• Заманхат
  • 20 Қыркүйек, 2017

Отыз түрлі ой

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,

филология ғылымдарының  кандидаты

«...ЖАЛҒЫЗБЫН! ЖАЛҒЫЗСЫҢ? ЖАЛҒЫЗДЫҚ...»

Кімнің басында жоқ дейсің осы пәлекет! Тағдыр басқа салса, не шара! Біреу сүйген жарынан айрылып, соқа басы сопайып қалып, жалғыздықтың ащы уын тартып жатады, ол басқа әңгіме! Біреуге әу бастан жалғыздық деген жалмауыз жабысып алады да, қыр соңынан қалмай, қаншама жыл әуре-сарсаңға салады, бұл да басқа әңгіме! Ал, біздің айтпағымыз мүлде басқа жалғыздық! Өз жайымызға ауысайын. Біздікі не осы? Қолға қалам ұстаған қаламгер бауырларды айтам да. Әу баста дос көп сияқты болып көрінеді, бір-бірімізге барғышпыз, жазғандарызды талдап-таразылап, бағасын әп-сәтте беріп, одан бетер қанаттандырып жататынбыз, алайда келе-келе сирейміз, арамыз алшақтай түседі, ал, соңғы жағында жападан жалғыз қалғанымызды да аңғармайды екенбіз! Бір ақын бір ақынды менсінбейді – онысы несі? Бір жазушы бір жазушыны өлердей жек көріп тұрады – не болып қалды екен? Бір драматург екінші драматургті мадақтауға сараң, керісінше тілі мен жағына сүйеніп тұрып, сөз өрбітеді – түсініп көр! Осының себебін өз жүрегімізден іздеп көрдік пе? Жоқ, іздеуге аса ықыласты емес екенбіз, өз атақ-даңқымызға өзіміз масаттанып жүргенде, ондай «түкке тұрмасқа» кімнің бас қатырғысы келеді, а? Міне, бар түйткіл мен түйін осы арадан бас­тау алатын секілді. Қызғаншақтық па? Ау, әркімнің таланты әр деңгейде, сосын да әр қаламгер өз биігімен көрінеді – қызғаныш қылар не бар? Көре алмаушылық па? Ау, сен бағаладың не, бағаламадың не, жазылар дүние жазылған, енді оның әділ төрешісі уақыт – оған бола несіне жанталастың? Көкірек керу ме? Апырмау, мына бес күндік жалғанда адамнан адамның артылары не, асып кетер несі бар, бәрі де өлшеулі тірлік – кекіреюдің қандай пайдасын көрмексің? Қолымызды кеудемізге қойып тұрып-ақ айталықшы, біз, қаламгерлер, достық пен татулықты, бауырмалдық пен туыстықты, сезімталдық пен сыйластықты барша адамдардан бетер нәзік сезініп, жан жылытардай етіп жырлаймыз, жырлап та келеміз! Бірақ, өзді-өзімізге келгенде сол асыл сезімдер дереу салқын тартып, барынша көмескіленіп, пенделік деген пәлекетке бас шұлғи табынып, соның ығына жығылып кетеріміз неліктен? Міне, сосын да жалғызбыз! Жалғызсың! Жалғыздық...

«...КІЖІНІП ПІКІР АЙТУ – КЕМШІЛІК!»

Пікір! Пікір! Тағы да пікір... Осы күні қандай да бір сайтты ашып қалсаңыз, телегей-теңіз ойлардан көз сүрінеді, толып жатқан пікірлер! Тереңі бар, орташасы бар, бетін қалқығаны бар – әйтеуір пікір айтқыш-ақ екенбіз! Ғалым емес кісіңіз өзінше білгішсініп, қайсыбір данышпанды алға тартып, бір ғалымның жағасынан алып жатады. Жазушы емес жазушымен тәжікелесіп, оған ақыл айтып, қалай жазуды үйретіп, өз пәлсапасын тарқатады. Ақын емес ақынға жол сілтеп, жоба көрсетпек болып ышқынады! Дұрыс-ақ шығар! Біздің елде ой-пікір еркіндігі бар, кім не айтқысы келсе де, есік ашық! Ащы айтасың ба, сипалап сөз тарқатасың ба – өз еркіңде. Тап осы арада бұған ешкім де, тіпті біз де төреші емеспіз. Алайда, ел емеспіз бе, ұлт емеспіз бе? Намыс ортақ болмас па? «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қисық аксиоманың заманы өткелі қаш-шан! Біз әлемге қараймыз, ал, әлем бізге қарайды. Олар неге озып бара жатыр, біз неге жете алар емеспіз? Алға түсудің алғышарты қандай болмақшы екен? Асылы, осы тұста мықтап ойланар кезіміз келген-ақ шығар! Қазақты мақтап, аспандатып, көкке көтеріп те байқадық- ештеңе өнбеді! Қазақты өлтіре сынап, қан-жоса етіп масқаралап, түп-тұқиянына «тікен» қадап та байқадық - асып кеткеніміз шамалы! Не етпек керек? Осы күнгі жан-жақтан жапа-тармағай жабыла, аузымызға не түссе соны айтып, көки бергеннен ұтарымыз бар ма екен? Ойланарлық сауал! Енді, шамасы, не айтсақ та санада салмақтап, оймен өлшеп, парасатпен пайымдап барып тілге тиек етпек керек болар! Пікір айтпай қойғаннан, не де болса ойыңды жасырмай, пікір білдіріп отырған әлдеқайда пайдалырақ! Бірақ, пікір айтудың да өз мәдениеті, жақсылар салып берген жолы бар емес пе? Ойсыз сөз – өзіңе де, ұлтыңа да олжа емес! Кек сақтап сөз сабақтау – қанша әспеттегенмен емі табыла бермес сабақты «кесел»! Кіжініп пікір айту – қалай десек те кемшілік! Ашу мен ыза өз ойыңның асылдығы мен кемеңгерлігіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, оның бағасын түсіріп, құнын кетіреді, назарды мүлде басқа жаққа аударып әкетіп отырады. Пікір айтайық, ағайын! Жаратқан ием ой-пікірсіз қалғаннан сақтасын! Тек біздің пікіріміз мән-мағынасы жоқ тұйық жолға бастап кетпегені мақұл ғой...

«...ҰЛТТЫ СҮЮ ӘДЕБИЕТТЕН БАСТАЛАДЫ...»

Сөзді күлтелектемей, бұраңға салмай, турасынан-ақ басталық! Ұлт кім? Әдебиет кім? Неге осы екеуінің арасына сына салып, алшақтатып жатамыз әрдайым? Әлбетте, кең мағынада алып қарасақ, Ұлт пен Әдебиет бір ұғым! Егіз ұғым! Бірінсіз бірі бола алмайды деп, жетімсіреп қалады деп, әріден сөз қозғап, ойға қозғау салып жатсақ та, қатты қателесе қоймаспыз! Неге? Өйткені, қандай да бір аса талантты көркем туынды өзінің туған топырағында өніп-көктейді, өсіп-жайқалады, содан соң ғана ол барша адамзаттың игілігіне ай­налып кете барады. Сондай талантты шығармаға нәр бере алған, еркін өсіп-жайқалуына жағдай жасай алған Ұлт – Ұлы ел! Өкінішке орай, осы күнге дейін біз тап осыған аса көп көңіл аударып жат­падық немесе өз деңгейінде маңыз бермедік, әйтпесе түсінік-деңгейіміз тым төмен болып келді. Енді негізгі айтпақшы ойымызға келелік. Осы жақын күнде белгілі қаламгер ағам Төлен Әбдік туралы толғамды мақала оқыдым. «Әдебиет порталынан»! Авторы – ізденімпаз сыншы інім Амангелді екен! Оқып отырғандағы ойым: Төлен туралы осы кезге дейін аз жазылған жоқ, бұл жігіт не жаңалық айтпақшы екен?.. Жә, мақала астарындағы әредік бұлқынып қойып отыратын жылы ағыс пен терең толғаныс мені ақыр аяғында осы жолдарды жазуға итермелегенін жасыра алман. Төлен – Ұлт жазушысы! Ұлтты шын талант қалай сүюі керек? Тек қолпаш сөз айтып, барынша мақтап-мадақтап, алаулатып-жалаулатып па? Әлбетте, жоқ! Төлен – ұлттың бағы мен сорын басшыдан да, биліктен де, байлық-мансаптан да, тіпті ешкімнен де емес, әр адамның өз бойынан іздеген қаламгер. Бір адамның басында екі түрлі ой жүреді: бірі – ізгілік, екіншісі – зұлымдық! Ұлтқа қайсысы пайдалырақ? Сұрақ дұрыс емес! Ұлт кейде ізгілікке аса зәру, ал, кейде зұлымдықтың өзінен де көшелі жол іздеп бағады. Зұлымдық арқылы қайралады, зұлымдық арқылы ес жинайды, еңсе тіктейді! Ал, бір басында осы екі нәрсенің екеуі де бар адам ше? Оған қандай көзқараспен қарап, қалай бағалап, қандай топқа қоса аламыз? Ондай пендеден пайда көп пе, зиян көп пе? Қайсысына басымдық бере аласыз? Міне, Төлен-жа­зушы осындай қиыр-шиыр ойлардың ордасына батыл басып кіріп барған батыр қаламгер! Сөзімізді түйіндеп байқалық. Ұлтты шын сүю үшін оның отына күйіп, жалынына шарпылу қажет-ақ! Бірақ, бұл ұран сөз болмауы тиіс. Сен де сол Ұлттың бір перзенті болып, барлық азап пен мехнатты бірге тарт! Ал, оны шын түсініп, шынымен қайғы жұтқың келген екен, ендеше сол ұлттың көркем әдебиетіне бас и, табын! Ішіне ен, қым-қиғаш аралас! Көркем әдебиеттің бір кейіпкеріне айнал! Сонда ғана ұлтыңды танисың, түсінесің, бағалай аласың! Болмаса, қалғанының бәрі де бос дүние...

«...ОСЫ, БІЗ БАР ҒОЙ...»

Тағы да бейберекет талас! Тағы да шеті мен шегі көрінбес айтыс! Тағы да аспандағы айға ұмтылу... Әй, осы біз бар ғой, расымен-ақ өзін-өзі бағалауға келгенде тым тартыншақ, таразыға салып салмақтауға сараң, не болмаса өз ойы өзге түгілі өзіне ұнай бермейтін, ол аз десең ылғи да күмілжуі көп ел шығармыз, ә? «Бізде қай жазушы аса талантты, қай драматург не ақын мықты?» деп сауал тастасаң, бет-бетімен сөйлеп, қиюы келмес әңгіме айтып, өзінше «ылағып» ала жөнеледі. Не бәрі мықты, не болмаса бәрі де түкке тұрмайды! Осылайша, бір бұрыштан бір бұрышқа оп-оңай «ырғып» жүре береміз. Пікір ме? Пікір айту да өте қызық. Біреуді мақтағанда аспандағы айға теңеп тастаймыз. Ал, жамандағанда еш аянып қалмаймыз, қайтып бауырын көтере алмастай етіп тұралатамыз. Сын жазушылар да тым қызық әрі біртүрлі болып бара жатыр ма, қалай?. Біреудің жалғыз туындысын талдаған болып, жап-жақсы кестелеп сөз бастайды да, содан соң бірден кілт бұрылады, әп деп шығандап кетіп, әлем әдебиетінен бір-ақ шығады. Кімді оқыған болса, соның бәрін айтып, тәптіштеп-талдап болмайынша, тоқтау жоқ. Жаңағы «соры қайнаған» қазақ қаламгеріне «сөз кезегі» тимей сорлатады, қашан оған оралар екен деп екі көзің төрт болады. Бұны да қойшы! Ендігі «ауру» одан да өтіп барады. «Қазақта Нобель сыйлығына кім ылайықты?» деген аспанауи сауал бас ауыртқыш бола бастапты. Ау, сонда дейміз-ау, біздің қазақ қаламгерлерінің мықтылығын, кереметтігін, асқан талантты екенін дәлелдеу үшін міндетті түрде Нобель сыйлығын алмаса болмай ма? Біздің өз пікір-ойларымыз өзімізге барынша қадірсіз-ақ болып кеткені ме? Жарандарым-ау, әріге бармай-ақ, осы тәуелсіздік алған 25 жыл ішіндегі қазақ әдебиетіне келіп қосылған ең таңдаулы 4-5 туындыны да көп болып атап, бәріміз болып қол шапалақтап қуана алмай отырғанымыз өтірік пе? Бірімізді біріміз жоққа шығарамыз! Біріміз мақтаған туындыны екіншіміз міндетті түрде сын садағына аламыз! Біріміздің пікірімізге біріміз қайшы келеміз! Рас, пікір таласынан соң ақиқат айқындалады! Бұл белгілі қағида! Бірақ, өкінішке орай, біздің пікірлер мен тайталастардың аяғы олай болмай жатқаны жанға бата береді! Жөн сөз, көшелі пікір болса жақсы-ау, әйтеуір етектен тартып, тобықтан шалып, бір бүйірлеп сөйлей беретініміз қалай? Кеудеде қорқыныш бар! Күні ертең бір қазақ қаламгері Нобель сыйлығын (армандап қойған да жақсы) жазатайым алып кетіп жатса, жата қалып оны да сынап, «әй, байқамай беріп қойған ғой» дерміз әлі... Осы біз бар ғой, неге жан жадыратар жақсы сөзге барынша тартыншақ екенбіз? Мықты бола тұрып, өз мықтылығымызды неліктен өзімізге қиғымыз келмей жатады? Бұл қандай «сараңдық»?..

«...ЗИЯЛЫНЫҢ СӨЗІ ЗАЯ  БОЛМАСЫН ДЕСЕК...»

Жақсы үрдіс өріс алып жатса, жаның марқаяды. Көңіліңе белгісіз бір қуаныш ұя салғандай болып, кеудең кеңейе түсе­тіні бар. Алайда, барлық уақытта солай ма? Өмірде бәрі де жан жадыратар қуаныштардан тұра ма? Әлбетте, жоқ! О-о, кемшіліктің түп қазығын қаза берсек, оның түбі көрінер ме! Барлығын бірдей тізбелеп жатпай-ақ қоялық! Тіршілік деген, әрбірден соң, жақсы мен жаманның, дұрыс пен бұрыстың жиынтығынан тұратын да болар, сірә! Алайда, осы күні жан сыздатар бір сабақты кесел жегі құрттай болып жағаласып, бірте-бірте батыл белең алып бара жатқанын ашық айтпасақ болмас та! Ол – сөз қадірі! Нақтылап айтар болсақ, Сөз қадірінің қаша бастауы! Қазақ атам заманнан бері қарай өзінің ұрпағын өнегелі сөз арқылы тәрбиелеп, жаманнан жирендіріп, өз бойындағы кемшілігімен күресуге итермелеп, жақсыға ұмтылдырып, әрдайым сара жолға салып келген. Былайша айтқанда, парасатты сөз – қазақ үшін үлкен өнеге әрі тәрбие мектебі болған! Ұрысып-жекіп айтпаған, жәй ғана ақылдасу әдетімен бәрін де санасына сіңіріп, жетесіне жеткізе алған. Осы орайда ақыл тезіне салып ойланар болсақ, қазіргі күннің ең үлкен «кеселі» – сөз сыйламаушылық! Әсіресе, зиялының өнегелі сөзі зая болып отыр! Запы болған зиялы! Айтқанмен кім тыңдар дейсің деп жаны күйзелген, алдағы үмітінен мүлде мақұрым Зиялы! Өз кіндігіне өзі оралып тұншыққан сәбидей өз ақылынан өзі азап шеге бастаған Зиялы! О, тоба, Зиялының сөзінің қадірі қашып, маңызы кетіп, тыңдаушысы қалмаса, көп пікірдің бірі секілді елеп жатпай, аяқ асты етсе – онда ұлттың да бар қадір-қасиеті қаша бастағаны ғой! Ұлттық тәрбиенің бастау-бұлағына балта шабу ғой! Үлкен қорқыныш – міне, тап осы жерге байланып тұрған секілді! Сосын да біздің кеудемізде мынадай ой сарыны қылаң береді: зиялылардың өнегеге толы өрелі ойлары айтылған жерінде қалып қоймас үшін ендігі уақытта «Зиялылар сөзінің мониторингі» жасалса дейміз; сол «Мониторинг» әредік сарапқа салынып, талқыға түсіп, ең озығы «қоғамдық қажетті пікір» ретінде жалпы жұртқа жария етіліп, тіпті тиісті шешім қабылдауға негіз болып отырғаны жөн; осылай болған жағдайда ғана зиялылар аузынан шыққан өрелі сөз зая болып кетпес еді, қоғамға мейлінше өз пайдасын тигізіп, қозғаушы күшке айналар еді...

«...АДАМ БОП ҚАЛА АЛМАСАҢ...»

Сөз мырза бүгін мені жаналқымнан алғандай боп, құлқын сәріден құлағымды сарсытып бара жатқан. Айтып жат­қандары, әрине, екіұштылау, дауласуға да болатындай. Бірақ, «әй, қойшы» деп қол сілтей салуға тағы да жөні жоқ! Былай деген: «Сендер жазушысыңдар, қалам ұстаған ой адамдарысыңдар, оған сөз жоқ, алайда қаламгер болу да белгілі бір мамандықты меңгергендей нәрсе, сосын да өз атымен атап қойса артық болмас. Бұны айтып жатқан себебім – осы күндері ақын-жазушы болдым деп, кеуде қағып, өзгелерді өңмендеп, басып-жаншып, тек маған құрмет жасаңдар деген емеурін сездіре, өздерін тым асқақ ұстау үрдісі әдетке айналып бара жатыр. Ау, бұл қалай? Жарайды, жақсы қаламгер екен, оны қалың ел-жұрт тиісінше бағалаған екен, олай болса тым аспандап кету деген немене? Сонда, айталық, кез-келген мамандық иелері де, егер, жақсы маман болса, дереу кеуде қағып шыға келсе бола бере ме? Олай болса, инженер де, теміржолшы да, құрылысшы да, шаштараз да, етікші де, т.б. толып жатқан өз саласының «озық майталмандары» да болғанға марқайып, кеуде кере сөйлеп, асқақтап тіл қата бастаса, өмір не болмақ? Осы жайынан ойланып, бас қатырып көрдіңдер ме, қаламгер мырзалар?..» Аяғына дейін тыңдадым, бөлгем жоқ! Бірақ, бас изеп, қостау белгісін де байқатпағам. Соны сезді ме, маған бажырая қарап алып, «саған айтып жатқан мен ақымақ» дегендей, жалт бұрылып, өз жөнімен кете барған. Ойға салып саралап байқасам, әрине, ақын-жазушылардың, жасыратыны жоқ, кейбір көпшілік орталарда көкейге қонымсыздау, сөкеттеу қылықтары байқалып қалып жатады екен! Аспандап сөйлеу, арындап сөйлеу, өзін-өзі көтермелеп, тіпті мақтап-мадақтап әңгіме тиегін ағыту секілді артық мінездерден ада дей алмаспыз! Талант қандай мадаққа да ылайық, әрине! Бірақ, неге керемет талант мына менмін дегендей болып, өзімізді өзіміз мадақтап, керіле кеуде ұрып жатамыз, а? Бар кемшілігіміз – ел аузымен айтылуға тиістіні көбіне өзіміз айтып қоя береді екенбіз-ау, шамасы! Таланттың екінші аты – сабыр болса керек-ті! Шыдам мен сабыр бәрін де жеңе алатын болар! Осы екі шарт – кісіні қай кезде де, қандай жағдайда да адамдық асыл жолдан адастырмас! Ең алдымен Адам боп қала алмасаң, бәрі де бекер! Бұл ойыма қалай қарайсың, Сөз мырза?..

«...ЖАС ЖАЗУШЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТПЕК КЕРЕК?..»

Тағы да бір тосын ой көңіл терезесінен сығалап тұр! Айтпасыма, тілге тиек ет­песіме қоятын түрі жоқ! Ол не? Әлбетте, бүгін менің мамандық жағынан әріптес дос-жарандарымның төл мерекесі! Сосын да, үнсіз қала алмай, оларға да сөз арнап, құттықтау лебізімізді жолдап та қойғанбыз. Айтпағымыз – тап осы кездері журналист ағайындар өте бақытты, өйткені, көптеген жоғарғы оқу орындарында журналистиканың қыр-сыры мен жазу әлемінің әліппесін оқытатын, санасына сәуле құятын арнайы факультеттер бар! Бұл – үлкен жетістік! Бұл – үлкен бақыт! «Жанам деген жүрекке от беретін» жақсы да жарасымды ұя! Ал, енді... жазушылыққа талап жасап, аяғын әлтек-тәлтек басып келе жатқан жас жазушылар мен драматургтерге кім жол-жоба сызып, керекті ақыл-кеңес береді? Рас, драма жанрына әп деп қадам басқандарға Өнер оқу орындарында аз-кем дәріс оқытылады екен, оны да білеміз. Бірақ, біздің шамалауымызша, қара сөздің қаймағын қалқитын сөз зергері – жазушыға кеңес сөзін айтатын орта жоқтың қасы-ау! Мәскеудегідей бізде әлі «әдебиет институты» ашылған жоқ! Сонда, менің жас қаламгер іні-қа­рындастарым кімнен, қайдан, қалай үл­гі алмақшы? Нені жазбақшы? Жазған екен, енді оның бағасын кімнен естімекші? (Әдеби сынның әбден «ақсаған» тұсы тағы да!) Жалпы, жазушы болудың «азапты сапары» хақында қолға қалам ұстап, көркем дүние жаза бастағандар кейін емес, ә дегеннен біліп өскені де жөн болар-ақ! Жазушылық – жолбике мамандық емес! Оны жеңіл-желпі сезініп, шимай-шатпақпен күн өткеріп, «ойыншыққа» айналдырып жүргендер мықтап қателеседі, әруағынан қорықпағандары... Әркімнің өз ойы бар шығар, оған еш таласымыз жоқ, ал, бірақ біз мынадай ұсыныс айтпақшымыз. Қазіргі кезде жоғарғы оқу орындарындағы филология және журналистика факультеттерінде оқып жатқан студент жастарға белгілі қаламгер ағалары, атағы жер жаратын жазушы аға-апалары жиі-жиі келіп, өзінің қаламгерлік тәжірибесімен бөлісіп, әңгіме-повесть жазудың құпия қырларын әңгімелесе, бетпе-бет отырып ой бөліссе, жас таланттардың сиясы кеппеген дүниелерін дереу оқып-талқыласа, нұр үстіне нұр болмас па! Осыған оқу орнының басшылығы да аса ынталылық байқатып жатса, қандай ғанибет! (Тіпті, оқу орнының сабақ кестесіне енгізіп, ақылы түрде жүргізуге мұрындық болғаны аса қажет!) Бұл, әрбірден соң, практикалық сабақ, нақты мысалдармен үйрету, одан да тереңдетіп айтар болсақ, жас адамға жазу өнерінің жол-жобасын сызып бергендей әсер бермес пе! Оған қоса өзінің де жеткен деңгей-дәрежесін сол уақытта бағалап-салмақтап, кемшілігі болса, енді олай жазбауға бекініп, өз бойын өзі жинап ала қояр еді дейсің! Кім біледі, олардың арасында болашақ Толстойлар мен Әуезовтер, Чеховтар мен Майлиндер өсіп келе жатқан шығар?! «Бұлақ көрсең, көзін аш» деуші ме еді! Міне, арнаулы әдеби оқу орны болмаған соң, әзірге осыны «әдебиет мектебі» деп атасақ, әсте артық болмас еді-ау! Айтпағымыз осы еді...

«...ҚЫРСЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ...»

Әдеттегіше, ақылдасар ешкімді таба алмай, өз-өзімнен қинала қалған сәтте қайталап, тағы да Сөз мырзаға иек артқам. Дәлірек айтқанда, Сөзден ақыл сұрағам. Былай деп сұрағам: « Мына өмірде қисықтар мен қыңырлар қаптап кеткен тәрізді, қайда бұрылсаң да, алдыңнан ақылды емес, ылғи бір кертартпа кісілер кес-кестей береді. Не істесем екен?!» Сөз сас­пады. Баяғы қалпымен сабырлы мінезіне басып, жауап қатуға да асықпастан, самарқау кейіп байқатып, маған былай деген: «Есіңде болсын, адам бәрін де жеңе алады, оның жеңбейтіні жер бетінде жоқ десе де болар, бірақ жер үстіндегі өз қиялымен өмір сүретін, өзінікін ғана дұрыс санайтын, сөзі де, ісі де қисықтарды жеңген пендені көрсем, көзім шықсын! Олар жеңілмейді, өйткені, оларда ар мен ұят жоқ, адамгершілік пен намыс жоқ, тек өзінікін жөн санайтын менмендігі ғана бар! Оларды жеңе алмайсың, олардан ең абзалы тезірек құтылу қажет!» Алар жауабымды алдым да, аз-кем ойланып тұрып қалғам. Ар мен ұят деді ме? Апырмай, осы пендеге қажет екі ұлы қасиет қай кісінің де бойында әу баста бар болса, ол қисық та, қыңыр да атанбас еді-ау! Тіпті оны айтасыз, ондай адамдар ең алдымен өзін емес, өзгенің бақытын ойлар ма еді! Арсызда өзімшілдік, қызғаншақтық, екіжүзділік... секілді жегіқұрт мінез әрине молшылық! Ұятсызда өз басын ойлау, өзгенің алдын кес-кестеу, жақсылыққа жол ашпау... іспетті кертік те кер мінез баршылық-ақ шығар! Сонда... қырсық адамнан не күтуге болады? Өзінде ұят болмаса, ар деген асыл ұғымды аяққа таптап отырса, нені армандап, не күте аламыз? Сөз тыңдар ма? Көшелі әңгімеге қонақ бере ме ол?.. Жақсының қадіріне жетер ме? Бағалар ма сөзі де, өзі де көшелі кісіні?.. Жоқ! Мүлде жоқ! Қырсық пен қыңырлық та өз ретінде байқатпай бойға біткен, енді ешқашан ажырамас, мәңгі серік боп алған, сол адамның өзіне оңайлықпен білінбес сабақты «кесел!» Мінездің кеселі... Олай болса, қырсықтардан құтылудың ең төте жолы – оған сөз қатпау деседі! Сөз мырза да маған соны айтты! Олардың дегеніне дауласып, айтқанына таласып әуре болмау дегенді ұқтырғандай! Жә, егер бәріміз солай ете берсек, жер бетіндегі қырсық пен қыңыр атаулы «мен жеңдім» деп, аузына келгенін айтып, ойына келгенді істеп, жағасы жайлауға жетіп, қай жерде де «сөз менікі» деп бөсіп ала жөнелмес пе? Күресу керек қой олармен! Ымырасыз күрес керек емес пе? Бірақ, қалай? Қандай жолмен? Кім біледі? Кім айта алады жауабын, а?..

...ҮЙРЕК ПЕН БҮЙРЕК!..» (мысал орнына)

Екі көзтаныс базар маңында кездесе қалған. Бір-бірін жыға танымаса да, әркез осы араларда жолығысып қалып, бас изеп болса да амандасып жүретін. «Жүзі жылы адам» деп ойлайтын біріншісі. Ал, екіншісі «өзі иманды кісі болар, сәлемі түзу» деп іштей ризалық байқататын. Қысқасы, осы жолғы кездесуде олар тілге келісті, бір-бірімен сөз алмасты. Алғашқысы айтты: « Мен бұл базарға текке келіп жүргем жоқ, Үйрек сатам» деді. Екіншісі де жұлып алғандай болып, «сен қандай бақытты жан едің?» дегендей, оған қостау сөзін айта түсіп, өз жайынан да хабардар етіп, әлсіз дауыспен жылдам жауап қайырған:«Менің де іздеген адамым бар, соған жолыға алмай келем, осы маңда кездеспекші ек, күнде бой көрсету себебім де сол, мен... Бүйрек сатам» деді. Алдыңғысы сөзге аса мән бермеді ме, дереу сауал берген: «Қаншадан сатасың?». Танысы бұған сұраулы жүзбен қарап қалған, шын сұрап тұр ма дегендей таңданысы бұл. Ал, анау ентелеп-өңмендеп қояр емес. «Бағасы қанша деймін?». Тіпті болмай, тығырыққа таяп бара жатқан соң, аздап арзандатыңқырап: «Бес жүз мың...» деген. Бұны ести сала ана танысы естен танып, құлай жаздаған. «Қандай қымбат! Әзілің болар?...» Бүйрек сататын кісі күле түсіп, «еш әзіл емес, қайта кішкене бағасын түсіріп айтқаным бұл...» деген. Сол-ақ екен, әлгі танысы отыра қап, зар сөзін айтсын. «Мен бейбақ үйдегі мама үйректерді оң мыңнан әзер өткізем, онда да алушы табылса...» деп, күйзеле тілге келіп еді, танысы енді ғана мән-жайды ұға қойып, оған қолма-қол жауабын да беріп жатты. «Бауырым-ау, сенің айтып отырғаның Үйрек қой, ал мен Бүйрек сатам, амалсыз сатуға шықтым, ақша керек болған соң... Енді, міне, сол алушыны аңдып, сауданың сәті түсе ме, түспей ме деп, ит күнді өткізіп жүрген заман...» деп, өзі де күңірене-қамыға түскен. Үйрек сатқыш танысы енді ғана қымбат бағаның құпия сырын бағамдағандай болып, көзтаныс адамға барынша мүсіркей, жаны ашығандай кейіппен, ұзақ-қ қарап тұрып қалған...

«...ӨЗІҢДІ-ӨЗІҢ ҰНАТПАЙСЫҢ...» (аударма ахуалы)

Менің бір түсінгенім – қанша жерден алғыр, алымды, еңбекқор, талантты бол­са да, оған қоса басқа тілді барынша жетік білсе де, ешбір тәржімашы-аудармашы сенің жазған көркем дүниеңді сол қалпында мөлдіретіп, өзге тілде бере алмайды екен. Осының қолға түспес құпия-қатпарын күні кешеге дейін тү­сінбей келіп ем, енді байқасам, оның да өзіндік себебі бар болды. Ең басты себеп – әр қаламгердің өзіне тән жазу машығы бар, оны екінші бір кісі қанша талпынса да сол күйінде бар бітім-болмысымен өз бойына толығынан сіңіре ала ма? Бұл үлкен сұрақ! Өмірлік сұрақ! Қаламгердің жазу стилі – дара бітімді, былайша айтқанда екінші рет қайталанбайтын құпия әлем! Сосын да, әрбір талантты қаламгер қайталанбас құбылыс! Рас, бір кездері қазақтың аса талантты жазушысы Мұхтар Әуезов «өзге ел жазушысының стилін өзгертпестен, сол қалпында сақтап аудару» мәселесін күн тәртібіне қойып, өзі бастап, Тургеневтің «Дворянское гнездо» романын аударып байқаған. Оның арты түрлі талас-тартыс пен дау-дамайға жол ашқан, әркім бұл «бастамаға» өзінше баға беріп, әр тілдің өз ерекшелігі болатынын қайта-қайта айтып, бірі жақтап, екіншісі даттап, у-шу болған заман да өткен (Біз бұл жайынан 1979 жылы диплом жұмысын жазып, «үздік» деген баға алғанымызды айта кетсек те артық емес шығар!). Айтайын дегеніміз – осы соңғы жылдары менің азды-көпті жазған көркем туындыларыма қызығушылық байқалып, қайта-қайта өтініш айтып, олардың кейбірін орысшаға, тіпті ағылшыншаға да аударуға талпыныс жасалуда. Әуелде қарсылық жасамасақ та, алғашқы аударма жұмыстарын оқи келе, көңіліміз қоңылтақсып қалғанын да жасырмаймыз. Ашығын айтар болсақ – сол аударманы оқып болып, кеудеңді әлдене сыздатқандай, жүрегің жиірек соғып, басың айналып кетіп, әл-дірмәнің құрып бара жатқандай ма – әйтеуір, қарадан-қарап өзіңді-өзің ұнатпай тұрасың! «Пәлі, мына шығарманы расымен мен жаздым ба!» деп, кеудеге кептелген кермек ойға ерік бересің! Аударма – өнер! Оған сөз бар ма! Ол талай заманнан сынақтан өткен, алыс күндерде сыналып-қалыптасып үлгерген қағида! Теориялық тұжырым! Алайда, аударма жұмысына өз еркімен саналы түрде «жегілген» кісілер өзі тәуекел еткен қаламгердің ең алдымен жазу машығын, басқаға ұқсамайтын стилін түптеп зерттеп, жан-жақты зерделеп алса ғой дейсің! Тек соны түсініп, бойына сіңіре алған кезде ғана аударма жұмысына отырса нұр үстіне нұр!!! Көкейді тескен, қайтсем де айтуым керек деген оқшау ойдың түйіні – осы еді! («Роман-өмір»).

«...ҚАЗАҚҚА ҚАДІРСІЗ ҚАЗАҚ!..»

Сөз мырза өз әңгімесін сұрақпен бас­таған: « Мына қазақ ең алдымен кімге қадірсіз, а?» Жауап айтпақшы болып, ойымды жинақтап алып, енді ыңғай та­ныта бастап ем, тағы да алдымды бөгеді. Былай деді: « Қазақты осы күні кім қадірлеп жүр? Әй, айтарсың! Табарсың қазақты аспандата мақтайтын өзге ел азаматы мен өзге жұрт өкілдерін! Тек қазақтың өзі емес...» Жүрегім дір-р ете түскен. Қазақтың өзі емесі қалай? Сонда, бұл қазақ... Жә, несіне көлгірсиміз, расында да қазақты алдымен қадірлей алмайтын өзге емес, тап осы қазақтың өзі-ақ! Екі ғалымның басы қосыла қалса, үшінші ғалымды жамандайды, жамандап қана қоймайды, бар еңбегін түкке алғысыз етеді. Соны айтып тұрғанда екеуінің де беті бүлк етсе кәні! Бір жазушы екіншісін оп-оңай «соғымға сойып» жібере салады, оның обалы кімге деп ойлап жатпайды. Бір әнші екінші әншінің жап-жақсы даусы бар екенін біле тұрса да, ешқашан «талантты» деп жақ ашуға жоқ, айтса тек сын пікірге ерік береді. Ел аузында жүрген қайраткер азаматты екінші бір қайраткерсымақ әр жерінен мін іздеп, өлтіре сынап, түкке алғысыз етуге барын салады, содан рахат табатын секілді, шамасы! Қысқасы, қазақ ең алдымен қазаққа қадірсіз болып келе жатқаны айдай ақиқат! Оның себебі неден? Бір білгіштер мұның басты себебін сол баяғы көре алмайтын ұлы қызғаныштан көреді, екіншілері өз халқына тиер пайда мен зиянды сал­мақтап-саралай алмайтын түксезбес топастыққа балайды, ал, үшіншілері ел болып еңсе көтеріп, ұлт болып ұйыса алмағандығымыздан деп пәлсапа соғады! Біз де білгішсініп, «былай ғой енді» деп, оған анықтама беріп жатпай-ақ қоялық! Бір білетініміз – қазақ осылай кете берсе, өз қадіріне өзі жете алмаса, өз аяулыларын өздері көкке көтере алмаса... маңдайының соры бес елі болып тұралап қала бермекші! Көсегесі көгерер елдің ер-азаматтары өсек сөз термейді, кесек сөз терер болар!.. Сөз мырза, солай ма?..

«...КІМДІ КӨБІРЕК ТЫҢДАУ  КЕРЕК?..»

Сөз маған «осыған да көп ақыл керек пе?» деді. Сосын, тағы да айтты: «Бәрі де өз қолдарыңда емес пе? Неменеге бүйректен сирақ шығара бересіңдер!» Содан соң, былай дамытқан: « Кімдер туралы көбірек айтып-жазу керектігін осы күнге дейін біліп-ажырата алмай келе жатсаңдар, өз обалдарың өзіңе!» Түсіндім! Оның арғы ойы да менің санамда сайран салған. Түсінбейтін не бар! Әй, шамасы, мен секілді мына көп қазақтың бәрі де мұны түсініп жүрген болар! Бірақ, неге ол жайынан көп айтып, дабыл қақпайды екен? Ойлап қараңызшы, осы күні теледидарды қай кезде қосып қалсаң да, бір тележүргізуші мен аты аз-кем «таныс» не әнші, не биші, не сықақшы (жастары отыздың ар жақ- бер жағында болар ) қарама-қарсы отырып алады да, телеэкранға көзін сатып, өнегелі сөз күткен жасы бар, жасамысы бар – бүкіл қазақ еліне «ақыл» үйретеді. Сайттарды ашып қалсаң, әлдебір әншінің, не бишінің кімге нешінші рет тұрмысқа шығып жатқаны, қайсыбір әртіс жігіттің нешінші тоқал алғаны турасында, әйтпесе қаланың қай бөлігінен нешінші коттедж салып алып жатқаны жөнінен көпірте жазады! Жә, жас­тар түгелімен жалаң ойлы, парықсыз да парасатсыз, олар мүлде ақыл айтып, білгішсініп сөйлемеуі керек дегелі отырғамыз жоқ, мәселе не туралы және не жайында айтуда! Өнер адамдарының жеке бас өмірі мен жеке «махаббат ерліктері» кейбір жас көрерменге не оқырманға қызығырақ та болар, алайда бар қазаққа қызық дегенге сену қиын! Оның бергі жағында тап осылай сөйлетіп-жазғаннан қазақ жұртына қандай өнеге үйретпекпіз? Айтпағымыз – қазақтың мүйізі қарағайдай, өмір көрген, көргені мен түйгені мол аға жазушылары, сақа жазушылары қайда? Философтары қайда? Суретші-архитекторлары неге өте аз көрінеді? Тәжірибелі заңгерлер мен білікті ғалымдарымыздың ел-жұртына айтары барынша түгесіліп болып па? Тіпті, болмаса, тек әншілерді қалаған жағдайда, ән әлемінің жұлдыздарына айналған аға -апаларымыз да бар ғой ел сағына күткен, соларды неге көбірек көрсетіп-сөйлетпеске! Егер, өнегелі-өрісті ел боламыз десек, ең алдымен сондай көшелі кісілерімізге алдымен жол бермес пе едік! Газеттер мен журналдарды айтып отырғам жоқ, ең болмаса барша жұрт ертелі-кеш көп телміретін теледидар мен қолы босаса сырт еткізіп, оп-оңай аша қоятын сайттарда өнегелі де текті әңгімеге кең өріс ашпайынша, бұл қазақтың көсегесі көгере қоюы екіталай! Осыны ұғатын уақыт келген жоқ па? Сөз мырза, бұған тағы не қосар едің, а?..

«...КӨРКЕМ ДҮНИЕ БІР  КҮНДІК ЕМЕС...»

Сөз мырзаның осы жолғы айтқаны кө­кейіме қона кеткен. Дәл айтты. Дөп айтты. Былай деген: «Сенің барша қаламдас достарың бар ғой, тым асығыс, әлденеден қалып қоятындай көп қойпаңдайды! Жазыпты! Жақсы жазған да шығар! Алайда, неге мақтау сөз аңдып, әркімге сөзін де, өзін де сатып, қарағыштай береді? Көркем дүние бір күндік пе екен?!.» О-о, осыны шынымен де бетке басқандай етіп, мықтап тұрып айтатын уақыт әлдеқашан жеткен! Рас-ау, көркем дүние бір күндік ғұмырмен жазыла ма? Бір күнді айтасыз, бір жылға, тіпті жүз жылға арналып жазыла ма? Жоқ, жақсы шығарманың ғұмыры ұзақ! Ұзақ қана емес, тіпті мәңгілік десе де жарасар! Мәселе, бірақ, жақсы жазуда, талантты туынды туғыза білуде! Осы тұсқа келгенде, әрине, көбіміз «бұлғаңдап-ақ» кетеміз. Ең басты нәрсе – жақсы, талантты, ойлы дүние туғызу жолында тынымсыз із­деніп, мейлінше көп еңбектенуде! Олай ете алмайды екенсің, онда өзгенің басын қатырма, жоқты-барды бірнемені шимайлай салып, дереу айналаңа жалтақтап, «менің жазғанымды мақтасаңшы» деп көк езуленбе! Бос мақтан сені де, әдебиетті де биікке, шырқау шыңға шығарған емес, шығармайды да! Бір нәрсенің басы ашық: қай заман, қай дәуірде де талантты көркем шығарманы оқырман өзі-ақ іздеп тауып, өзі-ақ шын бағасын бере алған. Ол оқырман сенімен замандас болуы да мүмкін, тіпті сенен жүз жыл кейін өмірге келуі де ғажап емес! Ендеше, ғасырлармен құрдас бола алатын ғажайып туынды – жаса мәңгілік көркем дүние! Сені әсем тілмен құйқылжыта жазып, келістіре кестелей алған, оқырманының ішкі жан сарайын әп-сәтте астаң-кестең ете білген, сөйтіп артына өлмес көркем мұра қалдыра алған қаламгерден асыл, одан өткен құдіретті жан болар ма? Солай емес пе, Сөз мырза?..

«...ЖАМАНДЫ ЖАМАН ДЕЙ  АЛМАЙ...»

Сөз мырза бұл жолы менің өзімді сіл­кілеген. Сілкілеп қана қоймады, сілікпемді шығара жаздады десе де болғандай. Ай­та­тыны мынадай: «Жан-жағыңа қарашы, қаптаған жайсаң мен жамандар! Ең сұмдығы – жамандар да өзін сол жайсаңдармен тең ұстайды, тіпті, олардан асып түсіп жатады кей реттерде! Бұл қалай? Неге мына өмірде ащы шындық айтылмайды? Неге Әділдік деген қасиетті ұғым төрге озбай жатады? Неге ақты ақ, қараны қара дей алмайсыңдар?..» Ләм деп жауап бере алмадым қас қағым сәтте! Не деп айтармын жауапты! Онсыз да өзіміз біліп жүрген, білсек те ішімізде ұстап, сыртқа шығара бермейтін мерез болған «сабақты кесел» ғой бұл! Жақсы мен жайсаңдар жайы белгілі! Оларды қалай мақтасақ та жарасады, тіпті әрбірден соң, сол жақсылар сенің мақтау сөзіңе аса зәру де емес. Ең қиыны... жамандар! Жаман деген немене? Ол – мінез кемшілігі бар, қырсық, іштар, қызғаншақ, кертартпа, қисық, қыңыр... жандар тобын құрайды. Ал, қиыны қайсы дейсіз бе? Міне, бар түйткіл осында. Оларға «сен жамансың» деп сөйлеп көрші, өзіңнің ит теріңді басыңа қаптатып жіберсін! Жаман ешқашан да жаман емес! Жаманның тасқа басылған даусыз анықтамасы кәні? Кішкене кемшілік әрбірден соң кімде жоқ? Пенденің бәрі де кемшілік атаулыдан ада бола алмаған, болмайды да. Сондықтан да, жаманды жаман деп айтқан сен өзің жамансың! Ал, тайталас! Ал, айтыс! Ал, жұлқылас! Жеңе алар ма екенсің, әуселеңді көріп алайын! Жо-жоқ, жеңу қайда, ақыр аяғында кешірім сұрап, бас сауға іздейсің керек болса! Міне, сосын да бүгінгі заманның гөй-гөйі былай: «Жаманды жаман дей алмай, өтіп бір жатыр ит күндер...» Оу, Сөз мырзам-ау, саған берер жауабым осы ғана! Мұнан арғысын менен сұрама!..

«...ПІКІРСІЗ АДАМ!..»

Сөз бүгін былай деп қияласын: « Мына жарық жалғанда басқа емес, әсіресе, өз пікірі жоқ адамдар аса қауіпті! Ондай жандардың жеме-жемде қалай қисаятынын да, қайда қисаятынын да біліп болмайсың, сосын да өте зиянды!..» Селк еткізген. Ойға жетелеген. Айтатындай да бар, әлбетте! Талайларды көріп-біліп жүрміз ғой осы күні, қай ортада болмасын әртүрлі мәселе төңірегінде сөз қозғала қалса, тайғанақтап кете береді, анау айтса соған ілеседі, мынау айтса бұған ілеседі – қысқасы не айтқанын да ұғына алмай дал боласың кеп! Біреудің пікіріне қостау айтып, «е, солай ғой» дейді, ал, артынша сол ойынан өзі айнып кетіп жатады – апырмай мұндайларға не дерсің! Жер бетіне аяқ-қолы бүтін, ақыл-есі бар адам боп жаратылған екенсің, ендеше, неге бар мәселені өз ойыңмен, өз ақылыңмен саралап-салмақтамасқа! Пікірсіз адам болу да – үлкен кемшілік! Кемшілік қана емес, нағыз парықсыздық! Парықсыздық қана емес, жарымжандық! Мына қоғамда жып-жылтыр тастай тай­ғанақ болып, бөгде кісінің зәре-құтын алып, жылпылдап тұрғаннан, не де болса бір кісі сеніммен табан тірей алар кедір-бұдыр тас болсаң ше! Қалай дегенде де бұл сенің шынайы бет-бейнеңді білдірмес пе! Бірде артық кетерміз, бірде кем түсерміз, бірде жағып, енді бірде жақпай жатармыз – әйтеуір өзіміздің бойға біткен парасат-пікірімізбен (қасақана қисайып сөйлейтіндерді айтып отырғам жоқ) өмір сүрейікші, адамдар! Мен, міне, тап қазір осындай ойдың жетегінде отырмын, Сөз мырза!

«... ОЙШЫЛДАР НЕГЕ ОЙҒА  ОРАЛМАЙДЫ?..»

Сөздің шын тығырыққа тіреген сәті осы болған шығар! Тіпті, мені алқымдап алып, шыбын жанымды шырқыратып-ақ жіберген. Айтқан: « Парасаттылар мен ойшылдар кәні десе, дереу бағзы замандарға сілтеме жасап, солармен мақтануды әдетке айналдырып алғансыңдар. Әбунасыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, үш би, т.б. секілді ежелден есімдері ауыздан түспейтін кісілермен шектеліп қалып жүрсіңдер. Ал, сонда қазіргі заманда ондай ақыл-парасаты мол, елге ойтұтқа бола алар ойлы да ойшыл жандар мүлде жоқ па? Расымен тумағаны ма? Егер, туып жатқан болса, олар неге көрінбейді де еленбейді, а?..» Әуелде мына кермектеу пікірге аздап намыстанып та қалғам, тіпті, оның жағасынан ала түспек те болғам. «Сендер қазақтың тырнағының астынан кір іздегеннен басқа не бітіресіңдер?» деп айтып та салғым келген. Алайда, ойлана келе, ой барлай келе, ол ойымнан айныдым. Жан-жағыма қарадым. Алыс-жақынды сараладым. Өткен-кеткенге ой жібердім. Біз осы күні шын бақытты ел екенбіз! Өз тәуелсіздігін алған елміз! Елге тұтқа болар басшы да бар! Саясатымыз да әлемге мәлім, атақ-даңқымыз алысқа кетіп жақтан халықпыз! Тәуба! Мың тәуба осыған! Өз Отаны, өз жері, өз астанасы жоқ жер бетінде қаншама халық өмір сүруде! Олармен салыстырғанда біздің басымыздағы бақ – ұлы бақ! Міне, осының бәріне де масайрап тұрып, қиял кемесіне отырмаймын ба! Сонда не кілтипан тапты дейсіз бе? Осы күні расында да елге сөзі де, өзі де өтімді, айтқаны ақыл, сілтеген жолы асыл ойшылдар қайда? Қай философты бағалап қол беріп, қадір тұтып жүр екенбіз? Қай жазушыңды көкке көтере дәріптеп, мақтан етіп жатқан жайымыз бар? Қай сазгерді бағасын асыра әуелетіп әкетіп жүрміз? Қысқасы, өнері мен талантына тәнті болып, біз сөзіне тұрар, айтқанына бас изер жандарды тізбелеші? Қайсысын айта бастасаң да, әйтеуір бір жерінен кемшілік көріп, соны баса айтып, сағын сындырғанша тыпыршып-тынбайтынымыз өтірік пе! Әй, қазақ-ай десейші, өзге емес, өзіміз ғой осының бәріне кінәлі? Бүгінгі асыл туған ойшылдарыңды бүгін елемесең, өз қолыңдағы бақты басқа теуіп, есеңді жатқа өз қолыңмен бергенің емей немене! Ұлттың ұлылығы – оның өз ішінен шыққан, ақылы аса туған тектілері мен ойшылдарын дер кезінде дөп басып танып, соларды өз деңгейінде бағалай алуымен астасып-байланысып жатпас па! Сөз мырза, мен соны ұққан сыңайлымын! Сен не дейсің осыған?..

«...ЖАМАН ЖАЗУШЫ  БОЛМАЙДЫ!..»

Сөз екеуміз бүгін біраз сұхбаттастық, ол өзінің ойындағысын айтты, ал, мен өз пайымымды қорғап бақтым. Әңгіме әу басында былай өрбіген-ді. Ол айтқан: «Сендердің араларыңды еш түсіне алмай-ақ қойдым, бір қаламгерді мақтай жөнелгенде қоярға жер таппай, бәсін тым биіктетіп, барынша аспандатып жіберіп, ал, екінші біреуін тоқпақтың астына алып, мейлінше жер тұқыртып, тұралатып жатасыңдар тіпті! Обал-сауапты ойлап жатпайсыңдар! Қалай болғанда да ол жазушы деген атқа ие болды ма, ендеше сабырлы-салдарлы пікір айтылуы керек ол жайында! Баға беруде де билемпаз мінез емес, байсалдылық керек-ақ!..» Әлбетте, бұл жайынан өзім де аракідік ойлап қоюшы ем, ендеше іздегенге-сұраған! Рас, жазушы болып, көркем сөз кестелеу екінің бірінің қолынан келе бермес аса жауапты іс! Өйткені сен өмір туралы толғап отырып, тереңді қазбалап, ішкі иірімдерге үңіліп, соны көркем шындыққа айналдырасың! Ал, сол көркем шындығыңды оқыған оқырман сенен әйтеуір бірнеңе үйренуі керек, болмаса белгілі бір тосын ойға сүрлеу саларлық күйге ауысуы қажет! Қысқасы, сен өз оқырманыңның сезіміне қозғау салып, ойландыра алмасаң, бар жазғаның бос сөз, құрғақ сөз! Ондайларды жазушы деуге де ауыз бармайды! Сондықтан да, ел ішінде жазушы деген атқа ие болған адамның қалай дегенде де елге айтар бірнеңесі, қажетті ойы, салмақты пікірі болғаны! Алайда, бір нәрсенің басы ашық: кез-келген жазушыны (халтурщик-дәлдүріштер туралы сөз жоқ) жақсы, яки, жаман деп балтамен кескендей ғып, бір ауыз сөзбен бағалай салу барып тұрған қиянат, өйткені, ол көркем дүние жазу үстінде тартынып не аянып қалмасы анық, ал аракідік шалыс басып, ойын шашыратып алып, әйтпесе кібіртіктеп қалуының басты себебі – бойында бар өз мүмкіндігін толық игере алмауы, әйтпесе, терең ізденбеуі, не болмаса өз талантын әлі де болса өз деңгейінде танып- бағалай білмеуі...» (Бұның бәрі де алайда талантсыздау шығарманың кемшілігін бүркемелеп, ақтап шығуға, әрине, сылтау бола алмасы анық! Біздің айтпағымыз мүлде басқа нәрсе!) Демек, бұдан шығатын қорытынды – жаман жазушы деген болмайды, өз мүмкіндігін толық меңгермеген, шығармасына атүсті қараған, кемеліне келтіре алмаған қаламгерлер бар, әрине! Олар тіпті, ашығын айтқанда, өте көп болуы да ықтимал! Сосын да әлдеқалай пікір айтқанда не жазғанда оны да өзінше талант деп қабылдап, бас-көзге қарамай төмпештеп емес, ақылды да парасатты, жөн сілтер сын жазсақ қалай болар еді дейміз ғой! Сөз мырза, менің бұл мөлтек ойыма алдымен сен қалай қарар екенсің, а?..

«...ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА СЕНІМ!..»

Сөз мырза маған тесіле қарап тұрды да, кенет былай деп төтелеп тіл қатқан: « Жер бетіндегі барша ерлікті тек қана еркек атаулыдан іздеп, қатты қателесіп жүрсіңдер сендер! Нағыз ерлікті кім жасайды – соны біле алмай, адасып келе жатқандарың өкінішті-ақ!..» Осыны айтқан. Айтқан да, жауабын да күт­пестен өз жөнімен жөней берген. Ал, мен бұл сөздің астарына үңіліп, ойға батып, ұзақ тұрып қалайын. Жарадың, Сөз мырза! Мен сені бек ұққан сыңайлымын. Әй, кешегі қазақты қайдан, бүгінгі қазақ расымен де қатты адасып жүрген сыңайлы осы күндері! Бұл қазақты ел ететін де, көл ететін де, керек болса жер ететін де – тап осы қазақтың қыздары! Байбаламшыл болып алыппыз қазіргі кезде! «Ойбай, несін айтасың, пәлен облыста бір қыз шетелдікке тұрмысқа шығыпты, содан перзент те сүйіпті, сұмдық-ай»! дейміз. Тағы да онымен тоқтамай, былай деп күңіренеміз: « Тап осы бетімен кете берсе, қазақ қазақ болудан қалатын шығар әлі-ақ!» Жә, адамдар-ау, аз турасында еселеп айтып, жүрек жаралай бергенше, кеудесінде оты бар жалпы қазақ қыздары туралы неге көбірек сөз арнамаймыз? Арлы, намысты, жүректі, парасатты, ұлтжанды, текті... қыздарымыз турасында неге айтқымыз келмейді? Олар аз ба? Олар көп емес пе! Азды күңірене тілге тиек ете бермей, көпті неге жалпақ жұртқа үлгі етіп ұсынбаймыз? Барды неге бағалап, биікке көтере, әуелете әңгіме желісіне жалғау етпейді екенбіз, а? Беу, қазағым-ай, мен бір нәрсе білетін болсам – ол мынаған саяды! Ер азаматтар жасай алмай жүрген ерлік істерге ұйытқы болар намысты қалың қазақ қыздары барда, ұлт өзінің ұлы бейнесін ешқашан жоғалтып, аяқ асты ете қоймас! Бойында рухы бар Қазақ қыздарына сенім! Сенім! Тағы да Сенім!!!

«...ТӨЛ МЕРЕКЕҢМЕН, БОЛАШАҚ!..»

Немерем мектепке барған-ды. Жо-жоқ, биыл емес, оған біраз жыл болып қалыпты ғой қазір ойлап отырсам! Қазір жоғарғы сыныпта, ақыл-ойы озық, менімен пікір таластыра алатын жасқа жеткен. Сол немерем мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде бір қызық жағдай болғаны бар. Бір күні қатты қобалжып оралыпты үйге, сосын мені асыға күтсе керек, мен келе салысымен тікесінен сұрақ қойғаны. «Ата, сен жазушысың ба?» Өзімше салмақтылық байқатып, мақтаншылық еткендей болмайын деген оймен, әлі мардымды ештеңе жаза қоймағанымды айта бастап ем, жатып кеп жылап жіберсін. «Ал, мен болсам апайымды алдадым, енді ұят болатын болды!» дейді даусы дірілдеп. Сосын, оны жаныма отырғызып алып, мән-жайды түсіндіруін сұрағам. Бәрі де түсінікті болып шыға келді. Сөйтсек, апайы оған әдебиет пәнінен кезекті сабақты түсіндіру сәтінде менің баяғыда-а жазған бір ертегімді оқуды, сосын, түсінігін айтуды талап етеді. Немерем оны оқи сала қуанып кетіп, бұл менің атамның жазғаны демей ме! Апайы оның сөзіне сенбепті, өтірік айтып тұрсың деп көңіліне тиіпті. Содан, немерем «ертең сізге атамның кітабын әкелем» демей ме! Уәде сол болған. Үйге келген соң менің жұмыстан оралуымды асыға күтіпті, мен келген соң жауабым әлгіндегідей болған соң, қатты қамығып, жылап жібергені екен. Дереу жұбаттым. «Жазушымын әрине, сендер секілді балаларға арналған бір емес, тіпті, екі кітапшам бар» дедім. Сондағы немеремнің қуанышын көрсеңіз! «Ата, соның біреуін маған бер, ертең апайыма апарып көрсетем, өтірік айтпағанымды дәлелдеймін» дейді танауы желбіреп. Немерем ынты-шынтысымен қуанып, менің мойныма асыла түскен сәтте, о тоба, менің де кеудемді белгісіз бір қуаныш барынша кернеп ала жөнелгені. Өмірімде тұңғыш рет жазушы болғаныма керемет шаттана-қуанғаным да сол сәт болар-ау! Мұның бәрін ежіктеп жазып жатқан себебім- бүгін балаларды қорғаудың халықаралық күні екен, сосын да өткенді еске түсіргенім ғой. Рас, сіздерді де алдамайын, мен жастау күнімде балаларға арналған әңгімелер мен ертегілерден тұратын екі бірдей кітапша шығарғанмын, сол кітапшаның ішіндегі үш-төрт әңгіме-ертегі мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулығына да еніп кетіпті. Оны өзім де кейінірек, немерем мектепке барған кезде білермін бе! Иә, бүгін балалар күні! Жер бетіндегі барлық балғын балапандар бақытты ғұмыр кешіп, жақсы білім алып, барынша бой түзеп өсіп, армандаған армандарына жете берсе екен дейсің! Ал, бала деген –болашақ қой! Ендеше, төл мерекеңмен, Болашақ!!!

«...САНА СЫРҚАТЫ!..»

Айтатыны жоқ, кісінің жан-дүниесі кірлеп, санасына сызат түссе, онда өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға да тигізер зардабы ұшан-теңіз! Санадағы сырқат кей-кейде емдеуге де келмей жатады, ең сұмдығы сол болар, сірә! Міне, осындай кермек ойлар санамызды тынымсыз мазалаған болар, осыдан он-он бес жыл бұрын «Санадағы сырқат» деген жалпы атпен үш пьеса жазған екенбіз, соның үшеуі де сахналанды, кезегімен көрерменге жетті, санасына ой салуға қызмет етті десек артық айтқандық бола қоймас! Олар: «Абақты-ғұмыр», «Сүю серті», «Сана дерті». Бірі – Мағжан ақынның абақтыдағы соңғы, аса қиналысты түнін суреттесе, екіншісі – қоғам қайраткері, алғашқы қазақ-дипломат Төреқұловтың Араб еліндегі қызметінің соңғы сәттерін сөз ететін-ді! Бірі – атақты режиссер Райымбек Сейтметовтің Түркістан театрындағы (қазір театр сол кісінің есімімен аталады) қойылымы болса, екіншісін – Қызылорда драма театры (режиссурасы – Хұсейін Әмір-Темірдікі) қалап алып, көрерменге жол тартқан-ды. Ең атап өтерлігі – осы драмалық туындылардың мәтіндік нұсқасымен танысып шығып, өз ризашылығын білдіре отырып, «Драматургия –асау жанр» деп жүрекжарды сөзін арнап еді менің аса дарынды Әбіш (Кекілбаев) Ағам! Осының бәрін де тап бүгін неге еске алып отырмыз? Оған басты себеп – бүгін қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні емес пе! Әп дегеннен ойымызға осынау ащы шындықты негіз еткен, жүрекке салмақ салып, сананы сілкілеп өтетін қанды кезеңді нысанаға алып жазылған үш туынды орала бергені бар! Сол үш туындының жарыққа шығуына, тіпті өз кезінде оң баға алуына тікелей ықпал еткен кеңжүрек ағаларым еске түсе қалғаны ғой. Шығарма туралы әңгіме өз алдына, ал, қазіргі ащы шындық – адамды адастыратын да, қатыгез ететін де, тура жолдан тайдырып әкететін де, шамасы, осы сананың сырқаты! Санамызды сырқат шалмасын десек, әрдайым сергек болып, жақсының қадірін біліп, талантқа қамқор болып, өтірік пен өсекке тосқауыл қоя білсек-ті! Санадағы азды-кем сырқатты жөнге саламыз десек – көкірек көзін ашып, алысқа көз тігіп, болашақты бажайлап, ертеңгі нұрлы күндерге ыстық үмітпен қарасақ-ты! Санамызды сырқат жайласа, адам да, қоғам да – бәрі бүлініп сала береді ғой, ағайын! Санамызды да, заманымызды да ендігі жерде Алла-тағала тосыннан пайда бола кетер кесапат пен «сырқаттан» сақтағай! Бүгінгі адамзаттық басты ұран осы болса дейміз!..

ЖАЛҒЫЗДЫ ЖЕП ҚОЯТЫН ҚОҒАМ! (мысал-әңгіме)

Ол өз кезінің қоғамына қораздана қарады: оған бәрі де ұнамаған; ешкімнің сөзі көңіліне қона бермеген; істеген іс-әрекеттері де жүрегіне жатпаған; бәрі де тосын, бөгде, бөтен; осы қоғамда өзін тым жалғыз сезінген. Содан ба екен, қай кезде де жалғыз, бір өзі жүреді, өзімен-өзі тілдеседі. Нендей жағдай болса да, өз жүрегінің үніне құлақ асатын, жүрегі не десе, соны тыңдайтын. Сөйтіп жүріп бұл қоғамнан, ал, қоғам бұдан алшақтапты. Қоғам деген – қалың нөпір адам! Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, өздеріне қандай жағдай ұнап тұрса, соны қолдап, соған ғана үстемдік сыйлап бағатын. Оларға, ашығын айтқанда, бұл секілді жалғыздар, өз білгенімен жүріп-тұратын қиялилар, сөзге тоқтамайтын қыңыр мінезділер аса ұнамаған. Сосын да топ болып ақылдасып, ойласып, пікірлесіп барып, ақыр аяғында жалғыз-жарым жүретіндерді «жеп» қоюға бұйрық шығартты. Міне, соның салдарынан жалғыздарға зауал келді, олардың ашық аспанын бұлт басты, ауасы тарылды, өрісі қусырылды. «Мені қашан жеп қояды екен» деп, жалғыздар іннен-інге тығылды, сонда да тауып алып жатты. Тауып алып, жазасын тартқызып жатты. Бұл,әрине, баяғыда, тіпті алыс жылдарда, есте жоқ ескі заманда болған деседі айтушылар! Құдайға шүкір, одан бері де талай-талай замандар аунаған, уақыттар жылжыған, жалғыздарды «жеп» қою заңы ұмыт болғаны қаш-шан! Сөйтсе де... сынықтан басқаның бәрі жұғады екен бұл пендеңізге, аракідік, зәуеде кей пенделеріңіз кей пенделерге бұқакөзденіп қарап, реті келсе сүзіп жібере жаздап, «біз көппіз, сен жалғызсың» деп, маңдайға ұрғылағандай боп, кеуделеп кетіп жатады. Содан да болар, қай кісіңіз де қай жерде де жалғыз қалудан сескенеді, тобынан ажырап қалса, елегзіп, жан-жағына жалтақтап, өзінен-өзі қорқып, үрейге ерік беріп жатады! Сіз осыны байқайсыз ба? Жоқ, әлде мұндайға аса маңыз беріп көрген жоқсыз ба?

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕГІ  ІЗГІЛІК ИСІ! (ойсалар)

Сөз мырза екеуміз тағы да біраз сіл­кілестік: ол өзінікін жөн санады, ал, мен өз дегенімнен қайтпауға тырысып бақтым; бірақ, айналып келгенде ол екеуміздің де айтып отырғанымыз бір ой екеніне қайтара маңыз бергенде көзім жете түскен; шіркін, адамдар кейде бір ойдың қазығында айналшықтап жүріп те, қым-қиғаш айтысып-таласатыны бар. Біздікі де солай болыпты. Ол айтты: « Көркем әдебиетте өмірдегі болған нәрселерді тап сол қалпында көшіре салу аса ұтымды бола қоймас, қайта адамдар байқамаған тосын жайттер мен кей кісілердің ішкі иірімдері барынша байқампаздықпен кестеленсе ләзім. Образ жасағанда адамдарды кемшілік-мінсіз етіп көрсетуге талпыну, оларды сүттен ақ, судан таза етіп суреттеу, барынша биік қылып баян ету, қысқасы, өмірдегіні өз қиялыңа салып, өңін айналдырып көрсету түптеп келгенде сол әдебиеттің өз сорына айналып шыға келмек! Әдебиет шынайылықпен ағайындас, шындықпен туыстас, ақиқатпен ауылдас! Осыны мықтап ескеру керек-ақ!..» Мен оны тыңдап алдым да, өз білгеніме бастым. Бір сөзіне жармасып алғам. Көркем әдебиеттің кейіпкері мінсіз де кемшіліксіз жан болып көрінсе, оның қай жері томпақ? Өмірде таза, шыншыл, әділ, талапшыл... жандар аз ба? Керісінше, өзі қу, айлакер, өтірікке біртабан жақын, бас пайдасын көп күйттейтін, заматында құбылып сала беретін, адамдық ардан гөрі ақшаға көп бас иетін... пенделер де табылып жатады. Қайсысы ойға өріс берер мықты кейіпкер бола алмақ? Әрине, қу мен зымиянның іс-әрекеті қызығырақ! Адалдың жолы да ауыр, ісі де еңсе басар! Бірақ, көркем әдебиеттің әу бастағы мақсат-міндетін салмақтап-саралап байқасақ, ол алдымен адамдарға ізгілік пен игілік жолын нұсқаушы емес пе? Оны беру мен баян етудің әдіс-тәсілдері көп те шығар, неше түрлі бұлталақ-қиқалақ оқиғалармен де жаныңды мұрынның ұшына әкеліп отырып, емеурінмен бірнеңелерді сездіріп-танытуға болатын болар, бірақ түпкі ой сол ізгілікті айналшықтап, ұзап кетпей, тап соны мәлім етуге бет бұрып тұруы әбден керек! Тек, Сөз мырза ғана емес, осы күні мерзімдік басылымдарда «өмірде пәк адам болмайды, ол бос қиял» деген пікірлер естіліп қалып жатады. Жаны таза, мейлінше пәк адамдарды біржола жоғалтып-тауысып тынсақ, онда келешекті көз алдыңа елестету де аса қорқынышты! Тағы бір «ойшылдар» әдеби жанрларды жіліктеп келіп, драматургияға тиісе сөйлеп, оның қадір-қасиеті төмендеп, бірте-бірте тартыс азайып, публицистикаға жақындап, жоғалып бара жатқан жанрға теңейді, болмаса бұл бағытта ізденіс те жоқ, жаңалық та жоқ деп кермек сөзге ерік береді – ойланбасыңа қоймайды екен! Жалғыз драматургия ғана емес, әдебиеттің қайсыбір жанры да бірде жоғары өрлеп, бірде төмендеп, өсу мен құлдилаудың арасында өмір кешеді! Бұл табиғи заңдылық! Тағы бір «айтқыш» драматургияны көркем әдебиеттің жанрынан арашалап, тек театрға тиесілі деп, меншіктеп алғысы келіп те жанталасады, мұны да естіп жатыр жарғақ құлағымыз! Драматургия – қалай десек те, ең алдымен қағазға түскен мәтін, жазылған ой, диалогке құрылған тартыс, сахнаға сұранып тұрған тірі көрініс! Мұны ғасырлар жолы қалыптастырды, тарихи кезеңдер қалыпқа салып берді! Бұны да ұмытпасақ керек-ті! Қысқасы, Сөз мырза, сен де, мен де ұлы мәртебелі көркем әдебиетке әзір әділ төреші бола алмаспыз! Жалғыз ғана айтарым – әдебиеттен адамзатқа нұр шашатын ізгілік исі кетпеуі керек! Ізгілік ойға орана алмаған әдебиет – қалай десең де өз миссиясын орындай алмайды, омақаса құлайды! Міне, түптің түбінде үлкен қайғы сол болмақ!

«...ЖАҚСЫМЕН СЫРЛАСУ!..»

Мен Сөз мырзаға сөйлеп тұрмын. Ой бөліссем деп едім. «Соңғы бір кездері, неге екені белгісіз, жаным езіліп, жүрегім сыздап, кеудем күңіреніп, өзіме-өзім келе алмай жүрмін. Әлденемді жоғалтып алған жандаймын. Жо-жоқ, олай емес, мына фәни жалғанда жалғыз қалған сыңайлымын, менің нәзіктеу, үгітілгіш, сезімтал болмысымды түсінер жан баласы жоқ іспетті! Ал, өмір... өткінші бірнеме! Әп дегенше артыңа тастайсың да, кете барасың! Онда... не қызық қалды? Кім түсінер осы бір кермек көңіл жай-күйімді?..» Сөз мырза мені жанарымен жасқады! Қабағы тік! Көздері өткір! «Сенің жан-дүниеңнің құлазу себебін мен ғана түсінемін. Өйткені, сен ылғи да жалғыз болғанды қалайсың, өзгелермен сыр бөлісуден қашқақтайсың. Жаныңда жақсы дос қара көрсетпейді. Бұл қалай? Жә, дос болмай-ақ қойсын, ең болмаса, сенің ішкі күйзеліс-күйіңді ұғынар ең болмағанда бір түйір жан неге жоқ? Неге адам біткен сен үшін жат, бөтен, бөгде?! Олай болмайды ғой, бауырым! Жаның жадырасын десең, жақсылармен сырлас! Жақсы жандарға үйір бол! Солардың жанынан табыл! Жақсылардан жарық нұр шашылады, сәулесі алысқа кетеді, айналасына қуаныш-шаттық сезімін сыйлайды! Жақсылармен сырласу – жарты бақыт, біле-білсең!...» Түсіндім! Ұқтым! Қабыл көрдім! Ал, енді сол жақсылар қайда? Оны қайдан табамын, уа тіршілік иелері?..

«ҚАЗАҚ РОМАНЫ ҚАЙТСЕ  ДАМИДЫ?..»

Сөз айтты маған. Кеңірдегіме тақап тұрғандай болып айтты осыны. Былай деді: «Осы сендер, қазақтар, неге жаңалыққа сонша тарпейілсіңдер? Басқаны айтпай-ақ қояйын, мына, әдебиет айналасында әңгіме қозғайықшы. Әлем әдебиетінде әлдеқашан-ақ, бәлкім бір ғасыр, бәлкім одан да көп – әртүрлі эксперименттерге жол салды. Оларда романның неше түр­лі формалық-стильдік ізденістері бар, әрине, классикалық әдіс те ешқашан күн тәртібінен түскен емес, сөйте тұра таңдай қақтырар жаңалықтар да молынан! Философиялық, психологиялық, лирикалық, жартылай фэнтези, аңыз-әфсаналық, т.б. толып жатқан формалық жаңалықтарды молынан кезіктіріп, оқыған сайын қиялыңа қиял жамалады! Ал, мына, сендер, қазақ қаламгерлері, кішкене жаңалық көрсеңдер ит көрген ешкікөзденіп, аттанға басасыңдар! «Мұндай роман болмайды, бұлай жазудың түкке де қажеті жоқ» деп байбаламға саласыңдар! Осы беттен айнымасаңдар, қазақ романы дами ма? Өсе ме ұлт әдебиеті?..» Кеңірдегіме тақап тұрып айтқан осы сөздері тұла бойымды дір-р еткізген. Шынында да, біздер, қазақтарды айтам, жаңалыққа неге бірден үрке қарайтын елміз? Әсіресе, әдебиеттегі жаңашылдыққа... Жә, заман алмасып жатыр, уақыт соңынан уақыт қуып келеді, әлемде қаншама әдеби өзгеріс-төңкерістер орын алуда – біздің бір орында жер теуіп отыруымыз қалай өзі? Бізде ілгерілеу бар ма? Бар болса, ол қандай? Көзге ұрып тұрған жақсы жаңалықтарымыз кәні? Кім не байқапты осы күні?

«...МОМЫНДЫҚ ПЕН МӘДЕНИЕТТІЛІК!..»

Сөз мырза маған бір жайтты тере­ңірек түсіндірмек болып, әлекке түсті. Жо-жоқ, әдейі түсінбей отырғам жоқ, түсінсем де айтпағына ақылым толық жете бермейтін сыңайлы. Неге олай? Ол былай деген: « Ылғи да үндемей, өзімен-өзі жүретін адамды ынжық, сәл мәдениетті түрде айтпақ болсақ – Момын деп мүйіздеп жатамыз. Момынның бәрі жаман ба? Момын атаулыдан ат-тонымызды ала қашуымыз керек пе? Неге Момын адам жаман болып көрінеді көзімізге? Момынның екінші балама аты – төзім! Тағы бір аты – шыдам! Тағы бір атауы – сабыр! Осылай жалғастыра-жалғай берсек те жарасады бұны! Момын адам, сірә да, жаман ба? Оны жаман деушілер кім өзі?..» Осыны айтқан. Осыны айта отырып, мені де ой кемесіне жетелеген. Енді өзімше қиял кешіп, ой өрнектеп отырған жайым бар! Сірә, біз момын адамды түп-түгел зерттеп-зерделеп, барынша бағалап бола алған жоқпыз. Момындық, ең алдымен кісінің ішкі терең парасатымен сабақтасып жататын құбылыс деп қарасақ, шамасы жаңылыса қоймаспыз. Момын мінез байқатып, өзін саяқ ұстайтын жандар әдетте мәдениеттің биік сатысына көтеріле алғандар болуы бек мүмкін! Осы тұжырымға келісер болсақ, онда Момындық пен Мәдениеттілік қоса-қабаттаса, серіктес-сапарлас жүретін болып шығады! Мәдениеттің бір тетігі, негізгі тетігі – ең алдымен Сабыр мен Төзімге тіреліп жататыны айдай ақиқат емес пе! Мұны кім жоққа шығарар? Ендеше, жасасын мәдениеті биік Момындар!

«...ОЙҒА ИЕ БОЛУ!..»

Сөз, не жақпай қалғанын біле алмадым, аяқ астынан сілкініп-тепсініп тіл қатты: « Бәрің де алдымен мені кіналайсыңдар! Қандай артық-ауыс пікірге ерік берілсе болды, соның барлығы менің әрекетім дейсіңдер. Осы да әділеттік пе? Алдымен сөз тумайды, алдымен ой туады. Ой санада піскен соң ғана сөз болып сыртқа шығады. Оны бәрің де білесіңдер, біле тұрып маған тиісуге құмарсыңдар! Жоқ, болмайды, бұдан былай әр нәрсені өз атымен атауымыз керек! Ойдың өз сыбағасы бар, сөздің өз сыбағасы бар! Екеуінің ара-жігін ажырата салмақтап-бағалайық бұдан былай! Мен осыны талап етемін!..» Сөз мырзаның бұл жолғы әңгімесі де көңілге қонатындай екен! Расында да біз әрдайым бір қисықтау кісіге сын айтар болсақ, оның тілі ащы, сөзі кедір-бұдыр, дегені көңілге қонымсыз, лебізі кермек... деп созып ала жөнелеміз! Ойында кінарат бар-ау деп ойлап та жатпаймыз! Неге? Міне, бар кілтипан осы арадан бастау алатын сыңайлы. Сосын да, мен Сөз мырзаның өкпе-назына түсіністікпен қарағым келеді. Ау, ойлап байқаңызшы, көп алдына шыққан лектор ойына не келсе, соны айтып, айдалаға адасып, ылағып ала жөнелсе, онда қандай мән болмақ? Ғалым қиялына келгеннің барлығын да (бірін қалдырмастан) қағазға шимайлап, шегі де, шеті де жоқ бірнеңені созып отырып алса, оның ғылымға қосар жаңалығы қайсы? Әсіресе, жазушылар «өмірде кездесетін, бола беретін нәрсе ғой» деп, ойы жеткен жерге дейін шарықтап, керегі бар ма, жоқ па – оған мән беріп жатпастан, (ондай жазбалар қазіргі кезде аз емес, әрине!) қиял жетегіне түсіп алып, қиялилау бірнеңелерді талғамсыз топырлата берсе, ондай кітапта мән-мағына қалар ма? Оқитын оқырманды шатастыру, адастыру, аямау, тіпті әрбірден соң оның қиялына қысастық жасау болып шықпас па? Ой демократиясы, ой еркіндігі дегенді білеміз, бірақ оның да белгілі бір шегі бар, қанша тілің қышып тұрса да тоқтам ойлап-тежеле білу бар, ал, енді тежелуді білместен, арқырап асып-төгілу түптің түбінде жақсылыққа апарып соқтырмас, сірә! Кітап, оның ішінде әсіресе көр­кем шығарма адамды тәрбиелеуге, адамды ізгілікке ұмтылдыруға, адамды жақсы өмір­ге ынталандыруға қызмет ететіні рас болса, онда кісі ойы да осы мақсаттың айна­ласынан табылып жатқаны мақұл-ақ! Қысқасы, ойға ие болатын заман туған сияқты! Ойланайықшы, ендеше! Бәріміз де Ойға оралайықшы!..

«...ИМИДЖГЕ ИЕ БОЛАМ ДЕСЕК...»

Сөз айтты маған: « Қай елдің болмасын, жақсы имиджі қалыптассын десек, ең алдымен сол елдің өзін жақсы қырынан таныстыруға ұмтылу ләзім. Өз қасиеттері мен ерекшеліктерін өзі елей бермейтін халықтың имиджі де тым төмен бола бермек! Олай болса, имидж деген әр халықтың өз қалауындағы, өз қолындағы нәрсе! Саяси-экономикалық имиджін біршама қалыптастырып алған біздің елдің енді рухани-мәдени имидж жолына шынттап түсер кезі де келгендей. Бұл жолда ең алдымен көңіл аударар бағыт – тіл көсегесін көгерту! Ал, ол... талай-талай бастауларға жол салмақшы, ойлап қарасаң! Осыны ақыл таразысына салып байқадың ба сен?..» Оның айтқандарына үнсіз бас шұлғығам. Рас, біздің халыққа мәдениет пен руханиятқа бет бұрар уақыт туды. Күні кеше Ел Президенті де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласын тап керек тұста жазып-жариялағаны көп көңілінен шыққан жоқ па! Бір ұлттың имиджі деген не? Оның алғышарттары қандай болмақ? 10-ғасырларда әйгілі Бағдад қаласында «Білімділер орталығы» құрылып, оған ең мықты да үздік ғалым-ойшылдар топтастырылған. Олар әлемнің ең үздік деген ғылыми-теориялық, саяси-мәдени еңбек-кітаптарын екшеп алып, дереу араб тіліне аударып, айналымға енгізіп отырған. Соның арқасында араб тілі тез-тез өркендеді, оны үйренуге талпынушылар қатары артты. Осылайша, араб мәдениеті де әлемге айқара есік ашты. 17-19 ғасырларда Француз халқының мәдени және әдеп бейнесі барынша шарықтады, олардың киім үлгісі де, жүріс-тұрысы да, сөйлеу мәнері де, қысқасы барлық жағынан өзгелер қызығарлықтай деңгейге көтерілді. Көрші Ресейдің зиялы деген ортасы французша сөйлеуді бойына жұқтырды, оны мәртебе санады. Тіпті, ұлы жазушысы И. Тургенев сол француз тілінде таза сөйлеп-жаза алған деген дерек те бар. Сонда, Француздар қалайша өзгелерге тым ықпалды бола алды деп ойға қаласың ғой. Демек, елдің имиджін жасайтын – ең алдымен оның өз халқы! Халқы барынша мәдениетті, әдепті, көргенді, шыдамды, ұстамды, ықпалды... бола алса, өзін-өзі сүйе білсе, соғұрлым ол ел өзгелердің қызығушылығын тудырмақ! Ары қарай не айтайын! Имидж! Имидж! Оу, сен расымен қандайсың осы? Сені талдап-талқылауға шама-шарқымыз жетер ме біздің? Сол жағы үнемі ойландыра береді, әттең! Сөз мырза, міне, тағы да мені терең ойға көміп тастағандайсың! Қиял тұңғиығына батырдың да тастадың, қайтейін!..

«...КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ КЕРЕКСІЗ ОЙ!..»

Сөз мырза тап қазір менің сезімімді сілкілеп тастаған. Ойыма келместі тілге тиек етіп, әбден жанымды қинасын кеп! Айтады: « Сендерге тағы бір ескертерім – оймен көп ойнай беруге болмайды. Қаламгер екенмін деп, кісінің санасына сыналаған ой атаулыны жіпке тізіп, оны айбарақ етіп, негізгі кейіпкердің аузына салып, оқырман біткенді шатастыра бермеңдер! Ау, өзің-ақ ойлашы, пенденің санасына бір минут ішінде мың-сан ойлар кіріп-шығып жатады екен, ал, солардың бәрі де жария етерлік нәрсе ме, керек пе жалпы жұртқа, тәрбие бере ме? Міне, алдымен осы жағын саралап-салмақтап алғайсыңдар. Көркем әдебиет жетекші, тәрбиеші, парасатқа жол бастаушы екені рас болса, бұл да аса зор маңызға ие! Демек, кісіде керексіз ойлар да сапырылысып жатады, оның дұрысы мен бұрысын аршып ала білу ләзім! Сонда ғана қаламгерлер жазған көркем дүниелер мен кітаптарды тәрбиеші деп атауға толық хақылымыз!..» Дауласа алмай, мүдіріп қалғам. Айтып тұрғанының жаны бар, әрине! Өзімнің де оқта-текте ойлап қоятын ойларыммен аз да болса үндесіп жатқандай. Осы күні ғой, қайсыбір қаламгердің кітабын ала салып, әңгіме-повесті оқи бастасаң, кейіпкерінің басына не келіп, не кетпейді! Тіпті түкке тұрмасты тәптіштеп-мыжғылап отырып алатыны былай тұрсын, кей тұстарында жүрегіңді айнытады, кейде шошытып тастайды, ал, кей тұстарында «жолыңнан адастырады». Адам- өзгеше жаратылыс! Оның ойлау деңгейі шексіз, қиялы түпсіз, миының мүмкіндігі барынша кең! Бірақ, солай екен деп, әйтеуір кісі ойлайтын ой ғой деп, көсіле сілтеп, кеңінен қозғап, оқырманыңды адастырып, ойын шатастырып, түпсіздікке тарта берудің артында не тұр? Бұның тәрбиелік жағы қайсы? Әлде... еркіндік заманында бәрін де айтып-жаза беруге болады, шек болмайды, керегін ал, керексізін өзің сүзгіден өткіз деп, жас оқырманға салмақтың ауыр жағын аударып тастап, емін-еркін қол шапалақтап отыра бермекпіз бе? «Тәрбиеші әдебиет» дегеніміз осы ма? Жалпы, осы көркем әдебиет дегеніңіз бүгінгі күні расымен «тәрбиеші» ме, жоқ оның да міндет-мақсаты өзгеріп бара ма? Сөз мырза, менің де санамда осындай дүдамал ойлар ойнақ салып келе жатқаны қаш-шан! Сен соны түрткілеп, оятып жіберген сияқтысың...

«...ОҚЫЛАТЫН ҚАЛАМГЕР – ОҚЫЛМАЙТЫН ҚАЛАМГЕР!?» (ойсалар)

Сөз-сұңқар сонау зеңгір көкке шығандап шығып алды да, кенет қайтадан тік шаншылып, төмен құлдилаған. Төбемді ойып кетер ме деп жасқаншақтап, имене түсіп ем, жоқ, ол тап тұсыма жете бере, арын-екпінін басты. Тоқтады. Тілге келді: « Тап мына заманда барша қаламгер атаулыға бір-ақ өлшеммен баға беру жөн бе? Анау оқылады, мынау оқылмайды деп, өзінше білгішсініп, төбе бидің сөзін айтатындар көбейіпті. Кім оқылады, кім оқылмайды – оны мырза көңіл оқырманның еншісіне қалдырмас па? Оқырман – әділ, оқырман– сыншы, оқырман – төреші, оқырман – басын кесіп алсаң да қара қылды қақ жарып айтады, керек десең! Олардың атынан төрелік білдіру – тым өрескелдік!..» Шың­ғырған шындықты шыңыраудан шығарып, ащы да болса ашығын айтып тұр менің Сөз-досым! Тап бір соңғы уақытта еріксіз мазалаған, ойға дамыл бермеген, көңілімде күпті боп жүрген ой-қыжылды тиек етті осы жолы! Мысалмен сөйлеп көрейінші! Осыдан біраз уақыт бұрын ел жаққа жол түскен. Ел іші, әрине, кеңшілік те молшылық! Алдыңа барын тосады, көңіліңді аулап бағады, мерейіңді өсіре сөйлейді, тіпті «ай, сол жағы солғын болып жатыр-ау» деп ішіңнен ойлап жүрген, қанша талпынсаң да жете алмай келе жатқан, жетпегеніңе дейін саралап-салмақтап тастайды. Мақтап отыр екен деп ойлап қаласың әуелде! Сөйтсең, әңгімелерінің аяғында зіл-батпан салмақ тұрады! Қаламгер үшін өз оқырманыңнан қымбат кім бар? Әңгіме көрігі қыза түскен. Өрелі оқырманнан әп дегеннен барынша ықыластанып, білгің келетіні де белгілі нәрсе! Кімді, қай ақын-жазушыны сүйіп оқисыздар деп сұрап та қоямыз. Тіліміздің ұшында, әрине, бүгінгі күні атағы жер жарып тұрған Ә.Тарази, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, Т. Әбдік, Д. Исабеков, М. Шаханов, Т.Нұрмағамбетов, Т. Медетбек, И.Сапарбаев, т.б. қаламгер ағалар іркіліп қалып еді. Солардан сөз бастар деп үміттенесің ғой баяғы... Әлгі кітаптан кітап қоймай оқитын оқырманым салған жерден аты-жөні аса белгілі емес, енді-енді танылып келе жатқан бір жазушының көркем туындысын тамсана кеп сөз етсін! Оны өзім де әзер шырамытып тұрмын, бірақ ананың ыстық та шынайы пікір-лебізінен соң, ішімнен қатты қызығушылық сезімі де ояна бастаған. «Тауып алып, шығармаларын бірауық парақтап көретін екен» деп қоям іштей. Ол ол ма, бір оқырман белгісіздеу ақынның жырын толғана толғады, жатқа айтты, әсерлене оқыды. Тыңдап тұрсам, жап-жақсы өлең! Бірақ, сол ақын жайлы бүгін ғана естіп тұрғаным да жасырын емес. Қысқасы, сол күнгі мөлтекше кездесу кешінде мен өз жаныма бөлекше ой түйдім. «Ау, ана кісілерді неге оқымайсыздар?» деп айта алмадым. Бүгінгі оқырман – кешегі оқырман емес! Бұлар көзі ашық, талғамы бөлек, бағалауы басқаша оқырман! Олардың талғамына дөп жауап беріп, сын-тезінен оп-оңай өтіп кету, әй енді қай қаламгерге де аса қиын-ау! Ендеше, қазіргі заманда қаламгер болудың да салмағы он, уа мың есе ауырлай түскен екен! Мата даңқымен бөз өтетін заман артта қалған сыңайлы! Осыны сіз бен біз кеудемізге қолымызды қойып, мойындауымыз керек шамамыз жетсе! Сөз мырза, сосын да мен сенің айтқаныңды қос қолымды көтере қолдап, осыншама ой толғап отырған жайым бар тап бүгін...

«...АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ!..»

Сөз-семсер әңгімесін былай бастаған: «Екінің бірінің айтатын сөзін қайталайын ба? Ол мынадай: ақын не жазушы болса бітті, ол нағыз азамат; одан өткен патриот жоқ; ұлтты солардай-ақ сүю керек; одан асып түсетін асыл адамды да таппайсың...Осындай көркем де әсем ойды естігенде, әрине, қуанышың қойныңа сыймайды. Қазақ қалам иелерінің қадір-қасиетін бір кісідей-ақ біледі әне деп, сәулелі сезім жетегіне еріп, бір мезет шалқып аларың да бар. Бірақ...бәрі солай ма? Жә, халтурщиктерді есепке алып отырғам жоқ, одан бергілерін, қаламының «желі» барларын түгендеп отырмын. Өкініш атты аузын арандай ашқан апанға сүйрелейтіндер солардың арасынан әредік болса да табылып жататыны қиын-ақ! Өтірік деші, осыны! Өтірік десең, айтар уәлі уәжім де табылады, жалғастыра алам бұл кермек әңгімені! Мысалы, өзі киелі ана тілінің жанашыры бола тұра өз балаларына сол қасиетті тілді үйретпеген. Өзі ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сөзімен де, жазуымен де насихаттап жүргенімен, өз отбасында бәрі де керісінше! Өзгенің жақсыларына тамсанғыш та, өз кереметтеріне тым селқос!.. Басқа елді марапаттағыш, өз елін сынағыш! Өзіндегі түйедейді көзге ілмейді, өзгенің түймедейін айбарақ етіп айтуға құмбыл! Айта берсең, мұндай мысалдардан аяқ алып жүре алмайсың! Ау, неге? Неге бұлай? Неліктен осындай көрсеқызар, әсемпаз елге айналып бара жатырмыз, а?..» Тағы да алдымда кесе-көлденеңдеп тұр! Тағы да мені сынаған боп, жалпы қаламгерлер әулетіне сын-семсерін қадаған түрі бұл! Жауап күткен сыңайы да бар. Жауап керек пе? Ендеше, тыңда, Сөз мырза! Сен жазушысың ба, ұшқышсың ба, дәрігерсің бе, мұғалімсің бе, болмаса басқа мамандық иесісің бе – бәрібір, ең алдымен қазақ деген қасиетті елдің перзенті екеніңді ұмытпа! Бұл – бір! Екіншіден, сенде азаматтық позиция болуы шарт! Ал, оның көлем-деңгейі шалқар да кең! Әлемдегі барша адамдарды сүйе отырып, алдыңғы кезекте өз халқыңды қадір тұт! Шыққан тегіңді мансұқтама! Қадіріне жет! Мұны барлық саналы адамдарға тән мінез десек, енді оған қоса ұлт қаламгері болсаң, осы салмақ екі есе ауырлайды: сен ең алдымен ұлтыңды ұлықтап ал, қымбат рухани қазынаңды жария ет; тегіңнің текті екенін қиюластырып айтып, сендіре сөйле; тамсандырар жақсыңды жалау­латып көрсет; әлемге осындай ел бар екенін барынша көркем қырларымен ұқтырып бақ! Осы әрекетің арқылы келер жас ұрпаққа – өз ұрпағыңа өнегелі ой, сәулелі сезім, тұнық та тұңғиық тәрбие тастап кете аласың! Әй, бірақ осының бәрі де айналып келгенде сол бойға Ана сүтімен сіңген Азаматтық позицияға табан тіреп жататын болар! Азамат ретінде өз позициясын жоғалтып алғандар – елін де, жерін де, ұлтын да сүйіп жарытпас! Әлемшіл болам деп жүріп, өз «әлемінен» айрылып тынар бір күні!...Солай, Сөз мырза!!!

1403 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз