• Заманхат
  • 21 Тамыз, 2017

КИІЗ ҮЙ – Ұлы дала өркениетінің киелі мұрасы

Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА, ҚР Ұлттық музейі Археология және этнография бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

ҚР Ұлттық музейіндегі қазақ хал­қының рухани және материалдық құн­дылықтарынан сыр шертетін этнография залының қақ ортасында тігілген киіз үй XX ғ.жасалған. Бұл жәдігер Маңғыстау өлкесінің һас шебері Тәжік Назаровтың қолынан шыққан дәстүрлі көшпелі ортада ең көп тараған алты қанатты киіз үйдің айрықша үздік үлгісі болып табылады.Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деп аталы сөз айтып қалдырған тек қазақ хал­қының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақты мекені. Шығу тарихы сонау көне заманнан бастау алатын киіз үйді халқымыз әрқашанда қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп қастерлеген. Сонымен қатар, киіз үй тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер, сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды болып табылады. Қазақы үйлер қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын бірнеше түрге бөлінеді. Сол сияқты, көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Біз ұсынып отырған киіз үй жас жұбайларға арналған «отау» деп аталады. Жалпы, киіз үй 195 жабдықтан тұрады. Киіз саны 24. Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді: Төр. Ол әрқашанда қазақ халқының тұрмысындағы ең үлкен мәнге, мағынаға ие үйдің жо­ғарғы бөлігінен берілетін орын. Қазақ халқы әрқашанда еңбектеген баладан, қартайған қарияға дейін келген қонағын ең алдымен төрге шығарған. Бұл қазақ халқының қонағын әрқашанда құдайындай сыйлағанының көрінісі. Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде төрдің қызметін үш түрге бөлуге болады: 1) күнделікті; 2) жиын-тойлар; 3) құдайы қонақ (жолаушы) келгенде. Күнделікті күйбең тірлікте төрді ақсақал қария немесе үйдің отағасы өзі иеленген. Қазақ халқында сонымен бірге төрге үйіндегі қызын «Қыз жат жұрттық», «Қызбала – қонақ» оның көретін құрметі де әкесінің үйінде деп ерекше сыйлап, төрден орын берген. Жиын-тойларда үйдің қақ төрі – қашанда ақсақалдардың орны болған. Ақсақалдар болмаса жас ерекшелігіне байланысты келесі ел ағалары иеленген. Төрдің артқы тұсын керегеге тақастыра орналастырылған жүкаяқ оның үстіне әбдіре, жағлан, сандық сияқты үй бұйымдарын сақтайтын жиһаз түрлері, үстіне ішіне көрпе-жастық және киім салынған қарын, тең, боғжама тең-теңімен орналастырылған. Төрден есікке қарағандағы босаға кеңістігімен шендесетін оң жақ орын – ерлер жағына ерлер мен қонақтар киімдерін ілетін адалбақан, кілем немесе алаша ұсталынған, кереге басына жүген, өмілдірік, құйысқан сияқты ат әбзелдері ілінді. Осы жерге арнайы қондырғыға ер қойылды (ескерер жайт – ердің алдыңғы қасы міндетті түрде төрге қаратылды). Сондай-ақ, бұл тұсқа құсбегілік және аңшылыққа қажетті құралдар және қылыш, шоқпар сияқты қарулар ұсталынды. Төрдің әйелдер жағы деп аталатын сол жақ, қазан жақ тұсына ыдыс-аяқ және оны сақтайтын асадал тағамға арналған кебеже, саба, келі-келісап, қол диірмен, күбі сияқты үй мүліктері қойылған. Киіз үй ағашына байланысты төрт бөлікке бөлінеді. Шаңырақ – киіз үйдің ең жоғарғы, қасиетті де киелі бөлігі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқының жақсы сөздері де осы шаңыраққа байланысты айтылған. Екі жас бас қосқанда «Шаңырағың биік болсын» деген тілек айтылады. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді. Себебі, ұлы іс атқарылып жатқанда үнсіздік орнауы тиіс. «Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді» деген сөз осының дәлелі. Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнісі, құт құйылады деп есептеген.Шаңырақты атадан-балаға мұра ретінде қалдырып отырған. Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Уық – кереге мен шаңырақты жалғастырып тұрады. Киіз үйдің ағаш есігін сықырлауық дейді. Ол киіз үйдің ішіне қарай ашылады. Есік бірнеше бөліктен тұрады. Олар: маңдайша, екі босаға, табалдырық пен екі жақтау. Босаға – үй есігінің екі жақтауы. Қа­зақтар Босағаны қасиетті санап ақ босаға деп атаған. «Босағаны керме» (немесе Босағаға керілме) деген тыйым осыдан туған. Сондай-ақ, Босаға майлау ырымы да бар. Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға – Маңдайша мен табалдырық арасын белгілі қашықтықта ұстап тұратын, кереге бекітілетін, адамдардың үйге кіріп-шығуы үшін арнайы жасалған, екі жаққа ашылатын есіктің айналмалылығын қамтамасыз ететін бөлігі. Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Оның әзірлеу, дайындау, пішу жол­дары ұзақ бір ғылыми этно­гра­фиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар, арқылы тұтылады. Олар туырлықбау, түндікбау, үзікбау, желбау деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді. Туырлық пен үзікбаулары кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп. Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік береді. Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, ыстық, суық ауа өтпеуіне едәуір әсер етеді. Қазақтар киіз үйді баспана ғана емес, рухани үндестік және көз тартар әсем­дік ошағы деп түсінген. Сұлу табиғат аясында өмір сүрген бабаларымыз үйдің жасау-жабдығының көркемдігіне баса назар аударған. Қазақ үйінің ішкі көрінісі бояуының ашықтығымен қатар нәзіктігімен, жиһаздар мен басқа да заттар молынан көмкерілген ою-өрнектерінің нақыштығымен көздің жауын алады.

Summary The articledecribes one of the valuable exhibits of the Hall of Ethnography - the traditional dwelling of nomads “Yurt” and its decoration. As well as, the symbolism of the Kazakh yurt, revealing the spiritual, cultural and scientificand philosophical meaning of the yurt, deserves a great attention.

3348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз