын сақтап қаламын деп, жанын суырып берiп отырғанын шыныменен де аңғармағаны ма? Өкiнiшке орай, ол мұнымен де тоқталмаған, екпiнiн үдетiп, «тағы да айтарым», «өткен жолғы жауабыма қосарым» деп қойып, отыз-қырық беттен тұратын «жауаптарын» жаза берiптi. Ә.Байділдин (жалғасы): «Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдоңғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдоңғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік Комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз,– дедім, ол уәдесін берді. V партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандо­совтың жеке өзі дайындады... V партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және V партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік Комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов қатысты, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. V партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді». Оның 1929 жылы шiлденiң 25 күнгi берген, тасқа басылғанда 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетіндісі – ең басты айыптаушы айғақтың бірі болды. Сондықтан да, оның бәрін қамту мүмкін емес. Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына, не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік. Байділдиннің жауабы: «25/VІІ-І/VІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады». Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғы­лықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады: «1920 жылы І Қазақ съезі өтті. Оның негізі сонда анықтала түсті. Әртүрлі көзқа­растардың өзара үйлеспеуі жікшілдікке негіз қалады»,– деген пікірді сабақтап келеді де, оны рушылдыққа әкеп телиді. Біздің ойымызша, ол көзқарастардың астарында ұлттық мүдде жатты. Тек қазақ қайраткерлерінің арасындағы саяси күрестің тәжірибесі жетпегендіктен де, олардың өзара пікір таласы жеке бастарының ымырасыздығына жол ашты. Өкініштісі сол, мұның барлығын хаттап, қағазға түсіріп отырған большевиктер де, кейіннен «қужақшыл» голощекиншіл тергеушілер де өте шеберлікпен пайдалана білді. Бұдан әрі Ә.Байділдин өзінің саяси баянын: «...Ол съезде, ұмытпасам, Әділев Бай­сеиіт пен Мыңбаев (Ақмолалық) және басқалар сөйледі. Әрбір жақ өзінше сьездің шешіміне әсер етуге, әсіресе, үкіметтің құра­мына ықпал жасауға тырысты. Әр­бір топ өзінің көсемін жетекшілікке ұсынды, яғни, КЦИК-тің төрағалығына Байтұрсынов пен Жангелдинді ұсынды»,– деп жалғастырады. Осы арада ескерте кетеріміз, бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Жан жегісі» атты тарауларында Ә.Байділдиннің көрсетінділері тақырыпқа орай барынша тиянақты қамтылып, талданған болатын. Енді, тура сол жауаптарының ішіндегі жеке өз басына қатысты тұстарды іріктеп алып, оған қарсы дәлелдерді келтіріп, қысқаша ғана түсініктеме жасап, қайталап беруге амалсыз мәжбүр болып отырмыз. Өйткені, бұл жауаптар «Алашорда» қайраткерлерін (жиыны 30 адам) түрмеге қамауға себепкерлік еткен және Ә.Байділдиннің жүйке жүйесінің қисындық желісі де анықталады. Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiз Орынбор­дағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жиналдық. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер кеш аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса, Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс-әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi, керiсiнше, Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi есеп өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды. Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушыларының өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады». Егерде, 1920 жылы Смағұл Сәдуақасовтың жиырма жаста ғана екенін ескерсек, оның өз құрбыларынан қаншалықты ілгерілеп кеткенін және өресінің олардан анағұрлым жоғары екенін аңғару қиын емес. Ол елінің мүддесі ерте есейткен азаматтың бірі болды. Ә.Байділдин бұдан әрі Смағұл мен өзінің арасындағы қарым-қатынас пен қайшылықтарды айта келіп, өзінің 1920-1929 жылдар аралығындағы өмірін жалықпай саяси астар бере хатқа түсірген. Бұдан аңғарылатыны: тергеуші де және жауап беруші де нысанаға Смағұл Сәдуақасовты алған. Ішінара Мұхтар Әуезовті де шаншып, екеуін қосақабаттап «ұлтшыл» етіп шығаруды көздеген. Біз Смағұл мен Мұхтарға қатысты тұсын ғана іріктеп алдық. Ә.Байділдин (жалғасы): «Оның сөзiн: бірінші жақтан: «Жойылсын ұлтшылдар!», екiншi жақтан: «Сөйлесін!», «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!» – деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап, қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да у-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi. Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақ та, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi». Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы – өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан. Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді. Ә.Байділдиннің «іске тігілді» деп атап көрсеткен хаттамасы және оған берген тиянақты түсініктемелері, деректері кеңес өкіметінің қылмыстарын әшкерелейтін «құпия құжат» болып табылады. Ұзақ та аса маңызды бұл мәліметтер осы басылымның «Жегі» атты бірінші бөлімінде арнайы талданғандықтан да және осыдан кейінгі Мұхтар Әуезовтің тергеуіне қатысты тарауда тағы да пайдаланатын болғандықтан да, бұл ретте оның жеке басына қатысты түрме тағдырын баяндаумен ғана шектелдік. Үкім тергеу ісінің VІІ томының соңына тіркелген: «ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме. Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты – ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша, ... Бай­ділдин Әбдірахманды – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша ... (жиыны 42 адам – Т.Ж.) айыпты деп тапты. Қаулы еттік: Байтұрсынов Ахмет, ... 13. Байділдин Әбдірахман – АТЫЛСЫН. Іс архивке тапсырылсын. ОГПУ-дің хатшысы – қолы». Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Яғни, Әбдірахман Байділдин он үшінші боп тізімге ілінген «аса құпия» хаттама сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр. Тарих бұл адамды ар-ождан тұрғысынан қалай ақтайды? Оның жолын бiлмеймiз. Мұндай үкiмдi айту – бiзге де ауыр. Бiрақ, ол кiсiнiң әрекетiне жекжаттары мен үрiмдерiнiң ешқандайда кiнәсi жоқ екенi анық. Сондықтан да, заманның диiрменiне түскен тағдырды тәлкек етудiң өзi де қисынсыз. Ол өзiнiң жазасын өзi алды, өзiне өзi өлiм жазасын кестi. Бұл да зауалдың бiр түрi. Алаш қайраткерлерінің жанын күйдiрген жан иесi туралы бұдан артық сөз қозғауды лайық деп таппадық. *** Ә.Байділдиннің: «Іске тігілді» – деп атап көрсеткен хаттамалары «1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру. Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғашин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б. Жолдас Жангелдин төрағалық еттi. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшы­­раған тұрғындарына нақты кө­мек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Әуе­зов жолдас: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi: 1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтажтықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқа­ратын қызметкерлер жоқ. 2. Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекшi адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлiнген сыбағаның өзiне де қол жеткiзе алмайды, өйткенi қазақтар бір үзiм нан үшiн жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен көрi үйiнде өлгендi артық санайды, тiптi көмек сұрап ел кезе қалған күннiң өзiнде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетiмен iздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейдi. 3. Жергiлiктi жердегі аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғни жақын маңдағы қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтан да қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, – дедi Әуезов, – ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшiн дәл қазiр шұғыл түрде шешушi шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен берi тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндiктермен өзегiн жалғауда, соның кесiрiнен әртүрлi жұқпалы аурулар мен iндеттер естiп- бiлмеген деңгейде таралып барады. Мұның барлығы, аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр елiне жаны ашымайтындығын, оларға немкеттi қарайтындығын көрсетедi, сондай-ақ осындай қасiреттi өрттi өшiруге қазақ қызметкерлерiнiң де бейғамдығы байқалады. Өкiмет басында отырған қазақ қызметкерлерi, бұл iстi дәл осы күйiнде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл – бәріміз үшiн қылмыс, бiз бұл үшiн қазақ елiнiң алдында, өзiмiздiң арымыздың алдында жауаптымыз, – дедi Әуезов жолдас. Баяндамасының соңында Әуезов жолдас қырдағы аудандарға аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыссөз бен талқылаудан кейiн iшiнара өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзiлген соң бұл ұсыныс қаулының негiзi етiп алынды. 1.Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады. Алманов жолдас мынаны атап айтты: Бiз ешқашанда қазақ қызметкерлерiн орынды пайдаланып көргемiз жоқ. Аштық болса тамағымыздан алып, қылқындырып жатқан кездiң өзiнде бiз ешқандай қолғанатсыз, жергiлiктi жерде жетекшiсiз отырмыз. Оның үстiне, былтыр, одан арғы жылы осында iстеген партия қызметкерлерiнiң өзi бiзден кетiп қалды. Мұның басты себебi – орыс коммунистерiнiң жүргiзiп отырған отарлаушы бағытында. Бiз әу баста қазақ қызметкерлерiн орнымен пайдаланбадық, – дедi одан әрi Алманов жолдас, – бiз оларды жан-жаққа қуып, жыртығымыз бен тесiктерiмiздi бiтедiк, бұл онсызда саны аз қызметкерлердi есiнен тандырды, белгiлi бір нақты жұмыспен айналысуға мүмкiндiгi болмады. Қазақ арасындағы аса зәру iстерге де жұмсайтын адамымыз жоқ. Бұл мәселенi дәл қазiр шешу керек, қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарта отырып, олардың мiндетiн анықтауымыз қажет. Сөйлеген адамдардың пiкiрi осыған тоғысып жатыр, – деп ойын қорытты Алманов жолдас. Жарыс сөзден кейiн кеңес төмендегiдей қаулы қабылдады. Қаулы: Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi: Осы уақытқа дейiн аштыққа ұшыраған қырдағы аудандардың бiрде-бір тұрғыны мемлекет тарапынан нақты көмек алған жоқ, олар өз беттерiмен қаңғып кеттi, сөйтiп өлiм тырнағына iлiндi. Олардың ешқандай көмек алмағаны былай тұрсын, тiптi КССР-нiң партия және кеңес ұйымдарының, орталықтың да, жергiлiктi жердiң де, тiптi қаперiне де iлiнбеген, яғни, турасын айтқанда, ұмыт қалған, тағдырдың тәлкегiне тастаған. Жоғарыда айтылған жайларды көрсете отырып, бишаралыққа ұшыраған қазақ елiне біз былай немкеттi және самарқау қарауға төзуге болмайтынын атап өтеміз, жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi – барлық өлкелiк және жергiлiктi партия және кеңес, кәсiподақ ұйымдарын, белсендi түрде көмек көрсетуге шақырады. Пәрмендi көмек көрсету үшiн кеңес өзiнiң тарапынан мынадай нақты шараларды белгiледi: а) Аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарға көмек көрсету үшiн Орта­лықтағы және жергiлiктi жердегi аштар­ға көмек көрсету ұйымының басты мiн­деттерiн анықтап, оларды топ-топқа бөлсiн. б) Қыр елiне көмек көрсету үшiн барлық жерде салауат-сауын (компание) жүргiзiлсiн: бұл мәселенiң осы уақытқа дейiн ескертiлмегендiгiне мән берiлiп, барлық партия, кеңес және кәсiподақ ұйымдары, бұл мекемелерде iстемейтiн жекелеген қазақ қызметкерлерi салауат – сауынға белсендi түрде тартылсын, республикалық баспасөз мекемелерi халықтың санасын оятып, съездер мен жиналыстарда оларға ықпал етуге тырыссын. в) Аштарға көмек көрсету ұйымының жергiлiктi жердегi құрамына адал қазақ қызметкерлерi кiргiзiлсiн, оларды неғұрлым көбiрек тартуға ұмтылсын, қыр елiне тiкелей көмек көрсету үшiн оларды аштарға көмек ұйымының жауапты өкiлi ретiнде пайдалансын. г) Республикалық және уездiк аштарға көмек ұйымының қызметкерлерi тек қана аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарда жұмыс iстеу үшiн төтенше өкiл боп барсын. Оларды аштарға көмек көрсету ұйымының өлкелiк төтенше өкiлдiгi ұсынады, обком мен қазақ Орталық Атқару Комитетi бекiтедi, соңғысы мандатпен қамтамасыз етедi. Жергiлiктi өкiлдердi аштарға көмек көрсету ұйымының төтенше өкiлi бекiтiп, мандат бередi, оны жергiлiктi партия және әкiмшiлiк мекемелерi растайды. д) Аштарға бөлiнетiн азық-түлiктiң жайы туралы аштарға көмек көрсететiн орталық комиссияға мынадай ұсыныс жасалсын: аштарға көмек көрсететiн губерниялық ұйымға қолдағы бар азық-түлiк қорының белгiлi бір мөлшерi нақты санмен көрсетiлсiн; уездерге бөлiнген кезде мiндеттi түрде аштарға азық тарататын бір қазақ өкiлi қатысып тұрсын. 2.Орталық және жергiлiктi партия, кеңес мекемелерiн көмекке тартуды қатаң кеңсе тәртiбiмен жүргiзудi, сонымен қатар осы мақсатпен арнайы адамдарды жол сапарға шығаруды облыстық мекемелер, ҚазЦИК және жекелеген халық комиссариаттары өз мiндетіне алады. 3. Партия, кеңес мекемелерiнде жұмыс iстейтiн және жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмiн өкiлдерiмен бiрлесе жасау мiндетi ҚазЦИК-ке тапсырылсын, аштарға көмек комиссиясы мен өлкелiк төтенше өкiлдiктiң қатысуымен олар аштық жайлаған губернияларға жөнелтiлсiн, сондай-ақ арнайы азық-түлiк жинау үшiн Түркiстан Республикасына жiберiлсiн. 4. Аштарға көмек комиссиясымен келiсiп отырып осы қаулының негiзiнде шара қолдану құқына ие болатын ҚазЦИК-тiң бір мүшесiн өлкелiк төтенше өкiл етiп тағайындау мiндетi ҚазЦИК-ке жүктелсiн. 5. Тұрған жерлерiнен босып, темiр жолдың бойында (Ақбұлақ, Ақтөбе, т.б.), сондай-ақ Түркiстан бағытындағы бекеттерде жиналып қалған аш қазақтарға ерекше көңiл бөлiп, назарда ұстау Аштарға көмек комиссиясына тапсырылады: босқындардың ұйлығып қалу себебi шұғыл анықталып, оларды уақытында отырғызып жiбермеген барлық мекемелердiң басшылары сотқа тартылсын. 6. Барлық тиiстi мәліметтердi жинақтап, ашаршылыққа ұшыраған қыр елiне көрсетiлетiн көмектiң мөлшерiн өсiру туралы қалайда Орталықтың келiсiмiн алу мiндетi Меңдещев пен Әуезовке жүктелсiн. Соның iшiнде бұл жолдастарға мына мәселенi шешу тапсырылады: а) Торғайға жiберiлетiн азық-түлiк жәрдемi Қостанайдан бөлек жiберiлуiн орталық арқылы шешуге қол жеткiзсiн. б) Гурьев ауданына азық-түлiктi тiкелей тасымалдау мүмкiндiгi болмағандықтан да, Гурьев пен Астраханның ауланған балықтарын сонда бөлудi, сонымен қатар Гурьев пен Оралдағы балық кәсiпшiлiктерi оларды тиiстi жабдықтармен қамтамасыз етiп, балық аулауға рұқсат беруiн Ор­талықтан сұрасын. в) Қазақ республикасының шикiзат­тарының ауқымды мөлшерiн азық-түлiк пен керектi заттар, аштарға қажеттi ақша алуға пайдалану үшiн бұл мәселенi дербес шешуге орталықтың келiсiмiн алсын. 7. Обкомның, ҚазЦИК-тiң және барлық жауапты қазақ қызметкерлерiнiң атынан партия ұйымдарында iстейтiн, одан тыс жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiне үндеу жариялансын, оларды ашаршалыққа қарсы күресуге шақырсын. 8. Бұл қаулының көшiрмесi жан-жаққа таратылсын. Қол қойылып, мөр басылған. II. Қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану туралы Алманов жолдастың баяндамасын тыңдап, мұндай жолды табудың қажеттiгiн ескерiп, қазақ қызметкерлерiнiң күшi дұрыс әрi тиiмдi пайдаланылмай отырғанын ескерiп, қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi қаулы қабылдады: 1. ҚазЦИК-тiң жанынан ерекше комиссия құрылсын оған мынадай мiндеттер жүктелсiн: а) Комиссияның пiкiрi бойынша қандайда бір iске пайдалануға болатын барлық қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмi жасалсын. б) Өзiнiң туған жерiнен басқа ауданға немесе басқа лауазымды қызметке ауыстыру арқылы қазақ қызметкерлерi тұрақты әрi тиiмдi пайдаланылсын. в) Партияда жоқ қазақ қызметкерлерi кеңес құрлысындағы жауапты жұмыс­тарға дейiн тартылсын, сөйтiп олар­дың өкiметтен де, жұмыстан да шетте­тiлмегенiне көзiн жеткiзсiн. г) Қазақтардың iшiндегi ең жауапты әрi шұғыл: аштықпен күресу ісіне жұмылдырылсын, қазақ қызметкерлерiн дайындау, қазақ арасындағы сот жұмысын дұрыс жолға қою, милиция жұмысын жолға қою, жергiлiктi өкiметтi нығайту, кооперація ұйымы, т. б. сияқты iстерге пайдалансын. д) Обком мен ҚазЦИК-тiң ерекше тiзiмi арқылы Түркiстан Республикасындағы барлық қазақ қызметкерлерi шақырылып алынсын. ж) Жергiлiктi жерлерде партияда жоқ қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiн өткiзу дәстүрге айналсын. з) Баспасөз арқылы барлық қазақ қызметкерлерiн жұмысқа шақырған үндеу жариялансын, бұл үндеуге құлақ аспағандардың белсендiлiгiн оятсын. Комиссияның құрамына мыналар: 1. Әуезов. 2. Асылбеков. 3. Алманов. 4. Байтұрсынов. 5. Кенжин – мүше боп; 1. Нахим – жан. 2. Төлепов – кандидат боп сайланды. 1. Комиссия ҚазЦИК бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦИК арқылы жүргiзедi. Қазақ қызметкерлерiнiң Кеңесi қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тiң бекiтуiне жатады. Кеңес төрағасы – Жангелдин. Хатшысы – Нахым- жан». Қол қойылып, мөр басылған. ~~~~ Қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң хаттамасы «Жауапты қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң қаулысын тыңдап: Кеңес қабылдаған қаулы түгелiмен мақұлдансын және қорытынды шығару үшiн аштарға көмек комиссиясына берiлсiн. Көмек комиссиясының шешiмi 17 желтоқсан сенбi күнi ҚазЦИК-тiң секретариатына хабардар етiлсiн, 17 желтоқсан, сенбi күнi РКП қазақ обкомының тал­қы­лауына ұсынылсын» – деп қаулы қабыл­данды. Мұхтар Әуезов төрағалық, Әбдiрахман Байдiлдин хатшылық еткен мәжiлiстiң шешiмi мынадай: «2-ші Бүкіл қазақтың құрылтай кеңесі делегаттарының 1921 жылғы 4 қазан күнгі коммунист-қазақтардың мәжілісінің хаттамасы. Қатысқандар: РК обкомының мүше­лері ж. Меңдешев, Мырзағалиев және Асылбеков, Түркістан республикасының төрағасы т. Ходжаев, Семей, Ақмола, Орал, Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе және Бөкей губернияларының делегаттары, жиыны 51 адам қатысты. Мәжіліс төрағасы Әуезов. Күнтәртібіндегі мәселелер: 1. Қазақ арасындағы жұмыстарды күшейту және кеңес аппаратын жөнге келтіру. 2. Сәдуақасов жолдастың мәлім­деме­сі. Қаулының жалғасы: 5.Жергілікті халық өкілдері партия, кеңес орындарына тартылсын. 6.Партия қатарын тазалау жөніндегі губерниялық және уездік комиссиялардың құрамында кемінде жергілікті халықтан шыққан бір коммунист кіретін болсын (Осы қаулыны шығарған М.Әуезовтің өзі сол тазартуға ілігіп, «тазарып» кетті ғой – Т.Ж.) ІІ. Сәдуақусов жолдастың мәлім­демесі. Қаулы етілді: Сәдуақасов жолдастың қысқаша мәлім­демесін тыңдағаннан кейін мәжіліс мынадай қаулы қабылдады. Оның бейберекеттікке жол беріп, отаршылдық саясатын жүргізген Семей губерниялық атқару комитеті мен губревкомын таратқаны жөніндегі шешімі өте дұрыс деп табылсын. Сәдуақасов жолдастың Семей губерниясындағы іс басына қыр елінің азаматтарын тартып, отаршылдарды жұмыстан босатқан ісі де дұрыс деп табылсын, сондықтан да обком мен бақылау комиссиясы құрылтай кезінде қабылданған Сәдуақасов жолдас туралы шешімді қайтадан қарап, Сәдуақасов жолдасты ақтау туралы мәселе көтерсін. Және обком мен бақылау комиссиясы Сәдуақасовтың ісі туралы Семей мен Ақмола губерниясының өкілдеріне жолығып, қосымша материал жинауды қамтамасыз етсін. Жиналыс төрағасы- М.Әуезов. Хатшысы- А.Байділдин». (Соңы. Басы өткен нөмірде)

611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз