- Тарих толқынында
- 14 Қараша, 2017
ЖАЛПАҚ ЖҰРТЫН ЖАРЫЛҚАҒАН
Бақыт САРБАЛАЕВ, сыншы
Өлген соң да ораламыз Рух боп, Шайқасамыз шығып келіп көрден біз Шандор Петефи
Бүгінгі таңда менің қолыма алғаш қалам ұстап, көңілімнің көгіне мөлт етіп үйірілген маржан ойларымды балғын жыр тамшыларына ұластырып, ақ қағаз бетіне түсіргеніме жарты ғасырдан да асып кетіпті. Ол шынайы өлең болып мөлдіреп туды ма, жас жүректің алғаусыз да пәк сырларын қалтқысыз жеткізе алды ма, жоқ па, бұл – басқа мәселе. Біраз жыл өлең өрдім. Одан беріде ақиық ақын бола алмасымды мойындап, бұрын да ат ізін салған әдеби-көркем сын ауылына біржолата ауыстық. Аудандық газет «Ильич жолында» талапкер болып, тұсау кесіп, журналист атандық. Қалыптаса келе көсемсөзшілік қыр, әдеби-көркем сыншылық сыр адамдық-азаматтық басты болмыс-бітімімізге айналып, туған еліміз өмірінің, қазақ сөз өнерінің белгілі де белді бір сарбазы болып қанат қақтық десек, ақиқаттан алшақ қона қоймаспыз. Сол елмен етене, мәдениетпен егіз тер төгумен, жұртшылықпен шер бөлумен өткен ғұмыр жолымызда ашқан негізгі жаңалығымыз, білген-ұққан қастерлі шындығымыз немене дейтін болсақ, ол – дені дұрыс әрбір адам баласына, әрлі әдебиет пен нағыз өнер саласына әрқашан жетпейтіні, ең керегі – шынайы шындық пен кәдімгі, қарапайым әділеттілік екені. Тіпті, күнделікті өмірдегі адамдардың, абзал азаматтардың, журналист пен ақынның, балалар суретшісі мен сарабдал сыншының, актер мен сазгердің жұрт мойындарлық сұры мен қатарластарынан оздырар құны да – халықтық шындықты айтуында, жеткілікті айта білуінде және әділеттілікті қорғап, орнықтыра білуінде екен. Өмірдің көгеріп өсуінің, өнердің өркенді өрлеуінің қияға бастырмас, қиянатқа астырмас өрелі өлшемі де осы. Айтпақшы, бұл – ақиқаттан аттамау, билік пен бұқараға да ортақ шындықты табанға таптамау, қолдан келгенше қара қылды қақ жаратын әділеттілік дүмді ірілер мен қатардағы тірілер түгіл, өлілерге де керек. Кеше ғана өмірден өткен емес, бағзы замандарда, қадым ғасырларда тіршіліктен кеткен өлілерге де! Өте керек. Мұның себебі, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген мақал-таразы табиғатқа лайықты-ақ шығар; жаратушы Алла тағалаға да артықтық етпес бәлкім. Ал, кешегісіз бүгіні жоқ, өткенін біліп, болашағын да ойлайтын саналы адам баласы үшін еш жарамайды. Жарамайтыны – тамырсыз ағаш биыл қалай өсіп-өне алмаса, нақ сол сияқты тарихсыз да халық, ұлт құл болып қалары, басы салбырап, бодандыққа ғана барары анық; ал, келешексіз – отау тігіп үйленіп, бала сүйіп, көбейіп жетілмесі, ағайынды-құдандалы ата-әулет – байтақ Бәйтерек болып бой түземесі ешқандай дәлел тілемесе керек. Біз, сондықтан да, Адам Ата – Хауа Анадан өрбігенімізді еске алып, Аттила бабамызбен, Абай данамызбен мақтанбаймыз ба? Шопан Ата шарапатымен қой өсіріп, құйрық асап, Диқан Ата үлгісімен дән егіп, нан жеп жүргенімізді ұмытпаймыз. Алайда, алға зулаған уақыт өтіп, алуан замандар, аласапыран дәуірлер алмасқанда, бізге төрткүл дүниені төбеміз көк тіреп, билеп қана қоймай, аяққа басылып, балшықша иленгенімізді, сонау Шығыс пен Батыс арасындағы атамекен жер үшін, алып Алтынорда Алашорда атты Ел үшін жаумен алысқанымызды, талай мәрте жеңіліп, ақырында жеңіп отырғанымызды да жадтан шығармау қажет. Өкінішке қарай, «ет пен сүйектен жаралған» адам емеспіз бе, оның ішінде (нешетүрлі озық қырларын, ордалы сырларын бұл жерде тізіп жату қажетсіз болғандықтан) ардалығынан, ақылдылығынан гөрі, ақжүрек адалдығы, аңғалдығы басым қазақ емеспіз бе, сондықтан да, ұзын тарих жүзінде қырағылықтан гөрі, қапы, қалт кетуіміз, айлалылықтан гөрі алдануымыз көп ретте-ақ басым түсіп жатыпты. Әйтпесе, қазіргі Қытай жеріндегі Сарыөзеннен сырт қалып, Ордостан ауып, қыран Орал тауы, ұлан Сібірден айрылып қалуымызды басқаша қалай түсіндірмекпіз? Әрине, бұл жерде біз жеке қазақ емес, баба түріктерді мысалға алып отырғанымыз түсінікті. Сонымен, бір сәт нақты тарихқа жүгінелікші. Ұлы Мөде қаған кезінде қалың Қытай біздің бабаларымыздан артық па еді, әскери күшті ме еді? Ұлы Қытай қорғанын көшпелі ғұндардан қорғану үшін салдырған жоқ па? Үздік Ұрым империясын құлатқан Ер Еділді (Атилланы), төрткүл әлемді тізе бүктірген Шыңғыс қағанды айтпай-ақ қоялықшы. Ақ Орда ханы Тоқтамыс пен әйгілі Әмір Темір бір-бірін жойып-құртпаса, ойдағы орыс Қазан хандығын қанға бөктіріп, ханым Сүйінбикені өлтіре алар ма еді? Өзіміз аңғалдық көрсетпесек, Қырым хандығынан екі рет тырағайлап қашқан Бірінші Петр патша есін жия алар ма еді?! Басқасының бәрін жиып қойғанда, тарихи «Орақ батыр» жырындағы Қарабатырдың: Түркімен мен гүржіні, Терек бойлы естекті Мұнарасы биік Мәскеуді, Аузы түкті орысты, Басы шоқты қалмақты, Шүлдірлеген шүршітті Ауызыма қараттым, Кәпір болса, оқ аттым, Мұсылман болса, жан тарттым, – дейтіні бекер емес қой. Міне, бізге осындай тарихи шындықтарды білу, бойға сіңіру жетпей жатыр? Біріншіден, бұларды жаппай жақсы білуіміз керек. Екіншіден, осындай шындықтарды білу арқылы тарихи тұрғыдан Еуропакіндікшілердің арамзалығын, саяси алаяқтығын, орыс отаршылдарының жүзі шімірікпей, жүз жылдар бойғы айтқан өтіріктерін жоққа шығару шарт. Бізге шындыққа қоса, әсіресе, әділеттілік жетіспейтін себеп те осы. Үшіншіден, біз мұндай факті, оқиға деректерден тиісінше тағылым ала білуіміз абзал. Нақ осылай ету арқылы тарихымызды түгелдеп, тағдырымызды таразылап, өзіміздің мына өмірде кім, қандай ұлт екенімізді айқындап алсақ, өзгелерге де осындай шындықты мойындату арқылы жадымызды толықтырып қана қоймай, әлсіреген рухымызды сілкінтіп, бастан кешіп жатқан бүгінгі күн бедеріндегі төл Толық орнымызды иеленеміз. Бұл үшін бірінші кезектегі баршамыз – жекелеген ұл мен қыздар қам жеп қана қоймай, жетідегі баладан жетпістегі дараға дейін күллі Ұлт, керек десеңіз, күллі қазақстандықтар болып атқарар ұланғайыр ұлы Міндет – бүгініміз белгілі, бастан өткеріп жатырмыз; болашағымызды мүсіндеуге біраздан бері мұқият кірістік, алдағы уақытта еңселендіріп, нұрландыра түсерміз – оқулығы жұп-жұқа, олқылығы зор, ақтаңдақтары мол өткенімізді жедел түгелдеуге, түбегейлі танып-тауып, Толыққанды Тарих етіп түзіп, қалпына келтіруге тиіспіз.
1
Жә, жеке мемлекет, Қазақ Елі атты бай да барқадарлы ел болғандықтан, мәдени-рухани тұрғыдан алғанда, жалпақ жамиғат болып жұмылар бір абыройлы, ұланғайыр да ұлы міндет алдымызға қойылып отыр екен, енді, оны қалай орындаймыз? Жоғарыда өз басымыз оны атқаруға күллі ұлт, барлық қазақстандықтар болып кірісейік деп ұрандатқанымызбен, тікелей тарихты жазу, бұл міндетті нақты жүзеге асыру кез-келгеннің қолынан келмейді. Не жасыратыны бар, бұл ретте арнайы жоғары білімді мамандарың да көп нәрсе істей алмайды. Өйткені, бұл жердегі шешуші фактор – талант, тек тарихшылық қана емес, қаламгерлікке ұласқан қуатты тарихшылық талант. Сонда, бейтарап қалмайтын, жан салып көмектесер өзге көптің қолынан келері не? Әрине, ел ішінен дерек іздеу, тапқандарын ортаға салу, әртүрлі архив ақтару, шетелдерге шығып, тиісті бұлақкөздерге қатысты мәлімет-мағлұматтарды табуға жәрдемдесу. Ал, Кейіпкеріміздің әуелі жампоз журналист ретінде жалпақ жұртқа танылғаны мәлім. Ол кезде елімізде газет-журналдың аздығы да оңды әсер ететін шығар; алайда, жастар газеті «Лениншіл жастың» таралымы алғаш 200-300 мыңды еркін бағындырып, көп ұзамай, жарты миллионға жетеғабыл болғаны-ақ көп нәрсені байқатса керек. Мұндай шын мәнінде халықтық басылымның жетекші журналшысы түгілі, жай қызметкері болудың өзі абырой екенін ескерсек, Жарылқаптың әдептілік саласындағы әрбір мақаласы дерлік оқырманды баурап, жұрт жүрегін жаулап, өнертануды өрелі қаузаған, «Тал түсте атылған тапанша», «Парижді дүрліктірген жалғыз алма» тәрізді мақалалары бір кездегі Франция астанасы сияқты Алматыны да бір сілкіндіріп, дүрліктіріп жатты... Мақұл, тапаншаны қоя тұрайық, сонда Парижде өсе тұра, астанамыз Алматыны дүрліктірген қандай алма? Жарылқаптың жазғанына сүйенсек, 1861 жылы Парижге провинциядан жеткен жас жігіт Поль Сезанн осы атақты шаһарда ондаған жыл бойы тұрып, өзінің тамаша туындыларының бірінен соң бірін сала бастайды. Бірақ, оны кіді, кірпияз Париж сол кезде танып, түсіне қоймайды. Тіпті, өмірден өткенге шейін ол өзін суретші ретінде мойындатуға зар болады. Бәрібір, өзінің өзгеше талантты екеніне құдайдай сенген Поль Сезанн: «Парижді жалғыз алмамен дүрліктіргім келеді», – деп жазады. Ақырында солай болады да. Ал, біз – алаш жұрты мұндай ұлы суретшіні Жарылқап жазуы арқылы алғаш білдік десек, асыра айтпаспыз, асылы. Ал, танысыңыз. «...Сезанн алмасы. Әдетте қайсыбір суретшілер туындыларындағы алманы көргенде: «Шіркін, мына алма дәмді шығар», – деп тамсануға бейім тұратынымыз бар. Ал, Сезанн салған алма туралы: «Мынау не деген құдірет!», – деп тәнті қалуға ыңғай бересіз. Оның алмаларының өн бойында санаға әсер етер мол танымдық қуаттар бар...». Міне, осы танымдық, тағылымдық қуаттар әлемдегі алманың отаны, айрықша апортымен атақты Алматыны бас идіріп, көрген «оқыған» адамдарды дүр сілкінтіп еді десек, біз тек сол уақыттың бір шындығын ғана жеткіземіз. Жалпы, сол жылдардағы журналист-жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының жақсы бір ерекшелігі – күнделікті күйбең тірлік көлеңкесінде қалып, бұйырғанын жаза бермей, бір нұрлы мақсат соңына түсіп, таңдаған тақырыбын жан-жақты да жүйелі игеріп, жемісті нәтижемен бітіруі. Мұның бір игі көрінісі – сурет өнерінің сұлу шежіресі «Буырқанған бояулар» («Өнер» баспасы, 1981 жыл) атты кітабы болса, екінші бір жемісі – «Әдептілік әлемі» («Жалын» баспасы, 1982 жыл) кітабы. Оның осындай озық та жаңашылдық қасиеті үшінші бір іргелі ізденіске бастап, бір-біріне сабақтаса жалғасып, тереңдете толықтырған, қазақтың (орыстың) ғылым аспанында шоқ жұлдыздай жарқыраған ғалымы Ш.Уәлиханов тұлғасын тануымызды молықтырған, ерекше еңбегі: «Шоқан ізімен» («Жалын» баспасы, 1977 жыл) және «Жасын тағдыр жарқылы» («Жалын» баспасы, 1984 жыл) атты кітаптары. Мұның өзі танымал журналист Жарылқапты оқырман қауымға, зиялы ауылға бұрынғыдан да қатты әйгілеп қана қоймай, Шоқантануға бір жаңа тарау, өзіндік үлес болып қосылып, оны – авторын Қазақстан Жастар одағы сыйлығының мәртебелі иегері де етті. Мұндай еңбектің дүниеге келуінің өзі қызық қана емес, өзгеше. Ол – атап айтқанда, 1976 жылы «Лениншіл жас» газетінің тілшісі ретінде өзіне дейінгі 120 жыл бұрын болған, яғни, ұлы ғалым бабасы 1856 жылы жасаған тарихи сапарды қайталап, оның ізімен «Ыстықкөл сапарының күнделігі» бойынша жүріп кеткен-ді. Әрине, мұнда автордың өзі айтқандай: «Бәрі жастар газетінің журналшыға мол мүмкіндіктер ұсынатын өзіндік ерекшелігі мен сол кездерде оны басқарып отырған аса көрнекті редактор Сейдахмет Бердіқұловтың әр жаңа ізденіске сергек қарайтын санаткерлігін туындаған сәттілік» қана емес, жалындаған журналист Жарылқап Бейсенбайұлы көңілінің зерделі ояулығы, Шоқан сапарының бағыты бойынша жолсапар бағдарын сызып ұсынған ізденгіш тапқырлығы да жатыр. Бұған оның бірнеше ай бедерінде оны үш рет 15 күндік, бірде көлікпен, бірде жаяу-жалпы Қазақстан мен Қырғызстан жерін талмай, шалдықпай аралаған сапарын қосыңыз. Сондықтан да, бұл ұзын із – ұлағатты іс – қазақ журналистикасы тарихындағы жаңалықты, жемісті сапар болып қана қалмай, дарынды деректі прозашы Жарылқап Бейсенбайұлының да өмір-өнердегі өз соқпағын, жарқын жолын бастап берген еді... Содан кейін қызмет бабымен Ақмола – қазіргі Астанаға ауысуына және бір айрықша тарихи тақырыпты қаузауына байланысты біраз уақыт ажырағанмен, ол ешуақытта ұлы Шоқаннан қол үзген емес. Шоқан – әрқашан көңілі төрінде. Қашан да Шоқан туралы, оның ортасы, айналасы, барған ел-көрген жерлері, заманы мен амалы туралы үнемі дерек, материал жинай жүрді. Байқап қараса, 30 жыл бойы. Орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский Шоқанға қалай қайран қалып, дос болса, тіпті, өмірінің соңына дейін ғашық болып өтсе, Жарылқап та ұлы Шоқаннан бір сәт суынған, қашықтаған емес. Оның өмірдегі өзі қалап алған қос тақырыбының біріне айналып, жан тынысы – жалынды махаббаты болып, бүгін де жанып тұр десек жаңылыспаспыз. Сол себепті, ол Шоқанға 2006 жылы және бір оралып, екі-үш жылғы қалам тербеуі нәтижесінде жаңа «Шоқан» атты ғұмырнамалық деректі хикаят – көлемі 40 баспатабаққа жетіп жығылатын шоң кітап («Қазақстан» баспасы, 2009 жыл) жазып бітіріп, жариялады. Енді, бұл жаңа эсселік-естелік кітаптың өзіндік ерекшеліктері, өзіне дейінгі Шоқантануды бастандырып, кеңейтіп қалыптастырған түрлі еңбектерден, 1983 жылы Мәскеудің әйгілі «Тамаша адамдардың өмірі» (ЖЗЛ) сериясы бойынша жарық көрген Ирина Стрелкованың «Уәлиханов» атты кітабынан артықшылығы неде? Ең бастысы – бұл кітап ұлы ғалым өміріндегі көптеген жаңа, тың деректерді тауып қамтуымен, ал, кейбіреулерін тұңғыш жеткізуімен қалыңдап қана қоймай, шабыттан туған көркемдік ділімен, жеңіл де жатық тілімен мойын оздырумен шектелмей, Тәуелсіздік талап-тынысына сай жазылуында. Сондықтан да, Жарылқап Бейсенбайұлының бұл кітабы өмірден құйрықты жұлдыздай жарқырап ағып өткенмен, айрықша талантты, бірнеше тіл білген, туған халқын шын перзенттік парызбен өлердей сүйген, қысқа ғұмырында таң қаларлықтай білімдік-ілімдік еңбектер бітірген, Адамзат Алыптарының қатарына қосылып үлгерген жан-жақты ғұлама ғалым, сол арқылы асыл Адам, абзал Азамат туралы толайым жаңа сөз ғана емес, сара сөз, Шоқантанудағы жаңа жарқын бет, биік белес деуге де болады. Айтпақшы, біз жоғарыда алшын Нұрымбай ақын жырлаған тарихи «Орақ батыр» жырынан мысалға келтірген Қарабатырдың сөзі де Жарылқаптың осы «Шоқан» атты кітабынан алынып отыр. Сонымен, Жарылқап жүздестірген бұл Шоқан – қандай Шоқан? Біз бұрынғыдан гөрі кімдерді, нені біле түстік? Тікелей Жарылқап ашып, анықтаған қандай тарихи дерек, оқиға, халыққа керектер бар? Мұның біріншісі – әрине, Шоқанның туған жерінің мектеп оқулығында бұрын айтылып жүргендей Құсмұрын бекінісі емес, бүгінгі Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы аумағындағы Күнтимес ауылы екені анықталуы. Жарылқап, алғаш осылай екенін тапқанмен, ол көпке дейін даулы болып мойындалмағанын білеміз. Әрине, жаңа дерек дәлелденуі керек болса, Жарылқап бірнеше рет айғақтап, мұны тиянақтай білді. Біздің күні кеше дерлік, яғни, 19 ғасырда өткен жарық жұлдызымыздың туған жерін анық білмей, «адасып» жүруіміз – бәлкім бодандықта күн кешуімізден де шығар, бірақ, бұл зиялыларымыздың қамсыздығын аңғартып қана қоймай, ұлт-халық ретіндегі әлі қалыптаспаған қаперсіздігімізді: бейқамдығымызды, тарих-тайталас, тіршілік-айқастағы бәсеке-күреске дайын еместігімізді байқатса керек. Кешегі кеңес заманы – жиырмасыншы ғасыр келмеске кетті, егемендік алдық, бас еркіміз өзімізде; нақ бүгін өткен тарихтағы, бүгінгі адамзат қоғамындағы, келешек замандағы төл тиісті орнымызды алуға әзірміз бе?! Шоқанымызды жақсы білмесек, ұлы перзентіміздің жолымен жүрмесек, рухымыз көтеріліп, осалдардың өзінен озып, алдыңғы лекте болуымыз қиын-ау. Шың Шоқан Шыңғысұлы тұлғасы: ғасырынан озып туған танымы мен нақ бүгінгі күнге аса дару тағылымы не дейді?! Бұл тұрғыдағы бірінші ұғарымыз – тектілігі. Бабасы – атақты Абылай хан. Әкесі – өз уақытының озық, білімді, көшбасшы қазағы Шыңғыс, үлгісі зерек те білімді, орыс билеушілерімен тең сөйлесіп, хат-хабар алысқан әже Айғаным тәрбиесі. Бұған өз басының айрықша таланттылығы, берік болмыс-бітімі, бекем мінез-құлқы қосылған соң, ол ШОҚАН болып қалыптасты. Жиырма жасында Ыстықкөл сапарына барып келуі, өз дәуіріндегі өте қиын да құпия Қашқар сапарына бірден-бір жарамды тұлға саналып, осы сапарды мүлтіксіз атқарып келуі – ер-азамат ретіндегі ерлік, орыс барлаушысы ретіндегі батылдық-біліктілік қана емес, Еуропа жұртын да таң қалдырған төтенше құбылыс еді. Жалпы, тарихта жеке адам – кемеңгер болса, халыққа жетекшілік қабілет-қарымы зор болса, аса зор рөл атқарады. Ақиқаты: тарихты жасайтын жеке адамдар: көсемдер мен кемеңгерлер, алып ақындар мен ғұлама ғалымдар десек, қателесе қоймаспыз. Айталық, Шоқанның атасы – Абылай. Тарихтағы Алтын Орданың жалғасы, мұрагері және ұқсасы Қазақ хандығы болса, Хақназардан кейінгі хандар сол қағанатты құлатып алмаса да, қожыратты; Тізгін Абылайға тигенде, сол хандықтың берекесі кетіп, жер бетінен жоғалудың алдында еді. Абылайдың ең басты еңбегі – қазақты аман сақтап қана қоймай, құдіретті қазақ хандығын қалпына келтіруі. Сорымызға қарай, одан кейінгі билеушілер де Абылайдай хан бола алмады, биік ақыл-парасат тұғырына қона алмады. Ашығын айтқанда, аралықтағы ұсақ, асып кетсе жүз, ру деңгейіндегі хандар екінші бір ұлы тұлға, заманынан кеш, бәлкім ерте туған қаһарман Кенесарыны қор етті. Ол да Абылайдай алып Ер еді, алайда, алауыз, елі нөкері әлсіреген оның соңына тастүйін бірігіп, тұтас ере алмады. Екіншіден, оны жеңген – тіпті де, қорқау, адам пішінді, хайуан бітімді орыс әскерлері, Сотниковтер емес, от мылтық, зеңбірек. Үшіншіден, ол халқын отырықшыландырып, білімдендіріп, мәдениетке келтіруіне, заманауи қорғана білуіне басқыншы Ресей ешбір мүмкіндік бермеді. Сондықтан да, оған көкжалдай арпалысып, азаттыққа – серт, бас-басына би рубасылар, бауырлас қырғыз манаптары опасыздығынан мерт болмаудан басқа жол қалмаған-ды. Шоқан осы асыл балаларын лайық туған, ата жолын қуған, жаңа заманның білім-ғылым саласындағы Абылайы іспеттес тұлға еді. Оның заманында Абылай хан әлдеқашан өтіп кеткенмен, көкіректерде бұғып жатқан арман тұлға ғана емес, арқатірек аруақ-рух-тын. Абылай өмірден өткенде, оған арналған ең атақты жоқтауды Бұқар жырау Қалқаманұлы шығарса, сол жоқтауды 20 жасында тұңғыш рет қағазға түсірген Шоқан Уәлиханов болды.
2
Саналы тірлік иесі болғандықтан, өмірді ілгері бастырар бәтуа-берекеміз, оң ой-орайлы істеріміз қаншама көп болса да, кейін кетірер дау-дамайымыз, теріс пиғыл-тобасыз істеріміз де аз еместігін, сондай ақыл-сананың арқасында ұзын тарихымызда керемет табыстарға, ырғын байлыққа қол жеткізіп қана қалмай, көшіміз қырын кетіп, қырғын қан-қасапты да белден кешіп келе жатқанымызды кімнен, қалай жасырамыз?! Жарқыраған күн мен қап-қараңғы түн, ыстық от пен суық мұз, гүл мен күл, жақсылық пен жамандық ажырамас егіз болса, мына Өмір, бәлкім, сонысымен де қызық та, қазыналы шығар. Алайда, тағы да нақ осынысымен алдан ашылған ақ жол, қазылған ор, маңдайымызға жабысқан сор болып та келе жатқан жоқ па?! Егер, менен біреу: «Осынау аласапыран тыныс-тіршілікте Он сегіз мың ғаламның ең нұрлы күні – қай күн?» деп сұрар болса, мен: «Ол – Аллатағалаға ой түсіп, Адамды жаратқан күні», – дер едім. Ал, менің бұл айтқаныма (бар-жоғы шындықты жариялап отырмын ғой, маған дейін де мың бір рет танылған болар-ау) бәріміздің ортақ бесігіміз – бүгінгі жұмыр Жер бетіндегі 7 миллиард адам баласы түгел қосылатын шығар деп пайымдаймын. Әрине, соңғы хақ дін исламның басты кітабы – қасиетті Құран (білімнің кені) бар; он сегіз мың ғаламды адамның бойына сана біткелі танып, тани беретін Ғылым атты құрал бар. Алла тағаланың айтқаны мен Адамның танып-тапқаны бір-біріне қайшы емес, бір-бірін толықтырмаса, олқы түсірмейді. Иә, Алла тағалаға ой түспесе, мына мың сан тіршілік жаралмас еді де, ортасынан Адам баласына айрықша орын қаралмас та еді. Байқайсыз ба, бұл айтылғандарға бақсақ, бәрі-бәрі ой-идеядан, ниет-пиғылдан, мақсат-мүддеден кеше басталған... Бүгін басталып тұр. Ертең басталады. Біз, бірақ, бұл жолғы әңгімеміздің Құранға қатысы жоқтығын, жалғыз жаратушы Құдайдың егініне түспейтінімізді алдын-ала айтып алғымыз келеді. Адам ғалымдардың кейінгі кездері танып-тапқандарының өзі тақиямызға тар еместігін былай қойғанда, олардың ішінде даусыз дәлелденген керемет ашылым, жойқын жаңалықтар бар. Енді, осы табиғи-жаратылыстық айрықша ашылым, ғылымдық басты жаңалықтарды, әсіресе, оның ішіндегі тікелей адам баласына тәндерін жер жүзіндегі барлық халық – надан болмаса, білуге тиісті десек те, артық айтпасымызды сеземіз. Басқа ұлт-ұлыстар өзі білер, жаңа тәуелсіздік алған еліміздің үлкенді-кішілі тұрғындары: жеті жас пен жетпіс жас аралығындағы күллі қазақ біліп жатса, нұр үстіне нұр. Тіпті, бұларды, біздіңше, әрбір алаш баласы білуге міндетті. Сонда олар – қандай қайран қаларлық әлемдік ашылым, жаратылыстық жаңалықтар?! Біріншісі – жұмыр Жер бетінде алғашқы адам баласының жаралғанына 150 мың жыл толуының нақты анықталғаны. Және олар – негізінен, бір Адам Ата мен Хауа ананың ұрпақтары. Және біздің тұңғыш кіндік кескен атамекеніміз, өсіп-өніп көбейген соң, жан-жаққа таралған жеріміз – аса мол күншуақты Африка құрылығы, атап айтқанда, қазіргі Кения мемлекетінің аумағы екен. Айтпақшы, қаламгерлік қалыбыма салып, бүгінгі бітім-болмысты адам бұдан 150 жыл бұрын жаралды деп отырған – мен, әйтпесе, ғалымдар «ежелгі адамдар сорабын жалғаған қазіргі тұрпаттағы адам қалыптасты» дейді. Мәселен, мен келтіріп отырған бұл сөздер ғалым-қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлының «Ұлы даланың ежелгі тарихының этномәдени төркіндері» («Қазақпарат» баспасы, Алматы, 2017 ж.) деген жақында ғана шыққан кітабынан алынып отыр. Ал, енді әуелде бір атамекенде тусақ, бір Адам Атадан тарасақ, адамның бүгінгі таңдағы мыңдаған тілдерінің түбі де бір Ататіл екендігі де өзінен-өзі нобайланбай ма?! Екінші ұлық та, ұлы жаңалық – түрік халықтарының да батыс еуропалықтар мен орыстар айтып жүргендей, күні кеше ғана жаралған жас, жабайы халық емес, ең ежелгі қауымдардың бірі екені анықталып, олардың бұдан ең кемі 40-50 мың жыл бұрын жер басып жүргенінің ғылыми айғақталуы. Бұған дейін негізсіз алдап, бізді осылай болған, болуға тиіс деп басынып, төрткүл әлем халықтарының басын қатырып келген еуропа өктемшіл (еуропацентристік) ғалымдардың байлам-қағидалары бәтуасыз, былжырақ сөз болып шықты. Мақаламыздың екінші бөлімінде осынау екі ұлы жаңалық, жойқын ашылымдарды хабарлаумен шектелейік. Өйткені, айтқан соң, алға тартқан соң, бұларды дәлелдеу керек қой. Көріп отырсыз, бұлар – шынында да, тарихта ғана емес, бүгінгі күнгі жалпы Адамтану ғылымында зор төңкеріс жасаған ашылым-жаңалықтар. Тіпті, адам баласы жаралғалы бері танылып-табылып, айтылып-мойындалып келе жатқан қоғамдық-әлеуметтік, биологиялық-саналық (гуманитарлық-табиғаттық) ілім-білімдердің осыған дейінгі жеткен жетістіктері мен тапқан-таянғандары, өрге басқан ғасырлары мен алған белес-асулары бір Мұхит болып түйілді, алып Асқартау болып үйілді десек, тап мына зор ашылым, жойқын жаңалықтар – сол Мұхитты, Асқартауды толайым-тұтас қайта байқап, тағынан тайдыра шайқап сілкіп-сілкіп қана қоймай, бейнелей байыптасақ, оларды ең кемі екі мың жылғы құла ағыстардан, теріс «табыс»-тұла ағыстардан жуып-қуып тазартар, адамның аяғын – Бас, басын – Аяқ етіп білдірген арамдық-надандықтардан көздегі шелді ашып, көңілге сәуле шашып таза айықтырар шын табиғи, шынайы тарихи өре-өлшем және анық біліми-ғылыми ұсталықтар мен ұстанымдар болып табылмай ма?! Мақаламыздың екінші бөлімінде осынау екі жойқын жаңалық, адам ғылымы мен санасындағы түбегейлі жаңа Төңкерістің басы тақылеттес ашылымның аттарын айтқан соң, заттарын да шамалы дәлелдеу керек қой. Мен – байқалып отырғандай, тек қуана хабарлаушымын, сондықтан, бұларды тікелей өз басы археолог, тілші, химик, генетик болып зерттеп тауып-ашпағанмен, ондаған жылдар бойы сонау ежелгі дәуірлер, өте көне тарихи кезеңдер түкпір-қойнауларынан күні кешегі күндерге дейін ұлан сапар шегіп, бағзы замандардағы «баспаналар» мен тас құралдарды көзімен көріп, көңіл жанарымен керек тас, сүйек, қола, мыс, темір, күміс, алтын түйіршіктерін жинап, бұлардың «айтқандарын» тарихшы-қаламгер болып құрастырып, арғы түріктердің он мыңдаған жылдарға созылған көші-қоны сорабы сезілген Ордос – Орталық Азия – Сібір – Аляска жолының тін-деректерін қазіргі ДНҚ молекулаларының діл-керектеріне ұластырып, тіл бітіргенде – Адамзатты айтпай-ақ қояйық, бұдан 2, 3, 5 мың, бұрынғы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ қазақтардың жүзі жылыұшырап, 20, 30, 40 мың жыл бұрынғы ағайын астектердің «балалары» мен 50, 70 мың жыл бұрынғы арғытүріктердің бабалары амандасса, қадірлі оқырман, Жарылқап Бейсенбайұлына бұдан артық не дейсіз. Сонда да, «мыңның атын білгенше, бірдің затын таныған» жөн дегенге бақсақ, бірер мысалдарға жүгінуіміз жүдә жарасары даусыз. Міне, бірінші мысал: «...Аляска бетке 30-40 мың жылдай бұрын алғаш қадам басқан адамдардың тікелей ұрпақтары ретінде саналып, бүгіндері Орталық және Оңтүстік Американы жайлайтын майя, астек, кечуа және т. б. халықтардың сөздік қорларында түрік тіліне жақын мысалдардың кездесетініне қоса, енді генетикалық туыстықтың табылуы олардың түп-тек төркінінің тарихы тым әріге, азиялық атамекендерде ғұмыр кешкен замандарға ұласатынын көрсеткен еді. Бұл ретте молекулалық генетика ғылымының кейінгі жылдардағы тағы бір ірі жетістігі ретінде алғашқы есті адамдардың (һомо сапиенстердің) пайда болған жалғыз кіндік мекені – күн нұрына малынған Африка екендігін атар едік. Осы аядағы ДНҚ-геналогиялық сараптаулардың нәтижесінде алғашқы адам қауымдарының алдыңғы лектерінің бұдан 100 мың жылдай бұрынғы шамада сол ыстық құрылықтан Азияға қарай беттегені, әуелде Оңтүстік-Батыс Азия мен оған іргелес аймақтардың тіршілікке жайлы құйқалы мекендеріне орныққаны, жаңа қоныстарында ғұмыр кешкен әлденеше мыңжылдықтардан кейін шығыс ностра тілдерінде сөйлейтін түп орал-алтай қауымдарының бірқатар топтарының Орталық Азияға қарай қоныс аудару үдерістеріне араласқаны пысықтала бастады» (аталған кітап, 10-11-беттер). Байқадыңыз ба, түптүріктердің бір бұтағы – үндістер Аляскаға Беринг бұғазы арқылы бұдан 30-40 мың жыл бұрын өткен. Оның негізгі себебі – сол замандарда арғы бабаларымызды бас – қазан емес, асқазан көбірек билегені деп білсек, ол кездері мұз боп қатқан мұхит деңгейі төмен түсіп, Беринг бұғаз емес, құрылықтың өткел-ортасы болып жатқан. Екінші жаңалық – ең алғашқы атақонысы Африкадан адам баласының бұдан 100 мың жылдай бұрын Азияға аяқ басып, жаңа құрылықты мекендей бастауы... Әлденеше мыңжылдықтардан кейін бұлардан тікелей біздің бабаларымыз – түпкі орал-алтай қауымдары бөліне бастапты... Ал осы басы ашық, тапжылмайтын мәліметтерді қалай біліп отырмыз? Адам ағзасының тірі клеткасы молекуласының ядросындағы ДНҚ (дезоксирибонуклейн қышқылы) ақпараты арқылы. Құдайдың қайран қаларлық құдіретін қойсаңызшы, көзге көрінбейтін, титтейдің титтейінің титтейіндей... нуклейн қышқылы өзіне дейінгі мыңдаған атаға созылған белгілі бір адам ұрпағының түзілімі, өсіп-өрбуі және өзіндік жекелік-биологиялық болмыс-бітімі туралы басты ақпараттарды сақтап, оларды жаңадан пайда болған клеткаларға (келесі зәузат – ұрпаққа) бұлжытпай жеткізіп-көшіріп отырады екен. Ғажап қой. Бұған бақсақ, бір тиесілі молекулалық-клеткалық нәубет-опатқа ұшырамасақ, Бақыт Сарбалаұлы өлсе де, оның адамдық дәні-мәні-сәні мәңгілік жойылмай, алдағы ғасырларға да беріліп, өмір сүріп отыратынына көз жеткізбейміз бе? Демек, бұл дүниеге қоса, о дүние де, керек десеңіз, бұлардың ортасындағы дүние де бар болғаны ғой. Олай болса, ДНҚ-генаологиялық ақпараттарды танып-білудің айнымас ақиқаттары мен аса әділетті даму шындықтары бізді алдағы уақытта таң қалдырған үстіне таң қалдыра түсіп, Жаратушы осы арқылы қарақан басы құлқыны наһанданған жойқандар мен қазіргі адамзат қоғамын жұлмырлықпен жаһандандыру сойқандарын да тәубесіне келтіріп жатса, таңданатын түк жоқтай. Бұл байыптауымызға бұлтартпас дәлел керек пе? Жарылқап кітабының мына бір мысалына үңіліп көрейікші: «Мезолиттің соңына таман Тұран аумағында күллі Ұлы Дала мен оған жапсарлас өңірлердің генетикалық үдерістеріне зор әсер-ықпалы тиген кезекті табиғи-климаттық ахуал туындайды. Күннің жылынуынан тауларды құрсаған қалың мұз еріп, Әмудария мен Сырдария суының молаюынан Арал теңізінің ауқымы күрт тола бастайды. Ж.с. д. (жыл санауымызға дейінгі – Б.С.) 6000 жыл шамасында Үзбой дариясы арқылы Каспийге құяды. Бұдан 9000-8000 жылдай бұрын Аралдың тасуына байланысты, Үзбойдың Каспийге қайтадан құюы осы қос теңіз алабындағы табиғи-климаттық ахуалдың жаңаша өрбуінің басы болды. Аралдан жеткен мол су осыған дейінгі регрессия кезінде тым таяздап кеткен Каспийдің төмендеуін тоқтатып, теңіз деңгейінің көтерілуіне ықпал етті...» (50-51-беттер). Ары қарай кітап үзіндісін беруді созып, мақаламызды ұлғайта беруді тоқтатсақ, осы кезеңдерге дейін жер бетіндегі ең ұлы дариялардың бірі Еділдің 2000-3000 жыл бойы Солтүстік Мұзды мұхитқа құйып жатқаны, одан соң тектоникалық өзгерістер ықпалынан қайтадан Каспийге ақтарылғаны баяндалады. Оқи отырып, жер бетіндегі сұмдық зор өзгерістер куәсі болмаймыз ба? Арал мен Каспий теңізі қойындасуы, Әмударияның қайтадан Аралға аунауы, Аралдың айдынының шарықтап тасуы алапат Топан су тасқынын тудырады. Ойпаттар мен жазықтарда отырған ел-жұрт шығыста Көпетдағ баурайына, Үстіртке дейін ауса, терістікте Еділ мен Жайықтың орта тұсына, Дон өңіріне дейін көтеріледі. Оңтүстік пен Батыста Гүржістан, Армян қираттарын басып өтіп, Месопотамия өлкесіне дейін жетеді. Нақ осы себеп-салдарларды пайымдасақ, әдетте ежелгі Бабыл жері мен Арарат тауларына тән етіліп айтылатын жер жүзін қаптаған топан су аңызы оларға біздің Арал маңынан барғаны аңғарылады. Демек, Нұх пайғамбардың тіршілікті сақтап қалған кемесі қасиетті Бабылдың тасына да, Арараттың басына да емес, біздің қазықжұртымыз Қазығұрт тауы биігінің қылтасына келіп тоқтауы шындыққа көбірек қоңсы қонатын тәрізді. Сонда, бабаларымыз түпкі түріктердің түпкі түлеп шыққан жері, алтын бесігі – қай жер?! Әдетте Алтай аталады. Алайда, іс жүзінде түпкі түріктердің енші алып, ең қоныстанған өлкесі – Алтайдан әлдеқайда кең, алып Азия менен Еуропаның Ұлы Даласына, ұлан саласына тең. Мұны орыс кеңес түркологы Кляшторный да ертеректе-ақ дәл жобалап көрсеткен екен: «Бұл атаудың өзі шартты. Әуелі олар Алтай тауларынан едәуір шығыс жақта, Енесай мен Тынық мұхит аралығындағы Оңтүстік Сібір, Моңғолия мен Мәнжүрия, сондай-ақ, Солтүстік Қытайды қамтитын зор аумақта қалыптасты. Ж.с. дейінгі ІІ-І мыңжылдықтарда осы «алтай» тайпалары арасында біртіндеп арғы түрк-моңғол, арғы тұңғыс-мәнжүр тілдерінде сөйлейтін тайпалар жіктеле бастады. Арғы түрік жұрттары – Орталық Азия мен Ішкі Моңғолияда, Байқалдан Ордосқа дейін мекендесе, арғы моңғолдар Мәнжүрия мен Солтүстікшығыс Моңғолияда ұйысты. Олар кей аймақтарда араласа қоныстанды» (1992 ж.). Жалпы, Жарылқаптың «Арғы түріктер ақиқатының ізімен» («Қайнар» баспасы, 2006 ж.) кітабының жалғасы, жаңа арнасы есепті мына жаңа шоң кітабында Ұлы Даланың ежелгі тарихының этномәдени құнды да қымбат деректері, әрбір қазақ баласы түгіл, қырық түрік ұлт-ұлыстарының ұрпақтары білсе, артық емес керектері көл-көсір. Оның қайсыбірін айтарсың, тек оқу, оқу, оқу керек, көңілге тоқу, тоқу, тоқу керек. Сонда да, біз басты-маңызды базбір дәйектерді аттап өткіміз, айтпай кеткіміз келмейді. Ғылымда «көнешұңқыр мәдениеті» (древнеямная) деп аталуы қабылданғанмен, американдық археолог Мария Гинбутас ханымның «биік оба үю мәдениеті» («курганная культура») деп атағаны көбірек көңілге қонатын осы мәдениет – біздің бабаларымыздың төл және ежелгі мәдениеті болып табылады. «Неге биік оба үйіледі? Отырықшы жұрттардың зираттары мен қабірханалары әдетте өздері мекендейтін кенттердің ішінде немесе жақын төңіректе орналасатыны мәлім. Ал, көші-қонға бейім түздіктер болса, марқұмдардың басына биік зәулім обалар тұрғызып әспеттегенді мақұл көреді. Бір жағынан, ол маң дала төсінде алыстан көзге ілінетін көрнекті белгі, адастырмас бағдар қызметін де атқарар еді. Сондай-ақ, оны Алдыңғы Азия мен Месопотамия, Орта Шығыстағы әміршілерге арналып тұрғызылған пирамидалар мен ірі қабірханалардың далалық өңірдегі балама көрінісі десе де болады. Көнешұңқыр мәдениетінің дәстүрінде де көсемдер мен абыздарға арнап көтерілген обалар қатардағы адамдардың қабірін жапқан үймелерге қарағанда, зәулімдігімен, үлкендігімен ерекшеленеді» (59-бет). Сақ қорғандары, Берел обалары – міне, осының көріністері емес пе?! Мәселен, сондай «диаметрі 110 метр, биіктігі 3,5 метрдей обаны тұрғызу үшін 500 адамның 80 күндей жұмыс істеуі қажет» болғанын айтсақ та, сол замандағы елдік ауқым мен мәртебе-құрмет аңғарылмай ма? «Осылайша қазақстандық археолог В.Ф.Зайберт бастаған экспедиция 1981–1983 жылдары Көкшетау қыратының теріскей батысын қапталдай аққан Иманбұрлық өзені бойындағы Ботай қонысын ашқалы бері әлемдегі ең алғашқы жылқышыларға қатысты деректерге де айтулы өзгеріс енді. Өйткені, соған дейін Днепр бойындағы көнешұңқырлық үрдіс аясындағы Ортастог мәдениетінің соңғы кезеңіне жататын Дереивка қонысынан (ж.с.д. 300 жылдың басы) 52 жылқы сүйегі табылғанына орай, ол әлемдегі ең байырғы жылқышылар отаны ретінде танылып келсе, бір өзінен 70 мың жылқының сүйегі табылған энеолиттік Ботай қонысының дәйектері – жылқыны ең алғашқы бас білдірушілер қатарында қазіргі қазақ жерін мекендеген қауымдардың да аса зор үлесі бар екендігі күллі әлемге паш етілді...» (82-83-беттер). Қазір, қысқасы, аумағы 15 гектардай, 200-300-дей үйі болған, мыңға жуық адам мекендеген Ботай – остеологиялық материалдардың көлемі, ат құрал-саймандарының көнелігі жөнінен де алға түсіп, «өз-өзінен еш дау-дамайсыз әлемде жылқыны ең алғаш қолға үйреткен ұйық мекен ретінде даралана танылып тұр» (83-бет). Тек осы ғана ма, жоқ, ары қарай осы Ботайға сабақтас Ертіс бойындағы Ақбауыр үңгір-қонысындағы ең көп бейне – шармық (крест) тектес белгілер сырын байыптасақ, оның Орталық Азия мәдениеттерінде арийлерге дейінгі сол Ботай заманында-ақ ғаламдық кеңістікке, жаратылыс құдіретіне тағзым етудің басты бір амалы ретінде қолданылғанын көреміз. Тіпті, шармықтың тік сызығы «көктен құйылған Күн нұры мен жоғарыға шаншылған Отты – аталық таңбаны бейнелеп, көлденең сызығы – Кеңістіктің, Жердің, Судың – аналық нышанның белгісі» саналған. Ал, «айналып тұрған күнді, дөңгелекті, қозғалысты, жыл маусымдарының алмасуын көрсету» үшін «шармық сызықтарының ұштарын тік майыстырып, қас (свастика) кескінін шығарып, молшылық пен мәңгілікті» бедерлеген. Осыдан Ұлы Даланың ұлық сенімі Тәңіріге табыну туындаса, оның сарын-әсері Үндістанға да жетіп, «осы аймақта бүршік жарған будда мифологиясы мен космологиясының ғалам, кеңістік, дөңгеленген дүние, адамдар қауымы секілді санқилы ұғымдарды бір бойына тоқайластырған киелі символы – Мандала (квадратты қаусырған шеңбер) пішінінің дүниеге келуіне түрткі болыпты» (92-бет). Жарылқап мұндай қастерлі шындықтарды тауып, қисынды жаңалықтарды жазғанда, мұндай бірде-бір пайым-байламдарды ойдан шығармай, тек өзгелердің айтқандарынан туындатып, түйіндететініне куә боламыз. Мұның үстіне, ол өзінің осы айтқандарына арғытүрік замандары түгіл, тіпті, берідегі қазақ салт-ғұрып, тұрмыс-тіршілік мәдениетінде мысалдар аса мол екенін де алға тартып отырады. Шармық таңбасы қола дәуірінде Сарыарқада өркен жайған Нұра-Атасу (ж.с.д. 16-12 ғасырлар), одан кейінгі Бегазы-Дәндібай мәдениеттері кезінде қолөнер бұйымдарында кеңінен қолданылса және бұлар Еуразияның өзге өңірлерінде кездеспесе, тек біздікі болмағанда, кімдікі болмақшы?! Қазіргі қазақ қол өнеріндегі негізгі ою түрлері – төртқұлақ, қос мүйіз де осы шындықты ажарлы айғақтай түспей ме? «Атақты «Авестаның» отаны – Ұлы Дала». Жарылқап өзінің шоң еңбегінің «Арғытүріктер мен арилердің ортақ мәдени кеңістігі» атты үлкен бір бөлімінің бір тарауын бекерге осылай атап отырған жоқ. Және мұны солай жақсы айғақтап та шығады. Атақты Арқайым елді мекенін біздің бабаларымыз салғаны айдай анық ақиқат болса, Орда сөзі орап салу ұғымынан бастау алып, да жұрнағымен тиянақталып, ғалам – шеңбер, күмбез – Күн, Көк аспан, Тәңірі ұғымдарына ұласып қана қоймай, көсемдер мен абыздардың қасиетті тұрағы ретінде қалыптасқан. Мұны шумерлердің орталық қаласының Ур (ор, қорған, орда) аталуы айғақтап қана қоймай, «Авестада» кең баяндау тапқаны алға тартылады. Мұндағы жерұйық қоныс «Варды» (Орданы) салушы адамзаттың түп атасы Йима (ежелгі үндіирандық веда сарындарындағы Яма) біздің көне де қасиетті кие-иелеріміз Ұлы ана – Ұмайға, Ұлы баба –Майқымен де сабақтасып жатқаны да ақиқаттан алшақ қонбайды. Ж.с. дейінгі 1122 жылы хатқа түсірілген Фан Сюаньлиннің «Цзиң шу (Цзиң әулеті тарихы») шығармасының 103-тарауында төмендегідей жолдар бар: «Чжоусиң патша бастаған Шаң әскерін тас-талқан етіп жеңгеннен кейін Жыу (түріктер – Б.С.) әулетінің негізін қалаушы У-ван астанаға кіріп, бұрынғы бодандарына берілгеннен гөрі, өзін-өзі отқа лақтырып өлгенді жөн көрген Чжоусиңнің мүрдесі жатқан жерге келді. Ол жауының мәйітіне үш жебе атқан соң, арбасынан түсіп, өліктің денесіне қыңрағын сұқты, жасыл айбалтамен Чжоу-сиңнің басын кесіп алды», – деп жазылған. Осындағы қыңрақ сөзі қытайлық шығармада «цинлу» деп жазылып, «жеңіл қылыш» мағынасында ұғындырылады. Оның түрк сөзінен енген атау екенін ең алғаш әйгілі неміс-американ синологы Ф.В.Харт (1845–1927) анықтаған еді. Ғалым бұл сөздің тілдік тегін қаузау барысында оның қытайшаға «қынғлу» естілімінде ауысқан, қытай тілінде жоқ «р» әрпі қосылып, қалпына келтірілгеннен кейін, түпнұсқалық «қыңрақ» атауы шығатын термин екенін тауып, оның түрк тілдерінде «қос жүзді қылыш, қанжар» мағынасында әлі де қолданылатынын нақтылады. Сөйтіп, оның ж.с.д. ХІІ ғасырдың өзінде жазба ескерткіште таңбаланған ең ежелгі түрк сөзі ретінде дәлелдеді» (150-151-беттер). «...Алып Такламақан шөлінің тұз аралас құрғақ құмының астында талай мыңжылдықтар бойы көміліп жатса да, жазда аптап ыстық, қыста қақаған суық боп тұратын жергілікті климаттың ерекшелігі арқасында киімдері де көп бүлінбей, еттері де ағып кетпей, кеуіп қалған жүздеген еуразиялық нәсілді мүрделердің кейінгі онжылдықтарда үсті-үстіне табылуы – ең елең еткізерлік оқиғалардың қатарында... Рим энциклопедияшысы Плиний жазбаларындағы Қытайдың батысын мекендеген «биік бойлы, ақсары шашты, көк көзді адамдар жайындағы деректің аңыз емес, дүниеде шын болғандығы (осылайша) айғақталды». Және олар Тарым сембелері (мумиялары) еуропаөктемшілдер өңмеңдеп айта беретіндей, үнді-ирандықтар емес, өзіміздің ежелгі ақ нәсілді түріктер болып шықты.
3
Жоғарыдағы тілге тиек етілген жайлардан жақсы көрінетіндей, жазушы, тарихшы, ғалым, журналшы қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлының осы тарихи-ғұмырбаяндық «Шоқан» деректі роман-эссесі мен «Ұлы даланың ежелгі тарихының этномәдени аспектілері» атты екі кітабының ерекше еңбек, қазақ деректі прозасына, түріктердің ежелгі замандардағы: палеолит (орта палеолит – ж.с.д. 100000–40000 жылдар аралығы), мезолит (орта тас дәуірі) – ж.с.д. 11000–6000 жылдар аралығы); неолит (жаңа тас дәуірі) – ж.с.д. 8000–4000 жылдар аралығы; энеолит (4000–3000 жылдар аралығы), қола (3000–1000 жылдықтар басы) аралығы тарихына этномәдени дерек-дәйектерді тірілтіп, тіл бітіру арқылы үлкен үлес қосқан жаңа да толайым құнды кітаптар екеніне мерейленеміз. Мақтансақ та, артық емес. Бұл ірі де, іргелі еңбектерді сәтті бастандырып қана қоймай, пісіріп-жетілдірген, құбылыс кітаптарға айналдырған, із ашып, іздерді соны соқпақ, тіпті, Жарылқаптың жолына жалғаған, әрине, «Шоқан» жөнінен «Шоқан ізімен», «Жасын тағдыр жарқылы» кітаптары болса, «Ұлы даланың ежелгі тарихының этномәдени аспектілері» тұрғысынан «Арғытүріктер ақиқатының ізімен» (2006), «Орталық Азиядағы арғытүрік сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (2015) кітаптары. Байқайсыз ба, екеуі де «... ізімен» басталған; ұлы ғалым-адам, жасын-азамат жарқылдарын жағып-жандыру арқылы жаңа Шоқан-Жалын жанса, ұлы халық – түріктердің мыңдаған іздерін, сораптарын соқпақтарға ұластырып, яғни, мыңдаған, жоқ, жүз мыңдаған археологиялық, антропологиялық, этнотектік, мәдениеттік, генаологиялық дерек пен керектерді, мәндер мен мәліметтерді таразылап, түйіндеп тұтастыру нәтижесінде Жарқын жаңа Тарих түзумен тәмамдалған. Рас, оқулығы әлі де жұп-жұқа шығар, бірақ, бұл – тұңғыш рет үйсін-сақ, хұн-турлар дәуірлерінен ары аттап өтіп, жүз мыңжылдықтарға тамыр жіберген жаңа шындық Тарих, әділетті Тарих. Бұл екеуі оның туған жеріндегі көне Отырар қаласының ашылған тылсым сырындай, қияға қанат қаққан белі – Алматы іргесіндегі Алатаудың Талғар шыңындай бірден көзге көрініп, көңіл тартып тұрғандықтан алдымен тілге тиек болса да, аға жасы – алпыстан асып, ел ағасы жасы – жетпістің жотасына көтерілген Жарылқан Бейсенбайұлы ғұмырбаяны мен шығармашылығындағы жемісті де жеңісті маңдайтерлік, еңбек-ерлік аянында өмір сынынан абыройлы өткізген, қазақ тарих ғылымы мен деректі әдебиетінде Бейсенбайұлындық Биікке жеткізген басқа да қырлар мен сырлар жеткілікті. Тіпті, бұларсыз да Шоқантанушы, Арғытүрік ақиқатын ашушы Жарылқап Бейсенбайұлы жоқ. Ендеше, жоғарыда мақаламыздың бас жағында оның журналшылық қалам қарекетін біраз қамти кетсек те, «Ана тілінің» Бас редакторы деген тағы бір тұғырлы Бел-Белесі барлығын айтпай кете алмаймыз. Бұл жерде оны толық тарқатып жатудың жөні жоқ, сондықтан, оның журналшылар толқындарын тәрбиелеп, көп сарбаздар мен бірлі-жарым сардарлар қанаттандырған «шекпенді» Шерхан Мұртаза мен «бешпенті» бар Сейдахмет Бердіқұловтай Бас редактор, алаштың айбынды «Ана тіліндей» басылымын қалыптастырған, өз мектебі мен шәкірттері бар журналшы-қаламгер десек, қанағат шығар. Бұған қоса, Қазақ ақпарат агенттігіндегі қаламгерлік ұсталығын, ұлағатты ұстаздығын хабарлай кетумен шектелейік. Бұған қоса... Жарылқап Бейсенбайұлы шығармашылығындағы үшінші бір үздік еңбек, бұл жолы бергі түрік тарихында тусырап жатқан, бәлкім, ғасырлар бойы түрен тимеген тың – «Алтын Орданың түрк бектері» тақырыбын қозғап, игеруге кірісіпті. Біз жалпы Алтын Ордадан жақсы (атынан, әрине) хабардармыз. Жошыны жыға танимыз, басқа да төре тұқымынан шыққан хандарын естігенбіз. Ал, сол Алтын Орданың затын қаншалықты білеміз? Оның өмір өзегіндегі өзімізді, өркеніндегі қандастарымызды шырамытамыз ба? Өкінішке орай, жауап – жоқ, жоқ. Ал, бізге бейтаныс шындықты барлауға көшсек, қазақтарға қатысты дереккөздер, керек сөздер жеткілікті екен. Сонда бодандықтан құтылдық, бас еркіміз – өзімізде... Төрт құбыламыз теңдей бейқам жатуымыз қалай? Іргемізде сары алтын жатады, тарихи қазына жатады. Соны көріп, ашпаймыз ба, ақтарып оқып, көңілге тоқып, неге пайдаланбаймыз? Жалаңтөс патриотизмге салынып, әдемі қызыл сөздерді айтпай-ақ қояйын, көбімізге Жарылқаптың зейінділігі, зерделілігі, зеректігі жетпей жатқанын мойындасақ жөн. Міне, «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы мамыр айындағы №18, 19 сандары. Бұлардағы Жарылқаптың «Алтын Орданың түрік бектері» тақырыбында жарық көрген «Құтлықтемір ұлұғбек және оның інілері», «Нағанай бек және оның ұрпақтары» атты мақалалары – түріктерге тән мүлдем тың тарих. Төл шежіре. Таңданарлық шежіре. «Ау, мынау Нағанай – тым таныс, қазақтың қабырғалы руы, ортақ шаңырағының мықты уықтарының бірі Қоңырат ұлысының түпатасы Нағанай емес пе? Ал, керек болса... Дәл солай болып шықты. Ендеше, еріксіз бірер үзінді – тапжылтпас тиянақтарға жүгінуге тура келеді: «Ел аузында тараған дәстүрлі қоңырат шежіресінің қай-қайсысы да әлқисса сөзін Қоңыраттың түп атасы Нағанай биден бастайды. Қоңыраттың түп атасы Нағанай бабамыз екен, оның отыз баласы болыпты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өрбіпті, қалғандары Жиделі Байсын жақта екен делінеді. («Қазақ шежіресі», Алматы, «Атамұра – Қазақстан», 1994, 42-48-беттер.). Қазақ шежіресіндегі «Нағанай бидің отыз баласы болыпты» деген бұл әпсана халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақтарда да бар. Олардағы ерекшелік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы – қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында: Нағадай бий йурт ағасы, Жұмла Қоңыраттың бабасы. Отыз ұғылның атасы, Ұғлы отыз болған екен», – дейтін жолдар бар. (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкіс, Қарақалпақстан, 1987, 273-б.). Осы шығарманың тағы бір шумағындағы «Нағадайдың отыз ұғлы, Ебен-Себен деген еки құлы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары шежіресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді..» дегендей қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады». Алайда, бұл ұқсастық, қоңырат руының тармақтары басқа түркі ұлт-ұлыстарында да кездесуі тек туыстықты, тарихтың нешетүрлі кезең, қатпарларын шынайы зерттеп, парықтауға тиіс екенімізді аңғартса керек. Ал, Жарылқаптың тапқан таңданарлық жаңалығы сол – Нағанайдың аңыз ғана емес, тарихта болған адам, қанасына толған тұлға екенін анықтауы. «Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп, таңбалануы әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) арқасында жүзеге асқанын көреміз... Ол заман – Алтын Орданың аса дәуірлеп, ерекше байыған, сән-салтанаты артқан кезі. Жиһанкездің (Өзбек) хан ордасы мен оның төңірегіндегі берекелі де бақуатты тірлікті қаз-қалпында бейнелеуі этнографиялық тұрғыдан аса құнды материалдарды ортаға тартады. Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулеті, мамыражай тыныс-тіршілігі туралы энциклопедиялық деңгейдегі жинақ десе де болады...». Ары қарай: «Бұл – Нағадай бектің қызы, – деп жазады Баттута. – Әкесін көрдім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дертімен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын болған соң, көбіне арбамен жүреді». Баттута айтып отырған Нағанайдың қызы – Кебек белгілі Өзбек ханның екінші әйелі. Бұдан ары Жарылқап Өзбек ханның қайынатасы Нағанай осы Алтын Ордада – Ұлуғ ұлыста беклербек, яғни, бектердің бегі, ханнан кейінгі екінші адам Бас уәзір, Ұлысбек болуға дейін жетіп, билеп тұрған, халық түгілі, ұлы мемлекеттің тағдырын шешіп, гүлденуге үлкен үлес қосқан Бек – Қайраткер болғанын жазба деректер арқылы дәйекті баяндайды. Біз осымен, қадірлі оқырман, бабамыз Нағанай бекті таныстыруды, «әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет құрып билеген» оның балалары туралы әңгімені тоқтатайық. Қажет етсеңіздер, өздеріңіз оқып аларсыздар. Қысқасы, осы айтылғандардың өзі-ақ Жарылқаптың тапқан тарих, ашқан жаңалықтары, басқа да жазғандары жөнінде, оның асыл Адам, абзал Азамат, қоғам және қалам қайраткері ретіндегі қырлары мен сырлары жайында таратып әңгімелей беруге болатынын байқатса керек. Құрдас қаламгер, жақсы араласқан азаматтың жеке басы, бақытты шаңырағы әулетін ұлғайтқан, жары Нұрғайша, ұл-қызы, 1960 жылдардың аяғында Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы пединститутында менімен қатар оқыған ағасы Есіркеп туралы да біраз нәрсе айта алар едім. Онсыз да Ол жөніндегі мақаланы созып алғандықтан, амандық болса, Аллатағала жазса, бұл реттегі сөзді кейінге қалдырайын. Енді, осы жолғы мақаламды, оған қойған тақырыбымды түсіндіре түсер кейіпкерімнің тағы бір өз лебізімен тұздықтап; аяқтасам деймін: «Ана тілінің» 1990 жылғы шілденің 19-ы күнгі санында соған дейінгі бірер жыл бойы Компартия қаһарынан ығатын баспасөз құралдары үшін жабық тақырыпқа айналып, еш елеусіз күй кешкен Дінмұхаммед Қонаевпен күллі республикалық газеттер арасында бірінші боп біз сұхбат жарияладық. «Дінмұхаммед Қонаев: «Мен халқыма қызмет еттім» деген тақырыппен дайындалған көлемді интервью жарық көрген (авторлары Бақыт Сарбалаұлы мен Бақтияр Тайжан) күнгі «Ана тілін» жұрт қолдан қолға тигізбей оқыды. «Қонаев туралы мақала шығыпты» деп, бір-біріне сыбырлай айтып жатқан елді көз көрді. Сәскеге қарай, ақсақалдың үйіне телефон шалдық. Ол кісі рақметін айтты. Біз де: «Қолыңызды алып қайтсақ...» деп, өз бұйымтайымызды білдірдік. «Келіңіздер» деді ақсақал. Редакциядағы тоғыз жігіт түгел бардық. Қонақ күтетін бөлмесін көрсетті, кабинетімен, кітаптарымен таныстырды. Бірге суретке түспек боп, жігіттер орындықтарды реттеп жатқан кезде есімімді сұрады. Айттым. «Ата-анаң атыңды дұрыс қойған екен, Жұртты жарылқасын дегені ғой» деп арқамнан қақты...». Абыз ақсақал Дінмұхаммед Қонаевтың аузына осы сөзді Алла тағала салған шығар. Қалай дегенмен, ол кісі дәл айтқан. Құрдас, дос, қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы ес біліп, елге қызмет еткелі халқын жарылқап келеді десек ақиқаттан еш ауытқымаймыз. Қадірменді Қонаев арқаға қаққан жігітті халқы арқаға қағып жатса (бұған күмәніміз жоқ), бұған қоса, сол халқының қызметшілері билік өкілдері, Астанадағы, туған аймақтағы ағайындар да мұны түсініп, Жарылқапты арқадан қағып жатса, әділеттілік екеніне күмән кем.
1947 рет
көрсетілді0
пікір