• Заманхат
  • 12 Қазан, 2017

«Отбасы» ұғымының лингвомәдениеттанудағы мәні

Бағила Мәжит, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2 курс магистранты

Біз лингвомәдениеттану туралы айт­қанда, оны – тіл мен мәдениеттің бай­ланысын зерттейтін ғылым саласына жатқызамыз. Бұл мәселеге қатысты пікірлер ежелден-ақ өріс алып, дамып отырған. Мәселен, әлемге әйгілі философтар – Платон, И.Гердер, Э.Канттардың еңбектерінде лингвомәдениеттануға жан-жақты тоқ­талып, әңгімені тереңнен қозғаған. Сол сияқты В.Фон Гумбольд, Э.Сепир, Б.Уроф, Кассирер, Л.Вайсгерберлер секілді оқы­мыстылар да ойларын ортаға салып, нақты тұжырымдарға жүгінген. Кеңестік кезеңдегі А.Потебня, Н.Топоров, В.Иванов, А.Толстой секілді орыс ғалымдары осы саламен белсене айналысты. Ал, Ә.Қайдаров, Р,Сыздық, Е.Жанұзақов, Ж.Манкеева сияқты қазақтың лингвист ғалымдары көптеген еңбектерін осы тақырыпқа арнады. Сөйтіп, уақыт өткен сайын лингвомәдениеттану зерттеулері маңыздылығын арттыра түсті. Егер, әрбір ұлт және оның тілі өзінше құбылыс десек, тілдің әлемдік аясынан алатын өз орны, атқаратын өз рөлі бар. Солардың сипаттарын нақты концепті арқылы анықтау тың ізденістерге жетелейді, бұл саладағы еңбектердің әрі қарай көбейе түсуіне жол ашады деп ойлаймыз. Енді, бір сәт лингвомәдениеттанушы зерттеушілердің бірі А.Исламның ғылыми көзқарастарына көз жүгіртіп көрелік. Ол лингвомәдени концепті туралы өз ойын сабақтай келіп, былай дейді: «Жалпы бір ұлт мәдениетінің басты элементі, адамның ментальды әлемінің басты ұяшығы, ол – этномәдени санада сақталған. Бел­гілі бір ұлттың ұр­пақ­тан-ұрпаққа бері­летін ықшам әрі терең мағынадағы шындық болмысы, ұлттық мәдени құндылықтары. Осылар жөніндегі сан ғасырлық түсініктерді білдіретін құрылым». Демек, тілдік мәдениеттің тереңіне бойлап, оның нәзік сырларын ашу міндеті әрбір зерттеушіден тілдік құндылықтарды анық ажырата алатын айқын танымды, зор білімді және үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Алаш көсемдерінің бірі, айтулы ғалым, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы тілдік мәдениет жайында ХІХ ғасырдың басында-ақ келістіріп тұрып кесімді пікірін айтқан. «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға және көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни, нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу, яғни, ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесін ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау» дейді. Өздеріңіз көріп отырғандай, Ахмет атамыз санадағы оң құбылыстар арқылы тілдік мәдениет қалыптасады, өркендейді дегенді білдіреді. Ішкі толғаныстардың тіл арқылы көркем бейнеленіп, сыртқа шығатынын меңзейді. Оны ойдағыдай орындай алу үшін сөйлеу мен жазу шеберлігінің керек екені айтпаса да түсінікті. Сүйінерлігі сол, біздің ұлы даламызда лингвомәдениеттің даму үдерістері жетіліп отырды. Ол ешқашан тоқыраған емес. Есесіне қазақтың тілі алмас қылыштай қайралып, жарқырады. Бүгінгі тіл зерттеушілерінің қай-қайсысы болмасын бұл жайларды риясыз растайды. Тіл мәдениетінің жоғарыда айтылған жалпы тұжырымдарына тоқтала келіп, енді әңгімемізге арқау болатын ұғым­ның нақты сипатына көшелік. Ол – «Отбасы» ұғымы. Оны лингвомәдени танымның тәсілдері бойынша қалай талдау керек деген ой-толғамдарға жауап ізделік. Немістің лингвист ғалымы В.Гумбольдтың «Тіл – халықтың рухы. Халықтың рухы тіл арқылы көрініс табады» деген аталы сөзі бар. Ғалым оны «адам рухының даралану формасы» деп те атаған. Демек, тіл мен рух арасында өзара ұштасқан берік байланыстар бар. Сол байланыстар бірінен бірі ажырап, бөлек дамымайды. Сондықтан, олардың өзара қабысуы ізгілікті нәтиже бе­ріп, интеллектуалды қабілет әрекетін қалыптастырады. Енді, бір сәт ресейлік ғалым А.Потеб­няның пікіріне де жүгініп көрелік. «Тіл – халықтық рухтың жемісі. Сондықтан да, тіл ұлттық ерекшелікті көрсетеді» дейді. Бұл пікірлер біз жоғарыда келтірген дәйектермен сабақтасып жатқаны айдан анық. Ал, американдық ғалым Э.Сепир не дейді дейсіз ғой? «Тіл мәдениеттен тыс өмір сүрмейді. Ол дәстүр болып жалғасқан, халықтың тұрмыс-тіршілігімен әбден қабысып кеткен салт-дәстүр мен наным-сенімдерден алыс кетпейді» дейді. Осындай даналық сөздерді өзара салыстырып, безбендеген кезде, біздің ұққанымыз – ұлт­тың негізі, ұлтты даралап көрсететін ерек­шелік, өзара қарым-қатынастарын берік қалыптастыратын рухани құрал оның ана тілі екеніне көзіміз толық жетеді. Сондықтан, тілді дамыту – елді дамыту деп кесіп айтуға хақымыз бар. Әлемдегі қайсы халық болмасын, ту­ған тілінің мәңгілігін тілейді. Оның бүгіні мен келешегі үшін күреседі. Оны мазмұндық жағынан байытып, халықаралық бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгеді. Бұл – өзгермейтін заңдылық. Ұрпақтан ұрпаққа аманатталған өсиет. Бұл – кие, бұл – адам болмысындағы басты қасиет. Біздің ата-бабаларымыз, әкелеріміз бен аналарымыз, қайраткерлер мен даналарымыз тілдік болмыстың мазмұнын өте тереңнен ұққан. Сондықтан, оны әр отбасының тәрбиелік бағытындағы басты ұстанымға санаған. Ұлттың рухын берік етуде отбасының рөлі өте жоғары болатыны баршаға белгілі. Отбасының міндеті ұрпақ өсірумен ғана шектелмейді. Шаңырақ – елдік пен ерліктің тәрбиесін ұрпақтар бойына дарытатын үлкен орда. Ақын Еркін Ібітановтың «Үй дегенің – қарапайым кәдімгі, Төбесі бар төрт қабырға емес қой» деуі міне, сондықтан. Сонымен, лингвомәдениеттанудың ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ және британ қоғамындағы «отбасы» концептінің алар орнын, әлемдік танымдағы оның өзіне тән сипаттарын анықтап көруге тырысалық. Кез-келген қоғамның маңызды институты отбасы болып табылады. «Отбасы» феномені көп қырлы, көп мағыналы мазмұнымен назарымызды аударып, көңілімізге қонады. Дүниеде оны зерттейтін ғылыми пәндер аз емес. Ондай пәндердің қатарына – әлеуметтік психология, психология, әлеуметтік антропология, лингвистика, тағы басқаларын жатқызуға болады. «Отбасы» ұғымы гуманитарлық ғы­лым­дардың объектісі санала тұрып, бинарлы феномен болып табылады. Оны талдап, қарастырудың екі тәсілі бар. Кең мағынада түсінетін болсақ – күрделі ішкі құрылымы бар әлеуметтік институт. Макроорганизм ретінде зерттеледі. Ал, өзімізге жақын аяда түсінсек, отбасы – туыстық, некелік және ата-ана­лық қарым-қатынастардың негізінде құрылатын кіші топ. Оны осындай қалыпта әңгімемізге арқау ете аламыз. Ең алдымен «қазақ отбасына» тоқ­талайық. Солай дегенде, тарихшы-ғалым Х.Арғынбаевтың «Қазақ хал­қындағы семья мен неке», «Қазақ отбасы: қазақ отбасының кешегісі мен бүгінгісі жайында» атты еңбектері ойға оралады. Мұнда қазақ отбасының даму тарихының кезеңдері өте анық көрсетілген. Ол да уақыт ағымынан қалмай өркендеп, өсіп отырған. Сөйте тұра, бастапқы табиғатын, өзегі мен негізін берік сақтаған. Қазақ халқы отбасы туралы мәселелерге әрқашан сергек қараған. Аталған еңбектермен танысқан кезде біз соны анық байқадық. Ата-бабаларымыз озық дәстүрлерді жаңғыртып, уақыт талабына сай келмейтін әдеттерді айналымнан шығарып, жаңасымен алмастырып отырған. Х.Арғынбаев өзінің кітабында отба­сылық болмысты төрт бөлімге жіктеп қарас­тырған. Олар – «Қазақстандағы дәстүрлі отбасы және отбасылық қарым-қатынастар», «Қазақтағы некелесу әдет-ғұрпы», «Қалың мал және жасау», «Қазіргі отбасы және некелік қатынастар». Киелі неке дегендей, қазақ халқы ең алдымен отбасында берік үйлесімнің болуын қалаған және қатаң қадағалаған. Оның зиялы қалыбын қалыптастырған. Ең бастысы, бұл ережелердің сипаты қалың бұқара – көпшілікке ұнаған. Сондықтан, отбасылық тәрбие үлкен мектепке айналған. Қазақ шаңырағынан ибалы қыздың, намысты ұлдың түлеп ұшулары тегін емес. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді аталарымыз. Солай болу үнемі ескерілген. Нәтижесінде ата-ана бала алдындағы, бала – ата-анасының алдындағы міндеттерін адал атқарған. Осындай тектілік болмаса, көшпенді дәстүрмен тіршілік еткен халықтың «бас-басына би болып» ыдырап кетуі әбден мүмкін еді. Біз бүгінгі таңда да қазақ отбасының құрылымына құрметпен қарап, одан алатын тәлімдердің әлі де көп екеніне шүбә келтіре алмаймыз. Өткеннің бәрін «ескіліктің қал­дығына» санаған кешегі кезеңдерде қазақ өмірінде кездесетін кейбір келең­сіздіктерді соншалық дабырайта көр­сетіп, оны ұлттық дәстүрдің басты образына айналдырып, жастарды өз қағынан жеріту әрекеттері белең алғаны өтірік емес. Тіпті, ол идеологияның бір тармағына айналғанын енді біліп отырмыз. Қазақ отбасы ескіліктің сарқыншақтарымен өмір сүрсе – арыс­тан ұл, ай келбетті қыз қайдан шы­ғады? Ешбір ұрпақ өздігінен ержетіп, өздігінен бойжетпейді. Халқымыз ХІХ ғасырдың небір дүлей зобалаңында сыр алдырған жоқ. Қайыспады және майыспады. Жалмауыздай аранын ашқан ашаршылықтың өзі ұлтты азғындық жолға ұрындыра алмады. Олардың бойына мұндай ұлы күш, ерекше рух қайдан келді деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы дайын. Ол қасиеттер отбасынан дарыды. Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқының рухани дүниесінде, отбасылық қатынастарының шын сырын дұрыс түсіну үшін бұл мәселені тарихи тұрғыда қарастырып, оның даму кезеңдері мен жолдарын анықтау керек» дейтіні сондықтан. Сонымен қатар, ғалым 2000 жылы «Қазақ шежіресі хақында» деген іргелі еңбегін көпшілікке тағы ұсынды. Ол еңбекпен танысқан кезде қазақ отбасын қазақ шежіресінен бөліп қарауға болмайтынын анық сезіндік. Жазушы С.Кенжеахметұлының «Жеті қазына» атты кітабы халқымыздың мәде­ниеті, этнографиясы жайындағы бірегей анықтамалық. Онда тәрбиеге керекті дәстүрлер, ырымдар, тыйым сөздер, ұлағат­ты ұғымдар жете түсіндіріліп, кең мағынада ашылып көрсетілген. Әсіресе, бұл айтылған сөздердің бүгінгі жаңа қазақтың ой-таны­мына барынша сәйкес келуі қуанарлық жай. Сол сияқты, қазақ отбасы жөніндегі лингвомәдениеттану тұрғысындағы зерттеулер қатарына К.Сләмжанұлының «Қазақ отбасының фольклоры» атты монографиясын жатқызуға болады. Қазақтың ырымдары мен тыйымдары – рухани құндылықтар. Олар ұрпақты дұрыс жолға түсірудің басты тәсілі саналған. Бабаларымыз аталған тіркестерді жалаң сөзбен әспеттеп, балаларды жалықтырған емес. Аңыз бен ертегілердің оқиғаларына араластырып, тыңдаушыларын қызықтырып отырған. Тіл алмаудың түбі қандай өкініштерге ұрындыратынын сөзбен салынған суреттер арқылы көрсетіп, сәбилер санасына дәл жеткізген. Осыдан барып зиянды әрекеттерден сақтану иммунитеті қазақ жастарының бойында өте көп болған деп қорытынды жасауымызға болады. Мәселен, «Адамға қарап түкірме» дейміз. Кішкентай кезінен осы тәртіпке қатаң бағынған бүлдіршін өскеннен кейін парасатты, текті, мәдениетті азаматқа айналатыны анық. Түкіруді тура мағынасынан бөлек, астарлы сипатта да түсінуге болады. Ол – үлкеннің бетінен алма, орынды ескертпелерге бетпақтанып қарсы келме деген сөз. Біреуден жаман сөз естіген қария: «Ол неткен парасатсыз адам! Ұялмай, қызармай бетіме былш еткізгенін қарашы?!», – деп жатады. Мұндай теңеудің нені меңзеп тұрғанын өздеріңіз де толық аңғарған боларсыздар. Сол сияқты, «Үлкеннің жолын кеспе» деген ескерту бар. Терең мағынасы бойынша ойласақ, жол деген сөз – дәстүр деген сөз. Дәстүрді бір адам ойлап шығар­майды. Ол – халықтың ұлағаты, рухани құндылығы. Сондықтан, дәстүрді өзгерту қажет болған жағдайда, алдымен ұлтқа одан жақсысын ұсыну керек. Оған қабілетің мен шамаң келмесе, әзірге сол бұрынғысына бағынуға тура келеді. Демек, жолды кесу үшін, дәлелдеп көрсете алатын, елге ұнайтын өз жолың болуы қажет. Мұқағали Мақатаевтың «Мен жолымды берейін, өт қарағым, //Несін тоқтап, несіне көп қарадың?! Анасынан алғанын саған берген//, Аруағынан айналдым текті ананың!» дейді. Ибалы қыз шектен асып кетпей, ер азаматқа жол беріп тоқтап тұр. Сол кезде оның басына неше алуан иманды ойлардың оралғаны анық. Ақын Алматының көшесінен қазақтың нағыз тәрбиелі қызын көріп жүрегі жарыла қуанады. Тіпті, оған өзі жол береді. Осы арқылы бойжеткеннің анасына, әжесіне, отбасына құрмет көрсетеді. Рахметін айтады. Қазақ әуле­тінде мұндай мысалдар жүздеп, мың­дап саналған. Осыншалық рухани байлыққа ие болу кез-келген ұлттың пешенесіне жазылмаған бақыт. Адамдық сананы зерттейтін ізденушілер туыстық компоненттерге тоқталмай өте алмайды. Оның негізі – отбасы. Отбасы концептері адами мәдениеттегі ең маңызды және өмірлік концептер қатарына жатады. Енді, бір сәт әңгімемізге арқау болып отырған «концепті» сөзінің мәнісіне тоқтала кетейік. Ол латынша «conceptus», қазақша – ұғым, мағына деген атауды білдіреді. Оны сыншыл көзқарастағы жаңашыл идея деп те атап жүр. Осы орайда әлем тілдерінде айтылатын «отбасы» ұғымын қазақ және ағылшын түсінігіндегі этномәдени ерекшеліктер бойынша салыс­тырып көрелік. Оны мынандай жүйемен талдауға болады. – ұлттық дәстүрді тану жүйесіндегі «отбасы» ұғымы; – мифтік танымдағы «отбасы» ұғы­мы; – тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердегі «отбасы» ұғымы; – көркем туындылардағы «отбасы» ұғымы, тағы басқалар. «Отан – отбасынан басталады» дейтін өсиеттен өрбіген қазақ отбасының сипаттары бізге біршама таныс. Қазақ әулеті әрқашан «балалы үйдің базар болуын» қалайды. Басқа халықтардың да мақсат-мүдделері осыған ұқсас. Солай бола тұра, өздеріне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Мәселен, Ұлыбритания елінің отбасылық жағдайларына талдау жасап көрелік. Британ отбасылары аса үлкен болмайды. Көпшілігі ата-анасы және екі баланы ғана құрайды. Бүгінгі таңда бұл жай өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, адам санының азайып бара жатқаны ұлтты алаңдатады. Британдықтарда туысқандарымен жақын қарым-қатынаста болу көп кездесе бермейді. Олар тойларда, рәсімдерде ғана бастарын қосады. Балалары 18 жасқа дейін ата-аналарымен бірге тұрып, бұдан соң колледжде оқиды. Әрі қарай олардың өз өмірлеріне өздері жауапты болатын кезеңдері бас­талады. Ата-аналары да қартайған шақтарында балалары мен немерелерінің көмегіне жүгінбей, өмірлерін дербес өткізгендерін мақтаныш санайды. Соңғы бір әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, британ отбасыларының басым бөлігі консервативті, белгілі бір дәрежеде ескі сәнде өмір сүргенді қалай бастаған. Ондай отбасылар – консерватизм мен ұлттық дәстүрге берік әулеттің үлгісіне айналғандай. Еуропалық салт бойынша британ отбасылары дүниеге ұрпақ әкелуге асықпайды. Алдымен, жас жұбайлар өмірдегі өз орнын табуы керек. Жұмыстарында белгілі нәтижеге жетіп, тұрмыстық жағдайларын жақсартуы қажет. Содан кейін барып, нәрестелі болуды ойлай бастайды. Балаларға күтуші жалдау барлық британдық отбасылардың ортақ дағдысы. Солай ете отырып, олар балалармен өте жұм­сақ қарым-қатынаста болады. Қоғамдық жерде балаға дауыс көтеру тәртіпсіздік пен дөрекілікке жатады. Кішкентайлар бір нәрсені бүлдіріп қойса, анасы оған неғұрлым түсіністікпен қарауға тырысады. 20 жас пен 30-дың арасындағы британдық жұптар некеге тұрмай-ақ шаңырақта бірге болуды дағдыға айналдырған. Өкінішке орай, мұндай жұптардың 60 пайызы ғана кейін тұрақты отбасын құрайды екен. Өткен ғасырдың ортасына дейін ондай қылықтар ұлттық дәстүрге жат саналса, қазір оған таңғалатындар некен-саяқ. Соған қарамастан, британдық дәстүрлі отбасын сақтау үлгісін жалғастыруға ағылшындардың ден қойып отырғаны әмбеге аян. Енді, өз ұлтымызға оралайық. Қа­зақ өмірінде «отбасы» мағынасы «үй» деген сөзбен алмасып айтыла береді. Екеуі бір-біріне жақын, ортақ мағынадағы синонимдер. Мәселен, «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегенде, балалы отбасының ашықтығын меңзеп тұр. Әуелі «үй» концепті баспана мәнінде қолданылды. Содан кейін барып халықтың заттық мәдениетінің айғағы ретінде үй – этностың, тайпаның, халықтың мекен-жайын білдіре отырып, олардың өмір-салтынан хабар береді. Басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, материалдық және рухани, эстетикалық дамуын көрсетеді. Мұндай жағдайдың бәрі тіл білімінің этнолингвистика атты жаңа саласында қарастырылған. Қазақ үшін отбасының жөні әрқашан бөлек. Ол – әулеттің негізі, ол – ұлттың болашағы. Ханнан қараға дейін бұл жайға ерекше назар аударған. Әулеттің үлкен ақсақалдарынан бастап, отау иесі отағасына дейін мойындарында үлкен жауапкершіліктің бар екенін жете сезінген. «Он үште отау иесі» деген сөзде көп мағына жатыр. Оның мәнісін терең білмегендер қазақ балаларын кәмелеттік жасқа толмай үйлендіріпті деуі мүмкін. Ал, шындығына келсек, мүлдем олай емес. Жоғарыда айтылған тіркес баланың балалық шеңберден он үште толық шыға алатынын меңзеп тұр. Сонымен қатар, «Болатын бала он алтысында баспын дейді, Болмайтын бала отызында жаспын дейді» деген тәмсілді айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Мұндай жауапкершіліктерді түсінген ұрпақ ешқашан жаман болмайды. Байқағанымыздай, отбасылық дәстүр мықты болса, Отандық дәстүр де мығым болады. Сондықтан, отбасына жаны ашыған жан, Отанын он есе артық сүйеді. Халқымыз көп баланы жақсы көрген. Өйткені, дарын мен талант көптен шығады. Ондай ортада өскен перзент халықшыл болады. Тұңғыштары ата-анасының көмекшісіне айналады. Қазақтың «Бірінші баланы дұрыстап тәрбиеле. Қалғаны соған қарап өзі-ақ өседі» деген мақалы бекерден айтылмаған. Көп балалы отбасының ата-анасы үлкен құрметке ие. Ата мен әжені ұрпақтары алып бәйтерекке теңейді. Шөберенің қолынан су ішкен қарияларға барша жұрт қызығып қарайды. «Балаң жақсы ғой, бірақ немере одан ыстық» деген тіркесте ұрпаққа деген сүйіспеншіліктің ғажап сипаты жатыр. Тарихымызды ақтарып отырсақ, небір ғажап мысалдарға жолығасыз. Айталық, баласы Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере әжеміз осы арқылы тектіліктің үлгісін көрсетті. Солай өмір сүру жаман болған жоқ. Құнанбай отбасынан данышпан Абай шықты. Шоқан Уәлихановтың да болмысы осындай. Сонау қырдағы қарашаңырақтың құты мен киесі әлемнің кез-келген озық әулетімен терезесін тең ұстауға жарайтын еді. Қазақтың қонақжай мінезі өздігінен пайда болған жоқ. Ол да көп балалы дәстүрдің жемісі. Туған бауырын сыйлай алған қазақ басқа ағайынның да қадіріне жетеді. Сондықтан, қазақ даласын азық-түліксіз, алаңсыз тегін аралап шығуға болатынын айтып еуропалық жиһангездердің таңғалғаны бар. Сол қасиеттер жоғалған жоқ, бүгінгі таңда қайтадан жаңғырып жатыр. Елімізге келген қонақтар халқымыздың пейілі мен мейіріне сүйінеді. Әр шаңырақ қазан асқанда әлі үйіне келмеген қонақтың сыбағасын естен шығармаған. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дейтін қағиданы олар күні бұрын ескерген. Қонақ күтуге әрқашан дайын тұрған. Қазақ отбасы осындай жомарттығымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар, халқымызда «Үйге келген адамға үйдей өкпеңді айтпа» деген ма­қал бар. Әрине, пенде болғаннан кейін, кейбір көзқарастардың үйлеспей қалатыны заңдылық. Тіпті, оның соңы өкпелесуге, ренжісуге соқтырады. Сенімен тәжікелескен сондай бір адам кезі келгенде, үйіңе кіріп сәлем берсе, оны қалай қарсы алуың керек? Әрине, ежелгі ата-баба дәстүрімен жа­дырап қарсы аласыз. Өйткені, ол саған келді. Өзіңмен амандасып, дастарханыңнан дәм татпақ. Ұлық дастарханның үстінде өкпелескенді еске түсірудің қажеті шамалы. Міне, осы арқылы ағайынның татулығы артқан. Пәлен демей-ақ біреуі үнсіз кешірім сұрап, екіншісі оны үнсіз кешірген. Бұл да қазақ отбасының өзіне тән бір сипаты. Отбасы – үй туралы тіркестер мен теңеулер, ұғымдар мен танымдар қазақ тілінде, лингвомәдениеттану аясында жеткілікті. Біз соның екі-үш мысалына ғана тоқталып өткен жайымыз бар. «Үй» концепті қазақ тілінің көптеген лексикалық бірліктерінде ұшырасады. Соның бір парасы – мақалдар мен мәтелдер. «Үй» концепті ұғымына негіз болатын сексеннен астам сөз тәмсілдерін кездестіруге болады екен. Оларды зерделей келгенде, байқағанымыз мынау: «үй» сөзі – қазақ халқының танымын, тұрмыс-салтын, мәдениетін, әдебі мен тәлім-тәрбиесін көрсететін этномәдени концепті. Солай екеніне толық көз жеткізуге болады. Сайып келгенде, мә­де­ниет пен санадағы өмірлік концептер, туыстық компоненттер, «отбасы – үй» ұғымы – гиперконцептер екендері айқындалды. Оның қоғамдық аядағы алатын орны, мәні мен маңызы және тіл мен мәдениеттегі көрінісі сөзімізге толық арқау болады. Кіріспедегі әңгімеге қайтадан оралсақ, лингвомәдениеттану – тіл мен мәдениеттің бір-бірімен тығыз байланыста екенін зерттейтін ғылым саласы. Қазақ тілінің құндылықтары – халқымыздың байлығы. Оның мәнері мен қарым-қатынасы қазақ отбасыларының парасатқа дағдылануын қамтамасыз етті. Ендеше, осындай отбасылары мол Отанымыздың әлемдік биіктермен иық тірестіруіне сеніміміз кәміл.

161499 рет

көрсетілді

48038

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз