- Заманхат
- 12 Қазан, 2017
АРҒЫ ТҮРКТЕКТІ ТҮЗІЛІМ: БОЛМЫСТЫҚ ТАРИХЫ, ӨМІРЛІК КЕҢІСТІГІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІ

Оразбек Нұсқабаев, профессор
Кешегі тоталитарлық жүйеде қалыптасқан ресми тарих түбі түрктекті халықтардың жаратылысын қазіргі жыл санаудың VІ ғасырынан әрі асырмайтын. Сол кезеңде сірестіріле таспаланып қалған жазбаларға қарағанда, түрктекті халықтар қазіргі ж. с. VІ ғасырында Алтай таулары аумағында пайда болған. – Оған дейін олар қайда болды? – Қай тектен өсіп-өніп, өрбіді? Бұл сұрақтарға, сондай-ақ, түсініп білуге құштарлықтан туындаған басқалай да сұрақтарға жауап қайтарылмайтын. Қалай нұсқаланса, солай қабылдау талап етілетін. Басқаша ой түйгендер қуғындалатын. Әрі қарай қазбалауға, тереңдете зерделеуге рұқсат етілмейтін. Содан да болар, шегелене бекітілген бұл нұсқаманың саяси астарлаудан туындаған бір жақтылығы, шикілігі, таяздығы тайға басқан таңбадай болып ап-айқын білініп тұратын. Көңілге күдік ұялататын. Тереңдете қазбалауға, зерделеуге ұмтылдыратын. Өстіп жүргенде, бұрынғы тоталитарлық жүйе құрдымға кетті. Ой еркіндігі туды. Содан, кешегі тоталитарлық жүйе аясында болған барлық ұлттар мен ұлыстардың ғалымдары өз халқының арғы түпкі шығу тектерін іздестіріп, ататек тарихын қазбалай бастады. Ататек тарихын зерделеуде олар тек шежірелік мәліметтерді місі тұтпай, соңғы жылдары анықталып, ғылыми айналымға кіріктірілген, соны антропологиялық, археологиялық, лингвистикалық және ДНК-генеалогиялық сараптау нәтижелеріне арқа сүйеуде. Осындай өзіндік айтар терең мәнді байыпты тұжырымдаулары бар еңбек – белгілі қаламгер, этнолингвист ғалым, түбі түрктекті жұрттардың шығу тегін, орналасуын, тұрмысы мен мәдениетін көптен бері зерттеп келе жатқан Жарылқап Бейсенбайұлының Астана қаласындағы «Ғылым» баспасынан 2015 жылы жарық көрген «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты 468-беттік монографиялық зерттеуі. Зерттеудің басты жаңалығы – ДНК-генеалогиялық зерттеулер нәтижелері мен археологиялық, этнографиялық, этимологиялық аспектілерді өзара салыстыра сараптай келіп, түбі түрктекті халықтардың шығу тегі мен түп-төркіні тым тереңде жатқандығын нақты фактілік, ақиқатты шындықты мәліметтерді негізге ала отырып дәйектеп бере білуі. Кейінгі жылдарда жаңа ғылым саласы ретінде кеңінен таныла бастаған ДНК-генеалогиялық зерттеулер түрктекті халықтардың түп төркіні тым тереңде жатқандығын ғана анықтап беріп қойған жоқ. Сонымен қатар, осы зерттеу тәсілі арқылы жинақталған мәліметтерге қарағанда, шығу тегі түрктекті деп есептелетін аталық Rlb гаплотобы түзілімдерінің әрі қарайғы үрім-бұтақтануы Қытайдың Ұлы қорғанынан Карпат тауларына дейінгі аумақта ғана емес, сонау есте жоқ ескі замандарда күллі Батыс Еуропаны да түгелге жуық қаусырған зәузаттық түзілім екендігін де ап-айқын етіп нақтылап отыр. Айталық, аталмыш еңбектің 104-105-ші беттерінде автор ДНК-генеалогиялық зерттеу тәсілін негіздеуші ғалымдардың бірі ретінде танылатын тегі орыс, америкалық биохимик А. А. Клесовтың зерттеу нәтижелеріне сілтеме жасай отырып, төмендегідей таңдай қақтырарлық мәліметтерді мысалға келтіреді. Rlb гаплотобының бірер толқыны бұдан 4500 жылдай бұрын Қара теңізді төңіректей Балқан аймағына, бүгінгі Германия мен Польша жеріне аяқ іліктірсе, тағы бір тармағы, 6000 жыл шамасы бұрын, шамасы көне шұңқырлықтардың бірінші үдеріс толқынының соңын ала, Кавказ арқылы Анадолыға қадам басыпты. Олар (араларында бүгінгі шотландықтар мен ирландықтардың түп бабалары болған Rlblb2 гаплотипті кельт тайпалары да бар) 5500 жылдай бұрын Месопотамияда шумер жұрттары тегінің түзілуіне атсалысып (шумер ұрпақтарының 40 пайызы Rlblb2 гаплотипі), 5000 жылдай бұрын Африкаға (әйгілі мысыр перғауыны Тутанхамонның гаплотипі Rlblа2) асыпты. Сол жақтан 4800 жылдай бұрын Гибралтар арқылы Пиренейге өтіп, Франция жерімен Ла-Манш бұғазына дейін жетіп, Еуропаны батыс жағынан шығысқа қарай қаусыра басыпты. Осы жылжыған бағыттарында олар өздерімен бірге алтайлық тілдерге тән агглютинативті (жалғамалы) тілдерді де алып жүріпті. Мыңжылдықтарды жалғаған сол ұзақ көші-қон үдерістерінен қалған нышандар қатарында агглютинативті шумер, баск тілдері аталады. Еуропаның қазіргі халықтары арасында тілдері үндіеуропалық болып өзгергенімен, осы Rlb гаплотобынан тараған ұрпақтар да тым мол. Мәселен, Rlblb2 зәузаты: ДНК-генеологиялық сараптан өткен баскілердің – 88, испандардың – 70, бельгиялықтардың – 63, итальяндардың – 62, британдардың – 68 (валлилердің – 89), ирландардың – 81, немістердің – 50, француздардың – 52, португалдықтардың – 62 пайызына тән. Rlb ұрпақтары ұғынысқан сол түпкі түрктік агглютинативті тіл Еуропаның кей жерлерінде жыл санаудың 10-шы ғасырларына дейін қолданыста болған. Алайда, арилердің Карпаттан ары қарай батысқа беттеген Rlаl гаплотипті қауымдастықтары тілінің біртіндеп бел алуына байланысты, ақыр соңында үстемдікке сол Rlаl жұрттары сөйлеген тіл жетіпті [1. 670-785, 863-903; 2. 1652-1675; 3. 3-58; 4; 5; 6. 1511-1525б]. Сараптамалық зерттеулермен анықталған бұл генеалогиялық деректер орыс зерттеушісі Ю. Н. Дроздовтың «Еуропа тарихының түрк тілдік кезеңі» атты 2011 жылы шыққан көлемді ғылыми-танымдық еңбегінде [7], латыш зерттеушісі Г. Шукенің «Латыштардың түбі түрк пе?» атты кітабында, сондай-ақ батыстық ондаған түрколог ғалымдардың еңбектерінде қуатталған [8.104-105б]. Сондай-ақ, аталмыш еңбектің авторы өз зерттеуінде түбі түрктекті жұрттарға тән гаплотоптық топтардың бұдан 35-20 мың жылдай бұрын Азиядан Америка құрлығына толқын-толқын болып өткендігін де назардан тыс қалдырмаған. Ғылыми ортаны дүрліктіріп, адам баласының шығу тегін, әлемнің түпкір-түпкіріне тарап қазіргі таңда жер бетінде өмір сүріп жатқан 6 мыңдай ұлтты, ұлысты жұрттардың кімдерден тарағанын анықтап берген ДНК-генеалогиялық зерттеу тәсілі қандай тәсіл, басқалай теориялық-методологиялық әдіс-амалдардан несімен ерекшеленеді, міне осындай, сондай-ақ басқалай да оқырман қауым қызығушылық танытатын ондаған сұрақтардың жауабы да автор еңбегінде жан-жақты анықталып, негізделген. Автордың түсіндірмелері бойынша, адам баласының шығу тегін, кімнің кімнен бұтақталғандығын анықтауда жаратылыстану және гуманитарлық ғылым мен антропологиялық, археологиялық зерттеу тәсілдерін пайдаланумен қатар, ДНК-генеалогиялық дереккөздеріне иек артқан жөн. Биохимиялық және генетикалық зерттеу тәсілдері ретіндегі ДНК-лық анықтау – тірі клетка ядросында болған дезоксирибонуклеин қышқылы молекуласы құрамындағы тұқымтектілік ақпарат қорын сараптайды. Себебі, нуклеин қышқылы қандай да болмасын, тірі организм ұрпағының түзілімі, дамуы және жекелік өзіндік сипаттамалық белгілері туралы ақпаратты сақтап, оларды жаңадан пайда болған клеткаларға (келесі зәузатқа) бұлжытпай көшіріп беріп отыратын көрінеді. Соның арқасында тұқым қуалаушылық қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады. Тұқымдық ақпарат негізінен ДНК сақталатын ядролық құрылым хромосомаларында жинақталады. Ал, оның Y-хромосома түрі тек ер жыныстыларда ғана болып, ол әкесінен – ұлына тікелей ауысып отырады. Олай болса, әкеден тура тарайтын тұқымның бәрінде Y-хромосоманың бірдей элементтері, белгілері сақталып қалып отырады. Әйел жыныстылардың тектік жүйесін құрайтын «митохондриалды ДНК» (мтДНК) гаплотоптары да осындай күрделі түзілімдерден тұрады. Ол бойынша адамзаттың ілкі африкалық дәуірлерінде L таңбасымен белгіленген әлденеше бас гаплотоптар болыпты. Соның L3 гаплотобы ғана Африкадан Азияға өтіп, 80-70 мың жылдай уақыт бұрын, одан M және N макротоптары таралыпты. Африка құрлығынан тыс гаплотоптардың бәрі осы екі тармақтың ұрпақтары болатын көрінеді. ДНК-генеалогиялық зерттеулерде нақты бір адамның хромосомасындағы оның жеке басына тән тектік ДНК түзілімдерінің жиынтығын – гаплотип (гаплоидты генотип) деп атау орныққан. Бұл гаплотиптік түзілімдердің әрқайсысының қайталанып көшіріліп отырылуы белгілі бір маркерлерден құрылымдалады. Сол қайталанған зәузаттық ерекшеліктер жиынтығы әр адамның жекелей өзіндік нышандық белгісін көрсетеді. Яғни, оның жеке басының «ДНҚ» төлқұжаты болып саналады. Типтік гаплотиптер 6, 12, 17, 25, 37, 67 маркерлі болып келеді. Гаплотиптік маркер көп болған сайын сол адамның өз тегіне /туыс ДНК-алық зәузаттық бұтаққа/ қатыстылығы туралы мәліметтерді табу дәлдігі молая түседі. Ұқсас гаплотиптер тобын – гаплотоп (гаплогруппа) деп атайды. Ер адамдардың Y-хромосома гаплотобын, әдетте, әліпбилік тәртіп бойынша A әрпінен T әрпіне дейін белгілеп жіктеу жүйеленген. Генетиктер Африкадағы алғашқы есті адам /һомо сапиенс/ жұрағаттарына A гаплотобы тән деп, ал, оған кіндіктес өрбіген аталық BT гаплотобы Африканың солтүстік-шығыс жағында құрылымдалған деп есептейді. Азия құрлығына қарай өткен адамдар соның алғашқы сыңары B гаплотобынан тараған C, F зәузаттарымен таңбаланады. Кейіндеу F гаплотобынан G, IJK, H гаплотоптары бұтақтанады. Осыдан 55-45 мың жылдай бұрын Алдыңғы Азияда түзілген IJK құрама тобынан алдымен I және J гаплотоптары, кейіндеу келіп K гаплотобы бөлінеді. Осы K гаплотобынан бұдан 40-35 мың жылдай уақыт бұрын тараған NOP құрама гоплотобына жататын қауымдар Арал теңізінен шығысқа қарай жатқан аймақтарды қоныс етеді. Осы құрама зәузаттың әрі қарайғы бөлінуі барысында N гаплотобы (түпкі оралдықтар) дараланып, біртіндеп шығысқа қарай жылжи бастайды. O гаплотобы қайтадан күнгейге қарай беттеп, Үндістан арқылы оңтүстік-шығыс Азияға ойысады. Сол жақтан кейіннен моңғолоид пішінді қытай, филиппин, малай текті халықтардың әуелгі зәузатын құрайды. P гаплотобының біраз бөлігі шығысқа, теріскей-шығысқа, Алтай бетке қарай қоныстанып, осы аймақтарда ағайындас Q және R гаплотоптарына тармақталады. Q гаплотобы әсіресе американдық үндістер арасында мол. Оның туыс серігі R гаплотобы бұдан 20 мың жылдай шамасы бұрын Rla, Rlb бұтақтарына ажырайды. АҚШ-тың биохимия профессоры А. А. Клесов осы Rla гаплотобын кейіннен түпкіари тілінде, Rlb гаплотобын түпкі түрк тілінде сөйлеген қауымдардың ілкі бабалары еді деп есептейді [1.202-225, 516-785б]. Ал, бұдан 50-60 мың жыл бұрынғы шамада жоғарыда аталған ежелгі F зәузатының сыңары, әуелгі түптегі Араб түбегінің күнгейінде түзілген С гаплотобы қауымдарына тән кейінгі көші-қон сілемдерінің бір бағыты Кәшмір арқылы Қашқар жазығына шығып, Тәңіртауды айналып, Ұлы Дала кеңістігіне беттейді. Екінші бағыт Қытайдың ұлы өзендерінің алабына бұрылады. Үшінші бағыт оңтүстік теңіздерді жағалай барып, Австралия құрлығына өтеді [9. 319-337 б]. Осындағы бірінші бағытпен жылжыған С гаплотобына бөлінген С3 тармағы кейіннен моңғол пішінді түрк, моңғол, тұңғыс-мәнжу, жапон, корей сияқты халықтарға тән негізгі зәузаттық белгілердің біріне айналады [8. 14-16 б]. Мұның бәрін тәптіштеп қағаз бетіне түсірген себебіміз, тек ДНК-генеологиялық зерттеу тәсілінің мән-мағынасын түсіндіруге ғана жасалған талпыныстан емес, сонымен бірге, Ж. Бейсенбайұлы түбі түрктекті халықтардың пайда болу, өсіп-өніп көбеюі, адам баласын осы уақыттарға дейін таңдандыра тамсанып келе жатқан мәдениет ескерткіштерін түзу, әлемдік деңгейдегі ондаған алып державаларды орнықтыру сияқты керемет жетістіктерге қол жеткізуін қалай негіздеген, міне, осыларды да білуге талаптылықтан туындаған қызығушылық болатын. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, Ж. Бейсенбайұлының өз еңбегінде түбі түрктекті халықтар жоғарыда аталған гаплотоптардан бұтақтанған арғытүрктік Rlb, автохтан «шығыстық» Rlа, оңтүстік сібірлік Q, арғытүрктік-арғыүгорлық N, жалпы алтайлық C3, орталық һәм оңтүстік-шығыс азиялық O зәузатты жұрттардың ұрпақтары болып есептеледі, деп дәлелдеуі көңілге қонымды. Автор, бұл тұжырымының растамалығын дәлелдеу үшін тек соңғы 20-жылдай уақыт ішінде жарияланып, әлемдік деңгейде танылған 589 тарихи, антропологиялық, ДНК-генеологиялық, археологиялық, этнографиялық, этнологиялық, лингвистикалық, т. с. с. еңбектерге сілтеме жасаған. Нәтижелігі де керемет! Оқыған сайын қызықтыра, еліктіре түсетін, сезімді қозғайтын өте тұщымды еңбек туындаған. Автор, осылайша, Орталық Азияны алды 50 мың, арты 35 мың жылдан бері ата қонысы, құтты мекені санап келе жатқан түбі түрктекті халықтардың шығу тегі анықтап алғаннан кейін, олардың өсіп-өну, бір текті халық болып қалыптасу қалыптарын, мың өліп мың тірілген тар жол тайғақ кешулерге толы өмір жолын, тұрмысы мен тыныс-тіршілігін, жаугершілік жорықтарын, мемлекеттік құрылымдарын, тарихтың әртүрлі кезеңдерінде әртүрлі аталғандарына (мысалы, хұн, сақ, түрк, ұйғыр, үйежы, теле, т. т.) қарамастан түпкі түрктектік болмысын сақтап, бүгінгі күнге жеткенге дейінгі тарихын көне шумерлік, ассириялық, урартулық, парсылық, қытайлық жазбалық деректерді, соңғы жылдары антропология, археология, лингвистика, тағы да басқа бірнеше жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салаларында негізделген түйіндеулермен сабақтастыра байланыстырып, сабақтайды. Ой толғата келіп, түрктекті жұрттардың тас дәуіріндегі климаттық жағдаяттарға байланысты әр тарапқа таралулары мен олардың кейінгі ұрпақтарының энеолит заманындағы көнешұңқыр, ботай секілді түздік мәдениеттер аясында кешкен тіршілік сапырылыстарындағы көптеген этнотектік нышандарының өзара сабақтас әрі таза түрктекті жұрттарға тән құбылыс екендігін негіздеп береді. Ал, бұл түйіндеме бұрындары көкейде тұрғанымен, дауыстап айтуға мүмкіндік берілмейтін ақтаңдақтардың бірі ғана емес, бірегейі саналатын. Шынында да, көнешұңқыр мәдениет ошағының да, сондай-ақ осы сияқты басқада ондаған арғы мәдениет ескерткіштер орындарының да арғытүрктекті жұрттардың түз өңірлеріне бейім тіршілік салттарына бейімделуінде айтарлықтай орны болған. Әрі бұл мәдениет ошақтары, Ж. Бейсенбайұлы айтса айтқандай, кейінгі замандарда өркен жайған орталықазиялық мәдениеттердің қордалануына тигізген өзіндік әсер-ықпалы мол болған маңызды мәйектер бола білген. Тек өкініштісі, Қазақстан тарихшылары арғытүрктік қатпарлары мол көнешұңқыр мәдениеті сияқты қадым замандардан қалған мәдениет ескерткіштеріне әлі бір де бір рет пайымды сараптаулар жасай қоймаған. Сол кешегі тоталитарлық жүйеден мирас болып қалған шовинистік пиғылдағы теориялық-методологиялық әдістеме аясында ой қорытып, түбі түрктекті халықтардың арғы тарихына қатысты кеңестік тарихшылар негіздеген ескі догматтық пайымдарды қайталаумен келеді. Көнешұңқыр және сол сияқты қазіргі Қазақстан территориясында бағзы замандарда ондаған мәдениет ошақтарын түзген түздік жұрттар уақ мал – қой мен ешкі бағумен айналысқан. Көдесі мен қауы, бозы мен бетегесі желкілдеген бұл аймақ, маңғыртып уақ мал өсіруге нағыз қолайлы өріс болды. Келе-келе мал басының артуы жаңа жайылымдар іздеуге итермеледі. Сөйтіп, мал тұяғына ілесе өріс қуалай, қанатын кере жайған түздік жұрттар көп ұзамай, Ұлы Даланың шығысында – Алтай-Саянға, батысында – Дунай алабына дейін өріс кеңейтті. Олардың бұл көші-қон бағыттарының іздері дала төсіндегі маң төбе-обаларда, ондағы таза түрктік жерлеу ғұрыптарынан да, олардан қалған кейіннен қазып алынған тұрмыстық заттар /ыдыс-аяқ, түбі жұмыр қыш құмыра, әшекейлі сәнді бұйымдар, инелер, түйреуіштер, біздер, қармақтар, көгендер, т. т./ еңбек құралдары мен қару-жарақ түрлерінің ұқсастықтарынан да білінеді. Осы түп бастауынан бері қарайғы дамуында сабақтаса көрініс беретін түпкі түрктік этноәлеуметтік, мәдени, тұрмыстық сипаттар қола ғасырларда жалпы ортаазиялық Беғазы-Дәндібай мәдениетіне, одан бері түрктік мәдениеттерге ұласқандығы нақтылы өмірлік көріністік әрі айғақтық фактілер арқылы Ж. Бейсенбайұлының зерттеуінде жан-жақты пайымдалған. Ал, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өзі, автордың қазақтың ұлы ғұламасы, академик Ә. Марғұланның еңбектерін негізге ала отырып дәлелдеуіне қарағанда, өзінен кейінгі бүкіл далалық тұрмыстың, дүниеге көзқарастың, тәңірге сенушіліктің, ұлт болып қауымдасудың, небір таза түрктік мәдениет ошақтарының, өнердің, қол өнерінің, металл өндіру мен оны өңдеу, оны тұрмыста, әскери істерде пайдаланудың, мемлекеттік құрылымдар құрудың, далалық өмірге тән құқықтық реттеулерді негіздеудің, т. с. с. өзегін құрағандығы нақты фактілік мәліметтермен айшықтала негізделіп, жан-жақты панорамалық көріністе көрсетілуі еңбектің құндылығын одан әрі асыра түскен десек, артық айтқандық бола қоймас. Себебі, мұндай бұрындары айтылмаған тың түйіндеулер тарихта түрктік дүниеге қатысты бұрындарғы бірқатар ұстанымдарды қайта пайымдауды талап етеді. Ал, Қытайдың Шаң (ж. с д. XYII-XII ғ.), одан кейінгі Жыу (ж. с. д. XII-III ғ.) дәуірлеріне тән жазба ескерткіштерде түрктекті жұрттарға тән өндірістік өндіру құралдары мен жасалған зат түрлерінің атамалануы, сондай-ақ Хуанхэ (Сарыөзен) алабы, Ордос, Шығыс Түркістан өңірлерінен қазіргі уақытта археологиялық қазба жұмыстары арқылы аршып алынған заттық айғақтардың сол замандарда осы аймақта өмір сүрген түздік жұрттардың тұрмыстарында пайдаланғандығының дәлелденуі арғытүрктік беғазы-дәндібай мәдениетінің Орталық Азияның күллі өңірлеріне таралғандығының дәлеліне саяды. Сондай-ақ, Ж. Бейсенбайұлының зерттеуінде осы сабақтастық жібінің үзілмей, бірсыпыра белгілерінің ерте темір дәуірінде Қара теңіздің теріскейі мен Алдыңғы Азияға дейін ат тұяғын дүбірлеткен қамар (киммер) және іш ғұз (сақ-скиф) жорықтары арқылы сол аймақтарға жеткендігі де назардан тыс қалмаған. Сақ мәдениеті, Ж. Бейсенбайұлының дәлелдеуіне қарағанда, орталық-азияның түздік дәстүрлердің бірін-бірі өзара құнарландыруынан пайда болған жарқын құндылық. Оның кіндігі – батысы Каспий, теріскейі Алтай-Саян таулары, оңтүстік-шығысы Ордос жонын қамтып жатқан құтты орталықазиялық кеңістікте кесілген. Оған тән үрдістердің өркен жаюына осы өңірлерді мекен ететін беғазы-дәндібайлық аядағы тайпалар қытай деректеріне «тиек», авеста уағыздарына «тұр» нұсқаларында түскен, түп-тектері таза түрктекті жұрттар. Бұл жұрттың әртүрлі тарихи кезеңдегі әртүрлі аталымдары ежелгі қытайдың топырағында бірінші құрылған қытайлық мемлекет Шиа (Cя) патшалығы (ж.с.д.XXI-XVII ғ.) заманнан бері қарайғы хаттамалық жылнамаларда куэй, гуэй, құяңыр, (қоңыр), тиек, жұң, жұңди, ху, хұн, т. с. с. этнонимдік атаулармен аталып келген. Жалпы, Ж.Бейсенбайұлының бұл зерттеуінің тағы бір артықшылығы – еңбекте көне қытайлық түпнұсқалық деректерді кеңінен пайдалануы болып қалмақ. Сонымен қатар, Ж. Бейсенбайұлы зерттеулерін оқығаннан кейін, осы уақыттарға дейін сақ мәдениеті тек иран тілді халықтарға ғана тән делініп келген еуроөктемшіл уәждің де күмәнді екендігіне көз жеткізе түсесіз. Өйткені, кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижелері негізінде қазіргі ғылыми таным, авесталық жыр-дастандарда «жүрдек атты тұрлар», көне парсылық деректерде «сақтар» немесе «ерендер», «арилер», бұлардан беріректегі грек жазбаларында «скуз», ағылшынша «zcyth» (скиз), орысша «скиф», көне ассириялық-бабылдық сына жазуларында «iskuz» («іш ғұз») деп атамаланған жұрттың түрктектілігін айқындап беріпті. Айталық, «түрк» этнонимінің шығу төркініне барлау жасаған чуваш ғалымы Н. И. Егоров әйгілі француз шығыстанушысы Э. Блошенің Авестадағы «tura» этнонимін «бүгінгі түрктекті халықтардың арғы бабалары деп танитындығын мысалға келтіреді. Неміс ғалымы Т. Нельдеке де орыс тарихшыларының тұрларды ирандық тектен тарқататындықтарына сенімсіздік білдіріпті. Неміс үнді-ирантанушысы В. Гейгер тұрларды Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауларынан Әмудария мен Сырдария өзендерінің екі бетін ала Жайық және Еділ өзендерінің төменгі ағыстарына дейінгі аралықта жайлаған түпкі түрктекті жұрттар деп анықтапты. И. Маркварт болса авесталық тұрларды маң-массагеттердің нақ өзі деп бағымдаған көрінеді. Осылар сияқты басқа да ондаған пікірлерді салыстыра талдаған Н. И. Егоров тұрларды сақ тайпаларының көне атамалануы деп анықтайды. Тұрлар сөйлеген тіл кейбір зерттеушілер жорамалдап жүргендей, иран тілі емес, керісінше көнетүрк тілі болғандығын негіздейді. Тұрлар кейіндеу келіп тұрандықтар атанған, дейді (8. 294-295 б). «Түрк» этнонимінің қалыптасу тарихына қатысты шынайылық пен ақиқаттылыққа толы жаңа пайымдаулар жасалған келесі бір тұщымды еңбек, Ж. Бейсенбайұлының айтуы бойынша, өзбекстандық ғалым Аблат Ходжаевтың зерттеуі. Өзінің осы еңбегінде А. Ходжаев қытайдың тарихына қатысты дереккөздерді қайта сараптаудан өткізген жаңа анықтамалық энциклопедиялар мен зерттеулерді молынан пайдалана отырып, арғытүрктік этнонимдерді соны қырынан тыңғылықты түрде талдаған. Ходжаевтың Қытайдың билеуші әулеттерінің ежелден бергі жинақталған 24 томнан тұратын «Эршисы ши» (24 тарих) басылымынан басқа да кейінгі отыз жыл шамасында ҚХР мен Тайванда жарық көрген іргелі зерттеулерді, 1986-1991 жылдары басылған 8 томдық «Ханьюй дацзыдаянь» (Үлкен иероглифті сөздікті), 1986 жылғы «Ханьцзы гуинь шоуцэ» (Қытай иероглифтерінің көне айтылым анықтамалығы) секілді құнды дереккөздерді, Сы ма Чианның (Сыма Цян) әйгілі «Тарихи жазбаларына» (Шы-зи) енбеген мәліметтерді кеңінен пайдаланып, оларды түпнұсқалардан оқи алуының арқасында оқырманды көп жайға қанықтыратынына мән береді. Айталық, А. Ходжаев көнеқытайлық дереккөздерге сілтеме жасай отырып, байырғы түрктекті халықтар мен ежелгі ханзулардың өзара араласып, ауыс-түйістік қатынас жасай бастағандықтарына 5 мың жылдай уақыт өткен, дейді. Оның дәлеліне ол «Ханьюй даңзыдаяньнан» (Қытай тілінің үлкен иероглифтік сөздігінен) мынадай сілтемені мысалға келтіреді. «Тиектер (түрктер) Жуңгомен, яғни, Орталық мемлекетпен Шиа (Ся) патшалығы тұсында ауыс-түйісті қатынас жасай бастаған» (10. 26 б). Ежелгі қытайлар өз мемлекеттерінің айналасын жартылай болса да қоршай орналасқан түздіктерді төрт құбылаға бөліп: «И» – шығыс жабайылары, «Жұң» батыс жабайылары, «Мән» – оңтүстік жабайылары, «Ди» – солтүстік жабайылары деп атаған көрінеді. Дегенмен деі хуасялықтар өздерімен көрші отырып, батысы мен теріскейін жайлаған түздіктерді олардың өздерінің атауларына ұқсас етіп көбіне көп «тиек» деп атаған сыңайлы. Ал, олардың «тиек» деп атаулары, түздіктердің өздері өздерін атамалайтын «түрк» этнониміне сәйкес келеді. Себебі, ежелгі де, қазіргі де қытайлар «р» дыбысын дұрыс үндестіре алмайды. Бұзып дыбыстайды. Осыған қарағанда, дейді ойын одан әрі сабақтаған Ж. Бейсенбайұлы өз зерттеуінде, ДНК-генеалогиялық төркіндері бір R1b мен «шығыстық, автохтондық» R1а, оңтүстіксібірлік, жалпыалтайлық, орталықазиялық Q, C3, O, N аталықтарынан түрктік нышанды бұтақтанған түздіктерді – арғытүрктекті, сонау замандарда бірде сақ, бірде хұн, бертін келе әртүрлі этнонимдік аталымдарды иеленген түрктекті жұрттар қатарында санайды. Әйгілі сақ мәдениетін де сол батыстық және шығыстық түбі түрктекті халықтардың өзара ықпалдасуынан, тұрандық және ордостық үрдістердің бірін-бірі толықтырып құнарлануынан қалыптасқан үрдіс ретінде бағамдайды. Ал, Ж. Бейсенбайұлының көнеқытайлық түпнұсқалық дереккөздеріне сілтеме жасай келіп, Қытайдың ежелгі Шаң және Жыу (Чжоу) патшалары түп-тегінің түздік жұрттардан екендігін дәйектейтін мысалдарды алға тартуы да оқырман назарын аударары сөзсіз. Бұл орайда автордың еңбегіндегі 167-168-беттерден мынадай жолдарды оқуға болады. «Шаң» дәуірінде өркен жайған Аньян мәдениетіне тән (ж.с.д. XIII-XI ғ.) орасан зор патша қабірлері, әскери арбалар, қолдан жасалған тамаша ыдыстар мен бұйымдар, қару-жарақтар оларды аршып алған археологтарды қатты таңырқатқан. Өйткені, осы өркениет алдындағы эрлитоу-эрлиган мәдениеті кезеңінде (ж.с.д. XVI-XIVғ.) мұндай сән-салтанатты патша обаларын тұрғызу, дөңгелегі жеңіл әрі сапалы әскери арбаларды жылқылармен бірге көму дәстүрі болмапты. Ал, Шаң дәуіріне қатысты зерттеулер барысында жүйеленген дәйектер бойынша, ж. с. д. XIII ғасыр шамасында сол Сарыөзен алабына батыс жақтағы далалық кеңістіктен салт атты, «жүрдек арбалы» еуразиялық нәсіл нышандары басымдау жұрттар басып кірген көрінеді. Арбалармен соғысу тәсілін жетік меңгерген олар, тез арада-ақ жер емген тұрғылықты халықты тізе бүктіріп, күллі билікті өз қолдарына жинап алыпты. Ғылыми зерттеулерде Шаң патшаларының шыққан тегі сол «Ордостық шептен» келген әулеттерден болуы мүмкін деген болжам айтылады. Өйткені, ол «жүрдек арбалылар» қалың қытайға көп ұзамай-ақ сіңісіп, солардың тіліне жаппай ауып кетсе де, өздерінің бағзыдан ұстанған, патшалары көз жұмғанда, о дүниеге ерекше салтанатпен аттандыратын дәстүрлерін ұмыта қоймапты. Бұл өңірде бұрын ұшыраспаған жерлеу жораларын енгізіп, жойқын патша обаларын тұрғызу, көсемдері өлгенде, олармен бірге жылқылар мен арбаларды қоса көму секілді ғұрыптарды орнықтырыпты. Аз уақыт аралығында жүрдек арбалы жасақтарымен Сарыөзен аймағындағы отырықшы тайпаларды бірінен соң бірін бағындырып, қуатты елге айналып үлгерген Шаң билеушілері, басып алған жерлерінде қала-бекіністер салдырып, сол қорғандардан маңайдағы жұрттарға жылма-жыл жорық жасап, мал-мүліктерін сыпыра тонап, мыңдаған тұтқынды айдап әкеліп, құлдыққа салатын, айдарынан жел ескен әлеуетті мемлекет ретінде танылыпты. Жеңімпаз шаңдықтар көсемдерін – «уаң», өздерінен тарағандарды – «байсын», ал, бағынышты жұртты – «шумың» (қара бұқара) деп атайды екен. Қытайдағы темір еріту, ұңғылы айбалталар жасау дәстүрі де осы аньян мәдениетінің бастапқы кезеңі – ж.с.д. XIII ғасырдан басталған, делінеді. Осындай дәйектерге орай, бүгінгі ғылымда: «қытайлық өркениеттің шарықтап дамуы, Шаң дәуірінде батыстан жеткен үш маңызды инновациялық жаңалық – жүрдек арбалы көлік, жылқы және металлургияның арқасында жүзеге асты» деген тұжырымға көбірек мән беріледі (8. 167-168 б). Бұрындары ғылыми айналымға енбеген түбі түрктекті халық туралы мұндай соны мәліметтер Ж. Бейсенбайұлының зерттеуінде көптеп саналады. Ал, автордың арқайымдық түздік мәдениет кешені, Тұран мен Ордос аралығындағы түздік жұрттардың этнотегіне қатысты пайымдары, тарым сембелерінің автохтон жұрттардан қалған қаңқалар екендігін дәлелдеулері, ішғұз (сақ-скиф), hy (ғұз), хұн атауларының этимологиялық мазмұндарына жасаған талдаулары, үйежы (юечжи) жұртының, тохар, дай, теле мен қыпшақтық түзілімдер туралы ой-толғамдары жаңаша мазмұндау мен түйіндемелік жаңа тұжырымдарға толы. Ж. Бейсенбайұлының бұл еңбегі өте өзекті, түбі түрктекті жұрттарға қатысты бұрындары айтылмаған, әрі тың, әрі қызықты мәселелерді көтеруімен ғана емес, мазмұнының нәрлігімен, бұрыннан қалыптасқан догматтық қағидалар аясынан шығатын соны қорытындыларымен де ерекшеленеді. Жалпы, орталықазиялық мәдениеттердің қалыптасуына мұрындық болған Беғазы-Дәндібай мәдениетінен құнарланып, далалық кеңістіктің барлық өңірлерінде бой көтерген түбі арғытүрктік өркениет көріністері өз оқырманын баурап алып, оқыған сайын жаңаша ой түйсіктерге жетелейді, түрктектілікке мақтаныш сезімін тудырады. Түбі түрктекті халықтардың ұлан-ғайыр тарихы ежелгі, бағзы, қадым, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі кезең дегендей сабақтастығын үздірмей небір тылсым дүниеге шомылдырып, жалғасып кете береді, кете береді... Лайым түбі түрктекті халықтардың этнотектік түзілімін, тіні мен тілін өшіре көрмегей!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Клесов А. А., Тюняев А. А., Происхождение человека (по данным археологии, антропологи и ДНК-генеалогии) – М: Белые Альвы, 2010. – 1024 с. 2. Клесов А. А Миграционный путь гаплогруппы R1b1b2 в Европу и расселение в Европе (критический обзор) // Вестник Российской Академии ДНК-генеалогии. 2010, т.3, №10. С. 1652-1675. 3. Клесов А. А. Основная загадка во взаимоотношение индоевропейской и тюркской языковых семей и попытка ее решение с помощью ДНК-генеалогии // Вестник Российской Академии ДНК- генеалогии, 2010, Т. 3,№1, с. 3-58. 4. Сулейменов О. Язык письма. – Алматы - Рим: San Paolo, 1998. – 502с. 5. Клесов А. А. Древнейшие восточно-азиатские ветви гаплогруппы R1а // Вестник Российский Академии ДНК-генеалогии. 2009: т. 2, №5. С. 879-888. 6. Клесов А. А. Гаплотипы R1а на Алтае: «автохтонны» и «индоевропейцы» // Весник Российской Академии ДНК-генеалогии. 2012, т.5, №12. С.1511-1525. 7. Дроздов Ю. А. Тюркскоязычный период европейской истории. – М.–Ярославль: Литер, 2011. –600 с. 8. Бейсенбайұлы Ж. Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер. – Астана: Ғылым, 2015. – 468 б. 9. Оппенгеймер С. Изгнание из Эдема. – М: Эксмо, 2004. – 640 с. 10. Ходжаев А. Извлечение из китаиских источников //Материалы по этнической истории тюрских народов Центральной Азии. Сборник. – Ташкент, 2003. – С. 5-35.

1163 рет
көрсетілді4
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Abertswids
05 Наурыз, 2022коли закінчиться війна <a href="http://bitly.com/skilky-shche-bude-tryvaty-viyna-v-ukrayini">коли закінчиться війна в україні 2022 передбачення</a> коли закінчиться війна в україні 2022
Abrtswids
11 Наурыз, 2022http://bit.ly/legenda-destan-vse-serii
Abrtswids
15 Наурыз, 2022<a href="https://t.me/filmfilmfilmes/12">Гонка</a>
mqzptfoiv
21 Қазан, 2022-- [url=http://www.g6154y6ij7v4xc0rn2fv17ribnd21670s.org/]umqzptfoiv[/url] mqzptfoiv http://www.g6154y6ij7v4xc0rn2fv17ribnd21670s.org/ <a href="http://www.g6154y6ij7v4xc0rn2fv17ribnd21670s.org/">amqzptfoiv</a>