• Ел мұраты
  • 21 Тамыз, 2017

Тұңғыш ұшқыш тағдыры

Қазбай Құдайбергенов, профессор

Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш кім деген салмақты сауалдың жауабын тапқандай болдық. Біршама ізденістерден кейін ол Қызылордалық Жолдасбек Нұрымов екеніне көзіміз жетті. 1912 жылы Сырдария ауданына қарасты №3 (қазіргі Аманкелді) ауылда өмірге келіп, жастайынан жетім қалып, әкесінің ағасы Қалмұхаммедтің қолында тәрбиеленеді. Ғылым мен білімге құштар бала алты жасында ұшып бара жатқан аэропланды көргеннен кейін, аспан әлеміне құштарлығы арта түседі. Арманы Балашов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын авиациялық училищеден (1931 ж.) бір-ақ шығарады. Училищені үздік дипломмен бітіріп, екінші дәрежелі ұшқыш мамандығын алып, сол оқу орнында ұшқыш инструктор ретінде жұмысқа қалдырылады. Сәл шегініс. Авиация (латын тілінде құс деген мағына береді) адамзат қоғамына ХХ ғасырдың басында қызмет ете бастады. 1903 жылдың 17 желтоқсанында америкалық ағайындылар Райт әлемде бірінші рет өздері құпия жағдайда жасаған ұшу аппаратымен аспанға көтерілді. Тура 30 жылдан соң аспан әлеміне қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек Нұрымов самғады. 1934 жылдың соңында Нұрымов өз өтінішімен Солтүстік Сібір Азаматтық әуе флотына ауысып, оған жастарға білім берумен ұшқыштар жұмысын басқару міндеті жүктеледі. Қыстың қақаған аязында, күндіз-түні, қалың тұманда ешқандай байланыс құралынсыз ұшып үйренген Жолдасбек ағаның тәжірибесі ұштала түседі. 1935 жылы шілде айында ол Петропавл қаласының таулы аймағында №270 ұшқыштар отрядын құру үшін сонда ауыстырылып, П-5, ПР-5, АНТ-9 ұшақтарымен ұшуды үйренеді. Осы жерде 24 жастағы келбетті әрі сұңғақ бойлы Жолдасбек аға алғашқы жары, сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтің әйелінің әпкесі Гүлсім апаны кездестіріп үйленеді. Екеуінен Рита (Риорита) Зарема және Лаура есімді үш қыз дүниеге келеді. Рита өмірден ерте озды. Зарема әкесінің жолын қуып, Д.А.Қонаевтың ұшағында 21 жыл стюардесса қызметін атқарады. Лаура Алматы дене тәрбиесі және спорт мектебін тәмамдап, осы салада көп жыл еңбек етеді. Қазір екеуі  де Алматыда тұрады. Ж. Нұрымов жайлы алғашқы мақала «Пропеллер» газетінің 1936 жылғы 8 тамыздағы №22 санында «Нурымов – первый пилот национал в нашем управлений» деген тақырыпта суретімен жарияланды. Ұлы Отан соғысының алдында 300 мың шақырым қашықтықты артқа тастаған тәжірибелі ұшқыш соғыста да сансыз ерлік жасады. 1941 жылы Солтүстік Батыс майданында бомбалаушы әуе полкінің командирі ретінде Киев, Харьков, Ворошиловград бағытында әскери тапсырмаларды орындады. 1942 жылы Жолдасбек Нұрымов Волгоград шебіне ауыстырылады. Білікті ұшқышты №102 әуе полкінің командирі етіп тағайындайды. Кезекті әскери тапсырмасын орындау барысында жаудың МЕ-109 истребителі Нұрымовтың ұшағын атып түсіреді. Тәжірибелі ұшқыш ауыр жараланғанына қарамастан, ұшақты кеңес әскерінің алдыңғы шебіне қондырып үлгереді. Әскери ауруханадан емделіп шығып, ол қайтадан майдан шебіне аттанады. 1943 жылы әскери тапсырмадан келе жатқанда жаудың төрт бірдей истребителінің шабуылына тап болады. Олардың бірін атып түсіріп, өзі қарсыластың снарядынан ауыр жараланады. Соған қарамастан ұшағын кеңес жеріне қондырып, өзі есінен танып қалады. Бес айдай әскери ауруханада емделіп, 1944 жылдың шілдесінде денсаулығының жарамсыздығына байланысты майданнан қайтарылады. Ж.Нұрымовтың бұл ерлігі Ж.Алтайбаевтың «Қанатты батыр» (Социалистік Қазақстан, 1 қаңтар 1944 жыл) атты мақаласында толық баяндалған. Майдан шебінде көрсеткен ерлігі үшін Жолдасбек Нұрымов «Қызыл Ту», І дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орден-медальдарымен марапатталады. Ұшуға құштарлығы мен мықты организмі оның шынығып, сүйікті қызметіне оралуына септігін тигізеді. 1945 жылы медициналық комиссия Нұрымовтың денсаулығын тексеріп, ұшуға рұқсат береді. 1946 жылдың ақпанынан бастап Алматы қалалық №7 ұшатын көлік тобына ұшқыш болған Нұрымовты біршама уақыттан кейін ұшқыштар тобының командирі етіп тағайындайды. 1952 жылы Шымкент қаласына көшіп барып, әуежайда диспетчер қызметін атқарады. Қан майданда екі рет ауыр жараланып, елге аман-есен оралған қайран Жолдасбек аға жазаланбай кеткен бір бұзақының қолынан қаза табады. Қазақтың алғашқы ұшқышының өмір жолы осындай. Кезінде Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ, кейбір себептермен бұл атақты ала алмаған Ж.Нұры­мовтың соғыстағы ерліктері әлі зерттеле бермек. Енді, қазақтың тұңғыш ұшқышы Жолдасбек Нұрымов пен тұңғыш бишісі Шара Жиенқұлова апамыздың тоғысқан тағдырына ойысайық. Елу жылдан астам өмірінде Жолдасбек аға төрт некелі болған. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан – Гүлсім, екіншісі – Шара, үшіншісі – Ғалима апамыз, төртіншісі кейін Жолдасбек аға­ның қызы Ирина арқылы белгілі болған – Юлия Ивановна Киселева. Қазақстанның халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Шара Жиен­құловамен Жолдасбек аға түйдей құрдас. Екеуі де 1912 жылы туған. Демек, екеуі де жастайынан қазақтың басынан өткен небір тауқыметті (аштық, кәмпеске, репрессия) бірдей көрген. Шараның арғы бабалары өте ауқатты, ал, Жолдасбектің атасы мен әкесі діндар, қарахандық Қожа әулетінен болғандықтан, Кеңес өкіметінің талай зобалаңын бастан кешкен. Шараның анасы Тынымбала Бегалықызы осы жәйтті білгесін әрі Құрманбек ағаның жасы үлкен болғасын қызының оған тұрмысқа шығуына келіспеген. Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қала­ған Құрманбек Жандарбеков (1905-1975 ж.ж.) – Шара апамыздың алғашқы күйеуі. Шара ападан үлкен және бұрын некелі (Зура Атабаева) болған. Оның үстіне, анасы 16 жастағы Шараны Қытай консулының баласымен жарастырмақ болған. Қазақ өнерінің майталмандары Құрманбек пен Шараның қосылуына атақты Күләш пен Қанабек Байсейітовтер ықпал еткен. Қ.Жандарбеков: «Біздің елеулі оқиғаларымыздың бірде-бірі Күләш, Қанышсыз өткен емес. Шараға үйленгенде де, Шолпанға үйленгенде де ақылын тыңдадым. Бір ақылдаспағаным, алғашқы зайыбым Зура Атабаевамен қосылып, ажырасуым еді», – деп жазады естелігінде. Мақаланы жазарда Алматыда болып, жасы сексеннен асқан Қызылордалық ақын ағаммен ақылдастым. «Жазуыңа болады. Себебі, тұлғалардың өмір шындығын жастар білуі керек», – дей келе, ол бір жәйтті жеткізді. Шара апаның ұшқышпен көңіл қосып жүргенін Құрманбек аға сезген. Ал, Шолпанмен үйленуінің сәті Шара май­данға концертпен кеткен соң түскен. Сондықтан, оның майданнан Алматыға келерінен бұрын Шолпанға үйленіп те қойған. Бұл – дәм-тұздарының жараспайтынын білгендіктен туған шешім. Екінші жағынан, Шараға көрсеткен еркектік назыда болса керек. Ақын ағамның айтқанының дұрыстығын кейіпкерлеріміздің сөзі дәлелдей түседі. «Шарамен соғыс жылдары дастарханымыз бөлінді. Араға шайтан түскен шығар. Шараны да, басқаны да жамандамаймын. ...Киімшең Қанаштың үйіне келіп тұрақтадым... Бір күні Күләш пен Қанашқа ойымды айттым. Ол: «Қой, ойлан, әлі-ақ жарасып кетерсіңдер» дегенді айтты. ...Ақылдаса келе Шолпанды Қанаштың үйіне түсірдік», – деп жазыпты Құрманбек аға. «Майданнан Алматыға жеткенше қу жаным қуыршақ болып күйзелумен болдым» деген Шара апа үйінде жиналған әріптестері – өнер қайраткерлері бір жамандықты естіртетіндей үнсіз қабылдағанын тебірене суреттейді. «Болаттың «наша папа женился» дегені. Құрманбек жас тоқал алып кетті. Бір кезде қызулау Құрманбек кіріп келді. Үнсіз қалдым. Құрекең маған біртүрлі жат адам болып көрінді», – деп еске алады ол. Сонау, отызыншы жылдардан бастап Шара апамен Құрманбек аға қазақ өнерінің негізін қалаушы әрі оны дамытушы тұлға ретінде қол ұстасып еңбек етіп, екі қыз, бір ұлды өмірге әкелді. Қыздары ертерек өмірден өтіп кеткенмен, ұлы Болат Жандарбеков (1932-1991 ж.ж.) ата-ана жолын қуған режиссер, жазушы-драматург, танымал тұлға ретінде өмірден озды. Құрманбек аға мен Шара апа естелік кітаптарында Жолдасбек аға жайлы көп көрсете қоймаған. Бұл, енді, түсінікті. Екеуінің Болаттай ұлы болды. Сөзіміздің дәлелі ретінде Шара апамыздың «Өмірім менің – өнерім» атты мемуарлық кітабының (Алматы, «Жазушы», 1992 ж.) әдеби жазбасын жасаған жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Құмарованың естелігіне назар аударсақ: «Шәкеннің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ, апай кейінірек: «Соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы» депті. Шара апа ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезіммен парақтайтынына сенімді болған сыңайлы. Соғыс жылдарында Шара апаның жеңісті жақындату жолындағы еңбегі жеткілікті. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1975 ж., 9 мамыр ) жарық көрген «Алғы шепте» атты мақаласында: «Мен майданға екі рет бардым. Алғашқысы 1941 жылдың аяғында Қызыл Армияның 24 жылдығына орай. Бұдан кейін 1942 жылы КСРО Халық артисі Людмила Русланова екеуміз екінші Украина майданында болып, үш айдан аса алдыңғы шепте концерт қойдық. Кейін 1943 жылы мен өз қаражатыма танк сатып алып, екінші Украина майданының жауынгерлеріне тарту еттім. Сол танкімен украин жігіті 17 жау танкісін қиратты», – деп жазыпты. Майданнан оралғаннан кейін Шара апа Орал, Сібір, Кузбасс, Қиыр шығыс өлкелерінде еңбекшілер алдында жүзден аса концерт беріп, Қостанай облысына келгенде И.В.Сталиннен арнайы телеграмма алады. Онда былай деп жазылыпты: «Кустанай, Каз СССР. Народной артистке товарищу Шара. Благодарю Вас товарищ Шара и Ваш ансамбль за заботу о Бронетанковых силах Красной Армий. Примите мой привет и благодарность Красной Армий. И.Сталин. (П.Р.Москва 135353105310). Екінші рет 2-ші Украина майданында Шара апаның болғанын, оның Жолдасбек ағамен кездескенін жерлесіміз, профессор, соғыс ардагері Ибраһим Шәмшатұлы мемуарлық «Соқпақтық өмір» кітабында жазады: «Эскадрилия құрамы оны жақсы көргендіктен еркелетіп «Бек» дейтін (Ж.Нұрымовты айтып отыр. – авт.): Қыркүйектің соңғы күндерінің бірінде түс қайта ұйқыдан тұрсам, офицерлер тұратын үлкен корпуста қазақ әртістері концерт беріп жатыр дегенді есіттім. Тұра жүгіріп корпусқа жақындағанымда жұрт концерттен қайтып келе жатыр екен. Өйткені, кешке жау тылына ұшу керек. Өз экипажымның пилотын кездестіріп едім. Ол: «Концерт бітті. Бектің Шарасы келді» деп жымыңдады. «Шара бір ұшқыш капитанымен айналысып жүр» дегенді ауылда да естігенмін. Енді сол Шара Жолдасбектің әскери бөліміне концертпен келіп кетіпті...». Шара апа мен Жолдасбек ағаның отбасылық, жұбайлық қатынасы жайлы ағаның жиен қарындасы Зарима Төребекқызы, бірінші әйелінен туған Лаураның және Шара апаның сіңлісі Клара Диярованың естеліктері қос тұңғыштың өмір жолынан біраз дерек береді. Мысалы Зарима: «Шешемнің інісі Жолдасбек аға өте сымбатты, сұңғақ бойлы, нағыз жігіттің төресі дейтін ажарлы азамат еді. Небір сұлу сылқым бикештердің ағамыз дегенде емешесі езіліп тұратын....», ағамыз көп үйленді оның ішінде басқа ұл өкілдері болды – деп еске алса, қызы Лаура: «Ол сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әрине, нәзікжандыларға көбірек ұнайтын», – деп жазыпты. Клара Диярова апасы Шара жайлы: «Сұлу әйелдің бақытты болуы қиын» деген қорытынды жасайды. Қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, би падишасы Шара апаның ұшудың бар қыр-сырын меңгерген батыр, жігіттің сұлтаны, қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек ағамен отбасылық өмірі сегіз жылдан аспады. Қос тұңғыш перзент көрмей ажырасып тынады. Жолдасбек ағаның өмірінің соңғы жылдарын бірге өткізген үшіншi жары Ғалима aпa екеуінің Нұрия мен Нұрзия (егіз) және Нұрсулу eciмдi үш қызы бар. Олар қазір Шымкент қаласында тұрады. Жоғарыда айтқанымыздай төр­тінші жары Юлия Ивановна Киселева. Оның бipінші күйеyi теміржол инженері қызметін атқарып жүріп, «монархиялық мекемелермен байланысы бар» деген жаламен 1930 жылы атылып кеткен. «Халық жауының» әйеліне қосылған Жолдасбек ағаны да осы бip саясаттың салқыны шарпыса керек (толығырақ «Отан сақшысы» немесе «Часовой Родины» газетінің 2013 жылғы 12 қыркүйегіндегі №39 санында). Юлия Киселевадан 1949 жылы дүниеге келген Жолдасбек ағаның қызы Новикова Ирина Жолдасбековна КазГУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, 23 жасында әскери азаматқа тұрмысқа шыққан. Қызмет бабымен Моңғолияда, кейін Ленинградта тұрған. Қaзip Италияның оңтүстігіндегі Мессина қаласында тұрады. Италияға дейін Санкт-Петербургте муниципиалды кеңестің құрамында жүріп, 2003 жылдан шыға бастаған «Вести стрельны» газетінің құрылтайшысы болған. Деректерге қарағанда, Ирина қарындасымыз - муниципалды басқаруды қалыптастыру мен дамыту мәселелеріне қомақты үлес қосқан журналист. Жәнібек Исаевтың «Кызылординские вести» газетінде жарияланған «Вместо сердце-пламенный матор» деген әкесі Жолдасбек жайлы мақаланы интернеттен оқып қуанышқа толы Италиядан жолдаған хатында биыл жазда Алматы мен Шымкентке барып, әкелері біp Зарема, Лаура, Нурзия, Нурия апаларымен жүздесіп, әкесінің бейітіне тәу eткici келетінін жазады. Осы бір сан қилы тағдырлар тоғы­сының көрінісіндей болған Жолдасбек аға ұрпақтарының қуанышты кездесулері шырайлы Шымкентте өтті. Жолдасбек аға туралы материалды орыс тілінде жариялаған «Кызылординские вести» газетінің қыз­меткері Жәнібек Исаев, облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телевидениесінің журналисі – Елжас Әбілда, ағаның қа­зір­гі ізденушісі, туысқан інісі Хамза Қызылқожаев және осы жолдардың авторы 11 мамыр күні кештетіп Шымкент қаласына жеттік. Жүрер алдында обл.ТВ басшысы Жағыппар Қарабалаға жолығып, сапар барысымызды айтқанда, ол қуана қарсы алып дереу Шымкенттегі әріптестеріне телефон шалып біздерге көмек көрсетулерін өтінді. Сөйтіп тағдыр таланына түскен ұрпақтар кездесуін республикалық және облыстық телекомпаниялар түсіретін болды. Біздерді Хамзаның інісі запастағы полковник Қызылқожаев Бахыт пен ұлы капитан Айбек, Гуля келін жылды жүзбен қарсы алып. барлық жағдайларымызды жасады. Сол күні Алматыдан 81 жастағы Зарема, 71 жастағы Лаура Жолдасбек қыздарыда келіпті. Жастарына қарамастан екеуі де өте сергек, кішіпейіл, көпшіл, жылы жүзді, көпті көрген апаларымыз екен. Олар Шымкенттің бұрынғы Крегер – қазіргі Майлықожа көшесінде тұратын сіңлілері Нурия мен Нурзияның үйіне тоқтапты. Аталары салып берген бұл үйде өмірінің соңғы жылдарында Жолдасбек аға жұбайы Галимамен тұрған. Келесі күні сағат 11-де Шымкенттің Тағзым алаңында Италияның Несса қала­сынан арнайы келген Ирина Жол­дасбекқызының туысқан апаларымен ыстық ықыласты кездесулері басталды. Хабар –24, Шымкент облыстық телеарналарының қызметкерлері, Қызылордалық журналистер көптен күткен тек сырттай білетін Алматылық Зарема мен Лаура апаларымызға Шымкенттік қарындастарымыз Нурия мен Нурзияларға деген туыстық сезімге толы тілектерімізді жаудырып жатырмыз. Десе дағы, негізгі назарымыз интернеттен әкесі жайлы Жәнібек Исаев ініміздің мақаласын тауып бауырыларын сонау Италиядан іздеп келген Ирина қарындасымызда болғандығы шындық. Қазақстанға арнайы келген Ирина өзінің осы сапар алдындағы ой толғамдарын біздерге тебірене жеткізді. – Әсіресе, бұрын көрмеген бауырларымның қалай қабылдайтыны жайлы көп ойландым. Қазақстанға келмек ойымды жеткізгеннен кейін, Зарема мен Лаура апаларымнан менімен кездесуге құштар екендіктерін естігенде жүрегім жарыла қуандым. Алматыға келгенде бұрыннан таныс құрбыма тоқтайтын болсам, енді, туған апаларым бар деп келемін. Ал, әкемнің жерленген жерінде оның отын түтетіп отырған бауырларым Нурия мен Нурзияның мені күтіп алып құшақ жая қарсы алғаны жүрегімді шексіз қуанышқа бөледі деді -Ирина қарындасымыз. Тағзым алаңының кіре берісінде үлкен монументке гүл шоқтарын қой­ғаннан кейін оның ішіне ендік. Шымкенттік Кеңес Одағының батырларының суреттері ілінген үлкен тақтадан басталып, әрі қарай қала, аудандардан шақырылған 140 мыңнан аса соғыс ардагерлерінің мраморларға аттары қашалып жазылған екі жақты аллея басталады. Оның бас жағында Нурымов Жолдасбек ағаның аты жазылған тақта алдына аялдадық. Зарема, Лаура, Ирина, Нурия, Нурзия әкелерінің аттары жазылған тақтаны орамалдарымен сүртіп суретке түсіріп жатты. Бәрінің де жүректері толқулы, көз жастарына ерік берген. Біздер де олардың шынайы сезімдерінен шет қалмадық. Аллея соғыс кезінде ерлік көрсеткен жауынгер ұшқыштарға ескерткіш ретінде қойылған әскери ұшақ монументімен аяқталады екен. Қуаныш құшағына кеңелген Ирина бір күледі бір жылайды. Мен сөз орайы келгенде Иринаға Қазақстан жайлы білетін шығарсың деген сауалыма: – Менің әкем қазақстандық менің жарты қаным қазақтың қаны. Ширек ғасыр ішінде Тәуелсіз Қа­зақстанның табыстарын мен сіздерден кем білмеймін. Себебі, мен жат жерде жүрмін ғой. Ленинград блокадасының ауыр кезеңдерінде әкем мен бірге болған анам – Юлия Ивановна Киселева ұшқыш әкемнің сансыз ерліктерін, оның азаматтық асыл қасиеттерін құлағыма құйып, өмір бақи Жолдасбек қызы болып жүруімді қатал тапсырғанды. Сіздер Нұрсұлтан Назарбаевтай ел басыларыңыз бар бақытты жансыздар – деп бір түйіп тастады. Қазақша сөйлемегенмен журналист екені сөз саптауларынан-ақ білініп тұр. Тағзым алаңынан кейін шаһардың дәл ортасынан берілген Нұрымов Жолдасбек ағаның атындағы көшені аралап, оның қазіргі Майлықожа атындағы көшеде тұрған үйіне аялдадық. Сапарымызды Жолдасбек аға мен Галима апаның қатар жерленген бейітіне гүл шоқтарын қойып, олардың рухтарына құран бағыштаумен аяқтадық. Иә, тарихи кезеңдердің дәл уақы­тында жарияланған Ел басы­мыздың, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – атты мақаласында қадап айтылған ұрпақтар сабақтастығы мен ана-атаға деген ұлы құрметтің көрінісін 60 жылдан кейін табысқан қазақтың тұңғыш ұшқышы, жерлесіміз Жолдасбек Нұрымовтың ұрпақтарының кездесуінен көрдік, сезіндік, тұщындық, ой түйдік, ұрпақтарға өнеге болатының білдік. Ұмытып бара жатыр екенмін. Ирина қарындасымыз келесі жылы қаһарман әкесінің кіндік қаны тамған Сыр еліне келгісі келетін ойын білдірді. Шымкентте Жолдасбек ағаның атына көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып, есімі тағзым алаңына тасқа қашалып жазылыпты. Туған елі де қазақтан шыққан тұңғыш ұшқышқа жасалынатын құрметтен кем түспес. Өйткені, облысты, қаланы Сыр елінің тумалары, өңіріміз десе өзектері өртенетін білікті, ойлы, парасатты, пайымды інілеріміз басқарып отыр деген нық сеніммен қоштасып, жолға шықтық. Ылайым солай болғай.

1858 рет

көрсетілді

89

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз