• Заманхат
  • 21 Тамыз, 2017

Ізгіліктің шырағы, сұлулықтың шынары

Серік НЕГИМОВ, профессор

Ұлттық мәдениет, әдебиет, ғылым тарихында көрнекті педагог-оқымысты, журналист-көсемсөзші, жазушы әрі аудармашы Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) қайраткерлік тұлғасы, озық та озат санаткерлік болмысы байтақ бір әлем. Өрен ұйымдастырушы, ерен еңбеккер, ересен қабілетті Н.Құлжанова ұлт ақыны Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры» атты өлеңдерін орыс тіліне тәржімалап бастырды («Сибирский студент», 1915. кн.3-4.стр. 82-83). 1920-1924 жылдарда музыка зертттеушілері А.Бимбоэс пен А.В.Затаевич Нәзипа Құлжанованың орындауынан қазақ әндерін жазып алған. Александр Затаевичтің «1000 песен киргизского народа» дейтін еңбегінде (Орынбор, 1925) ұлт мәдениеті мен өнерінің жалынды жаршысы Нәзипа Құлжанованың айтуынан «Ғайни-ай, сәулем», «Қыздардың зары» және «Жылқылы бай» әндерін жазып алғанын нотасымен көрсеткен (222, 361 беттер). Сондай-ақ ол: «Нәзипа Құлжанова – интеллектуалды қазақ қызы, оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері» деп сипатталған (366-бет). Нәзипа Сегізбайқызы (Сағызбайқызы) Құлжанова 1903 жылы Қостанай орыс-қазақ гимназиясын аяқтап, 1903-1904 жылдарда Торғайдағы Қыздар училищесінде дәріс береді. Ерлі-зайыпты ай мен күндей Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар 1903 жылдың шілдесінде 3 негізгі және 1 дайындық класы негізінде құрылған Семей мұғалімдер семинариясында 1905-1919 жылдарда қызмет етті. Нақты айтқанда, Нәзипаның жары Нұрғали Құлжанов 1905 жылдың 1 шілдесінде қазақ тілінің оқытушысы болып қабылданды. Жаңадан құрылған мұғалімдер семинариясында тұңғыш директор Петербург университетін аяқтаған Александр Владимирович Белый, 1906-1918 жылдарда Петербург университетінің түлегі, тарих­шы-филолог, Ресей Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшесі, өлкетанушы ғалым Михаил Николаевич Березников және 1918-1920 жылдары семинария тізгінін ұстаған Константин Николаевич Моргайник мінсіз қызмет атқарған. Семинар ұстаздары ғылыми-зерттеушілік және лекторлық жұмыстармен барынша ынтызарлықпен шұғылданған екі мыңдай этнологиялық әрі өлкетанушылық еңбектер туындатқан Борис Георгиевич Герасимов (1872-1937), ағайынды Белослюдовтар, Том мұғалімдер институтын бітірген, ұлы суреткер М.О.Әуезовтың тәлімгері Василий Иванович Попов, Н.Я.Коншин, Н.П.Ильинский Сулима-Грузинский тәрізді жанкешті, ардақты ұстаздардың сапында кісілік келбеті, дүниетанымы, түсінік-түйсігі бөлекше жаратылған Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар жанқиярлықпен, тау қопарарлық тегеурінді қайратпен еліне, жұртына, ұрпағына, ұлтына ұшан-теңіз үлгілі, өнегелі істер қалдырды. Ерекше еңбегі еленіп, 1913 жылдың 25 қыркүйегінде Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелері болып қабылданды. Семинария қуатты оқу ордасына, білімпаздардың ордасына, көсемдер ұйымына айналды. Яғни, телегей білімнің, терең ойдың, рухани сұлулықтың қасиетті бесігіндей еді. Қазақ көшін түзу, ұлы жолға бастаушы көсемдер мен ұлт ісін, алаш арын арлаушы шешендер тобындағы әйел затының шолпаны атанған Нәзипа Құлжановадан заманынан озып туған Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтар даналық дариясынан сусындаған-ды. 1914 жылдың 10 ақпаны күні түркі-моңғол халықтарының фольклоры мен тарихының білгірі, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) Омбы өлкетанушыларының мәслихатында қазақтың қария тарихынан айтып, сонан соң, Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын елінен 27 ертегі жинал­ғанын, «ұлт әдебиетін гүлдендірудің» кө­бейіп келе жатқанын, ертегішілер мен шежірешілерді жинақтайтын комиссия құру керектігін жан-жақты түсіндіре келіп, бір ауылға қонғанын баяндайды. «Бұл ауылға Семейдегі семинарияның қазақша тіл мұғалімі Нұрғали Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханым келіп жатыр екен. Сонда, Нәзипа ханым әдебиет кешін жасады. Ойнаушылар: Нәзипа ханым, гимназист, 11 жасар қыз-гимназистка һәм бір қыз бәрі де нағыз қазақ. Оқылған өлеңдердің ішінде Некрасовтың өлеңдері де болды», – дейді Г.Е.Потанин (Мұхтар Саматов. Потанин докладынан. «Қазақ» газеті, 1914 жыл, 30 наурыз, №56). Ұлт қызметкері Нәзипа Құлжанованың түпкі ойы, көкейкесті мақсаты – көркем әдебиет кештері, ойын-сауықтары арқылы білім-ғылым сәулесін жалпақ елге жеткізу, ұлт әдебиетін ілгері бастыру, мұқтаж оқушыларға жәрдемдесу. Әдебиеттанушы Қайым Мұхаметқановтың жазуынша, бірде Мұхтар Әуезов «Приказчиктер клубында» (кейін Луначарский атындағы театр) өздерінің тұңғыш қазақша ойын қойғандарын еске алып, әңгіме етеді. Ойынды ұйымдастырушы, қазақтан шыққан тұңғыш оқыған білімді әйелдердің бірі Нәзипа Құлжанова болғанын баяндайды (Біздің Мұхтар. Алматы, «Жазушы». 1976. 383- бет). Ұстаз, ағартушы, журналист, аудармашы, жазушы, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақ әйелдері комитетінің тұңғыш ұйымдастырушысы Нәзипа Құлжанова Алаштың даңқты қайраткерлерінің арасында таңдаулы орынды иеленеді. Бұған айғақ ретінде «Еңбекші қазақ» газетінде (1923 жыл, №105) «Ғылым, әдебиет майданынан» дейтін хабарламада мынадай мәліметті жариялаған: «1922 жылы Халық ағарту комиссариатының ғылым ордасы жанында «Қазақстан ғылым ордасы» ашылған. Мүшелері: Ахмет, Молдағали, Сәдуақас (Сәкен), Елдос, Нәзипа, Міржақып, Мырзаұлы Мұхтар». ХХ ғасыр басында қазақ әйелдерінің ішінен шыққан Нәзипа Құлжанова Семейдегі оқытушылар семинариясында дәріс берген. Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінде, 1920-1921 жылдарда Ақмола уездік комитетінде, «Еңбекші қазақ» газеті және «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарының редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. Орыс, қазақ тілдерінде сөзге жүйрік болған, жосылта қалам сілтеген тегеурінді қаламгер. Мәселен, Семей қаласында 1914 жылы 26 қаңтарда ұлы Абайға арналған әдеби-музыкалық және этнографиялық кеште Нәзипа Құлжанова баяндамасын екі тілде жасап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырады. Осыны «Айқап» журналы «Нәзипа сөзінің аяғында «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да Абай секілді білікті, одан да артық данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары болды... Нәзипаның орысша сөйлегеніне орыстар таң қалды», – деп сипаттап, әлеуметке қуана мәлімдеген. Нәзипа Құлжановаға әйгілі оқымысты Ахмет Байтұрсынов сыр-сезімге толы толқынды жырын бағыштаса, Сұлтанмахмұт Торайғыров халықтың шынайы махаббатын мөлдірете жеткізген. Өрі-қыры бірдей Нәзипа Құлжанова – республикада әйелдер қозғалысына ірі қозғау салған және көптеген ауылдық, губерниялық, уездік комитеттерде әйелдер бөлімін аштырған айтулы жан. Нәзипа Құлжанова «Айқап», «Қазақ» секілді газет-журналдар беттерінде үздіксіз ой тербеп, қазақ әйелдерінің тағдырына қатты зейін аударған. «Қазақ әйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һәм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін тура жол – оқу, өнер, кәсіп... Елді сәулелендіру жолында жасаған шараларының бірінде – әйелдің оқуы керек. Надан адам – жарым адам. Елдің анасы – әйел. Жарым әйел бүтін адам жасай алмайды. Елді қатарға кіргізетін білімді, өнерлі, еркін әйел» дегенінде қолына ту ұстаған қалпында жалынды ұран тастап тұрған қажырлы әйел тұлғасы елестемей ме?! Оның қолынан «Мектептен бұрынғы тәрбие» (Орынбор, 1923), «Ана мен бала тәрбиесі» (Қызылорда, 1927) дейтін кітаптар шыққан. Асылы Нәзипа Құлжанова – ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына салмақты үлес қосқан салиқалы, зерделі зерттеуші. Бұған «Мектептен бұрынғы тәрбие» туындысы толық дәлел. Баланы қалайша тәрбиелеп өсіруді, табиғи қалпын бұзбай, мінсіз баулуды, ортасының әсер-ықпалын, қалайша дұрыс, жатық сөйлеуін, көркем мінез, келісті әдет дарыту, икем-бейімін арттыру, баланың саулығы, сезім мүшелерінің ақаусыз дамуы, жаратылыс дүниесін еркін қызықтауы, зейін-зердесінің тәрбиесі жан-жақты, терең, әсерлі баяндалады. «Бала өне бойы еркін ұнатқан нәрселерін шұқылап отырып, бұрап сындырып, мүшелеп әбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ болады, һәм жасайды да. Бұл – баланың тағы бір артықша қасиеті, зерттеп, тану құмарлығы. Бұл – жан-жақтағы жайнаған дүниені танытып, өзі де жасауға кірісу үшін жаратылыстың көкірегіне әуелден құйған құмарлығы. Бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың!», «Шықпа, жығыласың», «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Әрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлауымен баланың алайын деп отырған қанша білімін тағы да тамырынан қияды. «Бала ойнақшыған құлын-тайдай, желкілдеп еркін өскен қызғалдақ шөптей, кеңшілікті, еркіншілікті жақсы көреді. Жаратылыстың өз дүниесінде даланың кеңшілігінде, шалпылдап суына түсіп, жүгіріп, құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын, тоғай арасында сайраңдап жүріп өссе, көңілі де, жан-тәні де бірдей тегіс өсіп, өркендемек. Біз қала баласын суық тастың ішіне қамап, жаратылыстың шыншыл, таза, ертегідей құлпырған әдемі дүниесінен айырып, тірідей көміп, сөндіреміз» (30-31 бет) деген лебіздерінде зор мағына бар екені даусыз. «Мектеп жасына толмаған балаға тәрбие неге керек?» – деп сұрақ қояды да, бұларға мынадай түйінді тұжырым жа­сайды. «1. Мектеп жасына толмаған бала не үйренеді? ...Әрине, бала балабақшасыз да, мек­тепсіз де өсіп адам болады ғой. Бірақ, балабақшаның тәрбиесін көр­меген бала көп білімнен, көп жақсы әдет­терден құр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды. Мектепке дейін бала оқымайды деу – зор қате. Мектептен бұрын үйренген білімдері кейін мектепте оқып білгендерінен гөрі маңызды болады. Мектептен бұрын баланың үйренетіні: 1. Қимыл мүшелерін дұрыс игере білу – жүру, жүгіру, қағып алу, өрмелеп жоғары шығу, секіру – осының бәріне ыңғайлануы. 2. Көру, есту, сезу, иіс білу – мұның бәрін түзу, анық әрі нәзік білу. 3. Сөйлеу – яғни сөз бен сөзді байланыс­тырып, сөзін, өзінің ойын, талабын, көңіл сезімдерін басқаға жеткізу. 4. Ойлай білу – яғни сырттан алып, ойға тоқыған заттарды салыстырып, ұқ­сас­тығы мен айырмашылығын тауып, әр нәрсе туралы өзінің ойын айтып, бір пікір шығару. 5. Ойға тоқығанды және оған көз­қарасын жарыққа шығару (ойынмен, суретпен, әңгімемен). 6. Өз еркін өзі билеуде бір мақсатқа жетпек болып және басқалар үшін өз тілегін тежей білу. 7. Таза, жинақы, шыншыл болу, жақсылыққа алғыс айта білу, әрі әдепті болу. 8. Басқалармен бірігіп, әрі аздап жеке де еңбек қыла білу. Бұнымен үйренетін өнер-білімнің бәрі түгелдене қойған жоқ. Балабақшасыз өзімен-өзі өсіп жетуі үшін баланың төңірегіндегі араласқан балалар, үлгі алатын үлкендер, тамақ, т.б. сол сияқты толық адам болуға қажет шарттар түгел болып тұру керек. Біздің мектеп жасына толмаған балаларымыздың қазіргі уақыттағы тұрмыс шарттары баланың өсіп ілгерілеуіне жайлы бола ма екен? Енді осы сауалға жауап берейік». Нәзипа Құлжанова сындарлы пікірлерін, тұрлаулы тұжырымдарын, түйінді қоры­тындыларын тамылжыған, өрнекті кестелі тілмен жеткізеді. Н.Құлжанованың осынау қабырғалы шығармасының танымдық, тәрбиелік, тағылымдық мәні мейлінше терең. Оның дүниетаным дәрежесі, ой-өрісінің кеңдігі әлемдік ғылымнан мол хабардарлығы (қыруар деректерді, мәліметтерді, есеп-қисаптарды тізбелеп келтіруі) жарқырап көрінеді. Ұстаздық ғылымының дарынды өкілі «Ана мен бала тәрбиесі», «Баланы аурудан сақтандыру» дейтін еңбектерінде ана мен оның перзентін дерттен сақтандыру жолдарын, табиғи ерекшеліктерін елеп, ескеру мәселелерін, баланы бағу, күту, тамақтандыру, табиғи емшілерді (күннің сәулесі, таза ауа, табиғи тамақ...) пайдалану турасында ой толғайды. Осы жинақта ұлт мәдениетінің жалынды жаршысы Нәзипа Құлжанованың әдебиет пен көркем өнерге қатысты «Бір керек жұмыс», «Әдебиетімізге көз салу», «Ақын Шолпан», «Семей театры» секілді мақалалары топтастырылған. Ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар халықтың рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосқаны мәлім. Мызғыған елді қозғап ояту үшін ірі мәслихаттар яғни Абай, Ыбырай өнерпаздығына байланысты әдеби кештер ұйымдастырып, бір жағынан, әлеуметтің дүр сілкініп, шаң-тозаңнан арылуына жол ашса, екінші жағынан жиналған қаражаттың бірсыпырасын Санкт-Петербург, Қазан, Том, Омбы қалаларында білімнен сусындап жүрген жеткіншектерге жәрдем беріп отырған. Сондықтан да, «Бір керек жұмыс» деген мақаласында әдеби-музыкалық кештер немесе драмалық-сахналық ойындар ұйымдастыруды қозғайды. «Әрі қаржы жиналар еді, әрі әдебиетіміз өрге басар еді» деп қорытады. Көзін қияға тігіп, құлашын кеңістікке жайған, пейілін кеңге, қырманын дөңге салған өзі отты, жаны жалынды қыран мінезді шынайы отаншыл, елшіл, мақсаткер, білімдар, ой мен сөз зергері Нәзипа Құлжанованың «Маржан», «Есіл қыз-ай!» сияқты көркем әңгімелерімен қатар, ол В.Г.Короленконың «Күн тұтылғанда», М.Горькийдің «1905 жыл, январьдың 9-ы күні», А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер», А.Скиталецтің «Полевой сот» және Б.А.Лавреневтің «Қырық бірінші» дейтін повесін тәржімалады. Бұл шығармаларда замана ахуалы, халықтың хал-жайы, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сөз саптасы, ойлау жүйесі, қоғамға, уақытқа көзқарасы, дәуір шындығы, ел тағдыры аса бір көркемдікпен, суреткерлік зейін-шеберлікпен, өнерпаздықпен тебіреністі сипатталған. Сондықтан да, ғылым-біліммен мұздай қаруланған Н.Құлжанованың орыстың классикалық әдебиетімен етене таныстығы, суреткерлік зерде-санамен қабылдауы, орыс тілінің образдық-метафоралық жүйесін, табиғатын жыға түсінуі, астарын сұңғылалықпен тануы яғни түпнұсқаның рухын, сырын, сұлулығын жүйріктікпен сезініп-түйсінуі (стилистикасын, синтаксисін, фразеологиясын, интонациялық-мелодикалық құрылымын, музыкалық архитектоникасын) ұлт тілінде соншалықты әсерлі, мәнерлі, жатық сөйлеткен. Түйіп айтқанда, аударма өнері ұлт әдебиетінің өр­кендеуіне, шеберлік сабақтарының гүлденіп тереңдеуіне, жалпыхалықтық, адамзаттық, ұлттық идеалдардың бір-бірлерімен жалғасып-сабақтасып біртұтас құбылысқа, ортақ игілікке айналуына қызмет еткен саңлақ тұлға Нәзипа Құлжанованың ой қисыны, сөз қолдануы және көркемдік мазмұнын «қыран көрегендікпен», білгірлікпен айшықты бажайлап кестелеуі, өрнектеп жеткізуі қызықтырады. Қаламы аттай желген жазушы, аудармашы Н.Құлжанованың көңіл айнасы, ақыл таразысы, ой-санасы, көркемдік талғамы мейлінше таза, әділ, жоғары, парасатты, бекзат, сезімтал екендігін нақтылы дәлелдеп айқындайды. Ұлт зиялысы Нәзипа Құлжанованың шығармашылық мұрасын жинақтау барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен журналдар қорына сүйендік. Бір өкініштісі – кейбір бұрын-соңды ізденушілердің кінәсынан ба, әлде басқа себеппен бе, Нәзипа Құлжанованың материалдары жарияланған «Қызыл Қазақстан» (1923,№16.91-103 беттер), «Жаңа мектеп» (1927, №2.84-88 беттер) журналдары жыртылған. Қорыта айтқанда, ұлт руханияты тарихындағы әйгілі қайраткер Нәзипа Құлжанованың ұстаздық, қоғамдық еңбегі, кесек ой-толғаныстары заманнан заманға ауысқан сайын жаңғыра бермек, миуа-жемісін төге бермек.

1359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз