• Тарих толқынында
  • 20 Қыркүйек, 2012

Қыран самғауы

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ

1967 жылдың жазы болатын. Мен Алматы Жоғары партия мектебiн бiтiрiп келгеннен кейiн Көкшетау облысының Қызылту (қазiргi Уәлиханов) ауданында газет редакторы болып iстейтiнмiн. Редакцияның «ГАЗ-69» маркалы жеңiл автокөлiгi бар едi. Соны жүргiзетiн Сабыржан Алпысбаев деген жiгiт келiп: «Аэропортқа әлгiнде ғана атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов ағай келiптi», – деп күтпеген жаңалық айтты.
Бұл жаңалықты Сабыржан өзiнiң ең жақын адамы келiп қалғандай өте көте­рiңкi көңiлмен хабарлады. Өйткенi оның өзi де мамандығы жағынан ұшқыш болатын. Саратов облысының Красный Кут қаласындағы ұшқыштар мектебiн бiтiрiп, ол бiрнеше жыл Көкшетау авиаэскадрильясында жұмыс iстеген едi. Бастапқы кезде «ПО-2» немесе «кукурузник» деп аталатын өте қолайсыз жеңiл ұшақпен ұшуына тура келiп, денсаулығын нашарлатқан екен. Соған байланысты, ұшудан қалып, жердегі жұмысқа көшкен. Аудан орталығы Қызылту селосының бiр шетiнде Көкшетау - Қызылту-Көкшетау, Көкшетау-Омбы-Көкшетау бағытымен ұшатын ұшақтар қонып өтетiн шағын аэропорт бар едi. Сабыржан бiрер жыл соның бастығы бо­лып iстеп, кейiн бiздiң редакцияға жүргiзушiлiкке ауысқан. Дегенмен сол кiшкентай аэропортқа күнiне бiр соғып, қонып өтетiн таныс ұшқыштарымен кездеспесе елегiзiп тұра алмайды. Қызылтуға Талғат Бигелдиновтың келгенiн де сонда барғанда, бiлсе керек. Талғат ағасымен, тiптi, кездесiп, сәлемдескен де түрi бар.
– Тап қазiр ол қонақ үйдегi нөмiрiнде отырған болар, барып жолығамын десең, жүр, апарып келейiн, – деп алып-ұшып әкетiп барады.
Мен, бiрақ, Талғат ағамыз үн-түнсiз келiп, қонақ үйде жайбарақат отыр дегенге сене алмадым. Өйткенi, бүкiл Кеңес одағы демегеннiң өзiнде Қазақ елiнде Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновты бiлмейтiн адам жоқ. Немiс әскерiнiң әуе күштерiне қырғидай тиiп, жаудың жердегi мұздай темiр құрсанған қарулы қолын, танк, зеңбiрек, зенит қондырғылары сияқты ажал жаудыратын құралдарын, жанар-жағар май, оқ-дәрi қоймаларын аспаннан бомбылап талқандай бiлген Кеңес Одағының екi мәрте Батыры, бейбiт күнде халық қалаулысы атанып, 1946-1954 жылдары екiншi, үшiншi шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болған Талғат Бигелдинов сынды тұлға келе қалса, оны аудан басшылары бiлiп, абыр-сабыр болып жатпас па едi. Машинаға отырып, селоның шет жағындағы қонақ үйге бардық. Қарсы жолыққан мейманхана меңгерушiсiнен Талғат аға туралы сұрап едiк:
Келдi, келдi, әне, анау шеткi нөмiрге түстi. Не деген қарапайым, кiшiпейiл кiсi! – дедi таңдана, сүйсiнгенiн жасыра алмай. – Мәртебелi қонақтарға арналған люкс нөмiрге орналастырмақ болып едiк, «керегi жоқ» дедi.
Меңгерушi әйел нұсқаған нөмiрге барсақ, үш адам үстелге аудан картасын жайып тастап, әлде не жөнiнде әңгiмелесiп отыр екен. Кеудесiнде қос Алтын Жұлдызы жарқыраған Талғат ағамызды тани кеттiм. Қасында ұшқыш киiмiн киген бiр орыс жiгiтi мен өзiмiздiң аэропорттың бастығы Аманғали бар. Сыпайы сәлем берiп, өзiмнiң кiм екенiмдi айттым. «Редактор болсаңыз, алдын ала ескертiп қояйын: мен туралы газетке жазып, дабыралатудың қажетi жоқ» – дедi.
– Дегенмен, өзiңiз сияқты белгiлi адам­дар келгенде, оны аудан басшылары күнi бұрын бiлiп, хабарланып отыруға тиiс едi, бұл қалай болды екен, – деп алыстан орағыта сыр тартпақ болдым. – Мүмкiн аудандық партия немесе аудандық атқару комитетiне кiрiп шығарсыз.
– Жоқ, жоқ, ондайдың керегi жоқ, – деп батыр аға келте қайырды. – Мен қызметiме байланысты жұмыс бабымен жүрген адаммын. Осында егiстi химиялық жолмен аспаннан дәрiлейтiн он шақты самолетiмiз жұмыс iстейдi. Солардың жұмысын көруге келдiм. Совхоздардағы авиаотрядтарды аралап, ертең Көкшетауға ұшамын.
Талғат Жақыпбекұлының соғыстан кейiн, Әскери-Әуе Күштерiнiң академиясына түсiп, оны 1950 жылы бiтiрiп шыққанын, авиация полкi командирiнiң орынбасары және штаб бастығы болып iстегенiн бiлетiнбiз. Аға 1956 жылы денсаулығына байланысты, отставкаға шығыпты. Қазiр республиканың азаматтық әуе флоты бас­қармасы бастығының орынбасары екен.
Ауданымызға осындай атақты адам­ның келуi көктен тiлегенiмiз жерден табыл­ғандай өте қуанышты, әрi айта жүрер­лiктей маңызды оқиға емес пе! Бiрақ ағамыздың елеусiз келiп, елеусiз кететiнiн бiлгенде, көңiл құлазып, әлдененiң орны толмай тұрғандай сезiм биледi. Тездетiп аудандық партия комитетiне барып едiм, осындайда жедел шешiмге келiп, нақтылы нұсқау беруге құдыретi жететiн бiрiншi хатшы да, идеология мәселесiн басқаратын екiншi хатшы да совхоздарға кеткен болып шықты. Аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Серiк Алдабергенов қана орнында екен. Сол екеуімiз аудандық атқару комитетiне барсақ, төрағаның орынбасарлары Б.Радзилевич пен В.Палий бiрiншi қабаттың кiре берiс тұсында жайбарақат әңгiмелесiп тұр екен. Кеңес Одағының екi мәрте Батыры Бигелдиновтың жұмыс сапарымен келгенiн жергілiктi аэропорт бастығынан олар да естiптi.
Мұндай атақты адам Қызылтуға күн­де келе бермейдi ғой, өзiмен келiсiп, клубта жастардың ол кiсiмен кездесуiн ұйымдастырып жiберсек дұрыс болар едi, – деп, комсомол жетекшiсi Серiк пiкiр бiлдiрдi.
– Бiзге облыстан ондай нұсқау берiлген жоқ, – деп, Б.Радзилевич шынын айтқан болды. – Мұндай мәселенi тек бiрiншi хатшы Окунев Василий Андреевич қана ше­шедi. Ол кiсi қазiр ауданды аралап жүр.
Амалымыз құрып, әркiм өз жұмыс ор­ны­мызды таптық. Серiк Алдабергенов телефон соқты. Сүйiншi сұра­ғандай сөйледi:
– Райкомға келсем, – дедi, – Василий Андреевич совхоздан оралып, кабинетiне ендi ғана кiрiп бара жатыр екен. Әлгi әңгiменi айтып үлгердiм, әйтеуiр. Маған: «Есiк ал­дын­да тоса тұр, қазiр қонақ үйге барып, Талғат Якупбековичпен сәлемдесемiз», – дедi.
Көкшетау облысының Қызылту ауданын он жылдан астам басқарып, – 1968 жылы Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған В.А.Окунев өзiнiң iскерлiгiмен, ұйымдастырушылық қабiлетiмен, бекзат­тылығымен бұл өңiрде зор құрметке бөлен­ген ерекше тұлға едi. Әсiресе, жергi­лiктi ұлт өкiлдерiне, қазақ кадрларына деген iлтипаты ерекше. Өзi басқарған ауданның жақсы атын шығарып, атағын аспандатуға септiгi тиетiн кез келген мүмкiндiктi қапы жiбермейтiн. Бұдан сәл бұрын қасына атақты домбырашы Мағауия Хамзин мен бiр концертмейстерiн ер­тiп, гастрольдiк сапармен облысқа келген КСРО Халық әртісi, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты Ермек Серкебаев ағамыз Көкшетауға әдейiлеп барып жолығып, ауданға ресми түрде шақырып әкелгенiн жақсы бiлемiз.
Атағы асқан Талғат Бигелдиновтың Қы­зылтуға келуi де В.А.Окуневтiң арқасында ұлық оқиғаға ұласып кеттi. Бiрiншi хатшымыз бойы ұзын, адымы алшаң, тау тұлғалы кiсi едi. Өнбойы тұнып тұрған күш пен қайрат болғандықтан асығып қатты жүргенде, екпiнiнен жел тұрғандай. Ол енді «Кое-как уговорил Талгата Якупековича, сегодня никуда не поедет, дал согласие встретиться в клубе с народом», – деп жар салды. Жергiлiктi радиоторабынан хабарлауды, селоның әр тұсына оқушы балаларды жүгiртiп, халыққа бұл хабарды шұғыл түрде жеткiзудi, клуб үйiн дайындауды тапсырды. Бәрiнен де қызығы, Т.Бигелдинов келдi деп естiгенде, оған қасақана мән бермей, жайбарақат қалған Б.Радзилевич, В.Палий сияқты шенеунiктер ендi естерi шығып, шапқылап жүр. Көп кешiкпей, совхоздан екiншi хатшы А.Темiрбаев та келiп кездесу өткiзудiң бас тiзгiнiн өз қолына алды. Сөйтiп кешкi сағат жетiде клуб үйi лық толды. Бұл үй шындығында клуб емес, кинотеатр ретiнде жаңа салын­ған еңселi үлкен ғимарат болатын. Талғат Бигелдиновты В.А.Окуневтiң өзi бастап әкелiп, сахна төрiнде арнайы қойылған үстел басына жайғастырды. Сонан соң, таныстыру рәсiмiмен қысқаша сөз сөйлеп, кезектi батыр ағамыздың өзiне бердi.
Жайшылықта бойы шарғы, денесi ықшам көрiнетiн Талғат ағамыз көп алдына шығып, сөз сөйлер кезде, ересен өзгерiп, ерекше тұлғаланып кетедi екен. Кәдiмгi тұғыр­дан көтерiлiп, биiкке самғағалы тұр­ған қыран құсқа ұқсайды. Кең маңдайы одан әрi жазылып, сәл қысыңқылау көрi­не­тiн қыран көздерi тостағандай болып кеткен. Қыран құстың қасиетi көк ас­пан­ға көтерiлiп, сонау биiкке қарай сам­ғай ұшуынан, шырқау биiктен шүйлiге құлдилауынан көрiнедi ғой.
Ол өз әңгiмесiн сонау балалық шақтан бастады. Ақмола облысының Майбалық ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Талғаттың әкесi Жақыпбек пен оның туысы Жүсiпбек кеңес өкiметiнiң қаскөй саясатынан қорыққан бiр байдың көп малын айдап, Қырғыз елiне келедi. Келсе, тосып алуға тиiс әлгi байдың өзi жоқ болып шығады. Ағалы-iнiлi екеуi иесiз қалған көп малды сол өңiрдегi әскери округтың бас қолбасшысы Михаил Васильевич Фрунзеге хаттап-шоттап тапсырып, өздерi Бiшкек қаласын мекендеп қалады. Мал терiсiн илеп, өңдеудi кәсiп қылып, күн көредi. Арада жылдар өтiп, сәби Талғат ендi бала Талғат атанады. Әкесi оны қазақшасы болмағандықтан, татар мектебiне оқуға бередi. Орысша бiлмесең, күн көру қиын екенiн аңғарған ақылды бала бесiншi сыныптан бастап орыс мектебiне ауысады. Фанерден сол кездiң оқушы балалары тұмсығына зырылдауық орнатып аспанға көтерiлiп қалықтай алатын ұшақтың үлгiсiн жасауға әуес болған ғой. Осындай iске қы­зығушылардың iшiнде Талғат та болып, оның қолынан шыққан ойыншық ұшақ модельшiлердiң қалалық жарысында бәйге алады. Мiне, содан бастап, Талғат аспанға көтерiлудi, биiкке самғайтын ұшқыш болуды аңсайды. Сол тiлек, сол арман 16 жасар Талғатты Фрунзе аэроклубына алып келедi. Алғашқы ұстаздары бастық Цуранов пен ұшуды үйрету жөнiндегi нұсқаушы Бұхарбаев бозбалаға өз бiлгендерiн жа­лық­пай үйретiп, оны қыранның балапанын­дай баптап, қанаттандыра бiлдi. Көп жаттығып, көп машақаттанған соң ұшақты өзi басқарып ұшқаны, қасындағы екiншi ұшқыштың орнына жайғасып, мұның әр қимылын бақылап отырған үлкен бастық Цурановтың өзi риза болып, жақсы баға бер­генi әлi есiнде. Ол жолы да Талғат ұшақ­ты жерде тиiсiнше бiраз жүгiрткеннен кейiн үлкен сенiммен жоғары көтерiп, аэро­дром үстiмен бiр айналып ұшқаннан кейiн, еш қиналыссыз, асып-саспай, тура үш нүктеге дәлдеп қондырған болатын. Көп ұзамай, Талғат аспанға ұшақты өзi бас­қарып көтерiлдi. Оның қалай ұшқанын Цурановтың өзi бақылап тұрды. Талғат ұшақты берiлген нұсқауға сай, жерден кө­терiп, аэродром үстiмен тиiсiнше айналып ұшқаннан кейiн, тағы да үш нүктеге тұп-тура әкелiп түсiрдi. Цурановтың бұй­рығы бойынша, Талғат аспанға осылай үш рет көтерiлiп, үш рет қондырды. Осы жө­нiнде мәлiм еткен курсант Талғаттың сөзiн тың­даған соң, бастық:
– Ұшақты ұшыруың да, жерге қон­дыруың да өте тамаша жiгiт екен­сiң! – деп әдiлiн айтты.
Аспанда еркiн самғап, шеберлiк шыңы­на көтерiлудiң, сан ұрысқа қатысып, та­лай-талай қиын жеңiстерге жетудiң, сан рет ажалмен бетпе-бет келiп, тiрi қалудың қалтарысы мен қапысы көп шырғалаң жолы осылай басталған. Бұдан кейiн ол Чкалов әскери авиация училищесiн бiтiрiп, бiлiмi мен бiлiктiлiгiн одан әрi ұштады.
Талғат ағамыз ештеңенi асырып айт­қан жоқ. Бәрi өз көзiмен көрген, өз басынан өткерген оқиғалар. Солар туралы айтқанда екi көзi жайнап кетедi. Жалпы ұшқыштардың аспандағы iс-қимылды қо­­лымен ымдап, суретiн нобайлағандай қылып көрсететiн, әңгiме айтқан кезде, бү­кiл денесiн ойната сөйлейтiн бiр ерекше әдетi бар. Сол арқылы жанды сурет са­лады, ұшақтың аспанда ерсiлi-қарсылы ойнақтап жүйткiгенi, аударыла-төңкерiле зымырағаны, бiресе төмен құлдырап, бiрде аспанға шаншыла зулап, тiк көтерiлгенi, оң мен солға оқыс бұрылғаны көз алдыңа келедi.
Талғат Бигелдиновтың соғысқа 1943 жылы 144-шi гвардиялық шабуылшы авиация полкiнiң құрамында кiрiп, Калинин, Воронеж, Далалық, бiрiншi және екiншi Украин майдандарында шайқасқаны белгiлi. Қатардағы ұшқыштан авиация полкiнiң командирi дәрежесiне жетiп, қанды майдан жолынан өттi. 305 рет жауға қарсы ұшып, сонша рет жеңiске жеттi.
Мұның бәрi, әрине, айта берсе, ұзақ әңгiме, таусылмас жыр. Бiрақ Талғат ағамыз Қызылтуда өткен кездесуiнде оның бәрiне тоқталып жатпай, кейбiреулерiн ғана қысқаша еске алып өттi.
...Майдан жолының бастапқы тұсы болатын. Бiр жолы ұшқыш жолдастарымен ұрыстан қайтып келе жатса, радиодан «ана бүкiрдi Мессерден қолқалаңдар» деп жар салған дауыс естiледi. «Бүкiр» деп онда кәдiмгi құрыш құрсанған «Ил-2»-нi, «Мессер» деп немiстiң аса шап­шаң ұшатын жойғыш ұшағын айтатын. Жан-жағына қараса, шынында да, бiр «Мессер» шұғыл бұрылып, өзiне төнiп келедi екен. Шапшаңдығы жоғары болғандықтан iлгерi озып кетiп, қайта оралып, құйрық жағынан шабуылдамақ болып жүр. Пулеметiнен зуылдата оқ төгiп, тағы да жақындады, бiрақ тағы да өтiп кеттi. Шапшаңдығының жоғары болуы тағы да ойлаған ойын iске асыруға бөгет келтiрдi. Немiс ұш­қыш­ы ендi қулық жасап, салақтатып шассиiн жiбердi. Осындай тежегiшi бар «Мессердiң» шапшаңдығы баяулап, қарсылас «Ил»-дiң жылдамдығымен те­ңес­тi. Ендi ол қарсыласының мысын ба­сып қорқытып, өз еркiне бағындырмақ. Талғаттың ұшағына барынша жақындап, қатарласа ұшып келедi. «Өлi аралық» деп аталатын мұндай жақын қашықтықтан оны ешбiр оқ ала алмайды. Фашист ұшқышы Талғатты «ендi бiттiң» дегендей, өзiнше мазақтап, неше түрлi қиқар қылық жасап, ерсiлi-қарсылы зымырап жүр. Қанатын шайқап, жұдырығын көрсетедi.
Әңгiмесiнiң осы тұсын Талғат ағамыз қандай қызық қылып айтады десеңiзшi!
– Он мне показывает кулак, я - ему. У него вот такие глаза,-деп екi қолының бас бармақтары мен сұқ саусақтарын үлкен шеңбер жасап дөңгелете түйiстiрiп, көзiне апарады. – У меня, наверное, еще больше. Он показывает пальцем вниз, приказывая мне садиться. Я краем глаза заметил, что мы уже за линией фронта, над территорией, занятой нашими войсками. И тут же появляются «Яки». Это придает мне силы и уверенность...
Сөйтiп Талғат ағамыз осы «Мессерден» қаша бермей оның өзiне тап берсем қайтедi деген ойға келедi. Немiс төмен зулаған кезде, ол бiр жағына қарай жалт бередi. Немiс бұл қимылды аңғармай қалып, бiр сәт «Ил»-дiң алдына шығып кетiп, нысанаға iлiгер тұстан табылады. Талғатқа керегiнiң өзi сол едi. Оқты аямай төгiп-төгiп жiбередi. Реактивтi оқтұмсықтар «Мессерге» қарай от шашып, жосыла жөнеледi. Мұны алдына салып өз әскер бөлiмiне айдап бармақ болған немiс «батырыңның» от оранған ұшағы қанатынан қайырылып, жерге құ­лап бара жатыр едi. Талғат өз ұшағын аэро­дромға қарай бұрғанда, моторының зақымданғанын байқады. Приборлар мотордан май мен су кетiп жатқанын көрсетедi. Еркiне көнгiсi келмеген ұшақты аэродромға зорға жеткiзiп, әупiрiммен қондырғанымен, кабинадан шығуға шамасы жетпей, отырып қалғаны есiнде. Әрiптестерi жүгiрiп келiп көтерiп алып, таңқалып жатыр. Ертеңiне Талғатты полк командирi Митрофанов шақырып алып: «Не бүлдiрдiң кеше? – дейдi зiлденiп. – Сенi дивизия командирi, Кеңес Одағының Батыры Каманин жолдастың өзi шақырып жатыр. Дереу сонда жет.
«Апырмау, шынында да бiрдеңе бүлдiрiп алдым ба?» – деп неше түрлi ойға кеткен Талғатты полковник Н.Каманин жарқын жүзбен қарсы алады. «Қазақстаннан шық­қан аға сержант Бигелдинов Талғат сенбiсiң? – деп сұрайды. – Мұнда сен туралы жазуға келген газет тiлшiлерi отыр. Кәне, сен ол «Мессердi» қалай атып түсiрдiң, соны әңгiмелеп айт. Сенiң атып түсiргенiң анау-мынау емес, немiстiң нағыз сайыпқыран ұшқышы болып шықты». Талғат бәрiн қаз-қалпында айтып бередi. Сол жолы атақты ұшқыш Н.Каманин өзiнiң қазақстандық жас әрiптесiн екiншi дәрежелi Ұлы Отан соғысы орденiне ұсынатындығын мәлiм­дейдi. Ертеңiне майдан газеттерi, тiптi жер­гiлiктi газеттiң өзi «Советский штурмовик «ИЛ-2» побеждает!», «Бой штурмовика-бомбардировщика с вражеским истребителем» деген тақырыптармен шығып, бұл теңдесi жоқ ерлiктi бүкiл дивизияға, бүкiл өңiрге жеткiзген екен. Бiрақ Талғат ағамыз авиация тарихында немiс қырғиы «Мессердi» шабуылдаушы-бомбалаушы «ИЛ-2» ұшағымен атып түсiрген тұңғыш ұшқыш болғанын онда, әрине, бiлген жоқ-ты.
Кездесуде әңгiме айтқан Талғат ағамыз бiрде-бiр рет мен сондай да сондай ерлiк көрсеттiм деп айтқан жоқ. Сәттi аяқталған қай жорық, қандай қанды шайқасы туралы айтса да: «Әскери тапсырманы орындап келдiк» – деп қарапайым қайырады. Икемi кемдеу, орташа ғана жылдамдықты «ИЛ-2» ұшағын «Ұшатын танк», «Қара тажал» атандырып, немiстердiң үрейiн ұшырып, береке-тiрлiгiн қашыратын қаһарлы күшке айналдырған, әрине, аспанда самғаудың ұңғыл-шұңғылын қапысыз меңгерген Тал­ғат Бигелдинов пен оның өзi сияқты қанаттас қырандарының асқан шеберлiгi мен қисапсыз ерлiгi екендiгiнде дау жоқ.
Соғыс кезiнде батыр атағы ешкiмге оп-оңай берiлген жоқ. Бұл атақ алғаш рет оған КСРО Жоғарғы Кеңесi төралқасының Жарлығы бойынша, 1944 жылғы маусымның 27-i күнi берiлдi. «Ағамыз сол кезге дейiн 155 рет жауынгерлiк ұшу жасап, жеке өзi талай таңдай қағар ерлiк жасаған едi.
Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар атан­­­дырған бұл жоғары атақ батырдың жiгерiне жiгер қосып, ерлiк iстерiн одан әрi еселедi. Арада тұп-тура бiр жыл бiр күн өткенде, дәлiрек айтсақ, 1945 жылғы 28 маусым күнi, қазақтың қыран тектес қаһарман ұлы Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының екiнші мәрте Батыры атанды. Қызылту селосының кинотеатрында өткен сол қызықты кездесуде үш жүзден астам адам орындарынан тұрып, «мiне, ерлiк, жасай бер, Талғат!» – деп, дүрiлдете қол соққанда, бүкiл зал теңселiп кеткендей болды.

***
Кездесуден шыққаннан кейiн Талғат Бигелдиновтың құрметiне бас тартылып, аудан басшыларының қатысуымен үлкен қонақасы берiлдi. Қас батырдың ерлiгi туралы әңгiмелер аңызға ұласып, Қызылтудың кең даласын шарлап кеттi.
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ

443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз