• Заманхат
  • 12 Қазан, 2017

Ұлағатты ұстаз, қайраткер ғалым (академик  С. Сартаев  туралы  ой)

Ақмарал Сманова – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  заң факультетінің мемлекет  және құқық теориясы мен тарихы,  конституциялық және әкімшілік  құқық кафедрасы доценті, заң ғылымдарының кандидаты Данышпан Абай: Жақсылық көрсең ғибрәтлі, Оны ойға жисаңыз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз. Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп бекер айтпағаны анық ақиқат. Мұны ғылым шыңына шыққан алдыңғы толқын ғұлама ғалымдарымыздың өсу, қалыптасу жолдарынан күнделікті өмірде көріп-біліп, сезініп жүрміз.Ұлы ойшыл ақынның айтқан кемел ойларының жүзеге асқанының куәсі болып келеміз. Бұған қарашаңырақ оқу орны – әл-Фараби университетінде бізге сабақ берген, өнегесін алған ұстаздарымыз да мысал бола алады. Солардың бірі және бірегейі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Сұлтан Сартайұлы Сартаев. Әрине, өз ұстазың туралы орнықты ой айту, оның ғылыми шығармашылық өмір жолы, педагогикалық қызметі, кісілік келбеті мен адами игі қасиеттері жайлы кеңінен қамтып мақала жазу үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ал, аты әлемге әйгілі қоғам қайраткері, аса көрнекті ғалым, еліміздегі заң ғылымының іргетасын қалаушылардың көрнекті өкілдерінің бірі, академик-ұстазымыз жөнінде ой толғау әлгі жауапкершілікті одан да еселеп арттыра түсетіні сөзсіз. Менің «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастырудың құқықтық негіздері» деген тақырыптағы магистрлік диссертациямда ғылыми жетекшім болған ұлағатты ұстазым, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер,заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың ғылыми-педагогикалық өмір жолы жайлы жазуда мен осындай ойда болдым. Мен үшін бұл жұмыс бір жағынан оңай, екінші жағынан қиын секілді көрінді. Өйткені, оңай болатыны – ол кісінің ғылыми-өмірбаяндық деректері молынан жинақталған және жалпы жұртшылыққа кеңінен танымал, ал, қиын болатыны – сол жинақталған сан алуан, қыруар материалдардың қай тұстарын, қандай мәліметтерді іріктеп-саралап келтірсем, қалай бастап, қалай аяқтасам деген мәселелер ойыңды онға, санаңды санға бөліп, біршама қиындық туғызатыны жасырын емес. Сұлтан ағай бізге «Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам» атты пәннен сабақ берді. Білімімізге білім, ақылымызға ақыл қосты. Ұстаздың өткізген дәрістерінің мән-мазмұны, танымдық-тәрбиелік астарлары, терең мағыналылығы жағынан есте қалар­лықтай еді. Ол кісі дәріс барысында жаңа сабақтың өнбойына өз басынан өткен адами тәжірибесінің мысалдарын қатыстырып, білім нәрін терең философиялық тұжырымдармен, өмір­лік мәні бар әсерлі материалдармен байытатын. Бір мысал. Бірде ағай сабақта мынадай әңгіме тиегін ағытты: «...Біз үшін ғұмы­рымыздың әрбір өткен күні – Құдай­дың бізге тартқан сыйы. Уақытты босқа жіберу – өмірдің бағасын білмеумен бірдей тең екенін әруақытта сезініп келеміз. Сондықтан да, мақсаткерлікпен тынымсыз еңбек еттік, яғни, алға қойған қандай мақсатымыз болмасын жетуге тырыстық. Мақсатсыз өмірдің мәні де болмайды. Мақсат – өмірдің қозғаушы күші. Біріне қолың жетсе, кезекті мақсатыңа жол ашасың. Алға қойған мақ­саттарыңа жете отырып, өміріңді де мазмұнды, әрі жемісті етесің ... «Қиын жолдан ақылды адам ғана сү­рінбей өтеді, ал, ақымаққа бұл жол тым ұзақ көрінеді» деп шығыс даналығы тегін айтпаған болар. Тек, ой таразысынан өткізілген ынталы шығармашылық еңбекті, ақыл парасаттылықты үздіксіз белсенді түрде толықтырып отыру ғана адамды ақымақтық жасамауға бастайды, оның тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өтуіне ықпал етеді. Міне, біздің де таңдап алған жолымыз осы...», – деген болатын сабақ арасында. Кейіннен бұл ойларды «Өткеннің өнегелі белестері» атты ғұмырнамалық жазбаларынан оқыдым. Мұндай мысалдар сабақтың маз­мұнын нұрландыратын. Тыңдаушы шәкірттер ағайдың сабағын ұйып тыңдағанда, ол кісінің дәріскерлік шеберлігіне, оқыту әдістемесіне, оны жеткізудегі шешендік өнеріне тәнті болатын. Тіпті, кейде қазақ мемле­кеттігінің теориясы мен тарихы жайлы әңгімелегенде, білім мазмұнын сабақ үстінде миымызға құйып қой­ғандай әсер қалдыратын.Ондағы ой-пікір өрісі, толғаныс-толғам кеңдігі, қорытынды-тұжырым тереңдігі барлық шәкірт­терінің көңілінен шығатын. Біз де Сұлтан ағай секілді ғалым-ұстаз болсақ деп армандайтынбыз. Ол кісінің әрбір сабағы бейнебір өнеге үлгісіндей, өмір мектебіндей көрінетін. Ең бастысы, менің ғылым жолына түсуіме де, жоғарыда атағандай, студент кезімнен сабақ берген құрметті ұстазымның «Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам» атты тақырыптағы магистрлік диссертацияма ғылыми жетекшілік етуінің ықпалы ерекше болды. Ол тұста магистратурадан соң аспирантура бітіріп, кандидаттық диссертация қорғау талап етілетін. Сол кезде менің кандидаттық ғылыми жұмысымның тақырыбының «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам қалыптастырудың құқықтық негіздері» деп нақтылануына, оған ғылыми жетекшілік еткен академик-ғалымның талантты шәкірті, қадірменді ұстазым, заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Саламатқызы Ибраеваның белгіленуіне үлкен септігін тигізді. Академик Сұлтан Сартайұлының тек ғылым жолын таңдаған шәкірттері – елуге тарта ғылым кандидаттары, доценттер; өзге көрші елдерді қоса есептегенде, оншақты ғылым докторлары, профессорлар бар. Әл-Фараби университетінің заң факуль­тетінде деканымыз, заң ғылым­дарының докторы, профессор Дәулет Лайықұлы Байдельдиновтен бастап, профессор-оқытушылар құрамының басым көпшілігі (түгелге дерлік) академик С. Сартаевтың қолынан түлеп ұшқан шәкірттері. Ал, ол кісінің тікелей жетекшілік етуімен диссертацияларын қорғаған заң ғылымдарының докторлары, профессорлар А.С. Ибраева, Б.А. Жетпісбаев, Г.Р. Үсейінова, заң ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қ Исабеков, басқа жоғарғы оқу орындарында, басшылық қызметтерде жүрген ғалымдар – заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Д.Қ. Нүрпейісов, З.К. Аюпова, Е.А. Бөрібаев, Б.А. Тайторина, Б.Е. Абдрахманов, К.Б. Досалиев, Ш.А. Забих және тағы басқаларды ілтипатпен атауға болады. Осындай талантты ғалымдардың іргелі де қуатты шоғырылған ғылыми мектеп қа­лыптастырған академик-ұстазды барша шәкірттері мақтаныш тұтады. Тоқсан жастың табалдырығынан шаршамай-шалдықпай аттаған дарынды ғалымның өсу, қалыптасу жолына қарап отырсаңыз, әдеттегі танымал тұл­ғалар секілді қарапайым. Ол 1927 жылдың 15 қазанында сонау Жаңа­қор­ған елдімекенінде, өзі айтпақшы, ауыл еңбекшісінің, үш рет жараланған майдангердің сегіз баласын, соның ішінде, үш ұл, бірнеше қыз тәрбиелеп өсірген отбасында дүниеге келді. Бала болды, арман қуды, қиялдады. 9 жасында өзінің не іс тындырғанына өзінше есеп беріп, аз-кем бір сәт ойланғаны бар. Тындырған ісі бір басына аз емес сияқты көрінді. Екінші сыныпта оқып жүр, оқу мен жазуды үйренді, енді, есейгенде арбакеш болуды армандады. Өйткені, ауылда тұратын Мәди атты арбакеш көкесі болатын. Сол пар ат жегілген арбасымен жанынан зырғытып өткенде оған қызыға қарап таңданатын. Сөйтіп, Мәди көкесіндей арбакеш болғысы келетін. Бала қиялы осылайша ойлайтын, қиялдайтын. Бұл туған жер, өскен ел еске түскендегі ажарлы да базарлы бақытты балалық шақтың қайталанбас сәттері еді. Бүгінде естелік, елес секілді болып барады. Қалай дегенде де, бұл бүгінгі академик абыз ақсақалдың, қазыналы қарияның ғұмырнамалық төл тарихының жарқын беттері болып тарих қойнауына еніп барады. Мұның ешқайсысын өшіруге не біреуге көшіруге болмайды. Қайталанбас дара тұлғаның дербес ғұмыр-баяны. Ол кезде мұғалімдік мамандықтың қа­дірі әбден артып, аспандап тұрған заман. Оның ата-анасы үлкен ұлдарының (Сұлтан ағайдың) мұғалім болып, туған ауылының балаларына білім берсе екен деп армандапты. Сөйтіп, болашақ ғалым орта мектепте тәлім алған соң, тағдырдың талайымен Ресейдің Горький облысының Выкса қаласындағы металлургия зауытында балқыма құятын кран машинисі мамандығын алып еңбек етеді. Содан келесі жылы Алматы заң институтының табалдырығын студент болып аттайды. Оқу орнын үздік бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік заң институтының аспирантурасын табыспен аяқтап, 1952 жылы «Қазақ АКСР-інің құрылуы мен дамуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Сонан елге оралады. Одан кейінгі көрнекті ғалымның ұзақ жылдар бойғы өмірі Алматы заң институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде ұстаздық етумен, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен, жоғары білікті мамандар тәрбие­леумен өтіп келеді. 1970 жылы М.Ю. Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің мамандандырылған арнау­лы кеңесінде «Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс және халық өкілеттілігінің жоғары органдарын қалыптастыру мәселелері» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын зор табыспен қорғады. Кейіннен өзі ұйымдастырған Қазақ құқықтану және халықаралық қатынас институтының ректоры болып еңбек етті. Академик Сұлтан Сартайұлының еліміз тәуелсіздік алған тұста мемлекеттанушы – заңгерлік, ғалым-қайраткерлік қыры мен таланты, шынай елжандылық сезімі, ерекше патриоттық рухының биіктігі жарқырап көрінді. Аса білікті заңгер-ғалым, академик Салық Зимановпен бірге ел егемендігіне, мемлекет тәуелсіздігіне, ана тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты Парламентте, ел, тіл тағдыры шешілетін биік мәртебелі мінберлерде, үлкен жиындарда екеуінің алма-кезек, бірін-бірі то­лықтырып сөйлеген өткір де дәлелді сөз­дері, айтқан орынды ұсыныс-пікірлері барша жұрттың айызын қандырып, дән риза етті. Мұның бәрі әлі халықтың жадында. Бұл істер нағыз елін, жұртын сүйген мемлекетшіл, халықшыл жан­дардың шынайы жанашырлық жасампаз ерліктері іспетті еді. Ардагер ғалым Қазақстан мемлекетінің заңнамаларын жасап, өмірге енгізуге белсене араласты «Қазақстан Президенті туралы» заңды, «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі» туралы декларацияны, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобаларын жасауға өзі тікелей басшылық жасап, белсене араласты. Ол жылдар туралы белгілі тарихшы, ғалым, академик Манаш Қозыбаев кезінде былай деп жазды: «Сұлтекеңмен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің ХІІ-шақырылымы депутаты болып қатар сайландық. Сұлтекең сол сәтте тағы бір жаңа қырынан танылды. Ол мемлекет қайраткері болып жетілгенін, майталман заңгер екендігін, асқан дипломаттығын, пікір таласына түскенде, сайысқа түскен батырдай құлпырып кететіндігін көрсетті. Бұл Сұлтекең әлеуетінің толық пайдаланбай келгендігінің айғағы еді. Сол кезде ғылыми элита елдің егемендігін алуға атса­лысты, рухани тайталаста жеңіп отырды, тізе қосып, сол топ бірге қаракет етті, бірінің жетесіне жеткізбегенді екіншісі, үшіншісі тереңдетті. Жалпы, рухани майдан қалыптасты. Тіл заңы, елдің егемендігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, оның рәміздері қабылданған кезде ғылыми элита жарқ етті, найзағайдай шатырлады, қарсыласын қалтыратты. Президенттің оң ісіне тірек бола алды. Сол ғылыми элитаны Салық ағамыз бастады, Сұлтекең өз позициясымен, өз түсінігімен жеке-дара шығып та жүрді, бірақ ағалы-інілі тарландар ол даралықты қарсылық, алыпқаштылық деп қарамады, даналықпен түсіне білді». Халқымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған бұндай құбылыстарды бастан өткерген тұстағы ел ағаларының қайраткер-тұлға ретінде танылғанын айта келіп: «...Сәкең ағалықты даналыққа жалғастырып, қол бастады. Сұлтекең жекпе-жекке шыққан айбынды батырлардың бірі емес, бірегейі бола білді. Сондықтан да, Сұлтекең өз өмірінің сол сәтті шағында елін ісімен сүйсіндіре алды, ұлттың сүйікті перзенттерінің біріне айналды, ұлы істе өз жаратылысын, болмысын танытып қана қоймады, есімін, затын биік тұғырға қондырды, Қазақ мемлекеттігінің тарихына өз есімін жазатындай еңбек сіңірді», – деп заңгер әріптесінің атқарған еңбегін жоғары бағалады академик Манаш Қабашұлы. Бұл пікірлерге біз де қосыламыз. Танымал ғалым Қазақ КСР Президенті жанындағы кешірім жасау жөніндегі комиссия төрағасы, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы, Қазақстан Президенті кеңесінің мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды. Есімі елге әйгілі тұлға бірнеше жүздеген еңбектердің, ондаған монографиялардың авторы. Оның қоғам, ел, мемлекет алдындағы сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағына ие болды. Жақында ҚР Ұлттық Ғылым акаде­миясының Алтын медалін омырауына тақты. Осы жылдың 15 қазанында ұс­тазымыз тоқсан жасқа толады. Сол тоқсаныңыздың төріне тоқтамай шыққан абыз ақсақал әлі тың. Жас­тардың ақылшысы, ғибраты мол атасы, өнеге иесі. Ол кісі Алланың өзіне берген күш-қуатын, ынта-жігерін әлде де жас мамандар әзірлеуге, жоғары білікті заңгер-ғалымдар даярлауға, еліміздің оқу-білім, ғылым саласын дамытуға жұмсайтыны сөзсіз. Ендеше, туған халқының жалынды жанашыры, парасатты патриоты, нағыз ұлт зиялысы дәрежесіне көтерілген қадірменді ұстазымыз, академик Сұлтан Сартайұлын 90-жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, отбасына амандық, мол шығармашылық табыстар тілегеніміз абзал болар.

1263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз