• Еркін ой мінбері
  • 12 Қазан, 2011

Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық

Жуырда қаламгер Хасен Қожа-Ахмет халқымыздың тарихына қатысты өзіндік ой-пікірлерін баян еткен «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабын аяқтаған екен. Оқырмандарға осы еңбектің бірнеше тарауын ұсынып отырмыз. (Редакция). «Моңғол» (мәңгіел) сөзі мұсылман елдерінде «моғол, муғул» делінуі себебі –араб әліпбиінде «ң» әрпі болмауынан сияқты. Осы себептен 1348 жылы Шағатай ұлысының шығысында (Жетісу, Қашқария) құрылған мемлекет те Моғолстан аталса, ал Ақсақ Темір ұрпағы Бабырдың 1526 жылы Индияда құрған мемлекеті де Ұлы Моғол империясы аталды. «Мәңгі елдің» қарашаңырағында кейінірек ойрат тайпасы күш алып билікке таласқанда, «моңғолдар» делініп әрдайым тек Шыңғыс ұрпағын жақтаған халықтың аталғанын көреміз. Рашид ад-дин «Жамиғ-ат-Тауарихында»: «Большую часть тюрков теперь называют монголами» деуін түріктердің үлкен бөлігінің әп-сәтте ассимиляцияға ұшырап «моңғол этносы болып кетуінен» емес, «Мәңгі ел» деген бірлестіктің, одақтың халқы болды деп түсіну керек (кезінде «КСРО азаматы» дегендей). Өйткені ассимиляциялану үшін саны көп бөтен халықтың құрамында ұзақ уақыт болу қажет. Ал одақтың құрамына кіріп ортақ атпен аталу әлдеқайда жылдам шаруа. 1991 жылы 8 желтоқсанда КСРО ресми таратылысымен 12 күннен соң-ақ ТМД деген жаңа одақ атын қабылдағанымыз осыған дәлел. Рашид ад-диннің «Жамиғ-ат-Тауарихындағы»: «Большую часть тюрков теперь называют монголами. Подобно тому, как перед этим татары стали победителями, то и всех других стали называть татарами» (77 б), деуі шежірешінің шатасуы емес, моңғол мен татар сөздерінің бұрындары этностың емес, түрік текті рулардың Одақтық атауы болғанын білдіреді. Сырт елдердің құлағында жеке бір түрік руының емес, олардың әр кезеңдерде құрған Одақтары – бұрындары татар, кейіннен «мәңгіел» (моңғол) сөздері жатталып қалуы да осыдан. (Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақаласында: «Асыл түбі қазақтың сол татар»– деуі, қазақ құрамындағы рулардың бір замандарда татар бірлестігінің құрамында болғанын айғақтайды). Бірақ, Одақ атымен Татар я «Мәңгі ел» (моңғол) аталып мемлекет құрса да Керей, Найман, Жалайыр, т.б. деген аттарын еш жоғалтпаған түрік текті рулар, кейіннен Қазақ, Өзбек, Ноғай, т.б. Одақтарға бірлесіп, онда ұзақ болуы әсерінен этностық дәрежеге жеткенін білеміз. Бастыпқы кезде моңғолды этнос атауы деп қабылдаған Л.Н.Гумилевтің кейіннен «моңғол» сөзі туралы «...в собирательном значении, именно как «название определенного политического комплекса, в который входят племена и народы различного происхождения» деуі, мұның бірлестік атауы екенін меңзесе керек. Сондықтан мен, ілгеріде И.П. Петрушкевич айтқан: «Тюрки» – термин не столько этнический, сколько социально-бытовой» деген пікірін: «Монголы» – термин не столько этнический, сколько административно-идеологический» деп, түзеп айтар едім. * * * Шетел ғалымдарын, әсіресе, Шыңғыс ханның жоқтан бар жасап, 25 жыл көлемінде-ақ Рим империясынан екі есе үлкен мемлекет құрғаны таң қалдырады. Мұндай табысқа жету үшін халықты жұмылдыра аларлық мықты идеология қажеттігі белгілі. Меніңше, Күлтегін мәтініндегі «мәңгі ел» сөзі мемлекет атауынан гөрі қағанатты құрушы халықтың идеологиялық ұстанымына келіңкірейді. К.Маркс 19-ғасырда «Европаны коммунизм елесі кезіп жүр» дегеніндей, «мәңгі ел» құру идеясы түрік текті халықтардың сан ғасырлық арманы, ұмтылысы болған (бұл ниет осы заман түркішілдеріне де тән). Ал Шыңғыс хан осы арман-идеологияның атымен мемлекетін «Мәңгі ел» деп жариялады. Бірақ, Түрік қағанаты кезінде түркі тілінде сөйлеген халық, осы территорияда «Мәңгі ел» идеологиясымен мемлекет құрған соң «мәңгіел» (моңғол) тілінде сөйлемесі, өзінің түркі тілінде сөйлеуін жалғастыра берері түсінікті. Сондықтан: «Шыңғыс хан мен халқы моңғол тілінде сөйлеген» деу: «КСРО халқы КСРО тілінде (немесе коммунизм) тілінде сөйлеген» дегенмен бірдей нәрсе. Сондай-ақ: «Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары неге моңғолдан әйел алмаған?!» деген сұрақтар да: «КСРО-ны құрған Ленин неліктен әйелін КСРО (коммунист) ұлтынан алмаған?» дегендей, – мемлекеттің, идеологияның атауын «этностың аты» деп ұғып, қабылдау тудырған шатасу. Міне, ғасырлар бойы тарихшылар мен жұртшылықтың « моңғол» атауы төңірегінде бір пікірге келе алмау себебі осыдан. Бұған қоса, 552 жылы құрылған Түрік қағанатының, 1206 жылы Шыңғыс хан жаңғыртып құрған «Мәңгі ел» («Үшінші Түрік қағанатының») территориясына кейіннен қоныстанып қазір «моңғол» атанып жүрген халықтың кімдер екенін, ол өлкеде кейінгі ғасырларда болған оқиғалар тарихын білмеуден дер едім. Л.Гумилев «Древние тюрки» кітабында: «Тюрки (Түрік қағанатын айтады.– Х.Қ-А.), потомки хуннов, ничего не знали о своих предках, так же как монголы Чингисхана ничего не знали о тюрках. История Срединной Азиии не может быть нам понятна, если мы не учтем двух разрывов традиции...» депті (377 б.). Бірақ «Құпия шежіренің» 113- тарауындағы Теміршіңнің: «Ерікті Тәңірі аталып ана Өтүкенге жеткізіп»..деуі, «Алтын топшыдағы: «Боғда Шыңғыс қаған жоғарғы Тәңірге сыйына жарлық болдырып: «Өз төрелегіңмен Етүкеннің үстіне, Менен биік күштіні Пайда болдырмадың сен! Менен биікте Малақайым ғана тұр!»– деп малақайын шешіп алып, төрге қойып, бас иіп тәңірге сыйынып, сол күні әбден қызғанша шарап ішкен екен» (207 б.) деген жолдар Шыңғыс хан мен оның замандастары да, 17-ғасырдағы «Алтын топшы» авторы да Түрік қағанаты кезіндегі ата-бабалардың «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың» деген «Мәңгі ел» құру арманымен, идеологиясымен таныс болғанының дәлелі дей аламыз. * * * Байқар болсақ, Шығыс түріктерінің идеологиясы немесе осы идеология әсерімен құрылған қағанат аты болумен қоса «Мәңгі ел» сөзі осынау халықты біріктірер тағы бір маңызды мағынаға ие екен. Бірде, осынау «мәңгі» сөзінің Шыңғыс хан замандасы (қарсыласы) Хорезм шаһының ұлы Жәлел-ад-диннің «Мәңгіберді» деген лақап атында да бары есіме түсті. Бұл қазақтың Құдайберген, Тәңірберген, Аллаберген (түркіменше Аллаберды, Құдайберды) деген есімдерімен мағыналас. Шыңғыс хан тарихының орысша аудармаларында «Мёнкэ-Кёкё-Тенгрин» (Вечное Синее Небо, Мәңгі Көк Тәңірі) деген сөздердің қатар, әрі жиі айтылу себебі – «Мәңгі» сөзі Тәңірі, Құдай, Алла сөздерінің синонимі екенін, мұның да «Ешкімнен туылмаған және мәңгі өлмейтін Жаратушы» деген ұғымды беруде қолданылғанын көрсетеді. Ендеше «Мәңгі ел» мемлекет пен халықтық идеология болумен бірге «Тәңірінің елі» деген де мағынаға ие болғанға ұқсайды. Мұндай, «Тәңірінің өзі қолдайтын, қамқорлығына алатын ел боламыз!» деген Шыңғыс ханның сөзіне халық неге шаттанбасын!? Әйтсе де, осындай ежелден арман еткен «Тәңірінің елі» («Мәңгі ел») атануға да қарсылар жеткілікті болғаны тарихтан белгілі. Мұның себебі, меніңше, Керей, Найман,Татар сияқты тайпалардың бұрыннан-ақ хандық құрып, «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген ұстанымда болуы, сондай-ақ кейбір түрік руларының несторияндық дінде болғандықтан «Мәңгі көк Тәңірі қолдайтын ел» атын алу діни нанымдарына қайшылық еткендіктен де болар. Бірақ бұл идеяны өзара соғыстардан қажыған көпшілік түркі текті рулар қолдағандықтан, бәрібір Солтүстік-шығыс Тұранда (Түркістанда) «Мәңгі ел» мемлекетін құру идеясы іс жүзіне асырылып Шыңғыс хан жігерімен Үшінші Түрік қағанаты тарих сахнасына шықты. Ал енді, шежіреші Рашид-ад-дин неліктен: «Слово же монгол сперва звучало «мунгол», то-есть «бессильный» и «простодушный» деп қателесті десек, мұның себебі, өзі Қытайдан келген Болат чэн сян (министр) оған түріктің «мәңгі» сөзінің екінші (мәңгу) түрін айтқанын байқаймыз. Бұған көз жеткізу үшін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» қаралық: Мәңгі І – Өмір бойы, үнемі, мәңгі бақи, мәңгілік; Мәңгі ІІ – Есеңгіреу, мең-зең болу, мәңгіру; (587 б.). Осы сөздер қазіргі моңғол (ойрат) тілінде де сақталған екен: Мөнх – мәңгі сақтау, мызғымас; мөнх тэнгэр – құдіретті тәңір, делінсе, ал Мэнгэ – жолы болмау, сәтсіздікке ұшырау; делініпті («Монгол–казах толь», Б.Базылхан., Улаан баатар-өлгий,1984 ж.). Сондай-ақ, Әбілғазы баһадүр айтқан «түріктің мұң сөзі» де осы сөздікте: Муна-х – мұңаю, абыржу, алжу, алжасу; Мунгинаа – мұң, қайғы; деп жазылыпты (311 б.). Әрине, осы шежірешілер айтқан мынадай мағынадағы сөздермен ешкім халқын да, мемлекетін де, елдік идеологиясын да атамаса керек. * * * «Моңғол» сөзін талқылай отырып қытай шежірелерінде кездесетін, тұңғыш дерек саналып жүрген, 8-ғасырдағы «Тан шу» кітабындағы «менъу» (мен гу) сөзіне тоқталмауға болмайды. Осы дерекке сүйенген әлем тарихшылары моңғолдың бұрыннан бар этнос екенін айтуда. Бұл сөзді (мен гу) қытайлар «ежелгілер, ежелгіні сақтаушылар» деген мағынадағы иероглифтермен белгілепті. Ал, сайып келгенде, «сақталынған ежелгі» дегеннің мағынасы бәрібір «мәңгі, мәңгілік». Қытай тарихшысы Мэн-хун «Моңғол-татарлар туралы жазбаларында» ( 1219 ж.) Шыңғыс ханның мемлекет атауы үшін «моңғол» сөзін алуын былай түсіндіреді: «Бұрын Мэнгу деген халық болып одан журжендер аса қатты қорыққан еді. Олар кейін қырылды. Бірақ Шыңғыс хан өз империясын құра бастаған кезде оған өтіп кеткен кейбір Цзиньдік жүржендер оған әлгі, бұрынғы халықтың моңғол атын алып цзиньдіктерде үрей туғызуға кеңес берді» дейді. Ал 19 ғасырдағы орыс тарихшысы, академик В.П.Васильев: «Дан-цзинь-го-чжи» утвердительно говорит, что народ менъву жил на северо-востоке от чжурчженей, и что это совсем не тот, который сделался после известен под именем монголов, которые жили на северо-западе. Таким образом, народ менъву был тоже маньчжурский; он обитал на устье Амура, где мы и ныне находим имя мангуны, сколько известно из рассказов путешественников, говорящих маньчжурским языком, а солво мэнгу означает на их языке реку, и однородно с современным маньчжурским словом мукэ» дейді ( «Записки Императорского Археологического общества». Том ХІІІ. Санкт-Петербург, 1859. 80 б.). Ал 219 бетте: «А потом, как мы знаем из донесения китайского военачальника, этот народ был истреблен чжурчженями – основателями империи Цзинь, которая была разгромлена позже татарами Чынгыз хана» деген. Ендеше Қият руы мен басқа да Ергене қоннан шыққандар өздерінен солтүстікте үш мың шақырым қашықтағы мәнжүрік «менгудің» емес, өздерін Түрік қағанатының мұрагері санап «Мәңгі ел» атауын 8- ғасырда да, одан кейін, империя құрған 13- ғасырда да алуы мүмкін. Әбілғазы шежіресінде баян етілген «Моңғолдардың Ергене қоннан шыққан күнін тойлау дәстүрі», «Алтын топшы» авторы жазғандай «Бөрте шинаның мұхит-теңіздерден өтіп келмегенін», тау қойнауынан шыққанын дәлелдесе, ал қытай шежіресінде «хуннудың Киян тайпасы 151 жылы қытайларды Баркөл, Хами маңында жеңіп, қытайларға көмек келгенше шегініп кетті» деуі Қиянның (Қияттың) тарихта болғанына айғақ. Қытай дерегі Шыңғыс бабалары Қият-Нүкістерді «мен гу» (ежелгілер, мәңгіліктер) атауына қарағанда, бұрынғы Сиуңну империясы кезінде де «Мәңгі ел» идеясы насихатталған болса керек. Ал сиуңнулық Қият, Нүкіс рулары сол ежелгі идея немесе мемлекет атын білдірер сөзді сақтап, өздерінің «ежелгі, мәңгі мемлекеттен қалған «көненің көзі» екенін білдіру үшін Ергене қоннан шыққан соң ортақ, қосымша атауына айналдыруы әбден мүмкін. ( Өйткені 93-94 жылдары да, кейінірек 150- жылдары Қият пен Нүкістен өзге сиуңнулық (хунну) рулар Сәнби халқының билеушісі Таңшығайға өз еріктерімен бағынып «татар» атанып кеткен). Бірақ, қалай десек те, «мәңгі ел» де, оның бұзылуынан шыққан «моңғол» да этностың (рудың) емес, мемлекеттің я идеологияның атауы болып шығады. Шыңғыс аталары қытайша «мен гу» деліне тұра өздерінің Қият, Нүкіс деген рулық атауларын еш тастамағаны да осыны дәлелдейді. Сондай-ақ, көптеген шежіреші, тарихшылар жалайыр, найман, керейіт,т.б. көптеген түрік текті руларды да «моңғолдар» деп жазғанымен империя ыдырағанда қай-қайсысы да бұрынғы өз ру атауымен қалып «мәңгі ел, моңғол» атанғанын ұмытты. Өйткені бұл термин олардың бастарын қосқан идеяның, мемлекеттің ғана атауы болып, ал мемлекет халқы бір этносқа айналып үлгіместен тарқап кеткен соң басқа одақтарға бірікті. Кейбір тарихшылар Құбылай ханның билікке «Жосық» заңына қайшы отырғандығын, сол себептен қытайлықтарға арқа сүйеу үшін Бұдда дінін қабылдап, мемлекетінің атын Юань деп өзгерткенін айтады. Шын мәнісінде «Юань» деген де «Мәңгілік» сөзінің қытайша мағынасы екен. (Бұл сөзді кей авторлар «бастау, ежелгі» деп те аударып жүр). Құбылай билігі кезінде қабылданған ұлттық валютасының «юань» атауы Қытайда күні-бүгінге шейін қолданылып отыр. Құбылай ел астанасын Қарақорымнан қанша алшақтатпақ болды дегенмен. оның Қытайдағы ұлысының да, ақшасының аты да (юань) түрік тіліндегі мәңгі, мәңгілік ұғымын береді екен. Содан болар, қазір де Моңғолияда күміс ақшаны «мөнгө» (мәңгі) деп атайды. Шыңғыс хан империясының әуелгі атауы «Мәңгі ел» болса, ол неліктен ұмытылып, «моңғол» делініп бұрмаланды? Меніңше, мұның бір себебі – «Мәңгі ел» империясына қатысты ең алғашқы кітаптар осы сөздің мағынасын білмейтін Қытайда және Иранда бөтен тілдерде жазылуы. Екінші себеп, Шыңғыс ұрпағы Қытайдағы биліктен 1368 жылы қуылғаннан соң 14- ғасырдың аяғында қытай әскерінің «Мәңгі ел» қарашаңырағында қалған түрік текті халықтарды дүркін-дүркін қырғынға ұшыратып, бос қалған жұртқа солтүстіктен тілі бөтен тұнғұс-мәнжүр текті тайпалардың жаппай қоныстануы. Жалпы, өзге этностың атауының мағынасын білмек түгіл өз этносы атауының бастағы мағынасын ұмыту әлемдегі халықтардың басым-көпшілігінде орын алған, таңданарлық құбы-лыс. (Бұған 15- ғасырда алған «қазақ» атауына қатысты өз ортамыздағы пікірталас та дәлел). * * * Осы арада: «Жөн-ақ, «моңғол» ұлттың емес, «Мәңгі ел» деген мемлекет және идея атауы делік. Ал Хондемир, Әбілғазы шежірелеріндегі: «Түрік ұрпағы Аланша ханнан Татар мен Моңғол тарайды» деп, тарихта болған кісі ретінде аталған Моңғолды қайда жібереміз?» деген сұрақ туады. Осыған байланысты, Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат-Тауарихынан» (қолдағы нұсқа орыс тілінде болғандықтан) Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресінде» келтірген мына тұсына тоқталайық: «Түрік халқы Иафестен Аланша хан заманына шейін мұсылман еді. Аланша хан болғаннан кейін мал мен басы көбейіп, халық байлыққа мас болып, тәңіріні ұмытты, діннен ажырады. Қара хан заманында мүлдем кәпір болды. Егер атасының мұсылман болғанын естісе, оны ұлы, егер ұлының мұсылман болғанын естісе атасы өлтірер еді... Оғыз тілі шығысымен үнемі «алла», «алла», деп жүрер еді, оны жұрт тілі келмегесін, аузына келгенін айтып жүр деп ойлады. Өйткені «алла» – араб сөзі, ал араб тілін монғолдың еш атасы білген емес. Баланың жүрегі мен тіліне «алла» деген сөзді оны сүйгендіктен және әулие тұтқандықтан құдай тағаланың өзі салған еді», – деген бірсыпыра әңгіме айтылады (Қ. Жалайыри «Шежірелерінде» де осылай делінген). Тарихшылар сиуңну (хунну) шәнүйі Мөде мен Оғызды бір заманда өмір сүрген бір кісі болуға тиіс деген жорамал айтады. Олай болмаған күнде де, Оғыз ханның бесінші ұрпағы Ел ханнан туған делінетін Қиян (Қият) Еркіне қонға 151 жылы (2 ғасырда) кірген десек (қытай деректері бойынша кейбірде 93 ж. ), ал мұсылман діні Араб елінде 7 ғасырда ғана пайда болған. Оғыздың өмір сүрген кезеңі біздің жаңа жыл санаудан бұрын болса, Оғыз және оның Аланша ханнан да арғы бабалары қалайша мұсылман болмақ?! Ендеше, бұл 13, 17- ғасырдағы мұсылман шежірешілердің өз дінінің, сондай-ақ Шыңғыс хан бабаларын да мұсылман етіп жазып беделін көтеру мақсатымен, кейін болған нәрсені тарихтың арғы төріне шығармақ ниет деп білген жөн. Міне, осы сияқты, өздері «моңғол» сөзінің әу бастағы мағынасын әлдеқашан ұмытып «мұңды», «мәңгіру», т.б. дей тұра, осы сөзді этнос деп түсінгендіктен, бұл да шежірешілердің Шыңғыс хан мен оның «монғол халқының» беделін өсіру мақсатымен осы елді арғы тарихта болған Моңғол ханнан тараған етіп көрсетпек әрекет болса керек. Хондемір, Әбілғазы шежірелеріне сүйенген кейінгі тарихшылар өмірде болмаған жанға тарихтан шынайы орын іздеп, ақыры «сиуңнулар (хунну) Моңғол ханның халқы (протомоңғолдар)» делініп, ал сиуңнулардың Ергене қонды көп жыл қоныстап, Бөрте шина бастап шыққан ұрпағын «кейінгі моңғолдар» деп атау қалыптасып отыр. Тіпті жер шарындағы ірі бір нәсілге «моңғолоид» деген атау да берілді! «Отүкенде ұйысып» жаңа жыл санаудан бұрынғы 4- ғасырда құрылған Хунну (сиуңну) империясы түрік тілді болса, 6- ғасырдағы Түрік қағанатының кімдер екенін аты-ақ айтып тұрса, дәл осы жұртта 13-ғасырда түрік текті жалайыр, найман, керей, т.б. тайпалардан Шыңғыс құрған «Мәңгі ел» мемлекетінің халқы да түркі тілінде сөйлегені дау туғызбаса керек еді. Ендеше олар неліктен «протомоңғол, кейінгі моңғол» аталмақ?! Моңғол деген этностың емес, «Мәңгі ел» одағы атауының бұрмаланған түрі болса, «көне моңғол тілі» дегеніміз не нәрсе? Ия, мұсылман шежірешілерінің еңбектерінде «бұл сөз моңғолша олай, түрікше былай делінеді» деген жерлер кездеседі. Меніңше олар «түрік тілі» деп өздері күнде естіп жүрген сартауылдық түріктердің (Орта Азиялық, хорезмдік оғыз түріктерінің) парсы, араб сөздері араласқан тілін айтады. Ал «моңғол тілі» деп, парсы-араб сөздері араласпаған, «мәңгіелдік» Шығыс түріктерінің диалектісін айтқан болса керек. Сөз соңында айтарым, тарихымызды дұрыс түсіну үшін оқырман Шыңғыс хан мен оның құрған империясына қатысты бұрын-соңды жазылған еңбектердегі «көне моңғолдар», «көне моңғол тілі» деген жерлерін «мәңгіелдіктер», «шығыс түріктері», «мәңгіелдік түрік тілі» деп, «Мәңгі ел» мемлекеті деп, түзетіп оқып байқаса. Сонда тарихымыздағы түсініксіз мәселелердің көбісінің түйіні шешілмек. Ал, «Екі жарым мың жыл бойына қаншама шығыс түріктік мемлекеттер шаңырағын көтерген, туын тіккен өлке – Солтүстік-Шығыс Түркістанда қазір неліктен Шыңғыс хан құрған империяға қатысы жоқ, тілі де басқа тұңғұс-мәнжүр, т.б. рулар Монголия деген атпен мемлекет құрып отыр?» деген мәселе – арнайы баяндауды қажет етер үлкен, бөлек тақырып. Ұлы қағанның екі есімі туралы Бірінші есімі – Темучин не сөз? Шыңғыс ханға қатысты шежірелерде оның әуелгі, дүниеге келгендегі қойылған есімі Темучин (Темуджин, Төмүчин т.б.) болғаны айтылады. Бұл аттың қойылу себебі «Құпия шежіреде»: «Сол кезде Йесүкей батыр Татардың Темүжін-Үке, Қоры-Бұқа бастаған татарларын жаулап келгенде... Чыңғыс қаған туыпты.... Татардың Темүжін-Үкені әкелгенде туды деп атын Темүжін деп қойған мәні сол» делінген (77 б.). Осылай деп Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихында» да баяндалған. (І том, 2-кітап, 75 б.). Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын тобшы» кітабында: «Шашу тойында (шілдеханасында.– Х.Қ-А.) татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен» делінген (47 б.). Ойланар болсақ осы, сан ғасырлар бойы айтылып келген «дерек» күмән тудырады. Өз қас дұшпанының есімін сүйікті тұңғыш баласына қою түрік тектес немесе онымен көршілес өзге халықтардың дәстүрінде бар дегенді бұрын-соңды кім естіді екен?! АҚШ-тық ғалым Дж.Уэзерфорд: «Куда более сложная ученая дискуссия развернулась вокруг этимологии этого имени. Подсказкой к пониманию может служить монгольская традиция (!) давать нескольким детям однокоренные имена Из четырех последующих детей Оэлун младший сын носил имя Тэмуге, а младшая дочь – Тэмулун. Видимо, все три имени произведены от одного корня «тэмул», который встречается в нескольких монгольских словах, означающих «рваться вперед», «вдохновляться», «быть изобретательным» и даже «обладать развитой фантазией. Как мне объяснил один монгольский студент, значение этого слово можно проиллюстрировать так: «это взгяд коня, который скачет, куда будет его воля, невзирая на то, чего хочет всадник», – дейді («Чингисхан и рождение современного мира», М,2006 ж. 70 б.), өзінің де фантазиялауға әуестігін байқатып, бірақ бұл теңеулері ер балалар Тэмуджин мен Тэмугеге жарасқанмен, Тэмулун қызға өрескел боларын ойланбастан. Сегіз ғасыр бойына Шыңғыс хан мен оның империясы туралы мыңдаған адамдар шежіре, тарих жаза отыра өздеріне: «Темучин деген сөз неліктен түркі тілінде де, қазір «монғол» атанатын тұңғұс-мәнжүрлер тілінде де жоқ?» деген сұрақ қоймағаны таң қалдырады. Егер бұл сөздің мағынасын Ұлы қағанның өз елінен таба алмасақ, оны сол елдің бірдін-бір ежелгі көршісі қытайдың тілінен неге іздеп көрмеске! Тіпті қытай тілінен іздемей-ақ, ол тілде жазғанда осы сөз қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін деп те зерттеуге болады ғой. Өйткені өзге халықтарға қатысты деректерді қытай шежірешілері жазғанда әдетте ондағы кісі, жер-су, т.б. атауларды өз иероглифтеріне салып, өзгертіп жіберетіні белгілі. Сол себептен өзге ұлт ғалымдары «бұзылған» сөздерді қайта қалпына келтіруге көп күш жұмсайды. ( Сөздері бұрмаланып жеткен шежірелер тілін түркі тілді біздерге тану қиынға соққанда, орыс, неміс, қытай «моңғолтанушыларына» қайдан оңай болсын!). 13-17 ғасырдағы шежірешілердің еңбектерінде Темучин делінген бұл сөзді қазіргі қазақ аудармашылары «Темүжін» деп жазып жүр. Рашид ад-Дин Шыңғыс ханның анасын «Оэлун–фуджин» деп, «фуджин» қытайша «қатын» деген сөз екенін түсіндірген. Осы «фуджинді» де «үжін» деп жазып жүрген аудармашыларымыз ер кісінің есіміне «үжін» сөзін қосу әбестік екенін де ойласа болар еді. «Алтын топшы» аудармашылары бұл екі есімді «Өгелең үчин, Төмүчин» деп «оңдырмаған». Осындағы «Үшин шеше» деген сөз тіркесі де («қатын –шеше!») езу тарттырады... Ал, Қытайда көп жыл қызмет еткен Н.Бичурин (Иакинф-әкей) көптеген тарихшылар «Алан гоа» деп жүрген есімді «Арлун гоа» деп, қытай тілінде жоқ «р» әрпін қосып байқаған. Шыңғыс ханның анасының есімін де өзгелердей «Оэлун» демей «Улын» депті. Темучин (Төмүчин, Темуджин, т.с.с.) сөзіне келгенде өзгелер түгіл өздерін Шыңғыс хан мемлекетінің мұрагері санаушы қазіргі Моңғолия ғалымдары да, Темучин сөзі өздеріне түсініксіз бола тұра, оны қытай тілінің ықпалынан шығаруға, ең болмаса әдетте олар жазбайтын «р» әрпін осы сөзге де қосып «Темурчин» деуге неге тырыспай келеді? Әлде мұның түрік сөзі екендігі анықталуын қаламай ма? Ұлы қағанның есіміндегі түріктік «Темір» сөзін жасырғанмен, оның жүздеген ұрпақтарының, халқының есімдеріндегі «Темір» сөзі жасыруға келе қояр ма?! Мысалы (Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» бойынша) Шыңғыс ханның ұрпағынан: үлкен ұлы Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темір, ал оның ұлы Бай Темірдің немересі Кен Темір; Жошының өзге ұлдарынан тараған немере-шөберелерінің есімдері Мөңке Темір, Инжіл Темір, Тоқтемір, Илақ Темір, Бектемір, Түлектемір, Тоқта Темір, Құтлығ Темір, Темірбай; Ал Шыңғыстың екінші ұлы Шағатай ұрпақтарының ішінде Темір, Бұқа Темір, Өрік Темір, Әбіл Темір, Қабыл Темір, Жұлдыз Темір, Белге Темір, Иса Темір, Бек Темір, Құтты Темір, Аик Темір, Тоқатемір, Шегин Темір есімділері бар. Үкітай мен Төледен тараған ұрпақтардан да темір металына қатысты есімділер баршылық. Ендеше Темучин сөзіне «р» әрпін қосып «Темурчин» десек еш қателеспес едік. Кейінгі кездері қазақтың бірқатар «балама тарих жазушылары» Темучинді «Темірші» деп жаза бастаған да еді. Бірақ олар не себептен осылай дегендеріне еш дәлел келтірмегендіктен жұрт мұны «Нью-Йорк – қазақтың «ну өрік» сөзінен шыққан» дегеніндей әзілдің бірі санап келеді. Сондықтан Ұлы қағанның осы есімі төңірегінде де айтыс нетүрлі бағыттарда өрбуін жалғастыруда. Мысалы Хамза Көктәнді «Алтын төркін» (191 б.) кітабында: «Что касается значения самого слова «Тэмужин», монголоведы при всем множестве сведений перевели неудачно, как «Темирши» (железный), что не соответствует значению и далеко от истинного смысла данного слова. При калькообразном точном переводе с древнетюркского языка «тэм» – означает «неприметный», а «ужин» – сказитель, поэт» «Тэм Ужун, Ужун Хас хан, Ужун Хасан, Ужун ата аулие, Шермухаммед Халпа Дурманулы – все это имена псевдонимы Чингисхана» деп, тіптен жұртқа түсініксіз бағытқа кетеді. Ұлы қағанның осы уақытқа шейін Темучин делініп жүрген есімінің түбірі неліктен «Темір» болуға тиіс екендігіне мұсылман шежірешілерінің еңбектерінен дәлел келтірелік. Шыңғыс ханның ата-бабасына байланысты олардың еңбектерінде «жаудан жеңілген Қиян (Қият) мен Нүкіс деген екі кісі босқан халқын бастап Алтай тауының Ергене қон аңғарын төрт жарым ғасыр қоныстанғаны, халық саны көбейіп, аңғардан шығар әуелгі келген жолға сыймағандықтан таудың темір кені мол тұсын от жағып балқытып жол жасағаны» айтылған. Әбілғазы баһадүр 1663 жылы жазған «Түрік шежіресі» кітабында мұны былайша баян етеді: «...таудан шығатын жол іздеді, таппады. Іштерінде бір темірші бар еді, сол айтты: «Пәлен жерде бір темір кені бар, соны ерітсе, жол болар еді». Ол жерді барып көріп, теміршінің айтқанын мақұлдады. Елге отын және көмір жинатты. Таудың кен жеріне ағаш пен көмірді үйіп, жетпіс теріден көрік жасап, жетпіс жерге құрды. Көрікті бәрі бірігіп басты. Құдайдың құдыретімен от күшті жанғаннан соң, тау темір болып аға берді... Сол шыққан күнін той етіп тойлау моңғолдың дәстүріне айналды. Ол күні бір кесек темірді отқа салып, қызарған кезде оны қышқашпен ұстап, төстің үстіне қойып, әуелі ханы, одан кейін бектері балғамен ұрар еді. Бұл күнді тар қапастан шығып, ата жұртына келген күніміз деп құрмет тұтар еді» ( 29 бет). Шежіреде осы халықтың темір өндіріп-өңдеп ұсталықты кәсіп қылғаны, қазіргі тілмен айтқанда «шахтер, металлург» халыққа айналғаны айтылған. (Мұның өзі «дала түріктері тек мал шаруашылығымен айналысқан көшпенділер болған» деуші, қалыптасқан пікірдің қате екенін көрсетсе керек.) Ендеше, Иесугей халқының ата салтында жоқ нәрсені істеп, «өз ұлына жеңілген жауының Темуджин немесе Төмучин есімін қойыпты» деуші шежірелер сөзі жаңсақ. Теміршілік-ұсталықты құрметті ата кәсібіне айналдырған халық неге ұлдарына Темірші деген ат қоймасын?! Ендеше күллі түрік халықтарына да, қазіргі «монголмыз» деуші халыққа да мүлде түсініксіз, жат «Темучин» деуді тоқтатып, теміршілер әулетінен шыққан адамның атын Темірші (өзге тілдерде, қажет етсе, Темурчи) деп атау тарихи шындыққа келер еді. Тарихпен кәсіби маман ретінде емес, тек ара-тұра ой келгенде қағазға түртіп, сол жазғанымды жариялауға асықпай, өзгелердің пікірімен салыстыру үшін тақырыпқа қатысты басылымдарды іздей жүретінмін. Кейінірек қолыма Татарстан жазушысы Г.Еникеевтің «Корона Ордынской империи» кітабы түскен. Онда араб тарихшысы Эннувейри (1279-1333 ж.ж.) еңбегінен: «Когда Чингис хан аль-Темирджи стал царем татарским и завладел странами Восточными и Северными»... (М. 2011 ж.,85 бет)–деген дерек айтылыпты. Ал М.Тынышбаев «История казахского народа» кітабының 112 бетінде: «Рашид –Эддин говорит, что монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода»; если удалить то окончание и вести отсутствующее в китайском языке «р» – получится «темр» – железо. Говорт (стр. 3) говорит, (Г.Говорттың «Чингисхан» атты кітабын айтады.– Х.Қ-А) , что по Иокинфу «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь. Таким образом, настоящее имя Чингисхана будет не Темучин, а Темыр», –деп жазған екен. Бұл деректер де ілгеріде айтқан ойымызға қосымша дәлел болса керек. Жарайды. Темучин есімінің түбірі «Темір» сөзі екенін дәлелдедік делік. Ал Темір сөзінің соңындағы «чин» деген не? Оның «н» әрпін қысқартып, қазақшалап «ші» дей салуымыз келесі бір қателікке ұрындырмай ма? Бұрын-соңды тарихшылардан осы «чин» жалғауына қатысты пікір айтқандар тым аз екен. Ал «монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода» деген пікірдің жаңсақ екендігіне Шыңғыс хан туралы шежірелердегі ер кісілердің есімдерінде осы жалғаудың жоқтығы дәлел. (Рашид-ад-дин «Жылнамалар жинағынан» ондай пікірді көре алмадық). Осы, «чин» мәселесін анықтау барысында Шыңғыс хан ұрпақтары арасында, нақтылай айтқанда, Үкітайдың екінші ұлы Құтанның баласының аты Шынтемір, алтыншы ұлы Қаданның немерелерінің ішінде де Шынтемір, Шынболат есімділері бар екен. Мұндай есімдер қазақта қазір де жетіп-артылады. Ұйғыр батыры Чинтомур Махтум туралы балет те барын білеміз. Шын мен чин – Темір сөзінің алдына да қойылауы оның жалғау емес, сөз екенін білдірсе керек. Ал оның мағынасына келсек, «шын» сөзінің синонимі «рас» екені белгілі. Шынтемір есімін «рас, нағыз темір» деген деп қабылдаймыз ғой. Бірақ, ойланар болсақ, «рас-өтірік, шын-жалған» деген сөздер темір затының сапасына қатысты қолданылмауға тиіс. Жоғарыда келтірілген Бичурин-Иакинфтің: «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь» деген сөзінде, ол: «Рас темір, шын темір»,– деп, заттың темір я емесін анықтап тұрған жоқ, темірдің сапасын (лучшее) айтқан. Ал сапалы темірдің мәнісі «шыңдалған темір» емес пе! Ендеше «чин, шын» (дұрысы «чиң, шың») – «шыңдалған» сөзінің алғашқы буыны, яғни негізгі түбірі екен. Әлгі есімдер де Шынтемір емес – Шыңтемір (шыңдалған темір), Чинтомур емес – Чиңтомур, Темучин де, Темірші де емес, – Темір+шың (Темурчиң) болмақ. Бірақ түркі тіліндегі ықпал әсерімен «Теміршің» деп айтылуға тиіс. Қорыта айтсақ, Ұлы қағанның алғашқы есімі – Теміршің екен. Осы жазылғандарға жыл өте, қолыма «Моңғол-қазақ тілі сөздігі» түскен еді. Онда: Төмөр – темір, Төмөрч(ин) – ұста» деп жазылыпты. «Астындағы атын алты ай іздепті» деген осы-ау! Сонда, қаншама ғалымдар соншама зерттеулер жасап жүріп, әлгі сөздікке көз салмаған ба?! Бүгінде түркі халықтары кейіннен енген «ұста» сөзін қолданатындықтан әлгі көне түрік сөзін ұмытты десек, ал Моңғолия ғалымдарының үндемей келуін қалай деп түсінеміз?!. Әлгі аталған сөздіктегі еліктеуіш «шингэрэ-х» сөзі қазақшада «шыңғырлау, шіңгірлеу, сыңғырлау» дегенді білдіреді екен. Ал темірді шіңгірлету деген, оны шыңдау, ал шіңгірлетуші адам – ұста деп аталады емес пе!? Ендеше ұлы қағанның әуелгі есімі Теміршің – шығыс түріктерінің тілінде «Темірді шыңдаушы» (ұста) деген мағынадағы сөз екен. Екінші есімі – Шыңғыс ше? Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын тобшы» кітабында: «Шашу тойында татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен. Шыңғыс қаған туып, жеті күн өткеннен кейін, мұхит аралының ішінде бір қаралтым құс, күр қара тастың үстінен күн бағытымен айналып, үш күн бойы шақырады... «Сол қаралтым құс түңлікке қонып, «Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырады. Сол құстың дауысы шыққан себептен, Шыңғыс қаған деп атаған»- (47 бет.) делінсе, ал 91 бетте: «Төмүчин дүниеге келгенде Лустың қағаны қасбұға таңба шығарып бергенде, қаралтым құс түңлікке қонып: «Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырыпты. Сол құстың шақырғанына байланысты оған Шыңғыс қаған деген ат беріп, қаған болдырды» делінген. Бірақ өзге деректерде Теміршіңге Шыңғыс есімі 1206 жылғы Құрылтайда, 52 жасында берілгені ( кей деректер 45, 48 жасында деген) айтылады. Осы, «Шыңғыс» сөзінің не мағына білдіретіні жөнінде де пікірлер сан-түрлі. Қаншама ғасырлар бойына шежірешілер, тарихшы, филолог ғалымдардың ортақ, көңілге қонарлықтай бір шешімге келер түрі көрінбейді. Моңғолтанушы ғалымдар бұл атауды әрқалай түсіндірмек болады: Э.Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» кітабында ( Белград. 1929 ж.) «чингис» сөзінің моңғол тілінде жоқ екенін айтып: «Мы нигде не встречаем удовлетворительного объяснения названия «Чингис», «Так последнее толкование (Рамстет и Реллиот) выводит этот титул из монгольско-турецкого слова «тенгис» – море, т .е. морской хан или хан земель омываемого морем. По моему мнению, это большая натяжка объснения слова «чингис» от «тенгис»» дейді. Академик Ц.Дамдинсүрэн де: «Чингис қаған дегені Тенгис (Теңіз) қаған деген сөз секілді» деуден аса алмаған ( «Монголын Нууц товчоо», 2004, 123-бап). Бірақ, мемлекетін сахарада өмір сүретін рулар құрып отырған Теміршіңге тумысында теңіз көрмеген, теңізден аулақ жатқан халқы не себептен «Теңіз хан» деген ат қоймақ?! Кейбір қазақ қаламгерлері бұл сөзді «шың+құз» деген сөздерден құралып, «шың мен құздай биік қаған» дегенді білдіреді» деп жүр. Бірақ, меніңше, «құз» сөзі биіктікті емес, төменді меңзейді. Қазақта «шыңға шығады, құзға құлайды» делінеді емес пе?! (Қазақша-орысша сөздікте де: «Құз – глубокая пропасть» делініпті). Ендеше Шыңғыс – «шыңдай биік, әрі құздай төмен» деген сөз болмақ па?! Сондай-ақ, Қ.Салғарин да «Ұлы қағанат» кітабында (382 бет): «Шыңғыс» сөзінің не мағына беретіні кезінде ғалымдар арасында пікірталас тудырып, түрлі болжамдардың өмірге келуіне себеп болғанымен, пәтуалы тұжырымын таппағаны мәлім. Біздің пайымдауымызда: «Шыңғыс» сөзі әу баста «шың» және «ғыз» (күш) деген екі сөзден құралған. Осындағы «шың» – таудың ең биігі» дейді. Қ.Данияров «Қазақстанның балама тарихы» кітабында: «Шың – қазақ тілінде таудың ұшар басы, ұшарлығы; ғыс – көне түркі тілінде (қазіргі қазақ тілінде «қияс» түрінде сақталған) нұр, сәуле. Ендеше бұл есім «биік, нұр сәулелі хан» деген мағына береді» дейді (13 б.). («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: 1. Қияс – Қиғаш, қиыс. 2. Қисық, бұрыс, бір қырын. 3. Ауысп. Қыңыр, қырсық, қиқар. (Алматы 2008, «дайк-Пресс», 505 бет.). Ал қазіргі моңғол тілінде тау – уул, тау биігі – уул өндөр, Шың – оргил, Тау шыңы – уулын оргил делінеді. ( Ендеше «тау шыңы» да түркі сөзі екен). Рашид ад-Динннің «Жамиғ-ат-Таурих» кітабында: «Значение чин – сильный и крепкий, а чингиз – множественное от него число» делінген (150 б.). Егер шежіреші тау шыңы туралы айтпақ болса оны «сильный и крепкий» демей, «биік» (ал орыс аудармашылары «высокий») сөзін қолданар еді. Ендеше Шыңғыс есіміне тау шыңының еш қатысы жоқ. Ал «қатты», «күшті» сын есімдерімен адамның дара қасиетін бейнелей отыра бұл сөздерге «множественное число» қолдану (күштілер, қаттылар, шыңдар ) оның «даралығын» жоққа шығарады емес пе? Бұдан, шежірешінің «гиз – көптік жалғауы» деуі қате екенін байқаймыз. Хондемир Гияс-ад-диннің (1475-1536 ) «Моңғолдар тарихында»: «Все называли его Чингизом и славили новое имя сие, ибо оно значит Царь Царей на языке Туранском» ( СПб, 1834, 18 бет), десе, 1602 жылы жазылған Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағында» да: «Чиңгиз хан темек падшаһлар падшаһы темек болур. Лафа могол білән уа Көкжут теңрі мундағ ат қойдылар. Барча улуғлар ол мағнаны қабул қылдылар» (Шыңғыс хан демек –патшалардың патшасы демек болады. Могол тілімен және Көкжут Тәңрі сондай ат қойды. Барша ұлықтар ол мағынаны қабыл қылды») деп жазған. (Моңғол тілінде «Шыңғыс» сөзінің жоқ екендігін Моңғолия ғалымдары айтқанын жоғарыда келтірдік). Ал Әбілғазы хан өзінің «Түрік шежіресі» еңбегінде (1662-1663 жылдарда жазылған) Меңлікұлы Көкшенің: «Маған тәңіріден ишарат болды. Темучинға бар, елге, халыққа «бұ күннен соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты» – деді. «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар, ыз – оның көпшесі» – деп жазыпты. (Мұнда да ілгеріде айтылған «құз» сөзінің мүлде жоқ екенін байқаған боларсыздар?). «Моңғолдың құпия шежіресінде» Теміршіңге Шыңғыс есімінің берілу жайы тым қарапайым баян етілген. Бірақ оны қазақшаға аударушы М.Сұлтанияұлы кітаптың 63 бетінде: «Шыңғыс» сөзі туралы «1910 жылы Қазанда Шағатай тілінде басылған «Тауарих хамса» деген кітапта «Темүжінді соғыс ғылымы тәсіліне қарап, парсыша «Жың анкиз» (жиһангер) – жиңгыз – Шыңғыс» деп атады делінген. Осы түсінік дұрыс болуы мүмкін» деп жазыпты. (Сонда, 1206 жылғы Құрылтайға жиылған Қиыр Шығыстағы моңғол немес түрік рулары жаппай парсыша сөйлегені ме!?) Дж.Уэзерфорд «Чингисхан и рождение современного мира» кітабында: «Монгольское слово «чин» означает «сильный, крепкий, непоколебимый и бесстрашный», а также оно схоже со словом «волк» (чино), именем легендарного первопредка монголов» дейді (154 б.). Татарстандық Р.Батулла интернетте: «Если разделить слово “Чингиз” по слогам, то мы получим “чин –китай” и “гиз – путешествуй, иди в поход”. “Чингиз” означает завоевание страны чин (китайцев). –деген де пікір айтады. Қ.Закирьянов «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» кітабында: «Әлемді дүр сілкіндірген ұлы хан алдымен өзін шығыстың билеушісі – Шығыс хан деп атады. Шығыс хан сөзі бірте бірте әбден құлағымызға сіңген Шыңғысхан сөзі болып өзгерген» деп, мәселені оңай «шешіп тастаған». (268 б.). 1206 жылғы құрылтайда олай атайтындай Шыңғыс хан әлі шығысындағы мәнжүрлерді де, корейлерді де жаулаған жоқ еді ғой!? 1993 жылы көктемде Нидерландиядағы Түрік мәдени орталықтарында кездесулер өткізіп жүргенімде «Дченгис» (әлде Дженгис») деген кісі аттарын естіп елең етіп, бұл сөздің мағынасын сұрағанмын. Сөйтсем, қазақтың «жеңіс» сөзі екен. Ендеше Шыңғысхан сөзі «Жеңісхан» немесе «Жеңгішхан» деген сөзден тумады ма? Мысалы Шыңғыс ханнан тараған, Шығыс Түркістандағы Көгедей төренің ХХ ғасыр ортасындағы бір ұрпағының есімі Шәріпжан Жеңісханұлы екен. Орыстардың өз патшаларын «победоносный», қолбасшыларын «генералиссимус» деп атағаны сияқты, соғыстарда жолы болғыш Теміршіңді халқы «Жеңгіш хан» деп атауы әбден мүмкін-ау!» деген де ой келген. Бірнеше жыл өте бұл ойыма сәйкес пікір де кездестірдім. Қалмақ ғалымы Рассадин В.И. «Реальна ли гипотеза о тюркском происхождении этнонима ойрад, имен Джангар, Чингис и Гэсэр?» мақаласында: «Относительно имени Чингис-хан можно предположить несколько вариантов его этимологии на тюркской языковой основе. Прежде всего необходимо вспомнить, что это имя произносится в других языках (тибетском, тюркских, например) как Джингис//Джингиз, а также Чынгыз//Шынгыз. Во-первых, в этом имени можно усматривать, как и в имени Джангар, тюркский глагол džіŋ= (или его глухой вариант čіŋ=) и тюркский же аффикс прилагательного =gіz (его зетацирующий вариант). Тогда словоформа džіŋgіz (или ее глухой вариант čіŋgіz) означала бы то же самое, что и тюркский прототип имени Джангар – ‘всегда побеждающий, всегда одолевающий’, что тоже соответствует образу Чингисхана. Во-вторых, Чингис можно возвести к тюркской именной основе džіŋіs// džіŋіš //čіŋіs//čіŋіš, образованной от глагола džіŋ=//čіŋ= ‘побеждать’ и означающей ‘победа’. А можно, в-третьих, допустить, что в основе имени Чингис лежит древнее общетюркское слово teŋіz ‘море’, зафиксированное в памятниках древнетюркского языка также в виде tіŋіz. Именно этот вариант со слогом tі, давшем на монгольской языковой почве čі, мог дать в монгольском языке словоформу čіŋіz, легшую в основу данного имени. Мы больше склоняемся к третьему варианту» (Элиста: КалмГУ, 2004. ) депті. (Меніңше «Жангар, Жәңгір» – парсының «жаһангер» сөзі). Бірақ, күндердің-күні Шынтемір, Чинтомур есімдерінде «шын» сөзі темірмен қосарлана айтылғанымен «шын, рас» ұғымдарының темір металына қатысты қолданылмайтыны, темір сапасының жоғарылығы «шыңдалған» деген, теміршілікті кәсіп еткен халыққа етене таныс сөзбен білдірілетіні ойға келді. Бұл Рашид-ад-Дин кітабындағы: «Значение чин – сильный и крепкий», Әбілғазы баһадүрдің: «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар» деуімен де сәйкес келеді. Ендеше, Шыңғыс есімінің бірінші буыны Шың – «шыңдалған» сөзінің негізгі түбірі екен. Бұл –қазақтар қазір де қолданып жүрген түркі сөзі. Ал қазіргі моңғол тілінде мұндай сөз жоқ. Ол тілде «шыңдалу» – тужирэх, ал «темір шыңдау» –төмөр ширээх делінеді. Енді «Шың» сөзімен бірдей жұмбақ болып келген «ғыз» мәселесіне көшейік. Қазақ тілінде етістік сөздерге жалғанатын дәл осындай «Өзгелік етіс жұрнағы» бар (мысалы: бол+ғыз, тұр+ғыз, бар+ғыз, ұр+ғыз, т.с.с.). Көне түркі тілінде осы «ғыс» жұрнағы сын есім сөздеріне күшейтпелі мағына беру үшін қолданылғанын байқаймыз ( нық+ғыз – нығыз, нақ+ғыз – нағыз). 1206 жылғы Құрылтайда Теміршіңге «күшті әрі берік, қатты, қайратты» деген атақ бергенде темірді құрметтеуші қауым мұны «шыңдалған» сөзін және «ғыз» қүшейтпелі жұрнағы арқылы пайда болған Шың+ғыз сөзімен білдірген. Теміршің сөзін талдау «шің, шың» еліктеуіш сөздерінің «шыңдалған» ұғымын беретінін көрсетті. «Шың» сөзіне күшейтпелі «ғыз» жұрнағын жалғау нәтижесінде «Шыңдалғаннан да артық шыңдалған хан», «Шыңдалғандардың ішіндегі асып шыңдалға хан» деген мағынаны білдіретін сөз, ұғым жасалған. Сонымен, Ұлы қағанның екі есімі: Теміршің де, Шыңғыс та темір металына қатысты болып шықты. Тек біріншісі, Теміршің – «темірді шыңдаушы, ұста» деген сөз болса, екінші есімі, Шыңғыс та теміршілердің тілдік қорындағы сол, «шың, шыңдалған» сөзін «ғыз» жұрнағы арқылы күшейтуден пайда болған екен. Осы тарау жазылғаннан соң біршама уақыт өте, бала кезде оқыған, Г.Рубруктің 1253-1255 жылдары жазған кітабын қайта парақтаған едім. Баршамыздың іздеп, таппағанымызды ол жеті ғасыр бұрын меңзеп жазған екен!.. Біздікі әуестік қой. Бірақ мұны Шыңғыс хан жайлы том-том кітап жазған тарихшы-ғалымдар қалай байқамаған?! Г.Рубрук. «Путешествие в восточние страны» (Алматы,1993 ж.159-160 б.): «Наконец, когда окончена была грамота, которую хан посылает вам, они позвали меня и перевели ее. Содержание ее насколько мог понять его через толмача, я записал. Оно таково: «Существует заповедь вечного Бога: на небе есть один только вечный Бог, над землею есть только единый владыка Чингис-хан, сын Божий, Демугин Хингей (т.е. «звон железа». Они называют Чингиса звоном железа, так как он был кузнецом, а вознесясь в своей гордыне, именуют его ныне и сыном Божьим!.)

1016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз