• Еркін ой мінбері
  • 20 Қыркүйек, 2017

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ

Ханкелді Әбжанов – Ш. Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология  институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Аңдату

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы пайымдар мен нақты ұсыныстар тәуелсіз Қазақстанды мемлекет ретінде, ал, оның азаматтарын азат адамдар қауымдастығы дүниетанымымен қалыптастыру жолындағы ізденістерінің қисынды жалғасы болып табылады. Мұнда әлемдік және отандық тәжірибені ой елегінен өткізумен ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың мәнді сипаты тиянақталып, оны замана сынағынан аман-есен алып шығатын жобалар ұсынылған [1,1-2б.]. Болашақты байыпты болжай алған еңбекте екі стратегиялық міндет күн тәртібіне қойылды: біріншісі – ұлттық сананы заманауи биікке көтеру үдерісінде қазақтың қазақ қалпынан айырылып қалмау; екіншісі – жаңаша жаңғыру үстіндегі әлемдік өркениет тұлпарының құйрығынан емес, жалынан ұстап, тәуелсіз еліміз бен халқымызды тарих шаңына көмілуден сақтайтын бәсекелік қабілетін шыңдау, ең дамыған 30 елдің қатарына ену. Қос міндетті шешу үшін экономика, саясат, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік инфрақұрылым, биік технологиялар қаншалықты маңызды болса, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар да соншалықты қажет. Айталық, қазақтың қазақ екенін, басқаларға қай тұрғыдан алыс-жақынын айшықтайтын ұлттық код болмысын түсінуге физика, химия, биология, генетика ғылымдары азды-көпті шылбыр ұстататыны рас-ау, бірақ тарих, тіл, мәдениет, философия, этнология, әдебиеттану ғылымдарынсыз қайдан шыққанымызды, қандай белестерден өткенімізді, тапқанымыз бен жоғалтқанымызды дұрыс ұғынудан қалып, Лин Баоны Елібаймен, Абылайды некесіз туған ұлмен шатастырған адасуларға жол береміз. Кезінде Алаш кайраткерлері ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының мешеулігін қоғамдық-гуманитарлық ғылымдағы күрделі ахуалмен байланыстыра сөз қылғаны бекер емес. М. Дулатұлы 1914 жылы жазылған «Абай» мақаласында былай деген екен: «қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады... Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ». Әрине, бұдан ғылымның басқа салаларына – техникаға, жаратылыстануға менсінбей қарауды іздемеу керек. Әңгіме ұлттықты сақтап, ілгері басу, тұлғаға артылар миссия туралы ғана болып тұр. Ал, содан бері талас-тартыс, сын-қатер бұрынғыдан еселеп артты. Ондаған империялар ыдырады, жүздеген тілдер жоғалды, миллиондаған адамдарды соғыс жалмады. Демек, президенттік бағдарламалық мақаладағы: «жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу..., егер, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген тұжырымда тео­­риялық, методологиялық, танымдық зор әлеу­ет жатыр [1,1б.].

Тарих және шығармашылық еркіндік

Білген жанға тарихтың тағылымы мен үйретері шексіз мол қазына. Солардың ішіндегі ең бағалысы – әркімнің және бар­шаның азаттығы мен еркіндігін қастерлеу. Ғасырларға созылған отарлық-тоталитарлық зорлық біздің санамызға ақтаңдақ пен қай­шы­лықтарды аяусыз орнықтырды. Одан арылуға көмекке ғылым жегілуі тиіс. Рухани жаңғыруға серпін беретін кө­шелі ғылым – тарих ғылымы. Ұлы далада тарихи ілім мен сана сақ зама­нында-ақ жоғары бағаланғанын Геродот шығармалары куәлендіреді. Тарихқа тағзым кейінде де бір мысқал кеміген жоқ. Бабаларымыз тәрізді тарихтан ұрпақ сабақтастығын көрудеміз, оны өркениеттік, ұлттық, рухани кемелдіктің кепілі ретінде құрметтейміз. Тарихи ақиқат пен тарих ғылымдарының сөзі барынша сәйкес келуіне, арасынан қыл өтпейтін тұтастығына қол жеткенде рухани жаңғырудың тынысы ашылары сөзсіз. Сөз түзелмей оны тұтынушының санасы түзелмейді. Санасы түзелмеген жаннан саналы іс шықпайды. Елбасының мақаласы ұлттық тарихты мәртебелі биікке көтерудің бұрын-соңды көп айтыла бермейтін екі тұғырын ерекше атап өткен. Олар – «Туған жер» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Түптеп келгенде, тарих үдерісі көкте де емес, жердің астында да емес, жер бетінде жүреді ғой. Біздің антропология­мыз, шаруашылығымыз, өмір салтымыз, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасымыз негізінен жеріміздің аумағымен, табиғи-географиялық факторлармен, асты-үстіндегі ресурстармен анықталғаны айдай анық ақиқат. Әріде ғұлама әл-Фарабиді, беріде батыр С.Рахимовты төл тарихымызға әкеп қосқан көрсеткіш түркілік тегі де емес, әкесінің қазақ болғаны да емес.Ежелгі қазақ жерінде жарық дүниеге келгендіктен олар ұлттық тарихымыздың мақтанышына айналды. Ендеше туған жер мен киелі география жайлы ойтолғаныс қазақстандық тарихнаманың өркенді бағытына серпін беретінінен үміт зор. Қай қоғамда болмасын, ғылымның ілгерілеуі мен іркілісі, нәтижелері мен жаңалықтары адам факторына тәуелді. Тарих ғылымында да солай. Нақты мысалдарға жүгінсек, кеңестік тоталитарлық қыспақта жүріп-ақ тарихшылардың бірнеше буыны, С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов, Ә. Марғұлан, Е. Бекмаханов, О. Ысмағұлов сынды ғалымдар өлмес зерттеулерін жазған жоқ па! Әрине, мемлекеттің ғылымға қатысты саясаты көп мәселені анықтайтынын жоққа шығармаймыз. Әйтпесе, отарлық дәуірдегі Қазақстанда кәсіби тарихшы даярлайтын бірде-бір оқу орны болмағанын қайтіп түсінуге болады. Есесіне кеңестік жылдары ашылған тарих факультеттері мен кафедралары, ҒЗИ-лары қатаң партиялық, идеологиялық бақылаудан көз ашпады. Тарихшылар үшін нағыз шығарма­шылық еркіндік тәуелсіздікпен келді. Зерттеуге тыйым салынған тақырыптар мен құжаттар тар қапастан жарыққа шықты, жаңа мамандықтар ашылды, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс ұлғайды. Республикамыздың барлық аумақтарында ғалым тарихшылар мек­тебі қалыптасты. Қазақстандық тарих ғылымының бүгінгі адами капиталын 200-ге жуық ғылым док­торлары мен 800-ден астам ғылым кандидаттары құрайды. Олар жүздеген кафед­раларда, ондаған ҒЗИ-ларда шоғырланған. Араларында ҰҒА-ның 8 академигі, 4 мүше-корреспонденті бар. Тарихшы ғалымдардың негізгі дені тәуелсіздік тұсында ғылыми атақ-дәрежелерін алғанмен, үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүргендері маман ретінде ке­ңес­тік дәуірде қалыптасқандар. Тәуелсіз Қазақстанда туып, тарихшы мамандығын иеленген жастар ғылымға енді келе бастады. Алдағы 8-10 жылдан кейін бұлардан жас Ақышев, Арғынбаев, Дахшлейгер, Дулатова, Нұрпейіс, Сүлейменов шыға бастаса, ұстаз­дарына айтар алғысымыз шексіз. Азаттық интеллектуалды бұла күштің көзін ашты. Бұл үдерістің басы ғана. Ескінің мұрасы санамыздан толық кете қойған жоқ.

Тарихшы ғалымдар кімдер?

Формациялық, танымдық, құндылық тұрғысынан өтпелі дәуірге тап болған та­рих­шылар қауымын интеллектуалды қазы­наға қосқан толымды-толымсыз үлесіне қарай үш топқа жіктеуге болады. Бірінші топ әлеуметтік-кәсіби ізденісінде алға да шығып кетпеді, артта да қалып қойған жоқ. Саны жағынан тарих ғылымындағылардың жартысын құрайды. Диссертацияларында, мақалаларында, тіпті, монографияларында бұрыннан белгілі немесе жаңадан ашылған қағидалар, фактілер, үдерістер қайталанды. Кейбіреулері, әсіресе, КОКП тарихынан диссертация қорғағандар тарихқа материалистік, таптық көзқарастарынан арыла алмады. Бұлар соған қарамастан тарих ғылымы мен тарихи білімнің еңбекқор насихатшылары еді. Басым бөлігі ЖОО-ларда шоғырланып, жаңа тарихи сананы қалыптастыру міндетіне қызмет етті. Тұтастай алғанда, Елбасы мақаласының рухында айтсақ, оқу анасы – қайталауды қапысыз атқарғанымен өмірдегі өзгеріске, ғылымның түпкөздегені – жаңалық ашу­ға шығармашылығы бейімделмеген та­рихшылар тобы өсіп шықты. Бұлар ғылымның көркі де емес, соры да емес. Ғылымның соры екінші топтағылар – плагиаторлар, яғни, сумақайлар. Ғы­лымдағы сумақайлықты мемлекеттік қызметтегі жемқорлықпен бірдей айыптайтын уақыт келді. Мүмкін арнайы Заң қабылдау керек шығар. Әзірше, ұрлығы ашылған сумақай ұялғансиды, ұятсыздары түк болмағандай жалғанды жалпағынан басып жүр. Білім және ғылым министрлігі осы істе тым салғырт. Білетіндердің айтуынша, соңғы жылдары ғана ғылымдағы жемқорлар 5 млрд теңгені жымқырыпты. Қазіргі тарихшы ғалымдар қатарында – магистрден профессорға дейін – шамамен әрбір бесінші жан – сумақай. Ғы­лыми конференцияның материалдары топтастырылған кез келген жинақта, БАҚ бетіндегі мақалаларда мұндайлар өріп жүр. Әріптестерінің бір емес, бірнеше монографиясына «жиендік» жасағандарды көзіміз көрді. Әшкереленгендері – бір тоғыз, әшкереленбегендері үйірімен үш тоғыз. Бірен-сараны үлкенді-кішілі ғылыми-пе­да­гогикалық немесе ғылыми ұжымды басқарып отыр. Сумақайлар рухани жаңғыруға олжа салмайды, бірақ, жалған ұраншылдығымен, жылпостығымен ғылымдағы әлеуметтік-кәсіби және рухани-имандық тазалықты бір қарын майдағы құмалақтай шірітері сөзсіз. Кеңестік жылдары әрбір он ғылым кандидатына бір ғылым докторынан келетін. Бүгінде ол арақатынас 1:4-ке жетті. Қоғамда ғылым докторларының көбейгені емес, лайықсыздарының жойдасыз тайраңдауы, кеудемсоқтығы, билікқұмарлығы алаңдаушылық туғызуда. Ғалымның да, ғылымның да қадірін кетіргендер – осылар. Төніп келе жатқан апаттан интеллектуалдық әлеуетті құтқару үшін ЖОО-ны үш сатылы оқыту жүйесіне, Ғылым академиясын қоғамдық бірлестікке көшіруге мәжбүр болдық. Реформадан тапқанымыздан гөрі жоғалтқанымыз көп тәрізді. Сол себепті, Елбасының мақаласында айтылған, «бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауа­дай қажет», деген сөзден астарлы сынды және кемеңгерлікті көремін /1,2б./. Рухани жаңғыру үдерісінің алдыңғы шебінде әлеуметтік-кәсіби жаңғыруды әлдеқашан бастарынан өткерген тарихшылар тобы келе жатыр. Бұлар ғылымға жегілген әріптестерінің үштен бірін құрайды. Арасында дүниеден озғандар да бар. Мәселен, тәуелсіздік таңы атқанда академик М. Қозыбаевтың жасы 60-тан асып кеткен болатын. Қырандай қайта түледі. Азаттықтың он жылы ішінде бұрынғыдан да өнімді еңбек ете алды, баға жетпес мұра қалдырды. Ал, бүгінгі академик Б. Байтанаев 1991 жылы орда бұзар отызға енді ғана кірген еді. Отан тарихы мамандығын археологияға алмастырған ол іргелі зерттеулерін дүниеге әкелуде. Біз бұл жерде ұрпақ сабақтастығын ғана көріп отырған жоқпыз, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудағы ғалымдардың айрықша миссиясына куәгерміз. Нағыз ғалым атағына лайық­ты­лар­дың еңбегімен отандық тарих ғылымының теориялық, мето­доло­гия­лық, деректік негіздері жаңаша түледі, өткеніміздің ғылыми келбеті «ақтаңдақтардан» арылды, қиянатқа ұшыраған тұлғалардың есімі мен ісі халқымен қайта қауышты, тарихи ой-сана дұрыс қалыптасуда, ұлттық тарих пен ғылымның халықаралық таны­малдығы артты. Ұлттық тарих­намада ҰҒА академиктері К. Бай­пақовтың, Б. Көмековтың, Е. Сы­дықовтың, М. Қойгелдиевтің, ҰҒА мүше-корреспонденттері М. Әбусейітованың, Б. Кәрібаевтың, Ж. Таймағанбетовтың, профессорлар Ж. Қасымбаевтың, Т. Омарбековтың, Қ. Әбуевтің, С. Сыздықовтың, Ә. Мұқтардың, С. Әжі­ғалидың, т.б. азаматтардың есімдері құрметпен аталуы заңды. Оралман бауырларымыз З. Қинаятұлы, Н. Мұхаметханұлы, Б. Еженхан, Ә. Дәу­летхан, З. Қабылдинов, Ә. Момынов тарихи танымымызды тереңдетті. Рухани жаңғыру жайлы мақалада: «біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық», делінген[1,2б.]. Жаңашыл да жасампаз тарихшы ғылымдар осы құрсауды бұзды. Сонысымен жас пен кәрінің азаттыққа адалдығын, жер мен тілге құрметін, азаматтардың бірлігі мен ынтымағын, тәуел­сіздіктің интеллектуалдық ірге­тасын нығайтты. Осы орайда қазақтың басқа ақындарынан Абай қандай интеллектуалды қасиетімен ерекшеленетінін дәйектегенде А. Байтұр­сынұлы алға тартқан уәжді еске сала кеткенді жөн көрдік. «Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан, – дейді ұлт ұстазы. – Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген... Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған» [2,99-100б.]. Әр затты өз атымен атаған Абайдың танымдық ерлігін замандастарының түсін­гендерінен түсінбегендері көп еді. Уақыт бәрін орны орнына қойып берді. Біздің де насихатшы, сумақай, жасампаз тарихшыларымыз бүгін болмаса да ертең өзіне лайықты бағасын алары сөзсіз. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген­дейін, ұлттық тарихымызға басқа сала мен мамандық иелерінің ден қоюы үлкен құбылысқа айналып отыр. Араларында әуесқой да, тарих пен тарих ғылымдарының заңын белден басқан қиялшыл да, терең ойлы да зерттеушілер бар. Бұлар – тарихшы ғалымдар қауы­мының құрамдас бөлігі. Үлкен кем­ші­ліктері – ұлттық тарихымыздың бары­сы мен тағылымынан қылаудай мін тап­пай, жақсылығын асырып, жаманын жа­сырып жазуға басымдық беретіні. Елбасымыз бүгінгі замандаста­ры­мыздың жетістіктері тарихына назар аударуды ұсынғаны белгілі. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырғанды жөн санап отыр. Осы орайда, «жаңа есім» мәртебесіне лайық 100 тарихшы ғалым жайлы кітап шығаратын уақыт келді деп білемін. Палеолиттен орта ғасырлық қала мәдениетіне дейінгі тарихи үдерісті саралаған археолог та, адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен жер қойнына кір­генге дейінгі аралықтағы салт-дәстүрді зерттеуші этнограф та, Ұлы даладағы алғашқы мемлекеттік құрылымнан тәу­ел­сіз Қазақстан мемлекеттігінің қалып­тасуына дейінгі мәселелерді зерделеген тарихшы ғалымның зертханасы да таным объектісі болуға әбден лайық.

Тарих ғылымының бүгіні мен келешегі

Иә, тәуелсіздік жылдарында отандық тарихшылар көп іс тындырды. Ұлттық тарих жылын атап өту, «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламаларын жүзеге асыру, Қазақ хандығының 550 жылдығын, ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларын халықаралық деңгейде ұлықтау кімнің қолынан не келетінін көрсетті. Алайда, қазіргі тарих ғылымында кінарат жоқ деген ойдан аулақпын. Ортағасырлық тілдерді білетін мамандар аз, физикалық антропологияны зерттейтін тарихшылар қатары сиреп тұр. Ақиқаттан ауылы алыс, сана мен жүрекке берер нәрі жоқ, ойсыз шатылған кітаптар жетіп артылады. Кейбіреулерінің авторына Нобель сыйлығының сайқымазақ нұсқасы Шнобель сыйлығын беруге болады. Пәтуасыз ғылыми басқосулар, «дөңгелек» үстелдер жойдасыз көбейіп кетті. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде бір ғана тарихшы – М. Қозыбаев – ҚР Мемлекеттік сыйлығын алғаны көңілді көншіте қоймайды.Тарих ғылымындағы мамандықтардың, ЖОО оқулықтарының жай-күйін, отандық тарих ғылымдарын дамыту тұжырымдамасы күні бүгінге дейін түзілмегенін тілге тиек етсек, тым ұзаққа кетеміз. Ғалымдардың атына орынды-орынсыз сын да айтылуда. Қалай десек те, шын сыннан қорытынды шығарудың реті келіп тұр. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, ұлттық тарих ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттырумен айналысып жатқан мемлекеттік құрылым жоқ. Уақытты ұттырмай, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тарих ғылымының әлемдік кеңістігіне ену жолдарын тапқан жөн. Бұл үшін қазақстандық шеңберден шығып, тарихи зерттеулер жобасына халықаралық конкурс жариялау керек шығар, сірә. Қазақстан тарихынан зерттеу жүргізуге әзір ғалым алыстағы Америка мен Австралияда да, іргедегі Ресей мен Қытайда да, бауырлас Өзбекстан мен Қырғызстанда да бар. Қаражат сыртқа кетеді деп қорқатын уакыт емес. Бәсекелік орта адамды ширатады. Елбасының пайымынша, «бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық ғана өнім емес, сонымен бірге, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» /1,1б./. Екіншіден, тарих ғылымдарының шығынын мемлекет көтеріп отырғандықтан орындаушылардың жауапкершілігін күрт арттырмаса, бәрі бекер. Ғылыми жоба нәтижелері іргелі моно­графия, оқулық, құжаттар жинағы, тың жаңалық түрінде қалың оқырман құзырына ұсынылғаны маңызды. Бұған дейін жобалар өкілетті органға есеп берумен аяқталып келді. Өзін ақтамаған осынау тәжірибеден қол үзген жөн. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын Ұлттық идея бағдарламасы аясында жүздеген жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды, бірнеше млрд теңге жұмсалды. Ал, соңында жарық көрген кітаптар саны 10-15-ке жете ме, жетпей ме, құдай білсін. Игілігін халық көрмеген ғылым кімге керек? Прагматизм – ХХI ғасырда ұлттық сананы жаңғыртудың басым бағыты. «Прагматизм, – дейді Президентіміз, – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» /1,1б./. Үшіншіден, жобаның орындаушысын анықтағанда ҒЗИ-ларға басымдық берген дұрыс. Біз ЖОО-лардың қабілет-қарымына сенбей отырған жоқпыз. Үлкен педагогикалық жүктемемен жүрген профессор-оқытушылар ғылыми жобаны дер кезінде әрі сапалы орындай алмай қалуы бек мүмкін деген қаупіміз бар. Көз жеткізу үшін эксперимент жүргізсе, артықтық етпейді. Айталық, бір жобаны екі ұжымға – ҒЗИ мен ЖОО тарихшыларына беріп, қайсының нәтижелері өрелі екенін анықтау арқылы. Өз кезегінде ҒЗИ-ды басқаруды демократияландыруға бет бұрған абзал. Ғылыми кеңес ендігі директордың қуыршағы екені құпия емес. Институт шығарған еңбек авторлары ішінде бірінші басшының бірінші орында тұруы дағдыға айналып барады. Тіпті, 368 беттік кітаптың екі бет алғысөзін жазғаны үшін авторлық құкықты иеленген әрі редакциясын жүзеге асырған да өзі екенін қымсынбай көрсеткен директор бар. Түйіп айтсақ, та­рих ғылымының тағдыры мен өміршең идея­лары ҒЗИ-ларға байлаулы екенін ресми жариялау артықтық етпейді. Бағдарламалық мақалада көрсетілгендей, «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» /1,1б./. Төртіншіден, ғылым кеңістігінде ағылшын тілі үстемдік құрып тұрғандықтан қазақстандық үздік тарихи зерттеулерді ағылшыншаға аударудың мүмкіншілігін арттырған абзал. Алдағы 10-15 жыл бойы осы мақсатқа мемлекет қаржы бөлсе, әлемдегі интеллектуалдық танымалдығымыз артары сөзсіз. Қазақстанды Боратпен шатас­тырушы көрермендердің көзі ашылар еді. 2030 жылдан әріде тарих ғылымына шет тілін еркін меңгерген мамандар келумен мәселе өзінен өзі шешіледі.Ұсынысымыз «Қазақстан-2050», Үшінші жаңғыру Стратегияларымен үндесіп тұр. 2012 жылғы 14 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халкына Жолдауында Елбасымыз: «тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХI ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс», деген жоқ па! [3, 3б.]. Бесіншіден, нарықтың көздегені мен өлшемі – табыс. Гуманитарлық ғылым иесінің табысы, айлығының мөлшері еш сын көтермейді. Тарихи зерттеулерді коммерциялау тетігін әзірге ешкім тапқан жоқ. Бірер нақты жобаға немесе тақырыпқа шетелден инвестиция тарту мүмкін шығар, ал, тұтас ғылым саласын, оның ішінде тарихты бөтеннің қолдауымен ілгерілетуден дәмету – утопия. Отандық бай-бағландар белсенділік танытпауда. Сондықтан, тарих ғылымын нарыққа жығып бермеу үшін мемлекет тарапынан шұғыл шара қолданылмаса, бүгінгі әлеуетті сақтап қалу, ғылымға талантты жастарды тарту қиынның қиыны болғалы тұр. 60-90 мың теңге айлықпен жүрген ғалымнан үлкен ғылымды талап ету – ұсталмаған аюдың терісін бөлгенмен пара-пар. Әрине, жастарға мінез-құлық прагматизмі жарасады. «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді»/1,1б./. Дегенмен ғылымға ішкі жиынтық өнімнің 3 пайызын демейік, бір пайызын бөлгенді көру арманға айналып барады. Алтыншыдан, ғылымның көсегесін көгертетін факторлар көп. Соның ішінде екеуі аса маңызды: бірі – ғылымның ішкі сұранысы, өзекті зерттеуді қажетсінуі, екіншісі – билік тарапынан мемлекеттік ғылыми тапсырыс­ты біліктілікпен түзуі. Екеуі тепе-теңдігі мен үйлесімін тапқанда интеллектуалдық серпіліс туады. Өкінішке орай, қазіргі тарих ғы­лымында таразы басы тең емес. Та­рих­­шылардың, яғни, төмендегілердің, сұ­ранысы да, ұсынысы да баршылық. Тұтастай алғанда, қандай тақырыпты зерттеу керектігін әрбір ғалым өзінше анықтауда. Ғалым атын жамылған насихатшылар мен сумақайлар бар екенін ескерсек, олардың жобалары берісі – қара­қан басының қамынан аспайтынын, әрісі – белгілі жайды қайталайтынын мойындауымыз керек. Ал, жобалардың озығын қолдауға, тозығын сылып тастауға жоға­рыдағы Ғылым комитеті қауқарсыз, Ұлттық ғылыми кеңестің мүмкіншілігі шектеулі. «Ғылым туралы» Заң бойынша Ғылым комитеті ғылыми жобаны ұсына да, іріктей де алмайды, яғни, мемлекеттік тапсырыс беруден тыс қалған. Ішкі құ­рылымы нақты ғылым саласымен айналысуға бағышталмаған. Ұлттық ғы­лыми кеңестің тәуелсіз эксперттер жобаға қойған бағадан асуға құқығы жоқ. Турасынан айтсақ, ғылымға мемлекет атынан басшылық жасайтын өкілетті орган бар болғанымен оның құзыреті міндетіне сәйкес емес. Ендеше, қазіргі тарих ғылымындағы жасампаз әлеуеттің толық ашылмауына басты себеп – оны ұйымдастырудың, іргелі нәтижеге жегудің мемлекеттік моделі түзілмегені. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар биліктің араласуын мейлінше азайтуды талап ететін экономика немесе кәсіпкерлік емес. Бұл салада билік пен интеллектуалдық элитаның одағы және бірлесе қимылдауы мейлінше маңызды. Әзірге ақиқаттың қисынынан жекелеген ғалымның қалауы үстем түсуде, ғылыми жобалардың өзара байланысы мен сабақтастығы сақталмай, ала-құла ізденістерге жол ашылуда. Бас-басына би болғанның кері ғылымды басиесіз қалдырды, жемқор мен сумақайдың күні туды. Тарих ғылымдарын ұйымдастыру мен басқарудағы қалыптасқан ахуалды тез арада сауықтандырмасақ, рухани жаңғыру, Елбасы ескерткендей, құр жаңғырыққа айналып кету қаупінен арылмайды. Менің ойымша, мәселені шешудің екі жолы бар. Бірі – «Ғылым туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізіп, Ғылым комитетінің қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардағы өкілеттігі шеңберін кеңейту. Мәселен, гранттық қаржыландырудың 35%-ын, бағдарламалық-нысаналы қаржылан­дырудың 50%-ын қазақстандық және шетелдік әйгілі ғалымдарға, қоғамдық пікірді ескере отырып, ғылыми жобаны орындауға бөлу құқығын Ғылым комитетіне неге бермеске? Мәскеудегі Д. Аманжолова, Қытайдағы Ш. Ахметұлы, Түркиядағы Ә. Қара, басқа да кемел тарихшыларымыз қомақты қаражатпен бекемделген жобаларға жетекшілік жасаудан тартынбас еді. Нәтижесінде ғылым да, ғалым да, мемлекеттік билік те нақты жауапкершілікке жегіліп, рухани жаңғыруға септесер еді. Ғылыми жобаны сапасыз атқарғаны үшін сайда саны, құмда ізі жоқ әлдебір қоғамдық бірлестікті айыптағанды, аты-жөні беймәлім кіші немесе аға ғылыми қызметкерді сынағанды қояр едік. Екінші жолы – дербес министрлік құру. Қазіргі Білім және ғылым министрлігінен Ғылым министрлігін бөлек шығару қажет­тілігі әбден пісіп-жетілді. Жаңа өкілетті органның ішкі құрылымы бұрынғы Ғылым академиясының бөлім­шелеріне мейлінше жақын болғаны жөн. ҰҒА академиктері мен мүше-корреспонденттерінің ғылы­ми жобаларға алдын-ала сараптама жасаудағы, аяқталған жобаларды баға­лаудағы рөлін күшейтуден еш ұтыл­маймыз. Дербес ғылым министрлігінің қажет­тілігін жалаң статистикадан да байқауға болады: ғылыммен 20-25 мың адам айналысады, ал, білім саласындағылар бұдан жүз есе көп [4,13б.]. Әрине, жүздің жырымен жүрген министрліктің бір пайызға бөлер уақыты да, күш-қуаты да бола бермейді. Иә, біреу үшін біз қазір бір пайыз ғанамыз, бірақ, сол бір пайыз да жүз пайыз ықылас пен қолдауға зәру. Қысқасы, рухани жаңғыру мемлекеттік биліктен өзгеруді талап ететінін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет, делінген мақалада, «құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» [1,2б.]. Жетіншіден, Елбасы ұлықтаған рухани жаңғырудың таяу жылдардағы алты міндет-жобасымен (қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім») қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың, оның ішінде тарих ғылымының да ізденіс аясы шектелмеуі керек. Тек осы жобаларға ғана қаражат бөлінетін болса, біраз мамандықтан айрылып қаламыз. Мақаланың егжей-тегжейлі бағдарлама емес, бағдар екенін қаперден шығармайық. Алда тұрған міндеттер өте күрделі әрі жауапты болғандықтан барша зиялы қауымның, билік жүйесінің тізе қоса қимылдауын талап етеді. Сегізіншіден, ең бас­тысы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аса жоғары методологиялық өресі мен мәдениетін ұлттық тарихты зерттеудің бірегей методологиясын түзуге кешенді пайдалануды ұсынамын. Ұлы дала елінің қай дәуірдегі тарихын алмайық, арғы қазақтардың, бабаларымыздың, қазақ этносының әртарапты сабақтастығы, шаруа­шылық-мәдени типі мен генезисіндегі ортақ өзегі мен мүддесі, түрлі геосаяси сілкіністер этникалық кодын өзгеріске түсіргенімен бұза алмағаны алдымыздан шығады. Осылардың жұмбағы мен құпиясына, сыры мен тағылымына өзгенің көзімен емес, халқымыздың, Абай айтқандай, «көкі­регіндегі көзімен» бойлағаннан басқа жол жоқ. Бұл әрі-беріден кейін артта қалған күндерге тағзым жасай отырып, келер шаққа нық сеніммен қадам басуға да қажет шарт. Елбасы мақаласындағы: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», /1, 1б./ деген жолдарды өз басым осылай қабыл­дадым. Демек, мың бояулы ұлттық құбылыс – төл тарихымызды ақиқатынан әрі тереңінен ашатын қазақстандык методология түзілмейінше, жартыкеш білім-ғылыммен қанағаттануға тура келеді. Өйткені, тарихты зерттеу методологиясы дегеніміз – нақты мәселеге (жобаға, тақырыпқа) қатысты деректер мен айғақтарды біліктілікпен айна қатесіз табу үшін әрі солардың байланысы мен қисынын талдау негізінде тарихи үдеріс пен оқиғаның барысын, ірілі-ұсақты нәтижесін, себептері мен салдарын, қысқасы, барша болмыс-бітімін халықтың һәм мемлекеттің өз дәуірі мен кеңістігіндегі мақсат-мүддесі, құндылықтары биігінен, тұлғаның әрекетімен, жаһандық ахуалды ескере, жаңалық ашу, ақиқатты айту әдіс-тәсілдері, заңы, теориясы. Бізді Батыс ғалымдары, тіпті, үш ғасыр бойы өзіміз боданында болған Ресей ғалымдары қалыптастырған зерттеу методологиясы көздеген мақсатымызға жеткізбейді. Қай жағынан алып қарасақ та – экономикада, мәдениетте, әлеуметтік жіктелісте, туыстық қарым-қатынаста, т.б.с.с. – олар бізден, біз олардан өзгешеміз. Мәселен, қазақ халқының жер бетінде бар-жоғынан хабарсыз А. Тойнбидің методологиясы Америка мен Еуропаны зерттеуге дөп келгендіктен әлі тұғыр­дан түспей келеді, бірақ Қазақстан тари­хын зерттеуге әмбебап тұғырнама бола алмайды. Түркі өркениетін мойындамайтын, көшпелілер тарихына шекеден қарайтын ілімді қалай төрге шығара аламыз. Қазақ топырағынан тыс жерде дүниеге келген маркстік-лениндік методологияның, қанша әлпештесекте, тарихымыздың болмыс-бітімін аша алмағанынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Елбасының сөзімен айтсақ, «біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ»/1,2б./. Қысқасы, адамзаттың тарихи ақыл-ойын білу, жарамдысын ғылымда қолдануға алу парыз. Бірақ, ұлттық тарихтың ақиқаты ғылыми танымның ұлттық-методологиялық ұстанымдары мен өлшемдеріне сүйенумен ашылатынын бұлжымас заң ретінде басшылыққа алмасақ, бөтеннің жетегіне байланғанымыз байланған. Қазақ әдебиетінде ұлттық танымның тамаша методологиялық үлгісін М. Әуезов сомдаса, қазақ тарихы өз Әуезовын күтуде.

Қорытынды

Рухани жаңғыру ұзақ уақытты талап етеді. Мемлекетті басқару институтының формасын 2-3 ай ішінде түбегейлі өзгертуге болады. Ең соңғы технологиялармен жаб­дықталған кәсіпорынды бір жылда қатарға қосу қиын емес. Төрт жыл оқыған бакалавр ағылшын тілін меңгеріп шығуда. Ал, сананы жаңғырту бір ұрпақтың алмасуымен біте салатын іс санатына жатпайды. Оған септесетін тарих ғылымы бір қадам болса да үдерістің алдында жүргені дұрыс. Осы мақсатпен үзіліссіз жұмыс істеуге даяр адами капитал бар, соны ұқсататын саясат пен билікке сұраныс күн санап артуда. Жалпыға бірдей тарихи сауаттылыққа қол жеткізу мен рухани жаңғыру – ажыра­ғысыз байланыстағы өзара ықпалдасты құндылықтар. Олар қазақстандық патрио­тизмді қалыптастыруға пәрменді әсер етуімен ұлттық қауіпсіздігіміздің, бәсекеге қабілеттілігіміздің нығаюына үлес қосады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру//Егемен Қазақстан.2017. 12 сәуір. 2. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. - Алматы, «Әдебиет әлемі», 2013. -500 бет. 3. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы//Егемен Қазақстан. 2012. 15 желтоқсан. 4. Қазақстан ғылымы: талдамалық шолу. Наука Казахстана: аналитический обзор. Астана, 2013. – 192 бет.

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз