• Ұлттану
  • 21 Тамыз, 2017

АЛЫП САНДЫҚТЫҢ ҮСТІНДЕГІ АЛЫП АСЫҚ

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

«Атадан жақсы ұл туса елінің оңы болады, Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» – деген екен Қазыбек би. Атадан жақсы ұл туып, елінің жоғын жоқтап, барын әспеттеуге барынша күш-жігерін аямай жүрген жандарды көргенде сыртынан риза болып, осындай азаматтардың қатары көп болса ғой шіркін, – деп ойлап қоясың. Бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Болат Тағабай сондай ел құрметіне бөленген жүрегінде иманы бар, аймағына қадірлі жанның бірі. Жастайынан ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық өнеріміздің жаухарларына ғашық болып өскен азамат бабалардан бізге жеткен алтын мұрағаттарды әлемге шығарып, қазақ жұртын танып білуге өрелі еңбек жасап келеді. Ия, ұлттық патриотизм әрбір алаш азаматының бойында бар қасиет, бірақта сол бойдағы бар құнды қасиетті игілікті істерімен ұштастырып көрсете білу әркімнің қолынан келе бермесі бір анық. Ал, Болат болса, қазақтың ұлттық өнерінің бірі асық ату болса, сол асықты бір-бірлеп жинап, зергердің қолынан шыққан көз тоймас бұйымдай алып асықты торлап тоқып жасап, алып сандықтың үстіне қондырған адам. Сол еңбегі бағаланып Халықаралық Гинс кітабына еніп отыр. Енді, әңгіме желісін арыдан бастап, ұлттық өнеріміздің жанашырының алып асық пен алып сандықты жасауға не түрткі болғанынан бастасақ. – Бөке, осындай киіз үйдің жартысындай алып асықты тоқып жасап бітіріп, оны алып сандықтың үстінде отырғызу қаншама ісмерлікті, ептілікті, ше­берлікті талап ететін өлшеусіз қол еңбектің жемісі еке­ні айтпаса да түсінікті. Бірақ, қазақ үшін қайрымды, бағасы шексіз құнды істі тәмәмдәп, ел-жұртымызға тарту еттіңіз. Осындай алып асықты жасауға не қозғау болды. – Негізі түсіме аян беріп осы Көкпектінің жазығында бой көтерген әулие бабамыз Ырғызбай Досқанаұлының басына, 2001 жылы көшіп келген болатынмын. Ырғызбай бабамыз ұлы Абай әкесі Құнанбайды шешектен емдеп жазған аймаққа әйгілі әулие, емші адам болған. Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері Тағабаев Құнанбай 1986 жылы алғаш болып атаның кесенесінің тасын көтерген екен. Содан кейін мен көшіп келіп, атаның басын жаңғыртып көптеген жұмыстар істеуге тура келді. Қазіргі күні осы жерде кесенеден өзге, мешіт, 2,5 қоры бар 2-3 ғасырлардан ақпар беретін құнды кітапхана, қола дәуірінен бастау алатын 700-ден астам жәдігерлер қойылған мұражай көпшілік назарына ұсынылған. Бүгінде бұл жерге атаның басына құран оқып, зиарат етіп келушілердің саны көп. Енді, осы жерде сіздің сұрағыңызға жауап беретін кез келді. Келушілердің міндетті түрде бір қойларын өңгеріп келіп, атаның басына барып құрбан шалып жатады. Бірде жаңағы сойылған қойдың асықтарына қарап тұрып, – Мына асықтарды бекерден-бекер лақтырып тастамай жинай берсе бір кәдеге жарар еді ғой деп, – ойға кеткенім бар. Сосын, бір қо­рапты алдым да соған ақырындап тастай бердім. Қорап толып кеткен соң, үлкен дор­бағы жинай бастадым. Бір қойдан екі асық шығатынын ескерсек, бір күні қарасам 200 дей асық жиналыпты. Енді, қаптан үлкен не бар екен деп тұрып анамның сандығына көзім түсіп, сандыққа жинай бастадым. Содан бір күні санасам 20 мыңға жетіпті. Сосын, бауырларыммен ақылдасып, қай елде көп асық жинағаны туралы ғаламторды ақтарып қарап едік. Ауыз ашып көз жұматындай ешқандай тың ақпарат таба алмадық. Ия, ұмытпасам Алматыда ғой деймін асықпен көмкеріліп жасалған жылқыны көрдім. Жақсы жасалған дүние, дегенімен мағынаны бұзып тұрғандай көрінді. Қой асығымен жылқыны жабуы аздап ойланса композицияға сай келмейтін сияқты. Міне, сол кезде барып, алдыма мақсат қойып, асықты шындап жинауға кірістім. Арманым осындай ұлттық өнеріміз алшысынан тұрған алып асықтан бір үй орнындай бұйым жасап алдаға келе жатқан Экспоға қойып, қазағымның мәртебесін бір көтерсем деген ой қылаң берген еді. Сонымен бірге, өзіміздің ұлттық өнерімізді өзге елдің пысықайлары өздеріне иеленіп алмаса екен деген қауіпте мазалағанын жасырмаймын. Өйткені, өздеріңіз білесіздер көкпарамызға, қымызымызға ауыз салып жатқан мемлекетердіңде төбесі көріне бас­тады. – Енді әулие атаның басында құрбан шалған малдардың асықтарымен ғана соншама алып асықты жинап жасап бітіруге саны жетпей қалуы мүмкін ғой. Қосымша көмек қайдан келді? – Тура айтасыз. Сондықтанда, мен аудандағы оқу-білім басқармасының басшысына барып мән-жағдайды айтып, мек­тептердегі оқушылардың көмегі қажет екендігін айттым. Содан бастап сең қозғалды. Ауылда бауырларымның дүкені бар еді сол дүкенге кімде-кім асық өткізсе ақысын алады – деген жарнаманы жариялап, жинап әкеліп берген балаларға асығына ақысын бергіздім. – Асықтарды жинап әкеліп өткізген жас пен кәрінің ақысына не бердіңіздер? – Енді, әрқалай, көп әкелсе, ұялы телефон, планчет секілді заттар бар. Мектептерде акциялар өткіздім. Осы жерде айта ке­тейін. Балалардың еңбегін көмек қолын тартқан Алматыдағы «Абылайқан» спорт кешенінің басшысы Жомарт Сәдуақасов 500 мың теңге беріп, сол қаражатты оқушылардың жинап әкелген асықтарының еңбегіне бердік. Сонымен бірге, Ақсуаттың әкімі Ділдәбек Ораз­баев, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков –10мың асық, Зайсан ауданы 10 мың асық, Көкпекті ауданының әкімі Клара Рафикова 5 мың асық, Аягөз ауданы Тарбағатай мектебінің директоры Әсет Құ­дайбергенов 5 мың асық әкеліп берді. Осылайша, 100 мың асық жиналды. Мен сол асықтарды 6 ай дайындадым. – Гинс кітабына әлемде ерекше бір жаңалық ашқан жандар ғана ене алады. Сондай киелі кітаптың төрінен біздің алып асықтың орын алуы алаш жұрты үшін ақ түйенің қарны жарылған қуаныш болғаны анық. Енді, сол кітапқа қалай кіргені туралы, әйгілі кітаптың талаптарын қалай орындағандарыңыз жәйлі сөз етсеңіз? – Расыменде Гинс кітабына ену үшін оның басты талаптарына сай келу маңызды еді. Астанаға Гинс кітабына енгізу туралы өтініш жазып жіберген болатынбыз. Екі ай тостық. Содан, бізге негізгі талаптары келіп жетті. Мысалы, сапалы фото-видеобейнелер мен жиналған асық санын нотариус арқылы заңдастыру, экспертизадан өту деген сияқты көптеген талаптарын орындауға тура келді. Барлық талаптарын орындап жөнелттік. Екі ай өткеннен кейін, Мәскеуден «35 мың асық жинаған Тағабай Болатқа» – деген Сертификат келіп қолымызға жетті. Гинс кітабының басты ерекшеліктерінің бірі Сертификаттың маңдайында ағып бара жатқан жұлдыздың белгісі тұр. Алтын мөрлі жұлдыздың белгісі әлемде бұл еңбек жалғыз дегенді білдіреді екен. Бұл менің ғана емес қазақ елінің мәртебесін асырған сүйінші хабар болғаны сөзсіз. Осыдан шабыт алған мен асық жинауды белсене қолға алып шабыттана кірсе бастадым. Ендігі араманым одан биіктей түскендей болды. – Енді, сол асықтарды жинап, тазалап, өңдеп алып торлап тоқып шығару технологиясы туралы айтсаңыз? – Ия, асықтарды жинау барда оны тазалап жасап тоқу оңайға түспегені рас. Үлкен тай қазанға 500 асықтарды толтырып салып, астына от қойып 2-3 күн қайнаттық. Сонда, асықта бір түйір ет қалмай тақыр-таза күйге енеді. Сонан кейін, асықтар қазаннан алмай тұрып тағы бір иісі аңқыған дәруіштермен тағы бір тазалап жуылады. Ары қарай, асықтарды қазаннан қалқып алып, тиісті жерлерде құрғатып кептіру керек. Бір жұма өткеннен кейін, асықта ешқандай иіс қалмай нағыз деттеген қалпына енеді. Сосын, асықтарды оңқай, солақай, шікімайларын ірктеп сараптаймыз. Шікімайы қозы-лақтардың асығы ғой. Содан соң, кезек асықтардың есебін шыруға келеді. Асықтың есебін шығаруда көмектескен Ақсуат ауданы «Жанікей» ауылы орта мектебінің оқушылары мен Болат Боранжанов деген азаматтардың еңбектері ерен болды. Жалғыздың ісі өнбес-демекші, осындай жоталы істі жалғыз жасап бітіру маған оңай соқпасы белгілі жәй. Сондықтанда, асықтарды тіккен кезде яғни тоқып торлау жұмысында Әшімов Мұхит, Талдықорғандық досым Серік, Көкпекті ау­данының қажысы Ерзат, Ақсуаттан Шыныбаев Кенжебектерді, мешітіміздің молдасы Ал­тыбек Байсеңгеровтердің көмектерін ерекше атап айтқым келеді. Бүгінгі таңда Ырғызбай атаның атында Жантікей ауылында алланың ақ үйі мешіт бой көтерген. Тағы бір айтар мәселе, алып асықтың ішінде үлкен 4 бірдей жарық орнатылған (прожектор). Асықты фосфор деп алып қарасақ, бар кереметі сол сүйек жарық түскенде бір түспен жанып тұрады. – Алшысынан тұрған алып асық пен алып сандықтың символикасы туралы пікіріңізді білсек? – Қазағымның қай уақытта болмасын мәңгілік ел ретінде асығы алшысынан түссе екен-деген негізгі мақсат. Тағы бір айта кетер маңызды мәселе, ол асықтың көз түсер бет жағындағы тұрған барлық асық байқасаңыз алшысынан орналасқан ол да бір ойды толықтыра түсетін маңызды жағдай деп білемін. «Өнердің екі жағы бар – пішіні техника да, мазмұны – ой», – деп, орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой айтқан ғой. Сондықтанда, осы алшысынан тұрған алып асық пен алып сандықтық көрушіге ой тастап, құмарын оятып жатса басты мақсатымыздың орындалғаны деп айтқан болар едім. Ал, асықты өріп тоқуда әрбір асықта 2 тесіктен тесіп отырып, 500 ден есептегенде 100 мың тесікті қол бұрғымен иненің көзіндей жасаудан өткіздік. Осы алып туындыға 50 мың асық кеткен болса ойлаңыз 20 отар қойдың асығы қажет болған екен. Ал, алып асықтың көлемі жәйлі айтар болсақ, жалпы биіктігі – 3,5м, ұзындығы – 4м болса, ені – 3м құрайды. Бұл әрине астындағы тұ­ғырымен бірге алғандағы пішіні болып есептелген. Астындағы сандық тұғырда ұлттық дәстүрлі бұйымдарымыз болып саналады. Сондықтанда екі бірдей ұлттық жаухарларымыз бір-біріне үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұрған тарихи туынды деп ойлаймын. – Барлық ізгі бастамаларыңыз Ыр­ғыз­бай әулиенің басына көшіп келгеннен кейін жемісін бере бастап отыр ғой. Ел арасында Ырғызбай Досқанаұлының әулиелігімен қоса емшілік жағы көп айтылады. Сіз қалай деп толықтырған болар едіңіз? – Рас айтасыз.Ол кісінің емшілік қасиеті туралы әңгімелер күні бүгінге дейін ел ішінде айтылып келеді. Ырғызбай бабамыз 1787 жылы туылып 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған екен. Ол кісінің «Мені Көмісті жайлауының Құла белінде жерлеңдер. Зиратымды ұрпақтарым көтереді. Сендер әуре болмаңдар» – деп қалдырып кеткен өсиеті бар. Расымен де, солай болды. 1925 жылы ұрпағының бірі Шыныбай ақсақалдың түсіне кіріп, «– Ей, менің бейітімнің басында қозы-лақтар ойнап жүр, зиратымды көтер» – деп айтқан екен. Сосын, 1956 ұрпақтары зиратын көтереді.1966 жылы зиратының басын тағы барып ұрпақтары жаңартады. Ал,1986 жылы менің әкем Тағабаев Құнанбай тасын қойса, 1990 жылы өңірдегі халық жиналып ақ кірпіштен ақ кесенесін тұрғызады. Ал, ол кісінің емшілігі туралы халық арасында көптеген сөздер айтылған. Соның бірігейі ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажыны емдеуі екен. Құнанбай шешек ауруынан қиналып өлім аузында жатқанда, Ырзакеңнің қолы шипалы еді, мені бір жазса Ырғызбай жазады, – деп қос ат жібереді. Сонда, Ырғызбай әулие Құнанбайдың ауырып жатқанын алдын ала біліп ем шөбін әзірлей бастаған екен. Сөйтіп, дала кезіп, дәрі шөптерін жинап дайындап алып барып Құнанбайды кеселінен құлан таза емдеп жазыпты. Ырғызбай әулиенің тағы бір қасиеті ауырып келгендерден еміне ешқандай ақы алмай өтіпті. Жарықтық Тарбағатай тауларын жаяу кезіп жүріп,100 түрлі шөптің түрінен жасаған шөп дәрілері аурудың ең жаманы ішкі жараларға дейін шипасы болып сауығып кетіп жатқан екен.Ол кісі ішкі жара ауыздық бермей денесін жайлап бара жатқан жандарды алдымен шөп дәрісін беріп, сосын жорға атқа мінгізіп белгілі жерге дейін жорғалатып апарып қайтатын емінің бір өзіне тән ерекше қасиеті болыпты. Сонда ауру жанның ішіндегі жарасы ағып кететін болған. Осылайша емдеу тәсілдері болыпты әулие бабамыздың. – Ырғызбай атаның басын жер жанатын (оазис) жасап жіберген сіздердің еңбектеріңізге алланың нұры жаусын. Бұл жерде жоғарыда айтқандай мұражай барын көрдік. Ондағы қойылған жәдігерлердің көбі тарихи құндылықтары жоғары екен. Сол жәдігерлердің ішіндегі бағалысы не болып табылады? – Менде бір сағат бар. Ол сағаттың та­рихы, тіпті, тереңде жатыр. Баяғыда осы Зайсан өңірінде аты әйгілі Байқадам деген болыс болған екен. Сол кісінің ел бас­қарудағы білгір саясатына жоғары баға берген ресейдің генерал-губернаторы арнайы Думаға шақырып бағалы сыйлыққа қол еңбекпен жасалған сағатты сыйға тартқан екен. Кейін, сол Байқадам болыстың ұрпақтары мені іздеп келіп, сол сағатты қайтарып берсең бір джип автокөлігін беретіндігін айтты. Мен оған келіспедім. Сонымен қатар, біздің мұражайда Нұғман болыстың алтын жіптен тоқытқан парсы кілемі ілініп тұр. Осындай маңызы зор жәдігерлер мұражайымыздың беделін арттырып тұр. Бірде, осы жерге 8 бірдей ұшақ келіп қонып, Ресейден, Литвадан, Татарстаннан келген қонақтар мұражайдың ішін аралап көріп таң-тамаша болып ататанған болатын. Сондықтанда бұл жердегі жатқан әрбір тастыңда тарихы бар екенін айтқым келеді. – Қасиетті жердің, қасиетті мекенде жасаған тарихи туындыңыздың болашағын қалай көресіз? – Қазір, осы Ырғызбай әулие атаның басындағы кесенені, мұражайды түгелдей мемлекет құзырына өткізгелі отырмын. Енді, Өскеменге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келмекші. Сол кісі киелі жердің топырағына аяғы тигенде, халықтың атынан осы алып асықты тарту еткелі отырмыз. Ондағы мақ­сатым осындай ұлттық өнерімізді паш ететін ірі туынды елордада жарқырып халықтың назарында тұрса деген ойым бар. Шетелден келген қонақтар қазақтың осындай ұлттық нақыштағы бай туындысын көріп үлкен әсермен аттанса екен деген арманым. – Әңгімеңізге үлкен рахмет. Расыменде, ұлттық өнерімізді ұлықтауға осы Болаттай барынша үлес қосып, өз мақсатына жете білген арда азматтарымыз көп болса екен. Қазір толып кеткен шетелдік сапасыз арзан өнімдер мен ұрпақтың санасын улап жатқан түкке тұрмас мағынасыз шоу бағдарламаларға телміріп, тесіліп қарамай осындай ұлттық жаухарламызды жиі насихаттап жатсақ, ертеңге өскелең ұрпақ үшін маңызы шексіз болар еді. Әрбір ұлт-ұлысты оның ұлттық болмысына қарап танып, бағалай білесің. Ендеше ұлттық өнерімізді дамыту жолында қолымыздан келгенше насихаттауға әр­біріміз тырысқанымыз ләзім. М.Горький «Алға ұмтылу – өмірдің мақсаты осы ғой» – деген екен. Ендеше, алға қойған мақсатымыз үшін талмай күресу қажет. Сонда ғана қыр астында жатқан өзге ел қазақтың біліміне-ғылымына, мәдениеті мен өнеріне деген көзқарастары жақсара түсеріне бек сенімдеміз.

977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз